30) аффилиирленген және өзге де тұлғаларға жер қойнауын пайдалану құқығын, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушының жарғылық капиталындағы қатысу үлесін немесе акциялар пакетін иеліктен шығару жөніндегі жасалған мәмілелер туралы мәміле жасалған күннен бастап бес күн мерзімде құзыретті органға хабарлауға;
31) осы Заңның 77-бабының 7-тармағында көрсетілген тұлғаларды қоспағанда, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер және оларды өндірушілер тізілімінде тіркелуге;
32) тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың жылдық бағдарламасына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу кезінде бес жұмыс күні ішінде құзыретті органға Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен нысандар бойынша және тәртіппен осы өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы ақпарат беруге;
33) құзыретті органның сұрау салуы бойынша ол белгілеген мерзімдерде жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттық міндеттемелерді орындауына қатысты мәліметтерді, ақпаратты және құжаттаманы ұсынуға;
34) ішкі құжаттаманы қоса алғанда, іс-қағаздарын жүргізуге, сондай-ақ қажет болған жағдайларда басқа тілдердегі аудармасын қоса бере отырып, жазбаша түрде жасалатын мәмілелерді қазақ және орыс тілдерінде жазуға міндетті.
2. Келісімшартта жер қойнауын пайдаланушының Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін басқа да міндеттері көзделуі мүмкін.
77-бап. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді иелену
1. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу, оның ішінде мердігерлердің иеленуі мынадай тәсілдердің бірімен:
1) ашық конкурс;
2) бір көзден иелену;
3) баға ұсыныстарын сұрату;
4) электрондық сатып алу жүйесі арқылы;
5) тауар биржалары арқылы жүзеге асырылады.
2. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді иелену тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
3-тармақ 2010 жылғы 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді
3. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді иелену жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімі міндетті түрде пайдаланылып немесе жер қойнауын пайдаланушының Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тәртіппен Интернет желісінің қазақстандық сегментінде орналастырылған, жұмысы жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер және оларды өндірушілер тізілімінің жұмысымен ілеспелі түрде жүргізілетін электрондық сатып алудың өзге де жүйелерін пайдалануы арқылы осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген тәсілдермен жүргізіледі.
4. Тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген тәсілдермен иелену кезінде сатып алуды жүргізу туралы хабарландыру, конкурстық өтінімдерді ашу, конкурсқа қатысуға жіберу, қорытындыларын шығару хаттамалары жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімінде міндетті түрде орналастырылуға, сатып алуды жүргізу туралы және олардың қорытындылары туралы хабарландырулар аптасына кемінде үш рет жарияланатын және Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде міндетті түрде жариялануға тиіс.
5. Жер қойнауын пайдаланушылар және олардың мердігерлері, сондай-ақ Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыруға жер қойнауын пайдаланушылар уәкілеттік берген тұлғалар тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді иеленумен байланысты рәсімдерді осы баптың 1-тармағында көрсетілген тәсілдердің кез келгенімен, Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыруға міндетті.
6. Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өткізілген конкурстың нәтижелері бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын немесе жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді иеленудің Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртібі бұзыла отырып сатып алынған тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді иелену жөніндегі шығыстар құзыретті орган келісімшарттық міндеттемелерді жер қойнауын пайдаланушының орындауы ретінде есепке алатын шығыстардан алып тасталады.
7. Осы баптың талаптары:
1) кең таралған пайдалы қазбаларды барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушыларға;
2) тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес иеленетін жер қойнауын пайдаланушыларға;
3) акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызын тікелей немесе жанама түрде ұлттық басқарушы холдинг иеленетін жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғаларға қолданылмайды.
78-бап. Қазақстандық өндірушілерді қолдау
1. Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушы, сондай-ақ оның мердігерлері тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді, олар жобалау құжатының және Қазақстан Республикасының техникалық ретттеу туралы заңнамасының талаптарына сай болған жағдайда, қазақстандық өндірушілерден осы Заңның талаптарына сәйкес сатып алуға міндетті.
2. Тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу жөніндегі конкурсты ұйымдастырушы конкурстың жеңімпазын анықтау кезінде конкурсқа қатысушылардың - қазақстандық өндірушілердің конкурстық өтінімінің бағасын жиырма пайызға шартты түрде азайтады.
2012.09.01. № 535-IV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Келісімшарттық міндеттемелерді жергілікті қамту бөлігінде орындауға қатысты, жер қойнауын пайдаланушының тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер сатып алуды жоспарлауы және жүргізуі, сондай-ақ қазақстандық мамандарды оқытуға арналған шығындар мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған шығыстар туралы ақпарат құпия болып табылмайды.
79-бап. Жоғары технологияларды, жаңа және өңдейтін өндірістерді, магистральдық және өзге де құбырларды дамыту мен пайдалану, инфрақұрылымдық және өзге де объектілерді тұрғызу мен бірлесіп пайдалану жөніндегі міндеттемелерді іске асыру
Жоғары технологияларды, жаңа және өңдейтін өндірістерді, магистральдық және өзге де құбырларды дамыту мен пайдалану, инфрақұрылымдық және өзге де объектілерді тұрғызу мен бірлесіп пайдалану жөніндегі міндеттемелерді жер қойнауын пайдаланушының іске асыруы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.
80-бап. Жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтатқан кездегі міндеттері
1. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтатқан кезде жер қойнауын пайдаланушының барлық өндірістік объектілері мен жер учаскелері халық өмірінің, денсаулығының қауіпсіздігін және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ететін жағдайға келтірілуге тиіс, ал жер қойнауын пайдаланушылар жұмысының зардаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жойылуға тиіс.
2. Барлауды немесе өндіруді, сондай-ақ барлаумен және (немесе) өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуды және (немесе) пайдалануды тоқтатқан кезде жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органға барлық құжаттарды және геологиялық ақпараттың өзге де материалдық жеткізгіштерін ақысыз беруге міндетті.
81-бап. Жер қойнауын пайдаланушының жабдық пен өзге де мүлікке меншігі
1. Егер осы Заңда өзгеше белгіленбесе, ақшаны, бағалы қағаздарды және өндірістік емес мүлікті қоспағанда, жер қойнауын пайдаланушы барлауды немесе өндіруді жүргізу үшін пайдаланатын жабдық пен өзге де мүлікке меншік құқықтарының ауысу мәселелері келісімшартта айқындалады.
2. Жабдыққа және өзге де мүлікке меншік құқығының Қазақстан Республикасына ауысуына қарамастан, келісімшарттың қолданылу мерзімі ішінде, сондай-ақ мұндай жабдықты және өзге де мүлікті құзыретті органның жазбаша хабарламасына сәйкес басқа тұлғаға беру жағдайларын қоспағанда, келісімшарттың қолданылу мерзімі өткен кезден бастап бір жыл ішінде не келісімшартта өзгеше белгіленген жағдайда, жер қойнауын пайдаланушыда мұндай жабдық пен өзге де мүлікті өз есебінен демонтаждау не келісімшарттық аумақтан әкету міндеті сақталады.
3. Жабдықтың және өзге де мүліктің тиесілігіне қарамастан, мұндай жабдық пен өзге де мүлікті демонтаждауды және келісімшарттық аумақтан әкетуді жер қойнауын пайдаланушы адам өміріне, денсаулығына және қоршаған ортаға қауіпсіз тәсілмен, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыруға тиіс.
8-тарау. МҰНАЙ ОПЕРАЦИЯЛАРЫ
82-бап. Мұнай операцияларын жүргізудің шарттары
1. Мұнай операцияларын жүзеге асырушы жер қойнауын пайдаланушы мұнай операцияларын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, сондай-ақ келісімшартта айқындалған тәртіппен және шарттарда жүргізуге міндетті.
2. Жер қойнауын пайдаланушы барлауды немесе өндіруді жүргізу кезінде кен орындарын игерудің оң тәжірибесін және бекітілген жобалау құжаттарының талаптарын басшылыққа алуғa міндетті.
3. Барлауды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушының кен орындарының қорларын сынамалы пайдалануды жүргізуге құқығы бар.
Сынамалы пайдалануды жүргізу талаптары мен мерзімін жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
4. Кен орнындағы мұнайдың қоры, сондай-ақ мұнайдың алыну деңгейі Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясында жер қойнауын мемлекеттік сараптауға және бекітуге жатады.
83-бап. Көмірсутек шикізаты кен орындарын барлау және сынамалы пайдалану
1. Барлау далалық геологиялық-геофизикалық зерттеулерді, құрылымдық бұрғылауды, іздеу және барлау ұңғымаларын бұрғылауды, байқаудан өткізу мен сынауды қамтиды. Барлау іздеу жұмыстарының бекітілген жобасы бойынша жүргізіледі, онда ұңғымалардың саны, орналасқан жері және бұрғылау мерзімі, олар шешетін міндеттер, қажетті зерттеулер кешені мен көлемі негізделеді.
2. Мұнай және газ-мұнай кен орындарындағы барлау процесінде осы Заңда белгіленген тәртіппен бекітілген сынамалы пайдалану жобасына сәйкес ұңғымаларды сынамалы пайдалану жүргізіледі.
3. Сынамалы пайдалануды сынамалы пайдалану жобасын белгіленген тәртіппен бекітпей, сондай-ақ сынамалы пайдалану жобасының талаптарын бұзып жүргізуге тыйым салынады.
84-бап. Көмірсутек шикізаты кен орындарын өнеркәсіптік игеру
1. Көмірсутектердің кен орны немесе шоғыры өнеркәсіптік игеру объектісі болып танылады, оны қабылданған игеру нұсқасына сәйкес пайдалану іске асырудың барлық мерзімінде рентабельді деп танылады.
2. Көмірсутектер кен орындарын игеруді жүргізу Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін, пайдалы қазбаларды барлау мен өндіру кезінде жер қойнауын ұтымды әрі кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
3. Егер:
1) мұнай кен орнын барлау бойынша - жұмыстар орындалған, қажет болған жағдайда шоғырларды сынамалы пайдалану немесе кен орнының ауқымды учаскелерін тәжірибелік-өнеркәсіптік игеру болса, ал газ кен орны бойынша кен орнын тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалану жүргізілген болса;
2) көмірсутектер қорларының және олардың құрамындағы басқа да ілеспе компоненттерінің мемлекеттік сараптамасы жүргізілген болса және қорлар пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік балансына алынған болса;
3) жоба өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті органмен келісілген болса;
4) өнеркәсіптік игеруге арналған жобалау құжаттары белгіленген тәртіппен бекітілген болса, көмірсутектердің кен орындарын (шоғырларын) өнеркәсіптік игеруге жол беріледі.
4. Кен орнын өнеркәсіптік игеру бекітілген тәжірибелік-өнеркәсіптік игеру жобасына, игерудің технологиялық схемасына және өнеркәсіптік игеру жобасына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Жер қойнауын пайдаланушылар көмірсутек шикізатының кен орындарын өнеркәсіптік игеруді жүзеге асыру кезінде геологиялық және маркшейдерлік бақылаулардың және тиісті құжаттаманың толық, жүйелі және сапалы жүргізілуін, оның сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
6. Өнеркәсіптік игеруді, тәжірибелік-өнеркәсіптік игеруді тиісті жобалау құжаттарын белгіленген тәртіппен бекітпей, сондай-ақ жобалау құжаттарының талаптарын бұзып жүргізуге тыйым салынады.
7. Өнеркәсіптік игерумен байланысты жұмыстарды жер қойнауының жай-күйіне мониторинг жүргізбей және кен орнын игеруге бақылау жасамай жүзеге асыруға тыйым салынады.
8. Табиғи газды өндіруге арналған келісімшартта табылған кен орнынан өндірілетін табиғи газды жеткізіп беру жөніндегі мәмілелер жасалғанға дейін табиғи газды өндіруді бастауды талап етуге құзыретті органның құқығы жоқ екені, ал жер қойнауын пайдаланушының өндіруді бастауға міндетті емес екені көзделуі мүмкін. Бұл ретте, егер келісімшартта өзгеше көзделмесе, келісімшарттың қолданылу мерзімі табылған табиғи газ кен орнынан өндірілетін табиғи газды жеткізіп беру жөніндегі тиісті мәмілелер жасалған кезге дейін үзіледі.
Егер жер қойнауын пайдаланушы табиғи газды жеткізіп беру жөніндегі мәмілелерді бір жыл ішінде жасаспаса, құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушының үшінші тұлғамен қисынды шарттар бойынша газ жеткізіп беруге, оның ішінде үшінші тұлға жер қойнауын пайдаланушымен мәміле жасасуға келіскен жағдайда, жеткізіліп берілетін газды отандық не шетелдік тұтынушыларға кейін қайта сату мақсатында шарт жасасуды талап етуге құқылы. Егер жер қойнауын пайдаланушы және құзыретті орган айқындаған мұндай үшінші тұлға осы мәселе бойынша келісімге келмеген жағдайда, олар бұл даудың сот тәртібімен шешілуін талап етуге құқылы.
85-бап. Ілеспе және (немесе) табиғи газды жағу
1. Мынадай жағдайларды:
1) авариялық жағдай қатері немесе оның туындауы, персоналдың өміріне немесе халық денсаулығына және қоршаған ортаға қатер төнуі;
2) ұңғымалар объектілерін сынау, кен орындарын сынамалы пайдалану кезінде;
3) технологиялық жабдықты іске қосу-баптау; технологиялық жабдықты пайдалану; технологиялық жабдыққа техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстары кезінде газды технологиялық еріксіз жағу жағдайларын қоспағанда, ілеспе және (немесе) табиғи газды алау етіп жағуға тыйым салынады.
2. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайларда және бекітілген техникалық регламенттерде көзделген мұнай мен газды өндіруге, жинауға, дайындауға, өңдеуге және тасымалдауға, механизмдердің, жабдық пен құрылыстардың бүлінуіне байланысты іс-шаралардың барлық технологиялық кешені бойынша технологиялық жабдықтың жұмысындағы кез келген істен шығумен (ауытқумен) байланысты болған жағдайларда, ілеспе және (немесе) табиғи газды алау етіп жағуға рұқсатсыз жол беріледі.
Бұл ретте, жер қойнауын пайдаланушы мұндай жағу туралы мұнай және газ саласындағы, жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдарды он күн ішінде жазбаша хабарландыруға міндетті.
Мұндай хабарламада ілеспе және (немесе) табиғи газды жағу себептері және жағылатын газдың көлемі туралы мәліметтер қамтылуы тиіс.
3. Осы баптың 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда, ілеспе және (немесе) табиғи газды алау етіп жағуға Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен әдістеме бойынша есептелген нормативтер мен көлемдер шегінде, жер қойнауын пайдаланушы жобалау құжаттарын сақтаған жағдайда, мұнай және газ саласындағы уәкілетті органның жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі, қоршаған ортаны қорғау және өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті органдармен келісілген рұқсаты бойынша жол беріледі.
Ілеспе және (немесе) табиғи газды алау етіп жағуға рұқсат беру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
4. Ұңғыма объектілерін сынау кезінде газды жағуға бекітілген жобаға сәйкес әрбір ұңғыма объектісі үшін үш айдан аспайтын мерзімге жол беріледі.
Кен орындарын сынамалы пайдалану кезінде газды жағуға үш жылдан аспайтын жалпы мерзімге рұқсат берілуі мүмкін.
5. Технологиялық жабдықты іске қосу-баптау кезінде газды жағу іске қосу-баптау жұмыстарымен байланысты кезең ішінде жүзеге асырылады.
Техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстары кезінде газды жағу жабдықтарды пайдалану кезінде газды технологиялық еріксіз жағудың көлемінен асатын, реттелетін көлемде жүзеге асырылады.
6. Осы баптың 1-тармағының күші 2004 жылғы 1 желтоқсанға дейін жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша мұнай операцияларын жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушыларға, егер олар 2004 жылғы 1 желтоқсанға дейін мемлекеттік органда бекітілген (келісілген) немесе 2006 жылғы 1 шілдеге дейін құзыретті органда және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органда келісілген болса, ілеспе және (немесе) табиғи газды кәдеге жарату жөніндегі бағдарламаларды іске асыру мерзімдері аяқталғанға дейін қолданылмайды.
86-бап. Ілеспе және (немесе) табиғи газды кәдеге жарату және өңдеу
1. Ілеспе және (немесе) табиғи газды өңдемей және (немесе) кәдеге жаратпай мұнай-газ кен орындарын өнеркәсіптік игеруге тыйым салынады.
2. Көмірсутек шикізатын өндіруді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қоршаған ортаға зиянды барынша азайтуға, көмірсутек газын жағу көлемін барынша азайтуға, ілеспе газды, оны өңдеуді қоса алғанда, ұтымды және кешенді пайдалануға бағытталған іс-шараларды жүргізуге міндетті.
3. Егер келісімшартта өзгеше белгіленбесе, ілеспе газ мемлекеттің меншігі болып табылады.
4. Ілеспе газды өңдеу жөніндегі міндеттемелер осы Заң қолданысқа енгенге дейін жасалған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдаланушы мен құзыретті органның арасындағы бөлек келісіммен ресімделеді және көмірсутек шикізатын өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшартқа қосымша болып табылады.
5. Ілеспе газды өңдеу тиімсіз кейбір кен орындарында жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдардың келісуі бойынша мұнай және газ саласындағы уәкілетті органның шешімімен оны технологиялық мұқтаждықтарға пайдалану, қат ішінің қысымын арттыру мақсатымен қатқа айдау, сондай-ақ сақтау мақсатымен қатқа кері айдау жолымен өңдемей кәдеге жаратуға рұқсат етіледі.
6. Көмірсутекті кен орнын өнеркәсіптік игеру жөніндегі жобалық құжаттамада ілеспе газды өңдеу (кәдеге жарату) жөніндегі бөлім міндетті түрде қамтылуға тиіс.
7. Мемлекеттің маңызды стратегиялық ресурсы ретінде ілеспе газды ұтымды пайдалануға қол жеткізу мақсатында көмірсутек шикізатын өндіруді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар мен мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган ілеспе газды пайдалану жөніндегі жобаларды бірлесіп игеруді жүзеге асыра алады.
8. Жер қойнауын пайдаланушылар мұнай және газ саласындағы уәкілетті органның бекітуіне және жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдармен келісуге жататын ілеспе газды өңдеуді дамыту бағдарламаларын көздеуге міндетті, олар ілеспе газды жағу немесе қатқа кері айдау (кәдеге жарату) көлемдерін қысқарту жолымен қоршаған ортаға зиянды әсерін төмендету мақсатында әр үш жыл сайын жаңартылып отыруға тиіс.
Бағдарламалардың орындалуы туралы есептерді жер қойнауын пайдаланушы мұнай және газ, қоршаған ортаны қорғау саласындағы және жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органдарға жыл сайын жіберуге тиіс.
9. Осы баптың 1-тармағының күші 2004 жылғы 1 желтоқсанға дейін жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша мұнай операцияларын жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушыларға, егер олар 2004 жылғы 1 желтоқсанға дейін мемлекеттік органда бекітілген (келісілген) немесе 2006 жылғы 1 шілдеге дейін құзыретті органда және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органда келісілген болса, ілеспе және (немесе) табиғи газды кәдеге жарату жөніндегі бағдарламаларды іске асыру мерзімдері аяқталғанға дейін қолданылмайды.
87-бап. Мұнай операцияларын жүргізу процесінде авариялар мен өзге де қауіпті оқиғаларды болғызбау жөніндегі іс-шаралар
1. Мұнай операцияларын осы Заңға сәйкес жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы кен орындарын игерудің оң практикасын және Қазақстан Республикасының заңнамасын басшылыққа ала отырып, мұнай операцияларын жүргізу процесінде адамдардың өмірі мен денсаулығына және қоршаған ортаға, сондай-ақ мүлікті жоюға қатер төндіретін авариялар мен өзге де қауіпті жағдайларды болғызбау жөніндегі барлық қажетті шараларды қабылдауға міндетті.
2. Жер қойнауын пайдаланушы мұнай операцияларын жүргізу кезінде, сондай-ақ мұнай-газ құбырларын салу және пайдалану кезінде авариялар мен өзге де қауіпті жағдайларды болғызбау жөніндегі іс-шаралар бағдарламаларын әзірлеуге және оларды жобалау құжаттарының құрамында бекітуге міндетті.
88-бап. Көмірсутек шикізатының кен орындарын жайластыру
1. Қажетті кәсіпшілік объектілерді және көмірсутектерді өндіру, дайындау, сақтау және өндіру мен сақтау орнынан магистральдық құбырға және (немесе) көліктің басқа түріне аудару орнына дейін тасымалдау үшін қажетті өзге де инфрақұрылым объектілерін салу белгіленген тәртіппен бекітілетін жобалау құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Көмірсутектер кен орындарын жайластыру объектілерін жобалау мен салу кезінде осы объектілердің қауіпсіз жұмыс істеуі, ықтимал авариялық жағдайлардың зардаптарын шектеу мен мейлінше азайту жөніндегі қажетті шаралар қамтамасыз етілуге тиіс.
3. Жайластыру объектілерін салу кезінде кен орнын игерудің қабылданған технологиялық нұсқасының жобалау көрсеткіштерінің өзгеруіне және өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік жөніндегі талаптардың бұзылуына әкеп соқпас үшін оларды пайдалануға берудің жобалау құжатында белгіленген кезектілігі сақталуға тиіс.
89-бап. Шекара маңындағы кен орындарында барлау мен өндірудің ерекшеліктері
1. Егер жүргізілетін барлаудың немесе өндірудің нәтижесінде жер қойнауын пайдаланушы кен орны шекара маңындағы кен орны болып табылатындығын анықтаған жағдайда, мұндай жер қойнауын пайдаланушы бұл туралы құзыретті органға дереу хабарлауға міндетті.
2. Аумағында не құқықтық құзыретінде осы шекара маңындағы кен орнының бір бөлігі бар мемлекетпен Қазақстан Республикасының тиісті халықаралық келісімдері болмаған жағдайда, құзыретті орган шекара маңындағы кен орнында мұндай мемлекетпен тиісті келісімге қол жеткізгенге дейін барлау мен өндіруді тоқтата тұруды талап етуге құқылы. Бұл ретте құзыретті орган барлау мен өндіруді жаңғыртуға рұқсат бергенге дейін келісімшарт өзінің қолданылуын үзген болып есептеледі.
3. Осы Заңның және Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы өзге де заңнамасының нормалары шекара маңындағы кен орнында барлау мен өндіру жөніндегі қатынастарға Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.
Шекара маңындағы кен орындарында барлау мен өндіруді жүргізудің Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда айқындалған тәртібі мен шарттары осы Заңның нормалары алдында басымдыққа ие болады.
90-бап. Кен орнында бірыңғай объект ретінде барлау немесе өндіру
1. Егер жер қойнауын пайдаланушы барлау немесе өндіру операцияларын жүргізетін кен орнының бір бөлігі басқа жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттық аумағының шегінде болған жағдайда, онда мұндай жер қойнауын пайдаланушылар өздерінің таңдауы бойынша:
1) осы кен орнында барлау және (немесе) өндіру құқығына ие тек бір ғана жер қойнауын пайдаланушы қалатындай немесе бір келісімшарттың негізінде ішінара құқыққа ие бірнеше жер қойнауын пайдаланушы қалатындай етіп жер қойнауын пайдалану құқығын беру кезінде белгіленген беру рәсімдерін сақтай отырып, барлауға және (немесе) өндіруге арналған өздерінің құқықтарын беруге;
2) мұндай шартты құзыретті органмен алдын ала келісіп, жобалау құжаттарына тиісті өзгерістер енгізе отырып, кен орнына бірыңғай тұтас нәрсе ретінде бірлескен барлау мен өндіруді жүргізу туралы шарт жасасуға міндетті.
2. Жер қойнауын пайдаланушылар осы баптың 1-тармағын сақтамаған жағдайда, құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушылардан кен орнында бірыңғай объект ретінде бірлескен барлау немесе өндіру туралы шарт жасасуды сот тәртібімен талап етуге құқылы. Бірлескен барлау немесе өндіру туралы шартты жасасу кезінде бүкіл кен орны үшін бірыңғай жұмыс бағдарламасы әзірленеді, ол жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдармен міндетті түрде келісуге жатады.