2009.10.07 № 180-IV ҚР Заңымен 134-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
134-бап. Су айдындары жағалауынан су қорғау аймақтары мен белдеулерiне жер бөлiп шығару
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Жергiлiктi атқарушы органдар өзендер, көлдер, су қоймалары, каналдар, iшкi сулар, мұздықтар, батпақтар жағалауынан су қорғау аймақтары мен белдеулерiне жер учаскелерiн бөледi.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік орман қоры жерлерінде су қорғау аймақтары мен су объектілерінің жағалаулары бойынша белдеулер үшін жер учаскелері берілмейді.
2. Су қорғау аймақтары мен белдеулерiне енгiзiлген жер учаскелерiн пайдалану Қазақстан Республикасының су заңдарының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
2009.04.07 № 166-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 135-бап өзгертілді
135-бап. Су қоры жерiнiң құрамынан жер учаскелерiн беру
Жергiлiктi атқарушы органдар су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша жеке және заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығының, орман, балық, аңшылық шаруашылықтарының қажеттерi, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін орналастыру үшiн және жер учаскесiнiң негiзгi нысаналы мақсатына қайшы келмейтiн басқа да мақсаттар үшiн уақытша жер пайдалануға ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік орман қорының жері құрамына кіретін су объектілерін қоспағанда, су қоры жерiнiң құрамынан жер учаскелерiн беруi мүмкiн.
136-бап. Су қорының жерiн пайдалану тәртібі
Су қорының жерiн пайдалану осы Кодексте және Қазақстан Республикасының су заңдарында белгiленген тәртiппен және жағдайларда жүзеге асырылады.
2009.10.07 № 180-IV ҚР Заңымен 136-1-баппен толықтырылды
136-1-бап. Су қорының жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру тәртібі
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік орман қоры жерінің құрамына кіретін су объектілерін қоспағанда, су қорының жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру су объектісінің мөлшері табиғи немесе жасанды түрде жойылып немесе азайып кеткен және су қорының жерлері мемлекет мұқтажы үшін алып қойылған жағдайларда жүргізіледі.
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік орман қоры жерінің құрамына кіретін су объектілерін қоспағанда, су қорының жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру туралы шешімді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы қабылдайды.
Су қорының жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру немесе су қорының жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстырудан бас тарту туралы шешім облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы жергілікті өкілді орган депутаттарының, қоршаған ортаны қорғау, су қорын пайдалану және сақтау саласындағы уәкілетті органдардың аумақтық бөлімшелері, жер ресурстары басқармасы өкілдерінің арасынан құрылатын арнаулы комиссияның қорытындысы негізінде қабылданады.
16-тарау. Босалқы жер
137-бап. Босалқы жер құрамы
1. Меншiкке немесе жер пайдалануға берiлмеген, аудандық атқарушы органдардың қарамағындағы барлық жер босалқы жер болып табылады.
2. Ядролық қару сынақтары жүргiзiлген жер учаскелерi Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмiмен босалқы жер құрамына ауыстырылады. Аталған жердiң құқықтық режимi осы Кодекстiң 143-бабына сәйкес айқындалады.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 138-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 138-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
138-бап. Босалқы жерді беру
Босалқы жер ауыл шаруашылығының, жекеше орман өсірудің, өнеркәсіптің мұқтажы және өзге де мақсаттар үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен және жағдайларда меншікке немесе жер пайдалануға беріледі. Босалқы жерді басқа санаттарға ауыстыру оны меншікке немесе жер пайдалануға берумен бір мезгілде жүргізіледі.
4-бөлiм. Жерді қорғау, мемлекеттік бақылау, жерге орналастыру, мониторинг және жер кадастры
17-тарау. Жерді қорғау
139-бап. Жердi қорғаудың мақсаттары мен мiндеттерi
1. Жердi қорғау қоршаған ортаның бiр бөлiгi ретiнде жердi қорғауға, жердi ұтымды пайдалануға, жердi ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығы айналымынан негiзсiз алып қоюды болдырмауға, сондай-ақ топырақтың құнарлылығын қалпына келтiру мен арттыруға бағытталған құқықтық, ұйымдық, экономикалық, технологиялық және басқа да iс-шаралар жүйесiн қамтиды.
2. Жердi қорғау мақсаттары:
1) өндiрiстiң экологиялық қауiпсiз технологияларын ынталандыру және орман мелиорациялық, мелиорациялық және басқа да iс-шараларды жүргiзу арқылы жердiң тозуы мен бүлiнуiн, шаруашылық қызметтiң басқа да қолайсыз зардаптарын болдырмау;
2) тозған немесе бүлiнген жердi жақсарту мен қалпына келтiрудi қамтамасыз ету;
3) жердi оңтайлы пайдаланудың экологиялық нормативтерiн тәжiрибеге енгізу болып табылады.
140-бап. Жердi қорғау
1. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар:
1) жердi құнарсызданудан және шөлейттенуден, су және жел эрозиясынан, селден, су басудан, батпақтанудан, қайталап сортаңданудан, құрғап кетуден, тапталудан, өндiрiс пен тұтыну қалдықтарымен, химиялық, биологиялық, радиоактивтi және басқа да зиянды заттармен ластанудан, басқа да бүлiну процестерiнен қорғауға;
2) ауыл шаруашылығы жерiн карантиндiк зиянкестер мен өсiмдiк ауруларын жұқтырудан, арамшөп, бұта мен шiлiк басып кетуден, жердiң жай-күйi нашарлауының өзге де түрлерiнен қорғауға;
3) бүлiнген жердi жаңғыртуға, оның құнарлылығын және жердiң басқа да пайдалы қасиеттерiн қалпына келтiру мен оны шаруашылық айналымына уақтылы тартуға;
4) жердiң бүлiнуiмен байланысты жұмыстар жүргiзiлген кезде топырақтың құнарлы қабатын сыдырып алуға, сақтауға және пайдалануға бағытталған iс-шаралар жүргiзуге мiндеттi.
2. Жердiң тозуын болдырмау, топырақтың құнарлылығын және ластанған аумақтарды қалпына келтiру мақсатында, сондай-ақ ауыл шаруашылығының тозған алқаптарының, химиялық, биологиялық, радиоактивтi және басқа да зиянды заттардың жол берiлетiн шектегi қоспаларының және жол берiлетiн шектегi әсер деңгейiнiң белгiленген нормативтерiнен артық ластанған, өндiрiс және тұтыну қалдықтарымен, ақаба сулармен ластанған жердiң, сондай-ақ карантиндiк зиянкестер мен өсiмдiк аурулары жұққан жердiң топырақ құнарлылығын қалпына келтiру мүмкiн болмаған жағдайларда Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейтiн тәртiппен жердi сақтап қою көзделедi.
3. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың жердi ұтымды пайдалану мен қорғауға мүдделiлiгiн арттыру мақсатында бюджет заңдарында және салық туралы заңдарда белгiленген тәртiппен жердi қорғау мен пайдалануға экономикалық ынталандыру жүзеге асырылуы мүмкiн.
141-бап. Топырақта зиянды заттардың жол берiлетiн шектегi қоспаларының нормативтерi
1. Топырақты ластайтын зиянды заттардың, зиянды микроорганизмдердiң және басқа да биологиялық заттардың жол берiлетiн шектегi қоспаларының нормативтерi топырақтың жай-күйiн адам денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау мүдделерiне сай бағалау үшiн белгiленедi.
2. Аталған нормативтер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленетiн тәртiппен бекітіледi.
142-бап. Жердiң жай-күйiне әсер ететiн үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) және басқа да объектiлердi жобалау мен пайдалануға беруге қойылатын экологиялық, санитарлық-гигиеналық және өзге де арнайы талаптар
1. Жердiң жай-күйiне керi әсер ететiн жаңа және қайта жаңғыртылатын үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) әрi басқа да объектiлердi орналастыру, жобалау және пайдалануға беру, жаңа техника мен технологияларды енгізу кезiнде жердi қорғау жөнiнде iс-шаралар көзделуге және жүзеге асырылуға, экологиялық, санитарлық-гигиеналық және басқа да арнайы талаптардың (нормалардың, ережелердiң, нормативтердiң) сақталуы қамтамасыз етiлуге тиiс.
2. Жердiң жай-күйiне керi әсердi бағалау және оларды қорғау жөнiнде көзделген iс-шаралардың тиiмдiлiгi мемлекеттік экологиялық сараптаманың, өзге де мемлекеттік сараптамалардың нәтижелерi бойынша жүргiзiледi, олардың оң қорытындысы болмайынша жаңа техника мен технологияларды енгізуге, жердi мелиорациялау бағдарламаларын жүзеге асыруға, үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) және басқа да объектiлер салуды (қайта жаңғыртуды) қаржыландыруға тыйым салынады.
143-бап. Радиоактивтi ластануға ұшыраған және ядролық қару сынақтары өткiзiлген жер
1. Нормативтен артық радиоактивтi ластануға ұшыраған немесе тұрғын халықтың өмiрi мен денсаулығына өзге де түрде қатер төндiретiн жер учаскелерi меншiкке, тұрақты немесе уақытша жер пайдалануға берiлмейдi.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген санитарлық талаптар мен нормативтерге сәйкес өнiм алу қамтамасыз етiлмейтiн, радиоактивтi ластануға ұшыраған жер учаскелерi ауыл шаруашылығы айналымынан алынады және сақтап қоюға жатады. Бұл жерде ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiруге және оны өткiзуге тыйым салынады.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі ядролық қару сынақтары өткiзiлген жер учаскелерiн ядролық қару сынағының зардаптарын жою жөніндегі барлық iс-шаралар аяқталғаннан және кешендi экологиялық тексеру жүргiзiлгеннен кейiн ғана, мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болғанда меншiкке немесе жер пайдалануға беруi мүмкiн.
4. Аталған аумақтарда ядролық қару сынақтарының зардаптарын жою жөніндегі iс-шаралар қоршаған ортаны қорғау жөніндегі, жер ресурстарын қорғау мен ұтымды пайдалану жөніндегі республикалық және облыстық бағдарламаларда және басқа да арнаулы бағдарламаларда көзделедi.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара )
5. Радиоактивтi ластануға ұшыраған жердi мәжбүрлеп иеліктен шығару мен қорғау тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.
18-тарау. Жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау
144-бап. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылаудың мiндеттерi
Мемлекеттік бақылаудың мiндеттерi мемлекеттік органдардың, жеке, заңды тұлғалардың және лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасы жер заңдарының сақталуын, Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуын анықтауды және жоюды, азаматтар мен заңды тұлғалардың бұзылған құқықтарын қалпына келтiрудi, жер учаскелерiн пайдалану ережелерiнiң сақталуын, жер кадастры мен жерге орналастыру iсiнiң дұрыс жүргiзiлуiн және жердi ұтымды пайдалану мен қорғау жөніндегі iс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етуден тұрады.
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 145-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
145-бап. Жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды ұйымдастыру және оны жүзеге асыру тәртібi
2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды орталық уәкілетті орган мен оның аумақтық органдары, сондай-ақ өзге де уәкілетті органдар өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.
2. Жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдар мыналар:
қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган;
санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органдары;
сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган;
ауыл, орман, аңшылық және балық шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, су ресурстарын пайдалану мен қорғау саласындағы уәкілетті орган;
жер қойнауын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті орган болып табылады.
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
Мемлекеттік бақылау жерге түгендеу жүргізу, зерттеп-қарау, жерді пайдаланумен байланысты схемалар мен жобаларды әзірлеу, жердің мемлекеттік кадастрын және мониторингін жүргізу кезінде де жүзеге асырылады.
Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Кодекске сәйкес жүзеге асырылады.
2007.09.01. № 213-III ҚР Заңымен 4 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. 2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5. Тексеру арқылы мемлекеттік бақылау жер учаскелерінің меншік иелерінің, жерді пайдаланушылардың қатысуымен, ал олар бас тартқан жағдайда олардың қатысуынсыз жүргізіледі, бұл туралы тексеру нәтижелері бойынша жасалған құжаттарда тиісті белгі жасалады.
Анықталған жер заңнамасын бұзушылықтар бұл жұмыстарды жүргізген мамандар қол қоятын далалық тексеру сызбасы қоса берілетін актімен ресімделеді және ол осы мәселені қарау құзыретіне жататын органға беріледі.
Уәкілетті органдар анықталған жер заңнамасын бұзушылықтарды Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен өз функцияларына сәйкес қарайды.
6. Жерді пайдалану және қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың әкімшілік жаза қолдану туралы шешіміне осы Кодекстің 148-бабының 3-тармағына сәйкес шағым жасауға болады.
7. Жерді пайдалану және қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлар Қазақстан Республикасының жер заңнамасын бұзушылықтардың іс жүзінде жойылуын, сондай-ақ жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды тұлғалардың нұсқаулары мен ұйғарымдарын жер учаскелерінің меншік иелерінің және жер пайдаланушылардың орындауын бақылауды жүзеге асырады.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды
8. Жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың уәкілетті органдары жыл сайын облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жер ресурстарын басқару жөніндегі тиісті аумақтық органдарына ағымдағы жылы жер учаскелері берілген жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың тізбесін және мұндай жер учаскелерінің орналасқан жерін көрсете отырып жер-кадастр картасын табыс етеді, сондай-ақ ай сайын жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың тізбесінде болған өзгерістер туралы мәліметтерді табыс етеді.
146-бап. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар
1. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға:
1) Қазақстан Республикасының Жердi пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы;
2) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң жердi пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторлары;
3) жердi пайдалану мен қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлар жатады.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауға жетекшiлiктi Қазақстан Республикасының Жердi пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы жүзеге асырады.
Орталық уәкiлеттi органның басшысы Қазақстан Республикасының Жердi пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы болып табылады.
Жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық органдардың басшылары және олардың орынбасарлары тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң жердi пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторлары болып табылады.
Жердi пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторларда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген және өзiнiң атауы бар құжаттардың бланкiлерi болады.
Жердi пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторларға және мемлекеттік инспекторларға белгiленген тәртiппен мөр мен куәлiк берiледi.
Жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды тікелей жүзеге асыратын орталық уәкілетті органның және оның аумақтық органдарының өзге де лауазымды адамдары жер пайдалану және оны қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлар болып табылады.
3. Жердi пайдалану мен қорғау мәселелерi жөніндегі мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органның өз құзыретi шегіндегі нұсқаулары барлық мемлекеттік органдар, жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар үшiн міндетті.
147-бап. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органның функциялары
1. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын орган:
1) мемлекеттік органдардың, кәсiпорындардың, мекемелердiң, ұйымдар мен азаматтардың Қазақстан Республикасының жер заңдарын, жер учаскелерiн нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланудың белгiленген режимiн сақтауына;
2) жер учаскелерiн өз бетiнше иеленiп алуға жол бермеуге;
3) жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың құқықтарының сақталуына;
4) жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың топырақтың құнарлылығын қалпына келтiру және сақтау жөніндегі ұйымдастыру-шаруашылық, агротехникалық, орман мелиорациялық және эрозияға қарсы гидротехникалық iс-шаралар кешенiн уақтылы және дұрыс жүргiзуiне;
5) жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың өздерiнде жердiң бар-жоғы, олардың жай-күйi мен пайдаланылуы туралы мәлiметтердi мемлекеттік органдарға уақтылы беруiне;
6) жердiң жай-күйiне әсер ететiн тұрғын жай және өндiрiстiк объектiлердiң жобалануына, орналастырылуы мен салынуына;
7) жердi жақсарту жөніндегі, топырақ эрозиясының, тұздану, батпақтану, су басу, шөлейттену, құрғақтану, тығыздалу, қоқыстану, ластану және жердiң тозуын туғызатын басқа да процестердiң салдарларын болдырмау мен жою жөніндегі iс-шаралардың уақтылы және сапалы орындалуына;
8) азаматтардың өздерiне жер учаскелерiн беру туралы арыздарын (өтiнiштерiн) қараудың белгiленген мерзiмдерiнiң сақталуына;
9) межелiк белгiлердiң сақталуына;
10) жергiлiктi атқарушы органдар уақытша жер пайдалануға берген жердiң уақтылы қайтарылуына;
11) бүлiнген жердiң жаңғыртылуына;
12) жердiң бүлiнуiне байланысты жұмыстар жүргiзiлген кезде топырақтың құнарлы қабатының сыдырып алынуына, сақталуына және пайдаланылуына;
13) жердi пайдалану мен қорғау жөніндегі жерге орналастыру жобаларының және басқа да жобалардың жүзеге асырылуына;
14) жергiлiктi атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының жер заңдары саласындағы қабылдаған шешiмдерiнiң заңдылығына мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады және жүргiзедi.
2. Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органның функцияларына Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де мәселелер кiредi.
2010.19.03 № 258-IV ҚР Заңымен 148-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
148-бап. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдар лауазымды адамдарының құқықтары мен мiндеттерi
1. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың:
1) кiнәлiлердi жауапқа тарту туралы мәселенi шешу үшiн Қазақстан Республикасының жер заңдарының бұзылуы туралы материалдарды тиiстi органдарға жiберуге;
2) Қазақстан Республикасы жер заңдарының бұзылуы туралы хаттамалар (актiлер) жасауға;
3) Қазақстан Республикасының жер заңдарын бұзғаны үшiн әкiмшiлiк жазалау туралы қаулылар шығаруға;
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара ); 2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
4) Қазақстан Республикасының жер заңнамасын бұзу салдарынан келтірілген шығынды өтеу туралы, өз мақсатында пайдаланылмай не Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылып жатқан жер учаскелерiн мәжбүрлеп алып қою туралы, жер учаскелерін беруге, мемлекет мүқтажы үшін алып қоюға, мәжбүрлеп иеліктен шығаруға байланысты құқыққа сыйымсыз шешімдердің күшін жою туралы, сондай-ақ жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдарының анықталған Қазақстан Республикасы жер заңнамасын бұзушылықтарды жою жөнінде берген нұсқамаларын осы нұсқама берілген тұлғалар нұсқамада көрсетілген мерзімде орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайда оларды орындау туралы және жеке, лауазымды және заңды тұлғалардан айыппұл өндіріп алу туралы істер бойынша сотқа талап-арыз дайындауға және беруге;
5) қызметтiк куәлiгiн көрсеткен жағдайда, ұйымдарға кедергiсiз кiруге, меншiктегi және пайдаланудағы жер учаскелерiн тексеруге, ал әскери, қорғаныс және басқа да арнаулы объектiлер алып жатқан жер учаскелерiн - оларға кiрудiң белгiленген режимiн ескере отырып, тексеруге;
6) жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушыларға жердi қорғау, Қазақстан Республикасы жер заңдарының бұзылуын жою мәселелерi бойынша орындалуға мiндеттi нұсқамалар беруге;
7) өнеркәсiптiк, азаматтық және басқа да құрылыстар, пайдалы қазба кен орындарын игеру, объектiлердi пайдалану, агротехникалық, орман мелиорациялық, геологиялық-барлау, iздестiру, геодезиялық және өзге де жұмыстар, егер олар Қазақстан Республикасының жер заңдарын, ерекше қорғалатын аумақтар жерiн пайдаланудың белгiленген режимiн бұза отырып жүзеге асырылса және топырақтың құнарлы қабатының жойылуына, ластануына, залалдануына немесе бүлiнуiне, эрозияның күшеюiне, тұздануға, батпақтануға және шектес аумақтарды қоса алғанда, топырақ құнарлылығын төмендететiн басқа да процестерге әкеп соғуы мүмкiн болса, сондай-ақ егер бұл жұмыстар экологиялық сараптамадан өтпеген не терiс қорытынды алған жобалар бойынша жүзеге асырылса, оларды тоқтата тұруға;
8) мемлекеттік органдардан жер қорының жай-күйi туралы статистикалық ақпаратты алуға;
2007.26.07. № 311-III ҚР Заңымен 9) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
9) жерге құқықты белгілейтін және сәйкестендіру құжаттары болмаған жағдайда тұрғын жай және өндiрiстiк объектiлердiң салынуын тоқтата тұруға құқығы бар.
2. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар:
1) Қазақстан Республикасының жер заңдарын бұзушыларға уақтылы шаралар қолдануға;
2) жүргiзiлетiн тексерулердiң материалдарын объективтi түрде дайындауға мiндеттi.
3. Жердi пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылау жасауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың әрекеттерiне (шешiмдерiне) және әрекеттiң жасалуына (шешiмдердiң қабылдануына) негiз болған ақпаратқа жоғары тұрған лауазымды адамға немесе сотқа шағым берiледi.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 4 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара )
4. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау жасауды жүзеге асыруға кедергi жасайтын лауазымды және жеке тұлғалар, жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға қатысты күш жұмсау қаупін төндіретiн немесе күш жұмсау әрекеттерiн қолданатын лауазымды және жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
19-тарау. Жерге орналастыру, мемлекеттік жер кадастры және жер мониторингі
149-бап. Жерге орналастырудың мақсаты мен мазмұны
1. Жерге орналастыру жер қатынастарын реттеуге, жердi ұтымды пайдалану мен қорғауды ұйымдастыруға бағытталған Қазақстан Республикасы жер заңдарының сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі iс-шаралар жүйесi болып табылады.
2. Жерге орналастыру меншiк нысанына тиесiлiлiгiне және оларда шаруашылық жүргiзу нысанына қарамастан, барлық санаттағы жерде жүргiзiледi.
Жерге орналастыру жөніндегі жұмыстарды жүргiзу нәтижесiнде белгiленген, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен қаралған және бекітілген жердiң нысаналы мақсаты, жердi пайдалану мен оны қорғау режимi, шектеулер мен ауыртпалықтар, жер учаскелерiнiң шекарасы, жердiң сапасы мен мөлшерi туралы деректер және басқа да деректер жер құқығы қатынастары субъектiлерiнiң орындауы үшiн мiндеттi болып табылады.
3. Жерге орналастыру:
1) ландшафтық-экологиялық көзқарас негiзiнде жерге орналастырудың, жердi аймақтарға бөлудiң республикалық, облыстық және аймақтық схемаларын (жобаларын) және жер ресурстарын пайдалану, жақсарту және қорғау бағдарламаларын әзiрлеудi;
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
2) қолданыстағы жер пайдалануды қалыптастыру және ретке келтiру жөніндегі шаруашылықаралық жерге орналастыру жобаларын жасауды, белгiлi бiр жерде жер учаскелерiн бөлiп беру мен шекарасын белгiлеудi
3) белгiлi бiр жерде елдi мекендердiң шекарасын (шегiн) анықтау мен белгiлеудi, олардың жер-шаруашылық орналастыру жобаларын жасауды;
4) белгiлi бiр жерде әкiмшiлiк-аумақтық құрылымдардың, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың және жердi пайдалану мен қорғаудың ерекше шарттары бар басқа да жер учаскелерiнiң шекарасын белгiлеудi;