1. Аккредиттеу жөніндегі орган берген аккредиттеу аттестаттары Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жарамды және олардың қолданылу мерзімі бес жыл.
2. Аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзімі аккредиттеу туралы шешімді қабылдаған кезден бастап есептеледі және оған аккредиттеу аттестаты кері қайтарып алынған уақыт кезеңі енгізіледі.
3. Аккредиттеу жөніндегі орган бекіткен және аккредиттеу саласын белгілейтін құжат аккредиттеу аттестатына міндетті қосымша болып табылады.
4. Аккредиттеу аттестаты аккредиттеу субъектілерінің тізілімінде тіркелуге тиіс.
5. Аккредиттеу аттестатында:
1) аккредиттеу субъектісінің атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны, орналасқан жері;
2) аккредиттеу субъектісінің оған сәйкестігі аккредиттелген нормативтік құжат;
3) аккредиттеу аттестатының тіркеу нөмірі;
4) аккредиттеу аттестатының аккредиттеу субъектілерінің тізілімінде тіркелген күні;
5) аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзімі;
6) аккредиттеу аттестаты қосымшасының парақ саны көрсетіледі.
6. Аккредиттеу аттестатының бланкілері қатаң есептілік құжат болып табылады, олардың қорғанышы мен нөмірі болады.
7. Аккредиттеу аттестаты жалғыз дана етіп беріледі, аккредиттеу аттестатын басқа заңды тұлғаларға беруге тыйым салынады.
8. Жоғалған, бүлінген аккредиттеу аттестаттары, аккредиттеу аттестаттарына қосымшалар аккредиттеу субъектісі аккредиттеу жөніндегі органға жазбаша өтініш (аккредиттеу аттестатының, аккредиттеу аттестатына қосымшалардың жоғалған, бүлінген фактісін растайтын құжаттармен қоса) берген күннен бастап жарамсыз деп саналады.
Аккредиттеу жөніндегі орган өтініш берілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде аккредиттеу аттестатының телнұсқасын, аккредиттеу аттестатының қосымшаларын беруді жүргізеді.
22-бап. Аккредиттеу аттестатын қайта ресімдеу
1. Аккредиттеу аттестатын қайта ресімдеуге:
1) аккредиттеу субъектісін қайта ұйымдастыру;
2) аккредиттеу субъектісінің орналасқан жерінің өзгеруі;
3) аккредиттеу субъектісі атауының өзгеруі;
4) аккредиттеу саласының кеңеюі немесе қысқаруы туралы аккредиттеу субъектісінің өтініші негіз болады.
2. Аккредиттеу субъектісі осы баптың 1-тармағының 1) - 3) тармақшаларында көзделген аккредиттеу аттестатын қайта ресімдеуге негіздердің бірі пайда болған кезден бастап есептелетін, сондай-ақ аккредиттеу саласы қысқарған жағдайда күнтізбелік он күн ішінде аккредиттеу жөніндегі органға осы Заңның 15-бабының 1-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көзделген жаңа мәліметтер мен құжаттарды көрсете отырып, аккредиттеу аттестатын қайта ресімдеу туралы өтініш береді.
3. Аккредиттеу саласын кеңейту кезінде аккредиттеу субъектісі өтінішпен бір мезгілде аккредиттеу жөніндегі органға кеңейтілетін салада тиісті мамандардың, жабдықтардың, үй-жайлардың бар екендігі туралы ақпарат береді.
4. Аккредиттеу аттестатын қайта ресімдеген кезде аккредиттеу жөніндегі орган осы Заңның 18-бабында көзделген тәртіппен аккредиттеу субъектісінің орналасқан жері бойынша:
1) сынақ, салыстырып тексеру, калибрлеу зертханасының (орталығының) орналасқан жері өзгерген;
2) аккредиттеу саласын кеңейткен жағдайда тексеру жүргізеді.
5. Аккредиттеу жөніндегі орган аккредиттеу аттестатын қайта ресімдеу туралы құжаттарды олардың түскен күнінен бастап есептелетін он бес жұмыс күні ішінде қарайды.
Осы тармақта көзделген мерзімге субъектінің орналасқан жері бойынша тексеру жүргізу және аккредиттеу критерийлеріне сәйкессіздіктерді, егер оларды аккредиттеу жөніндегі орган анықтаған болса, жою мерзімі кірмейді.
6. Оң шешім қабылданған жағдайда аккредиттеу жөніндегі орган аккредиттеу аттестатын жеті жұмыс күні ішінде қайта ресімдейді және аккредиттеу саласын айқындайтын құжатты қайта бекітеді.
7. Аккредиттеу аттестатын қайта ресімдеуден бас тарту туралы шешім ұсынылған құжаттар мен мәліметтерден дәйексіз ақпараттар анықталған кезде, аккредиттеу субъектісі тексеру барысында анықталған сәйкессіздіктерді белгіленген мерзімде жоймаған кезде, сондай-ақ алғашқы тексерген кездегі сәйкессіздіктер қайта тексергенде анықталған кезде қабылданады.
8. Аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзімі оны қайта ресімдеген кезде үзілмейді.
23-бап. Аккредиттеу материалдарын жаңарту
1. Аккредиттеу материалдарын жаңарту:
1) аккредиттеу субъектісінің құжаттарында көрсетілген нормативтік құжатқа өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізген және (немесе) аккредиттеу субъектісінің құжаттарында көрсетілгеннің орнына жаңа нормативтік құжатты қолданысқа енгізген;
2) сәйкестікті бағалау жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыратын мамандар құрамы өзгерген;
3) өлшем құралдары мен сынақ жабдығын ауыстырған жағдайда осы Заңның 22-бабының 1-тармағында көзделген негіздер болмаған кезде жүзеге асырылады.
2. Жаңарту кезінде аккредиттеу субъектісі аккредиттеу жөніндегі органға жаңартудың себептерін негіздей отырып өтінімін және өзгерістер енгізілген құжаттардың екі данасын ұсынады.
3. Аккредиттеу жөніндегі орган құжаттар түскен кезден бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде оларды қарайды және аккредиттеу аттестатын қайта ресімдеуге негіздер жоқ болған кезде енгізілген өзгерістерді назарға алады, ал қажет болған жағдайда аккредиттеу саласын айқындайтын құжатты қайта бекітеді, ол туралы аккредиттеу субъектісіне жазбаша хабарлайды.
24-бап. Аккредиттеу субъектілерінің тізілімі
1. Аккредиттеу жөніндегі орган аккредиттеу субъектілерінің тізілімін қалыптастырады және жүргізеді.
2. Аккредиттеу субъектілерінің тізілімі:
1) осы Заңның 21-бабының 5-тармағында көрсетілген мәліметтерді;
2) аккредиттеу саласына кіретін сәйкестікті бағалау объектілерін;
3) аккредиттеу субъектісі басшысының тегін, атын, әкесінің атын (ол бар болған жағдайда);
4) аккредиттеу аттестатының қайта ресімделген күні мен оның негізі;
5) аккредиттеу материалдарын жаңарту күнін, негізін және жаңартылған аккредиттеу материалдары туралы ақпаратты;
6) инспекциялық тексерулер жүргізілген күнді және нәтижелерін;
7) аккредиттеу аттестатын аккредиттеу жөніндегі органның кері қайтарып алған және қайтарған күні мен негіздемесін;
8) аккредиттеу аттестатының қолданысы тоқтатылған күні мен негіздемесін;
9) аккредиттеу аттестатының жойылған күнін;
10) аккредиттеу аттестатынан айыру күні мен негіздемесін;
11) аккредиттеу аттестатының телнұсқасын беру туралы белгіні қамтуға тиіс.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген ақпарат негіздемелер туындаған кезден бастап жеті жұмыс күні ішінде аккредиттеу субъектілерінің тізіліміне енгізіледі.
4. Аккредиттеу субъектілерінің тізілімінде қамтылған ақпарат онымен жеке және заңды тұлғалар танысу үшін ашық болып табылады.
25-бап. Аккредиттеу субъектілерін инспекциялық тексеру
1. Инспекциялық тексеру екі жылда бір реттен жиі емес кезеңділігімен, бірақ аккредиттеу аттестатын берген кезден бастап жиырма төрт айдан кешіктірілмей аккредиттеуден кейінгі шарт негізінде жүзеге асырылады.
Аты-жөні көрсетілмеген өтініштерді қоспағанда, аккредиттеу субьектісінің сәйкестікті бағалау жөніндегі қызметте жөнсіздіктерге жол бергені туралы жеке немесе заңды тұлғадан өтініш не мемлекеттік органнан хабарлама түскен жағдайда, аккредиттеу жөніндегі орган кезектен тыс инспекциялық тексеру жүргізуге құқылы.
2. Инспекциялық және оның ішінде кезектен тыс тексеру жүргізу мерзімі бес жұмыс күнінен аспауға тиіс.
3. Аккредиттеу жөніндегі орган инспекциялық тексеру жүргізу кезінде аккредиттеу субъектісінен қажетті түсіндірмелер, құжаттар мен мәліметтер сұратуға құқылы.
4. Инспекциялық тексеру нәтижелері екі дана етіп жасалған есеппен ресімделеді, онда мыналар:
1) есептің жасалған күні, уақыты мен орны;
2) аккредиттеу жөніндегі орган басшысының инспекциялық тексеру жүргізуге негіз болған шешімінің күні мен нөмірі;
3) инспекциялық тексеру жүргізген аккредиттеу жөніндегі сарапшылардың-аудиторлардың тегі, аты, әкесінің аты (олар болған жағдайда);
4) аккредиттеу субъектісінің атауы, инспекциялық тексеру жүргізген кезде қатысқан аккредиттеу субъектісі өкілінің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда), лауазымы;
5) инспекциялық тексеру жүргізілген күні, уақыты мен орны;
6) тексеру нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған сәйкессіздіктер туралы және олардың сипаты туралы мәліметтер;
7) сәйкессіздіктерді жою туралы және оларды жою мерзімдері туралы нұсқаулар;
8) аккредиттеу субъектісі өкілінің есебімен танысу туралы немесе танысудан бас тарту туралы мәліметтер, олардың қойған қолы немесе қол қоюдан бас тартуы туралы мәліметтер көрсетіледі.
Есептің бір данасы аккредиттеу субъектісінің өкіліне тапсырылады.
Аккредиттеу жөніндегі орган есеп келіп түскен кезден бастап он жұмыс күні ішінде оны қарайды және аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алуға не осы Заңның 26-бабының 2-тармағында көзделген тәртіппен уәкілетті органға жиналған материалдарды жолдауға негіз болмаған кезде ақпарат назарға алынады не аккредиттеу субъектісінің анықталған аккредиттеу критерийлеріне сәйкессіздіктерді жоюы туралы шешім қабылдайды.
26-бап. Аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алу, қолданысын тоқтату, жою, тоқтата тұру, аккредиттеу аттестатынан айыру
1. Аккредиттеу аттестатын аккредиттеу жөніндегі орган мынадай жағдайларда:
1) аккредиттеу субъектісінің жазбаша өтініші бойынша;
2) сәйкестікті бағалау нәтижелерінің дұрыстығына әсер ететін аккредиттеу критерийлеріне сәйкессіздіктер анықталғанда;
3) анықталған аккредиттеу критерийлеріне сәйкессіздіктер аккредиттеу жөніндегі органның белгілеген мерзімі ішінде жойылмағанда;
4) салыстырмалы сынақтардың және (немесе) өлшем құралдарын салыстырып тексеру, калибрлеу қорытындыларын салғастырудың теріс қорытындылары бойынша кері қайтарып алады.
2. Егер аккредиттеу критерийлерінің анықталған сәйкессіздіктерінде әкімшілік құқық бұзу құрамының белгілері болған жағдайда, аккредиттеу жөніндегі орган осындай сәйкессіздіктер анықталған күннен бастап есептелетін, үш жұмыс күні ішінде тиісті шараларды қабылдау үшін жиналған материалдарды уәкілетті органға жібереді.
3. Аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алу туралы шешімнің көшірмесі тиісті аккредиттеу субъектісіне жіберіледі, ол оны алған күннен бастап анықталған сәйкессіздіктерді жою жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
4. Аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алуға негіз болған сәйкессіздіктерді жойғаннан кейін аккредиттеу субъектісі оларды жойғаны туралы мәліметтерді аккредиттеу аттестатын қайтару туралы шешім қабылдау үшін аккредиттеу жөніндегі органға жібереді.
Анықталған сәйкессіздіктердің жойылғаны туралы мәліметтерді растау қажет болған жағдайда аккредиттеу жөніндегі орган осы Заңда белгіленген тәртіппен инспекциялық тексеру жүргізеді.
Аккредиттеу аттестатын қайтару туралы не қайтарудан бас тарту туралы шешімді аккредиттеу жөніндегі орган аккредиттеу субъектісі сәйкессіздіктерді жойғаны туралы мәліметтерді ұсынған күннен бастап, ал инспекциялық тексеру жүргізген жағдайда, оның біткен күнінен бастап есептелетін бес жұмыс күні ішінде қабылдайды.
5. Аккредиттеу аттестатының қолданысы мына негіздер бойынша тоқтатылады:
1) аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзімінің аяқталуы;
2) аккредиттеуден кейінгі шарттың тоқтатылуы.
6. Өтініш берушінің аккредиттеу аттестатын алу кезінде жалған ақпаратты ұсынғаны анықталған жағдайда аккредиттеу жөніндегі органның өтініші бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіпте сот аккредиттеу аттестатын жоюды жүргізеді.
7. Аккредиттеу аттестатын тоқтата тұру, одан айыру Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
27-бап. Дауларды шешу
1. Өтініш берушілер мен аккредиттеу субъектілері аккредиттеу жөніндегі органның теріс шешіміне аккредиттеу материалдары бойынша апелляция жөніндегі комиссияға шағымдануға құқылы.
2. Апелляция жөніндегі комиссияны аккредиттеу жөніндегі органның басшысы құрады.
Апелляция жөніндегі комиссия құрамы оған уәкілетті орган жанында аккредиттелген қауымдастық (одақтар) нысанындағы заңды тұлғалар бірлестігінің үш өкілін, уәкілетті органның үш өкілін және аккредиттеу жөніндегі органның бір өкілін жіберу арқылы жасақталады.
3. Апелляция жөніндегі комиссияның төрағасы және хатшысы оның мүшелерінің көпшілік даусымен сайланады.
Апелляция жөніндегі комиссияның төрағасы комиссия туралы ережені бекітеді, оның қызметіне басшылық жасайды, комиссияның отырысын өткізеді, оның жұмысын жоспарлайды.
4. Апелляция жөніндегі комиссия шағым түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қабылданған шешімнің негізділігі туралы қорытындыны аккредиттеу жөніндегі органның басшысына ұсынады.
5. Аккредиттеу жөніндегі орган басшысы апелляция жөніндегі комиссия қорытындысын қарау нәтижелері туралы шағым берген өтініш берушіге немесе аккредиттеу субъектісіне қорытынды ұсынылған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде жазбаша хабарлайды.
6. Өтініш берушілер мен аккредиттеу субъектілері аккредиттеу мәселелері бойынша даулар туындаған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа жүгінуге құқылы.
28-бап. Аккредиттеу жөніндегі шетелдік органдар жүргізген аккредиттеу нәтижелерін тану
1. Қазақстан Республикасында аккредиттеу жөніндегі шетелдік органдар жүргізген аккредиттеу нәтижелерін тану аккредиттеу жүйелерінің, аккредиттеу кезінде қолданылатын рәсімдер мен талаптардың бірдейлігін тану негізінде жүзеге асырылады.
2. Аккредиттеу нәтижелерін өзара тану екіжақты және көпжақты келісімдер жасасу арқылы жүзеге асырылады.
3. Аккредиттеу жөніндегі шетелдік органдар берген аккредиттеу аттестаттары немесе оларға тепе-тең құжаттар Қазақстан Республикасында аккредиттеу жөніндегі халықаралық (өңірлік) мемлекеттік емес, үкіметтік емес ұйымдармен жасалған келісімдерге сәйкес танылады.
29-бап. Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
30-бап. Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылау
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Аккредиттеу жөніндегі органның Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасын сақтауына мемлекеттік бақылау тексеру нысанында жүзеге асырылады.
Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасын аккредиттеу субъектілерінің сақтауына мемлекеттік бақылау «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жоспардан тыс тексеру нысанында жүзеге асырылады.
3. Аккредиттеу жөніндегі органды тексеру нәтижелері бойынша уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметіне аккредиттеу жөніндегі органды мәртебесінен айыру туралы ұсыныспен жүгінуге құқылы.
31-бап. Қорытынды және өтпелі ережелер
1. Осы Заң, 2009 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 10-бабының 2-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін берілген аккредиттеу аттестаттары жарамды деп есептеледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Н. НАЗАРБАЕВ | |
Астана, Ақорда, 2008 жылы шілденің 5-і.
№ 61-ІV ҚРЗ