3) шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, сондай-ақ жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғаларға он жылға дейiнгі мерзімге жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалануға беріледі.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 7-тармақ өзгертілді
7. Азаматтар мен заңды тұлғаларға жер пайдалануға немесе меншiкке берiлетiн ауыл шаруашылығы алқаптарының сапасын мемлекеттік бақылау мақсатында бюджет қаражаты есебiнен топырақты зерттеу, топырақ-мелиорациялық, геоботаникалық зерттеулер мен топырақты бағалау материалдары деректерiнiң негiзiнде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiнiң паспорты жасалады.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерi паспортының нысанын орталық уәкiлеттi орган бекiтедi.
Жер учаскесінің паспортын жасау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды және оны беруді жер учаскесі орналасқан жердегі облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың уәкілетті органдары жүзеге асырады.
98-бап. Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру тәртібі
1. Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру (трансформациялау) қажеттiгi табиғи факторларға, оларды бұдан кейiн де басқа жер алқаптарының құрамында пайдаланудың экономикалық тұрғыдан орындылығына негiзделедi.
2. Жер учаскесi меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының жер учаскесiнiң орналасқан орны бойынша тиiстi жергiлiктi атқарушы органға берген өтiнiмi, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органның бастамасы ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру жөніндегі жұмыстарды жүргiзуге негiз бола алады.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
3. Жергiлiктi атқарушы органның шешiмi бойынша жүргiзiлетiн ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру жөніндегі жерге орналастыру жұмыстарын қаржыландыру - бюджет қаражаты есебiнен, ал жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың өтiнiштерi бойынша - олардың өз қаражатының есебiнен жүзеге асырылады.
4. Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру жер учаскесi, учаскелер тобы, суармалы алап, жер пайдалану бойынша жүргiзiлуi мүмкiн.
Топырақ-мелиорациялық жай-күйi оларды басқа алқап түрiне ауыстыруды қажет ететiн ауыл шаруашылығы алқаптарының болуы қолда бар жоспарлау-картографиялық материалдарды, жерге орналастыру, мелиорациялық құрылыс жобаларын, топырақты зерттеу, топырақ-мелиорациялық, геоботаникалық iзденiстер материалдарын, тұзданудың түсiрiлген суреттерiн, жер кадастрының, жердi түгендеудiң деректерiн зерделеу негiзiнде алдын ала анықталады.
5. Неғұрлым бағалы ауыл шаруашылығы алқаптарын бағасы төменгiлерiне ауыстыруға:
егiстiк үшiн - жердiң агроөндiрiстiк топырақ сипаттамасының олардың нақты пайдаланылуына сәйкес келмеуi, улы заттармен ластанудың жоғары деңгейi;
көп жылдық екпелер үшiн - екпелердiң шектi жасы, олардың сиреуi, жердiң кен құрамының жұтаңдығы, қолайсыз топырақ-мелиорациялық сипаттамасы;
шабындықтар үшiн - жердiң шөлейттенуi, шалғындық өсiмдiктердiң сиреуi, жердiң мелиорациялық күйiнiң нашарлауы;
жайылымдар үшiн - тапталып бүлiнуi негiз болып табылады.
Суармалы жердi суарылмайтын жерге ауыстыру кезiнде жоғарыда санамаланған факторлардан басқа, суару көзiмен байланыстың үзiлуi, сумен қамтылмауы, шаруашылық iшіндегі суару жүйелерiнiң техникалық жай-күйi, ал жайылма суармалы жер үшiн - су ағынын қайта бөлу салдарынан су басудың тоқтауы немесе су ресурстарының болмауы, құрылыстардың техникалық жай-күйi ескерiледi.
Қажет болған кезде жергiлiктi атқарушы органдар бағалы ауыл шаруашылығы алқаптарын бағасы төменгiлерiне ауыстырудың басқа да көрсеткiштерiн: ауыл шаруашылығы алқаптарының өнiмдiлiгiнiң тым төмен болуы, топырақтың тұздану, сортаңдану, ластану деңгейiн және алқаптардың сапалық сипаттамасына әсер ететiн басқа да өлшемдердi белгiлейдi.
6. Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру жөніндегі материалдарда:
қорытындылар мен ұсыныстары бар түсiндiрме жазба;
бiр түрден екiншiсiне ауыстыру көзделген жерлердiң экспликациясы;
трансформацияға жататын анықталған ауыл шаруашылығы алқаптары көрсетiлген далалық зерттеу актiсi мен сызбасы;
жер учаскелерiнiң сапалық сипаттамасы;
суару жүйесiнiң, жайылма суару жүйесiнiң, суландыру құрылыстарының техникалық жай-күйi, сондай-ақ негізгі қорлардың құны туралы мәлiметтер болуға тиiс.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
7. Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру жөніндегі материалдар ауданның уәкілетті органына аудан бойынша жинақтап қорыту, ауыл және су шаруашылығының аудандық органдарымен келiсу үшiн жiберiледi.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
8. Ауданның уәкілетті органы осы баптың 7-тармағында санамаланған органдардың ұсыныстарын ескерiп жасаған қорытындысымен бiрге:
неғұрлым бағасы төмен ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру жөніндегі материалдарды - түпкiлiктi шешiм қабылдау үшiн аудандық атқарушы органға;
суармалы жердi - суарылмайтын жерге, суарылмайтын егiстiктi ауыл шаруашылығы алқаптарының басқа неғұрлым бағасы төменiне ауыстыру жөніндегі материалдарды облыстық ауыл және су шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау органдарымен келiсу үшiн облыстың уәкілетті органына жiбередi.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
9. Келiсу нәтижелерi бойынша облыстың уәкілетті органы материалдарды тұтастай алғанда облыс бойынша тұжырымдайды және өз қорытындысымен бiрге оларды:
суарылмайтын егiстiктi неғұрлым бағасы төмен ауыл шаруашылығы алқаптарының түрiне ауыстыру бойынша - түпкiлiктi шешiм қабылдау үшiн аудандық атқарушы органға;
суарылатын егiстiктi алқаптардың суарылмайтын түрiне ауыстыру бойынша келiсу үшiн орталық уәкiлеттi органға жiбередi.
2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен 10-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
10. Орталық уәкiлеттi орган суармалар егiстiктi суарылмайтын алқап түрлерiне ауыстыру жөніндегі ұсынылған материалдарды ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі орталық уәкiлеттi органдармен келiседi және өзiнiң жинақталған қорытындысымен қоса, осы мәселе бойынша түпкiлiктi шешiм қабылдау үшiн облыстық атқарушы органға жiбередi.
11. Неғұрлым бағасы төмен ауыл шаруашылығы алқаптарын неғұрлым бағасы жоғары алқаптарға ауыстыру туралы шешiмдi, осы баптың 7-тармағында санамаланған органдардың ұсыныстарын ескере отырып, аудандық (қалалық) атқарушы орган қабылдайды.
99-бап. Инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жердi пайдалану
1. Инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын өсiруге арнайы әзiрленген суландыру, тоспа-кәрiз жүйесiмен және ауыл шаруашылығы дақылдарын кезектестiрудiң (ротациялаудың) ғылыми негiзделген схемасы белгiленген құрылғылармен жабдықталған, инженерлiк тұрғыда жоспарланған жер жатады.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
2. Инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жерде дақылдарды кезектестiру (ротациялау) схемасын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы бекiтедi. Дақылдарды кезектестiрудiң (ротациялаудың) бiрыңғай схемасымен және суармалы тоспа-кәрiз жүйесiмен байланыстырылған жер учаскелерi бөлiнбейтiн болып танылады. Осы ереже инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жердiң құрамынан осы Кодекс күшіне енгенге дейiн таратылып берiлген жер учаскелерiне де қолданылады.
3. Бұрын таратылып берiлген және бөлiнбейтiн болып танылған инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жердi пайдалану ортақ (үлестiк, бiрлескен) меншiк (ортақ (үлестiк, бiрлескен) жер пайдалану) құқығымен жүзеге асырылады және үлестi нақтылы қалпында бөлiп шығаруға жол берiлмейдi. Қатысушылар құрамынан шыққан ортақ үлестiк меншiкке қатысушы ортақ үлестiк меншiктiң басқа қатысушыларынан өз үлесiнiң құнын төлетiп алуға не осы Кодекстiң 55-бабының 2-тармағында белгiленген ережелерге сәйкес оны басқа тұлғаға сатуға құқылы.
4. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жерде дақылдарды кезектестiрудiң белгiленген схемасын ұстануға, қажеттi мелиорациялық және қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзуге, соның iшiнде учаскеде бар суландыру және тоспа-кәрiз жүйелерiн тиiсiнше тәртiппен күтiп-ұстауға мiндеттi.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара )
5. Осы баптың 4-тармағында белгiленген талаптарды бұзу, Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдарында көзделген әкiмшiлiк жазалау шараларына әкеп соғады (ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердi тиiмдi пайдаланбау), сондай-ақ осы Кодекстiң 93-бабының нормаларына сәйкес жер учаскесiн мәжбүрлеп алып қоюға негiз болуы мүмкiн.
100-бап. Арнайы жер қоры
1. Жердi ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiрушiлердiң арасында қайта бөлу мақсатымен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мен босалқы жер есебiнен арнайы жер қоры құрылады. Санитарлық нормалар мен талаптарға сай келетiн ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiруге мүмкiндiк бермейтiн жер учаскелерi арнайы жер қорына енгiзiлмейдi.
2. Арнайы жер қоры:
1) жер учаскесiнен ерiктi түрде бас тартқан кезде;
2) осы Кодекстiң 92, 93 және 95-баптарына сәйкес жер учаскелерiн мәжбүрлеп алып қойған кезде;
3) егер заң бойынша да, өсиет бойынша да мұрагерлерi жоқ, не бiрде бiр мұрагер мұраны қабылдамаған, не өсиет қалдырушы барлық мұрагерлердi мұрадан айырған, не мұрагер мемлекет пайдасына мұрадан бас тартқан немесе мұрадан кiмнiң пайдасына бас тартатынын атамай, мұрадан бас тартқан жағдайда, осы қорға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден түсетiн жер учаскелерi есебiнен құралады.
3. Осы баптың 2-тармағында аталған жер учаскелерiн арнайы жер қорының құрамына енгізу ауданның (қаланың) атқарушы органының шешiмi бойынша жүргiзiледi.
4. Арнайы жер қорының құрамына мемлекеттік жер пайдаланушылардың мақсаты бойынша пайдаланылмаған немесе Қазақстан Республикасының заңдарын бұза отырып пайдаланылған жер учаскелерiн енгізу аудандық (қалалық) атқарушы органның бiржақты шешiмi негiзiнде жүзеге асырылады.
Аудандық (қалалық) атқарушы органның шешiмiне осы Кодекстiң 89-бабында көзделген тәртiппен шағымдануға болады.
5. Осы жер учаскелерiн жаңа меншiк иелерi мен жер пайдаланушыларға бергенге дейiн оларды аудандық (қалалық) атқарушы орган белгiлеген тәртiппен және жағдайларда бұрынғы мемлекеттік жердi пайдаланушылар пайдаланады.
6. Арнайы жер қорының жерлерiн пайдалану осы Кодекстiң 97-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
Жерi бөлiсуге жатпайтын мемлекеттік ауыл шаруашылығы ұйымдарының құрамынан шыққан және шартты жер үлесi құқығы бұрын берiлмеген осы аумақта тұратын азаматтардың, сондай-ақ оралмандардың шаруа немесе фермер қожалығын немесе ауыл шаруашылығы өндiрiсiне байланысты өзге де қызметтi жүргiзуi үшiн арнайы жер қорының жерiнен бiрiншi кезекте жер учаскесiн алуға құқығы бар.
7. Арнайы жер қорынан жер учаскелерiн беру жерге орналастыру тәртібімен, әдетте, тұтас алаппен беру және жердi пайдалануда қолайлы жағдай жасау ескерiле отырып жүргiзiледi.
8. Арнайы жер қорында жердiң бар екендiгi туралы мәлiметтер баршаға қолжетiмдi болып табылады.
Осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, арнайы жер қорының жерi босалқы жер құрамында есептеледi.
101-бап. Шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзуге арналған жер учаскелерi
2011.24.03. № 420-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Жер учаскелерi шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке меншiк құқығымен немесе уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен 10 жылдан 49 жылға дейiнгi мерзiмге, ал шалғайдағы мал шаруашылығын жүргiзу үшiн (маусымдық жайылым) уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен осы Кодекске және Қазақстан Республикасының шаруа (фермер) қожалығы туралы заңдарына сәйкес берiледi.
Жер учаскесiн шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн алуға басым құқықты жеке еңбегiмен қатысу негiзiнде шаруашылық жүргiзетiн, арнаулы ауыл шаруашылығы білімi мен біліктiлiгi бар, ауыл шаруашылығында iс жүзіндегі жұмыс тәжiрибесi бар және осы ауданда, қалада, ауылда (селода), кентте тұратын азаматтар пайдаланады.
Қызметін кемінде бес жыл жүзеге асыратын және өз қызметін тоқтататын шаруа немесе фермер қожалығының жер учаскесін сатып алуға басым құқық осы шаруа немесе фермер қожалығының мүлкін сатып алған және арнайы ауыл шаруашылығы білімі мен біліктілігі бар Қазақстан Республикасының азаматтарына беріледі.
2. Қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік ауыл шаруашылығы ұйымдарының құрамынан шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн шығатын азаматтарға аталған ұйымдардың жерiнен кадастрлық бағасы шаруашылық бойынша (алқаптар бойынша) орта деңгейде болуға тиiс жер учаскелерi берiледi.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Жер учаскелерiне қатысты өздерiне тиесiлi құқықтарын, оның iшiнде шартты жер үлестерiне құқықтарын шаруашылық серiктестiктердiң жарғылық капиталына салым ретiнде немесе өндiрiстiк кооперативтерге жарна ретiнде берген азаматтар шаруа немесе фермер қожалығын не тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастыру үшiн қатысушылар (мүшелер) құрамынан шыққан кезде қатысушылардың (мүшелердің) жалпы жиналысының шешімі бойынша үлесiн немесе пайын, жер учаскесiн қоса алғанда, нақтылы бөлiп шығаруға (бөлiсуге) не үлесiнiң немесе пайының құнын төлетiп алуға құқылы.
Бұл ретте, ауыл шаруашылығы ұйымының кепілде жатқан жерлерінің құрамынан жер учаскесін бөліп шығаруға кепіл ұстаушының келісіміне немесе бөліп шығару кезінде жер учаскесіне қатысты кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелерге сәйкес жол беріледі.
Шаруашылық серiктестiкке қатысушының немесе өндiрiстiк кооператив мүшесiнiң жарғылық капиталға пайдалануға ғана берген жер учаскесi сыйақысыз нақтылы қалпында қайтарылады.
Қатысушылардың (мүшелердiң) құрамынан шығу туралы және жер учаскесiн бөлiп шығару туралы өтiнiш ауыл шаруашылығы ұйымына берiледi.
Шаруа немесе фермер қожалығын не тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастыру үшін үлес немесе пай есебіне нақтылы бөліп шығарылатын жер учаскесінің орналасқан жері, сондай-ақ шаруашылық серіктестіктеріне, өндірістік кооперативтерге олардан шыққан қатысушының (мүшенің) бөліп берілетін жерге жүргізілген шығындарды өтеуі шаруашылық серіктестіктерінің, өндірістік кооперативтердің құрылтай құжаттарында көзделген тәртіппен немесе тараптардың келісімімен айқындалады.
Ауыл шаруашылығының егіс жұмыстары жүргізіліп жатқан кезеңде жер учаскесін нақтылы бөліп шығаруға, мұндай бөліп шығару ауыл шаруашылығы ұйымының немесе ортақ меншікке (ортақ жер пайдалануға) қатысушылардың келісімімен жүргізілетін жағдайды қоспағанда, жол берілмейді.
Құрылтай құжаттарында жер учаскесiн бөлiп шығару (бөлiсу) тәртібі болмаған жағдайда осы баптың 4-тармағының нормалары қолданылады.
2011.24.03. № 420-IV ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Осы Кодекстің 10-бабының 4-1-тармағына сәйкес, шаруа немесе фермер қожалығы өзіне уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен тиесілі, үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан жер учаскелерін, оларды пайдалану және оларға қызмет көрсету үшін қажетті жерімен қоса сатып алуға құқылы.
Үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан жер учаскелерін, оларды пайдалану және оларға қызмет көрсету үшін қажетті жерімен қоса сатқан немесе сыйға тартқан кезде сатушының бүкіл жер учаскесіне тиісті құқығын алуға сатып алушының басым құқығы болады.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 4 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара )
4. Үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылар болып табылатын және шаруа немесе фермер қожалығын не тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргiзу үшiн қатысушылар құрамынан шығатын азаматтарға жер учаскелерi осы Кодекстiң 54-бабына сәйкес, үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың жалпы жиналысы бекiткен, үлестiк меншiктегi (үлестiк жердi пайдаланудағы) жер учаскесiн пайдалану тәртібіне сәйкес берiледi.
Жер учаскесiн пайдалану тәртібі болмаған кезде үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) мүдделi қатысушы жер үлесi (жер үлестерi) есебiне жер учаскесiн бөлiп шығару ниетi туралы, оның болжамды орнын көрсете отырып, үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қалған қатысушыларды жазбаша түрде хабардар етуге мiндеттi. Жер учаскесiнiң орналасқан жерi жөніндегі мәселе келiсу рәсiмдерiн жүргiзу арқылы не ортақ меншiкке (ортақ жер пайдалануға) қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң жалпы жиналысының шешiмi негiзiнде шешiлуi мүмкiн. Жиналыс хабарланған кезден бастап бiр ай iшiнде өтуге тиiс және ортақ меншiкке (ортақ жердi пайдалануға) қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң кемiнде 50 %-i қатысқан кезде құқылы болып есептеледi. Шешiм жиналысқа қатысқан үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң жай көпшiлiк даусымен қабылданады және хаттамамен ресiмделедi. Жиналысқа қатысқан үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) барлық қатысушылар немесе олардың өкiлдерi хаттамаға қол қояды.
Егер тиiсiнше хабарланған күннен бастап бiр ай iшiнде үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардан қарсылықтар келiп түспесе, жер учаскесiнiң орналасқан жерi туралы ұсыныс келісілген болып саналады.
2011.24.03. № 420-IV ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Азаматтың өтініші және осы өтінішке қоса берiлген, бөлiп шығарылатын жер учаскесiнiң орналасқан жерi туралы келісілген материалдар оған жер учаскесіне құқықты ресімдеу үшін жергілікті атқарушы органға жіберіледі.
6. Шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн жер учаскелерiн алған және ауылда (селода) тұрғын үйi бар азаматтардың үй жанындағы жер учаскесi меншiк құқығында сақталады, ол шаруа немесе фермер қожалығының жер учаскесiнiң құрамына кiрмейдi.
7. Ауыл шаруашылығы ұйымдарының қызметкерлерi болып табылмайтын азаматтарға шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн жер учаскелерi арнайы жер қорының жерiнен және босалқы жерден берiледi.
102-бап. Өзiндiк қосалқы шаруашылыққа, бағбандыққа және саяжай құрылысына арналған жер учаскелерi
1. Қазақстан Республикасының азаматтарына өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу, бағбандық және саяжай құрылысы үшiн жеке меншiкке жер учаскелерi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден, ауылдық елдi мекендердiң жерiнен және босалқы жерден берiледi.
2. Өзiндiк қосалқы шаруашылыққа, бағбандыққа және саяжай құрылысына арналған жер учаскелерiнiң меншiк иесi болып табылатын азаматтар ортақ мүдделерi үшiн Қазақстан Республикасының заң актілерінде құқықтық жағдайы белгiленетiн жай серiктестiктерге, бағбандық немесе өзге де тұтыну кооперативтерiне бiрiгуге құқылы.
3. Бағбандыққа немесе саяжай құрылысына арналған жер учаскелерi азаматтардың бөлек меншiгiнде болып, ал жер учаскелерiнiң меншiк иелерiнiң ортақ қажеттерiн қанағаттандыруға арналған жер учаскелерi мен басқа да мүлiк олардың ортақ үлестiк меншiгiнде болған жағдайда меншiк иелерi арасындағы ортақ мүлiкке байланысты қатынастарға кондоминиум туралы нормалар қолданылады.
103-бап. Жекешелендiрiлетiн мемлекеттік ауыл шаруашылығы ұйымдарының жер учаскесiн бөлiсу
1. Жекешелендiрiлетiн мемлекеттік ауыл шаруашылығы ұйымдары қызметкерлерiнiң, сондай-ақ зейнеткерлер мен осы ұйымдардың өндiрiстiк және әлеуметтiк-мәдени қызмет көрсету салаларында iстейтiн және олардың аумағында тұратын адамдардың шартты жер үлесiне құқығы бар.
2. Қайта ұйымдастырылатын немесе таратылатын мемлекеттік ауыл шаруашылығы ұйымдарының өздерi пайдаланатын жерiнiң шекарасы шегіндегі ауыл шаруашылығы алқаптары шартты жер үлесiне бөлiске жатады, бұған:
1) елдi мекендер шегiне кiрген;
2) ауданның арнайы жер қоры құрамына енгiзiлген;
3) нормадан тыс радиациялық ластануға ұшыраған немесе тұрғын халықтың өмiрi мен денсаулығына өзгедей қауiп төндiретiн;
4) пайдалы қазбаларды қазу кезiнде бүлiнген және мақсаты бойынша пайдалану үшiн жарамды күйге келтiрiлiп жаңғыртылмаған;
5) шалғайдағы мал шаруашылығының уақытша жер пайдаланудағы жер учаскелерi қосылмайды.
3. Шартты жер үлесiнiң мөлшерi:
1) ауыл шаруашылығы ұйымының жер пайдалануындағы ауыл шаруашылығы алқаптарының жалпы көлемiн шартты жер үлесiне құқығы бар адамдардың санына бөлу арқылы - гектармен;
2) ауыл шаруашылығы ұйымының жер пайдалануындағы ауыл шаруашылығы алқаптарының балл-гектар сомасын шартты жер үлесiне құқығы бар адамдар санына бөлу арқылы - балл-гектармен (көлемге көбейтiлген топырақ бонитетiнiң балы) есептеп шығарылады.
4. Шартты жер үлесi мөлшерiн анықтау нәтижелерi және шартты жер үлесiне құқығы бар азаматтардың тiзiмi жекешелендiрiлетiн шаруашылықтың еңбек ұжымының жалпы жиналысының шешiмiмен бекітілiп, хаттамамен ресiмделiп, аудандық (қалалық) атқарушы органда бекітілуге тиiс.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 5 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
5. Азаматтардың шартты жер үлесiне құқығы шартты жер үлестерiн иеленушiлердiң тiзiмi мен шартты жер үлестерiнiң мөлшерiн аудандық (қалалық) атқарушы орган бекiткеннен кейiн үш ай iшiнде жер учаскесі орналасқан жердегі республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органы беретiн шартты жер үлесiне құқық туралы куәлiкпен куәландырылады.
6. Шартты жер үлестерiн иеленушiлер шартты жер үлесiне құқық туралы куәлiктi алған кезден бастап бiр жыл iшiнде шартты жер үлестерi есебiне осы Кодексте белгiленген тәртiппен және жағдайларда жер учаскесiн меншiкке немесе жердi пайдалануға алуға мiндеттi.
Аталған адамдардың жер учаскелерiн бөлек немесе ортақ меншiкке (жер пайдалануға) ресiмдеуге құқығы бар.
7. Шартты жер үлесiнiң иесi болып табылатын азамат Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққан жағдайда, оның жер үлесiне құқықтары тоқтатылған болып саналады.
2009.24.07 № 190-IV ҚР Заңымен 104-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
104-бап. Ұзақ мерзiмдi пайдаланылатын мал айдау жолдары
1. Селодағы тауар өндiрушiлердiң малын маусымдық жайылымдарға, ет комбинаттары мен мал сатып алу орындарына айдап апару үшiн ұзақ мерзiмдi пайдаланылатын мал айдау жолдарына, әдетте, айдалатын малдың жолдағы азығын қамтамасыз ететiн мөлшерде жер пайдалану шекарасының бойындағы жайылымдық алқаптардан жер учаскелерi берiледi.
2. Бiр ауданның шегiнде мал айдауға арналған ұзақ мерзiмдi пайдаланылатын мал айдау жолдарына жер учаскелерiн аудандық (қалалық) атқарушы орган бередi.
Бiрнеше ауданның аумағы арқылы мал айдау үшiн мал айдайтын жолдарға жер учаскелерiн беру туралы шешiмдi облыстық атқарушы орган қабылдайды.
3. Ұзақ мерзiмдi пайдаланудағы мал айдайтын жолдардың жер пайдаланушылары болып табылатын адамдар қажеттi мөлшерде құдықтар мен малды суаруға және малды дамылдатуға арналған алаңдар, экологиялық талаптардың сақталуын және жолдардың қалыпты пайдаланылуын қамтамасыз ететiн құрылыстар мен ғимараттар салуға, айдалатын малды белгіленген тәртіппен ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен келісілген мерзімдерде кедергiсiз өткiзуге мiндеттi.
4. Жер пайдалану құқығымен жер учаскелерiн бермей, уақытша (маусымдық) пайдаланылатын мал айдайтын жолдарды бөлу сервитут ережелерi бойынша жүргiзiледi (осы Кодекстiң 70-бабы).
105-бап. Ауыл шаруашылығы өндiрiсіндегі шығасының орнын толтыру
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
1. Ауыл шаруашылығын жүргізуге байланысты емес мақсаттарға пайдалану үшiн ауыл шаруашылығы алқаптарын алып қоюдан туындаған ауыл шаруашылығы өндiрiсіндегі шығасы ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемi мен олардың сапасын қалпына келтiру арқылы ауыл шаруашылығы өндiрiсiнiң деңгейiн сақтау мақсатында бюджет кiрiсiне өтелуге тиіс.
Бұл шығасы осы Кодекстiң 166-бабында көрсетiлген шығынның орнын толтырудан тыс өтеледi.
2. Өнеркәсiп, көлiк, байланыс, қорғаныс жерiн және ауыл шаруашылығына арналмаған өзге де жердi қоспағанда, ауыл шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес қажеттер үшiн жердiң барлық санаттарының құрамынан ауыл шаруашылығы алқаптары берiлетiн тұлғалар, сондай-ақ күзет, санитарлық және қорғау аймақтары белгiленетiн тұлғалар ауыл шаруашылығы өндiрiсіндегі шығасыны өтейдi.