17) 29 және 30-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«29-бап. Адвокаттар алқасы мүшесiнiң мiндеттерi
1. Адвокаттың осы Заңның 15-бабында көзделген жалпы мiндеттерінен басқа, адвокаттар алқасының мүшесi:
1) адвокаттар алқасы жарғысының талаптарын сақтауға;
2) адвокаттар алқасы мен оның органдарының жалпы жиналысының шешiмдерiн орындауға;
3) бастапқы нысаналы және ай сайынғы мүшелік жарналарды төлеуге;
4) адвокаттар алқасының төралқасына өз жұмысы туралы статистикалық есепті ұсынуға;
5) тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болғанда) өзгерген жағдайда, адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияны қайта ресiмдеу туралы өтiнiштi лицензиялау туралы заңнамада белгiленген тәртiппен және шарттармен лицензиарға беруге;
6) өзінің заңды мекенжайының өзгергені туралы адвокаттар алқасының төралқасына хабарлауға;
7) ол көрсеткен заң көмегiнiң сапасына жеке және заңды тұлғалардың шағымдары бойынша тексеру үшiн қажетті материалдарды адвокаттар алқасының төралқасына ұсынуға міндетті.
2. Адвокаттар алқасының мүшесі бастапқы нысаналы және ай сайынғы мүшелiк жарналарды төлеу мiндеттемесiнен басқа, адвокаттар алқасының алдында өзгедей біржақты мүлiктiк мiндеттемелер алмауға тиіс.
30-бап. Адвокаттардың тәртiптiк жауапкершiлiгi
1. Қазақстан Республикасы заңнамасының, Адвокаттардың кәсiптік әдебі кодексiнiң, адвокаттар алқасы жарғысының талаптарын бұзғаны үшiн адвокат мынадай тәртiптiк жауапкершiлiк шараларының бiрiне тартылады:
1) ескерту;
2) сөгiс;
3) қатаң сөгiс;
4) адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтату туралы талап-арызды дайындау туралы лицензиарға өтiнiш бере отырып, адвокаттар алқасынан шығару.
2. Тәртiптiк iс жүргiзу адвокаттар алқасы төралқасының құзыретiне жатады.
3. Адвокаттың Қазақстан Республикасы заңнамасының, Адвокаттардың кәсiптік әдебі кодексiнiң, адвокаттар алқасы жарғысының талаптарын бұзғанын көрсететін жеткілікті деректердің болуы тәртiптiк iс жүргiзудi қозғау үшiн негіз болып табылады.
4. Әділет органдары тәртiптiк iс жүргiзу туралы ұсыныс енгізген жағдайда оны қарау әділет органы өкілінің қатысуымен жүзеге асырылады. Қараудың уақыты және орны тиісті түрде хабарланған әділет органы өкілінің келмеуі тәртiптiк iсті қарауға кедергі болмайды.
5. Тәртіптік жазалар қолданудың, оларды алып тастаудың және оларға шағым жасаудың тәртібі адвокаттар алқасының жарғысында айқындалады.
Адвокаттың тәртiптiк терiс қылық жасағаны үшiн бiр тәртiптiк жаза ғана қолданылуы мүмкiн.
6. Адвокаттар алқасы төралқасының тәртiптiк жаза қолдану туралы шешiмiне адвокат сот тәртiбiмен шағым жасауы мүмкін.
7. Егер тәртіптік жаза қолданылған күннен бастап алты ай iшiнде адвокат жаңа тәртіптік жазаға тартылмаса, ол тәртіптік жазаға тартылмаған болып есептеледi.»;
18) 31-баптың 2-тармағындағы «лицензиясынан айыруға» деген сөздер «лицензиясының қолданысын тоқтатуға» деген сөздермен ауыстырылсын;
19) 33-1-баптың 1-тармағындағы «әкесінің аты» деген сөздер «әкесінің аты (ол болғанда)» деген сөздермен ауыстырылсын;
20) 3-тарау мынадай мазмұндағы 33-2, 33-3, 33-4, 33-5, 33-6, 33-7, 33-8-баптармен толықтырылсын:
«33-2-бап. Республикалық адвокаттар алқасы
1. Республикалық адвокаттар алқасы адвокаттар алқаларының міндетті мүшелігіне негізделген, коммерциялық емес, тәуелсіз, кәсіптік, өзін-өзі басқаратын, өзін-өзі қаржыландыратын ұйым болып табылады.
2. Республикалық адвокаттар алқасы адвокаттық өзін-өзі басқару ұйымы ретінде Қазақстан Республикасындағы және одан тысқары жерлердегі мемлекеттік және өзге де ұйымдарда адвокаттар алқалары мен адвокаттардың мүдделеріне өкілдік ету және оларды қорғау, адвокаттар алқаларының қызметін үйлестіру, адвокаттар көрсететін заң көмегінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету мақсатында құрылады.
3. Республикалық адвокаттар алқасын Адвокаттар алқалары делегаттарының республикалық конференциясы құрады.
4. Республикалық адвокаттар алқасының жарғысын Адвокаттар алқалары делегаттарының республикалық конференциясы қабылдайды.
5. Республикалық адвокаттар алқасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркелуге жатады.
6. Республикалық адвокаттар алқасын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
7. Республикалық адвокаттар алқасының және оның органдарының өздерінің құзыреті шегінде қабылданған шешімдері адвокаттар алқалары үшін міндетті.
33-3-бап. Республикалық адвокаттар алқасының жарғысы
1. Республикалық адвокаттар алқасының жарғысында:
1) Республикалық адвокаттар алқасының атауы, қызметінің нысанасы мен мақсаттары;
2) Республикалық адвокаттар алқасы мүшелерінің құқықтары мен міндеттері;
3) Республикалық адвокаттар алқасының құрылымы, оның органдарының құрылу тәртібі және құзыреті;
4) мүлкін қалыптастыру көздері және оған иелік ету тәртібі;
5) адвокаттар алқалары жүзеге асыратын аударымдар мөлшері мен тәртібі;
6) Республикалық адвокаттар алқасын қайта ұйымдастыру және тарату тәртібі көзделуге тиіс.
2. Республикалық адвокаттар алқасының жарғысы Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де ережелерді қамтуы мүмкін.
33-4-бап. Адвокаттар алқалары делегаттарының республикалық конференциясы
1. Адвокаттар алқалары делегаттарының республикалық конференциясы Республикалық адвокаттар алқасының жоғары органы болып табылады, ол кемінде екі жылда бір рет шақырылады. Егер конференция жұмысына сайланған делегаттар санының кемінде үштен екісі қатысқан болса, ол заңды деп саналады.
2. Конференция Республикалық адвокаттар алқасының кез келген мәселелерін шешуге құқылы.
Конференцияның айрықша құзыретіне:
1) Республикалық адвокаттар алқасының жарғысын қабылдау және оған өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу;
2) Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының орналасатын жерін айқындау;
3) адвокаттар алқаларынан Республикалық конференцияға делегаттардың өкілдік ету нормасын бекіту;
4) Адвокаттардың кәсіптік әдебі кодексін әзірлеу мен бекіту және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
5) Адвокаттардың аттестаттаудан өту тәртібі туралы ережені әзірлеу және бекіту;
6) Республикалық адвокаттар алқасы төралқасын сайлау;
7) Республикалық адвокаттар алқасының тексеру комиссиясын сайлау;
8) адвокаттар алқалары Республикалық адвокаттар алқасының ортақ қажеттіліктеріне жүзеге асыратын аударымдар мөлшері мен тәртібін айқындау;
9) Республикалық адвокаттар алқасын ұстауға арналған шығыстар сметасын бекіту;
10) Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының есебін, оның ішінде Республикалық адвокаттар алқасын ұстауға арналған шығыстар сметасының орындалуы туралы есепті бекіту;
11) тексеру комиссиясының Республикалық адвокаттар алқасының қаржы-шаруашылық қызметінің нәтижелері туралы есебін бекіту;
12) конференция регламентін бекіту;
13) Республикалық адвокаттар алқасының жарғысында және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру жатады.
33-5-бап. Республикалық адвокаттар алқасының төралқасы
1. Республикалық адвокаттар алқасының төралқасы Республикалық адвокаттар алқасының алқалы атқарушы органы болып табылады.
2. Төралқаны Адвокаттар алқалары делегаттарының республикалық конференциясы жасырын дауыс беру арқылы төрт жыл мерзімге сайлайды.
3. Төралқа мүшелерінің санын Адвокаттар алқалары делегаттарының республикалық конференциясы айқындайды. Төралқаның құрамында әрбір адвокаттар алқасының өкілдігі қамтамасыз етілуге тиіс.
4. Төралқа:
1) Республикалық адвокаттар алқасының жұмысын ұйымдастырады;
2) Адвокаттар алқалары делегаттарының республикалық конференциясы шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады;
3) өз құрамынан Республикалық адвокаттар алқасының төрағасын жасырын дауыс беру арқылы төрт жыл мерзімге сайлайды. Бұл ретте бір адам қатарынан екі мерзімнен артық төраға лауазымында бола алмайды;
4) конференциялардың арасындағы кезеңде төралқаның және тексеру комиссиясының осы Заңда көзделген негіздер бойынша адвокаттар алқасының мүшесінен шығарылған мүшелерінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешімдер қабылдайды;
5) Қазақстан Республикасындағы және одан тысқары жерлердегі мемлекеттік және өзге де ұйымдарда Республикалық адвокаттар алқасынан өкілдік етеді;
6) адвокаттар алқаларының қызметін үйлестіреді;
7) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне адвокаттар көрсеткен заң көмегі туралы статистикалық мәліметтерді Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі бекітетін нысан бойынша ұсынады;
8) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне Тағылымдамадан өтушілердің тағылымдамадан өту тәртібі туралы ережеге ұсынымдарды енгізеді;
9) адвокаттардың кәсіби деңгейін арттыру жөніндегі жұмысты ұйымдастырады, адвокаттарды және олардың көмекшілерін кәсіптік даярлаудың бірыңғай әдістемесін әзірлейді;
10) адвокаттардың әлеуметтік және кәсіптік құқықтарын қорғайды;
11) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен адвокаттық қызметке жататын мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сараптама жасауға қатысады;
12) адвокаттар алқаларының қызметі туралы олардың есептерін тоқсан сайын жинақтап қорытады;
13) адвокаттар алқаларының тәртіптік практикасын жинақтап қорытады, оның нәтижелері бойынша ұсынымдар әзірлейді;
14) адвокаттық қызмет мәселелері бойынша әдістемелік қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
15) адвокаттар алқаларын ақпараттық қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
16) кемінде екі жылда бір рет Адвокаттар алқалары делегаттарының республикалық конференциясын шақырады, оның күн тәртібін қалыптастырады;
17) сметаға және мүліктің мақсатына сәйкес Республикалық адвокаттар алқасының мүлкіне иелік етеді;
18) Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының регламентін бекітеді;
19) Республикалық адвокаттар алқасының эмблемасын бекітеді;
20) Республикалық адвокаттар алқасының жарғысында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
5. Тексеру комиссиясының немесе адвокаттар алқалары жалпы санының кемінде үштен бірінің талап етуі бойынша Республикалық адвокаттар алқасының төралқасы екі ай ішінде кезектен тыс Республикалық конференцияны шақыруға міндетті.
6. Төралқаның шешімдері оның отырысына қатысқан мүшелері жалпы санының жай көпшілік даусымен қабылданады.
33-6-бап. Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы
Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы:
1) мемлекеттік және өзге де ұйымдарда, сондай-ақ жеке тұлғалармен қарым-қатынаста Республикалық адвокаттар алқасынан өкілдік етеді;
2) Республикалық адвокаттар алқасының атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
3) сенімхаттар береді;
4) Республикалық адвокаттар алқасының атынан мәмілелер жасасады және сметаға және мүліктің мақсатына сәйкес Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының шешімі бойынша Республикалық адвокаттар алқасының мүлкіне иелік етеді;
5) Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының отырыстарын шақырады;
6) Республикалық адвокаттар алқасының төралқасы шешімдерінің және Адвокаттар алқалары делегаттарының республикалық конференциясы шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді.
33-7-бап. Республикалық адвокаттар алқасының тексеру комиссиясы
1. Тексеру комиссиясы Республикалық адвокаттар алқасының қаржы-шаруашылық қызметіне ішкі бақылау функцияларын жүзеге асыратын оның бақылаушы органы болып табылады.
2. Тексеру комиссиясын Адвокаттар алқалары делегаттарының республикалық конференциясы жасырын дауыс беру арқылы төр жыл мерзімге сайлайды.
3. Тексеру комиссиясы өз құрамынан тексеру комиссиясының төрағасын сайлайды. Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының мүшесі тексеру комиссиясының мүшесі бола алмайды.
33-8-бап. Республикалық адвокаттар алқасының мүлкі
1. Республикалық адвокаттар алқасының мүлкі адвокаттар алқалары жүзеге асыратын аударымдар, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен заңды және жеке тұлғалардан түсетін гранттар мен қайырымдылық көмек (қайырмалдықтар) есебінен құралады.
2. Республикалық адвокаттар алқасының ортақ қажеттіліктеріне арналған шығындарға оны материалдық қамтамасыз етуге, адвокаттарға сыйақы беруге арналған шығыстар және олардың Республикалық адвокаттар алқасының органдарында жұмыс істеуіне байланысты шығыстардың өтемақысы, Республикалық адвокаттар алқасы аппараты қызметкерлерінің жалақысына арналған шығыстар және Қазақстан Республикасының заңнамасы мен Республикалық адвокаттар алқасының сметасында көзделген өзге шығыстар жатады.»;
21) мынадай мазмұндағы 5-тараумен толықтырылсын:
«5-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер
35-бап. Адвокаттар алқалары мүшелерінің кезектен тыс жалпы жиналыстарын (конференцияларын) өткізу
1. Адвокаттар алқалары делегаттарының бірінші Республикалық конференциясының делегаттарын сайлау үшін адвокаттар алқалары осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап үш ай ішінде адвокаттар алқалары мүшелерінің кезектен тыс жалпы жиналыстарын (конференцияларын) өткізуді ұйымдастырады.
2. Бірінші Республикалық конференция делегаттарының өкілдік ету нормасы елу адвокаттан біреуді құрайды, бірақ адвокаттар алқасынан үш адвокаттан кем болмайды.
3. Адвокаттар алқалары Қазақстан адвокаттар одағымен бірлесіп, осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде бірінші Республикалық конференцияны өткізуді ұйымдастырады.
4. Бірінші Республикалық конференция, егер оның жұмысына адвокаттар алқалары сайлаған делегаттардың кемінде үштен екісі қатысса, заңды болып саналады.
5. Отырысты жүргізу үшін конференция делегаттары төралқа сайлайды.
6. Адвокаттар алқасы делегаттарының бірінші Республикалық конференциясының шешімдері конференцияға қатысқан делегаттардың жай көпшілік даусымен қабылданады.
7. Республикалық адвокаттар алқасы органдарының құрамына бірінші Республикалық конференцияның делегаттары болмаған адвокаттар сайлана алады.».
3. «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» 2001 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 1, 8-құжат; № 24, 338-құжат; 2003 ж., № 11, 56-құжат; 2004 ж., № 5, 30-құжат; № 10, 56-құжат; 2005 ж., № 13, 53-құжат; 2006 ж., № 8, 45-құжат; № 15, 95-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 9, 67-құжат; № 17, 141-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 28-құжат; 2011 ж., № 2, 21-құжат; № 5, 43-құжат; 2011 жылғы 15 қазанда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2011 жылғы 11 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңы):
22-бап мынадай мазмұндағы 6-1-тармақпен толықтырылсын:
«6-1. Республикалық адвокаттар алқасының жарғысы Республикалық адвокаттар алқасының құрылымын, оның органдарының құрылу тәртібі мен құзыретін, мүлкін қалыптастыру көздерін және оған иелік ету тәртібін, адвокаттар алқалары жүзеге асыратын аударымдар мөлшерін, сондай-ақ Республикалық адвокаттар алқасын қайта ұйымдастыру және тарату тәртібін қамтуға тиіс.».
2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2011 жылғы желтоқсанның 28-і.
№ 523-IV