ҚР 09.08.02 ж. № 346-II Заңымен 674-бап өзгертілді
674-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша қаулыларға және оларға шағымдарды, наразылықтарды қарау нәтижелерi жөніндегі ұйғарымдарға наразылық келтiру
1. Осы Кодекстiң 672-бабында аталған заңды күшiне енген қаулыларға және ұйғарымдарға наразылық келтiру құқығы Бас Прокурорға, оның орынбасарларына, облыстардың прокурорларына және оларға теңестiрiлген прокурорлар мен олардың орынбасарларына берiлген.
2. Осы Кодекстiң 672-бабында аталған заңды күшiне енген қаулыларды және ұйғарымдарды қайта қарау туралы өтiнiштер жасауға әкiмшiлiк жауапқа тартылған адамның, жәбірленушiнiң, аталған адамдардың қорғаушыларының, заңды өкiлдерi мен өкiлдерiнiң құқығы бар.
675-бап. Әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулының орындалуын тоқтата тұру
1. Осы Кодекстiң 674-бабының бірiншi бөлiгiнде аталған адамдардың осы Кодекстiң 674-бабында аталған, заңды күшiне енген қаулыларға және ұйғарымдарға наразылық келтiруi бұл қаулылардың, ұйғарымдардың орындалуын тоқтата тұрады.
2. Осы Кодекстiң 674-бабының бірiншi бөлiгiнде аталған адамдардың судья шығарған әкiмшiлiк қамауға алу туралы қаулыға наразылық келтiруi бұл қаулының орындалуын тоқтата тұрмайды.
ҚР 09.08.02 ж. № 346-II Заңымен 674-бап өзгертілді
676-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша заңды күшiне енген қаулыларды Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотында қайта қарау
Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының және оның орынбасарларының наразылығы бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Алқасы заңды күшiне енген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кез келген iс бойынша қаулының, сол сияқты қаулыға шағымды, наразылықты қарау нәтижелерi жөніндегі ұйғарымның (қаулының) заңдылығы мен негiздiлiгiн тексеруге және қабылданған шешiмдi қайта қарауға құқылы.
41-тарау. Ақтау. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы
істі қарауға уәкілетті органның (лауазымды адамның) заңсыз әрекеттерімен келтірілген зиянды өтеу
677-бап. Әкiмшiлiк жауапқа тартылған адамның кiнәсіздiгiн тану жолымен ақтау
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға уәкiлеттi судья, орган (лауазымды адам) ол жөнiнде осы Кодекстiң 580-бабының бірiншi бөлiгiнiң 1)-7) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша iстi қысқарту туралы қаулы шығарған адам кiнәсіз деп есептеледi және олардың Қазақстан Республикасының Конституциясымен және заңдарымен кепiлдiк берiлген құқықтары мен бостандықтарына қандай да болсын шектеу қоюға болмайды.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi судья, орган (лауазымды адам) осы баптың бірiншi бөлiгiнде аталған адамды ақтау және әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға уәкiлеттi судьяның, органның (лауазымды адамның) заңсыз әрекеттерi нәтижесiнде оған келтiрiлген зиянды өтеу жөнiнде заңда көзделген шаралардың бәрiн қолдануға тиiс.
2006.20.01. № 123-III (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара ) ҚР Заңдарымен 678-бап өзгертілді
678-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға уәкiлеттi органның (лауазымды адамның) заңсыз әрекеттерi нәтижесiнде келтiрiлген зиянды өтеттiруге құқығы бар адамдар
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға уәкiлеттi судьяның, органның (лауазымды адамның) кiнәсiне қарамастан, заңсыз әкiмшiлiк ұстау, әкiмшiлiк қамау, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану нәтижесiнде адамға келтiрiлген зиян республикалық бюджеттен толық көлемiнде өтеледi.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қарауға уәкiлеттi судьяның, органның (лауазымды адамның) заңсыз әрекеттерi нәтижесiнде келтiрiлген зиянды өтетуге:
1) осы Кодекстiң 584-бабының бірiншi бөлiгiнде аталған адамдардың;
2) егер iс жүргiзу әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша iс жүргiзудi болдырмайтын мән-жайлар болуына қарамастан басталса немесе олар анықталған кезден бастап қысқартылса, iс бойынша олар жөнiнде iс жүргiзу басталмауы тиiс, ал басталғаны осы Кодекстiң 580-бабының бірiншi бөлiгiнiң 1)-7) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша қысқартуға жататын адамдардың құқығы бар.
3. Жеке тұлға қайтыс болған жағдайда зиянды өтеттiру құқығы оның мұрагерлерiне көшедi.
4. Егер iс жүргiзу барысында адамның ерiктi түрде өзiне-өзi айып тағу жолымен шындықты анықтауға кедергi келтiргенi, сөйтiп осы баптың бірiншi бөлiгiнде аталған зардаптардың тууына ықпал еткенi дәлелденсе, оның зияны өтеуге жатпайды.
5. Осы баптың ережелерi нақ бұл баптың екiншi бөлiгiнiң 2) тармақшасында аталған мән-жайлар болмаған кезде адамға қолданылған әкiмшiлiк жазаның және басқа да әкiмшiлiк-құқықтық ықпал ету шараларының күшi жойылған немесе ескіру мерзiмiнiң өтуiне, әкiмшiлiк жауаптылықты жоятын немесе әкiмшiлiк жазаны жұмсартатын заңның қабылдануына байланысты өзгерген жағдайларға қолданылмайды.
679-бап. Өтеуге жататын зиян
Осы Кодекстiң 678-бабында аталған адамдардың мүлiктiк зиянды толық көлемiнде өтетуге, моральдық зиян салдарын жойғызуға және барлық жоғалтқан немесе нұқсан келтiрiлген құқықтарын қалпына келтiртуге құқығы бар.
680-бап. Зиянды өтеттiру құқығын тану
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға уәкiлеттi орган (лауазымды адам) адамды толық немесе iшiнара ақтау туралы шешiм қабылдап, олардың кейiн зиянды өтеттiру құқығын тануға тиiс. Iстi қысқарту туралы, өзге де заңсыз шешiмдердiң күшiн жою немесе оларды өзгерту туралы қаулының көшiрмесi мүдделi адамға тапсырылады не поштамен жiберiледi. Сонымен бірге оған зиянды өтеу тәртібі түсiндiрiлген хабарлама жiберiледi. Зиян өтемiне құқығы бар өлген адам мұрагерлерiнiң, туыстарының немесе асырауындағылардың тұрғылықты жерi туралы мәлiметтер болмаған жағдайда олар әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға уәкiлеттi органға (лауазымды адамға) жүгiнген күннен бастап бес күннен кешiктiрмей оларға хабарлама жiберiледi.
681-бап. Мүлiктiк зиянды өтеу
1. Осы Кодекстiң 678-бабында аталған адамдарға келтiрiлген мүлiктiк зиян:
1) олар айырылған жалақының, зейнетақының, жәрдемақының, өзге де қаражаттар мен табыстардың;
2) судья қаулысының негiзiнде заңсыз тәркiленген немесе өтемсіз алып қойылған мүлiктiң; мүлiктi қайтару мүмкiн болмаған жағдайда оның құны қайтарылады;
3) iстi шешуге уәкiлеттi органның (лауазымды адамның) заңсыз қаулысын орындау үшiн салынған айыппұлдардың; iс жүргiзу шығындары мен әрекеттерге байланысты төлеген өзге де сомаларының;
4) адамның заң көмегiн көрсету үшiн төлеген сомаларының;
5) әкiмшiлiк жауапқа заңсыз тарту нәтижесiнде келтiрiлген өзге де шығындарының өтелуiн қамтиды.
2. Iс жүргiзумен байланысты осы Кодекстiң 584-бабының бірiншi бөлiгiнде аталған адамдарды әкiмшiлiк қамауды атқару орындарында ұстауға жұмсалған сомаларды, iс жүргiзу шығындарын, сол сияқты осы адамдардың әкiмшiлiк қамауды атқару кезiнде қайсы бір жұмыстарды орындағаны үшiн тапқан табысын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға уәкiлеттi органның (лауазымды адамның) заңсыз әрекеттерi нәтижесiнде келтiрiлген зиянның өтемiн төлеуге жататын сомадан шегерiп тастауға болмайды.
3. Осы Кодекстiң 678-бабының екiншi және үшiншi бөлiктерiнде аталған адамдар осы Кодекстiң 652-бабында аталған құжаттардың көшiрмесiн зиянын өтеу тәртібі туралы хабарламамен бірге алған кезде iстi қысқарту, өзге де заңсыз шешiмдердiң күшiн жою немесе оларды өзгерту туралы қаулы шығарған органға (лауазымды адамға) мүлiктiк зиянын өтеу туралы талап қойып жүгiнуге құқылы. Егер iстi жоғары тұрған орган (лауазымды адам) немесе сот қысқартса, зиянды өтеу туралы талап заңсыз қаулы шығарған органға (лауазымды адамға) жiберiледi. Егер судья қараған iстi жоғары тұрған сот қысқартса, зиянды өтеу туралы талап заңсыз қаулы шығарған судьяға жiберiледi. Кәмелетке толмаған адам ақталған жағдайда зиянды өтеу туралы талапты оның заңды өкiлi мәлiмдей алады.
4. Арыз түскен күннен бастап бір айдан кешiктiрмей осы баптың үшiншi бөлiгiнде аталған орган (лауазымды адам) қажет болған жағдайларда қаржы органдарынан және әлеуметтiк қамсыздандыру органдарынан есебiн сұрап ала отырып, зиянның мөлшерiн анықтайды, сонан соң инфляцияны ескере отырып, осы зиянды өтеуге төлем жасау туралы қаулы шығарады. Егер iстi сот қысқартса, аталған iс-әрекеттi iстi қараған судья жүргiзедi.
5. Елтаңбалы мөрмен куәландырылған қаулының көшiрмесi төлем жасауға мiндеттi органдарға ұсыну үшiн адамға тапсырылады немесе жолданады. Төлем тәртібі заңмен белгiленедi.
682-бап. Моральдық зиянның зардаптарын жою
1. Адамды ақтау туралы шешiм қабылдаған орган (лауазымды адам) келтiрiлген зиян үшiн одан ресми кешiрiм сұрауға мiндеттi.
2. Келтiрiлген моральдық зиян үшiн ақшалай өтемақы туралы талап-арыздар азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртібімен қойылады.
3. Егер адам әкiмшiлiк жауапқа заңсыз тартылса, ал бұл туралы мәлiметтер баспасөзде жарияланып, радио, теледидар немесе өзге де бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылған болса, осы адамның талап етуi бойынша, ал ол қайтыс болған жағдайда - оның туыстарының немесе прокурордың талап етуi бойынша тиiстi бұқаралық ақпарат құралдары бір ай iшiнде бұл туралы қажеттi хабарлама жасауға мiндеттi.
4. Осы Кодекстiң 678-бабында аталған адамдардың талап етуi бойынша әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға уәкiлеттi орган (лауазымды адам) өздерiнiң заңсыз шешiмдерiнiң күшi жойылғаны туралы екi апта мерзiмде олардың жұмыс, оқу орнына, тұрғылықты жерiне жазбаша хабарлама жiберуге мiндеттi.
683-бап. Талаптар қою мерзiмдерi
1. Мүлiктiк зиянды өтеуге ақшалай төлем жасау туралы талаптарды осы Кодекстiң 678-бабында аталған адамдар осындай төлемдер жасау туралы қаулыны алған кезден бастап бір жыл iшiнде қоя алады.
2. Өзге құқықтарды қалпына келтiру туралы талаптар құқықтарды қалпына келтiру тәртібі түсiндiрiлетiн хабарлама алынған күннен бастап алты ай iшiнде қойылуы мүмкiн.
3. Дәлелдi себептермен бұл мерзiмдердi өткiзiп алған жағдайда оларды мүдделi адамдардың арызы бойынша әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға уәкiлеттi орган (лауазымды адам) қалпына келтiре алады.
684-бап. Заңды тұлғалардың зиянын өтеу
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға уәкiлеттi органның (лауазымды адамның) заңсыз әрекеттерiмен заңды тұлғаларға келтiрiлген зиянды толық көлемiнде және осы тарауда белгiленген мерзiмде мемлекет өтейдi.
685-бап. Құқықтарды талап-арыз тәртібімен қалпына келтiру
Егер ақтау немесе зиянды өтеу туралы талап қанағаттандырылмаса не адам қабылданған шешiммен келiспесе, оның азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртібімен сотқа жүгiнуге құқығы бар.
42-тарау. Артықшылықтары және әкімшілік жауаптылықтан
қорғанышы бар адамдардың істері бойынша іс жүргізу ерекшеліктері
686-бап. Қазақстан Республикасы Парламентi депутатының әкiмшiлiк жауаптылығы
1. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутатын Қазақстан Республикасы Парламентi тиiстi Палатасының келісімiнсіз өз өкiлеттiгi мерзiмi iшiнде алып келуге, сот тәртібімен қолданатын әкiмшiлiк жаза шараларына тартуға болмайды.
2. Депутатты сот тәртібімен әкiмшiлiк жаза қолдануға әкеп соғатын әкiмшiлiк жауапқа тартуға, алып келуге келісім алу үшiн Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Сенатына немесе Мәжілісiне тиiсiнше ұсыныс енгiзедi. Ұсыныс әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс сотқа жiберiлер алдында, сондай-ақ депутатты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға уәкiлеттi сотқа, органға (лауазымды адамға) мәжбүрлеп жеткізу қажеттiгi туралы мәселенi шешер алдында енгiзiледi.
3. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы депутатты сот тәртібімен әкiмшiлiк жаза қолдануға әкеп соғатын әкiмшiлiк жауапқа тартуға келісім берсе, iс бойынша одан әрi iс жүргiзу осы бапта көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып, осы Кодексте белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
4. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы алып келуге келісім берсе, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi қамтамасыз етудiң бұл шарасын депутатқа қолдану туралы мәселе осы Кодексте белгiленген тәртiппен шешiледi.
5. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы депутатты сот тәртібімен әкiмшiлiк жаза қолдануға әкеп соғатын әкiмшiлiк жауапқа тартуға келісім бермесе, iс жүргiзу осы негiзбен қысқартылуға тиiс.
6. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы алып келуге келісім бермесе, депутатқа осы Кодексте белгiленген тәртiппен әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi қамтамасыз етудiң өзге шаралары қолданылуы мүмкiн.
7. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутатына қатысты сот тәртібімен әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қараудың заңдылығын қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас прокуроры жүзеге асырады.
687-бап. Президенттiкке, Парламент депутаттығына кандидаттардың әкiмшiлiк жауаптылығы
1. Президенттiкке, Парламент депутаттығына кандидаттарды олардың тiркелген күнiнен бастап, сайлау қорытындылары жарияланғанға дейiн Орталық сайлау комиссиясының келісімiнсіз алып келуге, оларға сот тәртібімен қолданылатын әкiмшiлiк жаза шараларына тартуға болмайды.
2. Президенттiкке, Парламент депутаттығына кандидаттарды әкiмшiлiк жауапқа тарту туралы ұсынысты Орталық сайлау комиссиясына әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс сотқа жiберiлер алдында Қазақстан Республикасының Бас прокуроры енгiзедi.
3. Бас прокурор Орталық сайлау комиссиясының шешiмiн алғаннан кейiн iстi одан әрi жүргiзу осы Кодекстiң 643-бабында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
688-бап. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi Төрағасының немесе мүшелерiнiң әкiмшiлiк жауаптылығы
1. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасын немесе мүшелерiн өз өкiлеттiгi мерзiмi iшiнде Қазақстан Республикасы Парламентiнiң келісімiнсіз алып келуге, сот тәртібімен қолданатын әкiмшiлiк жаза шараларына тартуға болмайды.
2. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасын немесе мүшелерiн сот тәртібімен әкiмшiлiк жаза қолдануға әкеп соғатын әкiмшiлiк жауапқа тартуға, алып келуге келісім алу үшiн Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Қазақстан Республикасының Парламентiне тиiстi ұсыныс енгiзедi. Ұсыныс әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс сотқа жiберiлер алдында, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасын немесе мүшелерiн әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға уәкiлеттi сотқа, органға (лауазымды адамға) мәжбүрлеп жеткізу қажеттiгi туралы мәселенi шешер алдында енгiзiледi.
3. Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Қазақстан Республикасы Парламентiнiң шешiмiн алғаннан кейiн iстi одан әрi жүргiзу осы Кодекстiң 643-бабында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
689-бап. Судьяның әкiмшiлiк жауаптылығы
1. Судьяны Қазақстан Республикасы Президентінің Республика Жоғары Сот Кеңесiнiң қорытындысына негiзделген келісімiнсіз не Қазақстан Республикасы Конституциясы 55-бабының 3) тармақшасында белгiленген жағдайда Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының келісімiнсіз қамауға алуға, тұтқындауға, алып келуге, сот тәртібімен қолданатын әкiмшiлiк жаза шараларына тартуға болмайды.
2. Судьяны сот тәртібімен әкiмшiлiк жаза қолдануға әкеп соғатын әкiмшiлiк жауапқа тартуға, алып келуге келісім алу үшiн Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Қазақстан Республикасының Президентiне, ал Конституцияның 55-бабының 3) тармақшасында көзделген жағдайда Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Сенатына ұсыныс енгiзедi. Ұсыныс әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс сотқа жiберiлер алдында, судьяны әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға уәкiлеттi сотқа, органға (лауазымды адамға) мәжбүрлеп жеткізу қажеттiгi туралы мәселенi шешер алдында енгiзiледi.
3. Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының шешiмiн алғаннан кейiн iстi одан әрi жүргiзу осы Кодекстiң 643-бабында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
690-бап. Қазақстан Республикасы Бас прокурорының әкiмшiлiк жауаптылығы
1. Қазақстан Республикасының Бас прокурорын өз өкiлеттiгi мерзiмi iшiнде Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының келісімiнсіз алып келуге, сот тәртібімен қолданатын әкiмшiлiк жаза шараларына тартуға болмайды.
2. Қазақстан Республикасының Бас прокурорын сот тәртібімен әкiмшiлiк жаза қолдануға әкеп соғатын әкiмшiлiк жауапқа тартуға, алып келуге келісім алу үшiн Бас прокурордың бірiншi орынбасары Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Сенатына ұсыныс енгiзедi. Ұсыныс әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс сотқа жiберiлер алдында, Бас прокурорды әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға уәкiлеттi сотқа, органға (лауазымды адамға) мәжбүрлеп жеткізу қажеттiгi туралы мәселенi шешер алдында енгiзiледi.
3. Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бірiншi орынбасары Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының шешiмiн алғаннан кейiн iстi одан әрi жүргiзу осы Кодекстiң 643-бабында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
4. Қазақстан Республикасының Бас прокурорына қатысты сот тәртібімен әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қараудың заңдылығын қадағалауды оның бірiншi орынбасары жүзеге асырады.
691-бап. Судьяның Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаты не Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасына немесе мүшелерiне, судьяға, Қазақстан Республикасының Бас прокурорына қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауы
1. Iстi қарау әкiмшiлiк жауаптылықтан артықшылықтары мен қорғанышы бар адамдардың iстерiн жүргiзу ерекшелiктерiмен қоса, жалпы ережелер бойынша жүргiзiледi.
2. Егер iстi судья қарағанға дейiн Қазақстан Республикасы Конституциясы 52-бабының 4-тармағында, 71-бабының 5-тармағында, 79-бабының 2-тармағында, 83-бабының 3-тармағында аталған мемлекеттік органдар алып келуге келісім беруден бас тартылған болса немесе мұндай келісім сұралмаса, судья осы Кодекстiң 686-бабының екiншi бөлiгiне сәйкес белгiленген тәртiппен алып келуге келісім беру туралы ұсыным жасап, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутатына, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасына немесе мүшелерiне, судьяға, Қазақстан Республикасының Бас прокурорына әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi қамтамасыз ету шарасы ретiнде алып келудi қолдануға құқылы.
692-бап. Әкiмшiлiк жауаптылықтан дипломатиялық қорғанышы бар адамдар
1. Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес сот тәртібімен әкiмшiлiк жауаптылықтан қорғанышты Қазақстан Республикасында мына адамдар пайдаланады:
1) шет мемлекеттер дипломатиялық өкiлдiктерiнiң басшылары, осы өкiлдiктердiң дипломатиялық қызметкер мүшелерi және егер олар өздерiмен бірге тұрып жатса және Қазақстан Республикасының азаматтары болмаса, олардың отбасы мүшелерi;
2) егер бұл қызметкерлер және олардың отбасы мүшелерi Қазақстан Республикасының азаматтары болмаса немесе Қазақстанда тұрақты тұрмаса, өзара келісім негiзiнде дипломатиялық өкiлдiктердiң қызмет көрсетушi қызметiнiң қызметкерлерi мен олардың өздерiмен бірге тұратын отбасы мүшелерi, консулдықтардың басшылары және, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, олардың қызмет мiндеттерiн атқару кезiнде жасаған әрекеттерiне қатысты консулдықтың басқа да лауазымды адамдары;
3) егер бұл қызметкерлер және олардың отбасы мүшелерi Қазақстан Республикасының азаматтары болмаса немесе Қазақстанда тұрақты тұрмаса, өзара келісім негiзiнде дипломатиялық өкiлдiктердiң әкiмшiлiк-техникалық қызмет қызметкерлерi және олардың өздерiмен бірге тұратын отбасы мүшелерi;
4) дипломатиялық курьерлер;
5) шет мемлекеттердiң басшылары мен өкiлдерi, парламенттiк және үкiметтiк делегациялардың мүшелерi және, өзара келісім негiзiнде, Қазақстанға халықаралық келiссөздерге, халықаралық конференцияларға және кеңестерге қатысуға немесе басқа да ресми тапсырмалармен келетiн шет мемлекеттер делегацияларының қызметкерлерi не осындай мақсаттармен Қазақстан Республикасы аумағы арқылы өтiп бара жатқандар және егер отбасы мүшелерi Қазақстан Республикасының азаматтары болмаса, аталған адамдарға ерiп жүрген отбасы мүшелерi;
6) Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан халықаралық ұйымдардағы шет мемлекеттер өкiлдiктерiнiң басшылары, мүшелерi және қызметкерлерi, осы ұйымдардың лауазымды адамдары халықаралық шарттар немесе жалпы танылған халықаралық ғұрыптар негiзiнде;
7) Қазақстан Республикасы аумағы арқылы өтiп бара жатқан үшiншi бір елдегi шет мемлекеттер дипломатиялық өкiлдiктерiнiң басшылары, дипломатиялық өкiлдiктiң қызметкер мүшелерi және аталған адамдарға ерiп жүрген немесе оларға қосылу немесе өз елiне қайту үшiн бөлек бара жатқан отбасы мүшелерi;
8) Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес өзге де адамдар.
2. Осы баптың бірiншi бөлiгiнiң 1), 4)-7) тармақшаларында аталған адамдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес өзге де адамдар шет мемлекет қорғаныш беруден бас тартқан жағдайда ғана сот тәртібімен әкiмшiлiк жауапқа тартылуы мүмкiн. Мұндай бас тарту туралы мәселе Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі арқылы дипломатиялық жолмен шешiледi. Аталған адамдарға қорғаныш беруден тиiстi шет мемлекеттің бас тартуы болмаған кезде оларға қатысты әкiмшiлiк iс жүргiзу қозғала алмайды, ал қозғалғаны қысқартылуға тиiс.
3. Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, осы баптың бірiншi бөлiгiнiң ережелерi осы баптың бірiншi бөлiгiнiң 2) және 3) тармақшаларында аталған адамдарға қолданылмайды, бұған сол адамдар жасаған құқық бұзушылық олардың өз қызмет мiндеттерiн атқарумен байланысты болған және Қазақстан Республикасының мүдделерiне қарсы бағытталмаған жағдайлар қосылмайды.
693-бап. Дипломатиялық қорғанышты пайдаланатын адамдарды тексеру, әкiмшiлiк ұстау және алып келу
Осы Кодекстiң 692-бабының бірiншi бөлiгiнiң 1), 4)-7) тармақшаларында тiзiп келтiрiлген адамдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес өзге де адамдар жеке басына ешкiм тиiспеушiлiктi пайдаланады. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн олардың жеке басын тексеруге, ұстауға немесе алып келуге болмайды. Олардың жанында болған заттарға да тексеру жүргiзуге болмайды.
694-бап. Айғақ беруден дипломатиялық қорғаныш
1. Осы Кодекстің 692-бабының бірiншi бөлiгiнiң 1), 3)-6) тармақшаларында тiзiп келтiрiлген адамдардың, сондай-ақ өзге де адамдардың Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес куә, жәбірленушi ретiнде айғақ беруiне болмайды, ал мұндай айғақ беруге келiскен жағдайда бұл үшiн әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қараушы судьяға, органға (лауазымды адамға) келуге мiндеттi емес. Сұрау үшiн аталған адамдарға тапсырылған шақыруда олардың келмегенi үшiн мәжбүрлеу шараларымен қорқыту болмауға тиiс.
2. Егер бұл адамдар әкiмшiлiк iс жүргiзу барысында жәбірленушiлер, куәлар ретiнде айғақ берiп, ал iстi қарауға келмей қалса, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қараушы судья, орган (лауазымды адам) олардың айғақтарын оқып бере алады.
3. Осы Кодекстiң 692-бабының бірiншi бөлiгiнiң 2) тармақшасында аталған адамдар өздерiнiң қызмет мiндеттерiн атқарумен байланысты мәселелерден басқа, куәлар және жәбірленушiлер ретiнде айғақ беруден бас тарта алмайды. Консулдық лауазымды адамдар куәгерлiк айғақ беруден бас тартқан жағдайда оларға әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қамтамасыз ету шараларын қолдануға болмайды.
4. Дипломатиялық қорғанышты пайдаланатын адамдар әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қараушы судьяға, органға (лауазымды адамға) өздерiнiң қызмет мiндеттерiн атқаруға қатысты хат-хабарды және басқа да құжаттарды табыс етуге мiндеттi емес.