3. Егер заң актілерінде немесе тараптар келісімінде өзгеше белгіленбесе, банктік шот шарты мерзімсіз болып табылады.
748-бап. Банктік шот шартының нысаны
1. Банктiк шот шарты жазбаша түрде жасалуға тиiс.
2. Банктiк шот шартының жазбаша түрiн сақтау осы шарттың жарамсыздығына әкеп соғады.
749-бап. Клиенттiң ақшасына билiк ету
1. Банк клиенттiң банктегi ақшасын алып қоюды егер заң актілерінде немесе банктiк шот шартында өзгеше көзделмесе, клиент өкімінiң негiзiнде жүзеге асырады.
Егер заңдарда немесе банктiк шот шартында өзгеше көзделмесе, банк клиенттiң ақшаны пайдалану бағытын белгiлеу мен бақылауға және оның өз қалауынша ақшаға билiк ету құқығына заңдарда көзделмеген шек қоюға құқығы жоқ.
2. Егер ақшаны азамат салған болса, банктегi ақшаға билiк ету құқығын не азаматтың өзi, не ол осы құқықты сенiп берген адам пайдаланады.
Егер ақшаны заңды тұлға салған болса, банктегi ақшаға билiк ету құқығын осы заңды тұлғаның басшысы және (немесе) ол уәкiлдiк берген өзге адамдар пайдаланады.
3. Банктегi ақшаға клиент атынан билiк етудi жүзеге асыратын адамдардың құқықтары клиент банкке заңдарда және шартта көзделген құжаттар ұсыну арқылы расталады.
4. Банктiк шот шартында банктегi ақшаға билiк етудiң тәртібі белгiленуге тиiс. Мұндай тәртiпке қойылатын талаптар банктiк заңдармен белгiленедi.
2009.11.07 № 185-IV ҚР Заңымен 750-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
750-бап. Банктiк шот шарты бойынша банк орындайтын операциялар
1. Банктiк шот шартына сәйкес банк:
1) клиент талап еткен кезде ақшаның болуын қамтамасыз етуге;
2) клиенттiң пайдасына түскен ақшаны қабылдауға;
3) клиенттiң үшiншi тұлғалардың пайдасына ақша аудару туралы өкімін орындауға;
4) үшiншi тұлғалардың, егер бұл Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және (немесе) банктiк шот шартында көзделсе, клиенттiң ақшасын алып қою туралы өкiмдерiн орындауға;
5) банктiк шот шартында белгiленген тәртiп бойынша клиенттен қолма-қол ақша алуды және оған берудi жүзеге асыруға;
6) клиенттiң талап етуi бойынша клиенттiң банктегi ақша сомасы және жүргiзiлген операциялар туралы ақпаратты шартта көзделген тәртiппен беруге;
7) клиентке шартта, заңдарда және банктiк тәжiрибеде қолданылатын іскерлік айналым дағдыларында көзделген өзге де банктік қызмет көрсетуге мiндеттi.
2. Банк клиенттiң пайдасына келiп түскен ақшаны қабылдауға, сондай-ақ клиенттiң ақшасын алып қоюды немесе оның ақшасын берудi, егер заң актілерінде және соларға сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi шығарған нормативтiк құқықтық актiлерде өзге мерзiмдер көзделмесе, оның бір ізге түсірілген дербес коды бойынша тиісті нұсқаумен банкке келiп түскен күннен кейiнгi келесi күннен кешiктiрмей, сондай операцияларды көрсете отырып жүргiзуге мiндеттi.
ҚР 29.11.1999 № 486-I Заңына сәйкес 751-бап өзгерді
751-бап. Ақшаны пайдаланғаны үшін сыйақы
Банктегi ақшаны пайдаланғаны үшiн банк шартта белгiленетiн мөлшер мен тәртiп бойынша сыйақы төлейдi.
752-бап. Банктiк шот шартын бұзу
1. Банктiк шот шарты, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, клиенттiң өтiнiшi бойынша кез келген уақытта бұзылады.
2. Банктік шот шартын бұзу клиенттің бір ыңғайландырылған дербес кодын жою үшiн негiз болып табылады.
3. Банкте қалған ақша клиентке берiледi не оның нұсқауы бойынша үшiншi тұлғалардың пайдасына аударылады (алып қойылады).
753-бап. Банктердiң банктiк шоттары
Осы тараудың ережелерi, егер заң актілерінде немесе оларға сәйкес қабылданған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актілерінде өзгеше көзделмесе, банктердiң банктiк шоттарына қолданылады.
3. Ақша аудару
754-бап. Ақша аудару туралы шарт
1. Ақша аудару туралы шарт бойынша бiр тарап (банк) екiншi тараптың (клиенттiң) тапсырмасы бойынша клиентке бiр-ыңғайландырылған дербес код бермей-ақ үшiншi тұлғаға ақша аударуға мiндеттенедi.
2. Банктiң клиентке бiр ыңғайландырылған дербес код бермей-ақ ақша аудару тәртібі банк қызметiн реттейтiн заң актілерімен белгiленедi.
755-бап. Ақша аудару туралы шарттар жасасу
Егер банк қызметін реттейтін заң актілерінде өзгеше көзделмесе, егер банк клиенттiң тапсырмасын клиент оған осындай банктiк қызмет көрсету туралы ұсыныс жасаған кезде орындауға қабылдаған жағдайда, банктік шот ашпай-ақ ақша аудару туралы шарт жасалған болып есептеледi.
4. Банк салымы
09.07.03 ж. № 482-II ҚР Заңымен ; 2009.12.02. № 133-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 756-бап өзгертілді
756-бап. Банк салымы шарты
Банк салымы шарты бойынша бiр тарап (банк) екiншi тараптан (салымшыдан) ақша (салым) алуға, олар бойынша банктік салым шартында көзделген мөлшерде және тәртiппен сыйақы төлеуге және салымның осы түрi үшiн заң актілерінде және шартта көзделген жағдайлар мен тәртiп бойынша салымды қайтаруға мiндеттенедi.
Салымдар түрiнiң әрқайсысы бойынша банктер клиенттiң ақшасын есепке алу мақсатында оған бiрыңғайландырылған дербес код бередi. Бiрыңғайландырылған дербес кодты беру, жою, клиенттiң ақшасына есеп жүргiзу тәртібі Қазақстан Республикасының банк заңдарында белгiленедi.
Банк салымдарының ерекшеліктері Қазақстан Республикасының банк қызметін реттейтін заңнамалық актілерінде белгіленуі мүмкін.
757-бап. Банк салымдарының түрлерi
1. Салымдарды қайтару талаптарына қарай олар мынадай түрлерге бөлiнедi:
1) талап етiлмелi салым;
2) мерзiмдi салым;
3) шартты салым.
2. Талап етiлмелi салым салымшының бiрiншi талап етуi бойынша толық немесе iшiнара қайтарылуға тиiс.
Мерзiмдi салым белгiлi бiр мерзiмге салынады.
Шартты салым банк салымы шартында белгiленген мән-жайлар болғанға дейiн салынады.
3. Мерзiмдi салымды салымшы белгiленген мерзiм өткенге дейiн, ал шартты салымды банктiк салым шартында белгiленген мән-жайлар басталғанға дейiн талап еткен жағдайда салым бойынша сыйақы, егер банк салымы шартында өзгеше көзделмесе талап етiлмелi салым бойынша белгiленген мөлшерде төленедi.
2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 758-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
758-бап. Банк салымы шартының нысаны
1. Банк салымы шарты жазбаша түрде және заң актілерінде, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актiлерінде және банктiк тәжiрибеде қолданылып жүрген іскерлік айналым дағдыларында белгіленген талаптарға сай жасалуға тиіс.
2. Салымшының талап етуi бойынша салымның жасалғанын куәландыратын құжат не оның атына, не белгiлi бiр үшiншi тұлғаның атына ресiмделуi мүмкiн.
3. Банк салымының жазбаша нысанын сақтамау осы құқықтың жарамсыздығына әкеп соғады.
759-бап. Банк салымы шартының қолданылу мерзiмi
1. Банк салымы шарты салым сомасы банкке келiп түскен күннен бастап жасалған болып саналады.
2. Талап етiлмелi банк салымы шарты мерзiмсiз болып табылады.
3. Салымшы мерзiмдi салымның сомасын оның мерзiмi өткеннен кейiн, сондай-ақ шартты салымның сомасын банк салымы шартты салымның қайтарылуын байланыстыратын мән-жайлар пайда болғаннан кейiн талап етпесе, егер шартта өзгеше көзделмесе, банк салымы шарты талап етiлмелi салым шарттарымен ұзартылған болып саналады.
ҚР 29.11.1999 № 486-I Заңына сәйкес; 2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 760-бап өзгертілді
760-бап. Банк салымы шарты бойынша сыйақы
1. Банк салымшыға банк салымы шартында белгiленетiн мөлшерде салым сомасына сыйақы төлейдi.
2. Банк салымы шартында көзделген салым мерзімін ұзарту жағдайларын қоспағанда, банктiң салым бойынша сыйақының мөлшерiн бiржақты тәртiппен өзгертуге құқығы жоқ.
761-бап. Банк салымы шарты бойынша сыйақы төлеудiң тәртібі
1. Банк салымы шарты бойынша банк сыйақыны банк салымы шартында белгiленген тәртiппен және мөлшерде төлейдi.
2. Егер банк салымы шартында өзгеше көзделмесе, банк салымы бойынша сыйақы салымшыға оның талап етуi бойынша әр тоқсан аяқталғаннан кейiн салым сомасынан бөлек төленедi, ал бұл мерзiмде талап етiлмеген сыйақының сомасы салымның сыйақы төленетiн сомасын арттырады.
Салымды қайтару кезiнде салымшыға сол кездегі оған тиесілі барлық сыйақы төленедi.
3. Талап етiлмелi салым бойынша салымшы салым бойынша өзiне тиесiлi сыйақыны салым сомасынан бөлек алуға құқылы.
Мерзiмдi салым бойынша да салымшы салым бойынша өзiне тиесiлi сыйақыны оның мерзiмi аяқталғанға дейiн салым сомасынан бөлек алуға құқылы, бiрақ бұл ретте, банк салымы туралы шартта өзгеше көзделмесе, сыйақының мөлшері банк талап етілмелі салым үшiн қолданатын мөлшерге сәйкес қайта есептелiнедi. Салым мерзiмiнiң аяқталуы бойынша салымшы өзiне тиесілі сыйақыны ол салымды талап ете ме немесе етпей ме оған қарамастан, толық мөлшерде алуға құқылы (осы Кодекстiң 759-бабының 3-тармағы).
Шартты салым бойынша салымшының оған тиесiлi сыйақыны салымның сомасынан бөлек алуы банк салымы шартында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
4. Сыйақы салымды қайтару үшiн көздемеген мерзiмдерде және нысанда төленедi (осы Кодекстiң 765-бабы).
5. Салымды толық қайтару кезiнде салымшыға сол кездегi өзiне тиесiлi барлық сыйақы төленедi.
762-бап. Салымдарды енгізу
1. Егер банк салымы шартында өзгеше көзделмесе, салымшылар салымдарды қолма-қол ақшамен де, қолма-қол ақшасыз аудару арқылы да енгiзедi.
2. Талап етiлмелi салым кезiнде салымшы ақшаны кез келген сомада және кез келген кезеңде жекелеген жарналармен енгiзе алады. Бұл ретте жаңа түскен сомалар бойынша сыйақы есептеу, сыйақының банкке ақша түскен күнi қолданылған мөлшерiне қарай жүргiзiледi.
Мерзiмдi салымдар, сондай-ақ шартты салымдар кезiнде, егер банк салымы шартында өзгеше көзделмесе, салымшы ақшаны бiр жолғы жарна түрiнде енгiзедi.
763-бап. Үшiншi тұлғалардың салымға ақша енгізуi
Банкке үшiншi тұлғалардан салымшының атына оның бiрыңғайландырылған дербес коды туралы қажеттi деректер көрсетiле отырып түскен ақша салымға енгiзiледi.
764-бап. Үшiншi тұлғалардың пайдасына салымдар
1. Банкке салым белгiлi бiр үшiншi тұлғаның атына енгiзiлуi мүмкiн.
Пайдасына салым енгiзiлетiн азаматтың атын (осы Кодекстiң 15-бабы) немесе заңды тұлғаның атауын (осы Кодекстiң 38-бабы) көрсету тиiстi банк салымы шартының елеулi талабы болып табылады.
Шарт жасасу қарсаңында қайтыс болған азаматтың не сол кезде болмаған заңды тұлғаның пайдасына банк салымы шарты жарамсыз болады.
2. Үшiншi тұлға салымшының құқығынан жазбаша түрде бас тартқан жағдайда банк салымы шартын жасаған тұлға салымға өзi енгiзген ақшаға қатысты салымшының құқықтарын пайдалана алады.
3. Үшiншi тұлғаның пайдасына шартты салым енгiзген жағдайда, ол банк салымы шартында көзделген талаптарды сақтаған кезде ғана оларға билiк етуге құқылы. Бұл талаптар басталғанға дейiн үшiншi тұлға салымға тек салым енгiзген тұлғаның жазбаша рұқсаты бойынша ғана билiк ете алады.
Салым бойынша талап, банк салымы шартында жазбаша түрде жазылуға, заң актілеріне қайшы келмеуге және салымды берудi қиындататын түсiнiксiздiгi болмауға тиiс.
Шартты салымды алу үшiн үшiншi тұлға банкке белгiленген талаптарды орындағандығын растайтын құжаттар табыс етедi.
Үшiншi тұлғаның пайдасына шартты салым енгiзген тұлғаның: үшiншi тұлға осы талаптың орындалғанын растайтын құжат ұсынбаған жағдайда, өзi белгiлеген талаптарды өзгертуге; үшiншi тұлға салым енгізу кезiнде көрсетiлген талапты орындамаған не ол банк салымы шартында көзделген талапты орындағанға дейін қайтыс болған жағдайда салымға билік етуге құқығы бар.
4. Yшiншi тұлғаның пайдасына шарт туралы ережелер (осы Кодекстiң 391-бабы), егер ол осы баптың ережелерiне қайшы келмесе, үшiншi тұлғаның пайдасына банк салымы шартына қолданылады.
ҚР 29.03.2000 № 42-II Заңына сәйкес 765-бап жаңа 6-1-тармақпен толықтырылды; 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 765-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
765-бап. Банк салымдарын қайтару
1. Банк салымды немесе оның бiр бөлiгiн салымшының алғашқы талап етуi бойынша:
1) талап етiлмелi салымдар бойынша - салымшы талаптарының келiп түсуi бойынша;
2) мерзiмдi салымдар бойынша - банк салымы шартында көзделген мерзiмнiң басталуы бойынша;
3) шартты салымдар бойынша - банк салымы шарты басталуымен салымның қайтарылуын байланыстыратын мән-жайлар болған кезде беруге мiндеттi.
2. Салымшының мерзiмдi салымды мерзiмiнен бұрын қайтарып алуға құқығы бар.
Бұл ретте банк салымды немесе оның бiр бөлiгiн салымшының талабы келiп түскен кезден бастап бес күннен кешiктiрмей беруге мiндеттi.
3. Шартты салымдар бойынша салымшының банк салымы шарты салымның қайтарылуын байланыстыратын мән-жайлар басталғанға дейiн салымды қайтарып алуға құқығы бар. Бұл ретте банк салымды немесе оның бiр бөлiгiн осы баптың 2-тармағында көзделген мерзiмде беруге мiндеттi.
4. Салымшының мерзiмдi салымды мерзiмiнен бұрын алу құқығынан бас тартуы туралы банк салымы шартының, сондай-ақ шартты салымның ережелерi көзделген талаптар басталғанға дейiн жарамсыз болып табылады.
5. Шетел валютасымен енгiзiлген салым, егер заң актілерінде, банк салымы шартында немесе тараптардың қосымша келісімiнде өзгеше көзделмесе, нақ сондай валютамен қайтарылуға тиiс.
6. Банк салымшының салымды немесе оның бiр бөлiгiн қайтару туралы талабын осы баптың 2-3-тармақтарында көзделген мерзiмде орындамаған жағдайда сыйақыны төлеу банк салымы шартында көзделген талаптарда жалғастырылады.
6-1. Осы баптың ережелерi кепiл нысанасы болып табылатын салымдарға қолданылмайды.
2009.28.08 № 192-IV ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
7. Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздер бойынша және тәртіппен банк салымын беру тоқтатыла тұруы мүмкін.
766-бап. Банк салымын қайтаруды қамтамасыз ету
Банк өзі алған салымдарды қайтаруды қамтамасыз ету үшін пайдалануға мiндеттi амалдар мен әдiстер заң актілерімен, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актілерімен және банк салымы шартымен белгiленедi.
767-бап. Банк салымы бойынша жасалған операциялар үшiн банк көрсеткен қызметтерге ақы төлеу
Салымшы банк салымдары бойынша жасалған операциялар жөніндегі банк көрсеткен қызметтерге шартта көзделген тәртiппен ақы төлейдi.
39-тарау. Сақтау
1. Сақтау туралы жалпы ережелер
768-бап. Сақтау шарты
1. Сақтау шарты бойынша бiр тарап (сақтаушы) оған екiншi тараптың (жүк берушiнiң) берген затын сақтауға және бұл затты сақталған күйiнде қайтаруға мiндеттенедi.
2. Сақтау шарты зат сақталуға берiлген кезден бастап жасалған деп танылады.
3. Қозғалмайтын мүлiктi күзетуге осы тараудың күшi қолданылмайды.
769-бап. Затты сақтауға қабылдау туралы шарт
1. Сақтауды кәсiпкерлiк қызмет ретiнде жүзеге асыратын сақтаушы шарт бойынша өзiне жүк берушiнiң затын сақтауға қабылдау және жүк берушiнiң берген затын осы тараудың ережелерiне сәйкес сақтау мiндеттемесiн өз мойнына алуы мүмкiн.
2. Шарт бойынша өзiне затты сақтауға қабылдау мiндеттемесiн алған сақтаушының бұл заттың өзiне сақтауға берiлуiн талап етуге құқығы жоқ. Алайда шартта көзделген мерзiмде затты сақтауға бермеген жүк берушi, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, сақталмай қалуға байланысты келтiрiлген залалдар үшiн сақтаушының алдында жауапты болады.
3. Егер жүк берушi сақтаушының қызметiнен бас тартқандығы туралы қисынды мерзiмде мәлiмдеген болса, ол затты сақтауға бермегенi үшiн жауапкершiлiктен босатылады.
4. Егер шартта өзгеше көзделмесе, шартта келісілген мерзiмде зат сақталуға өткізілмеген, ал бұл мерзiм шарт жасалған күннен бастап отыз тәулiк өткенге дейiн белгiленбеген жағдайларда сақтаушы затты сақтауға қабылдау мiндетiнен босатылады.
770-бап. Затты сақтауға қабылдау мiндетi
Өзiнiң кәсiпкерлiк қызметiне қарай сақтауды жүзеге асыратын сақтаушының, егер заң актілерінде өзгеше белгiленбесе, техникалық мүмкіндік бола тұра затты сақтауға қабылдаудан бас тартуға құқығы жоқ. Мұндай жағдайларда сақтау шарттары жария деп танылады (осы Кодекстің 387-бабы).
771-бап. Заттарды иесіздендіріп сақтау
1. Иесiздендiрiп сақтау кезiнде сақтауға алынған заттар басқа жүк берушiлердiң сол тектес және сапасы сондай заттарымен араласып кетуi мүмкiн. Жүк берушiге заттар сол тектес және сапасы сондай тең немесе тараптардың келісілген мөлшерiнде қайтарылады.
2. Заттарды иесiздендiрiп сақтау кезiнде, егер заң актілерінде немесе тараптардың келісімiнде белгiленсе, заттар осы тектес және сапасы сондай заттардан оқшау ұсталуға тиіс.
772-бап. Сақтау шартының нысаны
1. Сақтаушының нөмiрлер, жетондар және басқа да заңды деп танылған белгiлер беруi арқылы заттарды қысқа мерзiмге сақтауға сақтау камераларына және вокзалдардың, әуежайлардың, мекемелердiң, кәсiпорындардың, театрлардың, мұражайлардың, стадиондардың, асханалардың және т.б. киім iлгiштерiне өткізулердi қоспағанда, сақтау шарты жазбаша түрде жасалуға тиiс.
2. Егер сақтауға алынған заттар сақтаушы жүк берушiге сақтау қолхатын, түбіртек, куәлік, сақтаушы қол қойған өзге де құжаттар беру жолымен куәландырылған болса, шарттың жазбаша нысаны сақталған болып есептеледi.
3. Тұрмыстық қызмет көрсету түріндегі сақтау шарты ауызша нысанда жасалуы мүмкiн.
4. Сақтауға алынған зат пен сақтаушы қайтарған заттың бірдейлігі туралы дау туған жағдайда куәгерлік айғақтарға жол берiледi.
5. Заттарды төтенше жағдайлар (өрт, су тасқыны және басқалар) кезiнде сақтауға өткізу, шарттың жазбаша нысаны болмаған жағдайда сақтауға өткiзiлген заттардың құнына қарамастан куәгерлiк айғақтар бойынша дәлелденуi мүмкiн.
773-бап. Сақтау мерзiмi
1. Егер зат талап етiлмелi сақтауға немесе мерзiмi көрсетiлмей өткiзiлген болса, сақтаушы осындай жағдайлардағы заттың әдеттегi сақталу мерзiмi өткен соң жүк берушiнiң заттарды қайтып алуын талап етуге құқылы, бiрақ жүк берушiге затты қабылдап алуға жететiндей қисынды мерзiм беруге мiндеттi.
2. Жүк берушi шарт бойынша сақтаудың өзге мерзiмi көзделгенде де кез келген уақытта сақтаушыдан затты талап етуге құқылы. Алайда бұл жағдайда жүк берушi, егер шартта өзгеше көзделмесе, сақтаушыға мiндеттеменiң мерзiмiнен бұрын, тоқтатылуынан туған залалдарды өтеуге мiндеттi.
774-бап. Сақтаушыға сыйақы беру және оның шығындарын өтеу
1. Сақтау шарты бойынша сақтаушыға берiлетiн сыйақы мөлшерi тараптардың келісімiмен белгiленедi. Заң актілерінде белгiленген жағдайларда сыйақының мөлшерi таксалар, ставкалар, тарифтер бойынша айқындалуы мүмкiн.
2. Тараптардың келiсуiмен немесе заң актілерімен сақтаудың тегiн түрi шарттастырылуы мүмкiн. Тегiн сақтау кезiнде жүк берушi сақтаушыға заттарды сақтау үшiн қажеттi, нақты жұмсалған шығындарды өтеуге мiндеттi.
3. Егер заңдарда немесе тараптардың келісімiнде өзгеше көзделмеген болса, сақтаушыға сақтағаны үшiн сыйақы сақтау аяқталған соң, ал егер кезең бойынша төлеу көзделген болса - әрбiр кезеңнiң аяқталуы бойынша төленуге тиiс. Егер сақтау, шартта белгiленген сақтау мерзiмiнен бұрын тоқтаса, сақтаушыға сыйақының соған мөлшерлес бөлiгi төленуi тиiс.
4. Егер шартта көзделген мерзiм өткеннен кейін сақтауда тұрған затты жүк беруші қайтарып алмаған болса, ол сақтаушыға затты бұдан әрi сақтағаны үшiн сол бұрынғы мөлшерде сыйақы төлеуге мiндеттi.
5. Егер шартта өзгеше көзделмесе, сақтау бойынша шығындар сыйақының сомасына енгiзiледi. Төтенше шығындар сыйақының сомасына немесе шартта көзделген шығындардың құрамына кірмейдi деп ұйғарылады.
775-бап. Сақтаушының заттардың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерi
1. Сақтаушы өзiне берiлген заттардың сақталуын қамтамасыз ету үшiн шартта көзделген, сондай-ақ басқа да қажеттi барлық шараларды қолдануға мiндеттi.
2. Егер сақтау тегiн жүзеге асырылатын болса, сақтаушы сақтауға алынған затқа өз заты сияқты қамқорлық жасауға мiндеттi.
3. Зат оның табиғи бұзылуы немесе табиғи кемуi ескерiле отырып сақтауға қабылданған күйiнде қайтарылуға тиiс.
4. Шартта көзделген, сондай-ақ, егер затты пайдалану оның сақталуын қамтамасыз етуi үшiн қажет болған жағдайларды қоспағанда, сақтаушының затты пайдалануға құқығы жоқ.
5. Сақтаушы затты қайтарумен қатар, егер шартта өзгеше көзделмеген болса, оны сақтау уақытында алынған нәтижелер мен кiрiстердi де беруге құқылы.
776-бап. Сақтау жағдайларын өзгерту
1. Затты сақтаудың сақтау шартында көзделген жағдайларын өзгерту қажет болған кезде сақтаушы бұл туралы жүк берушiге дереу хабарлауға және оның жауабын күтуге мiндеттi.
2. Заттың жоғалу және бүлiну қаупi туған жағдайда сақтаушы жүк берушiнiң жауабын күтпестен, сақтаудың шартта көзделген әдiсi мен орнын өзгертуге мiндеттi (осы баптың 1-тармағы).
3. Егер зат сақталу кезiнде бүлiнуге ұшыраса немесе оның сақталуын қамтамасыз етуге мүмкiндiк бермейтiн және жүк беруші тарапынан шаралар қолдануды күтуге болмайтын басқа жағдайлар туындағанда, сақтаушы сақтау және сату бойынша өз шығындарын өтей отырып, затты немесе оның бiр бөлiгiн сатуға құқылы.
777-бап. Затты үшiншi тұлғаға сақтауға беру
1. Егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмеген болса, сақтаушының жүк берушiнiң келісімiнсiз, егер бұл орайда жүк берушiнiң мүдделеріндегі қажеттілік тумаса және сақтаушы оның келiсуiн алу мүмкiндiгiнен айырылса, затты үшiншi тұлғаға беруге құқығы жоқ. Заттың үшiншi тұлғаға берiлгендiгi туралы сақтаушы дереу жүк берушiге хабарлауға мiндеттi.
2. Сақтаушы затты сақтауға берген үшiншi тұлғаның iс-әрекетi үшiн жауап бередi.
778-бап. Сақтаушының заттың сақталмағандығы үшiн жауапкершiлiгi
Сақтаушы сақтауға алған заттың жоғалғаны, кем шыққаны немесе бүлiнгенi үшiн жауап бередi. Егер ол заттың жоғалуы, кем шыққаны немесе бүлiнуi өзiнiң кiнәсiнен болмағанын дәлелдесе, жауаптылықтан босатылады.
779-бап. Сақтаушы-кәсiпкердiң жауапкершiлiгi
1. Сақтауды өзiнiң кәсiпкерлiк қызметiне орай жүзеге асыратын тұлға, тек заттың жоғалуы, кем шығуы немесе бүлiнуi дүлей күштiң салдарынан не заттың өзiне тән ерекшелiгiнен, не жүк берушiнiң қасақана пиғылынан немесе өрескел абайсыздығынан болған жағдайларда ғана заттың сақталмағаны үшiн жауаптылықтан босатылады.
2. Егер шартта көзделген сақтау мерзiмi немесе осы Кодекстiң 773-бабында белгiленген тәртiппен сақтаушы көрсеткен мерзiм өткен соң жүк берушi затты қайтарып алмаған болса, оның тарапынан қасақана пиғыл немесе өрескел абайсыздық болғанда ғана сақтаушы бұл заттың жоғалғаны, кем шыққаны немесе бүлiнгенi үшiн жауап бередi.
780-бап. Сақтаушының жауаптылық мөлшерi
1. Заттардың жоғалуынан, кем шығуынан немесе бүлiнуiнен жүк берушiге келтiрiлген шығындарды, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, осы Кодекстiң 350-бабына сәйкес сақтаушы өтейдi.
2. Егер шартта немесе сақтаушы берген өзге де жазбаша құжатта көрсетiлгендей сақтауға өткізу кезiнде затқа баға беру жүргiзiлген болса, сақтаушының жауаптылығы баға сомасының негiзiнде айқындалады.
3. Тегiн сақтау кезiнде жүк берушiге заттың жоғалуынан, кем шығуынан немесе бүлiнуiнен келтiрiлген залалдар:
1) затты жоғалтқаны және оның кем шыққаны үшiн - жоғалған немесе кем шыққан заттың құны мөлшерiнде;
2) заттың бүлiнгенi үшiн - оның құны төмендеген соманың мөлшерiнде өтеледi.
4. Егер сақтаушы жауап беретін заттың бүлінуі салдарынан, зат сапасының соншалықты өзгергендiгiнен оны бастапқы мақсат бойынша пайдалану мүмкін болмайтын жағдайда, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, жүк берушi одан бас тартуға және сақтаушыдан бұл заттың құнын өтеуді, сондай-ақ басқа да залалдардың орнын толтыруды талап етуге құқылы.
781-бап. Затты алу мерзiмдерiн бұзудың зардабы
1. Жүк берушi осы Кодекстiң 773-бабында көзделген мерзiм аяқталғаннан кейiн сақтауға берiлген затты қайтарып алуға мiндеттi.
2. Жүк берушi өз затын алудан жалтарған жағдайда сақтаушы кемiнде бiр ай бұрын ескерткеннен кейiн, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық iс жүргiзу кодексiнде көзделген тәртiппен затты сатуды талап етуге құқылы.
3. Затты сатудан түскен сомалар сақтаушыға тиесiлi сома шегерiлiп тастап жүк берушiге берiледi.
782-бап. Сақтаушыға келтiрiлетiн залалдардың орнын толтыру
Егер сақтаушы заттың сақтауға қабылдағанда бұл ерекшелiктер туралы бiлмесе және бiлуi тиiс болмаса, жүк берушi сақтаушыға заттың өз ерекшелiктерiнен туындаған залалдардың орнын толтыруға мiндеттi.
783-бап. Сақтау туралы жалпы ережелердi оның жекелеген түрлерiне қолдану
Егер осы Кодекстiң 784-802-баптарында көзделген сақтаудың жекелеген түрлерi туралы ережелерде және (немесе) басқа да заң актілерінде өзгеше белгiленбеген болса, сақтау туралы жалпы ережелер оның жекелеген түрлерiне қолданылады.
2. Сақтаудың жекелеген түрлерi
784-бап. Ломбардта сақтау
1. Затты ломбардта сақтау шарты ломбардтың атаулы сақтау түбiртегiн беруiмен ресiмделедi.
2. Ломбардқа сақтауға өткізілетін зат тараптардың келісуі бойынша, осы тектес және сапасы сондай затқа, оны сақтауға қабылдау кезі мен жеріндегі саудада әдетте белгіленетін бағаларға сәйкес бағалануға тиiс.
3. Ломбард сақтауға қабылдаған затты оның осы баптың 2-тармағына сәйкес жүргiзiлген толық бағасының сомасына қарай жүк берушiнiң пайдасына сақтандыруға мiндеттi.