8. Жазасын өтеген және сотталуына байланысты атқарып жүрген қызметiнен босатылған адамдардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес еңбекке және тұрмыстық жағынан орналасуға, әлеуметтiк көмектiң басқа түрлерiн алуға құқығы бар.
9. Жазасын өтеп жүрген адамдардың қызметкерлер тарапынан сыпайылық көру құқығы бар. Олар қатаң немесе адамшылық қасиетiн қорлайтындай қарауға ұшыратылмауға тиiс. Сотталғандарға мәжбүрлеу шараларын заң негiзiнен өзгеше қолдануға болмайды.
10. Бас бостандығынан айыруға сотталған шетелдiктердiң өз мемлекеттерiнiң дипломатиялық өкiлдерiмен және консулдық мекемелерiмен, ал Қазақстан Республикасында дипломатиялық және консулдық мекемелерi жоқ елдердiң азаматтарының - олардың мүдделерiн қорғауды өз мойнына алған мемлекеттердiң дипломатиялық өкiлдiктерiмен немесе оларды қорғаумен айналысатын халықаралық ұйымдармен байланыс жасауға құқығы бар.
11. Сотталғандардың құқықтарын iске асыру тәртібі осы Кодекспен, Қазақстан Республикасының заңдарымен және өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен, Қазақстан Республикасы бекiткен мемлекетаралық шарттармен белгiленедi.
2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 11-бап өзгертілді
11-бап. Сотталғандардың жеке басының қауiпсiздiгiне құқығы
1. Сотталғандардың және басқа адамдардың тарапынан сотталушының жеке басына қарсы қылмыс жасау қаупi туындаған кезде ол абақтыда ұстау, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны атқарушы мекеменiң кез келген лауазымды адамына өзiн мұндай қатер жоқ қауiпсiз орынға ауыстыру туралы өтiнiш жасауға құқылы. Бұл жағдайда лауазымды адам сотталушыны қауiпсiз орынға ауыстыру жөнiнде дереу шаралар қолдануға мiндеттi.
2. Мекеменiң бастығы сотталушыны қауiпсiз орынға ауыстыру туралы шешiм, сотталушының жеке басына қарсы қылмыстың жасалу мүмкiндiгiн болғызбайтын өзге де шаралар қолданады, оның жазасын одан әрi өтеу орны туралы мәселенi шешедi.
2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен 12-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
12-бап. Сотталғандардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ету
1. Сотталғандарға ар-ождан бостандығы мен дiн ұстану бостандығына кепiлдiк берiледi.
2. Бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жүрген адамдарға олардың өтiнiшi бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тiркелген дiни бiрлестiктердiң қызметшiлерi шақырылады. Жазаны атқарушы мекемелерде сотталғандарға заңда тыйым салынбаған дiни ғұрыптарды орындауына, табыну заттары мен дiни әдебиеттi пайдалануына рұқсат етiледi. Мекеме әкiмшiлiгi ол үшiн тиiстi үй-жай бөледi.
3. Ерекше режимдегi колониялардың карцерлерiнде, жалғыз адамдық камераларында, айыптық және тәртiптiк оқшаулау орындарында, сондай-ақ камералық үлгiдегi үй-жайларда ұсталатын сотталғандарға дiни қызметшiлер жiберiледi, бұл орайда олардың жеке басының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету шарт.
4. Ауыр науқасты сотталғандарға, сондай-ақ өлiм жазасына кесiлгендерге үкiмдi орындау алдында олардың өтiнiшi бойынша дiни қызметшiлер шақырылып, осы жағдайда қажеттi барлық дiни ғұрыптарды жасау мүмкiндiгi қамтамасыз етiледi.
5. Дiни ғұрыптарды орындау ерiктi болып табылады. Ол iшкi тәртiптi бұзбауға, сондай-ақ жазасын өтеушi басқа адамдардың құқықтарына нұқсан келтiрмеуге тиiс.
13-бап. Сотталғандардың өтiнiштерiн қарау тәртібі
1. Сотталғандардың ұсыныстарын, арыздары мен шағымдарын жазаны атқарушы мекемелер мен органдардың әкiмшiлiгi қарайды.
2009.10.07. № 177-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Гауптвахтада ұстауға, бас бостандығынан айыруға, өлiм жазасына сотталғандардың осы Кодекстiң 10-бабының 2-тармағында аталған органдарға жолданған ұсыныстары, арыздары мен шағымдары жазаны атқарушы мекемелер мен органдардың әкiмшiлiгi арқылы жiберiледi. Жазаның өзге түрлерiне сотталғандар ұсыныстарын, арыздары мен шағымдарын өздерi жiбередi.
2009.10.07. № 177-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Гауптвахтада ұстауға, бас бостандығынан айыруға, өлiм жазасына сотталғандардың жазаны атқарушы мекемелер мен органдардың қызметiн бақылау мен қадағалауды жүзеге асырушы органдарға жолданған ұсыныстары, арыздары мен шағымдары цензураға жатпайды және бiр тәулiктен кешiктiрiлмей (демалыс және мереке күндерiн қоспағанда) тиiстi жерiне жiберiледi.
4. Сотталғандардың жазаны атқарушы мекемелер мен органдар әкiмшiлiгiнiң шешiмдерi мен iс-әрекеттерi жөніндегі ұсыныстары, арыздары мен шағымдары бұл шешiмдер мен iс-әрекеттердiң атқарылуын тоқтатпайды.
5. Органдар мен лауазымды адамдар өздерiне сотталғандар жолдаған ұсыныстарын, арыздары мен шағымдарын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мерзiмдерде қарап, қабылданған шешiмдердi сотталғандардың назарына жеткізуге тиiс.
3-тарау. Жазаны атқарушы мекемелер мен органдар және олардың қызметіне бақылау жасау
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II Заңымен (бұр. ред. қара); 2007.12.01 № 222-III ҚР Заңымен (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара); 2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.10.07. № 177-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 14-бап өзгертілді
14-бап. Жазаны атқарушы мекемелер мен органдар
1. Айыппұл салу немесе мүлiктi тәркiлеу түріндегі жазаны үкiм шығарған сот, сондай-ақ мүлiктiң орналасқан жерi бойынша және сотталушының жұмыс орны бойынша сот атқарады.
2. Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаны атқаруды сотталушының тұрғылықты жерi бойынша қылмыстық-атқару инспекциясы, түзеу мекемесi жүзеге асырады. Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы сот үкімінiң талаптарын сотталушының жұмыс орны бойынша ұйымның әкiмшiлiгi, сондай-ақ лицензиатты жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығына берілген лицензиясынан айыруға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құқықты органдар атқарады.
3. Құрметтi, әскери, арнайы немесе өзге де атақтардан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден және біліктілік сыныбынан айыру туралы сот үкімінiң талаптарын атақты, сыныптық шендi, дипломатиялық дәреженi және біліктілік сыныбын берген лауазымды тұлға атқарады.
4. Қоғамдық жұмыстарға тарту, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу түріндегі жазаларды сотталған адамның тұрғылықты жері бойынша қылмыстық-атқару инспекциялары атқарады.
5. Өлім жазасы түріндегі жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелері орындайды.
5-1. Бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаны қылмыстық-атқару жүйесiнiң түзеу мекемелерi, сондай-ақ шаруашылық қызмет көрсету жөнiндегi жұмыстарды орындау үшiн қалдырылған немесе этаппен жөнелтілген сотталғандарға қатысты тергеу изоляторлары орындайды.
6. 2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
7. Әскери қызметшiлерге жазаларды: гауптвахтада ұстауды сотталған әскери қызметшiлерге арналған гауптвахталарда гарнизондардың командованиесi немесе гарнизон гауптвахталарының тиiстi бөлiмшелерi; әскери қызмет бойынша шектеудi - аталған әскери қызметшiлер қызметтен өтiп жүрген әскери бөлiмдердiң, мекемелердiң, органдар мен әскери құрамалардың командованиесi (бұдан әрi - әскери бөлiмдердiң командованиесi) атқарады.
8. 2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
9. Шартты сотталғандар қылмыстық-атқару инспекциясының бақылауында болады. Шартты сотталған әскери қызметшiлерге бақылау жасауды әскери бөлiмдердiң командованиесi жүзеге асырады.
15-бап. Жазаны өтеу орны туралы хабарлау
Сотталушының жазасын өтеу орнына келгенi туралы жазаны атқарушы мекеменiң немесе органның әкiмшiлiгi сотталушының қалауы бойынша жақын туыстарының не заңды өкiлдерiнiң бiрiне 10 тәулiк iшiнде хабарлауға мiндеттi.
2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен 16-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
16-бап. Сотталғандарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану
1. Бас бостандығынан айыруға сотталған, алкоголизммен, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауыратын, сондай-ақ есiнiң кемiстiгi болуы мүмкiн, психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамдарға атқарушы мекемелер соттың шешiмi бойынша медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданады.
2. Егер осы баптың 1-тармағында аталған жазаларды өтеу кезiнде сотталушының алкоголизммен, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауыратыны анықталса, жазалардың аталған түрлерiн атқарушы мекеменiң әкiмшiлiгi сотқа мұндай сотталушыға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы ұсыныс жiбередi.
3. Бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаларға сотталған және осы баптың 1-тармағында аталған сырқаттармен ауыратын адамдарға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 88-95-баптарына сәйкес медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылады.
2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға және туберкулезбен ауыратын немесе соз ауруынан емделудiң толық курсынан өтпеген, сондай-ақ ЖҚТБ-мен ауыратын сотталғандарға жазалардың аталған түрлерiн атқарушы мекеме медициналық комиссияның шешiмi бойынша мiндеттi емдеу қолданады.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiледi) 17-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2009.10.12. № 228-IV ҚР Заңымен 17-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
17-бап. Жергiлiктi атқарушы органдардың бақылауы
1. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары өздерiнiң аумағында орналасқан түзеу мекемелерiнiң қызметiне бақылау жасауды осы Кодекске сәйкес жүзеге асырады.
2. Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары өздерiнiң аумағында орналасқан қылмыстық-атқару инспекцияларының қызметiне бақылау жасауды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.
2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.10.07. № 177-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 18-бап өзгертілді
18-бап. Сот бақылауы
1. Жазаны өтеуден шартты-мерзiмiнен бұрын босату туралы, жазаның өтелмеген бөлiгiн жазаның неғұрлым жұмсақ түрiне ауыстыру туралы, сотталушының ауыруына байланысты жазадан босату туралы, адамның жеке басына қарсы жасаған ауыр және аса ауыр қылмыстары үшiн бес жылдан артық мерзiмге бас бостандығынан айыруға сотталғандарды қоспағанда, жүктi әйелдердiң және он төрт жасқа дейiн балалары бар әйелдердiң және балаларды жалғыз өзі тәрбиелейтін еркектердің жазаларын өтеуiн кейiнге қалдыру туралы, сондай-ақ түзеу мекемесiнiң түрiн өзгерту туралы мәселелердi шешу кезiнде жазалардың атқарылуын сот бақылайды.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда сотталғандар мен өзге де адамдардың жазаны атқарушы мекемелер мен органдардың iс-әрекетiне жасаған шағымдарын сот қарайды.
3. Жазаны атқарушы мекемелер мен органдар үкiм шығарған сотқа сотталғандардың қоғамдық жұмыстарды, түзеу жұмыстарын, бас бостандығын шектеудi, гауптвахтада ұстауды, бас бостандығынан айыруды өтеуiнiң басталғаны және оның орны, айыппұл салу, белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру, арнайы, әскери немесе құрметтi атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, біліктілік сыныбынан және мемлекеттік наградалардан айыру, әскери қызмет бойынша шектеу, мүлкiн тәркiлеу, өлiм жазасы түріндегі жазалардың атқарылуы туралы хабарлайды.
19-бап. Ведомстволық бақылау
Жазаны атқарушы мекемелер мен органдардың қызметiне жоғары тұрған басқару органдары мен лауазымды адамдардың тарапынан ведомстволық бақылау жүзеге асырылады. Ведомстволық бақылауды жүзеге асыру тәртібі нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi.
2004.29.12 № 25-III ҚР Заңымен 19-1-баппен толықтырылды (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі)
19-1-бап. Қоғамдық бақылау
1. Қоғамдық бақылауды қоғамдық бiрлестiктер түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторларында ұсталатын адамдарға олардың Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген ұстау жағдайлары, медициналық-санитарлық қамтамасыз ету, еңбегiн, бос уақытын және оларды оқытуды ұйымдастыру бөлiгіндегi құқықтары мен заңды мүдделерiн жүзеге асыруына жәрдемдесу мақсатында жүзеге асырады.
2. Қоғамдық бақылауды жүзеге асыру үшiн Қазақстан Республикасының Yкіметі айқындайтын тәртiппен облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық) қоғамдық байқау комиссиялары құрылады.
3. Қоғамдық байқау комиссиялары түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторларының әкiмшiлiктерiне түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторларында ұсталатын адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету үшiн жәрдемдесуге құқылы.
4. Түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторлары әкiмшіліктерiнiң қызметiн қоғамдық бақылау және қоғамдық байқау комиссияларының оларға жәрдемдесуi ерiктілік, тең құқықтық, өзiн-өзi басқару және заңдылық принциптерi негiзiнде жүзеге асырылады.
5. Қоғамдық бақылауды жүзеге асырған кезде түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторларының қызметiне, сондай-ақ жедел-iздестiру, қылмыстық iс жүргiзу қызметi мен әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзу жөніндегі қызметiне араласуға жол берiлмейдi.
2004.29.12 № 25-III ҚР Заңымен 19-2-баппен толықтырылды (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 2012.18.01. № 547-ІV ҚР Заңымен 19-2-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
19-2-бап. Қоғамдық байқау комиссиясының өкiлеттiгi
1. Қоғамдық байқау комиссиясы, сондай-ақ қоғамдық байқау комиссиясының мүшелерi:
1) түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторларында қоғамдық байқау комиссиясының кемiнде екi мүшесi құрамында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі (бұдан әрі - қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкiлеттi орган) белгiлеген тәртiппен кедергiсiз болуға;
2) сотталғандармен олардың келісімi болған кезде әңгiмелесуге, сондай-ақ олардың құқықтары мен заңды мүдделерiнiң бұзылу мәселелерi жөніндегі өтiнiштерi мен шағымдарын қабылдауға;
3) түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторларындағы адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз етуге байланысты мәселелер жөнiнде түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторларының әкiмшiлiгiне және (немесе) прокуратура органдарына өтiнiш жасауға құқылы.
2. Түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторларында ерекше режим енгiзiлген кезеңде қоғамдық байқау комиссиясының аталған мекемелерге бару жөніндегі өкiлеттiгi тоқтатыла тұрады.
3. Қоғамдық байқау комиссиясының мүшелерi өз өкiлеттiктерiн орындау кезiнде түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторларының қызметiн қамтамасыз ететiн нормативтiк құқықтық актiлердiң ережелерiн сақтауға, сондай-ақ аталған мекемелер әкiмшiлiгiнiң заңды талаптарына бағынуға мiндеттi. Қоғамдық бақылау iс-шараларын өткізу iс жүргiзу әрекеттерiн жүзеге асыруға кедергi келтiрмеуге тиiс.
20-бап. Қылмыстық-атқару iсiн жүргiзудегi қадағалау
Жазаны атқарушы мекемелер мен органдар әкiмшiлiгiнiң заңдарды сақтауын қадағалауды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры мен оған бағынышты прокурорлар жүзеге асырады.
2004.29.12 № 25-III ҚР Заңымен (бұр.ред. қара) (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 2009.10.12. № 228-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.18.01. № 547-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 21-бап өзгертілді
21-бап. Қылмыстық-атқару жүйесiнiң мекемелерiнде болу
1. Жазаларды атқарушы мекемелерде, тергеу изоляторларында арнаулы рұқсатсыз болуға мыналардың құқығы бар:
1) Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаттары, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi, сондай-ақ тиiстi аумақтардың шегiнде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және республика астанасының әкiмдерi;
2) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры мен оған бағынысты прокурорлар;
3) Қылмыстық-атқару жүйесiнiң жоғары тұрған органдарының қызметкерлерi.
4) Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.
2. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi мен өзге де адамдардың жазаны атқарушы мекемелерде, тергеу изоляторларында сол мекемелер әкiмшiлiгiнiң немесе қылмыстық-атқару жүйесiнiң жоғары тұрған органдарының арнаулы рұқсаты бойынша қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен болуға құқығы бар.
3. Сезiктiлердiң, айыпталушылардың және сотталғандардың қауiпсiздiгi мен олардың күзетiн қамтамасыз етушi объектiлердi кино, фото және бейнекөрiнiске түсiру түзеу мекемесi, тергеу изоляторы әкiмшiлiгiнiң рұқсатымен жүзеге асырылады.
4. Сотталғандарды кино, фото және бейнекөрiнiске түсiру, олармен сұхбат жүргiзу, соның iшiнде аудиобейнетехника құралдарын пайдаланып жүргiзу сотталғандардың өз келісімiмен жүзеге асырылады.
Ерекше бөлім
2-Бөлім. Сотталушыны қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаларды атқару
4-тарау. Айыппұл түріндегі жазаны атқару
22-бап. Айыппұл түріндегі жазаны атқару тәртібі
1. Сотталушы үкiм заңды күшiне енген соң бiр айдан кешiктiрмей айыппұл төлеуге мiндеттi.
2. Сотталушының айыппұлды бiр жолғы төлеуге мүмкiндiгi болмаған жағдайда, сотталушының өтiнiшi бойынша төлемнiң мерзiмiн ұзартуға немесе алты айға дейiн бөлiп-бөлiп төлетуге жол берiледi.
3. Сотталушы айыппұлды ерiктi түрде төлемеген кезде жазаны атқару сот берген атқару парағының негiзiнде мәжбүрлеп жүргiзiледi. Айыппұл сотталушының мүлкiнен, соның iшiнде оның сотта айқындалған ортақ меншiк құқықтарындағы мүлiктегi үлесiнен өндiрiп алынуы мүмкiн.
4. Айыппұлды өндiрiп алу кезiнде осы Кодекске қосымшамен белгiленген тiзбеге сәйкес тәркiлеуге жатпайтын мүлiктi алып қоюға болмайды.
23-бап. Айыппұл төлеуден қасақана жалтару
1. Айыппұлды осы Кодекстiң 22-бабының 1-тармағында белгiленген мерзiмде төлемеген және өзiнiң кiрiстерi мен мүлкiн мәжбүрлеп өндiрiп алудан жасырушы сотталушы айыппұл төлеуден қасақана жалтарушы деп танылады.
2010.02.04. № 262-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Айыппұл төлеуден қасақана жалтарушы сотталғандар жөнiнде мемлекеттік сот орындаушысы сотқа айыппұлды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 40-бабының төртiншi бөлiгiне сәйкес жазаның басқа түрiмен ауыстыру туралы ұсыныс жiбередi.
5-тарау. Белгілі бір лауазымда болу немесе белгілі
бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаны атқару
2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.10.07. № 177-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2009.10.12. № 228-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2009.10.12. № 228-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.18.01. № 547-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 24-бап өзгертілді
24-бап. Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаның атқарылуын ұйымдастыру
1. Негiзгi жаза ретiнде белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түрiндегi, сондай-ақ негiзгi жазаға қосымша ретiнде айыппұл, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу немесе қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi, сондай-ақ шартты соттау кезiндегi жазаның атқарылуын ұйымдастыруды сотталған адамның тұрғылықты жерi бойынша қылмыстық-атқару инспекциясы қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкiлеттi орган бекіткен тәртіппен жүзеге асырады.
2. Бас бостандығынан айыру түріндегі негiзгi жазаға қосымша ретiнде тағайындалған бұл жазаның атқарылуын ұйымдастыруды негiзгi жазаны атқарушы орган, ал негiзгi жазаны өтеген соң - сотталушының тұрғылықты жерi бойынша қылмыстық-атқару инспекциясы жүзеге асырады.
3. Қылмыстық-атқару инспекциясы:
сотталғандардың есебiн жүргiзедi;
сотталғандардың сот үкімінде көзделген белгiлi бiр лауазымда болуына немесе белгiлi бiр қызметпен айналысуына тыйым салудың сақталуын бақылайды;
сотталушының жұмыс орны бойынша ұйым әкiмшiлiгiнiң, сондай-ақ сотталушыға тыйым салынған қызметтiң тиiстi түрлерiмен айналысуға берiлген рұқсатты қайтып алуға құқығы бар органдардың үкiмдi орындауын тексередi;
жазаны өтеуден жалтарған сотталған адамдарға қатысты бастапқы іздестіру іс-шараларын жүргізеді және сотқа іздестіру жариялау туралы ұсыным енгізеді.
3-1. Тұратын жері үш күннен астам уақыт ішінде анықталмаған сотталған адам жазаны өтеуден жалтарған деп танылады.
4. Өзiнде жазаның негiзгi түрiн өтеп жүрген, сондай-ақ белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жазаға сотталған адамды мекеменiң (ұйымның) әкiмшiлiгi сотталушының орындауына тыйым салынған жұмыстарға тарта алмайды.
5. Сотталғандар әскери қызметке шақырылған немесе олар баламалы арнайы мемлекеттік қызметке кiрген жағдайларда қылмыстық-атқару инспекциялары жергілікті әскери басқару органына немесе сотталғандардың тұрғылықты жерi бойынша қызмет өткеру кезiнде сол жазаны атқаруға арналған сот үкімінiң көшiрмесiн жiбередi.
2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен 25-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
25-бап. Ұйымдар әкiмшiлiктерiнiң сот үкімін атқару жөніндегі мiндеттерi
1. Белгілі бір лауазымдарда болу құқығынан айыру туралы сот үкімінің талаптары мемлекеттік мекемелер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының әкімшіліктері үшін міндетті. Белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы сот үкімінің талаптары сотталған адамның жұмыс орнындағы ұйымның әкімшілігі үшін міндетті.
2. Сотталушының жұмыс орны бойынша ұйымның әкiмшiлiгi:
сот үкімінiң көшiрмесiн не қылмыстық-атқару инспекциясының хабарламасын алған соң үш күннен кешiктiрмей сотталушыны лауазымынан немесе ол айналысу құқығынан айырылған қызмет түрiнен босатуға; қылмыстық-атқару инспекциясына сот үкімінiң талаптарын орындау туралы хабарлауға;
қылмыстық-атқару инспекциясының талап етуi бойынша жазаны атқаруға байланысты құжаттарды табыс етуге;
сотталушымен еңбек шарты өзгерген немесе тоқтатылған жағдайда бұл туралы қылмыстық-атқару инспекциясына үш күн мерзiм iшiнде хабарлауға мiндеттi.
26-бап. Белгiлi бiр қызметпен айналысуға берiлген рұқсатты қайтып алуға құқықты органдардың мiндеттерi
1. Сотталғандарды белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы сот үкімінiң талаптары қызметтiң тиiстi түрiмен айналысуға берiлген рұқсатты қайтып алуға құқықты органдар үшiн мiндеттi.
2. Аталған органдар сот үкімінiң көшiрмесiн немесе қылмыстық-атқару инспекциясының хабарламасын алған соң үш күннен кешiктiрмей сотталушыға тыйым салынған қызмет түрiмен айналысуға берiлген рұқсатты қайтып алуға, осы адамға қызметтiң көрсетiлген түрiмен айналысуға құқық беретiн тиiстi құжатты қайтарып алуға және бұл туралы қылмыстық-атқару инспекциясына хабарлама жiберуге мiндеттi.
2009.10.07. № 177-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2009.10.12. № 228-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 27-бап өзгертілді
27-бап. Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаны атқару мерзiмдерiнiң есептелуi
1. Негiзгi жаза ретiнде немесе айыппұлға, бас бостандығын шектеуге, қоғамдық жұмыстарға немесе түзеу жұмыстарына тарту, сондай-ақ шартты соттау кезiнде қосымша жаза түрi ретiнде тағайындалған белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру мерзiмi, егер бұл жағдайда қосымша жазаның атқарылуы кейiнге қалдырылмаса, сот үкімі заңды күшiне енген кезден бастап есептеледi.
2. Бас бостандығынан айыруға қосымша жаза ретiнде белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жаза қолдану кезiнде ол жазаның аталған негiзгi түрлерiн өтеудiң бүкiл уақытына қолданылады, бiрақ бұл орайда оның мерзiмi оларды өтеу кезiнен бастап есептеледi.