3. Бастамашылық экологиялық аудиттің есебі құпия болып табылады. Бастамашыл экологиялық аудиттің есебіндегі мәліметтерді жария ету құқығына аудиттелетін субъект ғана ие болады.
86-бап. Міндетті экологиялық аудит есебін қарау тәртібi
1. Міндетті экологиялық аудиттің нәтижелері бойынша экологиялық аудиторлық есепті экологиялық аудитор немесе экологиялық аудиторлық ұйым бір мезгілде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға және аудиттелетін субъектінің басшысына жібереді.
2. Міндетті экологиялық аудиттің нәтижелерін аудиттелетін субъект Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының талаптарын сақтау, қоршаған ортаға қызметтің теріс салдарларын азайту және қоршаған ортаға залал келтірудің алдын алу, экологиялық есептіліктің дұрыстығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдау үшін пайдаланады.
3. Міндетті экологиялық аудит барысында аудиттелетін субъектілердің экологиялық есептілігінде дұрыс емес фактілер анықталған жағдайда, аудиттелетін субъект экологиялық аудиторлық есепті алған күннен бастап бір айдан кешіктірмей өзінің есептілігін экологиялық аудит ұсынымдарына сәйкес келтіруге, Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын сақтау жөніндегі өзге де шараларды қолдануға және бұл туралы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органды хабардар етуге тиіс.
4. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган міндетті экологиялық аудиттің нәтижелері бойынша экологиялық аудиторлық есепті алған күннен бастап бір ай мерзімде оны қарауға міндетті.
5. Міндетті экологиялық аудиттің нәтижелерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган аудиттелетін субъектінің экологиялық талаптарды және қоршаған орта сапасының нормативтерін сақтауы туралы дұрыс ақпарат алу үшін пайдаланады.
6. Міндетті экологиялық аудиттің экологиялық аудиторлық есебін қараудың нәтижелері бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган:
1) аудиттелетін субъектінің қызметін тоқтата тұру туралы талап қою арқылы сотқа жүгінуге;
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
2) экологиялық рұқсат талаптарына өзгерістер енгізуге немесе табиғи ресурстарды пайдалану және алып қою, қоршаған ортаға эмиссияларға рұқс шарттарының (келісімшарттардың) және табиғат пайдалануға өзге де рұқсаттардың талаптарын өзгерту туралы ұсыныспен арнайы уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгінуге;
3) өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасына өзгерістер енгізу ұсынымдарын беруге құқылы.
7. Міндетті экологиялық аудиттің экологиялық аудиторлық есебі бойынша туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шешіледі.
2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен 87-бап жаңа редакцияда (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
87-бап. Экологиялық аудитор
1. Аудиттелетін субъектілердің шаруашылық және өзге де қызметін экологиялық тәуекелдерді анықтауға, бағалауға және олардың қызметінің экологиялық қауіпсіздік деңгейін арттыру жөнінде ұсынымдар әзірлеуге бағытталған тәуелсіз тексеруді жүзеге асыратын жеке тұлға экологиялық аудитор болып табылады. I санаттағы аудиттелетін субъектілердің шаруашылық және өзге де қызметін осы Кодекстің 40-бабына сәйкес тексеру қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындау мен қызметтер көрсетуге арналған лицензияның негізінде жүзеге асырылады.
2. Экологиялық аудитор экологиялық аудиторлық қызметтi дара кәсiпкер немесе экологиялық аудиторлық ұйымның қызметкерi ретiнде жүзеге асыруға құқылы.
88-бап. Экологиялық аудиторлық ұйым
2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Экологиялық аудиторлық ұйым жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, аудиттелетін субъектілер қызметінің экологиялық қауіпсіздігін анықтау мен бағалауға бағытталған, олардың шаруашылық және өзге де қызметін тәуелсіз тексеруді жүзеге асыратын коммерциялық ұйым болып табылады.
I санаттағы аудиттелетін субъектілердің шаруашылық және өзге де қызметін осы Кодекстің 40-бабына сәйкес тексеру қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындау мен қызметтер көрсетуге арналған лицензияның негізінде жүзеге асырылады.
2. Шетелдік экологиялық аудиторлық ұйымдар Қазақстан Республикасында экологиялық аудиторлық қызметті тиісті экологиялық аудиторлық ұйымдарды - Қазақстан Республикасының резиденттерін құрған кезде ғана жүзеге асыра алады.
3. Экологиялық аудиторлық ұйымның құрамындағы экологиялық аудиторлардың саны үш адамнан кем болмауға тиіс.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 89-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
89-бап. Экологиялық аудиторлар палатасы
1. Экологиялық аудиторлар палатасы экологиялық аудиторлардың және мемлекеттік органдарда экологиялық аудиторлық ұйымдардың құқықтарын қорғау және заңды мүдделерін білдіру үшін құрылады.
Экологиялық аудиторлар палатасы өз мүшелерінің жалпы жиналысында бекітілетін жарғысының негізінде әрекет ететін және мүшелік жарналар есебінен және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздерден қаржыландырылатын коммерциялық емес, тәуелсіз, кәсіптік және өзін-өзі басқаратын ұйым болып табылады.
2. Экологиялық аудиторлар палатасының негізгі міндеттері:
1) экологиялық аудиторлардың қызметін материалдық-техникалық, анықтамалық-ақпараттық және әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету;
2) экологиялық аудиторлық қызметтің жүзеге асырылуына кәсіби бақылауды ұйымдастыру болып табылады.
3. Экологиялық аудиторлар палатасы экологиялық аудиторлар мен экологиялық аудиторлық ұйымдардың қызметін реттейді, халықаралық тәжірибе негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес экологиялық аудит стандарттарын әзірлейді.
4. Экологиялық аудиторлық ұйымдардың экологиялық аудиторлар палатасына мүшелігі міндетті болып табылады. Экологиялық аудиторлар экологиялық аудиторлық қызметті дара кәсіпкер ретінде жүзеге асырған жағдайда олар мүшелікке қабылданады.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындауға және қызметтер көрсетуге арналған лицензиясы болған кезде экологиялық аудиторлар палатасына қабылдаудан бас тартуға болмайды.
5. Экологиялық аудиторлар палатасынан шығару:
1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындауға және қызметтер көрсетуге арналған лицензиядан айырылған немесе оның қолданысы тоқтатылған;
2) экологиялық аудитор немесе экологиялық аудиторлық ұйым Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының талаптарын және нормаларын өрескел не бірнеше рет бұзған;
3) экологиялық аудитор немесе экологиялық аудиторлық ұйым біліктілігінің жеткіліксіздігі салдарынан өздерінің кәсіби міндеттерін орындай алмайтыны анықталған жағдайларда;
4) экологиялық аудиторлар палатасының құрылтай құжаттарында көзделген өзге де жағдайларда жүргізіледі.
6. Экологиялық аудиторды немесе экологиялық аудиторлық ұйымды осы баптың 5-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша шығару қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның талап-арызы бойынша сот тәртібімен жүзеге асырылатын, экологиялық аудиторлық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданылуын тоқтатуға әкеп соғады.
90-бап. Экологиялық аудиторлардың және экологиялық аудиторлық ұйымдардың құқықтары
Экологиялық аудиторлар мен экологиялық аудиторлық ұйымдар:
1) экологиялық аудитті жүргізудің әдістерін дербес айқындауға;
2) экологиялық аудитті жүргізуге арналған шарттың талаптарын орындау үшін қажетті құжаттаманы алуға және тексеруге;
3) экологиялық аудитті жүргізуге қатысуға осы Кодекстің 92-бабында көрсетілген адамдардан басқа әртүрлі кәсіп мамандарын шарттық негізде тартуға;
4) аудиттелетін субъект экологиялық аудитті жүргізуге арналған шарттың талаптарын бұзған жағдайда, экологиялық аудитті жүргізуден не экологиялық аудиторлық есепті беруден бас тартуға құқылы.
91-бап. Экологиялық аудиторлардың және экологиялық аудиторлық ұйымдардың міндеттерi
Экологиялық аудиторлар мен экологиялық аудиторлық ұйымдар:
1) осы Кодекстің 92-бабында көрсетілген мән-жайлардың салдарынан экологиялық аудитті жүргізудің мүмкін еместігі жөнінде хабарлауға;
2) аудиттелетін субъектіден алынған, сондай-ақ экологиялық аудитті жүргізу процесінде жасалған құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге;
3) аудиттелетін субъектіге экологиялық аудит нәтижесінде құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сай келмеуінің анықталғаны туралы хабарлауға;
4) экологиялық аудиторлық есептердің, сондай-ақ экологиялық аудитті жүргізу кезінде алынған және коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын мәліметтердің құпиялылығын сақтауға;
5) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға міндетті экологиялық аудит нәтижесінде анықталған Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының бұзылуы жөнінде хабарлауға;
6) экологиялық аудитті жүргізуге арналған шарт бойынша міндеттемелерден туындайтын өзге де талаптарды орындауға міндетті.
92-бап. Экологиялық аудитті жүргізу құқығын шектеу
Экологиялық аудиторлық ұйымның немесе экологиялық аудитордың:
1) осы экологиялық аудиторлық ұйым немесе экологиялық аудитор өзінің қатысушысы, кредиторы болып табылатын тапсырыс берушілерге;
2) орындаушылары аудиттелетін субъектімен еңбек қатынастарында тұратын немесе оның лауазымды адамдарының, сондай-ақ аудиттелетін субъекті акцияларының он және одан да көп процентін (немесе жарғылық капиталға қатысу үлесін) иеленген акционердің (қатысушының) жақын туыстары немесе жекжаттары болып табылатын жағдайда;
3) орындаушыларының аудиттелетін субъектіде жеке мүліктік мүдделері бар болса;
4) егер, экологиялық аудит жүргізу жөніндегі міндеттемелерді қоспағанда, экологиялық аудиторлық ұйымның немесе экологиялық аудитордың аудиттелетін субъекті алдында немесе аудиттелетін субъектінің олардың алдында ақшалай міндеттемелері болса, экологиялық аудит жүргізуіне тыйым салынады.
93-бап. Аудиттелетін субъектінің құқықтары мен міндеттерi
1. Аудиттелетін субъект:
1) экологиялық аудиторды немесе экологиялық аудиторлық ұйымды таңдау туралы шешімді дербес қабылдауға;
2) экологиялық аудитордан немесе экологиялық аудиторлық ұйымнан экологиялық аудитті жүргізуге қатысты Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары туралы егжей-тегжейлі ақпарат алуға;
3) экологиялық аудитордың немесе экологиялық аудиторлық ұйымның ескертпелері мен қорытындыларына негіз болған нормативтік құқықтық актілермен танысуға;
4) экологиялық аудитордан немесе экологиялық аудиторлық ұйымнан экологиялық есептіліктің және өзге де құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкессіздігі анықталған жайлар туралы ұсыныстар, ақпарат алуға;
5) экологиялық аудитор немесе экологиялық аудиторлық ұйым экологиялық аудитті жүргізу шартының талаптарын бұзған жағдайда олардың қызмет көрсетуінен бас тартуға құқылы.
2. Аудиттелетін субъект:
1) міндетті экологиялық аудиттің жүргізілуін ұйымдастыруға;
2) экологиялық аудитті уақтылы әрі сапалы жүргізу үшін экологиялық аудиторға немесе экологиялық аудиторлық ұйымға жағдай жасауға;
3) экологиялық аудитті жүргізу үшін экологиялық аудиторға немесе экологиялық аудиторлық ұйымға қажетті толық әрі дұрыс құжаттаманы және өзге де ақпаратты ұсынуға, ауызша немесе жазбаша түрде түсініктемелер беруге;
4) қоршаған ортаға әсер ету туралы дұрыс есептілікті және экологиялық аудитті жүргізуге қажетті өзге де құжаттарды табыс етуге;
5) егер экологиялық аудитті жүргізу шартында өзгеше көзделмесе, экологиялық аудитордың немесе экологиялық аудиторлық ұйымның қызметін шектемеуге;
6) экологиялық аудитордың немесе экологиялық аудиторлық ұйымның талабы бойынша қажетті ақпарат алу үшін өз атынан үшінші тұлғаларға жазбаша сауал жіберуге;
7) экологиялық аудиторлардың немесе экологиялық аудиторлық ұйымның қызметтер көрсетуіне ақы төленуін қамтамасыз етуге;
8) экологиялық аудитті жүргізу шарты бойынша міндеттемелерден туындайтын өзге де талаптарды орындауға міндетті.
94-бап. Экологиялық менеджмент жүйелерінің аудитi
1. Экологиялық менеджмент жүйелерінің аудиті бастамашылық аудит болып табылады.
2. Экологиялық менеджмент жүйелері аудитінің нәтижелері бойынша жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес қоршаған ортаны қорғауды басқарудың енгізілген жүйесінің халықаралық стандарттарға сәйкестігін растайтын құжатты ала алады.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен кодекс 9-1-тараумен толықтырылды
9-1-тарау. Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулері саласындағы мемлекеттік реттеу
94-1-бап. Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулері саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі ережелері
Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулері саласында мемлекеттік реттеу:
1) табиғат пайдаланушыларға парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлуді;
2) парниктік газдар шығарындыларын азайту мен сіңірулерінің нарықтық тетіктерін белгілеуді;
3) табиғат пайдаланушыларды әкімшілендіруді қамтиды.
94-2-бап. Парниктік газдар шығарындыларына квоталар
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
1. Қызметін экономиканың мұнай-газ, энергетика, тау-кен металлургиясы, химия салаларында, ауыл шаруашылығында және көлікте жүзеге асыратын табиғат пайдаланушылардың парниктік газдар шығарындыларын жылына көміртегі қостотығының жиырма мың тоннасына тең келетін мөлшерден асатын парниктік газдар шығарындыларына квоталар алмай қызметті жүзеге асыруына тыйым салынады.
2. Парниктік газдар шығарындыларына квоталар Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарына сәйкес беріледі.
3. Табиғат пайдаланушы есепті кезең ішінде жұмыс істеп тұрған әрбір қондырғыға парниктік газдар шығарындыларының көлеміне квота алады.
4. Парниктік газдар шығарындыларына квота қондырғы паспортының деректері негізінде айқындалады және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган беретін парниктік газдар шығарындыларына сертификатта жазылады.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 5-тармақ 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
5. Табиғат пайдаланушыларға, осы баптың 7-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тиісті кезеңдегі парниктік газдар шығарындыларына сертификатта белгіленген квотадан асып түсуге тыйым салынады.
6. Табиғат пайдаланушылар есепті кезеңнен кейінгі жылдың 1 сәуіріне дейін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға есепті кезеңдегі парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерінің нақты көлемі туралы есепті, сондай-ақ сатып алынған және иеліктен шығарылған квоталар бірлігі, жобаларды іске асыру нәтижесінде алынған және берілген көміртегі бірліктері туралы мәліметтерді ұсынуға тиіс.
7. Парниктік газдар шығарындыларына квоталар белгіленген көлемнен асып түскен жағдайда табиғат пайдаланушы парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі өз міндеттемелерін парниктік газдар шығарындыларына квоталардың белгіленген көлемінің резерві бар басқа табиғат пайдаланушыдан сатып алған квоталар бірліктерімен және (немесе) жобаларды іске асыру нәтижесінде алынған көміртегі бірліктерімен өтеуге құқылы.
8. Егер табиғат пайдаланушыда парниктік газдар шығарындыларына квоталардың белгіленген көлемімен және парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі міндеттемелерімен салыстырғанда парниктік газдар шығарындыларына квоталар резерві бар болған жағдайда, ол квоталар бірліктерін басқа табиғат пайдаланушыларға сата алады.
Белгіленген көлеммен салыстырғанда өндірісті азайту есебінен алынған квоталар резерві сауда нысанасы болып табылмайды.
9. Табиғат пайдаланушылар парниктік газдар шығарындыларына квоталар алу және көміртегі бірліктерінің саудасына қатысу мақсатында қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға тәуелсіз аккредиттелген ұйым растаған мынадай құжаттарды ұсынуға міндетті:
1) есепті жыл үшін парниктік газдарды түгендеу туралы есеп;
2) қондырғы паспорты;
3) парниктік газдар шығарындыларын азайту бағдарламасы;
4) парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі жобаларды іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары.
94-3-бап. Парниктік газдар шығарындыларына арналған сертификат
1. Парниктік газдар шығарындыларына сертификат табиғат пайдаланушыға парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі өз міндеттемелерін орындау және көміртегі бірліктерінің саудасына қатысу мақсатында берілетін парниктік газдар шығарындыларының рұқсат етілген көлемін белгілейтін құжат болып табылады.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы Кодекстің 94-2-бабының 9-тармағында көзделген құжаттарды алған күннен бастап бір ай мерзімде қондырғыдан (қондырғылардан) не оның бөліктерінен шыққан парниктік газдар шығарындыларына құқық беретін сертификат береді.
Парниктік газдар шығарындыларына сертификат бір оператор басқаратын, сол бір өнеркәсіптік алаңдағы бір немесе бірнеше қондырғыға берілуі мүмкін.
3. Сертификат мынадай ақпаратты қамтиды:
1) қондырғы операторының атауы және мекенжайы;
2) қызмет түрлерінің сипаттамасы және парниктік газдар шығарындылары квоталарының көлемі;
3) қондырғыға қолданылатын мониторинг стандарты көрсетілген мониторингке қойылатын талаптар;
4) есептілікке қойылатын талаптарды, сондай-ақ сертификатты және осы қондырғының парниктік газдар шығарындыларының есепті жылдағы нақты көлемі туралы аккредиттелген тәуелсіз ұйым растаған есепті тапсыру мерзімі.
4. Парниктік газдар шығарындыларына сертификатты берген кезде көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде жазба жүргізіледі.
94-4-бап. Парниктік газдар шығарындыларына квоталарды өзгерту және парниктік газдар шығарындыларына арналған сертификатты қайта ресімдеу
1. Табиғат пайдаланушы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға есепті кезең ішінде қондырғылардың сипатында немесе жұмыс істеуінде жоспарланған өзгерістер болған немесе парниктік газдардың жаңа көздерін енгізген жағдайларда парниктік газдар шығарындыларына берілген квоталар көлемін қайта қарау үшін өтініш жасайды.
2. Қондырғының операторы ауысқан (заңды тұлға иеліктен шығарылған, қайта ұйымдастырылған, ұйымдық-құқықтық нысаны, атауы өзгерген) жағдайларда қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган растаушы құжаттар негізінде, өтініш беруші жүгінген кезден бастап бір ай мерзімде жаңа оператордың атауын және мекенжайын көрсете отырып, сертификатты қайта ресімдейді.
Сертификатта белгіленген міндеттемелер міндетті түрде жаңа операторға өтеді.
3. Таратылған заңды тұлғаның парниктік газдар шығарындыларына квотасы Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарындағы квоталар көлемінің резервіне өтеді.
4. Парниктік газдар шығарындыларына квоталарды өзгерту және парниктік газдар шығарындыларына сертификатты қайта ресімдеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
94-5-бап. Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспары
1. Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әзірлейді және оны Қазақстан Республикасының Үкіметі тиісті кезеңге бекітеді.
2. Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарында экономика салалары бойынша парниктік газдар шығарындыларына квоталардың жалпы көлемі және табиғат пайдаланушылар үшін квоталар көлемі белгіленеді.
3. Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспары Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлу қағидаларына сәйкес әзірленеді және табиғат пайдаланушылар қондырғылары паспорттарының деректеріне негізделеді.
4. Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспары Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын экономиканың басым секторларында жаңа қондырғылар пайдалануға берілген жағдайда шығарындыларға квота бөлу үшін қажетті квота көлемінің резервін құрайды.
Квоталар көлемінің резерві опцион шартымен сату үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысындағы ұйымға басқаруға беріледі.
94-6-бап. Табиғат пайдаланушыларды әкімшілендіру субъектілері
1. Табиғат пайдаланушыларды әкімшілендіру субъектілері (бұдан әрі - әкімшілендіру субъектілері) экономиканың мынадай салаларында: мұнай-газ, энергетика, тау-кен металлургиясы, химия салаларында, ауыл шаруашылығында, көлікте, сондай-ақ тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығында көлемі жылына көміртегі қостотығының жиырма мың тоннасына тең келетін мөлшерден аспайтын парниктік газдар шығарындыларымен байланысты қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар болып табылады.
2. Осы Кодекс нормаларының күші, осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлуді субъектілер жүзеге асыратын рәсімдер бөлігінде әкімшілендіру субъектілеріне қолданылмайды.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әкімшілендіру субъектілері шығарған парниктік газдар шығарындыларының мөлшерін бақылауды жүзеге асырады.
4. Әкімшілендіру субъектілерінің парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді іске асыруға қатысу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
94-7-бап. Парниктік газдар шығарындыларын азайту мен сіңірудің нарықтық тетігі
1. Парниктік газдар шығарындыларын азайту мен сіңірудің нарықтық тетігі:
1) парниктік газдар шығарындыларына квоталармен сауданы;
2) парниктік газдарды сіңіру, шығарындыларды сертификатталған азайту, шығарындыларды азайту, шығарындыларды ішкі азайту бірліктерінің саудасын;
3) парниктік газдар шығарындыларына шектеу және (немесе) азайтулар бар елдер және олардың заңды тұлғалары арасындағы белгіленген мөлшердегі бірліктердің халықаралық саудасын қамтиды.
2. Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді іске асыруға қатысатын заңды тұлғалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес биржалық саудаға қатысушылар парниктік газдар шығарындылары нарығының субъектілері болып табылады.
3. Көміртегі бірлігі тауар болып табылады.
4. Парниктік газдар сіңірулері, шығарындыларды сертификатталған азайту, шығарындыларды азайту, квоталар, шығарындыларды ішкі азайту бірліктерін екінші айналымда сату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалатын ұйымдастырылған тауар алаңдарында (биржаларда) жүргізіледі.
94-8-бап. Тәуелсіз ақпарат беруші
Тәуелсіз ақпарат берушілердің негізгі міндеті консультациялық қызмет көрсету, сондай-ақ табиғатты пайдаланушыларға парниктік газдар шығарындыларын басқару бойынша, оның ішінде парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді іске асыруға жәрдемдесу болып табылады.
94-9-бап. Көміртегі бірліктерінің саудасына қойылатын талаптар
1. Парниктік газдар шығарындыларына квоталардың сауда жүйесіне қатысушы квоталар бірліктері тек қана ішкі сауда нарығында басқа да елдердің белгіленген мөлшердегі есепке алу жүйесіне беру құқығынсыз айналымда болады. Квоталар бірліктері басқа да халықаралық биржалық алаңдарда оларға баға белгілеу мақсатында пайдаланылуы мүмкін.
Халықаралық шарттар екіжақты негізде қабылданған жағдайда, парниктік газдар шығарындыларының жыл сайынғы көлемінен аспайтын көлемдегі Қазақстан Республикасының көміртегі бірліктері белгіленген мөлшердегі есепке алу жүйесінен шығарылуы мүмкін.
2. Азайтудың сертификатталған бірліктері және шығарындыларды азайту бірліктері ішкі және халықаралық сауда мақсаттарында пайдаланылуы және белгіленген мөлшердегі мемлекеттік есепке алу жүйесінен басқа да елдердің есепке алу жүйесіне өтуімен қамтамасыз етілуі мүмкін.
94-10-бап. Парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі ішкі жобалар
1. Парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі ішкі жобаларды заңды тұлғалар өздерінің меншігі болып табылмайтын немесе өздерінің заңды пайдалануында жоқ және парниктік газдар шығарындыларын азайтуға бағытталған қондырғыларға қатысты ғана Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырады.
2. Парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі ішкі жобалар экономиканың мынадай салаларында:
1) тау-кен металлургиясында (шахталық метанды кәдеге жарату жобалары бөлігінде);
2) ауыл шаруашылығында;
3) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта;
4) орманды және далалы аумақтарды көгалдандыруда;
5) жердің тозуының алдын алуда;
6) жаңартылатын энергия көздерінде;
7) коммуналдық және өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеуде;
8) көлікте;
9) энергия тиімді жұмсалатын құрылыста іске асырылуы мүмкін.
3. Парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі ішкі жобаларды қарауға және мақұлдауға, есепке алуға, есептілік пен мониторингке дайындау қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
94-11-бап. Мониторинг рәсімі