3. Талап қоюды қамтамасыз ету шаралары талап қоюшының мәлімдеген талаптарына шамалас болуға тиіс.».
2004.28.12 № 24-III ҚР Заңымен 160-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
160-бап. Талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды қарау
Талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды судья жауапкерге және аралық сотта немесе төрелiкте iс қарау тараптарының iсiне қатысатын басқа адамдарға хабарламастан ол сотқа түскен күні шешеді. Талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды қарай келіп, судья ұйғарым шығарады.
161-бап. Талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымды орындау
Талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарым сот шешімдерін орындау үшін белгіленген тәртіпте дереу орындалады.
2004.28.12 № 24-III ҚР Заңымен 162-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
162-бап. Талап қоюды қамтамасыз етудің бір түрін екінші түрімен ауыстыру
1. Аралық сотта немесе төрелiкте iс қарау тараптарының iсiне қатысушы адамның арызы бойынша талап қоюды қамтамасыз етудің бір түрін екінші түрімен ауыстыруға жол беріледі. Талап қоюды қамтамасыз етудің бір түрін екіншісімен ауыстыру туралы мәселеге іске қатысатын адамдарға арызды қараудың уақыты мен орны туралы хабарлай отырып, сот рұқсат береді, алайда олардың келмей қалуы осы мәселені мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді. Талап қоюдың бір түрін екінші түрімен ауыстыру туралы судья ұйғарым шығарады.
2. Ақшалай соманы өндіріп алу туралы талап қоюды қамтамасыз еткен жағдайда жауапкер талап қоюды қамтамасыз етуге сот қабылданған шаралардың орнына соттың депозиттік шотына талап қоюшы талап ететін соманы енгізуге құқылы.
2009.11.07. № 185-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 163-бап өзгертілді
163-бап. Талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою
1. Талап қоюды қамтамасыз етудің күшін сол сот тараптардың арызы бойынша немесе өз бастамасы бойынша жоюы мүмкін. Талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы мәселе сот отырысында шешіледі. Іске қатысатын адамдарға сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарланады, алайда олардың келмей қалуы талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы мәселені қарауға кедергі келтірмейді.
2. Талап қоюға қарсылық білдірілген жағдайда талап қоюды қамтамасыз етуде қабылданған шаралар шешім заңды күшіне енгенге дейін сақталады. Алайда, сот шешіммен бір мезгілде немесе өзінің қаулысынан кейін талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы ұйғарым шығаруы мүмкін. Талап қою қанағаттандырылған жағдайда оны қамтамасыз ету жөніндегі шаралар өз күшін сот шешімі орындалғанға дейін сақтайды.
3. Қаржы ұйымын немесе бас ұйым ретінде банк конгломератына кіретін және қаржы ұйымы болып табылмайтын ұйымды қайта құрылымдау туралы істі қарайтын мамандандырылған қаржылық сот, қаржы ұйымын немесе бас ұйым ретінде банк конгломератына кіретін және қаржы ұйымы болып табылмайтын ұйымды қайта құрылымдау туралы шешім қабылдаған жағдайда қаржы ұйымына немесе бас ұйым ретінде банк конгломератына кіретін және қаржы ұйымы болып табылмайтын ұйымға және (немесе) оның мүлкіне қатысты қайта құрылымдау жүргізу туралы шешім қабылдағанға дейін соттар қабылдаған талап-арызын қоюды қамтамасыз етудің күшін жоюға міндетті.
164-бап. Талап қоюды қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі ұйғарымдарға шағымдану
1. Талап қоюды қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі барлық ұйғарымға жеке шағым берілуі және наразылық келтірілуі мүмкін.
2. Егер талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарым шағым берген адамдарға хабарламай шығарылса, шағым беру мерзімі оған бұл ұйғарым белгілі болған күннен бастап есептеледі.
3. Талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымға жеке шағым беру бұл ұйғарымның орындалуын тоқтатпайды.
4. Талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы немесе талап қоюды қамтамасыз етудің бір түрін екінші түріне ауыстыру туралы ұйғарымға жеке шағым беру немесе наразылық келтіру ұйғарымның орындалуын тоқтата тұрады.
165-бап. Талап қоюды қамтамасыз етумен келтірілген залалдарды жауапкерге өтеу
Сот талап қоюды қамтамасыз етуге жол бере отырып, талап қоюшыдан жауапкер үшін мүмкін болатын залалдарды қамтамасыз етуді талап етуі мүмкін. Жауапкер талап қоюда бас тартылған шешім заңды күшіне енгеннен кейін талап қоюшыға оның өтініші бойынша қабылданған оған талап қоюды қамтамасыз ету шараларымен келтірілген залалдарды өтеу туралы талап қоюға құқылы.
16-тарау. Істі сотта қарауға әзірлеу
166-бап. Істі әзірлеудің міндеттері
1. Арызды қабылданғаннан және азаматтық істі қозғағаннан кейін судья оны уақытылы және дұрыс шешуді қамтамасыз ету мақсатымен сотта іс қарауға істі әзірлейді.
2. Сотта іс қарауға істі әзірлеудің әрбір іс бойынша міндетті міндеттері мыналар:
1) істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайларды айқындау;
2) тараптардың құқықтық қатынастарын және басшылыққа алынуға тиісті заңды анықтау;
3) іске қатысатын адамдардың құрамы мен процестің басқа да қатысушылары туралы мәселені шешу;
4) әрбір тарап өз пайымдауларын негіздеу үшін ұсынуға тиіс дәлелдемелерді анықтау.
167-бап. Істі сотта қарауға әзірлеу мерзімдері
Азаматтық істерді сотта қарауға әзірлеу, егер заң актілерінде өзгеше белгіленбесе, арыз қабылданған күннен бастап жеті күн мерзімнен кешіктірілмей жүргізілуге тиіс. Алименттерді өндіріп алу туралы, мертігуден немесе денсаулықтың өзге де зақымдануынан келтірілген зиянды өтеу туралы істерден басқа, айрықша күрделі істер бойынша ерекше жағдайларда, сондай-ақ асыраушысынан айрылуына байланысты және еңбек қатынастарынан туындайтын талаптар бойынша бұл мерзім судьяның дәлелді ұйғарымы бойынша бір айға дейін ұзартылуы мүмкін.
168-бап. Істі сотта қарауға әзірлеу туралы ұйғарым
Судья істі сотта қарауға әзірлеу туралы ұйғарым шығарады және жүргізілуге тиісті әрекеттерді көрсетеді.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 169-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
169-бап. Арыздың көшірмелерін және оған қоса тіркелген құжаттарды жауапкерге жіберу
1. Судья жауапкерге талап арыздың көшірмесін және талап қоюшының талаптарын негіздейтін оған қоса тіркелетін құжаттарды жібереді не тапсырады және өзі белгілеген мерзімде талап арызға пікір (қарсылық) білдіруді және өз пікірін (қарсылығын) негіздеуге дәлелдемелер беруді міндеттейді.
2. Жауапкердің пікірі мен дәлелдемелерді бермеуі істегі бар дәлелдемелер бойынша істі қарауға кедергі келтірмейді.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 169-1-баппен толықтырылды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
169-1-бап. Талап арызға пікір
1. Жауапкер сотқа талап қоюға қатысты қарсылықты растайтын құжаттарды, сондай-ақ пікірдің және оған қоса тіркелген құжаттардың талап қоюшыға және іске қатысатын басқа да тұлғаларға жіберілгенін растайтын құжаттарды қоса тіркеп, талап арызға пікірді табыс етеді.
2. Пікір - сотқа, көшірмелері іске қатысатын тұлғаларға олардың сот отырысы басталғанға дейін танысуына мүмкіндік беруді қамтамасыз ететін, сот белгілеген мерзімде ұсынылады.
3. Талап арызға жазбаша пікірді іске қатысатын өзге тұғалар да ұсынуға құқылы.
4. Пікірде:
1) талап қоюшының атауы, оның тұрған немесе тұрғылықты жері;
2) жауапкердің атауы, оның тұрған жері; егер жауапкер азамат болып табылса, оның тұрғылықты жері;
3) заңдарға және өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ қарсылықты негіздейтін дәлелдемелерге сілтеме жасай отырып, мәлімделген талаптардың мәні бойынша қарсылықтар;
4) пікірге қоса тіркелген құжаттардың тізбесі көрсетіледі.
Пікірде істі дұрыс және уақтылы шешу үшін қажетті телефондардың, факстердің нөмірлері, электрондық почтаның мекенжайлары және өзге де мәліметтер көрсетілуі мүмкін.
5. Пікірге жауапкер немесе оның өкілі қол қояды. Өкіл қол қойған пікірге оның өкілеттігін растайтын сенімхат немесе өзге де құжат қоса тіркеледі.
2011.28.01. № 402-IV ҚР Заңымен 170-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
170-бап. Судьяның істі сотта қарауға әзірлеу жөніндегі іс-әрекеттері
Істің мән-жайларын ескере отырып, істі сотта қарауға әзірлеу тәртібімен судья мынадай әрекеттерді жүргізеді:
1) талап қоюшыдан ол мәлімдеген талаптардың мәні бойынша жауап алады, одан жауапкердің тарапынан мүмкін болатын қарсылықтарды анықтап алады, егер бұл қажет болса, қосымша дәлелдемелер беруді ұсынады, талап қоюшыға оның іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді;
2) қажет болған жағдайларда жауапкерді шақырып алады, одан істің мән-жайлары бойынша жауап алады, талап қоюға қандай қарсылықтар бар екенін және бұл қарсылықтардың қандай дәлелдемелермен расталуы мүмкін екенін анықтайды; айрықша күрделі істер жөнінде жауапкерге іс бойынша жазбаша түсінік беруді ұсынады, жауапкерге оның іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді;
3) іске тең талап қоюшылардың, тең жауапкерлердің дербес талаптарсыз үшінші тұлғалардың кіруі туралы мәселені шешеді, сондай-ақ тиісті емес жауапкерді ауыстыру туралы мәселені шешеді;
4) тараптарға дауды шешу үшін олардың аралық сотқа жүгіну не дауды медиация тәртібімен шешу құқықтарын және мұндай әрекеттің салдарларын түсіндіреді;
5) оның нәтижесіне мүдделі азаматтар мен ұйымдарға істі қараудың уақыты мен орны туралы хабарлайды;
6) куәларды сот отырысына шақыру туралы мәселені шешеді;
7) тараптардың өтініші бойынша және өз бастамасы бойынша сараптама тағайындайды, сондай-ақ іске маманды, аудармашыны қатысуға тарту туралы мәселені шешеді;
8) тараптардың өтініші бойынша ұйымдардан немесе азаматтардан дәлелдемелер талап етеді;
9) кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда іске қатысатын адамдары хабарландыра отырып, жазбаша және заттай дәлелдемелерді сол жерде тексеруді жүргізеді;
10) сот тапсырмаларын жібереді;
11) талап қоюды қамтамасыз ету туралы мәселені шешеді;
12) талапкердің өтініші бойынша оның берген арызын қайтару туралы ұйғарым шығарады;
13) өзге де қажетті іс жүргізу әрекеттерін жасайды.
171-бап. Бірнеше талап қою талаптарын біріктіру және ажырату
1. Егер талаптарды ажыратып қарау неғұрлым дұрыс болса, судья талап қоюшы біріктірген талаптардан біреуін немесе бірнешеуін бөліп жеке іс жүргізуге алады.
2. Бірнеше талап қоюшы талаптар қойған немесе талаптар бірнеше жауапкерге қойылған кезде судья, егер талаптарды ажыратып қарауды неғұрлым дұрыс деп тапса, бір немесе бірнеше талапты жеке іс жүргізуге бөлуге құқылы.
3. Судья осы соттың іс жүргізуінде дәл сол тараптар қатысатын біртектес, не бір талап қоюшының әртүрлі жауапкерге немесе әр түрлі талап қоюшылардың бір жауапкерге қойған талабы бойынша бірнеше іс бар екенін белгілеп, егер мұндай біріктіруді дұрыс деп тапса, бұл істерді біріктіріп қарау үшін бір іске біріктіруге құқылы.
172-бап. Іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру, тоқтату және істі сотта қарауға әзірлеген кезде арызды қараусыз қалдыру
1. Осы Кодекстің 242, 243-баптарында, 247-бабының 1) - 5) тармақшаларында және 249-бабының 1) - 5), 8), 9) тармақшаларында көзделген мән-жайлар болған жағдайда оны сотта қарауға әзірлеу кезінде іс бойынша іс жүргізудің тоқтатыла тұруы немесе тоқтатылуы не арыздың қараусыз қалдырылуы мүмкін.
2. Тараптарға мұндай іс жүргізу әрекеттерінің салдарлары түсіндіріледі.
173-бап. Істі сотта іс қарауға тағайындау
Судья істі дайын болды деп тани отырып, оны сот отырысында қарауға тағайындау туралы ұйғарым шығарады, тараптарға және процестің басқа да қатысушыларына істі қараудың орны мен уақыты туралы хабарлайды.
17-тарау. Сотта іс қарау
2005.30.12 № 111-III ҚР Заңдарымен 174 - бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
174-бап. Азаматтық істерді қараудың және шешудің мерзімдері
1. Азаматтық істер істі сот талқылауына әзірлеу аяқталған күннен бастап екі айға дейінгі мерзімде қаралып, шешіледі. Жұмысын қалпына келтіру туралы, алимент өндіріп алу туралы және мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, лауазымды адамдардың, мемлекеттік қызметшілердің шешімдерін, әрекеттерін (әрекетсіздігін) даулау туралы істер бір айға дейінгі мерзімде қаралып, шешіледі.
2. Азаматтық істердің жекелеген санаттары үшін заңдарда өзге мерзімдер белгіленуі мүмкін.
175-бап. Сот отырысы
Азаматтық істі қарау іске қатысушы адамдарды міндетті түрде хабардар ете отырып, сот отырысында жүргізіледі.
176-бап. Сот отырысында төрағалық етуші
1. Төрағалық етушінің міндетін судья атқарады. Төрағалық етуші істің барлық мән-жайының толық, жан-жақты және объективті анықталуын, іс жүргізу әрекеттерінде дәйектіліктің және тәртіптің сақталуын, процеске қатысушылардың өздерінің іс жүргізу құқықтарын жүзеге асыруын және олардың өз міндеттерін орындауын, процестің тәрбиелік ықпалын қамтамасыз ете отырып, отырыстың барысына басшылық жасайды, қаралатын іске қатысы жоқ мәселелердің барлығын сот қарауынан шығарып тастайды.
2. Процеске қатысушылардың қайсыбірі төрағалық етушінің іс-әрекетіне қарсылық білдірген жағдайда бұл қарсылық білдірулер сот отырысының хаттамасына енгізіледі. Төрағалық етуші өзінің іс-әрекеттеріне қатысты түсініктеме береді.
3. Төрағалық етуші сот отырысында тиісті тәртіптің қамтамасыз етілуіне қажетті шаралар қолданады. Оның өкімі процеске қатысушылардың барлығы үшін, сондай-ақ сот отырысы залында қатысып отырған азаматтар үшін міндетті.
177-бап. Сотта іс қараудың тікелей және ауызша жүргізілуі
1. Істі қарау кезінде сот іс бойынша дәлелдемелерді тікелей зерттеуге: тараптардың және іске қатысушы басқа да адамдардың түсініктерін, куәлардың айғақтарын, сарапшылардың қорытындыларын, мемлекеттік органдардың және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қорытындыларын тыңдауға, құжаттармен танысуға, заттай дәлелдемелерді қарап шағуға, дыбыс жазбаларын тыңдауға және бейне жазбаларды, кино-, фотоматериалдарды көруге, ақпаратты қайта құрудың өзге де құралдарының материалдарымен танысуға міндетті. Қажет болған жағдайларда іс бойынша дәлелдемелерді зерттеген кезде сот маманның консультациялары мен түсіндірмелерін тыңдайды.
2. Істі қарау ауызша жүргізіледі. Істі қарау процесінде судья ауысқан жағдайда істі қарау басынан бастап жүргізілуге тиіс.
178-бап. Сот отырысындағы тәртіп
1. Судья сот отырысы залына кірген кезде залдағы барлық қатысушылар орындарынан тұрады. Іс шешім шығарусыз аяқталатын сот шешімін немесе сот ұйғарымын сот отырысы залындағы жұрттың барлығы түрегеп тұрып тыңдайды.
2. Процеске қатысушылар судьяға түрегеп тұрып жүгінеді және өздерінің айғақтары мен түсініктемелерін айтады. Осы ережені орындамауға төрағалық етушінің рұқсатымен ғана жол берілуі мүмкін.
3. Процеске қатысушылар, сондай-ақ сот отырысы залындағы барлық азаматтар белгіленген тәртіпті сақтауға міндетті.
179-бап. Сот отырысында тәртіп бұзушыларға қолданылатын шаралар
1. Істі қарау кезінде тәртіп бұзған адамға төрағалық етуші соттың атынан ескерту жасайды.
2. Тәртіпті қайталап бұзған кезде іске қатысушы адам сот ұйғарымы бойынша сотта іс қараудың барлық уақытына немесе оның бір бөлігіне сот отырысы залынан шығарылып жіберілуі мүмкін. Соңғы жағдайда төрағалық етуші отырыс залына қайта жіберілген адамды ол жоқ кезде жасалған іс жүргізу әрекеттерімен таныстырады.
3. Іске қатыспайтын және істі қарау кезінде қатысушы азаматтар тәртіпті қайталап бұзғаны үшін төрағалық етушінің өкімімен отырыс залынан шығарылып жіберіледі.
2007.29.06. № 270-III ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен алып тасталды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен алып тасталды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Істі қарау барысында оған қатысушы азаматтар жаппай тәртіп бұзған кезде сот іске қатыспайтын азаматтардың барлығын сот отырысы залынан шығарып, істі жабық отырыста қарауы немесе істі қарауды кейінге қалдыруы мүмкін.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 180-бап жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
180-бап. Сот отырысын ашу
1. Істі талқылау үшін белгіленген уақытта төрағалық етуші сот отырысын ашады және қандай азаматтық іс қаралуға тиіс екенін жария етеді.
2. Сот аудио-, бейнежазба құралдарын пайдаланған жағдайда төрағалық етуші ол туралы хабарлайды.
181-бап. Процеске қатысушылардың келуін тексеру
1. Сот отырысының хатшысы осы іс бойынша шақырылған адамдардан кімнің келгенін, келмеген адамдарға хабар берілген-берілмегенін және олардың келмеу себептері туралы қандай мәліметтердің бар екенін сотқа баяндайды.
2. Төрағалық етуші келгендердің кім екенін анықтайды, сондай-ақ лауазымды адамдар мен өкілдердің өкілеттіктерін тексереді.
182-бап. Аудармашыға оның міндеттерін түсіндіру
1. Төрағалық етуші аудармашыға - оның сот жүргізіліп отырған тілді білмейтін адамдардың түсіндірмелерін, айғақтарын, мәлімдемелерін, ал бұл адамдарға іске қатысушы адамдар мен куәлардың түсіндірмелерінің, айғақтарының, мәлімдемелерінің, жария етілетін және істе бар құжаттардың, дыбыс жазбалардың, сарапшылар қорытындыларының, мамандар консультацияларының, сондай-ақ судья өкімдерінің, сот қаулылары мен шешімдерінің мазмұнын аудару міндетін түсіндіреді.
2. Төрағалық етуші аудармашыға көрінеу дұрыс аударма жасамағаны үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде көзделген жауапкершілік жөнінде ескертеді. Аудармашының бұл туралы қолхаты сот отырысының хаттамасына қоса тіркеледі. Аудармашы сотқа келуден немесе өз міндеттерін орындаудан жалтарған жағдайда оған әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңдарға сәйкес әкімшілік жаза белгіленуі мүмкін.
183-бап. Куәларды сот отырысы залынан шығару
Келген куәлар сот отырысы залынан шығарылады. Төрағалық етуші жауап алынған куәлардың жауап алынбаған куәлармен сөйлеспеуіне шаралар қолданады.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 184-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
184-бап. Сот құрамын жария ету және қарсылық білдіру құқығын түсіндіру
1. Төрағалық етуші сот құрамын жария етеді, прокурор, сарапшы, маман, сот отырысының хатшысы ретінде кімдердің қатысатынын хабарлайды және іске қатысушы адамдарға олардың қарсылық білдіру құқығын түсіндіреді.
2. Қарсылық білдіру үшін негіздер, мәлімденген қарсылықты шешу тәртібі және осындай мәлімдеулерді қанағаттандыру салдарлары осы Кодекстің 40-43-баптарымен айқындалады.
2011.28.01. № 402-IV ҚР Заңымен 185-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
185-бап. Іске қатысушы адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру
Төрағалық етуші іске қатысушы адамдарға және өкілдерге олардың іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін, соның ішінде тараптарға дауды шешу үшін аралық сотқа жүгіну не дауды медиация тәртібімен шешу құқығын және осындай әрекеттің салдарларын түсіндіреді.
186-бап. Соттың іске қатысушы адамдардың өтініштерін шешуі
Іске қатысушы адамдардың және өкілдердің істі қарауға байланысты мәселелер жөніндегі өтініштері іске қатысушы басқа адамдардың пікірлері тыңдалған соң сот ұйғарымдарымен шешіледі.
187-бап. Іске қатысушы адамдар мен өкілдердің сот отырысына келмеу салдарлары
1. Іске қатысушы адамдар келмеу себептері туралы сотқа хабарлауға және бұл себептердің дәлелді екендігіне дәлелдемелерді ұсынуға міндетті.
2. Іске қатысушы адамдардың біреуі сот отырысына келмеген жағдайда, оларға хабарланғаны жөнінде мәліметтер жоқ болса, істі қарау кейінге қалдырылады.
3. Егер іске қатысушы адамдар сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісінше хабарланса, олардың келмеу себептері дәлелді деп танылған жағдайда сот істі қарауды кейінге қалдырады.
4. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісінше хабарланған іске қатысушы адамдардың қайсыбірі келмеген жағдайда, егер олардың келмеу себептері дәлелсіз деп танылса, сот істі қарауға құқылы. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісінше хабарланған жауапкер болмаған жағдайда, сырттай іс жүргізу тәртібімен, егер келмеу себептері туралы мәліметтер жоқ болса не сот оның келмеу себептерін дәлелсіз деп тапса, не жауапкер іс бойынша іс жүргізуді қасақана созып отыр деп таныса, сот істі қарауға құқылы.
5. Тараптар соттан істі олардың қатысуынсыз қарау және оларға шешімнің көшірмесін жіберу туралы жазбаша өтінуге құқылы. Егер бұл істің мән-жайлары бойынша қажет болса, сот тараптардың сот отырысына қатысуын міндетті деп тани алады.
6. Сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарланған іске қатысушы адам өкілінің келмеуі істі қарауға кедергі бола алмайды. Іске қатысатын адамның өтініші бойынша сот оның өкілі дәлелді себептермен келмеуіне байланысты істі қарауды кейінге қалдыра алады.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 188-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
188-бап. Сот отырысына куәнің, сарапшының, маманның, аудармашының келмеу салдарлары
1. Сот отырысына куә, сарапшы немесе маман келмеген жағдайда сот іске қатысушы адамдардың істі олар жоқта қарау мүмкіндігі туралы пікірін тыңдап, сотта іс қарауды жалғастыру немесе оны кейінге қалдыру туралы ұйғарым шығарады.
2. Сот отырысына аудармашы келмеген жағдайда, егер аудармашыны ауыстыру мүмкіндігі болмаса, сот істі қарауды кейінге қалдыру туралы ұйғарым шығарады.
3. Егер шақырылған куә, сарапшы, маман немесе аудармашы сот отырысына сот дәлелді емес деп таныған себептер бойынша келмесе, олар әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңдарға сәйкес әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін. Осы Кодекстің 119-бабына сәйкес олар сондай-ақ мәжбүрлеп келтірілуі де мүмкін.
4. Сотта айғақ беруден бас тартқаны немесе жалтарғаны үшін куә осы Кодекстің 17-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 353-бабына сәйкес қылмыстық жауаптылықта болады.
189-бап. Істі қарауды кейінге қалдыру
1. Осы Кодексте көзделген жағдайларда, сондай-ақ егер сот процеске қатысушылардың біреуінің келмеуі, қарсы талап қою, қосымша дәлелдемелер ұсыну немесе талап ету, іске қатыстыруға басқа адамдарды тарту қажеттігі, өзге де әлдеқандай іс жүргізу әрекеттерін жасау қажеттігі салдарынан істі осы сот отырысында қарау мүмкін емес деп тапса, істі қарауды кейінге қалдыруға жол беріледі.
2. Іс кейінге қалдырылған кезде істің жаңа сот отырысында шешілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін уақыт ескеріле отырып, жаңа сот отырысының күні белгіленеді, бұл жөнінде келген адамдарға қол қойдырылып хабарланады. Келмеген және процеске қатысуға жаңадан тартылған адамдарға жаңа сот отырысының уақыты мен орны туралы шақыру қағазы (хабар) жіберіледі.
190-бап. Істі қарау кейінге қалдырылған кезде куәлардан жауап алу
Егер сот отырысына тараптар қатысып отырса, істі қарау кейінге қалдырылған кезде сот келген куәлардан жауап алуға құқылы. Бұл куәларды жаңа сот отырысына екінші рет шақыруға қажет болған жағдайларда ғана жол беріледі.
191-бап. Сарапшы мен маманға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру
Төрағалық етуші сарапшы мен маманға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді, сарапшыға көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауапкершілік туралы ескертеді, ол туралы сарапшыдан қолхат алынады. Қолхат сот отырысының хаттамасына қоса тіркеледі.
2011.28.01. № 402-IV ҚР Заңымен 192-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
192-бап. Істі мәні бойынша қараудың басталуы
Істі мәні бойынша қарау төрағалық етушінің талап қоюшының өз талаптарын қолдайтын-қолдамайтыны, жауапкер талап қоюшының талаптарын мойындайтын-мойындамайтыны және тараптардың істі бітімгершілік келісімімен аяқтауды немесе істі аралық сотқа қарауға беруді не дауды медиация тәртібімен шешуді қалайтын-қаламайтыны туралы мәселелерді анықтауынан басталады.
2011.28.01. № 402-IV ҚР Заңымен 193-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
193-бап. Талап қоюшының талап қоюдан бас тартуы, жауапкердің талап қоюды мойындауы, тараптардың бітімгершілік келісімі және дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім
1. Талап қоюшының талап қоюдан бас тартуы туралы арызы, жауапкердің талап қоюды мойындауы немесе тараптардың бітімгершілік келісімінің шарттары не дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімнің шарттары сот отырысының хаттамасына енгізіледі және оларға тиісінше талап қоюшы, жауапкер немесе екі тарап та қол қояды. Егер талап қоюдан бас тарту, жауапкердің талап қоюды мойындауы, тараптардың бітімгершілік келісімі немесе дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім сотқа жолданған жазбаша арыздарда жазылса, олар іске қоса тіркеледі, бұл туралы сот отырысының хаттамасында көрсетіледі.
2. Талап қоюдан бас тарту қабылданғанға не талап қою мойындалғанға немесе тараптардың бітімгершілік келісімі, дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім бекітілгенге дейін сот талап қоюшыға, жауапкерге немесе тараптарға тиісті іс жүргізу әрекеттерінің салдарын түсіндіреді.