Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген Қазақстан Республикасының азаматтарын психологиялық даярлау бағдарламасының мазмұнына қойылатын талаптарды, оларды психологиялық даярлау жөніндегі қызметті ұйымдастыру тәртібін және осындай даярлықтан өткені туралы сертификаттың нысанын Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы бекітеді.
92-бап. Бала асырап алушы мен асырап алынушы бала арасындағы жас айырмасы
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Бала асырап алушы мен асырап алынушы баланың жас айырмасы кем дегенде он алты жас болуға тиіс. Сот дәлелді деп таныған себептер бойынша жас айырмасы қысқартылуы мүмкін.
2. Өгей әкесi (өгей шешесi) бала асырап алған кезде, осы баптың 1-тармағында белгiленген жас айырмасының болуы талап етiлмейдi.
93-бап. Бала асырап алуға заңды өкілдердің келісімі
1. Егер ата-ана құқықтарынан айрылмаған болса, баланы асырап алу үшін оның ата-аналарының келісімі қажет.
Кәмелетке толмаған, жасы он алтыға толмаған ата-аналардың баласын асырап алған кезде, сондай-ақ заңды өкілдерінің келісімі қажет.
Кәмелетке толмаған ата-аналардың заңды өкілдері болмаған кезде немесе кәмелетке толмаған ата-аналар баланы туған кезде медициналық ұйымда қалдырған және үш айдан аса оның тағдырына ешкім қарайласпаған жағдайда, - қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның келісімі қажет.
2. Бала асырап алуға ата-аналардың келiсiмi нотариалды куәландырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тұратын ұйымның басшысы не бала асырап алған жердегі немесе ата-аналар тұратын жердегi қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган растаған өтініште көрсетiлуге тиiс, сондай-ақ бала асырап алу iсiн жүргiзу кезiнде сотта тiкелей бiлдiрiлуi мүмкiн.
Бала асырап алу туралы сот шешiмi шығарылғанға дейiн ата-аналар бала асырап алуға өздерi берген келiсiмiнiң күшiн жоюға құқылы.
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Ата-аналары туыстарына, асырап алынатын баланың (балалардың) анасымен немесе әкесімен некеде (ерлі-зайыптылықта) тұратын адамдарға баланы асырап алуға келісім бере алады. Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдар сотқа асырап алудың баланың мүдделеріне сәйкестігі туралы қорытынды береді. Баланы өгей әкесі (өгей шешесі) асырап алған немесе баланы ата-аналарының келісімі бойынша туыстары асырап алған жағдайда, асырап алудың баланың мүдделеріне сәйкестігі туралы қорытынды талап етілмейді.
4. Қорғаншылықтағы немесе қамқоршылықтағы балаларды асырап алу үшiн олардың қорғаншыларының немесе қамқоршыларының жазбаша нысандағы келiсiмi қажет.
5. Баланы патронаттық тәрбиелеуге беру туралы шарт бойынша тәрбиеленiп жатқан балаларды асырап алу үшiн патронат тәрбиешiлерiнiң жазбаша нысандағы келiсiмi қажет.
6. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған және білім беру ұйымдарындағы, медициналық және басқа да ұйымдардағы балаларды асырап алу үшін осы ұйымдар басшыларының жазбаша нысандағы келісімі қажет.
7. Осы баптың 1, 4, 5 және 6-тармақтарында аталған адамдардың келісімінсіз, сот баланың мүддесінде оны асырап алу туралы шешім шығаруға құқылы.
Ата-анасының екеуі не некеде (ерлі-зайыптылы) тұрмаған анасы бас тарту туралы өтінішті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ресімдеместен, медициналық ұйымда туған баладан бас тартқан жағдайда, сондай-ақ үш жастан аспаған тастанды (ата-анасы бас тартқан) бала табылған кезде, ол қалдырылғаннан немесе табылғаннан кейін үш ай өткен соң сот баланың мүддесінде Қазақстан Республикасы азаматтарының бала асырап алуы туралы істі қарауға құқылы.
94-бап. Баланы ата-аналарының келісімінсіз асырап алу
Егер ата-аналар:
1) белгiсiз болған немесе сот оларды қайтыс болған деп жариялаған, хабар-ошарсыз кеткен деп таныған;
2) сот оларды әрекетке қабiлетсiз деп таныған;
3) сот оларды ата-ана құқықтарынан айырған;
4) баламен бiрге тұрмаған және сот дәлелсiз деп таныған себептер бойынша алты айдан астам уақыт бойы оны тәрбиелеу мен күтіп-бағудан жалтарған жағдайларда, олардың баланы асырап алуға келісімі талап етілмейді.
Некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) ананың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ресімделген, медициналық ұйымдағы баладан бас тарту туралы жазбаша өтініші болған кезде сот ата-аналардың баланы асырап алуға келісімін растайтын басқа да құжаттарды талап етуге құқылы емес
95-бап. Баланың асырап алуға келісімі
Он жасқа толған баланы асырап алу үшін оның келісімі қажет.
Баланың асырап алуға келісімін ата-аналарының не баланың басқа да заңды өкілдерінің, прокурордың қатысуымен сот анықтайды.
96-бап. Ерлі-зайыптылардың біреуінің бала асырап алуға келісімі
1. Егер баланы ерлi-зайыптылардың екеуi асырап алмаса, ерлi-зайыптылардың бiреуi баланы асырап алған кезде бала асырап алуға екінші жұбайдың жазбаша келiсiмi талап етiледi.
2. Егер ерлi-зайыптылар іс жүзінде отбасылық қатынастарды тоқтатқан болса немесе бiр жылдан астам уақыт бөлек тұрып жатса, бала асырап алуға екiншi жұбайдың келiсiмi талап етiлмейдi.
97-бап. Асырап алынған баланың аты, әкесінің аты және тегі
1. Асырап алынған баланың өз аты, әкесiнiң аты (егер бар болса) және тегi сақталуы мүмкін.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Егер бұл баланың мүдделерiне қайшы келмесе, асырап алынған балаға бала асырап алушының өтiнiшi бойынша бала асырап алушының тегi, сондай-ақ ол көрсеткен аты берiледi. Егер бала асырап алушы ер адам болса, асырап алынған баланың әкесiнiң аты - асырап алушының аты бойынша, ал баланы некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) әйел асырап алған кезде, ол асырап алынған баланың әкесi ретiнде көрсеткен адамның аты бойынша осы Кодекстің 192-бабына сәйкес айқындалады.
Егер бала асырап алушы ерлi-зайыптылардың тектерi әртүрлi болса, бала асырап алушы ерлi-зайыптылардың келiсiмi бойынша, асырап алынған балаға олардың бiреуiнiң тегi берiледi.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Баланы некеде тұрмайтын (ерлі-зайыпты болмаған) адам асырап алған кезде, оның өтiнiшi бойынша асырап алынған баланың әкесінің (анасының) аты, әкесінің аты және тегі бала асырап алушының көрсетуі бойынша тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасына жазылады. Бала асырап алушының тілегі бойынша әкесі (анасы) туралы мәліметтер көрсетілмеуі мүмкін.
Бала асырап алушының өтініші бойынша әкесінің (анасының) көрсетілген тегі бала асырап алушының тегі бойынша беріледі.
4. Бала асырап алу құпиясын талап ететін жағдайларды қоспағанда, он жасқа толған асырап алынған баланың аты, әкесiнiң аты және тегi оның келiсiмiмен ғана өзгертiлуi мүмкiн.
5. Асырап алынған баланың атының, әкесiнiң аты мен тегiнің өзгеруі туралы оны асырап алу туралы сот шешiмiнде көрсетiледi.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасына өзгерістер, толықтырулар енгізу соттың бала асырап алу туралы заңды күшіне енген шешімі және баланың заңды өкілдерінің өтініші негізінде кез келген тіркеуші органда жүргізіледі.
Тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасына бала және бала асырап алушылар туралы мәліметтер сот шешімінде көрсетілген мәліметтерге сәйкес енгізіледі.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 97-1-баппен толықтырылды
97-1-бап. Шетелдіктердің бала асырап алуы
1. Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын баланы Қазақстан Республикасының аумағында шетелдіктердің асырап алуы, оның ішінде мұндай бала асырап алудың күшін жою Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
2. Шетелдіктер асырап алған, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды бақылауды Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері және Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы жүзеге асырады.
98-бап. Асырап алынған баланың туған күнi, айы, жылы мен туған жерінің өзгертілуі
1. Бала асырап алу құпиясын қамтамасыз ету үшiн бала асырап алушының өтiнiшi бойынша асырап алынған баланың туған күнi, айы, жылы алты айдан аспайтын мерзімге, сондай-ақ оның туған жерi өзгертiлуi мүмкiн.
Үш жасқа дейiнгi баланы асырап алған кезде ғана асырап алынған баланың туған күнiн, айын, жылын өзгертуге жол берiледi.
Асырап алынған баланың туған жерін өзгерту Қазақстан Республикасы аумағының шегінде ғана жүргізіледі және баланың жасына қарамастан асырап алушының қалауы бойынша жол беріледі.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Асырап алынған баланың туған күнiнің, айының, жылының және (немесе) туған жерiнiң өзгеруі туралы оны асырап алу туралы сот шешiмiнде көрсетiледi.
Асырап алынған баланың дербес деректері өзгерген кезде, Жеке сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінен жеке сәйкестендіру нөмірін шартты түрде алып тастай отырып, тууды мемлекеттік тіркеу туралы жаңа акт жазбасын тіркеу жүргізіледі.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Соттың бала асырап алу туралы шешімі негізінде тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасына өзгерістер, толықтырулар енгізу тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасы тіркелгеннен кейін немесе тууды мемлекеттік тіркеу туралы жоғалған акт жазбасы қалпына келтірілгеннен кейін жүргізіледі.
99-бап. Бала асырап алушыларды асырауға алынған баланың ата-аналары ретінде жазу
1. Бала асырап алушылардың өтiнiшi бойынша сот туу туралы актілер жазбалары кiтабына оларды өздері асырап алған баланың ата-аналары ретiнде жазу туралы шешiм қабылдайды.
2. Мұндай жазбаның қажеттiлiгi соттың бала асырап алу туралы шешiмiнде міндетті түрде көрсетiледi.
100-бап. Бала асырап алудың құқықтық салдары
1. Асырап алынған бала және оның ұрпағы - бала асырап алушылар мен олардың туыстарына қатысы бойынша, ал бала асырап алушылар мен олардың туыстары асырап алынған бала мен оның ұрпағына қатысы бойынша жеке мүлiктiк емес және мүлiктiк құқықтары мен мiндеттерінде шыққан тегi бойынша туыстарына теңестiрiледi.
2. Асырап алынған бала жеке мүлiктiк емес және мүлiктiк құқықтарынан айрылады және өзiнiң туған ата-аналарына қатысты мiндеттерден босатылады.
3. Баланы бiр адам асырап алған кезде, егер бала асырап алушы ер адам болса - анасының тiлегi бойынша немесе, егер бала асырап алушы әйел болса - әкесiнiң тiлегi бойынша жеке мүлiктiк емес және мүлiктiк құқықтар мен мiндеттердiң сақталуы мүмкiн.
4. Бала асырап алушы асырап алынған баланың меншiгiндегi мүлiктiң сақталуы үшiн жауаптылықта болады. Бала асырап алудан бас тартылған жағдайда, осы мүлiктi қайтару жөнiндегi мiндет те бала асырап алушыға жүктеледi.
5. Асырап алынған баланың ата-аналардың бiреуiмен немесе қайтыс болған ата-анасының туыстарымен қарым-қатынастарының сақталуы туралы бала асырап алу туралы сот шешiмiнде көрсетiледi.
6. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген бала асырап алудың құқықтық салдары, осы баланың туу туралы актілер жазбалары кітабында бала асырап алушылардың ата-анасы ретiнде жазылуына қарамастан туындайды.
2013.21.06. № 106-V ҚР Заңымен 101-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
101-бап. Асырап алынған баланың жәрдемақыларға және басқа да әлеуметтік төлемдерге құқығының сақталуы
Өзі асырап алынған кезге қарай ата-аналарының бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларындағы зейнетақы жинақтарына, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларға және басқа да әлеуметтік төлемдерге құқығы бар бала осы құқықты асырап алынған кезде де сақтайды.
102-бап. Бала асырап алу құпиясы
1. Бала асырап алу құпиясы заңмен қорғалады.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Ата-аналары, туыстары, баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асырған ұйымдардың және (немесе) бала асырап алуды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асырған мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары, бала асырап алу туралы шешiм шығарған судьялар, жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасыларына орналастыруға жәрдем көрсету жөніндегі ұйымдардың қызметкерлері, сондай-ақ бала асырап алу туралы өзгедей түрде хабардар болған басқа да адамдар бала асырап алу құпиясын сақтауға мiндеттi.
103-бап. Бала асырап алуды жарамсыз деп тану
1. Бала асырап алу:
1) бала асырап алу туралы сот шешiмі жалған құжаттар негiзiнде қабылданған;
2) осы Кодекстің 93-бабында аталған адамдардың келісімінсіз бала асырап алынған;
3) некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) адам басқа жұбайының жазбаша келiсiмiнсiз бала асырап алған;
4) осы Кодекстің 91-бабының 2-тармағында көзделген ережелер бұзылған жағдайларда жарамсыз деп танылады.
2. Бала асырап алуды жарамсыз деп тану сот тәртiбiмен жүргiзiледi.
3. Бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы iстi асырап алушылардың, прокурордың және қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган өкілінің міндетті түрде қатысуымен сот қарайды.
104-бап. Бала асырап алуды жарамсыз деп тануды талап етуге құқығы бар адамдар
Асырап алынған баланың ата-аналары, бала асырап алушының жұбайы, бала асырап алуға байланысты құқықтары бұзылған адамдар, прокурор, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы талап қоюға құқылы.
105-бап. Бала асырап алуды жарамсыз деп танудың салдары
1. Бала асырап алу туралы сот шешiмi шыққан кезден бастап бала асырап алу жарамсыз деп танылады.
2. Бала асырап алу жарамсыз деп танылған жағдайда, егер бұл баланың мүдделерi үшін қажет болса, асырап алынған баланың және бала асырап алушылардың, бала асырап алушылардың туыстарының өзара құқықтары мен мiндеттерi тоқтатылады және бала мен оның ата-аналарының (оның туыстарының) өзара құқықтары мен мiндеттерi қалпына келтiрiледi.
3. Егер олар асырап алу кезінде өзгерсе, ата-аналардың талап етуi бойынша балаға бұрынғы аты, әкесiнiң аты (егер бар болса) және тегi берiледi, сол сияқты бұрынғы туған күні, айы, жылы мен туған жері қалпына келтіріледі.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап сот үш күн iшiнде осы шешiмнiң үзінді көшірмесін тууды мемлекеттік тіркеу орны бойынша тіркеуші органға және қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарға жiберуге мiндеттi.
106-бап. Бала асырап алудың күшін жою негіздері
1. Егер бала асырап алушы:
1) өзіне жүктелген ата-аналар міндеттерін атқарудан жалтарған;
2) ата-ана құқықтарын теріс пайдаланған;
3) асырап алынған балаға қатігездік көрсеткен;
4) асырап алынған балаға күш қолданған немесе психикалық зорлық жасаған;
5) асырап алынған баланың жыныстық тиіспеушілігіне қастандық жасаған;
2020.07.07. № 361-VI ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6) психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адам деп танылған;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда белгіленген бала құқықтарын бұзған жағдайда бала асырап алудың күші жойылады.
2. Сот баланың мүдделерін негізге алып және оның пікірін ескере отырып, басқа негіздер бойынша да баланы асырап алудың күшін жоюға құқылы.
107-бап. Бала асырап алудың күшін жою
1. Бала асырап алудың күшiн жою сот тәртiбiмен жүргiзiледi.
2. Бала асырап алудың күшiн жою туралы iс бала асырап алушылардың, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның, сондай-ақ прокурордың міндетті түрде қатысуымен қаралады.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Бала асырап алудың күшiн жою туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап бала асырап алу тоқтатылады.
Бала асырап алудың күшiн жою туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап үш күн iшiнде сот осы шешiмнiң үзінді көшірмесін тууды мемлекеттік тіркеу орны бойынша тіркеуші органға және қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарға жiберуге мiндеттi.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 107-1-баппен толықтырылды
107-1-бап. Баланы қайта асырап алу
Сот бала асырап алу туралы шешімнің күшін жойғаннан кейін ғана баланы қайта асырап алу мүмкін болады.
108-бап. Бала асырап алудың күшін жоюды талап етуге құқығы бар адамдар
Баланың ата-аналарының, бала асырап алушылардың, бала асырап алушының жұбайының, он төрт жасқа толған асырап алынған баланың, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның, сондай-ақ прокурордың баланың мүддесінде бала асырап алудың күшiн жоюды талап етуге құқығы бар.
109-бап. Бала асырап алудың күшін жоюдың салдары
1. Сот бала асырап алудың күшiн жойған кезде, егер бұл баланың мүдделерi үшін қажет болса, асырап алынған баланың және бала асырап алушылардың, бала асырап алушылардың туыстарының өзара құқықтары мен мiндеттерi тоқтатылады және бала мен оның ата-аналарының (оның туыстарының) өзара құқықтары мен мiндеттерi қалпына келтiрiледi.
2. Бала асырап алудың күшi жойылған кезде бала сот шешiмi бойынша ата-аналарына берiледi. Ата-аналары болмаған кезде, сондай-ақ баланы ата-аналарына беру оның мүдделерiне қайшы келсе, бала қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қамқоршылығына берiледi.
3. Сот сондай-ақ баланың асырап алынуына байланысты оған берiлген аты, әкесiнiң аты (егер бар болса) және тегi сақталды ма, сондай-ақ бала асырап алу кезінде өзгерген туған күні, айы, жылы мен туған жері қалпына келтірілді ме деген мәселені шешеді.
Он жасқа толған баланың аты, әкесiнiң аты немесе тегi оның келiсiмiмен ғана өзгертілуі мүмкiн.
4. Сот баланың мүдделерiн негiзге ала отырып, осы Кодекстің 139 және 141-баптарында белгiленген мөлшерде бұрынғы бала асырап алушыны баланы күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуге мiндеттеуге құқылы.
110-бап. Асырап алынған бала кәмелетке толған соң бала асырап алудың күшін жоюға жол бермеу
Бала асырап алудың күшiн жоюға бала асырап алушы мен асырап алынған баланың, сондай-ақ егер ата-ана құқықтарынан айырылмаған не олар шектелмеген немесе сот әрекетке қабiлетсiз деп танымаған асырап алынған баланың ата-аналары тiрi болса, олардың өзара келiсiмi болған жағдайларды қоспағанда, егер бала асырап алудың күшiн жою туралы талап қойылған кезде асырап алынған бала кәмелетке толса, бала асырап алудың күшiн жоюға жол берiлмейдi.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 14-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
14-тарау. БАЛА АСЫРАП АЛУ ЖӨНІНДЕГІ АГЕНТТІКТЕРГЕ ЖӘНЕ ЖЕТІМ БАЛАЛАРДЫ, АТА-АНАЛАРЫНЫҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫНСЫЗ ҚАЛҒАН БАЛАЛАРДЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ АЗАМАТТАРЫНЫҢ ОТБАСЫЛАРЫНА ОРНАЛАСТЫРУҒА ЖӘРДЕМ КӨРСЕТУ ЖӨНІНДЕГІ ҰЙЫМДАРҒА АККРЕДИТТЕУ ЖҮРГІЗУ
111-бап. Жалпы ережелер
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Құрылтайшылары агенттік орналасқан мемлекеттің азаматтары болып табылатын, аккредиттеу туралы өтініш берген кезде өз мемлекетінің аумағында аталған салада филиалдар немесе өкілдіктер құру жолымен өз қызметін кемінде он жыл жүзеге асыратын бала асырап алу жөніндегі агенттіктер (бұдан әрі - агенттіктер), сондай-ақ құрылтайшылары Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын, аккредиттеу туралы өтініш берген кезде жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі қызметті кемінде бес жыл жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйымдар аккредиттеуге жатады.
2. Аккредиттеу агенттіктің филиалы және (немесе) өкілдігі есептік тіркелгенге дейін жүргізіледі.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2024.05.07. № 111-VІІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2024 ж. 5 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органының, жергілікті атқарушы органдардың, жетім балаларға, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың жұмыскерлері, олардың жұбайларын (зайыптарын) және жақын туыстарын қоса алғанда, сондай-ақ адам өлтіргені, денсаулыққа қасақана зиян келтіргені, халық денсаулығына және имандылыққа, жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін, экстремистік немесе террористік қылмыстары, адам саудасы үшін сотталғандығы бар немесе болған, қылмыстық қудалауға ұшырап отырған немесе ұшыраған адамдар (өздеріне қатысты қылмыстық қудалау Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақтары негізінде тоқтатылған адамдарды қоспағанда) агенттіктің, агенттік филиалының және (немесе) өкілдігінің қызметкерлері, сондай-ақ жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасыларына орналастыруға жәрдем көрсету жөніндегі ұйымның қызметкерлері бола алмайды.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4-тармақ жаңа редакцияда
4. Агенттіктерді және жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасыларына орналастыруға жәрдем көрсету жөніндегі ұйымдарды аккредиттеу қағидаларын Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы бекітеді.
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Қазақстан Республикасының аумағында аккредиттелген агенттіктердің жалпы саны жиырмадан аспауға тиіс.
112-бап. Агенттіктерді аккредиттеуді жүргізу тәртібі
1. Агенттіктерді аккредиттеу, соның ішінде аккредиттеуден бас тарту туралы мәселені Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы қарайды.
2. Агенттіктің сенім білдірген адамы Қазақстан Республикасының аумағында балаларды асырап алу жөніндегі жұмысты жүзеге асыру үшін мынадай құжаттарды:
1) құрылтай құжаттарының нотариатта куәландырылған көшірмелерін;
2) оның тиісті салада қызметті жүзеге асыруға өкілеттігін растайтын, агенттік орналасқан мемлекеттің құзыретті органы берген құжаттың көшірмесін;
3) агенттіктің өкілеттігін растайтын құжатты берген немесе агенттіктің Қазақстан Республикасының аумағында тиісті қызметті жүзеге асыру мүмкіндігі туралы қызметіне бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттің құзыретті органының ұсыным хатын;
4) бала асырап алуға үміткерлерге агенттік ұсынатын, көрсетілетін қызметтердің тізбесін;
5) асырап алынған балалардың тұрмыс жағдайлары мен тәрбиесіне бақылауды жүзеге асыру және белгіленген тәртіппен тиісті есептер және ақпарат беру жөніндегі міндеттемені;
6) бала асырап алушылардың өздері тұратын мемлекетке келген соң асырап алынған баланың Қазақстан Республикасының консулдық мекемесінде есепке қойылуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі міндеттемесін;
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
7) агенттіктің сенім білдірген адамға берген нотариатта куәландырылған сенімхатты;
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 8) - 10) тармақшалармен толықтырылды
8) агенттік орналасқан мемлекеттің аумағында немесе Қазақстан Республикасының аумағында агенттіктің қызметі тоқтатылған жағдайда, белгіленген тәртіппен асырап алынған балалардың өмір сүру және тәрбиелену жағдайлары туралы есептер мен ақпаратты беріп отыратын органды немесе ұйымды тағайындау туралы агенттік орналасқан мемлекеттің құзыретті органының міндеттемесін;
9) агенттік орналасқан мемлекеттің құзыретті органының баланың қайтыс болу, оған қатыгездік көрсету, оның ішінде балаға физикалық немесе психикалық зорлық-зомбылық жасау, сондай-ақ баланың жыныстық тиіспеушілігіне қастық жасау фактісі анықталған кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде Қазақстан Республикасының баланың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органына хабар беру туралы міндеттемесін;
10) агенттік орналасқан мемлекеттің құзыретті органының агенттіктің құрылтай құжаттарындағы өзгерістер туралы Қазақстан Республикасының баланың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органын хабардар ету туралы міндеттемесін қоса бере отырып, өтініш беруге міндетті.
Осы тармақтың 1) - 4) тармақшаларында санамаланған құжаттар олар берілген күннен бастап алты ай бойы жарамды болады. Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы қажет болған жағдайда осы құжаттардың түпнұсқа даналарын қосымша сұратуға құқылы.