18) жануарлар дүниесiн мемлекеттік есепке алуды, оның мемлекеттік кадастры мен мониторингiн жүргiзудiң тәртібін белгiлейдi;
19) зоологиялық коллекциялар жинау мен мемлекеттік есепке алу ережелерiн бекiтедi;
20) аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін бекітіп беру жөніндегі конкурс өткізу ережелерiн және конкурсқа қатысушыларға қойылатын біліктiлiк талаптарын бекiтедi;
21) аң аулау және балық аулау объектiлерi болып табылатын жануарлардың құнды түрлерiнiң тiзбесiн бекiтедi;
22) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы нормативтердi бекiтедi;
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен 23) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
23) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкiлеттi орган мен аумақтық бөлімшелердің лауазымды адамдарының, сондай-ақ жануарлар дүниесiн қорғауды тiкелей жүзеге асыратын мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың айырым белгілері бар нысанды киім (погонсыз) киюге құқығы бар қызметкерлерiнiң тiзбесiн бекiтедi;
24) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен бап 25) тармақшамен толықтырылды
25) Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен 9-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9-бап. Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын уәкілетті органның, оның аумақтық бөлімшелерінің және Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдарының құзыретi
1. Уәкілетті орган:
1) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады және салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;
2) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану жөніндегі салалық (секторлық) бағдарламаларды әзірлейді;
3) тексерілетін субъектілерге қойылатын талаптарды белгілейтін нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеп, бекітеді;
4) жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектор актілерінің нысандарын, оларды толтыру мен берудің тәртібін бекітеді;
5) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы нормативтерді әзірлейді;
6) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органның және оның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдарының, сондай-ақ жануарлар дүниесін қорғауды тікелей жүзеге асыратын мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар қызметкерлерінің айырым белгілері бар нысанды киім (погонсыз) үлгілерін, киіп жүру тәртібін және онымен қамтамасыз ету нормаларын бекітеді;
7) жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін төлемақы ставкаларын және Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасын бұзудан келтірілген зиянды өтеу мөлшерін айқындаудың әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
8) жануарлар дүниесінің мемлекеттік кадастрын жүргізеді;
9) бекітіліп берілген балық шаруашылығы су айдындарындағы және (немесе) жергілікті маңызы бар учаскелердегі балық шаруашылығы субъектілеріне арналған квоталарды қоспағанда, бекітілген лимиттер негізінде жануарлар дүниесі объектілерін алып қоюға арналған квоталарды бөледі;
10) аңшы, балықшы және қорықшы куәліктерінің нысанын және оны беру тәртібін айқындайды;
11) балық аулаудың кәсіпшілік және кәсіпшілік емес құралдарының түрлері мен тәсілдерін қолдануға рұқсат етілген тізбеге енгізілмеген балық аулау құралдарының жаңа түрлері мен тәсілдерін (эксперименттік аулау тәртібімен) қолдануға арналған рұқсаттарды беру тәртібін белгілейді;
12) ішкі және сыртқы рыноктарда сату үшін бекіре тұқымдас балықтардың уылдырығын таңбалау тәртібін айқындайды;
13) жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың арнайы құралдарды қолдану ережелерін бекітеді;
14) аңшылық және балық шаруашылықтары субъектілерінің қорықшылық қызметі туралы үлгі ережені бекітеді;
15) жануарлар дүниесінің объектілерін, олардың бөліктері мен туынды түрлерін, оның ішінде сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген санаттарға жатқызылған жануарлар түрлерін әкелуге және әкетуге рұқсаттар беру тәртібін айқындайды және рұқсаттар береді;
16) жануарлар дүниесін пайдалануға арналған биологиялық негіздеме дайындаудың тәртібін айқындайды;
17) балық аулауға және балық шаруашылығын жүргізуге арналған шарттардың үлгі нысанын белгілейді;
18) аңшылық және балық шаруашылықтары субъектілерін дамыту жоспарының үлгі нысанын бекітеді;
19) жолдаманың үлгі нысанын, сондай-ақ оны беру тәртібін бекітеді;
20) сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген санаттарға жатқызуды қоспағанда, осы Заңның 3-бабы 1-тармақшасының 4), 5) және 6) тармақшаларында көзделген санаттарға жатқызылған жануарлар түрлерінің тізбелерін айқындайды және оларды бір санаттан екіншісіне ауыстырады;
21) қолдануға рұқсат етілген кәсіпшілік және кәсіпшілік емес балық аулау құралдарының түрлері мен тәсілдерінің тізбесін белгілейді;
22) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы ғылыми-зерттеулер мен жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізуді ұйымдастырады және (немесе) қамтамасыз етеді;
23) Қазақстан Республикасының Қызыл кітабын жүргізеді және басып шығаруды қамтамасыз етеді;
24) аңшылық шаруашылықтарының санаттарын айқындайды;
25) халықаралық және республикалық маңызы бар сулы-батпақты алқаптардың тізімдерін бекітеді;
26) жануарлар дүниесін мемлекеттік есепке алуды және оның мониторингін жүргізеді;
27) сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарлар түрлерін интродукциялау, сондай-ақ жасанды түрде өсіру жөніндегі қызметті ұйымдастырады;
28) аңшылық алқаптары мен балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің резервтік қорында жануарлар дүниесін қорғауды, өсімін молайтуды және мемлекеттік есепке алуды ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;
29) су тарту құрылыстарының балық қорғау құрылғыларына қойылатын талаптарды айқындайды және оларды орнатуды келіседі;
30) аңшылық алқаптарының, балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің резервтік қорын биологиялық-экономикалық тексеруді жүзеге асырады;
31) ғылыми ұсынымдар негізінде балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін паспорттандыруды жүргізеді;
32) рекреациялық балық аулау аймағын белгілейді;
33) уылдырық шашу кезеңінде балық аулауға тыйым салынған, сондай-ақ балық аулауға тыйым салынған су айдындарында және (немесе) учаскелерінде су көлігі қозғалысының тәртібін айқындайды;
34) ғылыми ұсынымдар негізінде балық шаруашылығы учаскелерінің шекараларын белгілейді, ұйықтарды (ұйықтық учаскелерді) ашып, жабады;
35) жануарларды интродукциялау, су айдындарына балық жіберу, балықтардың жаңа түрлерін жерсіндіру, су объектілерін балық шаруашылық мелиорациялау бойынша жұмыстар жүргізу тәртібін айқындайды;
36) сыртқы нарықта сату үшін бекіре тұқымдас балықтар түрлерінің уылдырығы маркасының нысанын бекітеді және оны ішкі нарықта сату маркасын беруді жүзеге асырады;
37) балық аулаудың кәсіпшілік және кәсіпшілік емес құралдарының түрлері мен тәсілдерін қолдануға рұқсат етілген тізбеге енгізілмеген балық аулау құралдарының жаңа түрлері мен тәсілдерін (эксперименттік аулау ретінде) қолдануға арналған рұқсаттар береді;
38) бақылау үшін аулауды, интродукциялау мақсатында аулауды жүзеге асырады, балықтың қырылу қаупі бар су айдындарында және (немесе) учаскелерінде аулауды жүзеге асырады;
39) жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсаттар береді;
40) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуын анықтау мақсатында жануарлар дүниесін пайдаланушылардың қызметін тексереді;
41) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құзыреті шегінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді жүзеге асырады;
42) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
43) жануарлар дүниесін пайдалануға шектеулер мен тыйым салулар енгізеді;
44) балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің жағалаулық шекараларын білдіретін белгілер мен аншлагтардың үлгілерін, сондай-ақ балық ресурстарын және басқа да су жануарларын аулауды есепке алу журналының (кәсіпшілік журналдың) нысанын белгілейді;
45) жануарлар үйірімен мекендейтін жерлерді периметрі бойынша олардың індері орналасқан жерлерге жиырма метр жақындап немесе оларды алдын ала басқа жерге көшірмей жыртуға келісім беруді жүзеге асырады;
46) ұшақтардың, тікұшақтардың және өзге де ұшу аппараттарының итбалықтар, тұяқты жабайы жануарлар мен топтасып ұшатын құстар жаппай мекендейтін аумақтардың үстінен бір километрден төмен биіктікте ұшып өтуіне келісім беруді жүзеге асырады;
47) сирек кездесетіндерін және құрып кету қаупі төнгендерін қоспағанда, жануарларды интродукциялау мен будандастыруды жүргізуге, сондай-ақ жаңадан жерсіндірілген жануарларды алып қоюға рұқсат береді;
48) балықтарды жерсіндіруге және су айдындарына балық жіберуге рұқсаттар береді;
49) балықтардың сөзсіз қырылуына әкеп соғатын қырылу қаупі туындаған және су объектілерін немесе олардың бөліктерін ағымдағы балық шаруашылық мелиорациялауды жүргізу жолымен мұндай қауіпті болдырмау мүмкін болмаған жағдайларда ғылыми ұсынымдар негізінде балықтарды мелиорациялық аулау туралы шешім қабылдайды;
50) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
2010.19.03. № 258-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 51) тармақша өзгертілді
51) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, жыл сайынғы тексерулер жоспарларын әзірлейді және бекітеді;
52) осы Заңда, өзге де заңдарда, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Аумақтық бөлімшелер өз қызметін уәкілетті орган белгілеген құзыреті шегінде жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдарының құзыреті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленеді.
10-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы жергiлiктi мемлекеттік басқару органдарының құзыретi
1. Қазақстан Республикасының жергiлiктi өкiлдi органдары:
1) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөніндегі өңiрлiк бағдарламаларды бекiтедi;
2) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану мәселелерi бойынша жергiлiктi атқарушы органдар басшыларының есептерiн қарайды.
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасының жергiлiктi атқарушы органдары:
1) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөніндегі өңiрлiк бағдарламаларды әзiрлейдi және олардың iске асырылуын қамтамасыз етедi;
2) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөніндегі өздеріне ведомстволық бағыныстағы органдар мен ұйымдардың қызметiн үйлестiру мен бақылауды жүзеге асырады;
3) жергiлiктi маңызы бар балық шаруашылығы су тоғандарының тiзбесiн бекiтедi;
4) жануарлар дүниесiн пайдаланушыларға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін бекітіп беру жөнiнде шешiмдер қабылдайды;
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды
5) бекітіліп берілген балық шаруашылығы су айдындарындағы және (немесе) жергілікті маңызы бар учаскелердегі балық шаруашылығы субъектілерінің арасында балық ресурстарын және басқа да су жануарларын алып қою квоталарын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бөледі.
11-бап. Жануарлар дүниесiн мемлекеттік есепке алу, оның мемлекеттік кадастры мен мониторингi
Жануарлар дүниесiн қорғауды, өсiмiн молайтуды және пайдалануды қамтамасыз ету үшiн жануарлар дүниесi түрлерiнiң жай-күйі мен географиялық таралуы туралы, олардың саны, жүйелi байқау нәтижелерi, оларды шаруашылықтағы пайдалану көлемдерi туралы мәлiметтер жиынтығын және басқа да қажеттi деректердi құрайтын жануарлар дүниесiн мемлекеттік есепке алу, оның мемлекеттік кадастры мен мониторингi жүргiзiледi.
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен 11-1-баппен толықтырылды (2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
11-1-бап. Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік монополия
1. Бекіре тұқымдас балықтарды табиғи мекендеу ортасынан алып қою, оларды сатып алу, олардың уылдырығын және өнімінің басқа да түрлерін өңдеу және экспорттау жөніндегі қызмет мемлекеттік монополияға жатады және оны мемлекеттік кәсіпорын ғана жүзеге асырады.
2. Өнімді мемлекеттік монополия субъектісінен сатып алған жеке және заңды тұлғалар оны одан әрі қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыруға құқылы.
3. Бекіре тұқымдас балықтар кездейсоқ ауланған жағдайда тіршілік етуге қабілетті дара нұсқалары - табиғи мекендеу ортасына жіберілуге, ал тіршілік етуге қабілетсіз (өлі) дара нұсқалары Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін бағалармен өтемді негізде мемлекеттік монополия субъектісіне тапсырылуға тиіс.
4. Бекіре тұқымдас балықтарды жасанды түрде өсіру мақсатында өсімді молайту кешені мемлекеттік кәсіпорындарының, сондай-ақ ғылыми-зерттеу үшін аулау кезінде заңды тұлғалардың оларды табиғи мекендеу ортасынан алып қоюы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Мемлекеттік монополия субъектісі өткізетін өнімнің бағасын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
3-тарау. Жануарлар дүниесiн қорғау
12-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау жөніндегі негiзгi талаптар
2007.09.01. № 213-III ҚР Заңымен ; 2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Жануарлар дүниесiнiң жай-күйiне, мекендейтiн ортасына, көбею жағдайларына және жануарлардың өрiс аудару жолдарына әсер ететін немесе әсер етуі мүмкін болатын қызмет жануарлар дүниесінiң, олар мекендейтін ортаның сақталуы мен өсiмiн молайтуды және келтірілетін және келтірілген, оның ішінде болмай қоймайтын зиянды өтеудi қамтамасыз етудiң талаптары , оның ішінде экологиялық талаптар сақтала отырып жүзеге асырылуға тиiс.
2. Жануарлар дүниесiнiң жай-күйiне және олар мекендейтiн ортаға әсер ететiн немесе әсер етуi мүмкiн қызметтi жүзеге асыру кезiнде мынадай негiзгi талаптардың сақталуы қамтамасыз етiлуге тиiс:
1) жануарлар дүниесiнiң табиғи еркiндiк жағдайындағы биологиялық сан алуандығы мен үйiрлiк тұтастығын сақтау;
2) жануарлар дүниесiнiң объектiлерi мекендейтiн ортаны, олардың көбею жағдайларын, өрiс аудару жолдарын және шоғырлану орындарын сақтау;
3) жануарлар дүниесi объектiлерiн ғылыми негізделген тұрғыдан ұтымды пайдалану және олардың өсiмiн молайту;
4) табиғаттағы биологиялық тепе-теңдiктi сақтау мақсатында жануарлар дүниесi объектiлерiнiң санын реттеу;
5) жануарларды, оның iшiнде сирек кездесетiндерi мен құрып кету қаупi төнгендерiн жасанды өсiрудi қоса алғанда, кейiннен оларды мекендеу ортасына шығара отырып, жануарлар дүниесiнiң өсiмiн молайту.
3. Жануарлар дүниесiн қорғаудың, өсiмiн молайтудың және пайдаланудың мемлекеттік, салалық (секторлық) және өңiрлiк бағдарламаларын, нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу кезiнде осы баптың 2-тармағында көрсетiлген негiзгi талаптар мiндеттi түрде ескерiлуге тиiс.
13-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау
Жануарлар дүниесiн қорғау:
1) жануарлар дүниесi объектiлерiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөніндегі ережелер мен нормаларды белгiлеу және сақтау;
2) жануарлар дүниесiн пайдалануға шектеулер мен тыйым салулар белгiлеу;
3) жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiн қорғау;
4) жануарлар дүниесiн пайдаланудың белгiленген ережелерiн бұзуды болдырмау;
5) жануарлар мекендейтiн ортаны қорғауды, олардың көбею жағдайларын, өрiс аудару жолдары мен шоғырлану орындарын ұйымдастыру;
6) жануарлар дүниесiн пайдаланушыларға жануарлар дүниесi объектiлерiн қорғау жөніндегі мiндеттердi жүктей отырып, аумақтарды, акваторияларды бекітіп беру;
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен орыс тіліндегі мәтінге түзету енгізілді, қазақ тіліндегі мәтіні өзгермейді
7) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру;
8) жануарларды жасанды түрде өсiру;
9) жануарлар ауырған жағдайда, дүлей зiлзала кезiнде және басқа себептер салдарынан қырылу қаупi төнген жағдайларда оларға көмек көрсету;
10) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулердi ұйымдастыру;
11) жануарлар дүниесi объектiлерiн қорғау және орнықты пайдалану идеяларын насихаттау;
12) жеке және заңды тұлғалардың жануарлар дүниесiн қорғау жөніндегі қызметiн ынталандыру;
13) азаматтарды жануарлар дүниесiне iзгiлiктi және ұқыпты қарау рухында тәрбиелеу жолымен жүзеге асырылады.
14-бап. Жануарлар дүниесiн сақтау және өсiмiн молайту мақсатында оны пайдалануға шектеулер мен тыйым салулар белгiлеу
2011.10.01. № 383-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңмен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Жануарлар дүниесi объектiлерiн сақтау және өсiмiн молайту мақсатында:
1) жануарлар дүниесiн пайдалану мерзiмдерiн шектеу;
2) аулау әдiстерiне, тәсiлдерiне және құрал түрлерiне тыйым салу;
3) алу нормаларын өзгерту;
4) жануарлар дүниесiн пайдаланушылардың санын шектеу;
5) жануарлар әлемін пайдалану орындарын шектеу белгіленеді.
2. Шектеулер мен тыйым салулар белгiлеуге:
1) жануарлар популяциясының жыныс-жас құрылымының бұзылуы;
2) жануарлар санының азаюы;
3) мекендеу ортасының нашарлауы;
4) жануарлардың өрiс аударуы мен көбеюi кезеңiнде олар жаппай шоғырланатын жерлерде тыным алу аймақтарын құру қажеттiгi негiз болып табылады.
3. Жануарлар дүниесi объектiлерiн сақтау мақсатында:
1) өсiмдiктердi жоюға және жануарлар мекендейтiн ортаның жағдайларын нашарлататын өзге де iс-әрекеттерге;
2) жануарлар үйiрiмен мекендейтiн жерлердi периметр бойынша олардың iндерi орналасқан жерлерге жиырма метр жақындап немесе уәкiлеттi органның келісімi бойынша оларды алдын ала басқа жерге көшiрмей жыртуға;
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) уәкілетті органның рұқсатынсыз жануарлардың паналау орындары мен ұяларын бұзуға және бүлдiруге, жұмыртқаларын жинауға;
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) суда жүзетiн құстардың жаппай ұя салуы көрсетiлген және балықтардың көбеюi кезеңiнде олар уылдырық шашатын жерлерде катерлердiң, моторлы қайықтардың және басқа да жүзу құралдарының двигательдерін iске қосып жүзуге;
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) ұшақтардың, тiкұшақтардың және өзге де ұшу аппараттарының итбалықтар, тұяқты жабайы жануарлар мен топтасып ұшатын құстар жаппай мекендейтiн аумақтардың үстiнен уәкiлеттi органның келісімiнсiз бiр километрден төмен биiктiкте ұшып өтуiне;
6) жануарлардың мекендеу ортасын жоюға, жемшөптiк өсiмдiктер егiстiктерiн, қорғау екпелерiн, сортаң топырақтарды, жануарларға арналған астауларды, сiлтеме белгiлердi, аң аулау және балық аулау шаруашылығын жүргiзуге арналған құрылыстарды бүлдiруге;
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
7) сирек кездесетiн және құрып кетуi қаупi төнген жануарлар түрлерiн, олардың жұмыртқаларын Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмiнсiз алуға;
8) жануарлар дүниесi объектiлерiн белгiленген лимиттен асырып және жануарлар дүниесiн пайдалануға берiлген рұқсатта көрсетiлген мерзiмнен тыс аулауға;
9) жануарлар дүниесi объектiлерiн аң аулау мен балық аулау ережелерiнде көзделмеген жануарларды аулау құралдарының, әдiстерінің және тәсiлдерiнiң түрлерiн қолдана отырып аулауға;
10) жарылғыш құрылғыларды, улы химикаттарды қолдана отырып (дала кеміргiштерiн қыру кезiнде, сондай-ақ жануарлардың құтыруы мен басқа да ауруларының iндетi жағдайларында уәкiлеттi органның келісімi бойынша улы химикаттарды қолдануды қоспағанда) жануарлар дүниесi объектiлерiн аулауға;
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен 11) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
11) уәкiлеттi органның рұқсатынсыз жануарларды интродукциялау мен будандастыруды жүргiзуге, сондай-ақ жаңадан жерсiндiрiлген жануарларды алуға;
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен бап 12) тармақшамен толықтырылды
12) балық қыстайтын шұңқырлардың, уылдырық шашатын жерлердің, балық шаруашылығы учаскелерінің және балық аулауға тыйым салынған жерлердің шекараларын белгілейтін бағандарды, жүзбелі таным белгілерін және аншлагтарды жоюға немесе бүлдіруге тыйым салынады.
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен бап 4-тармақпен толықтырылды
4. Жануарлар дүниесі объектілерін сақтау мақсатында шектеулер мен тыйым салулар жануарлардың мекендеу ортасы ареалдарының (таралу облыстарының) географиялық, климаттық ерекшеліктері ескеріле отырып енгізіледі.
15-бап. Жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiн қорғау
1. Жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабына енгiзiледi.
2. Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабына енгiзiлген жануарлар түрлерiн қорғауды мемлекет жүзеге асырады. Жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабына енгiзiлген жануарлар түрлерiн қорғау жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi.
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгртілді (бұр.ред.қара)
3. Жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiн, оның ішінде олардың жұмыртқалары мен уылдырықтарын алуға ерекше жағдайларда Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмi бойынша оларды арнайы жасалған жағдайларда өсiру және кейiннен мекендеу ортасына шығару үшiн Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ғылыми және өзге де мақсаттарда жол берiледi.
4. Жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң қырылуына, санының азаюына немесе мекендеу ортасының бұзылуына әкеп соғатын iс-әрекеттерге жол берiлмейдi.
5. Жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерін әкiмшiлiк органының рұқсатынсыз қолда ұстауға, тасымалдауға, сатуға, сатуға шығаруға және сатып алуға, сондай-ақ оларды әкелу мен әкетуге тыйым салынады.
16-бап. Пестицидтердi (улы химикаттарды), минералдық тыңайтқыштар мен басқа да препараттарды қолдану кезiнде жануарларды қорғау
Пестицидтердi (улы химикаттарды), минералдық тыңайтқыштарды және басқа препараттарды қолдану, сақтау және тасымалдау жануарлар дүниесi мен олар мекендейтiн ортаның қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге тиiс.
Жануарлар дүниесiн қорғау мақсатында пестицидтердi (улы химикаттарды), минералдық тыңайтқыштарды және басқа препараттарды қолданудың шектеулi рұқсат етiлген нормалары белгiленедi.
17-бап. Шаруашылық және өзге де қызметтi жобалау мен жүзеге асыру кезiнде жануарлар мекендейтiн ортаны, олардың көбею жағдайларын, өрiс аудару жолдарын және шоғырланған жерлерiн сақтау жөніндегі iс-шаралар
1. Елдi мекендердi, кәсiпорындарды, құрылыстар мен басқа да объектiлердi орналастыру, жобалау және салу, өндiрiстiк процестердi жүзеге асыру мен көлiк құралдарын пайдалану, қолданыстағы технологиялық процестердi жетiлдiру және олардың жаңаларын енгізу, пайдаланылмаған, жағалау маңындағы, батпақты, бұта басқан аумақтарды шаруашылық айналымына енгізу, жердi мелиорациялау, орман ресурстарын және су объектiлерiн пайдалану, геологиялық-барлау жұмыстарын жүргiзу, пайдалы қазбаларды өндiру, ауыл шаруашылығы жануарлары жайылатын және оларды айдап өтетiн жерлердi белгiлеу, туристiк маршруттар әзiрлеу мен халықтың жаппай демалатын орындарын ұйымдастыру кезiнде жануарлар дүниесi объектiлерi мекендейтiн ортаны және олардың көбею жағдайларын, жануарлардың өрiс аудару жолдары мен шоғырланған жерлерiн сақтау жөніндегі iс-шаралар көзделуге және жүзеге асырылуға, сондай-ақ жабайы жануарлар мекендейтiн орта ретiнде ерекше құнды болып табылатын учаскелерге ешкiмнiң қол сұқпауы қамтамасыз етiлуге тиiс.
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгртілді (бұр.ред.қара)
2. Темір жол, тас жол, құбыр тарту және басқа көлiк магистральдарын, электр беру және байланыс желiлерiн, арналарды, бөгеттердi және өзге де су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану, орналастыру, жобалау және салу кезiнде жануарлар мекендейтiн ортаны, олардың көбею жағдайларын, өрiс аудару жолдары мен шоғырланған жерлерiн сақтауды қамтамасыз ететiн іс-шаралар әзiрленiп, жүзеге асырылуға тиiс.