13) демеушілік көмек - осы көмекті көрсететін тұлға туралы ақпаратты тарату мақсатында өтeуcіз негізде:
жеке тұлғаларға жарыстарға, конкурстарға, көрмелерге, байқауларға қатысу үшін және шығармашылық, ғылыми, ғылыми-техникалық, өнертапқыштық қызметтерін дамыту, білім және спорт шеберлігі деңгейін арттыру үшін қаржылық (әлеуметтіктен басқа) қолдау түрінде;
коммерциялық емес ұйымдарға өздерінің жарғылық мақсаттарын іске асыру үшін берілетін мүлік;
2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара); 2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 14) тармақша өзгертілді
14) дивидендтер - акциялар, оның ішінде депозитарлық қолхаттардың базалық активтері болып табылатын акциялар бойынша төленуге жататын табыс; қордың басқарушы компаниясы пайларды сатып алған кезде олар бойынша табысты қоспағанда, пайлық инвестициялық қордың пайлары бойынша төленуге жататын табыс; заңды тұлға өз құрылтайшылары, қатысушылары арасында бөлетін таза табыстың бір бөлігі; заңды тұлғаны тарату кезінде, немесе жарғылық капиталды құрылтайшылар, қатысушылар салымдарының мөлшерiн барабар азайту жолымен не құрылтайшылардың, қатысушылардың үлестерiн толық немесе iшiнара өтеу жолымен азайту кезiнде сондай-ақ құрылтайшы, қатысушы заңды тұлғаға қатысу үлесін алып қойған кезде, құрылтайшының, қатысушының жарғылық капиталға салым ретінде енгізген мүлкін қоспағанда, мүлікті бөлуден түсетін табыстар; исламдық қатысу сертификаттары бойынша төлеуге жататын табыстар; акционер, қатысушы, құрылтайшы немесе олардың өзара байланысты тарапы заңды тұлғадан:
тауарлардың, жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң нарықтық бағасы мен мұндай тауарлар, жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер акционерге, қатысушыға, құрылтайшыға немесе олардың өзара байланысты тарапына өткiзiлген баға арасындағы оң айырма;
тауарлардың, жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң нарықтық бағасы мен мұндай тауарлар, жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер акционерден, қатысушыдан, құрылтайшыдан немесе олардың өзара байланысты тарапынан сатып алынған баға арасындағы терiс айырма;
үшінші тұлға алдында заңды тұлғаның акционерінде, қатысушысында, құрылтайшысында немесе олардың өзара байланысты тарапында туындайтын, заңды тұлғаның кәсіпкерлік қызметіне байланысты емес, заңды тұлғаға акционері, құрылтайшысы, қатысушысы немесе олардың өзара байланысты тарапы өтемей, заңды тұлғаның өзі өтейтін шығыстардың немесе міндеттемелердің құны;
осы Кодекстің 163 - 165-баптарында көрсетілген табыстарды және тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер өткізуден түсетін табыстарды қоспағанда, заңды тұлға өзінің акционеріне, қатысушысына, құрылтайшысына немесе олардың өзара байланысты тарапына беретін кез келген мүлік пен материалдық пайда түрінде алатын табыс.
Осы тармақшада көрсетілген оң немесе теріс айырма салық салу объектілерін түзету кезінде айқындалады. Бұл ретте, салық салу объектілерін түзету Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасында белгіленген жағдайларда және тәртіппен жүргізіледі. Осы тармақшаның мақсаты үшін өзара байланысты тараптар осы баптың 1-1-тармағына сәйкес айқындалады.
15) дизайнерлік қызметтер көрсету - көркемдік нысандарын, бұйымдардың сыртқы түрлерін, ғимараттардың қасбеттерін, үй-жайлар интерьерлерін жобалау жөнінде көрсетілетін қызметтер; көркемдік конструкциялау;
16) жалған кәсіпорын - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылуы және (немесе) оған басшылық етілуі соттың заңды күшіне енген үкімімен не қаулысымен жалған кәсіпкерлік деп танылған жеке кәсіпкерлік субъектісі;
17) жеке тұлғаның жеке мүлкі - жеке тұлғаның меншік құқығындағы немесе ортақ меншіктегі үлесі болып табылатын, кәсіпкерлік мақсаттарда пайдалануға арналмаған материалдық нысандағы мүлкі;
18) жер қойнауын пайдаланушылар - Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында, мұнай операцияларын қоса алғанда, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу құқығын иеленуші жеке немесе заңды тұлғалар;
19) заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі - филиал, өкілдік;
2010.26.11. № 356-IV ҚР Заңымен 19-1) тармақшамен толықтырылды (2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
19-1) инвестициялық алтын - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аккредиттелген, сәйкестікті растау жөніндегі орган немесе сынақ зертханасы берген, мұндай алтынның ұлттық немесе халықаралық сапа стандартына сәйкестігін растау жөніндегі сертификаты немесе өзге де құжаты бар, мынадай талаптарға сәйкес келетін алтын:
алтын монеталар үшін:
мұндай алтын монеталардың нумизматикалық құндылығы жоқ;
алтын монеталардың тазалығы жалпы массасының 1000 үлесіне 900 мыңдық үлеске тең немесе одан асатын (бұл 900-сынамаға, 900-промиллеге, 90,0 пайызға немесе 21,6 каратқа сәйкес).
Бұл ретте, алтын монета мынадай талаптардың біріне сәйкес болған кезде оның нумизматикалық құндылығы бар деп танылады:
1800 жылға дейін соғылған;
«пруф» (proof) сапасында бетін айнадай етіп алуды қамтамасыз ететін технология бойынша соғылған;
шығарылымының таралуы 1000 данадан аспайды;
оның нарықтық бағасы монетадағы алтын құнының 80 пайызынан асады.
Алтын монетаның нарықтық бағасы алтын монетаны өткізу күніне Лондон қымбат бағалы металдар нарығы қауымдастығы белгілеген алтынның таңертеңгі фиксингін (бағаның бағамдалуы) көрсетілген күнге белгіленген валюта айырбастаудың нарықтық бағамына көбейту жолымен айқындалады;
қалған алтын үшін:
мұндай алтын құйма және (немесе) пластина нысанында жасалған;
мұндай алтынның тазалығы лигатуралық массаның 1000 үлесіне 995 мыңдық үлеске тең немесе одан асатын (бұл 995-сынамаға, 995-промиллеге, 99,5 пайызға немесе 23,88 каратқа сәйкес);
20) инжинирингтік қызметтер көрсету - инженерлік-консультациялық қызметтер көрсету, зерттеу, жобалау-конструкторлық, есептеу-талдау сипатындағы жұмыстар, жобалардың техникалық-экономикалық негіздемелерін дайындау, өндірісті ұйымдастыру және басқару, өнімдерді өткізу саласында ұсынымдар әзірлеу;
2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен бап 20-1) тармақшамен толықтырылды
20-1) ислам бағалы қағаздары - ислам жалдау сертификаттары мен ислам қатысу сертификаттары;
21) келісімшарттық қызмет - жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың ережелеріне сәйкес жүзеге асырылатын қызметі;
22) келісімшарттан тыс қызмет - жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың ережелерінде тікелей көзделмеген кез келген өзге қызметі;
23) консультациялық қызметтер көрсету - басқарушылық, экономикалық, қаржылық, инвестициялық мәселелерді, оның ішінде стратегиялық жоспарлау, кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру мен жүргізу, персоналды басқару мәселелерін шешу мақсатында проблемаларды және (немесе) тұлғаның мүмкіндіктерін айқындау мен (немесе) бағалауды қоса алғанда, түсіндірмелер, ұсынымдар, кеңестер және өзге де нысандағы консультациялар беру жөнінде көрсетілетін қызметтер;
24) қайырымдылық көмек - өтеусіз негізде:
жеке тұлғаларға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында;
коммерциялық емес ұйымдарға жарғылық қызметін қолдау мақсатында;
әлеуметтік саладағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға аталған ұйымдардың осы Кодекстің 135-бабының 2-тармағында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыруы мақсатында;
әлеуметтік салада осы Кодекстің 135-бабының 3-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келетін қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға берілетін мүлік;
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 25) тармақша жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
25) қатысу үлесі - акционерлік қоғамдар мен пайлық инвестициялық қорларды қоспағанда, жеке және (немесе) заңды тұлғаның бірлескен қызметке, заңды тұлғаның жарғылық капиталына үлестік қатысуы;
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 26) тармақша өзгертілді (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
26) қызметкер - жұмыс берушімен еңбек қатынастарында тұратын және еңбек шарты (келісімшарт) бойынша жұмысты тікелей орындайтын жеке тұлға; мемлекеттік қызметші; мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, акционерлік қоғамның директорлар кеңесінің мүшесі; осы Кодекстің 191-бабы 7-тармағының ережелеріне сәйкес қызметі тұрақты мекеме құрмайтын резидент еместің резидентке немесе Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын өзге резидент емеске персоналды беруіне арналған келісімшарт бойынша жұмыс істеу үшін ұсынылған шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам;
27) маркетингтік қызметтер көрсету - тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сипаттамасын, баға стратегиясын және жарнама стратегиясын тұжырымдауды қоса алғанда, тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер өндірісі мен айналысына үздік экономикалық жағдайлар жасау жөніндегі шараларды айқындау мақсатында тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер өндірісі мен айналысы саласындағы зерттеуге, талдауға, жоспарлауға және болжамдауға байланысты көрсетілетін қызметтер;
28) 2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 29) тармақша өзгертілді (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
29) өткізу - сату, айырбастау, өтеусіз беру мақсатында тауарларды не өзге де мүлікті тиеп жіберу және (немесе) беру, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету, сондай-ақ кепілге салынған тауарларды кепіл ұстаушыға беру;
30) роялти - мыналар үшін:
пайдалы қазбаларды өндіру және техногендік құралымдарды қайта өңдеу процесінде жер қойнауын пайдалану құқығы үшін;
авторлық құқықтарды, бағдарламалық қамтамасыз етілімді, патенттерді, сызбаларды немесе модельдерді, тауар таңбаларын немесе басқа да осыған ұқсас құқық түрлерін пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшін; өнеркәсіп жабдықтарын, оның ішінде бербоут-чартер немесе димайз-чартер шарттары бойынша жалға алынатын теңіз және әуе кемелерін, сондай-ақ сауда немесе ғылыми-зерттеу жабдықтарын пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшін; «ноу-хауды» пайдаланғаны үшін; кинофильмдерді, бейнефильмдерді, дыбыс жазуды немесе өзге де жазу құралдарын пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшін төленетін төлем;
2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара); 2010.02.04. № 262-IV ҚР Заңымен (жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 31) тармақша өзгертілді
31) салық агенті - осы Кодекске сәйкес төлем көзінен ұсталатын салықты есептеу, ұстау және аудару жөніндегі міндет жүктелетін дара кәсіпкер, жеке нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, заңды тұлға, оның ішінде резидент емес заңды тұлға;
32) салық берешегі - бересі сомасы, сондай-ақ өсімпұлдар мен айыппұлдардың төленбеген сомасы. Салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламада көрсетілген өсімпұлдар сомасы, сондай-ақ әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасалу кезеңінде шағым жасалу бөлігінде көрсетілген айыппұлдар сомасы салық берешегіне қосылмайды;
33) салық режимі - осы Кодексте белгіленген салықты және бюджетке төленетін басқа да міндеті төлемдерді төлеу жөніндегі барлық салық міндеттемелерін есептеу кезінде салық төлеуші қолданатын Қазақстан Республикасының салық заңнамасы нормаларының жиынтығы;
34) салықтар - осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекет біржақты тәртіппен заң жүзінде белгілеген, белгілі бір мөлшерде жүргізілетін, қайтарымсыз және өтеусіз сипатта болатын, бюджетке төленетін міндетті ақшалай төлемдер;
35) салық төлеуші - салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуші болып табылатын адам;
36) салық төлеушінің (салық агентінің) жеке шоты - салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің, міндетті зейнетақы жарналарының, әлеуметтік аударымдардың есептелген, есепке жазылған (азайтылған), аударылған және төленген (есепке жатқызылғандары және қайтарылғандары ескерілген) сомасын, сондай-ақ өсімпұлдар мен айыппұлдардың сомасын есепке алуға арналған құжат, оның ішінде электрондық нысандағы құжат;
37) салық төлеушінің электрондық құжаты - белгіленген электрондық форматта берілген, қабылданғаннан және бірдейлігі расталғаннан кейін салық төлеушінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат;
38) салық төлеушінің электрондық цифрлық қолтаңбасы - электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дәйектілігін, оның салық төлеушіге тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтінін растайтын электрондық цифрлық нышандардың реттілігі;
2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен (2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен (2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 39) тармақша өзгертілді
39) сыйақы - мыналарға:
кредиттің (қарыздың, микрокредиттің) алынған (берілген) сомасын, банктердің ақша аударғаны үшін комиссияларды және қарыз алушы үшін қарыз беруші, өзара байланысты тарап болып табылмайтын тұлғаға өзге де төлемдерді қоспағанда, кредитке (қарызға, микрокредитке) байланысты;
2011 жылғы 1 шілдеден бастап 2018 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңінде 2008.10.12 № 100-IV ҚР Заңның 58-бабына сәйкес 12-баптың 1-тармағының 39) тармақшасы мынадай мазмұндағы үшінші және төртінші абзацтармен толықтырылды
кредиттің (қарыздың) алынған (берілген) сомасын, банктердің ақша аударғаны үшін комиссияларды және қарыз беруші қарыз алушы үшін өзара байланысты тарап болып табылмайтын тұлғаға берілген өзге де төлемдерді қоспағанда, банк талап ету құқығын бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын еншілес ұйымға берген кредитке (қарызға) байланысты;
кредиттің (қарыздың) алынған (берілген) сомасын, банктердің ақша аударғаны үшін комиссияларды және қарыз алушы үшін қарыз беруші, өзара байланысты тарап болып табылмайтын тұлғаға өзге де төлемдерді қоспағанда, банк талап ету құқығын екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданған, дауыс беретін акцияларының жүз пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі ұйымға берген кредитке (қарызға) байланысты;
мұндай мүліктің алыну (берілу) құнын, лизинг алушы үшін лизинг беруші, өзара байланысты тарап болып табылмайтын тұлғаға төлемдерді қоспағанда, мүлікті қаржы лизингіне беруге байланысты;
салым (депозит) сомасын, сондай-ақ салымды (депозитті) қабылдап алған тарап үшін салымшы (депозитор), өзара байланысты тарап болып табылмайтын тұлғаға төлемдерді қоспағанда, салымдар (депозиттер) бойынша;
сақтандыру сомасының мөлшерін, сондай-ақ сақтандырушы үшін сақтанушы, өзара байланысты тарап болып табылмайтын тұлғаға төлемдерді қоспағанда, жинақтаушы сақтандыру шартымен байланысты;
борыштық бағалы қағаздар бойынша дисконт не купон (дисконтты не бастапқы орналастырылу құнынан және (немесе) сатып алыну құнынан алынған сыйлықақыны есепке алып), сыйақы төлейтін тұлға үшін оның борыштық бағалы қағаздарын ұстаушы, өзара байланысты тарап болып табылатын тұлғаға төлем түріндегі;
вексельде көрсетілген соманы, вексель беруші үшін оның вексельдерін ұстаушы, өзара байланысты тарап болып табылмайтын тұлғаға төлемдерді қоспағанда, вексель бойынша;
репо операциялары бойынша - репоны жабу бағасы мен ашу бағасы арасындағы айырма түріндегі;
исламдық жалдау сертификаттары бойынша барлық төлемдер;
Осы тармақшаның мақсаттарында банктік шот шарттары бойынша төленетін сыйақылар да сыйақы деп танылады;
40) туынды қаржы құралы - құны болашақта осы шарт бойынша есеп айырысуды жүзеге асыруды көздейтін шарттың базалық активінің шамасына (шаманың ауытқуын қоса алғанда) тәуелді болатын шарт. Туынды қаржы құралдарына опциондар, фьючерстер, форвардтар, своптар және басқа да туынды қаржы құралдары, оның ішінде жоғарыда тізіп көрсетілген туынды қаржы құралдарының комбинациясын білдіретіндер жатады.
Туынды қаржы құралдарының базалық активтері тауарлар, тауарлардың стандартталған партиялары, бағалы қағаздар, валюта, индекстер, проценттік ставкалар және нарықтық құны бар басқа да активтер, болашақ оқиға немесе мән-жай, өзге де туынды қаржы құралдары болуы мүмкін;
41) тұлға - жеке тұлға және заңды тұлға; жеке тұлға - Қазақстан Республикасының азаматы, шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам; заңды тұлға - Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған ұйым (резидент емес заңды тұлға). Шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған компания, ұйым немесе басқа да корпоративтік құралым осы Кодекстің мақсатына орай олар өздері құрылған шет мемлекеттің заңды тұлғасы мәртебесіне ие ме, жоқ па - осыған қарамастан дербес заңды тұлғалар ретінде қарастырылады;
2010.26.11. № 356-IV ҚР Заңымен 41-1) тармақшамен толықтырылды (2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
41-1) уәкілетті заңды тұлға - салық төлеушінің (салық агентінің) билік етуі шектелген мүлкін өткізу саласындағы, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған заңды тұлға;
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 42) тармақша өзгертілді (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
42) уәкілетті мемлекеттік органдар - салық органдарын және жергілікті атқарушы органдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеуді және (немесе) жинауды жүзеге асыруға уәкілеттік берген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінiң актілерінде белгіленген өздерінің құзыреті шегінде осы Кодекске сәйкес салық қызметі органдарымен өзара іс-қимыл жасайтын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары;
43) уәкілетті орган - салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
44) ұтыстар - салық төлеушілердің конкурстарда, жарыстарда (олимпиадаларда), фестивальдарда, лотереялар бойынша, салымдар мен борыштық бағалы қағаздарға байланысты ұтыс ойындарын қоса алғанда, ұтыс ойындары бойынша алатын заттай және ақшалай түрдегі табыстардың кез келген түрлері, сондай-ақ құмар ойында және (немесе) бәс тігуде алынған мүліктік пайда түріндегі табыстар;
45) электрондық салық төлеуші - осы Кодексте белгіленген тәртіппен электрондық құжаттармен алмасу кезінде салық қызметі органдарымен жасалған электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану және тану туралы келісімнің негізінде салық қызметі органдарымен электрондық тәсілмен өзара іс-қимыл жасайтын салық төлеуші;
2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ 46) тармақшамен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
46) оператор - өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде жай серіктестік (консорциум) құрамында жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес құратын немесе айқындайтын заңды тұлға;
2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ 47) тармақшамен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
47) тауарлардың импорты - кеден одағының кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын, тауарларды кеден одағының кеден аумағына әкелу, сондай-ақ тауарларды кеден одағына мүше басқа мемлекеттің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына әкелу.
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
1-1. Осы Кодекстің мақсатында өзара байланысты тараптар деп мынадай талаптардың біреуіне не бірнешеуіне сәйкес келетін өзара қатынасы бар жеке және (немесе) заңды тұлғалар танылады:
1) бір тұлға Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес басқа тұлғаның аффилиирленген тұлғасы болып танылады;
2) бір тұлға басқа тұлғаның ірі қатысушысы болып табылады;
3) шартпен байланысты тұлғалар, оған сәйкес олардың біреуі басқасының қабылдайтын шешімін айқындауға құқылы;
4) заңды тұлға басқа заңды тұлғаның ірі қатысушысының немесе лауазымды тұлғасының бақылауында болады;
5) бір заңды тұлғаның ірі акционері, ірі қатысушысы немесе лауазымды тұлғасы басқа заңды тұлғаның ірі акционері, ірі қатысушысы не лауазымды тұлғасы болып табылады;
6) заңды тұлға басқа заңды тұлғамен бірлесіп, үшінші тұлғаның бақылауында болады;
7) тұлға өзінің үлестес тұлғаларымен бірлесіп, осы тармақтың 2) - 6) тармақшаларында көрсетілген заңды тұлғаның не заңды тұлғалардың қатысу үлестерінің он және одан да көп пайызын иеленеді, пайдаланады, оған билік етеді;
8) акционерлік қоғамның тәуелсіз директорын қоспағанда, жеке тұлға осы тармақтың 2) - 7) тармақшаларында көрсетілген заңды тұлғаның лауазымды тұлғасы болып табылады;
9) жеке тұлға заңды тұлғаның ірі қатысушысының не лауазымды тұлғасының жақын туысы не жекжаты (ерлi-зайыптылардың аға-iнiлерi, әпке-сiңлiлері (іні-қарындастары), ата-анасы, ұлы немесе қызы) болып табылады.
Осы тармақтың мақсатында ірі қатысушы деп, акционерлік қоғамдарды қоспағанда, заңды тұлғаның мүлкіндегі үлесі он және одан да көп пайызды құрайтын қатысушы түсініледі.
Заңды тұлғаны бақылау заңды тұлға қабылдайтын шешімдерді айқындау мүмкіндігі болып табылады.
Төртінші бөлігі 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді және 2014 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болады
Өзара байланыстылығына бірден-бір негіз 2009 жылдың 1 қаңтарынан кейін туындаған ұлттық басқарушы холдингтің банктің жарғылық капиталына ірі акционер ретінде қатысуы және (немесе) ұлттық басқарушы холдингтің лауазымды тұлғаларының осындай банктің басқару органына қатысуы болып табылатын тұлғалар өзара байланысты тараптар деп танылмайды.
2. Қазақстан Республикасының салық заңнамасының басқа арнаулы ұғымдары мен терминдері осы Кодекстің тиісті баптарында айқындалатын мағынада пайдаланылады.
3. Осы Кодексте пайдаланылатын Қазақстан Республикасының азаматтық және басқа да заңнамасы салаларындағы ұғымдар, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы заңнамасының сол салаларында пайдаланылатын мағыналарында қолданылады.
2-тарау. САЛЫҚ ТӨЛЕУШІНІҢ ЖӘНЕ САЛЫҚ АГЕНТІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ. САЛЫҚТЫҚ ҚАТЫНАСТАРДАҒЫ ӨКІЛДІК
13-бап. Салық төлеушінің құқықтары
1. Салық төлеуші:
1) салық қызметі органдарынан қолданылып жүрген салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы, Қазақстан Республикасының салық заңнамасындағы өзгерістер туралы ақпарат, салықтық нысандарды толтыру тәртібі бойынша түсіндірмелер алуға;
2) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарда жеке өзі не өзінің өкілі арқылы немесе салық консультантының қатысуымен өзінің мүдделерін білдіруге;
3) осы Кодексте белгіленген жағдайларда салықтық бақылау нәтижелерін алуға;
2010.02.04. № 263-ІV ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) салық органында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттарын, салықтық өтініштердің белгіленген нысандарының бланкілерін және (немесе) электрондық түрде салық есептіліктері мен өтініштерін беру үшін қажетті бағдарламалық қамтамасыз етілімді тегін алуға;
5) өтініш бойынша салық органында бұрын өзі тапсырған салық есептілігінің көшірмесін алуға;
6) салық қызметі органдарына салықтық бақылау нәтижелері бойынша салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеу мен төлеу жөніндегі түсіндірмелерді табыс етуге;