3. Сұратылатын ақпаратты тергеу объектісінің коммерциялық құпиясына жатқызу тергеуді жүзеге асыратын монополияға қарсы органның лауазымды адамдарына ақпарат беруден бас тарту үшін негіз бола алмайды.
Монополияға қарсы органның лауазымды адамдарының аталған ақпаратты пайдалануы Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген коммерциялық және өзге де заңмен қорғалатын ақпаратты жария етуге қойылатын талаптар сақтала отырып жүзеге асырылуға тиіс.
4. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ақпаратты басқа мемлекеттік органға беру жағдайларын қоспағанда, тергеу барысында тергеу объектісі туралы монополияға қарсы орган алған кез келген ақпарат таратылуға жатпайды.
5. Монополияға қарсы органның тергеуді жүзеге асыратын лауазымды адамдарының тергеу нысанасына қатысы жоқ талаптар қоюына және өтінішпен жүгінуіне тыйым салынады.
6. Бұзушылықтар және тергеу жүргізу туралы мәліметтерді қараған кезде монополияға қарсы органның лауазымды адамдары:
1) дәлелдемелердің жан-жақты, толық және объективті жиналуы және зерттелуі үшін барлық шараларды қабылдауға;
2) бұзушылықтар туралы мәліметтерді алдын ала қарау нәтижелері туралы қорытындыны уақтылы әзірлеуге;
3) тергеуді тоқтата тұру, қайта бастау туралы және тергеу нәтижелері бойынша, сондай-ақ сараптама тағайындау туралы қорытындыны уақтылы әзірлеуге;
4) аумақтық органдар қорытындыларды бекіткен не бұзушылықтар туралы мәліметтерді қарау және бұзушылықтарды тергеу туралы бұйрықтарға қол қойған күннен бастап үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде осы құжаттардың көшірмелерін орталық мемлекеттік органға жіберуге міндетті.
65-бап. Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуы туралы істі тергеуді тоқтата тұру
1. Монополияға қарсы орган:
1) монополияға қарсы орган, сот, алдын ала тергеу органдары Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын тергеу үшін маңызы бар басқа істі қараған;
2) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуына сол тергеу объектісіне қатысты басқа тергеу жүргізілген;
3) сараптама жүргізілген жағдайларда, Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын тергеуді тоқтата тұруға құқылы.
2. Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын тергеу мерзімі тергеуді тоқтата тұру кезінде үзіледі және тергеу қайта басталған күннен бастап жалғасады.
3. Монополияға қарсы органның лауазымды адамы тергеуді тоқтата тұру және қайта бастау туралы, сондай-ақ сараптама тағайындау туралы ұйғарым шығарады, басшылық ұйғарымды бекіткен күннен бастап үш күн мерзімде оның көшірмесі тергеуге қатысушы тұлғаларға жіберіледі. Сараптама тағайындау туралы ұйғарымның көшірмесі осындай ұйғарым шығарылған күннен бастап үш күн мерзімде сарапшыға да жіберіледі.
66-бап. Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын тергеуді тоқтату
Монополияға қарсы орган:
1) тергеу объектісінің іс-әрекеттерінде Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзушылық болмаған;
2) жалғыз тергеу объектісі - заңды тұлға таратылған;
3) жалғыз тергеу объектісі - жеке тұлға қайтыс болған;
4) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында белгіленген талап қою мерзімі өтіп кеткен;
5) монополияға қарсы орган қарайтын іс-әрекеттерде (әрекетсіздікте) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзушылықтың болуы туралы немесе болмауы туралы қорытынды қамтылған заңды күшіне енген сот актісі болған жағдайда, Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын тергеуді тоқтатады.
67-бап. Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын тергеу нәтижелері бойынша монополияға қарсы органның шешімдері
1. Монополияға қарсы органның лауазымды адамы Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын тергеу нәтижелері бойынша қорытынды әзірлейді, оның негізінде монополияға қарсы орган:
1) осы Заңның 66-бабында көзделген негіздер бойынша Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын тергеуді тоқтату туралы;
2) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы;
3) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын жою туралы нұсқама шығару туралы;
4) қылмыстық іс қозғау үшін материалдарды құқық қорғау органдарына беру туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
2. Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын тергеу нәтижелері бойынша, монополияға қарсы органның лауазымды адамы қол қойған қорытындыны Басқарма бекіткен күн тергеудің аяқталуы болып есептеледі.
3. Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуын тергеу нәтижелері туралы қорытындыны бекіту тергеу аяқталған күннен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде бұйрықпен ресімделеді.
4. Тергеу нәтижелері бойынша қорытындыны бекіту туралы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей, оның көшірмесі тергеу нәтижелері бойынша қорытынды қоса тіркеле отырып, тергеу объектісіне тапсырылады немесе хабарламалы тапсырыс хатпен жіберіледі. Өтініш беруші нақ осы мерзімде қабылданған шешім туралы хабардар етіледі.
5. Тергеу нәтижелері бойынша қорытындыны бекіту туралы бұйрыққа қол қойылған (шешім қабылданған) күн әкімшілік құқық бұзушылықты жасау фактілері анықталған кез болып есептеледі.
10-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ ЗАҢНАМАСЫН БҰЗУДЫҢ ЖОЛЫН КЕСУ ЖӘНЕ МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ ОРГАННЫҢ НҰСҚАМАЛАРЫН ҚАЙТА ҚАРАУ
68-бап. Монополиялық табысты айқындаудың негіздері және тәртібі
1. Нарық субъектісі монополиялық табысты:
1) нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісімдер немесе келісілген іс-әрекеттер жасауы;
2) нарық субъектісінің өзінің үстем немесе монополиялық жағдайын теріс пайдалануы нәтижесінде алуы мүмкін.
2. Монополиялық табыс нарық субъектісінің осы баптың 1-тармағында аталған іс-әрекеттерді жүзеге асырған кезінен бастап нарық субъектісі осы іс-әрекеттерді тоқтатқан кезге дейін айқындалады.
3. Монополиялық табыс:
1) үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі монополиялық жоғары бағаны қолдану кезінде алынған табыс пен осы Заңның 14-бабының ережелеріне сәйкес айқындалған бағалар негізінде есептелген табыс арасындағы айырма ретінде монополиялық жоғары бағалар белгілеген кезде;
2) үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі үстем жағдайға ие нарық субъектісінің бәсекелестерді тауар нарығынан ығыстырып шығару есебінен өткізу көлемін ұлғайту нәтижесінде алған қосымша табысы ретінде монополиялық төмен баға белгілеген кезде;
3) монопсониялық жағдайға ие нарық субъектісі тауар өткізуші нарық субъектісінің осындай тауарды өндіру мен өткізуге қажетті шығыстар мен пайдасы негізінде айқындаған бағасы бойынша осы нарық субъектісінің тауарды сатып алу шығындары мен тауарларды монопсониялық төмен бағалар бойынша сатып алу кезінде қалыптасқан шығындары арасындағы айырма ретінде монопсониялық төмен баға белгілеген кезде;
4) нарық субъектісі, осы іс-әрекеттерден алынған, тауарларды өндіруге және (немесе) өткізуге қажетті негізделген шығыстар мен іс жүзінде төленген салық шегерілген бүкіл табыс ретінде бәсекелестікке қарсы келісімдерді немесе келісілген іс-әрекеттерді жасаған кезде айқындалады.
4. Монополиялық табысты алып қою Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
69-бап. Монополияға қарсы ден қою шаралары
1. Монополияға қарсы орган белгіленген өкілеттіктеріне сәйкес:
1) нарық субъектілеріне:
осы Заңды бұзуды тоқтату және (немесе) олардың салдарын жою;
бастапқы жағдайды қалпына келтіру;
осы Заңға қайшы келетін шарттарды бұзу немесе өзгерту;
егер белгілі бір сатушылармен (өнім берушілермен) не сатып алушылармен шарт жасасудан негізсіз бас тарту не жалтару бұзушылық болып табылса, нарықтың басқа субъектісімен шарт жасасу туралы орындалуға міндетті нұсқамалар беруге;
2) мемлекеттік органдарға өздері қабылдаған актілердің күшін жою немесе оларды өзгерту туралы, бұзушылықтарды тоқтату, сондай-ақ өздері жасаған, осы Заңға қайшы келетін келісімдерді бұзу немесе өзгерту туралы орындалуға міндетті нұсқамалар беруге;
3) бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік жазалар қолдануға;
4) сотқа талап қойып және өтінішпен жүгінуге, сондай-ақ соттар Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының қолданылуы мен бұзылуына байланысты істерді қараған кезде процестерге қатысуға құқылы.
2. Осы Заң бұзылған жағдайда нарық субъектілері, мемлекеттік органдар:
1) монополияға қарсы органның нұсқамаларына сәйкес бұзушылықтарды тоқтатуға және оның салдарын жоюға, бастапқы жағдайды қалпына келтіруге, шартты бұзуға, нарықтың басқа субъектісімен шарт жасасуға немесе оған өзгерістер енгізуге, монополияға қарсы орган Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасына сәйкес келмейді деп таныған актінің күшін жоюға, нұсқамада көзделген өзге де іс-әрекеттерді орындауға;
2) келтірілген залалды Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтеуге;
3) монополияға қарсы органның Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік жаза қолдану туралы қаулысын орындауға міндетті.
3. Нұсқама монополияға қарсы орган белгілеген ақылға қонымды мерзімде орындалуға жатады. Монополияға қарсы орган берілген нұсқамалардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады.
Нұсқама орындалмаған жағдайда, монополияға қарсы орган нарық субъектісін, мемлекеттік органды монополияға қарсы органның нұсқамасын орындауға мәжбүрлеу туралы талап қойып сотқа жүгінуге құқылы.
70-бап. Нұсқаманы ресімдеуге қойылатын талаптар
Нұсқама монополияға қарсы органның қатаң есептілік бланкісінде ресімделеді және ол:
1) өзіне (өздеріне) қатысты нұсқама жасалған нарық субъектісінің немесе мемлекеттік органның атауын;
2) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзудың белгіленген фактісінің (фактілерінің), сондай-ақ нарық субъектісі немесе мемлекеттік орган бұзған құқық нормаларының сипаттамасын;
3) нарық субъектісі немесе мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзушылықты жою үшін жасауға тиіс (немесе оны (оларды) жасаудан тартынуға тиіс) іс-әрекеттерді;
4) нұсқаманың орындалу мерзімін;
5) нұсқаманың орындалуы туралы ақпаратты беру мерзімін;
6) нұсқамаға қол қоюға уәкілетті адамның қолын;
7) монополияға қарсы органның елтаңбалық мөрін қамтуға тиіс.
71-бап. Монополияға қарсы органның нұсқамаларын қайта қарау
1. Монополияға қарсы орган нұсқаманы (өзінің немесе аумақтық органының нұсқамасын) өз бастамасы бойынша не мүдделі тұлғаның өтініші бойынша:
1) елеулі мән-жайлар монополияға қарсы органға белгілі болмаған және белгілі болуы мүмкін болмаған, мұның өзі заңсыз немесе негізсіз нұсқама шығаруға әкеп соққан;
2) нұсқама дәйексіз ақпараттың негізінде шығарылып, мұның өзі заңсыз немесе негізсіз нұсқама шығаруға әкеп соққан;
3) нұсқама Қазақстан Республикасы заңнамасының нормалары бұзыла отырып шығарылған;
4) нұсқамада жіберілген жаңылыс тұстар мен анық арифметикалық қателер түзетілген жағдайларда қайта қарай алады.
Монополияға қарсы орган өз нұсқамасының орындалуын оны қайта қарау аяқталғанға дейін тоқтата тұра алады, бұл туралы іске қатысушы тұлғаларға жазбаша хабарланады.
2. Қайта қарау нәтижелері бойынша монополияға қарсы орган:
1) нұсқаманы өзгеріссіз қалдыруы;
2) нұсқаманы өзгертуі;
3) нұсқаманың күшін жоюы;
4) жаңа нұсқама шығаруы мүмкін.
3. Монополияға қарсы орган мүдделі тұлғаның өтініші бойынша нұсқаманы қайта қараған кезде өтініш (шағым) берген тұлғаның немесе мүддесіне орай өтініш (шағым) берілген тұлғаның жағдайын нашарлатуға құқылы емес.
72-бап. Монополияға қарсы органның аумақтық органдарының нұсқамаларын тексеру
Монополияға қарсы органның аумақтық органдары қабылдаған нұсқамалар нарық субъектілерінің өтініштері бойынша немесе жоғары тұрған монополияға қарсы органның бастамасы бойынша тексерілуі мүмкін.
73-бап. Монополияға қарсы органның нұсқамаларына шағым жасау
1. Монополияға қарсы органның нұсқамаларына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа шағым жасалуы мүмкін.
2. Аумақтық органдардың нұсқамаларына монополияға қарсы органға шағым жасау үшін:
1) іс үшін маңызы бар мән-жайлардың толық анықталмауы;
2) іс үшін маңызы бар және анықталған деп танылған мән-жайлардың дәлелденбеуі;
3) шешімде жазылған тұжырымдардың істің мән-жайларына сәйкес келмеуі;
4) Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын бұзу немесе дұрыс қолданбау негіз болып табылады.
3. Нарық субъектісі монополияға қарсы органның аумақтық органының нұсқамасы өзіне тапсырылған күннен бастап үш ай ішінде оған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен монополияға қарсы органға не сотқа шағым жасай алады.
74-бап. Үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдаланған жағдайларда мәжбүрлеп бөлу немесе бөліп шығару
1. Егер үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі осы Заңның 10, 11 және 13-баптарында көзделген бұзушылықтар үшін күнтізбелік бір жыл ішінде екі рет әкімшілік жауапқа тартылса және бәсекелестікті шектейтін іс-әрекеттер жасауды жалғастырса, монополияға қарсы орган бәсекелестікті дамыту мақсатында осы нарық субъектісін мәжбүрлеп бөлу немесе оның құрамынан құрылымдық бөлімшелері базасында бір немесе бірнеше заңды тұлғаларды бөліп шығару туралы талап қойып сотқа жүгінуге құқылы.
2. Сот, егер жиынтығында:
1) құрылымдық бөлімшелердің технологиялық негізделген өзара байланысы болмаса;
2) тиісті тауар нарығында қайта ұйымдастыру нәтижесінде құрылған заңды тұлғалардың дербес қызметі мүмкіндігінің болу талаптары орындалса, бәсекелестікті дамыту мақсатында мәжбүрлеп бөлу немесе бөліп шығару туралы шешім қабылдайды.
3. Соттың мәжбүрлеп бөлу немесе бөліп шығару туралы шешімі меншік иесінің немесе оның уәкілетті органының аталған шешімде көзделген талаптарды ескере отырып және аталған шешімде айқындалған, бірақ алты айдан аспайтын мерзімде орындауына жатады.
11-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ ЗАҢНАМАСЫН БҰЗҒАНЫ ҮШІН ЖАУАПТЫЛЫҚ
75-бап. Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
76-бап. Монополиялық табысты аударудан босату
1. Монополияға қарсы орган, нарық субъектілерін, жиынтығында мынадай талаптар сақталған:
1) нарық субъектісі монополияға қарсы органға бәсекелестікке қарсы келісімдер немесе келісілген іс-әрекеттер туралы мәлімдеген кезде, монополиялық орган басқа көздерден бәсекелестікке қарсы осы келісімдер немесе келісілген іс-әрекеттер туралы ақпарат алмаған;
2) нарық субъектісі бәсекелестікке қарсы келісімдерге немесе келісілген іс-әрекеттерге өзінің қатысуын тоқтату жөнінде шұғыл шаралар қабылдаған;
3) нарық субъектісі мәлімдеген кезден бастап бүкіл тергеу барысында бәсекелестікке қарсы келісімдер немесе келісілген іс-әрекеттер фактілері туралы бар ақпаратты хабарлаған;
4) нарық субъектісі бәсекелестікке қарсы келісімдерді немесе келісілген іс-әрекеттерді жасау салдарынан тұтынушыларға келтірілген нұқсанды ерікті түрде өтеген жағдайда, бәсекелестікке қарсы келісімдер немесе келісілген іс-әрекеттер жасау салдарынан алған монополиялық табысын алып қоюдан босату туралы өтінішхатпен Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен сотқа жүгінеді.
2. Нарық субъектісінің шын өкінуіне байланысты монополиялық табысын алып қоюдан босату туралы шешімді сот Қазақстан Республикасының қылмыстық және әкімшілік заңнамаларының нормаларына сәйкес қабылдайды.
5-БӨЛІМ. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
12-тарау. ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
77-бап. Жұмыс істеп тұрған мемлекеттік кәсіпорындардың қызметі
1. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған мемлекеттік кәсіпорындар ол қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл ішінде өзінің тиісті тауар нарығында одан әрі жүргізетін қызметіне монополияға қарсы органның оң қорытындысын алуға міндетті.
2. Монополияға қарсы орган осы мерзімде мемлекеттік кәсіпорындар жұмыс істейтін тауар нарықтарын зерттеп-тексеруге және осы тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің даму деңгейі туралы, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындардың осы тауар нарығындағы одан әрі жүргізетін қызметінің орындылығы туралы қорытындылар дайындауға міндетті.
3. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған және өзінің одан әрі жүргізетін қызметіне осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзім ішінде монополияға қарсы органның оң қорытындысын алмаған мемлекеттік кәсіпорындар осы мерзім өткеннен кейін үш ай ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жекешелендірілуге немесе мемлекеттік мекеме болып қайта құрылуға тиіс.
78-бап. Акцияларының (үлестерінің) елу проценттен астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың және олармен аффилиирленген тұлғалардың қызметі
1. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған, акцияларының (үлестерінің) елу проценттен астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен аффилиирленген тұлғалар, мұндай құру Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап үш жыл ішінде өзінің тиісті тауар нарығында одан әрі жүргізетін қызметіне монополияға қарсы органның оң қорытындысын алуға міндетті.
2. Монополияға қарсы орган осы мерзімде осы нарық субъектілері жұмыс істейтін тауар нарықтарын зерттеп-тексеруге және осы нарықтардағы бәсекелестіктің даму деңгейі туралы, оның ішінде осы нарықта мемлекеттің шаруашылық жүргізуші серіктестік немесе акционерлік қоғам арқылы одан әрі қатысуының орындылығы туралы қорытынды дайындауға міндетті.
3. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған және тиісті саладағы одан әрі жүргізетін қызметіне монополияға қарсы органның оң қорытындысын алмаған, акцияларының (үлестерінің) елу проценттен астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың және олармен аффилиирленген тұлғалардың акциялары (үлестері) осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзім өткеннен кейін үш ай ішінде сауда-саттыққа шығарылуға тиіс. Осы нарық субъектілерінің акциялары (үлестері), акцияларының (үлестерінің) жиырма бес проценттен астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларды қоспағанда, заңды тұлғаларға сатылады.
79-бап. Монополияға қарсы органның басқармасы
1. Монополияға қарсы орган басқармасының бірінші құрамы және ол туралы ереже осы Заң қолданысқа енгізілгеннен кейін үш айдан кешіктірілмей бекітіледі.
2. Басқарманың құрамы және ол туралы ереже бекітілгенге дейін Басқарманың өкілеттіктерін монополияға қарсы органның басшысы жүзеге асырады.
13-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
80-бап. Осы Заңды қолдану тәртібі
Осы Заң, осы Заңның 77 және 78-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, ол қолданысқа енгізілгеннен кейін туындаған қоғамдық қатынастарға қолданылады. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін туындаған басқа құқықтық қатынастар бойынша ол қолданысқа енгізілгеннен кейін туындайтын құқықтар мен міндеттерге қолданылады.
81-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Жосықсыз бәсеке туралы» 1998 жылғы 9 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 9-10, 84-құжат; 2000 ж., № 21, 397-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 15, 95-құжат);
2) «Бәсеке және монополистік қызметті шектеу туралы» 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2006 ж., № 15, 94-құжат; 2007 ж., № 19, 148-құжат).
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2008 жылғы желтоқсанның 25-і.
№ 112-ІV ҚРЗ.