2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (2011 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9. Егер, осы Кодекстің 627-бабы 5-тармағы 2) тармақшасының он бесінші және он алтыншы абзацтарында көрсетілген тақырыптық тексерулерден басқа, жоспардан тыс құжаттық тексеру жүргізген кезде салық қызметі органы салық төлеушінің сол салық кезеңінің ішінде сол бір мәселе бойынша осының алдындағы кез келген салықтық тексеру кезінде анықталмаған Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзушылық фактісін анықтаса, салық төлеушіге мұндай бұзушылық үшін әкімшілік жазалар қолданылмайды.
Осы тармақтың ережелері Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзудың:
1) салық төлеуші бюджетке төленуге жататын салық сомасын немесе төлемді салықтың осы түрі бойынша бұрын тексерілген қосымша салық есептілігін немесе салық кезеңіндегі төлемді ұсыну арқылы кемітетін бөлігінде;
2) салық органының осының алдындағы сол салық кезеңі ішіндегі кез келген салықтық тексерулерді жүргізген кезде жіберген сұрау салуына жауаптың нәтижесі бойынша, егер жауап осындай тексеру аяқталғаннан кейін алынған болса;
3) бюджетке төленуге тиісті салық сомасына немесе төлемақыға әсер ететін және салық төлеуші сол салық кезеңі ішінде салықтың немесе төлемақының осы түрі бойынша жүргізілген кез келген салықтық тексеру барысында салық қызметі органының сұрау салуына ұсынбаған құжаттарды қараудың нәтижелері бойынша;
4) жалған кәсіпорын деп танылған салық төлеушімен жасасылған операциялар бөлігінде, егер осындай салық төлеуші туралы ақпарат уәкілетті органның сайтында осындай операциялар жасалған салық кезеңіне жүргізілген кез келген салықтық тексерудің бірі аяқталғаннан кейін жарияланса, соттың өкімі немесе қаулысы күшіне енгізілгеннен кейін;
5) егер салық қызметі органы осындай мәміле (мәмілелер) туралы мәліметтерді осындай мәміле (мәмілелер) жасалған салық кезеңіне жүргізілген кез келген салықтық тексерудің бірі аяқталғаннан кейін алғаш рет алса, соттың өкімі немесе қаулысы күшіне енгізілгеннен кейін кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға ниеттенбеген дара кәсіпкер субъектісімен жасалған мәміле (мәмілелер) бөлігінде, айқындалған салық заңнамасын бұзушылықтарға қолданылмайды.
§ 3. Салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді жанама әдіспен айқындау
639-бап. Жалпы ережелер
1. Есеп жүргізу тәртібі бұзылған жағдайда, есеп құжаттамалары жоғалған немесе жойылған кезде салық қызметі органдары салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді осы Кодекстің 639 - 642-баптарында белгіленген тәртіппен жанама әдістер (активтер, міндеттемелер, айналымдар, шығындар, шығыстар) негізінде айқындайды.
2. Осы Кодекстің 629-бабының 4-тармағына сәйкес салық қызметі органдарының талаптары негізінде сұрау салынатын салық міндеттемелерін есептеу үшін салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындау үшін негіз болып табылатын құжаттардың болмауы немесе оларды салық төлеушінің (салық агентінің) табыс етпеуі есеп жүргізу тәртібі бұзылған, есеп құжаттамалары жоғалған немесе жойылған деп түсініледі.
3. Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің сомаларын активтерді, міндеттемелерді, айналымды, шығыстарды бағалау, сондай-ақ осы Кодекске сәйкес нақты салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемге қатысты салық міндеттемесін есептеу үшін қабылданатын басқа да салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді бағалау негізінде айқындау салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындаудың жанама әдістері деп түсініледі. Салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді бағалау салық есептілігінен және (немесе) бастапқы есептік құжаттардан, сондай-ақ басқа да көздерден алынған ақпарат негізінде жүзеге асырылады.
640-бап. Есепке алу және өзге де құжаттар (мәліметтер) болмаған кездегі салықтық тексерулер
Егер құжаттық салықтық тексеру барысында салық төлеуші (салық агенті) салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындау үшін қажетті құжаттардың барлығын немесе бір бөлігін табыс етпеген болса, салық төлеушіге (салық агентіне) аталған құжаттарды табыс ету немесе қалпына келтіру туралы салық қызметі органының талабы, сондай-ақ салықтық тексеруді тоқтата тұру туралы хабарлама міндетті түрде тапсырылады.
Салық қызметі органының талабы салық төлеушіге (салық агентіне) талап тапсырылған күннен кейінгі күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде орындалуға жатады.
Салық қызметі органының талабы бойынша салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындау үшін қажетті құжаттарды табыс етпеген салық төлеуші (салық агенті) көрсетілген құжаттарды табыс етпеу себептерін жазбаша түсіндіруге міндетті.
641-бап. Ақпарат көздері
1. Салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді жанама әдістер негізінде айқындау үшін салық қызметі органдары мән-жайларға, тексерілетін салық төлеуші (салық агенті) қызметінің сипаты мен түріне қарай:
1) банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың салық төлеушінің (салық агентінің) банктік шоттарындағы ақшасы және оның қозғалысы туралы көшірме жазбаларын;
2) уәкілетті мемлекеттік органдардың, мемлекеттік емес ұйымдардың, жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы;
3) салық төлеушінің (салық агентінің) бухгалтерлік есебінің деректерімен салыстырып тексеруге жататын салық төлеушінің (салық агентінің) дербес шоты негізінде салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің есептелуі мен түсуі туралы;
4) салық төлеуші (салық агенті) тексерілетін салық кезеңі үшін және алдыңғы салық кезеңдері үшін табыс еткен салық есептілігі нысандарынан алынған салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы;
5) мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы, сондай-ақ өзге де көздерден алынған тауарларды тиеп-жөнелтуді және (немесе) жұмыстарды орындауды және (немесе) қызметтерді көрсетуді жүзеге асырған тұлғаларға қатысты жүргізілген қарсы тексерулер нәтижелері туралы;
6) салық қызметі органдары салық салу объектісі және (немесе) салық салуға байланысты объекті болып табылатын, тексеру жүргізілетін салық төлеушінің (салық агентінің) мүлкін (тұрғын үйінен басқа) зерттеп-тексеру және (немесе) түгендеу кезінде алған мәліметтерді пайдалануы мүмкін.
2. Салық қызметі органдары:
1) банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға;
2) тиісті уәкілетті мемлекеттік органдарға, мемлекеттік емес ұйымдарға, жергілікті атқарушы органдарға;
3) тексерілетін салық төлеушінің (салық агентінің) өнім берушілерімен және сатып алушыларымен өзара есеп айырысулары мәселесі бойынша қарсы салықтық тексерулер жүргізу туралы басқа да салық органдарына;
4) шет мемлекеттердің құзыретті органдарына сұрау салу жібереді.
3. Қажетті ақпарат (құжатпен расталған) сондай-ақ мынадай көздерден:
1) тексерілетін салық төлеуші (салық агенті) орындаған қызмет көрсету туралы тапсырыс берушілерден және сатып алынған өнім құны мен саны туралы сатып алушылардан;
2) тексерілетін салық төлеушіге (салық агентіне) акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерін өндіру және олардың айналымы саласында қызметтер көрсеткен, шикізат, энергетика ресурстарын және қосалқы материалдар жіберуді жүзеге асырған жеке және заңды тұлғалардан алынуы мүмкін.
4. Ақпарат көздері мән-жайларға, тексерілетін салық төлеуші (салық агентінің) қызметінің сипаты мен түріне қарай әрбір нақты жағдайда ерекшеленуі мүмкін.
642-бап. Салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындау тәртібі
1. Салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындау осы Кодекстің 641-бабында белгіленген тәртіппен алынған ақпараттың негізінде жүргізіледі.
2. Кіріс есептеу үшін салық төлеушінің (салық агентінің) банктік шоттарына, төлем карточкаларына, сондай-ақ банк шотынан көшірмемен расталатын өзге де төлем және есеп-қисап құжаттарынан ақшалардың түсуі туралы ақпарат және салық төлеушінің (салық агентінің) ақша алу фактісін растайтын басқа да ақпарат (құжаттар) пайдаланылады.
3. Осы Кодекстің 641-бабында айқындалған ұйымдар немесе жеке тұлғалар тексерілетін салық төлеушіде алынған (алынуға жататын) басқа табысы бар екендігіне қатысты ақпарат берген кезде аталған табыстардың сомасы жалпы табыс сомасына (салық салынатын айналымға) енгізілуге жатады.
2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2010 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі және екінші деңгейдегі банктер, сондай-ақ кеден одағына мүше мемлекеттердің салық органдары берген ақпарат негізінде салық төлеушінің экспорттық операциялары бойынша валюталық түсім сомаларының түсу фактісі анықталған жағдайда, валюталық түсімнің бұл сомасы өткізу бойынша айналым мөлшеріне және жиынтық табыс құрамына енгізіледі.
5. Осы бапқа сәйкес салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындау кезінде салық төлеушінің (салық агентінің) бастапқы құжаттарымен расталмаған шығыстары корпорациялық табыс салығын есептеу үшін шегеруге және қосылған құн салығын есептеу үшін есепке жатқызылмайды.
6. Акцизделетін тауарлар бойынша салық салынатын база осы Кодекстің 283-бабы 1 және 2-тармақтарының негізінде айқындалады.
Бұл ретте өндірілген акцизделетін тауарлардың көлемі шикізаттың, энергетика ресурстары мен қосалқы материалдардың шығыстары мен ысыраптарының салалық нормаларына сәйкес айқындалады.
7. Негізгі құралдардың, оның ішінде аяқталмаған құрылыс объектілерінің, көлік құралдарының, жер телімдерінің, материалдық емес активтердің, инвестициялық жылжымайтын мүліктің бастапқы құнын растайтын құжаттар салық төлеушіде (салық агентінде) болмаған (жоғалған, бүлінген) жағдайда аталған мүліктің нарықтық құны осы салық төлеушінің жиынтық табысына қосылады.
8. Осы баптың 7-тармағында көрсетілген объектілердің нарықтық құны салық қызметі органдары таратқан, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметін жүзеге асыратын бағалаушының есебі негізінде айқындалады.
9. Жалақы төлемдерін төлеуге банк шотынан ақша алу және (немесе) жеке тұлғалардың банктік шотына банк шотынан ақша аудару фактілері анықталған кезде ақша жеке табыс салығы, әлеуметтік салық салынатын салық салу объектісі болып табылады. Бұл ретте салық міндеттемесі банктің салық төлеушіге (салық агентіне) немесе үшінші тұлғаларға тиісті ақша сомаларын аудару (беру) туралы салық төлеушінің (салық агентінің) өкімін орындаған сәтте туындайды.
10. Салық қызметі органдары жанама әдістер негізінде айқындаған салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы мәліметтер салық төлеушінің (салық агентінің) салық декларацияларында (есеп-қисаптарда) көрсетілген тиісті деректермен және салық қызметі органдарына табыс етілген өзге де есеп-қисаптармен салыстырылады.
11. Салық төлеуші (салық агенті) салық есептілігінде мәлім еткен салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің сомалары жанама әдістерді қолдану негізінде айқындалған салықтардың сомаларынан көп болған жағдайда, тексеру кезінде салық төлеушінің (салық агентінің) салық есептілігінде көрсетілген салықтардың сомалары қабылданады.
12. Егер салық төлеуші (салық агенті) салық есептілігінде мәлімдеген табыс сомасы басқа (қосымша) ақпарат көздерінен анықталған табыс сомасынан артық болған жағдайда, тексеру кезінде салық есептілігінде көрсетілген кіріс сомасы қабылданады.
643-бап. Салық салу объектілерін жекелеген жағдайларда айқындау
1. Егер жеке тұлғаның салық декларациясында көрсеткен табыстары өзінің жеке тұтынуына, соның ішінде мүлік сатып алуына жұмсаған шығыстарына сәйкес келмейтін болса, салық органдары өткен кезеңдердің табыстарын есептей отырып, олардың жасаған шығыстары негізінде табысы мен салығын айқындайды.
2. Басқа да тұлғалар мен органдар аталған табысты алудың заңдылығына дау салған жағдайларда да, табысқа салық салынуға тиіс.
3. Егер сот шешімі бойынша табыс Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда бюджетке алып қоюға жатса, онда аталған табыс одан төленген салық сомасы шегерілмей алынады.
90-тарау. БАҚЫЛАУ-КАССА МАШИНАЛАРЫН ҚОЛДАНУ ТӘРТІБІ
644-бап. Осы тарауда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы тарауда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
1) бақылау-касса машиналары - тауарларды жұмыстарды, қызметтердi өткізу кезінде жүзеге асырылатын ақшалай есеп айырысулары туралы ақпаратты тіркеуді және көрсетуді қамтамасыз ететін фискалды модульдер, фискалды жады блогы бар электронды құрылғылар және (немесе) компьютерлік жүйелер;
2) бақылау-касса машиналарының мемлекеттік тізілімі (бұдан әрі - мемлекеттік тізілім) - уәкілетті орган Қазақстан Республикасының аумағында пайдалануға рұқсат берген бақылау-касса машиналары модельдерінің тізбесі;
3) бақылау-касса машиналарының тіркеу карточкасы - бақылау-касса машинасының салық органында тіркелуі (есептен шығарылуы) фактісін растайтын есепке алу құжаты;
4) бақылау-касса машиналарына техникалық қызмет көрсету орталығы (бұдан әрі - техникалық қызмет көрсету орталығы) - бақылау-касса машиналарына техникалық қызмет көрсету бойынша жарғыға (қызмет түріне) сәйкес қызметін жүзеге асыратын шаруашылық жүргізуші субъект;
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
5) бақылау чегі - бақылау-касса машинасының сатушы (тауарды, жұмысты, қызметтi жеткізушi) мен сатып алушы (клиент) арасындағы ақшалай есеп айырысудың жүзеге асырылу фактісін растайтын бастапқы есеп құжаты;
6) қолма-қол ақша есебінің кітабы - ауысым сайын қолма-қол ақша айналымын, тауарлық чектерді, бақылау-касса машинасының фискалды жады көрсеткіштерін есепке алу журналы;
7) қызмет көрсетуге ақы төлеу терминалы - қызмет көрсеткені үшін төлем ретінде қолма-қол ақшаны автоматты режимде қабылдауды жүзеге асыратын электрондық-механикалық құрылғы;
8) салық органының пломбасы - бақылау-касса машинасының корпусын рұқсатсыз ашудан қорғау құралы;
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 9) тармақша өзгертілді (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
9) салық төлеушінің жауапты адамы - бақылау-касса машинасын қолдана отырып сатып алушымен (клиентпен) есеп айырысуды жүзеге асыратын және оның жұмыс істеуіне жауап беретін салық төлеуші не салық төлеушімен еңбек қатынасында тұрған адам;
10) сауда автоматы - автоматты режимде қолма-қол ақша арқылы тауарларды сатуды жүзеге асыратын электрондық-механикалық құрылғы;
11) тауарлық чек - бақылау-касса машинасының техникалық ақауы болған немесе электр энергиясы болмаған жағдайда пайдаланылатын ақшалай есеп айырысуды растайтын бастапқы есепке алу құжаты;
12) тауар чектерінің кітабы - кітапқа біріктірген тауарлық чектердің жиынтығы;
13) ) фискалдық белгі - бақылау-касса машинасының фискалдық режимде жұмыс істейтінін растау ретінде бақылау чектерінде көрсетілетін ерекше белгі;
14) фискалдық деректер - бақылау-касса машинасының фискалдық жадында тіркелетін ақшалай есеп айырысулар туралы ақпарат;
15) фискалдық есеп - белгілі бір кезең ішінде бақылау-касса машинасының фискалдық жадындағы көрсеткіштердің өзгеруі туралы есеп;
16) фискалдық жады - ақпараттың ауысым сайын түзетілмей тіркелуін және энергияға тәуелсіз ұзақ уақыт сақталуын қамтамасыз ететін бағдарламалық-аппараттық құралдар кешені;
17) фискалдық режим - ақпараттың фискалдық жадында түзетілмей тіркелуін және энергияға тәуелсіз ұзақ уақыт сақталуын қамтамасыз ететін бақылау-касса машинасының жұмыс істеу режимі.
645-бап. Жалпы ережелер
2008.10.12 № 100-IV ҚР Заңның 10 бабына сәйкес 645-баптың 1-тармағының қолданылуы 2013 жылдың 1 қаңтарына дейін тоқтатылды
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2011 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының аумағында сауда операцияларын жүзеге асыру кезінде, қолма-қол ақша арқылы жұмыстар орындау, қызметтер көрсету кезінде жүзеге асырылатын ақшалай есеп айырысу міндетті түрде бақылау-касса машиналарын қолдану арқылы жүргізіледі.
Осы тармақтың ережесі:
1) жеке нотариаттық қызметті жүзеге асыратын тұлғаларды қоспағанда, дара кәсіпкерлер ретінде міндетті мемлекеттік тіркелуге жатпайтын жеке тұлғалардың;
2) дара кәсіпкерлердің (акцизделетін тауарларды өткізушілерден басқа):
қызметін шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимі шеңберінде патент негізінде жүзеге асыратындарының;
қызметін шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимі шеңберінде жүзеге асыратындарының;
3) уәкілетті органның келісімі бойынша көлік саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен нысанда билеттер беру арқылы қоғамдық қалалық көлікте тасымалдау бойынша халыққа қызмет көрсету бөлігінде ақшалай есеп айырысуларына қолданылмайды.
2. Жергілікті атқарушы органдар есепті тоқсаннан кейінгі айдың
20-сынан кешіктірмей орналасқан жері бойынша салық органдарына уәкілетті орган бекіткен нысанда қалалық қоғамдық көлік тасымалдары бойынша халыққа қызмет көрсету бөлігінде салық төлеушінің билеттерді пайдалануы туралы есепті табыс етеді.
3. Сауда операциялары немесе қолма-қол ақша арқылы қызмет көрсету кезінде ақшалай есеп айырысуды жүзеге асыратын сауда автоматтары мен қызмет көрсетуді төлеу терминалдары модельдері мемлекеттік тізілімге енгізілген бақылау-касса машиналарымен жарақтандырылады.
4. Бақылау-касса машиналарын қолдану кезінде мынадай талаптар қойылады:
1) қолма-қол ақша арқылы ақшалай есеп айырысумен байланысты қызметін бастағанға дейін бақылау-касса машиналарын салық органында есепке қою жүзеге асырылады;
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
2) тауар, жұмыс, көрсетiлетiн қызмет үшін төленген сомаға бақылау-касса машинасының чегін (сауда автоматында пайдаланылатын бақылау-касса машиналарын қоспағанда) немесе тауар чегін беру жүзеге асырылады;
3) бақылау-касса машиналарына салық органдары лауазымды адамдарының қолжетімділігі қамтамасыз етіледі.
646-бап. Бақылау-касса машиналарын салық органында есепке қою
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
1. Егер осы тармақта өзгеше белгiленбесе, бақылау-касса машинасын пайдаланатын жерi бойынша салық органдарына есепке қоюға модельдерi мемлекеттік тiзiлiмге енгiзiлген, техникалық ақауы жоқ бақылау-касса машиналары жатады.
Сауда автоматтары және (немесе) қызмет көрсетуге ақы төлеу терминалдарымен жарақтандырылған компьютерлiк жүйелер болып табылатын бақылау-касса машиналары әрбір сауда автоматының және (немесе) қызмет көрсетуге ақы төлеу терминалының орналасқан жерi бойынша салық органында есепке қойылуға тиiс.
Автодүкендерден және (немесе) шатырлардан көшпелi сауданы жүзеге асыру кезiнде пайдаланылатын бақылау-касса машиналары мұндай салық төлеушiлердiң орналасқан жерi бойынша салық органында есепке қоюға жатады.
2. Салық органдары осы Кодекстің 645-бабының 1-тармағына сәйкес бақылау-касса машиналарын қолдану бойынша талап қолданылмайтын салық төлеушілердің бақылау-касса машиналарын есепке қоюды жүргізбейді.
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
3. Бақылау-касса машиналарын есепке қою салық төлеуші бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою туралы өтініш берген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бақылау-касса машинасының тіркеу нөмірін бере отырып және бақылау-касса машинасының карточкасын бере отырып жүргізіледі.
4. Компьютерлік жүйе болып табылатын бақылау-касса машиналарын қоспағанда, бақылау-касса машинасын салық органдарында есепке қойған кезде салық төлеуші салық органына:
1) бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою туралы салықтық өтінішті;
2) іске қосу фискалды режимді орнатпай-ақ мүмкін болатын, салық төлеуші туралы мәліметтерді қамтитын бақылау-касса машинасын;
3) дайындаушы зауыттың паспортын;
4) нөмірленген, тігілген, салық төлеушінің қолымен және (немесе) мөрімен расталған қолма-қол ақша есебінің кітабын және тауар чектерінің кітабын табыс етеді.
5. Компьютерлік жүйе болып табылатын бақылау-касса машинасын есепке қойған кезде салық төлеуші салық органына:
1) бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою туралы салықтық өтінішті;
2) компьютерлік жүйенің жұмыс істеу мүмкіндіктері мен сипаттарының қысқаша сипаттамасын;
3) салық органында тіркеуге қою үшін мәлімделген компьютерлік жүйе моделінің «Салық инспекторының жұмыс орны» модулін пайдалану жөніндегі нұсқаулықты табыс етеді және онымен жұмыс істеуді қамтамасыз етеді.
6. Салық органының лауазымды адамы компьютерлік жүйелерді қоспағанда, бақылау-касса машинасын есепке қою кезінде:
1) салықтық өтініште көрсетілген мәліметтердің ұсынылған құжаттарға сәйкестігін тексереді;
2) таңбалау тақтайшасында көрсетілген бақылау-касса машинасының зауыттық нөмірін дайындаушы зауыттың паспортында көрсетілген бақылау-касса машинасының нөмірімен салыстырады;
3) қолма-қол ақша есебінің кітабын және тауар чектерінің кітабын ресімдеудің дұрыстығын тексереді;
4) бақылау-касса машинасы жұмысының фискалдық режимін белгілейді;
5) бақылау-касса машинасының корпусына салық органының пломбасын орнатады;
6) бақылау-касса машинасының тіркеу карточкасын ресімдейді;
7) қолма-қол ақша есебінің кітабын және тауар чектерінің кітабын өз қолымен, салық органы басшысының қолымен және салық органының мөрімен растайды;
8) салық төлеушіге:
фискалдық жұмыс режимі белгіленген және салық органының пломбасы орнатылған бақылау-касса машинасын;
расталған қолма-қол ақша есебінің кітабы мен тауар чектерінің кітабын;
бақылау-касса машинасын дайындаушы зауыттың паспортын қайтарады.
7. Компьютерлік жүйе болып табылатын бақылау-касса машиналарын есепке қойған кезде салық органының лауазымды адамы осы баптың 6-тармағының 1), 4) және 6) тармақшаларында көзделген іс-қимылдарды жүзеге асырады. Бұл ретте компьютерлік жүйеге фискалды режим белгілеу ақпаратты компьютерлік жүйенің фискалды деректеріне рұқсатсыз қол жеткізуден криптографиялық тұрғыдан қорғайтын құралдардың белсенді жұмыс істеуін білдіреді.
8. Бақылау-касса машинасының тіркеу карточкасы салық төлеушіге бақылау-касса машинасын салық органдарында есепке қою кезінде беріледі, бақылау-касса машинасының бүкіл пайдалану мерзімі бойына сақталады және салық органдарының талабы бойынша көрсетіледі.
9. Бақылау-касса машинасының тіркеу карточкасының, тауар чегінің, фискалдық есеп-қисапты алу актісінің, қолма-қол ақша есебі кітабы мен тауар чектері кітабының нысандарын уәкілетті орган белгілейді.
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 647-бап жаңа редакцияда (2011 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
647-бап. Бақылау-касса машинасының тiркеу деректерiне өзгерістер енгізу
1. Бақылау-касса машинасының тiркеу карточкасында көрсетiлген мәлiметтер өзгерген кезде, салық төлеушi бақылау-касса машинасын есепке қойған жерi бойынша салық органына өзгерістер туындаған кезден бастап бес жұмыс күнi iшiнде:
1) өзгерген мәлiметтердi көрсете отырып, бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою туралы салықтық өтiнiштi;
2) бақылау-касса машинасының тiркеу карточкасын табыс етуге міндетті.
2. Тіркеу карточкасын ауыстыруды:
1) тіркеу карточкасы жоғалған (бүлінген) жағдайда - осы баптың 1-тармағында көзделген салықтық өтінішті алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде;
2) тіркеу карточкасында көрсетілген мәліметтер өзгерген жағдайда - осы баптың 1-тармағында көзделген салықтық өтінішті алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде;
3) тіркеу карточкасында сәйкестендіру нөмірі болмаған жағдайда - осы баптың 1-тармағында көзделген салықтық өтінішті алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бақылау-касса машинасының есепке қойылған жерi бойынша салық органы жүргізеді.
Осы тармақшада көзделген жағдайда, салық төлеуші салықтық өтінішке мына құжаттардың бірін:
1) сәйкестендіру нөмірінің бар-жоғын растайтын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесін;
2) сәйкестендіру нөмірінің бар-жоғын растайтын құжаттың түпнұсқасын көрсеткен жағдайда - оның көшірмесін қоса береді.
Бақылау-касса машинасының тіркеу карточкасын ауыстыру үшін салық органына табыс етілген салықтық өтінішке сәйкестендіру нөмірінің бар-жоғын растайтын құжаттың көшірмесі, оны осындай салық органына ауыстыру не осы Кодекске сәйкес құжатқа сәйкестендіру нөмірін енгізу мақсатында басқа құжатқа қайта ресімдеу үшін табыс еткен жағдайда, қоса берілмейді.