6. Кезекті арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер берудің осы Заңда көзделмеген қосымша шарттарын енгізуге тыйым салынады.
25-бап. Арнаулы атақтарда немесе сыныптық шендерде еңбек сіңірген жылдары мерзімін тоқтата тұру
1. Қызметкерлерге кезектi арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер тиiсiнше құқық қорғау органының қарамағында болған кезде, лауазымға тағайындалғанға дейiн, алынбаған тәртiптiк жазасы болғанда, қайта аттестаттау кезiнде атқаратын лауазымына сәйкес келетіні туралы мәселе шешiлгенге дейін, тергеуге дейінгі тексерулер, қылмыстық iс ақтайтын негіздер бойынша қысқартылғанға дейiн, ақтау үкімі заңды күшіне енгенге дейін, қызметтiк тергеу аяқталғанға дейiн берiлмейдi.
2. Тәртiптiк жаза қолданудың заңсыздығы туралы шешім шығарылған немесе қайта аттестаттау кезінде атқаратын лауазымына сәйкес келетіні туралы мәселе шешiлген, қылмыстық iс ақтайтын негiздер бойынша қысқартылған, ақтау үкімі заңды күшіне енген кезде қызметкерлерге кезектi арнаулы атақ немесе сыныптық шен атқаратын штаттық лауазымы бойынша атаққа, сыныптық шенге кезекті арнаулы атақ немесе сыныптық шен сәйкес болған жағдайда, бұларды берудiң мерзiмi басталған сәттен бастап берiледi.
26-бап. Арнаулы атақтарды немесе сыныптық шендерді мерзімінен бұрын немесе атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтан немесе сыныптық шеннен бiр саты жоғарылатып беру тәртібі
1. Полковникке дейiн қоса алғанда, басшы құрамның кезектi арнаулы атағы немесе сыныптық шені қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткiзгенi және қызметтiк мiндеттерiн үлгiлi орындағаны үшiн көтермелеу тәртібімен, бұған дейiнгi арнаулы атақта немесе сыныптық шенде еңбек сiңiрудiң белгiленген мерзiмi өткенге дейiн немесе атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтан немесе сыныптық шеннен бiр саты жоғарылатып берiлуi мүмкiн.
2. Арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер мерзiмiнен бұрын арнаулы атақта немесе сыныптық шенде еңбек сiңiрудiң белгiленген мерзiмдерiнiң кемiнде жартысы өткенде берiледi.
3. Ғылыми немесе академиялық дәрежесi не ғылыми немесе академиялық атағы бар, бұл ретте құқық қорғау органының білім беру ұйымдарында штаттық лауазымда қызмет атқаратын басшы құрам адамдарына кезектi арнаулы атақ немесе сыныптық шен арнаулы атақта немесе сыныптық шенде еңбек сiңiрудiң белгiленген мерзiмi өткенде атқаратын лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтан немесе сыныптық шеннен бiр саты жоғарылатып берілуі мүмкін.
4. Атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделген кезекті арнаулы атақтан немесе сыныптық шеннен бiр саты жоғары кезекті арнаулы атақ немесе сыныптық шен алдыңғы арнаулы атақтағы немесе сыныптық шендегі еңбек сіңірген жылдарының кемінде жартысы өткенде беріледі.
Бұл ретте атқаратын лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтан немесе сыныптық шеннен мерзімінен бұрын бiр саты жоғары арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер беру құқық қорғау органындағы қызметінің барлық кезеңі ішінде әрбір негіз бойынша екі реттен артық жүргізілмейді.
Кезектен тыс арнаулы атақтарды немесе сыныптық шендерді беру құқық қорғау органының басшысы айқындаған тәртіппен қызметтің барлық кезеңі ішінде екі реттен артық жүргізілмейді.
5. Кіші басшы құрамдағы мерзімінен бұрын немесе бір саты жоғары арнаулы атақты - уәкілетті басшы, ал орта және аға басшы құрамдағы арнаулы атақтарды немесе сыныптық шендерді құқық қорғау органының басшысы береді.
2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен 27-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
27-бап. Арнаулы атақтарды немесе сыныптық шендерді төмендету, арнаулы атақтардан немесе сыныптық шендерден айыру
1. Арнаулы атақты немесе сыныптық шенді бiр сатыға төмендетуді тәртiптiк жаза шарасы ретiнде:
1) кiшi және орта басшы құрам атағындағы қызметкерлерге - құқық қорғау органының уәкiлеттi басшысы;
2) аға басшы құрам атағындағы қызметкерлерге - құқық қорғау органының басшысы қолданады.
1-1. Арнаулы атақтардан немесе сыныптық шендерден айыру мына қызметкерлерге қатысты тәртіптік жаза қолдану шарасы ретінде қолданылады:
1) полковникті, аға кеңесшіні қоса алғанға дейінгілерді - құқық қорғау органының басшысы;
2) жоғары басшы құрамды Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген тәртіппен - Қазақстан Республикасының Президенті жүзеге асырады.
2. Арнаулы атақтағы немесе сыныптық шендегі еңбек сiңiру мерзiмi арнаулы атақты немесе сыныптық шенді бiр сатыға төмендету түрінде тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап үзіледі және арнаулы атақты немесе сыныптық шенді қалпына келтіру туралы бұйрық шығарылған күннен бастап қалпына келтіріледі.
Арнаулы атақтары немесе сыныптық шендері атқаратын штаттық лауазымына қарамастан төмендетілген қызметкерлердің бұрынғы арнаулы атағы немесе сыныптық шені атқаратын лауазымына қарамастан құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшысының бұйрықтарымен, бірақ арнаулы атағы немесе сыныптық шені төмендетілген күннен бастап кемінде алты ай өткеннен кейін ғана қалпына келтіріледі.
3. Қызметкерге бұрынғы арнаулы атағы немесе сыныптық шені қайта қалпына келтiрілгенге және оған кезектi арнаулы атақ немесе сыныптық шен берiлгенге дейiн арнаулы атақтан немесе сыныптық шеннен қайта төмендетілмейді.
2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен 28-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
28-бап. Соттың айыптау үкімімен арнаулы атақтардан немесе сыныптық шендерден айыру
1. Қызметкерлерге қатысты арнаулы атақтардан немесе сыныптық шендерден айыру туралы соттың заңды күшiне енген айыптау үкімін орындауды:
1) капитанға дейін, 1-сыныпты заңгерді қоса алғанда - құқық қорғау органының уәкілетті басшысы жүзеге асырады;
2) полковникке дейін, аға кеңесшіні қоса алғанда - құқық қорғау органының басшысы жүзеге асырады;
3) жоғары басшы құрамы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Арнаулы атақтан немесе сыныптық шеннен заңсыз айырған жағдайларда, соттың шешіміне сәйкес бұрынғы атағын қалпына келтiру туралы бұйрықты құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшысы шығарады.
3. Арнаулы атақтан немесе сыныптық шеннен заңсыз айырылған кезең қалпына келтiрiлген арнаулы атақта немесе сыныптық шенде еңбек сiңiру мерзiмiне кiредi. Арнаулы атағынан немесе сыныптық шенінен заңсыз айырылған адамдарға материалдық залал толық көлемде өтеледi.
5-тарау. ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНДА ЛАУАЗЫМҒА ТАҒАЙЫНДАУ, ҚЫЗМЕТ БАБЫНДА
АУЫСТЫРУ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫЛАТУ
29-бап. Құқық қорғау органдарының қатардағы және басшы құрамдағы лауазымдарына орналасудың жалпы қағидалары
1. Қатардағы, кiшi, орта, аға және жоғары басшы құрамдағы адамдар орналасатын лауазымдар және осы лауазымдарға сәйкес келетiн арнаулы атақтарды немесе сыныптық шендерді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқық қорғау органының басшысы айқындайды.
2. Орта, аға және жоғары басшы құрамдағы лауазымдарға тағайындалатын адамдар, оларға арнаулы атақ немесе сыныптық шен берілгенге немесе құқық қорғау органдарының кадрына қабылданғанға дейін атқаратын лауазымдары бойынша қызметтік міндеттерін атқарады.
3. Лауазымға тағайындауды, қызмет бабында ауыстыруды, адамдар қойылған білiктiлiк талаптарына сәйкес келген жағдайда, басшы немесе уәкілетті басшы жүргiзедi. Лауазымдар санаттарына қойылатын білiктiлiк талаптарын мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін лауазымдар санаттарына қойылатын үлгі біліктілік талаптары негізінде құқық қорғау органдарының басшылары бекітеді.
Бұл ретте мынадай шарттар сақталады:
1) орта және басшы құрамдағы адамдарды лауазымға тағайындау және қызмет бабында ауыстыру кезiнде оларды негiзгi мамандығы бойынша не тәжiрибесiне сәйкес пайдалану қамтамасыз етiлуі мүмкін, ал оларды жаңа мамандықтағы лауазымдарда пайдалану қажет болған кезде, олар тиiстi курстарда (жиындарда) қайта даярлаудан өтуге тиiс;
2) бос лауазымның мiндетiн уақытша атқарудың үздiксiз мерзiмi - екi айдан, ал бос емес лауазым бойынша төрт айдан аспауға тиiс;
3) қызметкерлер атқаратын лауазымынан босатыла және соңғы лауазымы бойынша лауазымдық айлықақысы сақтала отырып, күнтізбелік он бес күннен аспайтын мерзімге құқық қорғау органының қарамағына берілуі мүмкін.
Ерекше мән-жайларда туындайтын айрықша жағдайларда құқық қорғау органының басшысы бұл мерзімді екi айға дейін ұзартуы мүмкін.
Қатардағы және басшы құрамдағы адамдардың осы Заңмен белгіленген демалыстарда болуы, денсаулық сақтау ұйымдарында емделуi (әскери-дәрiгерлiк комиссияның жолдамасы бойынша дәрiгерлiк тексерілуі), бұрынғы қызмет атқарған жерiнен тиiстi құқық қорғау органы тұрған жерге дейiн жол жүру уақыты; білім беру ұйымдарының сырттай, кешкі оқыту бөлімдерінде оқу-емтихан сессияларында болу уақыты; қылмыстық iс ақтау негіздері бойынша қысқартылған немесе ақтау үкімі шығарылған жағдайларда қамауға алынған күнiнен бастап және босатылған күнiн қоса алғанда, қылмыстық жауаптылыққа тартылуға байланысты қамауда болған уақыты құқық қорғау органының қарамағында болу мерзiмiне есептелмейдi.
Кезектi жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын пайдаланбаған, атқаратын лауазымынан босатылған және құқық қорғау органының қарамағындағы қызметкерлерге, оларды қызметте одан әрi пайдалану туралы мәселенi шешу кешiктiрілген жағдайларда, пайдаланылмаған еңбек демалысы беріледi. Оларға кезектi жыл сайынғы ақылы еңбек демалыс уақыты үшiн ақшалай үлес құқық қорғау органының қарамағында болу мерзiмiне қарамастан, оның қарамағына қабылданған күні негiзгi лауазымы бойынша алатын мөлшерде төленедi.
Құқық қорғау органының қарамағына қабылданған қызметкерге осы Заңда көзделген көтермелеу шаралары және тәртіптік жазалау шаралары қолданылуы мүмкін.
Қызметкердің құқық қорғау органының қарамағында болу уақыты құқық қорғау қызметіндегі өтіліне, арнаулы атақты немесе сыныптық шенді беру үшін еңбек сіңірген жылдарына есептеледі.
Құқық қорғау органының қарамағындағы қызметкерге құқық қорғау органының белгіленген күн тәртібі толық көлемде қолданылады.
Құқық қорғау органының қарамағындағы қызметкер ұсынылған лауазымға орналасудан жазбаша түрде бас тартқан жағдайда, ол осы Заңға сәйкес жұмыстан шығарылуға жатады.
Қатардағы және басшы құрамдағы адамдарды қызмет бабымен ауыстыру оларды тиісті құқық қорғау органының қарамағына ауыстырмай жүзеге асырылады. Тиісті құқық қорғау органының қарамағындағы адамдарды лауазымға тағайындау мүмкіндігінше қысқа мерзімде, бірақ лауазымнан босаған күннен кейін екі айдан кешіктірілмей жүргізіледі. Құқық қорғау органының қарамағындағы аталған қызметкерлерді қызметте пайдалану тәртібі құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады;
4) бос лауазымға шұғыл орналастыру қажет болған кезде уәкілетті басшы қызметкерді басшы құрам арасынан бiр айдан аспайтын мерзiмге уақытша тағайындауға құқылы;
5) орта, аға және жоғары басшы құрамдағы адамдарды басқа лауазымдарға, сондай-ақ басқа мекенге ауыстыру қажет болған кезде, бұл туралы шешiмдi, осы адамдардың даярлығы мен қызмет тәжiрибесi, сондай-ақ олардың және олардың отбасы мүшелерiнің денсаулық жағдайы бойынша қарсы көрсеткiштердiң жоқтығы ескеріле отырып, олардың келісімi бойынша тиiстi уәкілетті басшылар қабылдайды;
6) денсаулық жағдайы бойынша тұрғылықты жерiн өзгертудi қажет ететiн басшы құрамдағы адамдарды басқа мекенге қызмет бабында ауыстыру әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысының негiзiнде тиiстi басшылардың рұқсатымен жүргiзiледi;
7) қатардағы және басшы құрамдағы адамдарды жедел қызмет атқармайтын лауазымнан жедел атқарушы лауазымға ауыстыру әскери-дәрiгерлiк сараптама нәтижелерi ескерiле отырып жүргiзiледi.
30-бап. Қызмет бабында ауыстыру
1. Қатардағы және кiшi басшы құрамдағы адамдарды қызмет бабында ауыстыру:
1) жоғары тұрған лауазымдарға - қызмет бабында жоғарылау тәртібімен;
2) тең дәрежелi лауазымдарға - басқа лауазымдарға орналастыру қажет болған не оларды iскерлiк және жеке қасиеттерiн ескере отырып, неғұрлым орынды пайдалану, жаңа мамандыққа даярлау үшiн, сондай-ақ отбасы жағдайына, денсаулық жағдайы немесе жасына қарай осы адамдардың келісімiмен;
3) құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына оқуға түсуiне байланысты - атқаратын штаттық лауазымынан босатыла отырып, сондай-ақ білім беру ұйымын бiтiргеннен кейін лауазымға тағайындалған кезде;
4) төмен тұрған лауазымдарға:
штаттар қысқарған кезде немесе құқық қорғау органын қайта ұйымдастыру кезiнде - осы адамдарды тең дәрежелi лауазымдарға ауыстыру мүмкiн болмаған жағдайда және олардың келісімiмен;
денсаулық жағдайы бойынша - әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысы (қаулысы) негiзiнде және қызметкердің келісімімен;
аттестаттаудың қорытындысы бойынша анықталғандай, қызметiне сәйкес келмеген кезде;
тәртiптiк жаза қолдану тәртібімен;
өз қалауы бойынша жүргiзiледi.
2. Орта, аға және жоғары басшы құрамдағы адамдарды қызмет бабында ауыстыру:
1) жоғары тұрған лауазымдарға - қызмет бабында жоғарылату тәртібімен;
2) тең дәрежелi лауазымдарға - ұйымдық-штаттық іс-шаралардың жүргiзiлуiне байланысты, жұмыс тәжiрибесiн ескере отырып, мамандығына қарай неғұрлым орынды пайдалану үшiн, ротация тәртібімен, атқаратын лауазымының өкілеттіктері мерзімінің аяқталуына байланысты, сондай-ақ олардың тiкелей және уәкілетті басшыларының келісімiмен өз қалауы бойынша;
3) құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына оқуға түсуiне, мемлекеттік қызметшілерді даярлаудың мемлекеттік бағдарламасы аясында оқуына байланысты - атқаратын штаттық лауазымынан босатыла отырып, сондай-ақ білім беру ұйымын бiтiргеннен кейін лауазымға тағайындалған кезде;
4) төмен тұрған лауазымдарға:
штатты қысқарту немесе құқық қорғау органдарын қайта ұйымдастыру кезiнде - осы адамдарды дәрежесi тең лауазымда пайдалану мүмкiн болмаған жағдайда және олардың келісімiмен;
денсаулық жағдайы бойынша - әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысы (қаулысы) негiзiнде;
өз қалауы бойынша;
аттестаттаудың қорытындысы бойынша анықталғандай, қызметiне сәйкес келмеген кезде;
тәртiптiк жаза қолдану ретiнде;
5) мемлекеттік органдарға және халықаралық ұйымдарға іссапармен бару тәртібімен жүргiзiледi.
3. Орта, аға және жоғары басшы құрамдағы адамдар Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына басшылыққа және арнаулы пәндер бойынша педагогтік қызметке тағайындалған кезде, олардың білім беру ұйымдарына тағайындалғанға дейiнгi атқарған негiзгi соңғы лауазымы бойынша айлықақысы сақталады. Әрбiр нақты жағдайда лауазымдық айлықақыны сақтау туралы шешiмдi лауазымға тағайындалғанға дейiн, білім беру ұйымы басшылығының ұсынымы және құқық қорғау органының орталық аппаратының кадр бөлімшесінің қорытындысы бойынша, құқық қорғау органының басшысы қабылдайды.
Сақталған лауазымдық айлықақыны төлеу лауазымы төмендетiлген кезде тоқтатылады.
4. Төмен тұрған лауазымдарға ауыстырылған қатардағы және басшы құрамдағы адамдар, осы Заңның талаптары ескеріле отырып, кейiннен қызмет бабында жоғарылай алады.
5. Қатардағы және басшы құрамдағы адамдарды қызмет бабында ауыстыру туралы шешiм, ауыстыру негiздемесi көрсетiле отырып, құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшысының бұйрығымен ресiмделедi.
6. Қызмет бабында ауыстырылған орта, аға және жоғары басшы құрамдағы адамдар, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысында немесе емделуде жүрген жағдайларын қоспағанда, iстерді тапсырғаннан кейiн, бірақ бұйрықты алған күннен бастап бiр ай мерзiмнен кешiктiрiлмей жаңа қызмет орнына iссапарға жiберiлуге тиiс.
7. Құқық қорғау органының штаты қысқартылған кезде қызметкер ұсынылған лауазымға орналасудан бас тартқан жағдайда, ол осы Заңға сәйкес жұмыстан шығарылуға тиіс.
31-бап. Ротация
2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Құқық қорғау органдарында қызмет өткеру кезінде кәсіби әлеуетін неғұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында құқық қорғау органының аумақтық бөлімшелерінің, мекемелерінің басшыларын ротациялау жүзеге асырылады.
2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Аумақтық органдар мен мекемелердің басшыларын ротациялау құқық қорғау органы басшысының шешімімен бес жылда бір рет жүзеге асырылады. Қабылданған шешім бұйрықпен ресімделеді. Аумақтық органдар мен мекемелердің басшыларын қызметке басқа жерге ротациялауға - қызметкердің жазбаша келісімімен, сондай-ақ қызмет мүддесі үшін - лауазымда болу мерзіміне қарамастан және қызметкердің келісімінсіз жол беріледі.
3. Мүгедек балалары, оның ішінде асырап алған балалары (қорғаншы болып табылатындар) немесе асырауында қарт ата-анасы бар лауазымды адамдар ротациялауға жатпайды. Көрсетілген мән-жайлар құжат түрінде расталуға тиіс.
32-бап. Құқық қорғау қызметінің жоғары тұрған, тең дәрежелі немесе төмен тұрған лауазымдары
1. Құқық қорғау қызметінің лауазымы, егер оған құқық қорғау қызметіндегі бұрынғы лауазымының арнаулы атағы немесе сыныптық шеніне қарағанда неғұрлым жоғары шекті арнаулы атақ немесе сыныптық шен көзделген болса, ал арнаулы атақтары немесе сыныптық шендері бірдей болғанда - құқық қорғау қызметінің лауазымы бойынша неғұрлым жоғары айлықақы көзделген жағдайда, ол жоғары тұрған лауазым болып есептеледі.
2. Құқық қорғау қызметінің лауазымы, егер оған арнаулы атағы немесе сыныптық шені және лауазымы бойынша айлықақы құқық қорғау қызметіндегі бұрынғы лауазымының арнаулы атағы мен сыныптық шеніне және айлықақысына тең көзделген болса, тең дәрежелі лауазым болып есептеледі.
3. Құқық қорғау қызметінің лауазымы, егер оған құқық қорғау қызметіндегі бұрынғы лауазымының арнаулы атағына немесе сыныптық шеніне қарағанда неғұрлым төмен шекті арнаулы атақ немесе сыныптық шен көзделген болса, ал арнаулы атақтары немесе сыныптық шені бірдей болғанда, құқық қорғау қызметінің лауазымы бойынша неғұрлым төмен айлықақы көзделген жағдайда, ол төмен тұрған лауазым болып есептеледі.
33-бап. Қызмет бабында жоғарылату
1. Қызметкерлерді қызмет бабында жоғарылату, кадр резервінде тұрған қызметкерлер арасынан олардың кәсіптік, iскерлiк және жеке қасиеттерi, денсаулық жағдайы ескерiле отырып жүргiзiледi.
2. Кадр резервіне қойылған басшы құрамдағы адамдардың кәсiби даярлығын жетiлдiру жөніндегі жұмыс құқық қорғау органының басшысы айқындайтын тәртiппен жүзеге асырылады.
34-бап. Кадр резерві
1. Құқық қорғау органының кадр құрамын қалыптастыру, лауазымдардың жасақталуын қамтамасыз ету мақсатында құқық қорғау органында кадр резерві жасалады.
2. Құқық қорғау органының кадр резерві кейіннен жоғары тұрған бос лауазымдарға орналастыру үшін жасалады.
3. Кадр резерві аттестаттау нәтижесі бойынша басшы лауазымдарға немесе ауқымды жұмыстарға жоғарылатуға ұсынылған қызметкерлерден, сондай-ақ қызметтік міндеттерін атқару кезінде не арнайы тапсырмаларды орындау кезінде ұйымдастырушылық қабілетін танытқан адамдардан қалыптастырылады.
4. Бос басшы лауазымға құқық қорғау органының кадр резервінде тұрған адам басшының немесе уәкілетті басшының шешімі бойынша орналастырылады. Кадр резервінде тұрған қызметкерлер ұсынылған лауазымнан бас тартқан кезде, бос лауазымға аттестаттау нәтижесі бойынша немесе кадрларды іріктеу арқылы басқа қызметкер орналастырылады.
5. Кадр резервін қалыптастыру және онымен жұмыс жүргізуді ұйымдастыру жауапкершілігі құқық қорғау органының басшысына немесе уәкілетті басшысына және кадр бөлімшесіне жүктеледі. Құқық қорғау органдарында кадр резервін кадрлардың сапалық құрамы және тиісті лауазымдарға орналастыру қажеттігі ескеріле отырып қалыптастырылады.
6. Кадр резервіне қоюды құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшысы жүзеге асырады.
7. Қызметкерге сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық үшін тәртіптік жазалау шарасы қолданылған жағдайларда, ол кадр резервінен шығарылады. Қызметкер өзін кадр резервінен шығару туралы шешіммен келіспеген жағдайда, ол бұл шешімге жоғары тұрған лауазымды адамдарға және (немесе) сотқа шағымдануға құқылы.
8. Қызметкердің кадр резервінде тұру мерзімі үш жылдан аспауға тиіс. Кадр резервіне қойылып, бірақ кадр резервінде болған кезеңде олар үшін жоспарланған лауазымға тағайындалмаған адамдар, кадр резервіне жалпы негіздерде жаңадан қойылуы мүмкін.
9. Құқық қорғау органының кадр бөлімшелері кадр резервіне қойылған қызметкерлердің тізімін жүргізеді.
10. Кадр резервін қалыптастыру тәртібін құқық қорғау органының басшысы айқындайды.
35-бап. Кадр резервін қалыптастыру міндеттері
Кадр резервін қалыптастыру және онымен жұмыс істеу міндеттері:
1) қызметкерлерді қызмет бабында жоғарылатуды жоспарлау тетігін реттеу;
2) басшы кадрларды даярлаудың тиімділігін арттыру;
3) басшы құрам лауазымдарына неғұрлым білікті қызметкерлерді орналастыру;
4) басшы кадрларды нығайту және тұрақтандыру, олардың сабақтастығын қамтамасыз ету;
5) құқық қорғау органдарында кадр мәселелерін шешуде демократиялық негіздерді күшейту болып табылады.
36-бап. Құқық қорғау органдарының кадр құрамын қалыптастырудың басым бағыттары
1. Құқық қорғау органында кадр құрамын қалыптастыру:
1) қызметкерлердің кәсіптік білім-білігі мен дағдыларын жетілдіру;
2) құқық қорғау қызметі лауазымына қызметкерлерді олардың кәсіби даярлығының деңгейін, кәсіби қызметте сіңірген еңбегін және іскерлік қасиеттерін ескере отырып тағайындау;
3) құқық қорғау қызметін өткерудің және арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер берудің кезектілігі негізінде қамтамасыз етіледі.
2. Құқық қорғау қызметінің кадр құрамын қалыптастырудың басым бағыттары:
1) құқық қорғау қызметі лауазымдарының барлық санаттары үшін кадрларды жоспарлы негізде даярлау, біліктілігін арттыру және қайта даярлау;
2) қызметкерлердің кәсіби және лауазымдық өсуі үшін жағдайлар жасау;
3) аттестаттау өткізу арқылы қызметкерлердің кәсіби қызметінің нәтижелерін бағалау болып табылады.
3. Қызметкерлердің кәсіптік білім-білігі мен дағдыларын жетілдіру мақсатында қызметкерлердің құқық қорғау органдарындағы қызметін өткеру орны бойынша кәсіби қызметтік және дене шынықтыру дайындықтары ұйымдастырылады. Кәсіби қызметтік және дене шынықтыру дайындықтарын ұйымдастырудың мазмұны мен тәртібі құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
4. Кәсіптік қайта даярлау, біліктілікті арттыру қызметкерлердің қосымша кәсіптік білімі болып табылады. Қосымша кәсіптік білім алу қызметкерлердің лауазымдық міндеттерін үзіліспен, ішінара үзіліспен немесе үзіліссіз атқару түрінде жүргізілуі мүмкін. Қызметкердің басқа тең жағдайларда қосымша кәсіптік білім алуы қызметкерді кадр резервіне қоюға немесе оның құқық қорғау қызметі лауазымын жалғастыруына басым негіз болып табылады.
5. Қызметкерлерді кәсіптік қайта даярлау және біліктілігін арттыру құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдары мен ғылыми мекемелерінде, құқық қорғау органының қызметкерлерді қайта даярлау және біліктіліктерін арттыру жөніндегі мамандандырылған мекемелерінде, сондай-ақ басқа да білім беру ұйымдары мен мекемелерінде жүзеге асырылады.
6. Қызметкер Қазақстан Республикасы аумағынан тыс жерлерде қосымша кәсіптік білім ала алады.
37-бап. Кадр резервіне қою үшін үміткерлерді іріктеу
1. Кадр резервіне қою үшін үміткерлерді іріктеу қызметкерлердің жеке басының және іскерлік қасиеттерін, олардың қызметінің нәтижелерін зерделеу және бағалау, сондай-ақ аттестаттау комиссиясының шешімі негізінде жүргізіледі.