Лицензиар өтініш берушінің жазбаша хабарламасын алған сәттен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш беруші жазбаша хабарламада көрсеткен күннен бастап лицензия және (немесе) лицензияға қосымша беруге міндетті.
12. Егер:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында субъектілердің осы санаты үшін қызметтің белгілі бір түрімен айналысуға тыйым салынған;
2) осы Ережеге сәйкес талап етілетін барлық құжаттар табыс етілмеген жағдайда лицензия беруден бас тартылады. Өтініш беруші көрсетілген кедергілерді жойған жағдайда өтініш жалпы негізде қаралады;
3) қызмет түріне лицензия беруге өтініш берілген жағдайда қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым енгізілмеген;
4) өтініш беруші біліктілік талаптарына сай келмеген;
5) өтініш берушіге қатысты оған медициналық және фармацевтикалық қызметпен айналысуға тыйым салатын заңды күшіне енген сот үкімі болған жағдайларда, лицензия және (немесе) лицензияға қосымша беруден бас тартады.
13. Лицензия беруден бас тартқан жағдайда лицензиар лицензия және (немесе) лицензияға қосымша беру үшін белгіленген мерзімдерде өтініш берушіге жазбаша түрде дәлелді жауап қайтарады.
3. Телнұсқаларды ресімдеу, беру, лицензияның және (немесе)
лицензияға қосымшаның қолданылуын тоқтату және тоқтата тұру
14. Жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты өзгерген жағдайда, бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құру нысанында заңды тұлға қайта ұйымдастырылған, заңды тұлғаның атауы өзгерген, сондай-ақ қызмет түрінің және (немесе) қызметтің кіші түрінің атауы өзгерген кезде, егер мұндай өзгеріс қызмет түрі және (немесе) қызметтің кіші түрі шеңберінде орындалатын операциялардың мәнінің өзгеруіне әкеп соқпаса, ол күнтізбелік отыз күн ішінде аталған мәліметтерді растайтын тиісті құжаттармен қоса, лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу туралы өтініш беруге міндетті.
Лицензиат тиісті жазбаша өтініш берген күннен бастап он жұмыс күні ішінде лицензиар лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдейді.
15. Лицензиясы және (немесе) лицензияға қосымшасы жоғалған, бүлінген жағдайда лицензиат лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның телнұсқаларын алуға құқылы.
Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның жоғалған, бүлінген бланкілері лицензиат лицензиарға жазбаша өтініш (лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның жоғалған, бүлінген фактісін растайтын құжаттармен қоса) берген күннен бастап жарамсыз деп есептеледі.
Лицензиар өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жаңа нөмір бере отырып және жоғарғы оң жақ бұрышында «Телнұсқа» деген жазуы бар лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның телнұсқаларын береді.
16. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, одан айыру Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
17. Лицензия және (немесе) лицензияға қосымша Заңның 48-бабында көзделген жағдайларда өзінің қолданылуын тоқтатады.
4. Лицензиялық бақылау
18. Лицензиар лицензиаттың Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасын сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған лицензиялық бақылауды жүзеге асырады.
19. Лицензиар берілген, қайта ресімделген, тоқтата тұрған, жаңартылған және қолданылуы тоқтатылған лицензиялар туралы мәліметтерді қамтитын лицензиялар тізілімін жүргізеді.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 2301 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған
кейбір шешімдерінің тізбесі
1. «Дезинфекциялау, дезинсекциялау, дератизациялау құралдары мен препараттарын дайындау, өндіру, қайта өңдеу және көтерме сату жөніндегі қызметті, сондай-ақ оларды пайдалануға байланысты жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер түрлерін лицензиялау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 12 маусымдағы № 636 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 17, 185-құжат).
2. «Медициналық, дәрігерлік қызметті лицензиялау ережесін және лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 7 қарашадағы № 1057 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 43, 500-құжат).
3. «Фармацевтикалық қызметті: дәрілік заттарды өндіруді, дайындауды, көтерме және бөлшек саудада сатуды лицензиялау ережесін және оған қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 желтоқсандағы № 1341 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 50, 620-құжат).
4. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 желтоқсандағы № 1341 қаулысына толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 6 маусымдағы № 546 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 29, 284-құжат).