2. Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы мемлекеттік реттеу субъектілері өз қызметінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган таныған және рұқсат еткен стандарттарды басшылыққа алады.
6-тарау. Қоршаған ортаға әсерді бағалау
35-бап. Қоршаған ортаға әсерді бағалау
Қоршаған ортаға әсерді бағалау - шаруашылық және өзге де қызметтің қоршаған орта мен адам денсаулығына ықтимал салдарлары бағаланатын, Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының талаптары ескеріле отырып, қолайсыз зардаптарды (табиғи экологиялық жүйелер мен табиғи ресурстардың жойылуын, жұтаңдауын, бүлінуін және сарқылуын) болдырмау, қоршаған ортаны сауықтыру жөніндегі шаралар әзірленетін рәсім.
36-бап. Қоршаған ортаға әсерді бағалау міндеттілігi
1. Қоршаған ортаға әсерді бағалау қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына тікелей немесе жанама әсер етуі мүмкін болатын кез келген шаруашылық және өзге де қызмет түрлері үшін міндетті болып табылады.
2. Қоршаған ортаға әсер ететін шаруашылық және өзге де жобаларды, қоршаған ортаға әсерін бағаламай әзірлеуге және іске асыруға тыйым салынады. Әсерді бағалау нәтижелерін жоспарлау алдындағы, жоспарлау құжаттамасының, жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасының ажырамас бөлігі болып табылады.
3. Жобаланып жатқан және жұмыс істеп тұрған объектілердің перспективалық қызметі осы Кодекстің талаптарына сәйкес қоршаған ортаға әсерін бағалауға жатады.
4. Жобалардың тапсырыс берушісі (бастамашысы) мен әзірлеушісі қоршаған ортаға әсер етуге жүргізілген бағалау нәтижелерін ескеруге және қоршаған орта мен адам денсаулығына неғұрлым аз зиян келтіретін нұсқаның қабылдануын қамтамасыз етуге міндетті.
37-бап. Қоршаған ортаға әсерді бағалаудың кезеңдерi
1. Қоршаған ортаға әсерді бағалау Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қала құрылысының және құрылысты жобалаудың кезеңдері ескеріле отырып, дәйекті түрде жүзеге асырылады.
2. Қоршаған ортаға әсерді бағалау мынадай кезеңдерді қамтиды:
1-кезең. Аумақты бағалау (қоршаған ортаның жай-күйін шолу), объектіні орналастыруға арналған учаскені оңтайлы таңдауды негіздеу үшін орындалады;
2-кезең. Инвестициялардың негіздемесіне (жобалардың техникалық-экономикалық негіздемесіне) ілесе жасалатын қоршаған ортаға әсерді алдын ала бағалау;
3-кезең. Әсерді бағалау, ол жобаны іске асырудың немесе шаруашылық және өзге де қызметті одан әрі жүзеге асырудың ықтимал әсерлерін толық және кешенді талдау, баламалы нұсқаларды негіздеу және қоршаған ортаны қорғауды басқару жоспарын (бағдарламасын) әзірлеу мақсатында орындалады;
4-кезең. Жұмыс жобасы құрамындағы «Қоршаған ортаны қорғау» бөлімі, ол қоршаған ортаға қолайсыз әсерлерді болдырмау жөніндегі техникалық шешімдерді қамтиды;
5-кезең. Жобалаудан кейінгі талдау, ол шаруашылық және өзге де қызметті жүзеге асыру басталғаннан кейін бір жыл өткен соң объектінің қоршаған ортаға қауіпсіздігін растау және табиғат қорғау іс-шараларына түзету енгізу үшін жүзеге асырылады.
3. Қоршаған ортаға әсерді бағалаудың 3-кезеңінде осы Кодекстің 4-тарауына сәйкес қоршаған ортаға эмиссиялардың нормативтері әзірленеді.
38-бап. Қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу тәртібi
1. Қоршаған ортаға әсерді бағалауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындау мен қызметтер көрсетуге лицензия алған жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.
2. Қоршаған ортаға әсерді бағалау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру мен қаржыландыруды жоспарланып отырған қызметтің тапсырыс берушісі (бастамашысы) қамтамасыз етеді.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Қоршаған ортаға әсерді бағалау әзірленімін жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар шартқа сәйкес қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізуден алынған нәтижелердің дұрыстығы, толықтығы мен сапасы үшін тапсырыс беруші алдында жауапты болады.
Тапсырыс беруші мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылатын қоршаған ортаға әсерді бағалау материалдарының дәйектілігі үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
4. Қоршаған ортаға әсерді бағалау рәсімін орындау кезінде Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы талаптарының сақталуын бақылауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
39-бап. Қоршаған ортаға әсерді бағалау процесінде есепке алынуға тиіс әсерлердің түрлерi
1. Қоршаған ортаға әсерді бағалау процесінде:
1) тікелей әсер - объектіні орналастыру ауданында жоспарланып отырған негізгі және ілеспе қызмет түрлерінің тікелей тигізетін әсері;
2) жанама әсер - жобаны іске асыру салдарынан пайда болатын жанама (кейінгі) факторлардан туындайтын қоршаған ортаға әсер;
3) кумулятивтік әсер - жобаны іске асыруға ілесе жасалатын, өткен, қазіргі немесе негізделіп алдын ала болжанатын іс-әрекеттерден туындайтын, үнемі ұлғаю үстіндегі өзгерістер салдарынан пайда болатын әсер есепке алынуға тиіс.
2. Қоршаған ортаға әсерді бағалау процесінде:
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) парниктік газдар шығарындыларының әсерін қоспағанда, атмосфералық ауаға;
2) жер үсті және жер асты суларына;
3) сутоғандары түбінің беткі жағына;
4) ландшафттарға;
5) жер ресурстарына және топырақ жамылғысына;
6) өсімдіктер дүниесіне;
7) жануарлар дүниесіне;
8) экологиялық жүйелердің жай-күйіне;
9) халық денсаулығының жай-күйіне;
10) әлеуметтік салаға (халықты жұмыспен қамту, білім беру, көлік инфрақұрылымы) әсерді бағалау жүргізіледі.
3. Қоршаған ортаға әсерге бағалау жүргізу процесінде табиғи орта мен адам денсаулығына теріс және оң әсерлер есепке алынуға тиіс.
40-бап. Қоршаған ортаға әсерді бағалау объектілерін бағалану маңыздылығы мен толымдылығы бойынша сыныптау
1. Қоршаған ортаға әсерін бағалау жүзеге асырылатын шаруашылық және өзге де қызмет маңыздылығы мен толымдылығы бойынша І, II, III, IV болып 4 санатқа бөлінеді.
І санатқа өндірістік объектілерді санитарлық сыныптауға сәйкес қауіптіліктің 1 және 2-сыныбына жататын қызмет түрлері, сондай-ақ кең таралған пайдалы қазбалардан басқа пайдалы қазбаларды барлау мен өндіру жатады.
II санатқа өндірістік объектілерді санитарлық сыныптауға сәйкес қауіптіліктің 3-сыныбына жататын қызмет түрлері, сондай-ақ кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру, орман пайдалану мен суды арнайы пайдаланудың барлық түрлері жатады.
III санатқа өндірістік объектілерді санитарлық сыныптауға сәйкес қауіптіліктің 4-сыныбына жататын қызмет түрлері жатады.
IV санатқа өндірістік объектілерді санитарлық сыныптауға сәйкес қауіптіліктің 5-сыныбына жататын қызмет түрлері, сондай-ақ әуесқойлық (спорттық) балық аулау мен аң аулауды қоспағанда, жануарлар дүниесі объектілерін пайдаланудың барлық түрлері жатады.
2. Әртүрлі санаттағы объектілерге қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізуге қойылатын сараланған талаптар қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізу жөніндегі нұсқаулықта белгіленеді.
41-бап. Қоршаған ортаға әсерді бағалау құжаттамасы
1. Қоршаған ортаға әсерді бағалау жөніндегі құжаттама:
1) шаруашылық және өзге де қызметке тапсырыс берушінің деректемелерін;
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) жоспарланып отырған қызметті іске асыру қажеттігі негізделген өтінішті (арызды), инвестициялар негіздемесін, техникалық-экономикалық негіздемені (жобаны), жұмыс жобасының бекітілген бөлігін, түсіндірме жазбаны;
3) қоршаған орта компоненттерінің қызметті іске асырғанға дейінгі не қазіргі кездегі жай-күйінің сипаттамасын;
4) жобаның жазбасын, оған қоса:
бүкіл жобаның мақсаты мен сандық сипаттамаларының және орналастыру ауданына құрылыс және пайдалану сатысы кезеңінде қойылатын талаптардың сипаттамасын;
жоспарланып отырған қызметтің қоршаған орта элементтеріне ықтимал әсерлерінің түрлері қоршаған ортаға эмиссиялардың, тұтынылатын шикізаттың және алынатын ресурстардың көлемі мен оның қосындыларының құрамымен бірге көрсетіле отырып, пайдаланылатын материалдар мен жабдықтардың типтері мен санын қоса алғанда, өндірістік процестердің негізгі сипаттамаларын;
2009.23.06. № 164-ІV ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) қолданылатын технологияның ең озық қолжетімді технологиялармен және техникалық үлестік нормативтермен сәйкестігі, сондай-ақ техникалық регламенттермен және технологияларға, техника мен жабдыққа қойылатын экологиялық талаптармен сәйкестігі тұрғысынан талдауды;
6) баламалы нұсқалар туралы ақпаратты және жобалық нұсқаны таңдаудың негізгі себептеріне нұсқауды;
7) қызметтің қоршаған ортаға, халықтың денсаулығына және әлеуметтік-экономикалық жағдайларға ықтимал әсерлерінің сипаттамасын;
8) жобаланатын шаруашылық немесе өзге де қызметтің қоршаған ортаға беймәлім әсерлерін;
9) экологиялық тәуекелді және халықтың денсаулығына төнетін тәуекелді бағалауды;
10) экологиялық мониторинг жөніндегі ұсыныстарды қоса алғанда, қоршаған ортаға әсерді болдырмау, азайту үшін көзделетін шаралардың сипаттамасын;
11) қоршаған ортаға эмиссиялардың жобалық нормативтерін және табиғи ресурстарды алып қою нормативтерін;
12) өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасының негіздемесін;
13) ықтимал тәуекелдерді және келтірілген залалдарды өтеуді ескере отырып, жобаны экологиялық-экономикалық бағалауды;
14) хаттамалармен ресімделген және жоспарланып отырған қызметтің экологиялық аспектілерін қоғамдық талқылау нәтижелері жөніндегі қорытындыларды қамтитын қоғамдық пікірді есепке алу жөніндегі материалдарды;
15) қоршаған ортаға әсерге бағалау жүргізу кезіндегі кез келген қиыншылықтарды және ақпараттың жетіспеушілігін көрсетуді;
16) қоршаған ортаға әсерге жүргізілген бағалау нәтижелері жөніндегі негізгі қорытындыларды қамтиды.
2. Жоспарланып отырған қызметтің тапсырыс берушісі (бастамашысы) қоршаған ортаға әсерге жүргізілген бағалау нәтижелері бойынша жоспарланып отырған немесе жүзеге асырылатын қызметтің экологиялық зардаптары туралы мәлімдеме әзірлеп, табыс етеді, ол осы қызметті іске асыруға болатыны туралы шешім әзірлеуге негіз болады.
3. Қоршаған ортаға әсерді бағалаудың әрбір кезеңіндегі құжаттама мазмұнының толымдылығы қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу жөніндегі нұсқаулықпен айқындалады.
42-бап. Қоршаған ортаға әсерге бағалау жүргізудi әдістемелік қамтамасыз ету
1. Қоршаған ортаға әсерді бағалау қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітетін қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу жөніндегі нұсқаулық-әдістемелік құжаттарға сәйкес жүргізіледі.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган өз құзыреті шегінде тиісті жеке және заңды тұлғалардың қоршаған ортаға әсерді бағалауды әзірлеу процесінде қоршаған ортаға әсерге бағалау жүргізу жөніндегі нұсқаулық-әдістемелік құжаттар талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
43-бап. Трансшекаралық әсері бар объектілердің қоршаған ортаға әсерін бағалау ерекшеліктерi
Трансшекаралық әсері бар объектілердің қоршаған ортаға әсерін бағалау ерекшеліктері Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда айқындалады.
44-бап. Қолданыстағы объектілер үшін қоршаған ортаға әсерді бағалау ерекшеліктерi
1. Егер объектіні жобалау процесінде қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізілмеген не табиғат пайдалану жағдайлары жобада көзделген жағдайлардан айтарлықтай өзгеше болған жағдайда, қолданыстағы объектілер үшін мұндай бағалау жүргізілуге тиіс.
2. Қолданыстағы объектіге бастапқы жобада көзделмеген реконструкция жүргізілген кезде оның қоршаған ортаға әсерін бағалау жекелеген материалдар түрінде немесе объект бойынша тұтас алғанда қоршаған ортаға әсерді бағалау материалдарына өзгерістер енгізу түрінде жүзеге асырады.
3. Қолданыстағы объектінің қоршаған ортаға әсерін осы баптың 1 және 2-тармақтарының талаптарына сәйкес бағалау қажет болғанда, мұндай бағалау экологиялық рұқсат алуға өтінім берілгенге дейін орындалуға тиіс.
7-тарау. Экологиялық сараптама
45-бап. Экологиялық сараптама түрлерi
Қазақстан Республикасында мемлекеттік экологиялық сараптама және қоғамдық экологиялық сараптама жүзеге асырылады.
46-бап. Экологиялық сараптаманың мақсаттары
Экологиялық сараптама:
1) жоспарланып отырған басқарушылық, шаруашылық, инвестициялық, норма шығару және өзге де қызметті іске асырудың қоршаған орта мен халықтың денсаулығына ықтимал теріс зардаптарын айқындау және шектеу;
2) экономикалық даму мен қоршаған ортаны қорғау мүдделерінің балансын сақтау, сондай-ақ табиғат пайдалану процесінде үшінші тараптарға залал келтіруді болдырмау мақсатында жүргізіледі.
47-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптама объектілерi
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Міндетті мемлекеттік экологиялық сараптамаға мыналар жатады:
1) жоспарланып отырған шаруашылық және өзге де қызмет жобалары және оларға ілеспе, осы Кодекстің 37-бабында айқындалған кезеңдерге сәйкес қоршаған ортаға әсерді бағалау материалдары;
2) табиғат пайдалану мәселелеріне қатысты жоспарлау алдындағы және жобалау алдындағы құжаттаманың барлық түрлері, болжамдардың, экологиялық және өзге де бағдарламалардың жобалары, мемлекеттік органдар мен ұйымдар қызметі негізгі бағыттарының тұжырымдамалары, мемлекеттік инвестициялық бағдарламалар, шарттар, келісімшарттар, оның ішінде меншік және жекешелендіру нысандарын өзгертуге қатыстылары;
3) қолданыстағы объектілер үшін қоршаған ортаға әсерді бағалау материалдарымен қоса реконструкциялау жобалары;
4) қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерінің жобалары;
5) іске асырылуы қоршаған ортаға теріс әсерлерге әкеп соғуы мүмкін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің жобалары, нормативтік-техникалық және нұсқаулық-әдістемелік құжаттардың жобалары;
6) кәсіпорындарды, объектілер мен кешендерді, ғимараттар мен құрылыстарды орналастыруға, салуға, реконструкциялауға, дамытуға, техникалық қайта жарақтауға, қайта бейімдеуге, жоюға арналған техникалық-экономикалық негіздемелер (есептер) және жобалар, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі ресурстарын өндіру мен пайдалануға арналған биологиялық негіздемелер;
7) аумақтарды ұйымдастыру схемаларының жобалары;
8) қалалар мен аумақтарды, оның ішінде арнайы экономикалық аймақтар аумақтарын және шаруашылық қызметті жүргізудің айрықша режиміндегі аумақтарды салудың (дамытудың) бас жоспарларының жобалары;
9) осы аумақтарға ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, экологиялық зілзала аймағы немесе төтенше экологиялық жағдай аймағы құқықтық мәртебесін беруді негіздейтін, аумақтар учаскелерін кешенді экологиялық зерттеу материалдары, сондай-ақ осы аумақтарды оңалту бағдарламалары;
10) көршілес мемлекеттердің қоршаған ортасына әсер етуі мүмкін немесе оны жүзеге асыру үшін көршілес мемлекеттермен ортақ табиғи ресурстарды пайдалану қажет болатын немесе көршілес мемлекеттердің халықаралық шарттарда белгіленген мүдделерін қозғайтын шаруашылық және өзге де қызмет жобалары;
2009.23.06. № 164-ІV ҚР Заңымен 11) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
11) технологияларды, техника мен жабдықты, оның ішінде Қазақстан Республикасына өткізілетіндерін (әкелінетіндерін) қолдану жөніндегі құжаттама;
12) табиғи ресурстарды пайдалануға және (немесе) алуға рұқсаттар (лицензиялар) беруді негіздейтін құжаттама.
Парниктік газдар шығарындылары мемлекеттік экологиялық сараптама объектісі болып табылмайды.
2. Мемлекеттік экологиялық сараптама объектілері мынадай жағдайларда:
1) экологиялық сараптама объектісі бұрын жүргізілген мемлекеттік экологиялық сараптама ескертпелері бойынша жетілдірілген;
2) мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін жобалау және өзге де құжаттамаға өзгерістер енгізілген жағдайда;
3) сот шешімінің негізінде, қайтадан мемлекеттік экологиялық сараптамадан өтеді.
3. Мемлекеттік экологиялық сараптама объектілері осы Кодекстің 40-бабында келтірілген объектілердің сыныпталуына сәйкес І, ІІ, III, IV санаттарға бөлінеді.
І санатқа орталық мемлекеттік органдар әзірлейтін нормативтік құқықтық актілердің жобалары да, сондай-ақ осы баптың 1-тармағының 6-9) және 11) тармақшаларында аталған объектілер жатқызылады.
II санатқа жергілікті мемлекеттік басқару органдарының нормативтік құқықтық актілерінің жобалары, өңірлік жоспарлар мен бағдарламалардың жобалары, облыстық және аудандық маңызы бар аумақтарда құрылыс салудың бас жоспарларының жобалары да жатады.
48-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын органдар
1. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және өз құзыреті шегінде жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы І санат объектілеріне - қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган, ІІ, ІІІ және ІV санат объектілеріне - облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары жүргізеді.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді)
3. Мемлекеттік экологиялық сараптамаға жататын І санат объектілерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелері арасында бөлуді Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен критерийлерге сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
49-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүргізу тәртібi
1. Мемлекеттік экологиялық сараптамаға құжаттаманы:
1) белгіленіп отырған басқарушылық, шаруашылық, инвестициялық және өзге де қызметтің тапсырыс берушісі (инвестор);
2) мемлекеттік экологиялық сараптамаға жататын нормативтік құқықтық актілердің, жоспарлар мен бағдарламалардың жобаларын әзірлеуді жүргізетін мемлекеттік органның басшысы табыс етеді.
2. Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізудің тәртібін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
50-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүргізу мерзімдерi
1. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүргізу мерзімі мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын органдарға алдын ала сараптамадан өткен қажетті барлық құжаттама берілген кезден бастап үш айдан аспауға тиіс.
2. Алдын ала сараптамадан өткізу мерзімі құжаттаманың мемлекеттік экологиялық сараптамаға келіп түскен күнінен бастап екі аптадан аспауға тиіс. Табыс етілген құжаттама толық болмаған жағдайда ол табыс еткен тұлғаға қайтарылуға жатады.
51-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы оны жүргізу нәтижелері бойынша беріледі.
Мемлекеттік экологиялық сараптаманың міндетті сипаты болады және табиғат пайдалану мен қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына әсер ету тұрғысынан құқықтық, ұйымдастырушылық және шаруашылық шешімдерді қабылдаудан бұрын жүргізілуге тиіс. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болмаса, жобаны іске асыруға тыйым салынады.
2. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы экологиялық сараптама объектісін іске асыру жөнінде шешім қабылдауға болатындығы мен мүмкіндігі туралы тұжырымдарды қамтиды.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың теріс қорытындысы болған кезде тапсырысшы сараптамаға ұсынылған материалдарды сараптамалық қорытындының ұсыныстары мен ескертпелеріне сәйкес пысықтауды қамтамасыз етуге және барлық материалдарды қайтадан экологиялық сараптамаға табыс етуге не белгіленіп отырған қызметінен бас тартуға міндетті.
4. Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу міндетті болатын шаруашылық және өзге де қызмет жобаларын мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысынсыз банктердің және өзге де қаржы ұйымдарының қаржыландыруына және іске асыруына тыйым салынады.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
5. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысына қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның сараптама бөлімшелерінің, тиісті аумақтағы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің басшылары не облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының сараптама бөлімшесінің басшысы өз құзыреті шегінде қол қояды.
6. Жобалық құжаттамаға мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы берілген күнінен бастап бес жыл ішінде қолданыста болады.
52-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын сарапшылық бөлімшелері басшыларының құқықтары
1. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын сарапшылық бөлімшелері басшыларының:
1) мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу үшін белгіленген тәртіппен экологиялық сарапшылық комиссияларын, топтарын құруға, жұмысқа қатысуға отандық және шетелдік мамандарды, сондай-ақ заңды тұлғаларды тартуға;
2) сарапшылық бөлімшелерінің, құрылатын комиссиялар мен топтардың қызметіне бақылау жасауды жүзеге асыруға;
3) мемлекеттік экологиялық сараптаманың сараптама кеңестерін басқаруға, олардың қызметін ұйымдастыруға;
4) мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу әдістерін айқындауға;
5) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының талаптарына сай келмейтін, мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылған материалдарды қабылдамай тастауға;
6) есептеулерде қате және басқа да олқылықтар жіберілген, оны түзету қосымша зерттеулерді, іздестіру жұмыстарын не қосымша қаражат бөлуді қажет ететін құжаттар мен материалдарды пысықтау үшін қайтаруға;
7) мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындыларына қол қоюға;
8) сараптама объектісін іске асырудың қоршаған ортаға жағымсыз зардаптарын куәландыратын мән-жайлар анықталған не тапсырыс беруші жоғарыда аталған қорытынды талаптарын орындамаған кезден бастап бір ай ішінде бұрын берілген мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындыларын кері қайтарып алуға;
9) мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізуге қажетті қосымша материалдарды сұратуға;
10) мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы алынбаған объектілер туралы мәліметтерді банктер мен өзге де қаржы ұйымдарына табыс етуге;
11) Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуына кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту туралы мәселелерді шешу үшін тиісті материалдар дайындап, құқық қорғау органдары мен өзге де органдарға тапсыруға құқығы бар.
2. 2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен алып тасталды (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу кезінде сараптама бөлімшелерінің басшылары тәуелсіз болады және Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес іс-әрекет жасайды.
Сараптама бөлімшелері басшыларының тәуелсіздігі қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және жергілікті атқарушы органдар бекітетін, оларды тағайындау және қызметтен босату тәртібі мен Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де шарттарды қамтитын олар туралы ережелермен қамтамасыз етіледі.
53-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптама сарапшысы
1. Арнаулы білімі бар және экологиялық сараптама жүргізуге қажетті жеткілікті тәжірибесі бар және мемлекеттік экологиялық сараптама органы белгілеген тәртіппен мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізуге тартылған адам мемлекеттік экологиялық сараптама сарапшысы болып табылады.
2. Экологиялық сараптама жасалуға тиісті құжаттама тапсырыс берушінің өкілі немесе мемлекеттік экологиялық сараптама объектісін әзірлеуші, сондай-ақ тапсырыс берушімен немесе әзірлеушімен еңбек немесе өзге де шарттық қатынаста тұрған заңды және жеке тұлғалар мемлекеттік экологиялық сараптама сарапшысы бола алмайды.
3. Мемлекеттік экологиялық сараптама сарапшысы өзі жасаған сараптама үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.