2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 7) тармақша жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
7) ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісілген, байланыс саласындағы уәкілетті органның қорытындысына негізделген, Қазақстан Республикасы Үкіметінің оң шешімінсіз қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторы ретiнде телекоммуникациялар саласындағы қызметтi жүзеге асырушы, жер бетiндегi (кәбілдік, оның iшiнде талшықты-оптикалық, радиорелелiк) байланыс желілерін иеленуші заңды тұлғаның дауыс беретiн акцияларының, сондай-ақ үлестерiнiң, пайларының жиынтығында 49 пайыздан астамын шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдiк заңды тұлғалардың тiкелей және (немесе) жанама түрде иеленуiне, пайдалануына, билiк етуiне және (немесе) басқаруына;
2016.28.12. № 36-VI ҚР Заңымен 8) тармақша жаңа редакцияда (ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8) жедел-iздестiру, қарсы барлау іс-шараларын қамтамасыз ету жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарына сәйкес келмейтiн байланыс желiлерiн пайдалануға беруге тыйым салынады.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Байланыс және ақпарат саласында ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын ұйымдардың акцияларын (үлестерiн, пайларын) иелену немесе олардың қызметiне қатысу бөлiгiндегi өзге де шектеулер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.
24-бап. Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету
1. Экологиялық қауіпсіздік мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен лауазымды адамдардың:
1) табиғи ресурстарды сақтауға, ұтымды пайдалануға және қалпына келтіруге;
2) қоршаған орта мен ел халқы үшін антропогендік факторлардың қауіптілік деңгейін азайтуға;
3) өндірістік күштерді дамыту мен орналастырудың экологиялық-экономикалық теңгерімділігін қамтамасыз етуге;
4) қоршаған орта және экологиялық апат аймақтарында тұратын Қазақстан халқы үшін теріс салдарларды жоюға;
5) экономиканы, заңнаманы және қоғамды экологияландыруға, қоғамдық қатынастарды реттеуге экожүйелік көзқарас орнатуға;
6) қоғамдық санада экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, экологиялық бiлiм беру мен ағарту жүйесін жақсартуға;
7) әрбiр адамның экологиялық ақпаратқа қол жеткiзу құқығын сақтауға және жұртшылықтың қоршаған ортаны қорғау мәселелерiн шешуге жан-жақты қатысуына;
8) табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардан болған қатерлерді азайтуға және олардың салдарларын жұмсартуға;
9) халықаралық ынтымақтастықта әріптестік қатынастар орнатуға және халықаралық құқық нормаларын сақтауға бағытталған шешімдерімен және іс-қимылдарымен қамтамасыз етіледі.
2. Уәкілетті мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдардың мiндетi:
1) қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және қорғау;
2022.21.05. № 123-VII ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2022 ж. 24 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының және Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздік саласындағы заңнамасының талаптары мен нормаларын мүлтіксіз сақтау;
3) ел аумағының радиоактивтi, химиялық ластануына, бактериологиялық зарарлануына жол бермеу;
4) экологиялық қауіпті технологиялардың, техника мен жабдықтың тізіліміне енгізілген технологиялардың, техника мен жабдықтың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылуын болдырмау;
5) шаруашылық және өзге де қызметтiң теріс экологиялық зардаптарын жою;
6) қоршаған ортаға және адамның денсаулығына келтірілген залалды өтеу;
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
7) басқару органдары мен күштерін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөніндегі, зақымдаудың қазіргі заманғы құралдарының дамуын ескере отырып, азаматтық қорғаныс жөніндегі іс-қимылдарға міндетті түрде дайындау, халықты табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар қатері төнген және туындаған жағдайлардағы іс-қимылдарға үйрету;
8) болжанған және туындаған табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, олардың алдын алу мен оларды жою жөнінде қабылданған шаралардың жариялығы және олар туралы халыққа және ұйымдарға хабардар ету;
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 9) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
9) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға және авариялық-құтқару мен кезек күттірмейтін жұмыстарға жедел ден қоюға азаматтық қорғаныс күштері мен құралдарының тұрақты дайындығын қамтамасыз ету болып табылады.
25-бап. Қазақстан Республикасының халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысуы
1. Қазақстан Республикасы ұлттық қауiпсiздiктiң халықаралық кепiлдiктерiн алу мақсатында ұлттық қауiпсiздiктiң құрамдас бөлiгi болып табылатын халықаралық (жаһандық, өңірлік) қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге қатысады.
2. Қазақстан Республикасының халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметі:
1) жаһандық бейбiтшiлiк тәртiбiн қалыптастыру мәселелерінде Қазақстанның рөлін нығайтуды;
2) Қазақстанның геосаяси айналасында ұжымдық қауiпсiздiктiң тиiмдi жүйесiн қалыптастыру мен нығайтуды;
3) қызметі Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгі мүдделерiне сай келетін халықаралық ұйымдар мен форумдарға қатысуды;
4) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес елден тыс жерлерде ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларға қатысуды;
5) қажет болған жағдайларда шекаралас мемлекеттермен бiрлесiп, ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге қатысты мәселелердi шешуді;
6) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі мүдделеріне сай келетін халықаралық шарттар жасасуды көздейді.
26-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi іс-шараларды қаржыландыру
Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызмет бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылады.
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 27-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
27-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы заңдылықтың сақталуын қадағалау
Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды Қазақстан Республикасының прокуратурасы жүзеге асырады.
28-бап. Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiкті қамтамасыз ету саласындағы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiкті қамтамасыз ету саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
29-бап. Осы Заңның өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен арақатынасы
Осы Заңның нормалары ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң жекелеген бағыттары мен тәсілдерiн регламенттейтін өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу және қабылдау үшiн негiз болып табылады.
30-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
2012.21.06. № 19-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Осы Заң, шет мемлекеттердің және (немесе) халықаралық ұйымдардың әскери құралымдарының, қару-жарақтары мен әскери техникасының Қазақстан аумағы арқылы әуе кемелерімен транзитіне тыйым салу бөлігінде 20-баптың 4-тармағының 2) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Шет мемлекеттердің және (немесе) халықаралық ұйымдардың әскери құралымдарының, қару-жарақтары мен әскери техникасының Қазақстан аумағы арқылы әуе кемелерімен транзитіне тыйым салу бөлігінде осы Заңның 20-бабы 4-тармағының 2) тармақшасы 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
2. «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 26 маусымдағы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 11-12, 173-құжат; 2000 ж., № 5, 115-құжат; 2004 ж., № 14, 82-құжат; № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 16, 70-құжат; 2007 ж., № 1, 4-құжат; № 20, 153-құжат; 2009 ж., № 15-16, 74-құжат; № 24, 129-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2012 жылғы қаңтардың 6-ы.
№ 527-ІV