9. Осы Кодекстің 265-бабының 2-тармағының 1)-11) тармақшаларында көрсетілген тауарлар тиісті уәкілетті мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген рұқсат ету құжаттарының болуы шартымен Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізіледі.
10. Жеңілдетілген тәртіппен өткізілетін тауарлар ішінара кедендік тексеруге жатады.
11. Кеден органы тауарларды өткізуші адамнан олардың негізінде жеңілдіктер берілген шарттарға сәйкестігін растайтын құжаттарды көрсетуін талап етуге құқылы.
12. Жеке тұлғалар тауарларды жеңілдетілген тәртіппен өткізген кезде, Қазақстан Республикасының кеден заңдарын сақтау үшін қажет болатын жағдайларды қоспағанда, кеден органдары көлік құралдарынан шықпай кедендік рәсімдерден өтуге мүмкіндік береді.
2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен 269-1-баппен толықтырылды
269-1-бап. Декларациялаудың конклюденттік нысаны кезінде өткізу пункттерін жайластыруға қатысты жалпы ережелер
1. Өткізу пункттерінде декларациялаудың конклюденттік нысанын қолдану мақсаты үшін «жасыл және қызыл дәліздер» жүйесін қолдану үшін орындар жайластырылады.
2. «Жасыл және қызыл дәліздер» жүйесін қолдану Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы өтетін жеке тұлғаның декларациялау нысанын және кедендік ресімдеу үшін оған сәйкес дәлізді және өзі өткізетін тауарларды кедендік бақылауды дербес таңдауын көздейді.
3. Кәмелетке толмаған адамдар өткізетін тауарларды кедендік ресімдеу және кедендік бақылау үшін декларациялау нысаны мен оған сәйкес дәлізді таңдауды оларды ертіп жүрген адам жүргізеді.
2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен 269-2-баппен толықтырылды
269-2-бап. Халықаралық өткізу пунктінде «жасыл және қызыл дәліздер» жүйесін қолдану
1. «Жасыл дәліз» — Қазақстан Республикасының кеден шекарасындағы халықаралық өткізу пункттері арқылы өтетін және қол жүгінде және алып келе жатқан багажында осы Кодекстің 289-бабына сәйкес міндетті түрде жазбаша декларациялануға жататын тауарлары жоқ жеке тұлғалардың тауарларды жеңілдікпен өткізу тәртібі.
«Жасыл дәлізде» кедендік бақылаудың кейбір нысандарының қолданылмауы адамдардың Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын сақтау міндетінен босатылуын білдірмейді.
2. «Қызыл дәліз» - қол жүгінде және алып келе жатқан багажында осы Кодекстің 265-бабына сәйкес міндетті жазбаша декларациялануға жататын тауарлары бар жеке тұлғаларға қолданылатын Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету үшін жеткілікті кедендік бақылау нысандарын пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының кеден шекарасындағы халықаралық өткізу пункттері арқылы жеке тұлғалар өткізетін тауарларды кедендік бақылау тәртібі.
3. «Жасыл және қызыл» дәліздердің басталуы мен аяқталуын кедендік бақылау аймағының шегінде уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі белгілейді.
2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен 269-3-баппен толықтырылды
269-3-бап. «Жасыл және қызыл дәліздерді» қолдану үшін шекарадағы өткізу пункттеріне қойылатын талаптар
1. «Жасыл және қызыл дәліздер» жүйесі шекарадағы өткізу пунктінің кедендік бақылау аймағында «жасыл дәліз» талаптарына сәйкес жабдықталған кем дегенде бір дәліз және «қызыл дәлізге» қойылатын талаптарды ескеріп жабдықталған кем дегенде бір дәліз болған кезде қолданылады.
2. «Жасыл және қызыл дәліздерді» жайластыруға қолданылатын талаптарды уәкілетті орган белгілейді.
270-бап. Жеке тұлғалардың тауарларды оңайлатылған тәртіппен өткізуі
1. Тауарларды Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізудің оңайлатылған тәртібі кедендік төлемдерден, салықтардан босатпастан және тарифтік емес реттеу шараларын қолданбастан, осы Кодексте белгіленген тәртіпке сәйкес, тауарларды кедендік ресімдеу кезіндегі кедендік рәсімдерді қолданудан босатуды білдіреді.
2. Оңайлатылған тәртіппен өткізілетін тауарларды декларациялау жолаушылардың кедендік декларациясын толтыру, сондай-ақ тауарларды өткізуші адамның жеке басын, тауардың құнын, шығарылған елін, тарифтік емес реттеу шараларының сақталғандығын растайтын құжаттарды көрсету арқылы тауарларды бір мезгілде кеден органына табыс ете отырып жүргізіледі.
3. Оңайлатылған тәртіппен декларациялау кезінде тауарлардың кедендік құны кассалық немесе тауарлық чектерде немесе бөлшек сауда-саттықта пайдаланылатын және тауарға ақы төленгендігін растайтын өзге де құжаттарда аталған тауардың бағасы туралы мәліметтердің негізінде айқындалады.
4. Иесімен бірге жөнелтілмейтін багажын Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелу кезінде кедендік құнға тауарларды әуежайға, теңіз портына немесе тауарлардың Қазақстан Республикасының кедендік аумағына келетін өзге де орындарына жеткізу жөніндегі шығыстар кіреді.
5. Тауарлардың құнын растайтын құжаттар болмаған жағдайда, кеден органы жолаушылардың кедендік декларациясында мәлімделген тауарлардың кедендік құнын кедендік төлемдерді және салықтарды есептеуге негіз ретінде қабылдайды.
6. Мәлімделген кедендік құнның анық еместігі туралы негіздер болған жағдайда, кеден органы тауарлардың кедендік құнын осы Кодекстің 39-тарауына сәйкес өздігінен белгілей алады.
7. Оңайлатылған тәртіппен өткізілетін тауарларға тауарларды осы Кодексте көзделген тәртіппен өткізу кезінде төленуге жататын кедендік төлемдер және салықтар қолданылады.
8. Егер оларда осы тауарлардың шығарылған елі туралы ақпарат болған жағдайда, этикеткалар, таңба-жапсырмалар, бұйымдардың төлқұжаттары және тауарларға қоса берілетін өзге де құжаттар тауарлардың шығарылған елін растайтын құжаттар бола алады.
9. Тауарлардың шығарылған елін растайтын құжаттар болмаған жағдайда, оңайлатылған тәртіппен өткізілетін тауарларға осы Кодексте белгіленген тарифтік және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылады.
10. Кедендік төлемдерді және салықтарды жеке тұлғалар тікелей тауарларды декларациялау кезінде төлейді. Бұл ретте, кеден органының лауазымды адамы нысанын, толтыру тәртібін және есебін уәкілетті орган айқындайтын, қатаң есептілік бланкісі болып табылатын кедендік кіріс ордерін ресімдеуді жүргізеді.
11. Егер әкелінетін тауарларды кедендік ресімдеу жеке тұлғаның кедендік төлемдерді және салықтарды төлеу мүмкіндігінің болмауынан немесе тарифтік емес реттеу шараларының сақталуын растайтын құжаттардың болмауынан дереу аяқтау мүмкін болмаса, оларды тасымалдаушы тұлғаның тілегі бойынша тауарлар:
1) Қазақстан Республикасы кедендік аумағының шегінен тыс жерлерге дереу қайта әкетілуі;
2) уақытша сақтау қоймаларына орналастырылуы;
3) межелі кеден органында кейіннен кедендік ресімдеу үшін тауарлар жеткізудің ішкі кедендік транзит рәсімдері жөніндегі шарттарын сақтай отырып межелі кеден органына жеткізілуі мүмкін.
12. Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы оңайлатылған тәртіппен өткізілетін тауарлар тек еркін айналым үшін тауарлар шығару, тауарлардың экспорты немесе тауарлардың транзиті режимдеріне ғана мәлімделеді.
13. Жеке тұлғалар тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізудің оңайлатылған тәртібін қолданудан бас тартуға құқылы. Бұл жағдайда, осы Кодекске сәйкес тауарларды Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізудің тәртібі қолданылады.
35-тарау. Тауарларды халықаралық почта
жөнелтілімдерімен өткізу
271-бап. Осы тарауда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы тарауда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) халықаралық почта жөнелтімдері - жай немесе Қазақстан Республикасынан тысқары жерге жөнелту үшін қабылданатын не Қазақстан Республикасына келіп түсетін, не Қазақстан Республикасының аумағы арқылы бір шет мемлекеттен екінші шет мемлекетке транзитпен өтетін тіркелетін почта жөнелтімдері;
2) халықаралық почта қызметтерін көрсететін ұйым - Қазақстан Республикасының почта байланысы туралы заңдарына және Дүниежүзілік почта одағының актілеріне сәйкес почта байланысы қызметтерін көрсетуші заңды тұлға;
3) халықаралық почта алмасу орны - кедендік ресімдеу жүргізілетін халықаралық ілеспе құжаттарды ресімдей отырып, келіп түсетін және жіберілетін халықаралық почта жөнелтімдерін өңдеу міндетіне кіретін почта байланысының бөлімшесі.
272-бап. Халықаралық почта жөнелтімдеріне қатысты жалпы ережелер
1. Осы тараудың ережелері Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы халықаралық почта жөнелтімдерімен өткізілетін тауарларды кедендік бақылау мен кедендік ресімдеудің тәртібін реттейді.
2. Халықаралық почта жөнелтімдеріне мынадай түрлер жатады:
1) хаттар - жай, тапсырысты, құндылығы жарияланған;
2) почта карточкалары - жай, тапсырысты;
3) бандерольдер мен «М» арнайы қапшықтары - жай, тапсырысты;
4) секограммалар - жай, тапсырысты;
5) шағын пакеттер - тапсырысты;
6) сәлемдемелер - кәдімгі, құндылығы жарияланған;
7) экспресс-почтаның халықаралық жөнелтімдері (Дүниежүзілік почта одағының актілеріне сәйкес халықаралық почта жөнелтімін жеделдетіп қабылдау, өңдеу, жеткізу).
3. Халықаралық почта жөнелтімдерін жіберу Дүниежүзілік почта одағының актілерінде көзделген құжаттармен қоса жүруі тиіс.
4. Халықаралық почта қызметтерін көрсететін ұйым уәкілетті органмен келісім бойынша халықаралық почта алмасу орындарын айқындайды.
5. Халықаралық почта қызметтерін көрсететін ұйым шарттық негізде халықаралық почта алмасу орындарындағы кеден органдарын кедендік бақылауды жүзеге асыруға арналған қызметтік үй-жайлармен қамтамасыз етуі тиіс.
273-бап. Тауарларды халықаралық почта жөнелтімдерімен өткізудің ерекшеліктері
1. Халықаралық почта жөнелтімдерімен:
1) Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелуге және осы аумақтан әкетуге тыйым салынған;
2) Дүниежүзілік почта одағының актілеріне сәйкес жіберуге тыйым салынған тауарларды жіберуге жол берілмейді.
2. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелінуі немесе тиісінше осы аумақтан әкетілуі шектелген тауарларға тарифтік емес реттеу шаралары қолданылады.
3. Жеке тұлғаның мекен-жайына жіберілетін және өндірістік немесе өзге де кәсіпкерлік қызметке арналмаған тауарлар Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген шарттар мен нормалар сақталған жағдайда, кедендік төлемдерді және салықтар төлеуден толық босатыла отырып және оларға тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмастан өткізіледі.
4. Халықаралық почта қызметтерін көрсетуші ұйым, зағиптарға арналған хаттар, почта карточкалары, секограммаларды қоспағанда, халықаралық почта жөнелтімдерін қарау және кедендік тексеру жүргізу үшін табыс етеді.
5. Халықаралық почта жөнелтімдерін халықаралық почта қызметтерін көрсетуші ұйым кеден органдарының рұқсатынсыз оларды алушыларға бермейді не Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге жөнелте алмайды.
6. Құндылығы жарияланған хаттар, «М» қапшықтары, бандерольдер ілеспе құжаттарды кедендік ресімдеместен жөнелтімдердің өзіне белгілер қою жолымен кедендік бақылауға жатады.
7. Қазақстан Республикасына әкелуге және Қазақстан Республикасынан әкетуге тыйым салынған тауарларды алып қоюды кеден органдары Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген тәртіппен жүргізеді.
8. Халықаралық почта қызметтерін көрсетуші ұйым халықаралық почта жөнелтімдерін жоғалтқаны, оларды алушыға кеден органдарының рұқсатынсыз бергені үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
274-бап. Халықаралық почта жөнелтімдерін кедендік ресімдеу
1. Халықаралық почта жөнелтімдерін кедендік ресімдеу құжаттар мен мәліметтерді тексеруден, техникалық бақылау құралдарының көмегімен жүзеге асырылатын қарап шығудан, ал қажет болған жағдайда - халықаралық почта қызметтерін көрсетуші ұйым операторларының орамаларды тексеру үстелінде ашып көруінен және кеден органының лауазымды адамына ішіндегілерді көрсете отырып, кедендік тексеруден басталады.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізудің жеңілдетілген тәртібін көздеген тауарларды кедендік ресімдеуді қызмет ету аймағында халықаралық почта алмасу орны орналасқан кеден органы жүзеге асырады.
3. Жүктің кедендік декларациясы берілетін тауарлардың кедендік ресімделуін қызмет ету аймағында жеткізудің ақырғы пункті не халықаралық почта жөнелтімінің бастапқы жөнелту пункті болып табылатын почта байланысының бөлімшесі орналасқан кеден органы жүзеге асырады.
4. Экспресс-почтаның халықаралық жөнелтімдері басымдылық тәртіпте кедендік ресімдеуге жатады.
5. Аудио-, бейнежазбалар мен магниттік және өзге де тасушылардағы ақпараттарды кедендік ресімдеу электронды есептеу машинасының түрі мен пайдаланыла отырып жазба жүргізілген операциялық жүйе туралы мәліметтер болған кезде, бақылаудың техникалық құралдарын пайдалану арқылы кедендік бақылаудан кейін жүзеге асырылады. Мұндай мәліметтер болмаған жағдайда, алушыға осы ақпараттың мағынасын ашу мүмкіндігі беріледі. Мағынасын ашу мүмкін болмаған жағдайда, ақпараттар тасушы жөнелтушіге қайтарылады.
6. Қайтыс болғандардың мәйітін кедендік ресімдеу медициналық мекеменің құжаты мен тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар берген қайтыс болғандығын растау туралы құжаттары болған жағдайда, оңайлатылған тәртіппен жүргізіледі. Мәйіт салынған табытты кеден органының лауазымды адамы өзге салымдардың жоқтығы туралы міндетті түрде белгі соға отырып, пломбылайды.
7. Мемлекеттік наградаларды (ордендер, медальдар, белгілер, атаулы заттар) мұндай тауарларды бағасы жарияланған халықаралық почта жөнелтімдерімен өткізетін адамның меншік құқығын растайтын марапаттау туралы құжаттар бойынша ғана Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы жіберуге жол беріледі.
275-бап. Халықаралық почта жөнелтімдерін декларациялау
2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Дүниежүзілік почта одағының актілерінде көзделген және халықаралық почта жөнелтімдерінің ілеспе құжаттарында кеден органдарына қажетті барлық мәліметтер болған жағдайда, осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жүктің кедендік декларациясын табыс ету талап етілмейді және мұндай жағдайларда кедендік рәсімдеу көлік және коммерциялық құжаттарға кеден органының тиісті белгілерін қою жолымен жүзеге асырылады.
2. Егер:
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1) халықаралық почта жөнелтiмдерiн:
тауардың декларацияланатын легiнің кедендiк құны тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген тоқсан айлық есептік көрсеткiштен асатын;
аталған тауарларға қатысты тарифтiк емес реттеу шаралары белгіленген жағдайларда заңды тұлғалар жіберсе;
2) тауарлардың құны жеке тұлғалардың тауарларды халықаралық почта жөнелтімдерімен өткізуі үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген нормадан асып кетсе;
3) жеке тұлға Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан не Қазақстан Республикасының кедендік аумағына жеке тұлғаның мекен-жайына жіберілген тауарлар, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген, тауарлардың қолданылуын айқындау өлшемдеріне сәйкес өндірістік және өзге де кәсіпкерлік қызметке арналса, халықаралық почта жөнелтімдерін жүктің кедендік декларациясын беру арқылы декларациялау талап етіледі.
276-бап. Халықаралық почта жөнелтімдерін кедендік бақылау
1. Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы халықаралық почта жөнелтімдерімен жіберілетін тауарлар кедендік бақылауда болады.
2. Тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына халықаралық почта жөнелтімдерімен жіберу кезінде кедендік бақылау Қазақстан Республикасының кедендік шекарасынан кірген кезден басталады және тауарларды шығару кезінде аяқталады.
3. Тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге халықаралық почта жөнелтімдерімен жіберу кезінде кедендік бақылау тауарларды кеден органдарына табыс еткен кезден басталады және Қазақстан Республикасының кедендік шекарасынан өткен кезде аяқталады.
4. Жеткізудің ақырғы пункті болып табылатын почта байланысының бөлімшесіне халықаралық почта жөнелтімдерін жеткізуді бақылауды уәкілетті орган белгілеген тәртіпте кеден органдары жүзеге асырады.
5. Халықаралық почта жөнелтімдерін қарау мен кедендік тексеруді жүргізу кезінде кеден органдары кедендік бақылаудың техникалық құралдарын ең жоғары дәрежеде пайдаланады.
6. Халықаралық почта алмасу орнына бүлінген түрде, салмағында алшақтық бар, ішіндегісі бұзылған немесе қажетті ілеспе құжаттарынсыз келіп түскен халықаралық почта жөнелтімдері халықаралық почта қызметтерін көрсетуші ұйым ресімдеген актіні қоса бере отырып, кеден органдарына көрсетіледі.
7. Халықаралық почта жөнелтімін кедендік тексеру кезінде санының алшақтығы және ішіндегілерінің сәйкес келмеуі анықталса кеден органының лауазымды адамы халықаралық почта қызметтерін көрсетуші ұйымның қызметкерімен бірлесіп, кедендік тексерудің актісін жасайды.
36-тарау. Шетелдік тұлғалардың жекелеген
санаттарының тауарларды өткізуі
277-бап. Осы тараудың қолданылу саласы
Осы тарау дипломатиялық, консулдық және шетел мемлекеттерінің өзге де ресми өкілдіктері, халықаралық ұйымдар, осы өкілдіктер мен ұйымдардың жеке құрамдары Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізетін тауарларға қатысты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында кедендік төлемдер бойынша жеңілдіктерді пайдаланатын шетелдік тұлғалардың жекелеген санаттарының мүлкіне және жеке багажына қатысты кедендік бақылаудың тәртібін реттейді.
278-бап. Осы тарауда пайдаланылатын ұғымдар
Осы тарауда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) дипломатиялық өкілдік - жеке құрамы Қазақстан Республикасында тіркелген шетел мемлекетінің өкілдігі;
2) консулдық мекеме - жеке құрамы Қазақстан Республикасында тіркелген кез келген бас консулдық, консулдық, вице-консулдық немесе консулдық агенттік;
3) дипломатиялық өкілдіктің қызметкерлері - өкілдіктің басшысы және өкілдік жеке құрамының мүшелері;
4) дипломатиялық өкілдік жеке құрамының мүшелері - өкілдіктің дипломатиялық, әкiмшiлiк-техникалық және қызмет көрсетуші жеке құрамының мүшелері;
5) консулдық лауазымды адам - консулдық мекеменің басшысын қоса алғанда, консулдық лауазымды адам ретінде консулдық функцияларды атқару тапсырылған адам;
6) консулдық мекеменің қызметкерлері - консулдық лауазымды адамдар, консулдық қызметшілер (әкімшілік-техникалық міндеттерді атқаратын адамдар) және қызмет көрсетуші жеке құрамның қызметкерлері;
7) дипломатиялық өкілдіктерге теңестірілген өкілдіктер - жеке құрамы Қазақстан Республикасында тіркелген халықаралық ұйымдардың өкілдіктері;
8) дипломатиялық почта - мемлекет пен оның шетелдегі дипломатиялық, консулдық өкілдіктері арасындағы байланыс түрі;
9) консулдық сағдиян - консулдық мекемелердің байланыс түрлерінің бірі;
10) дипломатиялық курьер - Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы дипломатиялық почтаны өткізуге уәкілетті тұлға;
11) консулдық курьер - Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы консулдық сағдиянды өткізуге уәкілетті тұлға.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 279- бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
279-бап. Шетел мемлекеттерi дипломатиялық өкiлдiктерiнің тауарларды өткізуі
Қазақстан Республикасының аумағындағы шетел мемлекеттерінің дипломатиялық өкілдіктері өздерінің ресми пайдалануына арналған тауарларды сондай-ақ тауарларды уақытша сақтау қоймаларында немесе кеден органдарының кедендік қоймаларында сақтауды жүзеге асыру кезінде кедендік төлемдерді және салықтарды төлеуден босатыла отырып және тауарларға тарифтік емес реттеу шараларын қолданбай Қазақстан Республикасына әкеле алады және Қазақстан Республикасынан әкете алады.
280-бап. Шетел мемлекетінің дипломатиялық өкілдігі басшысының және өкілдіктің дипломатиялық жеке құрамы мүшелерінің тауарларды өткізуі
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 1 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Шетел мемлекеті дипломатиялық өкілдігінің басшысы және өкілдіктің дипломатиялық жеке құрамының мүшелері, сондай-ақ олармен бірге тұратын отбасы мүшелері, егер олар Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса, бастапқы жайғасуға қажет тауарларды қоса алғанда, өздерінің жеке пайдалануына арналған тауарларды сондай-ақ тауарларды уақытша сақтау қоймаларында немесе кеден органдарының кедендік қоймаларында сақтауды жүзеге асыру кезінде кедендік төлемдерді және салықтарды төлеуден босатыла отырып және тауарларға тарифтік емес реттеу шараларын қолданбай Қазақстан Республикасына әкеле алады және Қазақстан Республикасынан әкете алады.
2. Шетел мемлекетiнiң дипломатиялық өкiлдiгi басшысының, өкiлдiктiң дипломатиялық жеке құрамы мүшелерiнiң, сондай-ақ олармен бірге тұратын отбасы мүшелерінің, егер олар Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса, жеке багажы, егер жеке пайдалануға арналмаған тауарлар немесе әкелуiне не әкетiлуiне тыйым салынған, немесе Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині туралы заңдарымен реттелетiн тауарлар бар екенiне елеулi негiздемелер болмаса, кедендік тексеруден босатылады. Тауарларды мұндай тексеру тек осы адамның немесе оның уәкiлеттi өкiлiнiң қатысуымен жүргiзiлуі қажет.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 281-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
281-бап. Шетел мемлекетi дипломатиялық өкiлдiгiнiң әкiмшiлiк-техникалық жеке құрамы мүшелерінің тауарларды өткізуі
Шетел мемлекетi дипломатиялық өкiлдiгiнiң әкiмшiлiк-техникалық жеке құрамының мүшелері және олармен бірге тұратын отбасы мүшелері, егер олар Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса, жайғасуға арналған заттарды қоса алғанда, өздерінің жеке пайдалануына арналған тауарларды сондай-ақ тауарларды уақытша сақтау қоймаларында немесе кеден органдарының кедендік қоймаларында сақтауды жүзеге асыру кезінде кедендік төлемдерді және салықтарды төлеуден босатыла отырып және тауарларға тарифтік емес реттеу шараларын қолданбай, Қазақстан Республикасына әкеле алады және Қазақстан Республикасынан әкете алады.
282-бап. Шетел мемлекетi дипломатиялық өкiлдiгiнің қызмет көрсетушi жеке құрамы мүшелерiнің тауарларды өткізуі
Шетел мемлекетiмен жасалып бекітілген халықаралық шарттың негiзiнде шетел мемлекетi өкiлдiгiнiң дипломатиялық жеке құрамының мүшелеріне, осы Кодексте берілетін кедендік төлемдер бойынша жеңілдіктер әрбiр жекелеген шетел мемлекетіне қатысты өзара сыйластық принципін негiзге ала отырып, осы дипломатиялық өкiлдiктiң қызмет көрсетушi жеке құрамының қызметкерлеріне, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерiне егер олар Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса, қолданылуы мүмкiн.
283-бап. Шетел мемлекеттерiнiң консулдық мекемелері мен олардың қызметкерлерінің тауарларды өткізуі
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 1- тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Шетел мемлекеттерiнiң консулдық мекемелеріне, консулдық мекеменің басшысын қоса отырып, консулдық лауазымды адамдарға және консулдық қызметшілерге, сондай-ақ егер Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса, олардың отбасы мүшелерiне шетел мемлекеттерінің дипломатиялық өкiлдiктерiнiң, сондай-ақ шетел мемлекеттерiнiң дипломатиялық өкiлдiктерiнің дипломатиялық және әкімшілік-техникалық жеке құрамының мүшелері үшiн осы Кодексте көзделген кедендік төлемдер бойынша жеңілдіктер берiледi.
2. Консулдық мекеменің қызмет көрсетушi жеке құрамының қызметкерлерiне, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерiне, егер олар Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса, шетел мемлекетiмен жасалып бекітілген халықаралық шарттың негiзiнде, әрбiр жеке шетел мемлекетіне қатысты өзара сыйластық принципін негізге ала отырып, шетел мемлекетiнiң дипломатиялық өкiлдiгiнiң қызмет көрсетуші жеке құрамының мүшелерiне осы Кодексте берiлетiн кедендік төлемдер бойынша жеңілдіктер қолданылуы мүмкiн.
284-бап. Шетел мемлекеттерiнiң дипломатиялық почтасы мен консулдық сағдиянын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу
1. Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткiзiлетiн шетел мемлекеттерiнiң дипломатиялық почтасы кеден органдарының ашып қарауына да, ұстап қалуына да жатпайды және оларды тек сырттай қарайды. Дипломатиялық почтаны құрайтын барлық орындардың олардың сипатын көрсететін көзге көрінерлік сыртқы белгiлері болуға тиiс және оларда тек дипломатиялық құжаттар мен тек қана ресми пайдалануға арналған заттар болуға тиіс.
2. Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткiзiлетiн шетел мемлекеттерiнiң консулдық сағдияны кеден органдарының ашып қарауына да, ұстап қалуына да жатпайды және оларды тек сырттай қарайды. Консулдық сағдиянды құрайтын барлық орындардың олардың сипатын көрсететін көзге көрінерлік сыртқы белгiлері болуға тиiс және оларда тек ресми хат-хабарлар мен құжаттар немесе тек қана ресми пайдалануға арналған заттар болуға тиіс.
Консулдық сағдияндағы заттардың тек қана ресми пайдалануға арналмағандығы туралы негiздемелер болған жағдайда, кеден органы осы шетел мемлекеті уәкiлеттi тұлғаларының кеден органы лауазымды адамдарының қатысуымен сағдиянды ашып көрсетуін талап етуге құқылы. Осы мемлекеттің өкіметі консулдық сағдиянды ашудан бас тартқан жағдайда ол жөнелтiлген жерiне қайтарылады.