1) Қазақстан Республикасының мұнай өңдеу зауыттарында өңдеу үшін тікелей көзделген көлемде оларға мұнай беруді жүзеге асыратын жөнелтушіге;
2) өз өнімін немесе үлестес тұлғалардың өнімін тасымалдау үшін магистральдық құбырдың меншік иесіне не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлғаға;
3) Қазақстан Республикасының Үкіметі шешімдерінің және (немесе) Қазақстан Республикасы қатысатын халықаралық келісімдер бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін жөнелтушіге;
4) магистральдық құбыр салуды инвестициялау және (немесе) магистральдық құбырдың немесе оның жекелеген объектілерінің өткізу қуатын кеңейту үшін инвестициялар салынған сол магистральдық құбыр учаскесі немесе оның объектісі шегінде тартылған жөнелтушіге;
5) магистральдық құбырдың меншік иесімен не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлғамен жасалған шартқа сәйкес тасымалдау үшін міндетті ең төменгі жылдық көлем шегінде міндетті ең төменгі жылдық мұнай (мұнай өнімдері) көлемін ұсыну міндеттемесін өзіне алған жөнелтушіге;
6) мұнайды басқа мемлекеттердің құбыр жүйелерімен тасымалдау кезінде нормативтік-техникалық құжаттарда белгіленген мұнай сапасы жөніндегі техникалық талаптарға тасымалданатын мұнай қоспасын сәйкес келтіруге мүмкіндік беретін мұнай сапасы мұнайды тасымалдау үшін ұсынатын жөнелтушіге мұнайды және (немесе) мұнай өнімдерін магистральдық құбырмен тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсыну жүзеге асырылады.
3. Осы баптың 2-тармағы 2) тармақшасының күші ұлттық операторға меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде тиесілі магистральдық құбырға қолданылмайды.
4. Осы баптың 2-тармағының 4) тармақшасы жасалған шарт талаптарына сәйкес магистральдық құбырдың меншік иесі инвестицияларды толық өтегенге дейін қолданылады.
5. Бір магистральдық құбырдың (магистральдық құбыр учаскесінің) өткізу қуаты бар болған және екінші магистральдық құбырдың (магистральдық құбыр учаскесінің) еркін өткізу қуаты болмаған кезде, мұнайды Қазақстан Республикасының мұнай өңдеу зауыттарына, сондай-ақ газды Қазақстан Республикасының ішкі нарығына және (немесе) оның шегінен тысқары жерлерге беруді қамтамасыз ету мақсатында жөнелтуші магистральдық құбырдың меншік иесінің не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлғаның және уәкілетті органның жазбаша келісімімен айырбастау-операцияларын (своп) жүзеге асыруы мүмкін.
Осы тармақтың мақсаты үшін айырбастау-операциялары (своп) деп бір жөнелтушінің өнімін екінші жөнелтушінің өніміне олардың арасында жасалған жазбаша келісім негізінде жүзеге асырылатын айырбастау түсініледі.
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Магистральдық газ құбырының еркін өткізу қуаты болмаған кезде газды ол арқылы тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсыну Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
25-бап. Өнімді магистральдық құбырмен тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсыну
2015.05.05. № 312-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының аумағында тұтыну немесе қайта өңдеу, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге экспортқа транзиттеу және тасымалдау үшін өнімді магистральдық құбыржолмен тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсыну магистральдық құбыржолдың меншік иесі не магистральдық құбыржолға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлға немесе олардың атынан осындай қызметтер көрсетуге уәкілеттік берілген оператор мен өнімді жөнелтуші арасындағы шартқа сәйкес жүзеге асырылады.
2. Мұнай тасымалдау жөніндегі қызметтер жөнелтушілерге магистральдық құбырлар жүйесінде мұнай тасымалдаудың қолданыстағы маршруттары бойынша мұнайды магистральдық мұнай құбырларымен тасымалдау кестесіне сәйкес ұсынылады.
3. Өнімді магистральдық құбырмен тасымалдау кезінде есепке алу өнім тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартқа, оператордың ішкі құжаттарына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды; 2017.27.12. № 126-VІ ҚР Заңымен 3-1-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3-1. Мұнай тасымалдауға арналған магистралдық құбырлар Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес есепке алудың бақылау аспаптарымен жарақтандырылуға тиіс.
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Оператор магистральдық құбырмен тасымалданатын өнімді маршрут соңындағы алушыға өнім тасымалдау кезіндегі техникалық шығындарды шегере отырып тапсырады.
5. Алушы табиғи зілзалалармен, апаттармен және алушыға тәуелді емес өзге де жағдайлармен байланысты жағдайларды қоспағанда, өнімді алудан бас тартуға құқылы емес. Газдың экспорты мен транзиті жағдайларын қоспағанда, егер өнімді тасымалдау кезінде алушы оны толық көлемде қабылдай алмаса немесе егер жөнелтуші түпкілікті алушыны көрсете алмаса, онда техникалық мүмкіндік бар болған кезде, өнім операторға жауапкершілікпен сақтауға берілуі мүмкін. Бұл ретте алушы немесе жөнелтуші өнімді сақтауға байланысты шығыстарды өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартта ескертілген талаптарға орай төлеуге міндетті.
2017.27.12. № 126-VІ ҚР Заңымен 25-1-баппен толықтырылды (2018 ж. 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді)
25-1-бап. Терминал меншік иелерінің өнімді сақтау, қабылдау және (немесе) тиеп-жөнелту бойынша қызметтер көрсетуі
1. Терминал меншік иелері мұнайды сақтау, қабылдау және (немесе) тиеп-жөнелту бойынша қызметтер көрсетуге арналған шартқа, терминал меншік иесінің ішкі құжаттарына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жөнелтушілерге резервуарларды білдіретін, өзінің өнім сақтауға арналған өнеркәсіптік объектілерінде, сондай-ақ мұнайды қабылдауға және (немесе) көлікке (теміржол цистерналарына, автоцистерналарға, танкерлерге және басқаларына) немесе мұнай құбырына тиеп-жөнелтуге арналған платформаларда мұнай тасымалдаудың жұмыс істеп тұрған маршруттары бойынша мұнайды сақтау, қабылдау және (немесе) тиеп-жөнелту бойынша қызметтер көрсетеді.
2. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес терминал меншік иелері өздерінің өнеркәсіптік объектілерін есепке алатын бақылау аспаптарымен жарақтандырады.
3. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес терминал меншік иесі магистральдық құбыржол саласындағы уәкілетті органға ведомстволық статистикалық байқау немесе әкімшілік есепке алу үшін қажет мұнай қозғалысы жөніндегі деректерді ұсынуға міндетті.
26-бап. Өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартты жасасудан бас тарту негіздері
Магистральдық құбырдың меншік иесі не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлға немесе олардың атынан жөнелтушілерге өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсетуге уәкілеттік берілген оператор жөнелтушімен мынадай:
1) өнім техникалық регламенттердің және (немесе) ұлттық стандарттардың талаптарына сәйкес келмеген;
2) жөнелтуші меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде өнімнің өзіне тиесілі екендігін растайтын құжаттарды ұсынбаған;
3) жөнелтуші ұсынатын өнім және магистральдық құбырмен тасымалданатын өнім магистральдық құбырдың меншік иесі не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлға белгілеген сапа мен басқа да сипаттамалар бойынша сәйкес келмеген;
4) жөнелтушіде немесе алушыда жеткізілетін өнімнің сапасы мен оны есепке алуды бақылау пункттері бар жеткізгі құбыр болмаған, сондай-ақ егер жеткізгі құбырдың техникалық жай-күйі өнімді қауіпсіз тасымалдау талаптарына жауап бермейтін жағдайда;
5) магистральдық құбырдың меншік иесі не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлға берген жеткізгі құбырды қосуға арналған техникалық талаптарды жөнелтуші орындамаған;
6) жөнелтуші магистральдық құбырды толтыру үшін өнімді беруден бас тартқан;
7) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайларда, өнім тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартты жасасудан бас тартады.
27-бап. Өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шарттың орындалуын біржақты тәртіппен тоқтата тұру және оны біржақты тәртіппен бұзу негіздері
1. Магистральдық құбырдың меншік иесі не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлға немесе олардың атынан жөнелтушілерге өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсететін оператор, егер:
1) жөнелтуші өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартта көзделген мөлшерде және мерзімде өнімнің тапсырылуын қамтамасыз етпесе;
2) жөнелтуші өнім сапасының өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартта белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етпесе;
3) жөнелтуші өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартта белгіленген өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерге ақы төлеу мерзімдері мен тәртібін бұзса;
4) жөнелтуші тасымалдау маршрутының соңындағы тапсыру пунктінде өнімді қабылдаудан бас тартса немесе магистральдық құбырлар жүйесінде бар ресурстарды өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шарттың талаптарына сәйкес бөлмесе;
5) жөнелтуші өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартта көзделген ілеспе құжаттарды ұсынбаса;
6) жөнелтуші меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде өнімнің өзіне тиесілі екендігін растайтын құжаттарды ұсынбаса;
7) еңсерілмейтін күш жағдаяттары және магистральдық құбырдың меншік иесіне не магистральдық құбырға өзге заңды негізде иелік ететін тұлғаға байланысты емес, өнімді магистральдық құбырмен қауіпсіз тасымалдауға кедергі келтіретін өзге де жағдайлар пайда болса;
8) магистральдық құбырда өнім тасымалдауды тоқтатуға әкелетін авария немесе оның туындау қатері пайда болса;
9) магистральдық құбырға техникалық қызмет көрсетуге, оны жөндеуге немесе реконструкциялауға байланысты өнім тасымалдауды тоқтатуға әкелетін жұмыстарды орындау қажеттілігі пайда болса;
10) өнімді магистральдық құбырмен тасымалдауды тоқтату немесе шектеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдардың шешіміне негізделсе, өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шарттың орындалуын біржақты тәртіппен тоқтата тұрады.
2. Магистральдық құбырдың меншік иесі не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлға өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шарттың орындалуын бір жақты тәртіппен тоқтата тұрған кезде бұл туралы жөнелтушіні:
1) осы баптың 1-тармағының 8) және 10) тармақшаларында көзделген жағдайларда - осы оқиғалар туындаған сәттен бастап жиырма төрт сағат ішінде;
2) осы баптың 1-тармағының 9) тармақшасында көзделген жағдайда - жұмыстарды жүргізуді бастаудан күнтізбелік он күн бұрын хабардар етуге міндетті.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген себептер жойылған кезде өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартты орындау қайта басталады.
4. Жөнелтуші өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартты орындауды тоқтата тұру туралы шешім қабылдауға әкелген себептерді жоюдан бас тартқан жағдайда не тараптармен келісілген мерзімдерде осы себептерді жоймаған кезде, магистральдық құбырдың меншік иесі не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлға мұндай шартты біржақты тәртіппен бұзуға құқылы.
28-бап. Өнімді магистральдық құбырмен тасымалдау жөніндегі қызметтерге ақы төлеу
1. Өнімді магистральдық құбырмен тасымалдау жөніндегі қызметтерге ақы төлеу өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартқа сәйкес жүзеге асырылады.
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Өнімді магистральдық құбырмен тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерге арналған тарифтер, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттеу және Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге экспорттау мақсатында оны тасымалдауды қоспағанда, Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасына сәйкес белгіленеді.
29-бап. Өнім сапасы банкі
1. Магистральдық құбырдың меншік иесі не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлға өнім сапасы банкін қолдану қағидаларына сәйкес өнім сапасы банкін қолдана отырып, өнімді магистральдық мұнай құбырымен тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсына алады.
2. Өнім сапасы банкі магистральдық мұнай құбырының жекелеген маршруттарына немесе учаскелеріне қатысты өнімді магистральдық мұнай құбырының осы маршруттары немесе учаскелері бойынша тасымалдауды жүзеге асыратын барлық жөнелтушілердің келісімі ескеріле отырып, белгіленуі мүмкін.
3. Өнім сапасы банкі сапа банкіне барлық қатысушылар арасында көпжақты шарт жасалғаннан кейін енгізіледі.
7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
30-бап. Магистральдық құбыр саласындағы халықаралық ынтымақтастық
Магистральдық құбыр саласындағы халықаралық ынтымақтастық Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
31-бап. Қазақстан Республикасының магистральдық құбыр туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының магистральдық құбыр туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
32-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2012 жылғы маусымның 20-ы.
№ 20-V