Қазақстан Республикасының
Заңы
«Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының Заңына
өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
1-бап. «Нотариат туралы» 1997 жылғы 14 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 13-14, 206-құжат; 1998 ж., № 22, 307-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; 2001 ж., № 15-16, 236-құжат; № 24, 338-құжат; 2003 ж., № 10, 48-құжат; № 12, 86-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 11, 55-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; 2009 ж., № 8, 44-құжат; № 17, 81-құжат; № 19, 88-құжат; № 23, 100-құжат; 2010 ж., № 17-18, 111-құжат; 2011 ж., № 11, 102-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1) 1-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Қазақстан Республикасындағы нотариат - бұл нотариаттық iс-әрекеттер жасау арқылы жеке, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ететін білікті заң көмегін көрсету жөніндегі құқықтық институт.»;
2) 3-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Нотариаттық қызмет - бұл нотариустың осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген нотариаттық iс-әрекеттердi жасауы.
Осы Заңда белгіленген жағдайларда және шектерде жекелеген нотариаттық iс-әрекеттерді арнайы уәкілетті лауазымды адамдар жасай алады.
Қазақстан Республикасындағы нотариаттық қызмет нотариаттық іс-әрекеттердің заңдылығы, тәуелсіздігі, құпиялылығы қағидаттарына негізделеді.
Нотариаттық қызмет кәсіпкерлік қызмет болып табылмайды.»;
мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:
«4-1. Нотариаттық iс-әрекеттердiң құпиялылығын сақтауға мiндеттiлік нотариустың тағылымдамадан өтушілері мен көмекшiлерiне қолданылады.»;
3) 4-бапта:
1-тармақта:
«келісу арқылы» деген сөздерден кейін «Республикалық нотариаттық палатаның қатысуымен» деген сөздермен толықтырылсын;
«нұсқаулыққа», «Нұсқаулық» деген сөздер тиісінше «қағидаға», «Қағида» деген сөздермен ауыстырылсын;
2-тармақтағы «Нұсқаулық» деген сөз «Қағида» деген сөзбен ауыстырылсын;
4) 6-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, жасы жиырма беске толған, жоғары заң білімі, заңгер мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар, нотариуста кемінде бір жыл мерзіммен тағылымдамадан, әділет аттестаттау комиссиясында аттестаттаудан өткен және нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия алған Қазақстан Республикасының азаматы нотариус бола алады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен қызмет атқаратын әкімшілік мемлекеттік қызметші мемлекеттік нотариус болып табылады.
Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия алуды қоспағанда, мемлекеттік нотариусқа осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген талаптар қолданылады.
Заңда белгіленген тәртіппен соттылығы өтелмеген немесе алынбаған, белгiленген тәртіппен іс-әрекет жасауға қабiлетсіз не iс-әрекет жасауға қабілеттілігі шектеулi деп танылған адам нотариус бола алмайды.
Өзiне қатысты ақталмайтын негiздер бойынша қылмыстық iс тоқтатылған, лицензиясынан айырылғандықтан не нотариаттық iс-әрекет жасау кезiнде Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуына жол бергенi үшiн мемлекеттiк нотариус қызметiнен босатылғандықтан нотариаттық қызметтi тоқтатқан адам да осындай оқиға болғаннан кейiн бес жыл бойы нотариус бола алмайды.»;
3-тармақ «осы Заңның» деген сөздердің алдынан «мемлекеттік нотариусты және» деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:
«4. Аумақтық әділет органы мемлекеттік нотариустың нотариаттық iс-әрекеттері үшін мүліктік жауапкершілікте болады.»;
5) 7-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«7-бап. Нотариустың көмекшілері мен тағылымдамадан өтушілері
1. Нотариустың көмекшілері мен тағылымдамадан өтушілері болуы мүмкін.
2. Қазақстан Республикасының азаматы ғана нотариустың көмекшісі бола алады.
3. Нотариустың көмекшісі жеке практикамен айналысатын нотариуста еңбек шартының негізінде жұмыс істей алады немесе мемлекеттiк нотариат кеңсесінің құрамында бола алады.
4. Жоғары заң білімі бар Қазақстан Республикасының азаматтары нотариустың тағылымдамадан өтушілері бола алады.
Тағылымдамадан өтушілер тағылымдамадан өту туралы шарт негізінде жеке практикамен айналысатын нотариустарда немесе мемлекеттік нотариустарда тағылымдамадан өтеді.
Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер адам аумақтық әділет органымен немесе аумақтық нотариаттық палатамен тағылымдамадан өту туралы шарт жасасады.
5. Көмекші мен тағылымдамадан өтуші нотариустың нұсқауымен және жауапкершілігімен оның нотариаттық қызметті алмастыруға тиісті емес және нотариаттық іс жүргізу бойынша көмекші сипатта болуы мүмкін тапсырмаларын орындауға құқылы.
6. Заң мамандығы бойынша кемiнде бес жыл өтілі бар адамдар үшiн аумақтық әдiлет органы мен нотариаттық палатаның бiрлескен шешiмiмен тағылымдаманың мерзiмi қысқартылуы мүмкiн. Тағылымдаманың ұзақтығы үш айдан кем болмауы керек.
7. Тағылымдамадан өтушінің нотариаттық іс-әрекеттерді жасауы және нотариустың жұмысын ұйымдастыру жөніндегі кәсіби білім мен практикалық дағдыларды алуы тағылымдамадан өтудің мақсаты болып табылады.
8. Бір нотариустан бір мезгілде екеуден аспайтын тағылымдамадан өтуші тағылымдамадан өте алады.
9. Тағылымдамадан өту Республикалық нотариаттық палатамен келісім бойынша Қазақстан Республикасы Әділет министрінің бұйрығымен бекітілетін тағылымдамадан өтушілерді кәсіптік даярлаудың бірыңғай бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады.
Тағылымдамадан өтушілерді кәсіптік даярлау бағдарламасы барлық тағылымдамадан өтушілер үшін міндетті болып табылады және нотариустың кәсіби және этикалық мінез-құлық нормаларын зерделеуді, нотариустар немесе тағылымдамадан өтушілер үшін арнайы ұйымдастырылатын семинар сабақтарына қатысуды қоса алғанда, тағылымдамадан өтушінің арнайы теориялық білімдер, нотариаттық іс-әрекеттерді жасау және нотариустың жұмысын ұйымдастыру жөнінде практикалық дағдыларды алуына бағытталған іс-шаралар тізбесін қамтуға тиіс.
Тағылымдама мерзімін қысқарту тағылымдамадан өтушіні тағылымдамадан өту бағдарламасын меңгеру міндетінен босатпайды.
10. Тағылымдамадан өту аяқталған соң нотариус тағылымдамадан өтушінің кәсіптік даярлау бағдарламасын орындағанын көрсететін қорытынды дайындайды, ол он жұмыс күні ішінде аумақтық әділет органы мен нотариаттық палатаның бірлескен шешімімен бекітіледі. Тағылымдамадан өтушілерді кәсіптік даярлау бағдарламасын тағылымдамадан өтуші толық меңгермеген жағдайда оған қосымша уақыт беріледі.
11. Тағылымдамадан өтушілерді кәсіптік даярлау бағдарламасын толық меңгеру тағылымдамадан өтудің міндетті талабы болып табылады.
12. Терiс себептермен атқарып жүрген қызметінен босатылғандарды қоспағанда, осы баптың талаптары мемлекеттік нотариустың жұмыс өтілі бар адамдарға қолданылмайды.»;
6) мынадай мазмұндағы 7-1 және 7-2-баптармен толықтырылсын:
«7-1-бап. Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына әділет аттестаттау комиссиясы
1. Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер адамдар облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумақтық әділет органдарында құрылатын нотариаттық қызметпен айналысу құқығына әділет аттестаттау комиссияларында аттестаттаудан өтеді.
Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына әділет аттестаттау комиссиясы жеті мүшеден - нотариаттық палатаның төрағасын қоса алғанда екі нотариустан, аумақтық әділет органының екі өкілінен, құқықтанушы-ғалымнан және мәслихаттың екі депутатынан тұрады.
Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына әділет аттестаттау комиссияларының дербес құрамы және олардың жұмыс регламенті Қазақстан Республикасы Әділет министрінің бұйрығымен бекітіледі.
2. Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына әділет аттестаттау комиссиясының негізгі міндеттері:
1) нотариаттық қызметпен айналысуға лицензия алуға үміткерлерді сапалы іріктеуді қамтамасыз ету;
2) отырыстардың ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету болып табылады.
3. Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына әділет аттестаттау комиссиясының отырысына бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысуға құқылы.
4. Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына әділет аттестаттау комиссиясы отырысының ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында аудиожазба және (немесе) бейнежазба не стенографиялау жүзеге асырылады. Отырыс барысында алынған стенограмма, аудиожазба және (немесе) бейнежазба отырыстың хаттамасына тігіледі және нотариаттық қызметпен айналысу құқығына әділет аттестаттау комиссиясының материалдарымен бірге сақталады.
7-2-бап. Аттестаттауды өткізу тәртібі мен шарттары
1. Тағылымдамадан өткен және нотариаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен қағидалармен айқындалады.
2. Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер адам тағылымдамадан өткеннен кейін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құжаттарын қоса тіркей отырып, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумақтық әділет органдары арқылы оны аттестаттауға жіберу туралы өтінішін тұрғылықты жері бойынша тиісті нотариаттық қызметпен айналысу құқығына әділет аттестаттау комиссиясына жолдайды.
3. Құжаттар тиісінше ресімделмеген не олардың толық топтамасы табыс етілмеген жағдайда, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумақтық әділет органдары қайтару себебі туралы жазбаша хабарламамен ол түскен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде үміткерге өзі ұсынған құжаттарымен бірге өтінішті қарамастан қайтарады.
4. Егер үміткер осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкес келмесе, оны аттестаттауға жіберуден бас тартылады.
Аттестаттауға жіберуден бас тартылған жағдайда, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумақтық әділет органдары өтініш түскен күннен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірмей дәлелді шешімді үміткерге жібереді.
Аттестаттауға жіберуден бас тартуға заңда белгіленген тәртіппен сотқа шағым жасалуы мүмкін.
5. Аттестаттауға жіберілген үміткерді аттестаттаудың өтетін орны, күні, уақыты, тәртібі туралы оны өткізгенге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумақтық әділет органдары жазбаша хабардар етеді.
6. Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына әділет аттестаттау комиссиясы аттестаттауды қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына кемінде бір рет өткізеді.
7. Аттестаттау мынадай екі кезеңнен тұрады:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын білуден компьютерлік тест тапсыру;
2) емтихан билеттері бойынша ауызша тапсырманы орындау.
8. Үміткер өз таңдауы бойынша тестілеуден қазақ немесе орыс тілінде өтуге құқылы.
Тестілеу компьютер техникасын пайдалана отырып өткізіледі.
9. Аттестаттау нәтижесі бойынша нотариаттық қызметпен айналысу құқығына әділет аттестаттау комиссиясы аттестатталғаны туралы не аттестатталмағаны туралы дәлелді шешімді аттестаттау өткен күннен кейінгі келесі күннен кешіктірмей шығарады.
Аттестатталғаны туралы комиссия шешімі ол шығарылған кезден бастап үш жыл бойы жарамды болып табылады.
Әдiлет аттестаттау комиссиясының шешіміне заңда белгіленген тәртіппен сотқа шағым жасалуы мүмкін.
10. Аттестаттаудан өту кезінде үміткердің анықтамалық, арнаулы және басқа да әдебиетті, байланыс құралдарын, сондай-ақ қандай да бір жазбаларды пайдалануына жол берілмейді.
Аталған талаптар бұзылған жағдайда нотариаттық қызметпен айналысу құқығына әділет аттестаттау комиссиясы үміткерді аттестаттаудан шеттетеді.
Аттестаттаудан шеттетілген үміткер нотариаттық қызметпен айналысу құқығына әділет аттестаттау комиссиясы шешім шығарған күннен бастап үш ай өткен соң осы Заңда көзделген тәртіппен аттестаттауға жіберу туралы қайта өтініш беруге құқылы.
11. Дәлелді себеппен аттестаттауға келмеген үміткер осы баптың 5-тармағында көзделген тәртіппен нотариаттық қызметпен айналысу құқығына әділет аттестаттау комиссиясының келесі отырысына шақырылады.
Үміткер тағы да келмей қалған жағдайда оның өтініші қараусыз қалдырылады және оның тапсырған құжаттарымен қоса қайтарылады.»;
7) 8-баптың 6-1-тармағы алып тасталсын;
8) 10-бапта:
1-тармақтағы «, сондай-ақ салық қызметiнiң» деген сөздер алып тасталсын;
2-тармақта:
бірінші абзацындағы «тоқтатыла тұруы мүмкiн» деген сөздер «тоқтатыла тұрады» деген сөздермен ауыстырылсын;
3) тармақшасындағы «, сондай-ақ оның үй-жайының орналасқан орны өзгергенi» деген сөздер алып тасталсын;
5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«5) нотариус мемлекеттің, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына әкеп соққан нотариаттық iс-әрекеттер жасаған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғанда;»;
мынадай мазмұндағы 6), 7), 8) және 9) тармақшалармен толықтырылсын:
«6) әділет органдарында есептік тіркеу кезінде көрсетілген мекенжай бойынша нотариустың нақты үй-жайы болмағанда;
7) нотариус осы Заңның 15-бабы 4-тармағының талаптарын сақтамағанда;
8) осы Заңның 19-бабында көзделген шектеулер сақталмағанда;
9) егер нотариусты есептік тіркеуге қойған күннен бастап үш ай өткен соң нотариус практикалық нотариаттық қызметіне кіріспегенде тоқтатыла тұрады.»;
3-тармақ «лицензиар» деген сөзден кейін «үш күн мерзімде» деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы 7-тармақпен толықтырылсын:
«7. Аумақтық әділет органы мен нотариаттық палата лицензиясының қолданылуы тоқтатыла тұрған нотариустың іс жүргізуінде жатқан құжаттарын Нотариаттық іс жүргізу жөніндегі қағидада көзделген тәртіппен басқа нотариусқа беру жөнінде шаралар қолдануға міндетті.»;
9) 11-бапта:
бірінші абзацындағы «Әдiлет аттестаттау комиссиясының не прокуратура» деген сөздер «Прокуратура» деген сөзбен ауыстырылсын;
7) тармақша алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 8) тармақшамен толықтырылсын:
«8) нотариус кәсіптік қызметін аумақтық әділет органдарында тиісті есептік тіркелусіз жүзеге асырғанда нотариус лицензиясы керi қайтарылып алынады.»;
10) 13-бап алып тасталсын;
11) 15-бапта:
4-тармақта:
«жарамды» деген сөзден кейін «бір» деген сөзбен толықтырылсын;
«азаматтар» деген сөз «жеке тұлғалар» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы екінші және үшінші бөліктермен толықтырылсын:
«Нотариустың үй-жайы оның есептік тіркелген орны болып табылады.
Нотариустың үй-жайының орналасқан жері оған белгіленіп берілген аумақ шегінде өзгерген кезде қайтадан есептік тіркелу талап етілмейді. Аумақтық әділет органы нотариустың үй-жайының орналасқан жерін оған белгіленіп берілген аумақ шегінде өзгерту туралы оның өтініші келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде осы үй-жайдың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізуге міндетті.»;
мынадай мазмұндағы 7-тармақпен толықтырылсын:
«7. Олар осы баптың 4-тармағының талаптарын сақтаған жағдайда бір үй-жайда бір немесе бірнеше нотариус жұмыс істей алады.»;
12) 17-баптың 6) тармақшасындағы «, соның ішінде жалдау шарты бойынша айналысуға» деген сөздер алып тасталсын;
13) 18-баптың 1-тармағының 6) тармақшасындағы «беруге мiндеттi.» деген сөздер «беруге;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 7), 8) және 9) тармақшалармен толықтырылсын:
«7) өз лицензиясының қолданылуы тоқтатыла тұрған жағдайда Нотариаттық іс жүргізу жөніндегі қағидада көзделген тәртіппен іс жүргізуіндегі құжаттарды басқа нотариусқа беруге;
8) өз лицензиясының қолданылуы осы Заңның 12-бабы 1-тармағының 1), 2), 4), 4-1) және 6) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша тоқтатылған жағдайларда, сақтауындағы барлық нотариаттық құжаттарды жекеше нотариаттық мұрағатқа беруге;
9) өз тегінің, атының, әкесінің атының және өз үй-жайы орналасқан жерінің өзгеруі жөніндегі мәліметтерді бір ай ішінде аумақтық әділет органына ұсынуға міндетті.»;
14) 19-бапта:
1-тармақтың 3) тармақшасындағы «орындауға құқығы жоқ.» деген сөздер «орындауға;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 4), 5) және 6) тармақшалармен толықтырылсын:
«4) жекеше нотариустың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасамай өз міндеттерін орындауға;
5) нотариустың жеке мөрін оның лицензиясының қолданылуы тоқтатыла тұрған кезеңге аумақтық әділет органына тапсыруын қоспағанда, факсимилені пайдалануға және жеке мөрін басқа адамға беруге;
6) осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, есептік тіркеу орнынан тыс жерде қызметін жүзеге асыруға құқығы жоқ.»;
2-тармақтағы «Жеке» деген сөз «Егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, жеке» деген сөздермен ауыстырылсын;
15) 21-баптың 2 және 5-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Жекеше нотариустың нотариаттық округ шегiндегі қызмет ету аумағын аумақтық әдiлет органы нотариаттық палатамен бiрлесе отырып белгiлейдi.
Нотариус үй-жайын өзіне белгіленіп берілген аумақтың шегінен тыс жерде орналастыруға құқылы емес.
Нотариустың үй-жайына қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Республикалық нотариаттық палатаның ұсынысы бойынша белгiлейдi.
Аумақтық әдiлет органы халыққа мемлекеттiк және жекеше нотариустардың қызмет ету аумағы туралы үнемi хабарлап отырады.»;
«5. Нотариаттық iс-әрекеттер мемлекеттiк нотариат кеңсесiнiң үй-жайынан тыс және жекеше нотариустың үй-жайынан тыс жерлерде жасалуы мүмкін.
Көшпелі нотариаттық iс-әрекеттер мүдделі адамның өтініші негізінде нақты адамға қатысты жасалады және тұрақты сипатта болмайды.
Егер нотариаттық iс-әрекет мемлекеттiк нотариат кеңсесiнiң үй-жайынан тыс немесе жекеше нотариустың үй-жайынан тыс жерлерде жасалса, онда құжаттың куәландыру жазбасында және нотариаттық iс-әрекеттерді тіркеу тізілімінде оның мекенжайы мен уақыты көрсетіліп, нотариаттық іс-әрекеттің жасалған орны жазылады.»;
16) мынадай мазмұндағы 21-1-баппен толықтырылсын:
«21-1-бап. Нотариаттық округтегі нотариустардың ең аз санын айқындау критерийлері
1. Нотариаттық округтегі нотариустардың ең аз санын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі аумақтық әділет органының аумақтық нотариаттық палатамен бірлесіп берген ұсынымы бойынша мынадай критерийлерге:
1) нотариаттық округтегі халықтың саны мен тығыздығына;
2) өңірдің экономикалық дамуына, географиялық орналасуына, инфрақұрылымы мен басқа да ерекшеліктерінің болуына сүйене отырып бекітеді.
2. Бос орын пайда болған және ол екі айдың ішінде жекеше нотариустармен толықтырылмаған кезде аумақтық әділет органы тиісті нотариаттық округте штат санының шегінде мемлекеттік нотариус бірлігін енгізуге құқылы.
3. Егер кейіннен көрсетілген бос орынға жекеше нотариус орналасқан жағдайда, аумақтық әділет органы бір ай ішінде мемлекеттік нотариус бірлігін қысқартуға міндетті.
Бұл ретте аумақтық әділет органы:
1) жасалған нотариаттық іс-әрекеттердің заңдылығын тексеру және мемлекеттік нотариустың анықталған бұзушылықтарды жоюы;
2) мемлекеттік нотариустың іс жүргізуінде жатқан құжаттарды жекеше нотариусқа қабылдап алу-тапсыру;
3) мемлекеттiк нотариустың мөрiн алып қою және жою жөнінде шаралар қолдануға міндетті.»;
17) 22-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«22-бап. Нотариустың жеке мөрi, мөртабандары мен бланкiлерi
1. Нотариустың өзiнiң тегi, аты, әкесiнiң аты, сондай-ақ мемлекеттiк нотариат кеңсесiнiң атауы (мемлекеттiк нотариустың мөрi) не нотариус лицензиясының нөмiрi мен берiлген күнi көрсетiлген (жекеше нотариустың мөрi) жеке мөрi, куәландыру жазбаларының мөртабандары мен жеке бланкiлерi болады.
Мемлекеттiк нотариустың жеке мөрiнде Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк елтаңбасының бейнесі орналастырылады.
2. Нотариустардың жеке мөрінің бедерлері мен қолының үлгілері Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде, аумақтық әділет органында, сондай-ақ нотариаттық палатада сақталады.
3. Нотариаттық іс-әрекеттер жасау үшін жеке мөрге тапсырысты және оны нотариустарға беруді жүзеге асыруды аумақтық әділет органы жүргізеді.
Жекеше нотариустың жеке мөрін дайындау - оның өз қаражаты есебінен, ал мемлекеттік нотариустерге бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.»;
18) 26-бапта:
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Республикалық нотариаттық палата аумақтық нотариаттық палаталарды біріктіретін, коммерциялық емес кәсiптiк өзiн-өзi қаржыландыратын ұйым болып табылады.»;
мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:
«5. Осы Заңның 6-бабының талаптарына адамның сәйкес келмеген жағдайларынан басқа, нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензиясы бар адамды нотариаттық палатаға мүше етуден бас тартуға болмайды.
Нотариаттық палаталардың кіру жарнасын алуына жол берілмейді.»;
19) мынадай мазмұндағы 26-1 және 26-2-баптармен толықтырылсын:
«26-1-бап. Нотариаттық палатаның басқару органдары
1. Нотариаттық палата мүшелерінің жалпы жиналысы нотариаттық палатаның жоғары басқару органы болып табылады.
Жалпы жиналыстың айрықша құзыретіне:
1) нотариаттық палатаның жарғысын қабылдау, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
2) нотариаттық палата төрағасын, басқарманың және тексеру комиссиясының мүшелерін сайлау;
3) нотариаттық палата қызметінің негізгі бағыттарын айқындау;
4) нотариаттық палатаның бюджетін бекіту жатады.
Нотариаттық палатаның жарғысында шешімдер қабылдау бойынша жалпы жиналыстың айрықша құзыретіне жатқызылған өзге де мәселелер көзделуі мүмкін.
2. Нотариаттық палатаға басшылықты нотариаттық палата мүшелерінің жалпы жиналысында сайланған нотариаттық палатаның басқармасы мен төрағасы жүзеге асырады. Нотариаттық палата мүшелері жалпы жиналысының, нотариаттық палата басқармасының және нотариаттық палата төрағасының құзыреті нотариаттық палатаның жарғысымен регламенттеледі.
3. Басқарма мүшелері төрт жыл мерзімге жасырын дауыс беру арқылы сайланады.
4. Құрамына кемінде бес адам кіретін басқарма нотариаттық палатаның басқару органы болып табылады.
5. Нотариаттық палата мүшелерінің жиналысын шақыру тәртібі мен мерзімі, сондай-ақ нотариаттық палатаның төрағасы мен басқару органдарының өкілеттіктері нотариаттық палатаның жарғысында айқындалады.
26-2-бап. Нотариаттық палатаның төрағасы
1. Нотариаттық палатаның төрағасы болып оны сайлаған күнге дейін тікелей кемінде бес жыл нотариаттық палатаның мүшесі болған нотариус сайланады.
Нотариаттық палатаның төрағасы жасырын дауыс беру арқылы төрт жыл мерзімге сайланады.
2. Нотариаттық палатаның төрағасы:
1) нотариаттық палатаның жұмысын ұйымдастырады, нотариаттық палатаға жүктелген міндеттердің орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
2) нотариаттық палатаның жұмысына басшылық жасайды, нотариаттық палатаның қызметкерлерін жұмысқа қабылдауды және жұмыстан босатуды жүзеге асырады;
3) мемлекеттік органдарда, қоғамдық бірлестіктерде, басқа да ұйымдарда нотариаттық палатаның мүддесін білдіреді;
4) нотариаттық палата жарғысында көзделген, Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.»;
20) 27-баптың 1-тармағының 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«6) нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер адамдардың тағылымдамадан өтуін және жекеше нотариустарды оқытуды ұйымдас-тырады;»;
21) 29-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:
«4. Республикалық нотариаттық палатаның төрағасы болып оны сайлаған күнге дейін тікелей кемінде бес жыл нотариаттық палатаның мүшесі болған нотариус сайланады.
Республикалық нотариаттық палатаның төрағасы жасырын дауыс беру арқылы төрт жыл мерзімге сайланады.
Республикалық нотариаттық палатаның төрағасын сайлау тәртібі және оның өкілеттіктері осы Заңда және Республикалық нотариаттық палатаның жарғысында айқындалады.»;
22) мынадай мазмұндағы 30-1-баппен толықтырылсын:
«30-1-бап. Жекеше нотариус нотариаттық іс-әрекеттер жасаған кезде құқықтық және техникалық сипаттағы қызметтер көрсетуге ақы төлеу
1. Жекеше нотариус нотариаттық іс-әрекеттер жасаған кезде техникалық және құқықтық сипаттағы қосымша қызметтер көрсеткені үшін осы бапта көзделген мөлшерде мынадай төлемақы алады:
1) қалалық жерлердегі жылжымайтын мүлікті (жер учаскелерін, тұрғын үйлерді, пәтерлерді, саяжайларды, гараждарды, құрылыстар мен өзге де жылжымайтын мүлікті) иеліктен шығару туралы шарттарды куәландырған кезде:
егер тараптардың бірі заңды тұлға болып табылса - 7 айлық есептік көрсеткіш;
балаларына, жұбайына, ата-аналарына, туған аға-інілері мен апа-қарындастарына, сіңлілеріне, немерелеріне - 2 айлық есептік көрсеткіш;
басқа адамдарға - 5 айлық есептік көрсеткіш;
егер мәміле жылжымайтын мүлікті ипотекалық тұрғын үй заемы бойынша алынған қаражат есебінен сатып алу мақсатында жасалатын болса - 2 айлық есептік көрсеткіш;
2) ауылдық жерлердегі жылжымайтын мүлікті (жер учаскелерін, тұрғын үйлерді, пәтерлерді, саяжайларды, гараждарды, құрылыстар мен өзге де жылжымайтын мүлікті) иеліктен шығару туралы шарттарды куәландырған кезде: