Конкурс үш турдан түрады.
22. Бірінші турда үміткердің мемлекеттік және шет тілдерін білу деңгейі анықталады, сондай-ақ оның шетелде оқуға және тұруға қабілеттерін психологиялық диагностикалау жүргізіледі.
Шетелдік жоғары оқу орындарының талаптарына сәйкес шет тілін меңгеру деңгейін анықтау жөніндегі тестілеудің орнына, таңдап алынған оқу мамандығына сәйкес пәндік емтихан жүргізілуі мүмкін.
23. Бірінші тур отандық ұйымдармен, шетелдік жогары оқу орындарымен және шетелдік әріптестермен бірлесіп өткізіледі.
Мемлекеттік, шет тілін білу деңгейін анықтау немесе пәндік емтихан нәтижелері бойынша осы Ереженің 22-тармағына сәйкес әрбір үміткер бойынша оның білімінің деңгейі туралы дербес қорытынды беріледі.
Дербес қорытынды берілген күннен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күннің ішінде үміткерге бұдан әрі конкурсқа қатысуға жіберілгенін немесе жібермеу себептерін көрсете отырып, бірінші турдың нәтижелері туралы жазбаша хабарлама беріледі.
24. Үміткерлер үшін мемлекеттік тілді білудің қажетті ең төменгі деңгейін Жұмыс органы бекітеді.
Үміткерлер үшін шет тілін білудің қажетті ең төменгі деңгейін шетелдік жоғары оқу орындарының, ғылыми орталықтардың, зертханалардың талаптарын ескере отырып, Жұмыс органы айқындайды.
25. Шет тілін білу деңгейі бойынша тестілеуден:
1) осы Ереженің 8-тармағының 3) тармақшасында, 12-тармағының 2) тармақшасында және 15-тармағында көрсетілген;
2) осы Ереженің 17-тармағында көрсетілген, шақыруларында ғылыми тағылымдамаға қабылдаушы ұйым (шетелдік жоғары оқу орнының, ғылыми орталықтың немесе зертхананың) шет тілін талап етілетін деңгейге дейін көтеру шарты жоқ;
3) белгіленген ең төменгі талаптарға сәйкес келетін нәтижесі бар шет тілінен емтихан тапсырғандығы туралы белгіленген нысандағы жарамды ресми сертификаттың көшірмесін тапсырған адамдар босатылады.
26. Бірінші турдан сәтті өткен үміткерлер екінші турға қатысуға жіберіледі.
27. Екінші турда үміткердің кәсіби даярлық деңгейі, Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан тарихын, мемлекеттік рәміздерін білу деңгейі, сондай-ақ үміткердің таңдап алған оқу бағыты бойынша даярлық деңгейі анықталады.
28. Екінші тур үміткердің тәуелсіз сараптама комиссиясының мүшелерімен дербес әңгімелесуін ұйымдастыру жолымен өткізіледі.
Тәуелсіз сараптама комиссиясының құрамы мен жұмыс тәртібін мүдделі мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындарының, ғылыми және өзге де ұйымдардың келісімі бойынша Жұмыс органы бекітеді.
29. Тәуелсіз сараптама комиссиясы Жұмыс органы белгілеген нысанда әр үміткер бойынша дербес ұсыным береді.
30. Екінші тур өткеннен кейін Жұмыс органы үміткерлердің материалдарын Республикалық комиссияның қарауы үшін үшінші турға енгізеді.
31. Үміткерлердің материалдарын қарағаннан кейін Республикалық комиссия басым мамандықтар тізбесіне сәйкес «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы түпкілікті шешім қабылдайды.
32. Республикалық комиссияның шешімінде мынадай санаттағы конкурс жеңімпаздарына «Болашақ» халықаралық стипендиясының есебінен шетелдік оқу орындарының, ғылыми орталықтардың, зертханалардың талаптарына сәйкес тілдік курстан өту қажеттігі туралы көрсетіледі:
1) шетелдік жетекші жоғары оқу орнына академиялық оқуға өз бетімен түскендерді немесе оларда оқып жатқандарды қоспағанда, техникалық және медициналық мамандықтар бойынша конкурс жеңімпаздарына ұзақтығы шетелдік жоғары оқу орнына түсу үшін талап етілетін деңгейге жеткенге дейін, бірақ 4 оқу семестрінен аспайтын мерзімге:
арнаулы жоғары білім алуға;
бакалавр дәрежесін алуға;
магистр дәрежесін алуға;
клиникалық ординатурада оқуға;
2) осы Ереженің 2-тармағының 1) - 3) тармақшаларында көрсетілген конкурс жеңімпаздарына ұзақтығы шетелдік жоғары оқу орнына түсу үшін талап етілетін деңгейге жеткенге дейін, бірақ 4 оқу семестрінен аспайтын мерзімге;
3) осы Ереженің 2-тармағы 4) тармақшасында көрсетілген конкурс жеңімпаздарына - ұзақтығы ғылыми тағылымдамаға қабылдаушы ұйым (жоғары оқу орны, ғылыми орталық немесе зертхана) талап ететін деңгейге жеткенге дейін, бірақ 1 оқу семестрінен аспайтын мерзімге.
Егер конкурс жеңімпазы шет тілін шетелдің жоғары оқу орнына түсу немесе ғылыми тағылымдамадан өту үшін талап етілетін деңгейге жету үшін қажетті көлемде меңгермеген жағдайда, ол шетелдік жоғары оқу орындарының, ғылыми орталықтардың немесе зертханалардың ұсынымы негізінде Республикалық комиссияның шешімі бойынша «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша оқуды немесе ғылыми тағылымдамадан өтуді одан әрі жалғастыру құқығынан айырылады және Республикалық комиссия «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылдаған күннен бастап оған жұмсалған шығыстардың барлығын қайтарады.
33. Осы Ереженің 8-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген адамдарды және оқуға түсу кезінде шығармашылық емтихандарды тапсыру талап етілетін мамандықтар бойынша конкурсқа қатысатын адамдарды қоспағанда, арнаулы жоғары білім, бакалавр дәрежесін алуға арналған конкурстың жеңімпаздары оқитын елдерінің білім беру жүйелерін ескере отырып, Республикалық комиссияның шешімі бойынша және шетелдік жоғары оқу орындарының және/немесе шетелдік серіктестердің талаптарының негізінде «Болашақ» халықаралық стипендиясының есебінен өздері таңдаған мамандық бойынша ұзақтығы бір оқу жылынан аспайтын даярлық курстарына (foundatіоn соursеs) жіберілуі мүмкін.
Егер конкурс жеңімпазы даярлық курстарында оқуды аяқтамаса және академиялық оқуға қабылданбаса, ол Республикалық комиссияның шешімімен «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша оқуды одан әрі жалғастыру құқығынан айырылады және Республикалық комиссия «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылдаған күннен бастап оған жұмсалған шығыстардың барлығын қайтарады.
34. Конкурсты (турлардың біреуін) өтпеген үміткер ағымдағы жылы конкурсқа қатысу үшін қайтадан құжат тапсыра алмайды.
35. Республикалық комиссияның оған «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешімі қабылданған күнінен бастап 90 (тоқсан) күнтізбелік күн ішінде конкурс жеңімпазы оқытуды ұйымдастыру туралы шарт/ ғылыми тағылымдаманы ұйымдастыру туралы шарт (бұдан әрі - шарт) жасасады, онда міндетті түрде мыналар қамтылуға тиіс:
1) шарттың мәні;
2) тараптардың құқықтары мен міндеттемелері;
3) осы Ережеде көзделген жағдайларда конкурс жеңімпазын оқытуға/ғылыми тағылымдамадан өтуге жұмсалған қаражатты оның қайтаруы жөніндегі міндеттемелерді орындауын қамтамасыз ету тәсілі;
4) «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша оқытудың/ғылыми тағылымдамадан өтудің мерзімі мен шарттары;
5) шетелде оқуды аяқтағаннан немесе ғылыми тағылымдамадан өткеннен кейін конкурс жеңімпазының Қазақстан Республикасына міндетті түрде оралуы және конкурс жеңімпазы еңбекке орналасқан күнінен бастап «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде алған мамандығы бойынша Қазақстан Республикасында немесе шетелде Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызмет органдарында үздіксіз бес жылдық (осы Ереженің 2-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген адамдар үшін - үш жылдық) еңбек қызметі туралы шарт, оның ішінде:
осы Ереженің 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген адамдар үшін олар квота бойынша сайланған өңірлерде;
осы Ереженің 2-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген адамдар үшін мемлекеттік қызметте (немесе медициналық мамандықтар бойынша оқыған конкурс жеңімпаздарына арналған мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында);
осы Ереженің 2-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген адамдар үшін мемлекеттік ғылыми-зерттеу институттарында, орталықтарда, оқу орындарында ғылыми немесе оқытушылық жұмыста;
осы Ереженің 2-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген адамдар үшін мемлекеттік ғылыми-зерттеу институттарында, орталықтарда немесе оқу орындарында;
6) шартта көрсетілген еңсерілмес күш жағдайлары туындауының салдарынан конкурс жеңімпазын өз міндеттемелерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жауапкершіліктен босату туралы талап.
36. Конкурс жеңімпазы осы Ереженің 35-тармағында көрсетілген мерзімде шарт жасамаса, сондай-ақ ол өзінің шарт бойынша міндеттемелерін орындамаса немесе тиісінше орындамаса конкурс жеңімпазын «Болашақ» халықаралық стипендиясынан айыру туралы мәселені қарауға бастамашылық жасалады.
37. Шарт конкурс жеңімпазының оқуын/ғылыми тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру бойынша «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалған күннен бастап осы Ереженің 5-тармағына сәйкес туындаған барлық шығыстарды төлеуге байланысты ақшаны аудару үшін негіз болып табылады.
38. Шарт жасалғаннан және осы Ереженің 35-тармағы 3) тармақшасының талаптары орындалғаннан кейін конкурс жеңімпаздарын шетелдік жоғары оқу орындарына, ғылыми орталықтарға немесе зертханаларға оқуға жіберу/ғылыми тағылымдамаға жіберу және осы Ереженің 37-тармағына сәйкес ақшаның аударылуы қамтамасыз етіледі.
39. Егер конкурс жеңімпазы «Болашақ» халықаралық стипендиясынан бас тартса не одан айырылған болса, Республикалық комиссияның шешімімен конкурс жеңімпазы шартта көзделген мерзімде, тәртіппен және шарттарда Республикалық комиссия «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылдаған күннен бастап оған жұмсалған барлық қаражатты қайтаруға, сондай-ақ тұрақсыздық айыбын (айыппұл) төлеуге міндетті.