1) миссионер өкілдiк ететін дiни бiрлестiктің шет мемлекеттің заңнамасы бойынша ресми тiркелгендігін куәландыратын заңдастырылған немесе апостиль қойылған құжатты;
2) Қазақстан Республикасында тіркелген діни бірлестіктің шақыруын қосымша ұсынады.
Шет мемлекеттер берген құжаттар қазақ және орыс
тілдеріне аудармасының дұрыстығы Қазақстан Республикасында нотариат куәландырған және аударманы жүзеге асырған аудармашы қолының төлнұсқалығы Қазақстан Республикасында нотариат куәландырған түрінде табыс етіледі.
5. Миссионер ретінде тіркеуден өту үшін құжаттар ұсынған Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдіктерді және азаматтығы жоқ адамдарды дінтану сараптамасының теріс қорытындысы негізінде, сондай-ақ, егер олардың миссионерлік қызметі конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпке, адамның құқықтары мен бостандықтарына, халықтың денсаулығы мен имандылығына қатер төндіретін болса, тіркеуден бас тартылады.
6. Миссионерлердің діни мазмұндағы материалдарды және діни мақсаттағы заттарды пайдалануына дінтану сараптамасының оң қорытындысын алғаннан кейін жол беріледі.
9-бап. Дiни әдебиет және дiни мақсаттағы заттар
2013.05.12. № 152-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, дiни бiрлестiктер өздерінің қалауы бойынша діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, дiни мақсаттағы заттарды сатып алуға және пайдалануға құқылы.
Құдайға құлшылық ету, діни әдет-ғұрыптар мен рәсімдер үшін қажетті, сондай-ақ діни нышанның элементтері бар заттар, бұйымдар мен атрибуттар, дiни мақсаттағы заттар болып табылады.
2. Діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек қана ғибадат үйлерінде (ғимараттарында), діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары арнайы белгілеген тұрақты үй-жайларда таратуға жол беріледі.
2016.22.12. № 28-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Әр атаудың бір данасындағы жеке пайдалануға арналғандарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды әкелуді дінтану сараптамасының оң қорытындысын алғаннан кейін тіркелген діни бірлестіктер ғана жүзеге асырады.
2016.22.12. № 28-VI ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды әзірлеуге, шығаруға және таратуға дінтану сараптамасының оң қорытындысы алынғаннан кейін жол беріледі.
4. Дiни бiрлестiк шығаратын және (немесе) тарататын дiни әдебиетте және дiни мазмұндағы басқа да ақпараттық материалдарда діни бірлестіктің толық атауы болуға тиiс.
2015.16.11. № 403-V ҚР Заңымен 10-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
10-бап. Қайырымдылық
1. Дiни бiрлестiктер қайырымдылықты жүзеге асыруға және қайырымдылық ұйымдарын ашуға құқылы.
2. Қайырымдылықты жүзеге асыру кезінде діни қызметке тарту мақсатында Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың материалдық тәуелділігін (мұқтаждығын) пайдалануға жол берілмейді.
2020.13.05. № 325-VІ ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2020 ж. 15 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді)
3. Ерікті қайырмалдықтарға жүгінетін діни бірлестіктер Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасында белгіленген талаптарды сақтауға міндетті.
11-бап. Дiнге сенушiлердiң және дiни бiрлестiктердiң халықаралық байланыстары мен қарым-қатынастары
1. Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар мен дiни бiрлестiктер олардың мінажат етуге, жиналыстар мен басқа да дiни іс-шараларға қатысу үшiн шетелге шығып тұруын қоса алғанда, халықаралық байланыстар мен жеке қарым-қатынас орнатуға және қатынастарын үзбеуге құқылы.
2. Дiни бiрлестiктер діни білім беру ұйымдарында оқыту үшiн шетелге Қазақстан Республикасының азаматтарын жiбере алады және Қазақстан Республикасының аумағындағы діни білім беру ұйымдарында оқыту үшiн шетелдіктерді, азаматтығы жоқ адамдарды қабылдай алады.
4-тарау. ДІНИ БIРЛЕСТIКТЕРДІ ҚҰРУ, МЕМЛЕКЕТТІК ТІРКЕУ, ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ, ТАРАТУ
12-бап. Діни бірлестіктердің мәртебесі
1. Қазақстан Республикасында: жергілікті, өңірлік және республикалық мәртебесі бар діни бірлестіктер құрылуы және әрекет етуі мүмкін.
2. Қазақстан Республикасының кемінде елу азаматының бастамасы бойынша құрылған, бір облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың шегінде әрекет ететін діни бірлестік жергілікті діни бірлестік болып танылады.
2021.29.12. № 94-VII ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Кемінде екі жергілікті діни бірлестіктің бастамасы бойынша құрылған, жалпы саны кемінде Қазақстан Республикасының бес жүз азаматы болатын діни бірлестік өңірлік діни бірлестік деп танылады.
Өңірлік діни бірлестіктер өңірлік діни бірлестіктерді құруға бастамашылық жасаған жергілікті діни бірлестіктер қызметі аумағының шегінде құрылады және өз қызметін жүзеге асырады.
4. Барлық облыстардан, республикалық маңызы бар қалалардан және астанадан өкілдік ететін, Қазақстан Республикасының кемінде бес мың азаматының бастамасы бойынша құрылған, олардың әрқайсысында Қазақстан Республикасының кемінде үш жүз азаматы бар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының барлық аумағында өз құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) бар діни бірлестік республикалық діни бірлестік болып танылады.
13-бап. Діни бірлестіктерді құру
1. Діни бірлестік он сегіз жасқа толған, құрылтай жиналысын (съезін, конференциясын) шақыратын Қазақстан Республикасы азаматтарының бастамасы бойынша құрылады, онда діни бірлестікті құру, оның атауы, жарғысы туралы шешімдер қабылданады және оның басшылық органдары құрылады. Азаматтар құрылтай жиналысына (съезіне, конференциясына) өз еркі бойынша жеке түрде қатысады.
2. Діни бірлестіктің мынадай белгілері:
1) ортақ діни ілімі;
2) діни жораларды, рәсімдер мен уағыздарды орындау;
3) өз қатысушыларын (мүшелерін) және дін ұстанушыларын дінге тәрбиелеу;
4) қызметінің діни бағыты болуға тиіс.
3. Республикалық діни бірлестіктер мен өңірлік діни бірлестіктер өз жарғыларына сәйкес діни қызметшілер даярлаудың кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын мекемелер нысанында діни білім беру ұйымдарын құруға құқылы.
4. Діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, діни бірлестіктен басқа өзгеше ұйымдық-құқықтық нысанда діни қызметпен айналысатын заңды тұлғаларды құруға және олардың қызметіне жол берілмейді.
5. Мемлекеттік органдарда, ұйымдар мен мекемелерде, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында діни бірлестіктердің ұйымдық құрылымдарын құруға жол берілмейді.
14-бап. Діни бірлестіктің атауы
1. Діни бірлестіктің атауы ұстанатын діні мен мәртебесін қамтуға тиіс.
2. Толық және қысқартылған атауы мен оның нышаны Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердің мемлекеттік рәміздерін, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, Қазақстан Республикасында тіркелген діни бірлестіктердің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуына байланысты тыйым салынған және (немесе) таратылған діни бірлестіктердің атауы мен нышанын толық немесе оның елеулі бөлігінде қайталамауға тиіс.
15-бап. Діни бірлестіктерді мемлекеттік тіркеу
1. Дiни бiрлестiк оны мемлекеттік тіркеген сәттен бастап заңды тұлғаның құқық қабiлеттілігiне ие болады.
2. Республикалық діни бiрлестiктердi және өңірлік діни бірлестіктерді мемлекеттiк тiркеудi Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi жүзеге асырады.
Жергілікті діни бірлестіктерді мемлекеттік тіркеуді, филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеуді аумақтық әдiлет органдары жүзеге асырады.
3. Діни бірлестікті құру туралы шешім қабылданған сәттен бастап екі ай мерзім ішінде тіркелу үшін тіркеуші органға өтініш беріледі. Өтінішке:
1) діни бірлестік басшысының қолы қойылған діни бірлестіктің жарғысы;
2) құрылтай жиналысының (съезінің, конференциясының) хаттамасы;
3) құрылатын діни бірлестіктің бастамашы азаматтарының тіркеуші орган белгілеген нысан бойынша электрондық және қағаз жеткізгіштердегі тізімі;
4) дiни бiрлестiктiң орналасқан жерiн растайтын құжат;
5) діни ілімнің пайда болу тарихы мен негіздерін ашып көрсететін және осы ілімге сәйкес келетін діни қызмет туралы мәліметтер қамтылған діни баспа материалдары;
2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркегені үшін бюджетке тіркеу алымы төленгенін растайтын түбіртек немесе өзге де құжат;
7) діни бірлестіктің басшысын сайлау туралы шешім не шетелдік діни орталық басшыны тағайындаған жағдайда, уәкілетті органмен келісілгенін растайтын құжат қоса беріледі.
4. Өңірлік діни бірлестікті тіркеу кезінде тіркеуші орган белгілеген нысан бойынша өңірлік діни бірлестіктерді құруға бастамашылық жасаған жергілікті діни бірлестіктердің әрқайсысының қатысушыларының тізімі, сондай-ақ олардың жергілікті діни бірлестіктері жарғыларының нотариат куәландырған көшірмелері қосымша табыс етіледі.
5. Республикалық діни бірлестіктер мәртебесін растау үшін тіркелген күнінен бастап бір жыл өткенге дейін тіркеуді жүзеге асыратын органға олардың құрылымдық бөлімшелерінің (филиалдары мен өкілдіктерінің) аумақтық әділет органдарында есептік тіркеуден өткенін растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсынуға міндетті.
6. Осы баптың 5-тармағының талаптарын орындамаған жағдайда, республикалық діни бірлестік Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен қайта ұйымдастырылуға немесе таратылуға жатады.
7. Діни бірлестіктерді мемлекеттiк тіркеу және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептiк тiркеу, діни бірлестіктерді қайта тiркеу, тiркеуден бас тарту осы Заңда көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртiппен және мерзiмде жүзеге асырылады.
8. Мемлекеттік тіркеудің (қайта тіркеудің) мерзіміне дінтану сараптамасын жүргізу және діни бірлестікті құруға бастамашы азаматтар тізімінің осы Заңның талаптарына сәйкестігін тексеру үшін үзіліс жасалады.
2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9. Тіркеуші орган мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) мерзіміне үзіліс жасау туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті органға дінтану сараптамасын жүргізуді ұйымдастыру үшін қажетті құжаттардың көшірмелерін және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi атқарушы органдарына тексеру үшін діни бірлестіктер құруға бастамашы азаматтар тізімдерінің көшірмелерін жібереді.
10. Ұсынылған құжаттардың заңнамаға сәйкестігін тексерудің, жүргізілген дінтану сараптамасының, діни бірлестікті құруға бастамашы азаматтардың тізімін тексерудің нәтижелері бойынша діни бірлестікті мемлекеттік тіркеу туралы немесе мемлекеттік тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылданады.
16-бап. Дiни бiрлестiктiң жарғысы
1. Дiни бiрлестiк өз қызметiн жарғының негiзiнде жүзеге асырады, онда мыналар:
1) атауы, қызметінің мәні мен мақсаттары;
2) орналасқан жерi және оның шегінде өз қызметін жүзеге асыратын аумақ;
3) құрылымы, басқару органдарын қалыптастыру тәртiбi мен олардың құзыреті;
4) қатысушыларының (мүшелерінің) құқықтары мен мiндеттерi;
5) ұстанатын діні, діни ілімінің негіздері және осы ілімге сәйкес келетін діни қызметі туралы мәліметтер;
6) діни бірлестіктің мүшесі етіп қабылдаудың және одан шығудың шарттары мен тәртібі;
7) мүлікті қалыптастыру көздері;
8) құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгiзу тәртiбi;
9) қызметін қайта ұйымдастыру және оны тоқтату шарттары;
10) таратылған жағдайда мүлікті пайдалану тәртібі;
11) филиалдар мен өкілдіктер туралы мәліметтер болуға тиіс.
2. Дiни бiрлестiктiң жарғысында оның қызметіне қатысты және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де ережелер болуы мүмкін.
3. Діни ілім негіздері мен діни қызмет туралы мәліметтерде негізгі діни идеялар, діни бірлестік қызметінің нысандары, осы діни бірлестік қатысушыларының (мүшелерінің) және басқа да адамдардың неке мен отбасына, білімге, денсаулыққа көзқарасының ерекшеліктері, оның қатысушылары (мүшелері) мен қызметшілерінің конституциялық құқықтары мен міндеттерін іске асыруға көзқарасы қамтылуға тиіс.
17-бап. Діни бірлестікті тіркеуден бас тарту
1. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, сондай-ақ құрылтай құжаттарындағы және өзге де ұсынылған құжаттардағы мәліметтер дәйексіз болса және (немесе) құрылатын бірлестік дінтану сараптамасының нәтижелері негізінде діни бірлестік ретінде танылмаған жағдайларда діни бірлестікті мемлекеттік тіркеуден, оның құрылымдық бөлімшесін (филиалы мен өкілдігін) есептік тіркеуден бас тартылады.
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Тіркеуден бас тартуға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
18-бап. Дiни бiрлестiктi қайта ұйымдастыру және тарату
1. Діни бірлестіктерді қайта ұйымдастыру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қосылу, бiрiгу, бөлiну, қайта құру және бөлiнiп шығу жолымен діни бірлестіктің құрылтай құжаттары уәкілеттік берген органның шешiмi бойынша не сот шешімі бойынша жүзеге асырылады. Діни бірлестік тек басқа діни бірлестік болып немесе жеке мекеме болып қайта құрылуы мүмкін. Діни бірлестіктерді қайта ұйымдастыру нәтижесінде құрылған ұйымдар осы Заңның талаптарына сәйкес келген жағдайда діни бірлестіктер ретінде тіркелуі мүмкін.
2. Діни бірлестіктің қызметін тоқтата тұру және оны тарату Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргізіледі.
19-бап. Мемлекет және шетелдік діни бірлестіктер
1. Шетелдік діни орталық уәкілетті органмен келіспей тағайындаған діни бірлестік басшысының қызметін жүзеге асыруына жол берілмейді.
2. Шетелдік діни орталық діни бірлестіктің басшысы лауазымына кандидатты келісу үшін уәкілетті органға мынадай құжаттарды:
1) кандидат туралы, оның шетелдік діни орталықтағы бұрынғы қызметі туралы мәліметтер қамтылған қолдаухатты;
2) кандидатты Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін діни бірлестіктің басшысы етіп тағайындау туралы шешімді;
3) діни бірлестіктің басшысы лауазымына кандидаттың паспортының немесе жеке куәлігінің көшірмесін ұсынады.
Құжаттар қазақ және орыс тілдеріне аудармасының дұрыстығын Қазақстан Республикасында нотариат куәландырған және аударманы жүзеге асырған аудармашы қолының түпнұсқалығын Қазақстан Республикасында нотариат куәландырған түрінде табыс етіледі.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген құжаттарды уәкілетті орган олардың ұсынылған күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарайды.
4. Егер Қазақстан Республикасындағы діни бірлестік басшысының қызметі конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпке, адам құқықтары мен бостандықтарына, халықтың денсаулығы мен имандылығына қатер төндіретін болса, уәкілетті орган шетелдік діни орталықтың оны тағайындауына келісуден бас тартады.
5-тарау. ДІНИ БІРЛЕСТІКТЕРДІҢ МҮЛІКТІК ҚҰҚЫҚ ҚАТЫНАСТАРЫ
20-бап. Дiни бiрлестiктердiң меншiгi
1. Дiни бiрлестiктердiң өз қаражаты есебінен сатып алынған немесе жасалған, Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, ұйымдардың қайырмалдықтарға берген немесе Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн басқа да негiздер бойынша сатып алынған мүлiкке меншiк құқығы бар.
2. Меншік құқығындағы жылжымайтын және жылжымалы мүлік діни бірлестіктердің меншігі болып табылады.
3. Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі мүлік те дiни бiрлестiктердің меншiгiнде болуы мүмкiн.
4. Дiни бiрлестiктер ерiктi түрде қаржылай және басқа да қайырмалдықтар сұрауға және оларды алуға құқылы.
5. Дiни бiрлестiктердiң меншiк құқығы заңмен қорғалады.
21-бап. Мемлекеттiң, ұйымдар мен жеке тұлғалардың меншiгi болып табылатын мүлiктi пайдалану
1. Дiни бiрлестiктер өздерiне шарттық негiзде берілген үйлердi, аумақты және мүлiктi пайдалануға құқылы.
2. Діни мақсаттағы тарих және мәдениет ескерткіштері діни бiрлестiктердің пайдалануына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілуі мүмкін.
22-бап. Таратылған дiни бiрлестiктiң мүлкiне иелiк ету
1. Діни бірлестік таратылған немесе қызметі тоқтатылған кезде оның меншігінде болған мүлікке иелік ету оның жарғысына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Құқық мирасқорлары болмаған кезде мүлік Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес мемлекет меншігіне өтеді.
6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
23-бап. Қазақстан Республикасының дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы заңнамасын бұзушылық Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
24-бап. Өтпелі ережелер
1. Діни бірлестіктер осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жылдың ішінде осы Заңның талаптарына сәйкес өздерінің құрылтай құжаттарына тиісті өзгерістер енгізуге міндетті. Сонымен бір мезгілде тіркеуші органға діни бірлестіктің мәртебесін растайтын құжаттар табыс етіледі.
2. Діни мүдделері мен қажеттіліктерін қанағаттандырумен айналысатын және осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін діни бірлестіктен басқа өзгеше ұйымдық-құқықтық нысанда құрылған заңды тұлғалар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жылдың ішінде өздерінің құрылтай құжаттарына тиісті өзгерістер енгізуге міндетті.
2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Көрсетілген мерзім өткен соң өздерінің құрылтай құжаттарын осы Заңның талаптарына сәйкес келтірмеген заңды тұлғалар облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi атқарушы органдарының өтініші бойынша сот тәртібімен таратылады.
25-бап. Қорытынды ережелер
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» 1992 жылғы 15 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1992 ж., № 4, 84-құжат; 1995 ж., № 20, 120, 121-құжаттар; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 13-14, 205-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 5, 5-құжат; № 13, 53-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; 2011 ж., № 11, 102-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2011 жылғы қазанның 11-і
№ 483-ІV ҚРЗ