2. Құқық қорғау органының басшысы және уәкілетті басшысы өзінің бағыныстылары арасындағы қызметтiк тәртiптiң жай-күйiне жауап бередi.
3. Қызметтік тәртіпті қамтамасыз ету және нығайту мақсатында құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшысы қызметкерлерге және құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдары курсанттарына (тыңдаушыларына) осы Заңмен көзделген көтермелеу шараларын қолдана алады және оларға тәртіптік жазалар қолданылуы мүмкін.
55-бап. Қызметкерлерге қолданылатын көтермелеулер
1. Мiндеттерiн үлгiлi атқарғаны және қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін қызметкерлерге және құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының курсанттарына (тыңдаушыларына) мынадай:
1) алғыс жариялау;
2) біржолғы ақшалай сыйақы беру;
3) бағалы сыйлықпен марапаттау;
4) грамотамен марапаттау;
5) Құрмет грамотасымен марапаттау;
6) ведомстволық наградамен және құқық қорғау органының үздігі төсбелгісімен марапаттау;
7) кезекті арнаулы атақты немесе сыныптық шенді мерзімінен бұрын беру;
8) Құрмет кітабына немесе Құрмет тақтасына енгізу;
9) құрметті атақ беру;
10) құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерімен көзделген өзге де көтермелеу түрлері көзделген.
Қызметкерге осы баппен көзделген көтермелеу түрлерін қолдану тәртібі құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
2. Көтермелеу ретінде құқық қорғау органы қызметкеріне бұрын салынған тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алу қолданылуы мүмкін.
3. Көтермелеулер бұйрықтармен ресімделеді.
4. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында білім беру ұйымдары орналасқан жерден кезектен тыс босату түріндегі де көтермелеу қолданылады.
5. Қызметкерлер ерекше сiңiрген еңбегi үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік наградалармен марапатталуға ұсынылуы мүмкін.
56-бап. Қызметкерлерге қолданылатын тәртiптiк жазалар
1. Құқық қорғау органдарындағы тәртіптік жазалар тәртіптік жауапкершілік шарасы болып табылады.
2. Қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін қызметкерлерге:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3) қатаң сөгіс;
4) қызметке толық сәйкес еместігi туралы ескерту;
5) атқаратын лауазымынан босату;
6) арнаулы атағын немесе сыныптық шенін бiр саты төмендету;
7) құқық қорғау органдарынан шығару;
2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
8) құқық қорғау органының басшылары немесе уәкілетті басшылары берген немесе марапаттаған құрметті атақтарынан, төсбелгілерінен айыра отырып, құқық қорғау органынан шығару;
2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен 9) тармақшамен толықтырылды
9) арнаулы атағынан немесе сыныптық шенінен айыра отырып, құқық қорғау органынан шығару тәртіптік жаза түрлері қолданылуы мүмкін. Осы тармақтың 9) тармақшасында көзделген тәртіптік жаза қызметкер «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 80-бабы 1-тармағының 13) және 14) тармақшаларында көзделген теріс себептермен жұмыстан шығарылған кезінде қолданылады.
3. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында курсанттарға (тыңдаушыларға) осы бапта көзделген тәртіптік жазаларға қоса, мынадай:
1) нарядқа кезектен тыс тағайындау (бөлімшенің қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі нарядқа тағайындаудан басқа);
2) құқық қорғау органының білім беру ұйымы орналасқан жерден кезекті босатудан айыру;
3) құқық қорғау органының білім беру ұйымынан шығару тәртіптік жазалары қолданылуы мүмкін.
57-бап. Тәртіптік жаза қолданудың негіздері мен шарттары
1. Қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасауы тәртіптік жаза қолданудың негізі болып табылады.
2. Тәртіптік жаза қолдану және оның түрін анықтау кезінде қызметкердің кінәсінің болуы, жасалған тәртіптік теріс қылықтың ауырлығы және мән-жайы, қызметкердің жеке басы және оның қызметке қатысы, теріс салдарлардың болуы және құқық қорғау органының беделіне нұқсан келтіруі ескеріледі.
Тәртіптік жауапкершілікке тарту тәртібі мен шарттары құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.
3. Қызметкер тәртіптік теріс қылық жасаған кезде одан жазбаша түсініктеме талап етіледі. Егер жазбаша түсініктемесінде қызметкер өзінің тәртіптік теріс қылықты жасау фактісімен келіссе, онда құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшысы қызметтік тергеу жүргізбей жаза қолдануға құқылы.
Егер қызметкер өзінің жазбаша түсініктемесінде өзінің тәртіптік теріс қылық жасау фактісімен келіспесе, онда құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшысының бұйрығымен қызметтік тергеу жүргізілуге тиіс.
4. Қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту, атқаратын лауазымынан босату және атқаратын қызметінен шығару түріндегі жаза жүргізілген қызметтік тексеру нәтижесі және тәртіптік комиссияның тиісті ұсынымдары бойынша қолданылады.
Аттестаттау комиссиясын қалыптастыру және оның жұмыс тәртібін құқық қорғау органының басшысы айқындайды.
5. Бірнеше қызметкер бірлесіп тәртіптік теріс қылық жасаған кезде жаза әр кінәліге жеке-жеке қолданылады.
6. Қызметтік тәртiптiң бұзылуының әрбiр жағдайы үшiн бір тәртіптік жаза ғана қолданылуы мүмкiн.
7. Жаза қолдану тәртіптік теріс қылық жасаған қызметкерді атқармағаны немесе тиісінше атқармағаны үшін тәртіптік жаза қолданылған міндетті атқарудан босатпайды.
8. Тәртiптiк жаза қолдану туралы бұйрық ол шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тәртіптік жазаға тартылған қызметкерге қолын қойдырып, жария етіледі.
9. Тәртiптiк жаза қолдану туралы бұйрықпен танысудан бас тарту құқық қорғау органының кадр бөлiмшесi жасайтын актiде ресiмделедi және арнайы журналда тiркеледi.
Қызметкерді тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықпен жеке таныстыруға мүмкіндік болмаған жағдайда, құқық қорғау органының кадр бөлімшесі тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтың көшірмесін қызметкерге хабарламалы хатпен жіберуге міндетті.
10. Тәртiптiк жаза тәртіптік терiс қылық мәлiм болған күннен бастап бiр айдан және тәртіптік теріс қылық жасалған күннен бастап алты айдан кешiктiрiлмей қолданылады.
Қызмет бабында қызметкер бағынатын адамға тәртіптік жаза қолдану құқығы берілгеніне не берілмегеніне қарамастан, тәртіптік теріс қылық жасалғаны туралы белгілі болған, бір айлық мерзім басталатын күн тәртіптік теріс қылық байқалған күн болып есептеледі.
11. Қызметтiк тергеу жүргізiлген, қылмыстық іс немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қозғалып, сотта қаралған жағдайда тәртіптік жаза, кінәлінiң сырқаттануына немесе демалыста, іссапарда болуына байланысты жұмыста болмаған уақытын есептемегенде, тиiсiнше тергеу аяқталған, қылмыстық iсті немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша істі жүргізуді қысқарту туралы процессуалдық шешiм қабылданған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей қолданылады.
12. Қылмыстық іс қозғаудан бас тартылған не қылмыстық іс қысқартылған жағдайда, бірақ қызметкердің әрекеттерінде тәртіптік теріс қылық, әкімшілік құқық бұзушылық белгілері болған кезде жаза қылмыстық іс қозғаудан бас тарту не оны қысқарту туралы шешім қабылданған күннен бастап - бір айдан, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық белгілері болған кезде - үш айдан кешіктірілмей қолданылады.
13. Қызметкер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық не сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылық жасаған жағдайда, тәртіптік жаза тәртіптік теріс қылық жасалғаны мәлім болған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей қолданылады және тәртіптік теріс қылық жасалған күннен бастап бір жылдан кешіктіріп қолдануға болмайды.
14. Қызметкер еңбекке уақытша жарамсыз, демалыста немесе iссапарда болған кезеңде, сондай-ақ егер тәртіптік терiс қылық жасалған күннен бастап алты айдан астам уақыт өткен жағдайда, оған тәртiптiк жаза қолданылмайды.
15. Еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңi, демалыста, iссапарда болуы, егер жасалған тәртіптік терiс қылық туралы осы кезеңде немесе ол басталғанға дейiн белгiлi болса, жаза қолдану мерзімін тоқтата тұрады.
16. Қызметкер өзін тәртіптік жауапкершілікке тартумен байланысты барлық материалдармен танысуға құқылы.
17. Қызметкерге қолданылған тәртiптiк жазаның мерзiмi оның қолданылған күнiнен бастап алты айдан аспайды. Егер осы мерзiм iшiнде қызметкер жаңадан тәртiптiк жазаға тартылмаса, онда оның тәртiптiк жазасы жоқ деп есептеледi.
18. Егер қызметкерге, тікелей басшының құқықтары шегiнен шығатын жазалау шараларын қолдану қажет болса, онда ол бұл туралы жазалау шараларын қолдануға уәкілетті жоғары тұрған лауазымды адамға өтiнiш жасайды.
19. Жоғары тұрған басшының, егер бұрын жарияланған жаза жасалған тәртіптік терiс қылықтың ауырлығына сәйкес келмесе, төмен тұрған басшы қолданған тәртiптiк жазаны алып тастауға құқығы бар.
20. Тәртіптік жазалар қолдану жөнiнде өзiне берiлген құқықтарын асыра пайдаланған басшы бұл үшiн тәртiптiк жауапкершілiкке тартылады, ал жазалау шараларын қолдануға уәкілеттi адам жазалау туралы бұйрықтардың күшін жояды.
21. Қызметкер өзiне қолданылған тәртiптiк жазаға жоғары тұрған органға не сотқа шағымдануға құқылы.
58-бап. Қызметтік тергеу
1. Қызметтік тергеу қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасауының себептерін, сипатын және мән-жайларын анықтау, осы Заңда көзделген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мән-жайлардың болуы немесе болмауын растау қажет болған кезде, оның ішінде қызметкерлердің жазбаша баянаты және құқық қорғау және сот органдарының хабарламалары негізінде құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшысының шешімі бойынша жүргізіледі.
2. Қызметтік тергеу жүргізуге оның нәтижесіне тікелей немесе жанама мүдделі қызметкер қатыса алмайды. Мұндай жағдайда ол қызметтік тергеу жүргізу туралы шешім қабылдаған адамға, өзін осы тергеу жүргізуге қатысудан босату туралы жазбаша баянатпен жүгінуге міндетті. Осы аталған талаптар сақталмаған жағдайда, қызметтік тергеу нәтижелері заңсыз деп есептеледі.
3. Қызметтік тергеу жүргізу кезінде мынадай:
1) қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасау фактісін;
2) қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасауына ықпал еткен себептер мен жағдайларды;
3) қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасау нәтижесінде келтірген залалдың сипаты мен мөлшерін;
4) қызметкердің қызметін өткеруге кедергі келтіретін мән-жайлардың болу немесе болмауын объективті және жан-жақты анықтау шаралары қолданылуға тиіс.
4. Қызметтік тергеу оны жүргізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей аяқталуға тиіс. Аталған мерзімге қызметтік тергеу жүргізілетін қызметкердің демалыста, іссапарда немесе емделуде болған уақыты, сондай-ақ оның өзге де дәлелді себептермен қызметте болмаған уақыты есептелмейді.
5. Қызметтік тергеудің нәтижелері қызметтік тергеу жүргізу туралы шешім қабылдаған адамға жазбаша нысандағы қорытынды түрінде беріледі, ол оны тергеу аяқталған күннен бастап күнтізбелік үш күннен кешіктірмей бекітеді.
6. Өзіне қатысты қызметтік тергеу жүргізілетін қызметкерден қызметтік тергеу жүргізудің мән-жайы бойынша түсініктеме талап етіп алынады.
7. Өзіне қатысты қызметтік тергеу жүргізілетін қызметкер:
1) жүргізілетін қызметтік тергеудің мәні бойынша жазбаша түсініктеме беруге;
2) өтініш айтуға, айғақтар және өзге де құжаттар ұсынуға;
3) қызметтік тергеу жүргізу туралы шешім қабылдаған құқық қорғау органының басшысына немесе уәкілетті басшысына қызметтік тергеу жүргізетін қызметкерлердің шешімдеріне және әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдануға;
4) егер ол мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді таратпау талаптарына қайшы келмесе, қызметтік тергеу аяқталғаннан кейін қорытындымен және басқа да материалдармен танысуға құқылы.
Қызметкер жазбаша түсініктеме беруден бас тартқан кезде тиісті акт жасалады.
8. Қызметтік тергеу нәтижелері бойынша қорытындыда:
1) қызметтік тергеу нәтижесі бойынша анықталған фактілер мен мән-жайлар;
2) қызметтік тергеу нәтижесі бойынша тұжырымдар мен ұсыныстар көрсетіледі.
9. Қызметтік тергеу жүргізу кезінде қызметкердің әрекетінде қылмыс белгілері мәлім болған жағдайда, қызметтік тергеу жүргізу туралы шешім қабылдаған құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшысы алынған материалдарды процессуалдық шешім қабылдау үшін тиісті құқық қорғау органдарына дереу беруге міндетті.
10. Қызметтік тергеу жүргізу тәртібі құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
8-тарау. ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ АТЫС ҚАРУЫН, АРНАУЛЫ ҚҰРАЛДАР МЕН ДЕНЕ КҮШІН ҚОЛДАНУЫ
59-бап. Атыс қаруын, арнаулы құралдар мен дене күшін қолдану мақсаты
Атыс қаруы, арнаулы құралдар мен дене күші қоғамға қауiптi әрекеттерді тоқтату, құқық бұзушылықтардың сипаты мен нақты ахуал ескерiле отырып, оларды жасаған адамдарды ұстау және құқық қорғау органдарына жеткізу мақсатында қолданылады.
60-бап. Арнаулы құралдар мен дене күшін қолдану
1. Қызметкерлердің дене күшін, оның ішінде жауынгерлік күрес тәсілдерін, сондай-ақ арнаулы құралдарды, оның iшiнде қол кiсендерiн, резина таяқтарды, көзден жас ағызатын заттарды, алаңдатып әсер ететін жарық-дыбыс құрылғыларын, үй-жайларды ашуға, көлiктi мәжбүрлеп тоқтатуға арналған құрылғыларды, суатқыштарды, қызметтік жануарларды, броньды машиналар мен тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметі айқындайтын басқа да арнаулы көлiк құралдарын:
1) жеке тұлғаларға, қызметкерлерге және қоғамдық тәртiптi қорғау, қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл бойынша қызметтiк немесе қоғамдық борышын атқарып жүрген өзге де адамдарға жасалған шабуылды тойтару;
2) кепiлге алынған адамдарды босату, жаппай тәртiпсiздiктердің және қоғамдық тәртiптi топтасып бұзудың (қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұстаудың белгіленген режимін топтасып бұзушылықтарды), сондай-ақ сотталғандар, күдіктілер және айыпталушылар түзеу мекемелерінен және тергеу изоляторларынан қашқан кездегі немесе қашқандарды ұстау кезіндегі құқыққа қарсы әрекеттердің жолын кесу;
3) жеке тұлғаларға, ұйымдарға және мемлекеттік органдарға тиесiлi үйлерге, үй-жайларға, ғимараттарға, көлiк құралдарына, жер телімдерiне жасалған шабуылды тойтару, сол сияқты оларды басып алудан босату;
4) егер құқық бұзушылар (сотталғандар, күдіктілер, айыпталушылар және әкімшілік құқық бұзушылық жасағандар) қызметкерлерге, қоғамдық тәртiптi қорғау, қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету бойынша өздерiне жүктелген мiндеттердi атқарып жүрген өзге де адамдарға бағынбаса немесе қарсылық көрсетсе, оларды құқық қорғау органдарына жеткізу үшін ұстау үшін, ұсталған, күзет қойылған адамдарды, сондай-ақ әкiмшiлiк қамауға алынған, сотталған, күдікті және айыпталушы адамдарды, не олардың қашып кетуi немесе айналадағыларға немесе өзiне зиян келтiруi мүмкiн деп санауға жеткілікті негiздемелер болса, сондай-ақ қызметкерлердiң өздерiне заңмен жүктелген мiндеттерді жүзеге асыруына қасақана кедергi келтiретiн адамдарға қатысты күзетпен апару және күзету;
5) қызметкердің өзін-өзі қорғау немесе өзінің отбасының мүшелерін қорғау мақсатында оған және (немесе) олардың денсаулығына немесе өміріне ауыр зиян келтірудің нақты қаупі төнген кезде шабуылды тойтару;
6) қажетті қорғаныс, аса қажеттік;
7) егер бұл құқық бұзушылықтың жолын кесу, құқық бұзушының жеке басын анықтау, сондай-ақ егер хаттама жасау мақсатында міндетті болса, оны сол орында жасау мүмкін болмаған кезде әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау міндетті болса, құқық бұзушыларды жеткізу үшін қолдануға құқығы бар.
2. Айналадағылардың өмiрi мен денсаулығына қауіп төндiретiн шабуыл, топтасқан шабуыл жасаған не қарулы қарсылық көрсеткен жағдайларды қоспағанда, әйелдерге, мүгедектiк белгiлерi анық білінiп тұрған адамдарға және жас балаларға қатысты арнаулы құралдар мен жауынгерлік күрес тәсілдерін қолдануға тыйым салынады.
61-бап. Атыс қаруын қолдану
1. Қызметкерлер атыс қаруын:
1) жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда оларды қылмыстық қол сұғудан қорғау, сол сияқты кепiлге алынғандарды босату;
2) қызметкерлерге және олардың отбасы мүшелерiне, қоғамдық тәртiптi қорғау, қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл бойынша қызметтiк немесе қоғамдық борышын атқарып жүрген адамдарға жасалған шабуылды тойтару;
3) жеке тұлғалардың тұрғын үй-жайларына, құқық қорғау органдары күзететiн объектiлерге, мемлекеттік ұйымдардың үй-жайларына жасалған шабуылды тойтару, қызметтiк немесе әскери нарядқа жасалған шабуылды тойтару;
4) қарсылық көрсеткен не қылмыс жасау кезінде қолға түскен, қамаудан қашқан адамдарды (әкiмшiлiк қамаудағылардан басқа) ұстау, қарулы адамдарды ұстау үшін;
5) егер көлік жүргiзушi қызметкердiң заңды талаптарына бағынбаса және жеке тұлғалардың өмiрi мен денсаулығына қауіп төндiрсе, көлiк құралдарын ақау келтiріп тоқтату;
6) хайуанаттар шабуылынан қорғану;
7) дабыл белгiсiн беру немесе көмек шақыру;
8) қажетті қорғаныстың және аса қажеттіктің барлық өзге де жағдайларында қолдануға құқығы бар.
2. Әйелдерге, анық мүгедектік белгілері бар адамдарға, кәмелетке толмағандардың жасы белгілі немесе анық болған кезде оларға қатысты, олар қарулы шабуыл жасаған, қарулы қарсылық көрсеткен, кепiлге адам, көлiк құралдарын, оның iшiнде әуе кемесiн алған не топтасып шабуыл жасаған жағдайларды қоспағанда, қару қолдануға тыйым салынады.
62-бап. Атыс қаруын, арнаулы құралдарды, дене күшін қолдану шарттары
1. Атыс қаруын, арнаулы құралдарды, дене күшін қолданудың барлық жағдайларында қызметкер жеке тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету үшін қажетті шараларды қолдануға, атыс қаруын, арнаулы құралдарды, дене күшін қолданғаны туралы тікелей басшыға баяндауға міндетті.
2. Адам өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан атыс қаруы, арнаулы құралдар және дене күші қолданылған әрбір оқиға туралы прокурор дереу хабардар етіледі.
9-тарау. ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ
63-бап. Қызметкерлерді әлеуметтік қорғау
Қызметкерлер, олардың отбасы мүшелері мен мүлкі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекет қорғауында болады.
64-бап. Қызметкерлерге еңбекақы төлеу, оларды зейнетақымен және өзгедей қамсыздандыру
1. Қызметкерлерге ақшалай үлес Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн мемлекеттік бюджет есебiнен ұсталатын Қазақстан Республикасы органдарының қызметкерлерiне еңбекақы төлеудiң бiрыңғай жүйесi негiзiнде белгiленедi және ол ақшалай қаражат пен қызметтi өткерудiң ерекше жағдайлары үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленетін үстемеақыларды қамтиды.
2. Қызметкерлердiң ақшалай қаражаты лауазымдық айлықақыдан және арнаулы атағы немесе сыныптық шені үшiн берілетін қосымша ақыдан тұрады.
Лауазымдық айлықақыны және сауықтыруға берілетін жәрдемақыларды есептеу үшін жұмыс өтілі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
3. Қызметкерлерді зейнетақымен қамсыздандыру, мүгедектiгi бойынша мемлекеттік әлеуметтiк жәрдемақылар төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Қызметкерлердiң iссапар куәлiгiн көрсету арқылы көлiктің барлық түрiнде жол жүру құжаттарын және мейманханаларда тұру үшiн орынды бiрiншi кезекте алуға құқығы бар.
65-бап. Еңбекке уақытша жарамсыздығы кезеңінде қызметті өткеру ерекшеліктері
1. Еңбекке уақытша жарамсыздығы, қызметкердің емделуде үздiксiз болу кезеңі, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жекелеген аурулар бойынша емделудiң бұдан да ұзақ мерзiмi көзделген жағдайларды қоспағанда, төрт айдан аспауға тиiс. Қызметкер емделуде үздiксiз болуының белгiленген мерзiмi өткен соң, өзiнiң одан әрi қызмет атқаруға жарамдылығы туралы мәселенi шешу үшiн әскери-дәрiгерлiк комиссияның медициналық куәландырудан өтуге тиiс.
2. Қызметтік мiндеттерiн және қызметтiк борышын орындау кезiнде жарақаттануына, контузия алуына немесе мертiгуiне байланысты қызметкерлердің емделу уақытына шек қойылмайды. Аталған адамдар медициналық куәландыруға емделiп болған соң немесе ауруының нәтижесi анықталған жағдайда жiберiледi.
3. Жиi және ұзақ ауыратын қызметкерлердің, егер еңбекке жарамсыз болған күндерiнiң саны он екі айда сол бiр ауру бойынша үзiлiссiз төрт айға дейiнгі немесе жыл iшiнде әртүрлi аурулар бойынша бес айға дейiнгi уақытты құрайтын болса, қызметтi одан әрi өткеруге жарамдылығын анықтау үшiн құқық қорғау органының кадр бөлімшелері емдеу-профилактика мекемелерінiң ұсыныстары бойынша әскери-дәрiгерлiк комиссияға медициналық куәландыруға жiбередi.
4. Қызметкерлерге олардың еңбекке уақытша жарамсыздығы кезеңінде ақшалай үлес толық көлемінде төленеді.
66-бап. Қызметкерлер қаза тапқан (қайтыс болған) немесе мертiккен жағдайда берiлетiн кепiлдiктер
1. Қызметкерлер қызметтiк мiндеттерiн атқарып жүрген кезеңiнде мертiккен жағдайда оған бiржолғы өтемақы төленедi, ал қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда ол оны алуға құқығы бар адамдарға беріледі.
2. Біржолғы өтемақыны төлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
3. Қызметкер қызметтiк міндеттерін атқару кезiнде не орындалуы міндетті қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған жарақат салдарынан қызметтен босатылғаннан кейiнгi бiр жыл бойы ішінде қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, асырауындағы адамдар мен мұрагерлерiне оның соңғы атқарған лауазымы бойынша алпыс айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.
4. Қызметкерге қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған жарақаты, жаралануы (контузия алуы), мертігуі, науқастануы салдарынан болған мүгедектiк белгiленгенде, оған:
1) I топтағы мүгедекке - отыз айлық ақшалай қаражат;
2) II топтағы мүгедекке - он сегiз айлық ақшалай қаражат;
3) III топтағы мүгедекке - алты айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.
5. Қызметкерлер қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде мүгедектiкке соқтырмайтын ауыр мертіккен (жарақат алған, жараланған, контузия алған) жағдайда, оларға бiр жарым айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде, жеңiл зақым алған жағдайда жарты айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.
6. Егер қызметкердiң қазасы (қайтыс болуы), жарақаты, жаралануы (мертiгуi), науқастануы қызметтiк мiндеттерiн атқаруға қатысы жоқ мән-жайларға байланысты болғаны белгiленген тәртiппен дәлелденсе, біржолғы өтемақы төленбейдi.
7. Қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан қызметкердiң балаларына, олар кәмелеттiк жасқа толғанға дейiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен медициналық және санаториялық-курорттық қызмет көрсету құқығы сақталады.
8. Қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан немесе мүгедектік алған қызметкерлердің балалары әскери мектеп-интернаттарға және кадет корпустарына конкурстан тыс қабылдану құқығын пайдаланады, сондай-ақ оқуға түсушілер үшін белгіленген талаптар бойынша баллдың шекті деңгейін жинаса, құқық қорғау органының білім беру ұйымдарына конкурстан тыс қабылданады.
67-бап. Жерлеу шығындарын өтеу