592-бап. Төленген, есепке жатқызылған, қайтарылған салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарды есепке алу
1. Салық төлеушінің (салық агентінің) дербес шотында төленген, есепке жатқызылған, қайтарылған салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, міндетті зейнетақы жарналарының аударылған және қайтарылған сомаларын және әлеуметтік аударымдарды есепке алу уәкілетті мемлекеттік органдардан алынған:
1) салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың, өсімпұлдардың, айыппұлдардың төленгені бойынша;
2) салықтардың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің, өсімпұлдардың, айыппұлдардың артық төленген сомаларына жүргізілген есепке жатқызулар, қайтарулар бойынша;
3) есепке жатқызылатын қосылған құн салығы сомасының есептелген салық сомасынан асып кетуіне жүргізілген есепке жатқызулар, қайтарулар бойынша;
4) қате төленген салықтардың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың сомаларына жүргізілген есепке жатқызулар, қайтарулар бойынша;
5) салық берешегін, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешектерді өндіріп алу сомалары бойынша төлем құжаттарының негізінде жүргізіледі.
2. Осы Кодекстің 47-бабында белгіленген тәртіппен салықты төлеу бойынша салық міндеттемесінің орындалу мерзімі өзгерген кезде салық төлеушінің дербес шотындағы салық міндеттемесінің орындалу мерзімі өзгерген салық сомасы оның орындалу кестесі ескеріле отырып көрсетіледі. Салық төлеу мерзімі өзгерген кезеңде салық органы салық төлеушіге өсімпұлды есептеуді қоспағанда, мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдері мен мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданбайды.
3. Салықтың және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің төленген сомасын осы Кодекстің 31-бабының 9-тармағына сәйкес шетел валютасында көрсету салық төлеушінің (салық агентінің) дербес шотында бюджеттің атқарылуы жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган ұсынған төлем құжаттары негізінде ұлттық валютада жүргізіледі.
593-бап. Өсімпұлдарды, айыппұлдарды есепке алу
1. Осы Кодекстің 610-бабында белгіленген мөлшерде және тәртіпте есептелген өсімақылар сомасы ол есептелген кезең көрсетіле отырып, салық төлеушінің (салық агентінің) дербес шотында көрсетіледі.
2. Салық салу саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру және міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамасын бұзғаны үшін салынған айыппұлдарды есепке алу әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы негізінде жүргізіледі.
3. Есептелген айыппұл сомалары салық төлеушінің (салық агентінің) дербес шотында бұзушылық жіберілген тиісті салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша көрсетіледі.
4. Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша өсімпұлдар мен айыппұлдар сальдосы уәкілетті орган белгілеген тәртіпте есептеледі.
5. Салықтық тексеру нәтижелері бойынша есептелген өсімпұлдарды, айыппұлдарды салық төлеушінің (салық агентінің) дербес шотына есепке алу осы Кодекстің 591-бабында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
594-бап. Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша есеп-қисаптарды салыстырып тексеру жүргізу
1. Салық төлеушінің (салық агентінің) талабы бойынша салық органы бір жұмыс күні ішінде салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша есеп-қисаптарды салыстырып тексеру жүргізеді. Осы бапта белгіленген жағдайларды қоспағанда, салыстырып тексеру аяқталған соң сол күні салық төлеушіге уәкілетті орган бекіткен нысанда салыстырып тексеру актісі беріледі.
2. Салық органы салық төлеушінің (салық агентінің) дербес шотынан мәліметтерді және салық төлеуші (салық агенті) туралы деректерді көрсете отырып, салыстырып тексеру актісін екі дана етіп жасайды.
3. Салыстырып тексеру актісінде салық төлеушінің (салық агентінің) және салық органының деректері бойынша алшақтық болмаған жағдайда, салыстырып тексеру актісіне салық органының есепке алуды жүргізуге жауапты лауазымды адамы және салық төлеуші (салық агенті) қол қояды. Салыстырып тексеру актісінің бір данасы салық төлеушіге табыс етіледі, екінші данасы салық органында қалады.
4. Салық төлеушінің (салық агентінің) деректері мен салық органы деректерінің арасында алшақтық болған жағдайда, алшақтықтың күні, сомасы және себебі көрсетіледі. Салық органы мен салық төлеуші (салық агенті) алшақтықтар анықталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қажет болған жағдайда салық төлеушінің (салық агентінің) дербес шотының деректерін тиісті түзету арқылы туындаған алшақтықтарды жою бойынша шаралар қолданады.
5. Туындаған алшақтықтарды жою аяқталған соң салық органы қайтадан салыстырып тексеру актісін жасайды және осы бапта белгіленген тәртіппен салық төлеушіге (салық агентіне) табыс етеді.
595-бап. Салық төлеушінің (салық агентінің) дербес шотын беру
1. Салық төлеушінің (салық агентінің) дербес шотын бір салық органынан басқа салық органына беру мынадай жағдайларда жүргізіледі:
2010.02.04. № 262-IV ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) мыналар:
жеке тұлғаның тұрғылықты (болу) жері;
мыналардың:
дара кәсіпкердің, жекеше нотариустың, жеке сот орындаушысының, адвокаттың;
резидент заңды тұлғаның, оның құрылымдық бөлімшелерінің, сондай-ақ шетелдік заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелерінің;
Қазақстан Республикасында қызметін филиал, өкілдік ашпай, тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаның;
осы Кодекстің 191-бабының 8-тармағына сәйкес резидент еместің тұрақты мекемесі ретінде қарастырылатын тәуелді агенттің;
осы Кодекстің 197-бабының 5-тармағына сәйкес салық агенті болып табылатын резидент еместің орналасқан жері өзгерген кезде жүргізіледі.
Осы тармақшаға сәйкес салық төлеушінің (салық агентінің) дербес шоттарын беру осы Кодекстің 563-бабының 1-тармағында көзделген негіздер бойынша;
2) заңды тұлға қайта ұйымдастырылған кезде - уәкілетті мемлекеттік органның мәліметтері негізінде;
2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды (2010 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
2-1) резидент емес заңды тұлға корпоративтік табыс салығын төлеу және ол бойынша декларация табыс ету тәртібіне осы резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемелердің тобы бойынша жинақталып, оның тұрақты мекемелерінің бірі арқылы ауысқан кезде - осы Кодекстің 200-бабының 1-тармағында көзделген хабарлама негізінде;
3) заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесін есептік тіркеуден шығарған кезде - уәкілетті мемлекеттік органның мәліметтері негізінде жүргізіледі.
2. Салық органы салық төлеушінің (салық агентінің) дербес шотын бір салық органынан басқа салық органына беруді осы баптың 1-тармағында көзделген дербес шотты беру үшін негіздер туындаған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүргізеді.
3. Қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның дербес шоттарын құқық мирасқорының (құқық мирасқорларының) тіркеу есебіне алынған орны бойынша салық органына беру:
1) біріккен, қосылған кезде - беру актісі негізінде;
2) бөлінген, бөлініп шыққан кезде - бөліну балансы негізінде жүргізіледі.
Заңды тұлға бөліну жолымен қайта ұйымдастырылған кезде қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның дербес шотын беру салықтық тексеру аяқталған соң және салықтық тексеру нәтижелері қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның дербес шотында көрсетілгеннен кейін жүргізіледі.
4. Заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің дербес шотын беру тіркеу есебіне алынған орны бойынша салық органына уәкілетті мемлекеттік органның мәліметтері негізінде жүзеге асырылады.
5. Дербес шот, оны беретін салық органында - ағымдағы жылдың басынан басталатын кезең үшін оның жабылған күніне дейін, сондай-ақ алдыңғы бес жыл үшін беріледі.
6. Салық төлеушінің (салық агентінің) дербес шоты берілгеннен кейін он жұмыс күні ішінде салық төлеушінің (салық агентінің) салық міндеттемесін, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарды есептеу, ұстап қалу және аудару бойынша міндеттерін орындауға байланысты құжаттары дербес шот берілген салық органына қағаз жеткізгіште беріледі.
2009.30.12. № 234-ІV ҚР Заңымен 596-бап жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
596-бап. Қаулыны орындаудың мерзiмi өтуiне байланысты айыппұл төлеу бойынша мiндеттеменiң тоқтатылуы
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген қаулыны орындаудың мерзiмi өтуiне байланысты орындалуы мүмкiн емес салық салу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы, мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру туралы заңнамасы саласындағы құқық бұзушылықтар үшiн әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулы бойынша айыппұл сомасын салық органы салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) жеке шотынан салық органының шешiмi негiзiнде есептен шығаруға тиiс.
597-бап. Салық төлеушінің (салық агентінің) дербес шотын жабу
Салық төлеушінің (салық агентінің) дербес шотын жабу мынадай тәртіппен:
1) заңды тұлғаның, құрылымдық бөлімшенің дербес шоты - заңды тұлғаны Заңды тұлғалардың мемлекеттік тіркелімінен шығарған кезде немесе құрылымдық бөлімшені есептік тіркеуден алып тастаған кезде жүргізіледі.
Мұндай салық төлеушінің (салық агентінің) дербес шотын жабу уәкілетті мемлекеттік органның мәліметтері негізінде жүргізіледі;
2) дара кәсіпкер - дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарылған кезде жүргізіледі;
Мұндай дара кәсіпкердің дербес шотын жабу дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығару туралы салықтық өтініш негізінде жүргізіледі;
2010.02.04. № 262-IV ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) жекеше нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат - жекеше нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат ретінде тіркеу есебінен шығарылған кезде жүргізіледі;
Жекеше нотариустың, жеке сот орындаушысының, адвокаттың дербес шотын жабу жекеше нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат ретінде тіркеу есебінен шығару туралы салықтық өтініш негізінде жүргізіледі;
4) Қазақстан Республикасында қызметін филиал, өкілдік ашпай тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаның, қызметін тәуелді агент арқылы жүзеге асыратын немесе салық агенті болып табылатын резидент еместің дербес шоты - осы Кодекстің 564-бабының 1-тармағында көзделген негіздер бойынша жүргізіледі;
5) жеке тұлғаның дербес шоты:
салық салу объектілеріне және (немесе) салық салуға байланысты объектілерге құқықтар тоқтаған кезде - оларды растайтын құжаттармен қоса, уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтері немесе салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді тіркеу есебінен шығару туралы салықтық өтініш негізінде;
Қазақстан Республикасынан тұрақты тұратын жерге көшіп кеткен кезде - орындалмаған салық міндеттемелері болмаған жағдайда уәкілетті мемлекеттік органның мәліметтері негізінде;
қайтыс болу себебі бойынша немесе күшіне енген сот шешіміне сәйкес оны қайтыс болды деп жариялаған кезде уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтері негізінде жүргізіледі.
Ағымдағы жыл аяқталғаннан кейін есептелген, есебіне жазылған, азайтылған, төленген, есепке жатқызылған, қайтарылған сомалар қорытындысы шығарылған соң есеп-қисап сальдосы алдағы жылдың жеке шотына көшіріледі.
598-бап. Салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешегінің жоқ және (немесе) бар екендігі туралы мәліметтерді ұсыну тәртібі
1. Салық төлеуші (салық агенті) тіркеу есебіне алынған орны бойынша салық органына салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешегінің жоқ және (немесе) бар екендігі туралы мәліметтер алу үшін салықтық өтініш беруге құқылы.
2. Салық органы салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешегінің жоқ және (немесе) бар екендігі туралы мәліметтерді:
1) резидент емес заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің және тұрақты мекемесін таратуды, қызметін тоқтатуды, заңды тұлғаны бөлу арқылы қайта ұйымдастыруды, салық төлеуші Қазақстан Республикасынан тысқары жерге тұрақты көшіп кеткен кезде заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесін есептік тіркеуден шығаруды мемлекеттік тіркеу үшін салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешегінің жоқ екендігі туралы анықтама (бұдан әрі осы баптың мақсаты үшін - берешегі жоқ екендігі туралы анықтама);
2) өзге жағдайларда, осы тармақтың 1) тармақшасында белгіленгендерді қоспағанда, салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешегінің жоқ (бар) екендігі туралы анықтама (бұдан әрі осы баптың мақсаты үшін - берешегі жоқ (бар) екендігі туралы анықтама) жасау және оны салық төлеушіге (салық агентіне) беру арқылы ұсынады.
3. Салық органы салық төлеушінің (салық агентінің) тіркеу есебіне алынған орны бойынша ашқан дербес шоттарының деректерін ескере отырып:
1) заңды тұлға үшін - заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша;
2) құрылымдық бөлімшесі бар заңды тұлға үшін - заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің дербес шоты бойынша есеп-қисап сальдосы ескеріле отырып, заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша;
3) заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі үшін - құрылымдық бөлімшенің орналасқан жері бойынша;
4) резидент емес заңды тұлғаның тұрақты мекемесі үшін - резидент емес заңды тұлғаның тұрақты мекемесінің орналасқан жері бойынша;
5) дара кәсіпкер үшін - дара кәсіпкердің орналасқан жері бойынша;
6) жеке тұлға үшін - тұрғылықты немесе келген орны бойынша, салық салу объектісі мен салық салуға байланысты объектісінің орналасқан жері бойынша берешегі жоқ екендігі туралы анықтама, берешегі жоқ (бар) екендігі туралы анықтама жасайды.
2009.30.12. № 234-ІV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2011 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Берешегі жоқ екендігі туралы анықтама, берешегі жоқ (бар) екендігі туралы анықтама:
1) қағаз тасығышта берілген кезде - анықтаманы жасаған салық органы басшысының, оны ауыстыратын адамның немесе басшы орынбасарының қолымен және салық органының мөрімен;
2) электронды түрде берілген кезде - уәкілетті органның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады.
4-тармақтың екінші бөлігі 2012 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
Бұл ретте қағаз тасығышта жасалған берешегі жоқ екендігі туралы анықтаманы, берешегі жоқ (бар) екендігі туралы анықтаманы салық органы салық төлеушіге құжаттарды беру журналына қолын қойғызып береді.
5. Салық органы, егер осы бапта өзгеше көзделмесе, берешегі жоқ екендігі туралы анықтаманы, берешегі жоқ (бар) екендігі туралы анықтаманы мынадай мерзімдерде:
1) құрылымдық бөлімшесі жоқ заңды тұлғаға, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесіне, резидент емес заңды тұлғаның тұрақты мекемесіне, дара кәсіпкерге, жеке тұлғаға анықтама алу үшін салықтық өтініш берген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей;
2) құрылымдық бөлімшесі бар заңды тұлғаға анықтама алу үшін салықтық өтініш берген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей беруге міндетті.
6. Салық төлеуші таратылған және қызметін тоқтатқан жағдайда салық органы берешегі жоқ екендігі туралы анықтаманы мынадай мерзімдерде:
1) заңды тұлғаға, резидент емес заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесіне және тұрақты мекемесіне - осы Кодекстің 37-бабының 12-тармағында көрсетілген құжаттарды салық органына тапсырған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде;
2) резидент заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесіне - осы Кодекстің 38-бабының 6-тармағында көрсетілген құжаттарды салық органына ұсынған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде береді.
7. Заңды тұлға бөліну жолымен қайта ұйымдастырылған жағдайда салық органы берешегі жоқ екендігі туралы анықтаманы осы Кодекстің 40-бабында көрсетілген құжаттарды салық органына ұсынған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде береді.
8. Берешегі жоқ (бар) екендігі туралы анықтама, салық есептілігін табыс ету мерзімі ұзартылған жағдайларды қоспағанда, салық төлеуші (салық агенті) және (немесе) оның құрылымдық бөлімшелері салықтық өтініш беру күніне салық кезеңі үшін салық есептілігін табыс етпеген жағдайда берілмейді.
§ 1. Салықтарды, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, өсімпұлдар мен айыппұлдарды
есепке жатқызу және қайтару
599-бап. Артық төленген салық, төлемақы және өсімпұл сомаларын есепке жатқызу
2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2010 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, салықтың, төлемақының және өсімпұлдың артық төленген сомаларын есепке жатқызу салық төлеушінің (салық агентінің) салықтарды, басқа да міндетті төлемдерді, кедендік төлемдерін, өсімпұлдарды және айыппұлдарды есепке жатқызу мен қайтаруды жүргізуге ұсынған салықтық өтініші (бұдан әрі осы Кодекстің осы бабының және 600-бабының мақсаты үшін - есепке жатқызуға салықтық өтініш) бойынша, сондай-ақ осы Кодекстің осы бабында және 600-бабында көзделген басқа да негіздер бойынша жүргізіледі.
2. Өткен салық кезеңдеріндегі салықтың, төлемақының, өсімпұлдың осы түрі бойынша есеп-қисаптар ескеріле отырып, салықтың, төлемақының, өсімпұлдың салық кезеңінде бюджетке төленген (есепке жатқызылған және қайтарылған сомаларды есепке ала отырып) және есептелген, есепке жазылған (кемітуді есепке ала отырып) сомалары арасындағы оң айырма артық төленген салық, төлемақы, өсімпұл сомасы болып танылады.
Осы Кодекстің 217-бабына сәйкес резидент емес салық төлеушіге қайтарылуға тиіс төленген салық сомасы да артық төленген салық сомасы болып табылады.
3. Жер учаскелерін, жер бетіндегі көздерден су ресурстарын пайдаланғаны, қоршаған ортаға эмиссия, радиожиілік спектрін пайдаланғаны үшін, қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын, сондай-ақ ұялы байланыстарды бергені үшін төлемақы осы Кодекстің осы бабының және 600, 602-баптарының мақсатындағы төлемақы болып табылады.
4. Артық төленген салық, төлемақы, өсімпұл сомаларын есепке жатқызуды салық төлеушінің артық төленген сома есептелген дербес шоты бойынша салық органы ұлттық валютада жүргізеді.
5. Артық төленген салық, төлемақы, өсімпұл сомалары, осы баптың 13-16-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, басқа салық төлеушінің салық берешегін өтеу есебіне есепке жатқызылмайды.
6. Есепке алу-бақылау таңбаларымен таңбалануға жататын акцизделетін тауарларға артық төленген акциз сомаларын салықтардың, төлемақылардың осы және басқа да түрлері бойынша салық берешегін өтеу есебіне есепке жатқызу, салық төлеушінің аталған тауарларды өндіру бойынша қызметін тоқтатқан жағдайларды қоспағанда, жүргізілмейді.
7. Салық есептілігін ұсыну мерзімі ұзартылған жағдайда оларды ұсынылғанға дейін осы салық бойынша артық төленген соманы есепке жатқызу жүргізілмейді.
8. Салықтық өтініш бойынша есепке жатқызуды жүргізу мерзімі:
есепке жатқызуға арналған салықтық өтініш бойынша - осындай өтініш салық органына ұсынылған күннен бастап;
өтініш болмағанда жеке шотта артық төленген сома түзілген күннен бастап он жұмыс күнін құрайды.
9. Салық органы салықтың, төлемақының артық төленген сомасын есепке жатқызуға арналған салықтық өтініш бойынша есепке жатқызуды жүргізу мерзімін бұзған жағдайда, салық органы олар бойынша мерзімі бұзыла отырып, есепке жатқызу жүргізілген салықтың, төлемақының артық төленген сомасына мерзімін өткізіп алған әрбір күн үшін салық төлеушінің пайдасына өсімпұл есептейді. Өсімпұл есепке жатқызу мерзімі аяқталған күннен кейінгі күннен бастап қоса алғанда есепке жатқызу күніне дейін мерзімін өткізіп алған әрбір күн үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген қайта қаржыландырудың ресми ставкасының 2,5 еселенген мөлшерінде есепке жазылады.
10. Салық төлеушінің пайдасына есепке жазылған өсімпұл сомасы тиісті бюджет жіктемесінің коды бойынша бюджетке түсімдердің есебіне артық төленген салықты, төлемақыны есепке жатқызу жүргізілген есепке жатқызуға арналған салықтық өтініште көрсетілген күні салық төлеушінің банк шотына аударылуға жатады.
11. Артық төленген салық, төлемақы сомасы салық берешегін өтеу есебіне мынадай тәртіппен:
салық төлеушінің өтінішінсіз:
салықтың, төлемақының осы түрі бойынша өсімпұлдарды;
салықтың, төлемақының осы түрі бойынша айыппұлдарды өтеу есебіне;
есепке жатқызуға салықтық өтініш бойынша:
салық төлеуші есепке жатқызуға беретін салықтық өтінішінде көрсеткен салықтың, төлемақының түрі бойынша бересіні;
салық төлеуші есепке жатқызуға беретін салықтық өтінішінде көрсеткен салықтың, төлемақының түрі бойынша өсімпұлды;
салық төлеуші есепке жатқызуға беретін салықтық өтінішінде көрсеткен салықтың, төлемақының түрі бойынша айыппұлды;
егер осы баптың 13, 15-тармақтарында өзгеше белгіленбесе, салық төлеуші есепке жатқызуға беретін салықтық өтінішінде көрсеткен салықтың, төлемақының түрі бойынша алдағы төлемдерді өтеу есебіне міндетті түрде есепке жатқызылады.
12. Бюджетке артық төленген өсімпұлдардың сомасы мынадай тәртіппен:
1) салық төлеушінің өтінішінсіз:
салықтың, төлемақының осы түрі бойынша бересіні;
салықтың, төлемақының осы түрі бойынша айыппұлды өтеу есебіне;
2) есепке жатқызуға салықтық өтініші бойынша:
салық төлеушінің есепке жатқызуға салықтық өтінішінде көрсеткен салықтың, төлемақының түрі бойынша бересіні;
салық төлеушінің есепке жатқызуға салықтық өтінішінде көрсеткен салықтың, төлемақының түрі бойынша өсімпұлды;
салық төлеушінің есепке жатқызуға салықтық өтінішінде көрсеткен салықтың, төлемақының түрі бойынша айыппұлды;
егер осы баптың 14 және 16-тармақтарында өзгеше белгіленбесе, салық төлеушінің есепке жатқызуға салықтық өтінішінде көрсеткен салықтың, төлемақының түрі бойынша алдағы төлемдерді өтеу есебіне есепке жатқызылады.
13. Заңды тұлғаның есепке жатқызуға салықтық өтініші негізінде артық төленген салық сомасы, төлемақысы осы баптың 11-тармағында белгіленген тәртіппен есепке жатқызу жүргізілгеннен кейін:
1) құрылымдық бөлімшенің салықтың, төлемақының осы түрі бойынша бересісін;
2) құрылымдық бөлімшенің салықтың, төлемақының осы түрі бойынша өсімпұлын;
3) құрылымдық бөлімшенің салықтың, төлемақының осы түрі бойынша айыппұлын;
4) салық төлеуші есепке жатқызуға салықтық өтінішінде көрсеткен салықтың, төлемақының түрі бойынша құрылымдық бөлімшенің бересісін;
5) салық төлеуші есепке жатқызуға салықтық өтінішінде көрсеткен салықтың, төлемақының түрі бойынша құрылымдық бөлімшенің өсімпұлын;
6) салық төлеуші есепке жатқызуға салықтық өтінішінде көрсеткен салықтың, төлемақының түрі бойынша құрылымдық бөлімшенің айыппұлын өтеу есебіне есепке жатқызылады.
14. Заңды тұлғаның есепке жатқызуға салықтық өтініші негізінде оның артық төленген өсімпұлдар сомасы осы баптың 12-тармағында белгіленген тәртіпте есепке жатқызу жүргізілгеннен кейін: