1. Қазақстан Республикасының аумағына (аумағынан) кіру (шығу), халықаралық қатынастағы жолаушылар мен жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын шетелдік автокөлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағы бойынша транзиті рұқсат беру құжаты - жүруге берілген рұқсат негізінде жүргізіледі.
2. Егер шетелдік автокөлік құралы тіркелген мемлекетпен Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес халықаралық автомобиль тасымалдары саласында рұқсатсыз жүйе қолданылса, осы шетелдік автокөлік құралының Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жүріп-тұруы Қазақстан Республикасының аумағына кірген кезде көліктік бақылау посттарында берілетін шетелдік автокөлік құралының Қазақстан Республикасының аумағына кіруін тіркеу талоны негізінде жүзеге асырылады.
3. Үшінші елдің аумағындағы шығу пунктінен Қазақстан Республикасының аумағындағы бару пунктіне дейін немесе Қазақстан Республикасының аумағындағы шығу пунктінен үшінші елдің аумағындағы бару пунктіне дейін жолаушыларды және (немесе) жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын шетелдік автокөлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жүріп-тұруына рұқсат беру құжаты - шетелдік тасымалдаушылардың үшінші елден Қазақстан Республикасының аумағына немесе Қазақстан Республикасының аумағынан үшінші елге тасымалдауды орындауға берілген рұқсат негізінде жол беріледі.
4. Уәкілетті орган шетелдік мемлекеттердің құзыретті органдарымен рұқсат беру құжаттарының бланкілерімен тепе-тең айырбас жүргізуі мүмкін.
2008.10.12. № 101-IV ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Халықаралық қатынаста Қазақстан Республикасының аумағы бойынша транзитпен тасымалдауды жүзеге асыратын шетелдік тасымалдаушы Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жүріп-тұруға рұқсат сұраған жағдайда уәкілетті орган оған Қазақстан Республикасының Салық кодексінде белгілеген ставкалар бойынша Қазақстан Республикасының аумағы бойынша автокөлік құралдарының жүріп-тұрғаны үшін алым сомасы төленгеннен кейін мұндай рұқсатты береді.
Қазақстан Республикасының аумағы бойынша транзиттік рейстен кері бағытта қайтып бара жатқан шетелдік жүк автокөлік құралы Қазақстан Республикасының аумағында жолшыбай тиелген кезде Қазақстан Республикасының аумағынан шығу құқығын куәландыру үшін Қазақстан Республикасының Салық кодексінде белгілеген ставкалар бойынша Қазақстан Республикасының аумағы бойынша автокөлік құралдарының жүріп-тұрғаны үшін алым сомасы төленгеннен кейін уәкілетті орган беретін жүріп-тұруға қосымша рұқсаттың болуы қажет.
19-9-бап. Қазақстан Республикасының аумағы бойынша шетелдік автокөлік құралдарының жүріп-түру тәртібi
1. Қазақстан Республикасы мен шетелдік мемлекеттер арасындағы жүктердің, жолаушылардың және багаждың халықаралық автомобиль тасымалы халықаралық автомобиль өткізу пункттері арқылы жүзеге асырылуға тиіс.
Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру үшін қажетті рұқсат беру және басқа да құжаттар автокөлік құралдарының жүргізушілерінде болуға және уәкілетті мемлекеттік органның лауазымды адамдарының талабы бойынша көрсетілуге тиіс.
2. Шетелдік автокөлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан екі пункт арасында жолаушылар мен жүктерді тасуына жол берілмейді.
Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жолаушыларды транзиттік тасымалдауды жүзеге асыратын шетелдік автокөлік құралдарына Қазақстан Республикасының аумағында жолаушыларды отырғызуды және (немесе) түсіруді жүргізуге тыйым салынады.
Халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыратын тасымалдаушылар өз мемлекетінің тіркеу және айыру белгілері бар автокөлік құралдарын пайдалануы тиіс.
Бұл ретте тіркемелерде немесе жартылай тіркемелерде басқа мемлекеттік тіркеу және айырма белгісі болуы мүмкін.
19-10-бап. Отандық автокөлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағынан шығу және оларға шетелдік рұқсаттарды беру тәртібi
2008.10.12. № 101-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Отандық автокөлік құралдары рұқсат беру бланкілерімен алмасу жүргізілген шетелдік мемлекеттерге барған жағдайда тасымалдаушы бұрын берілген өтінімдер негізінде Қазақстан Республикасының Салық кодексінде белгілеген ставкалар бойынша Қазақстан Республикасының аумағы бойынша автокөлік құралдарының жүріп-тұрғаны үшін алым сомасы төленгеннен кейін уәкілетті орган беретін тиісті шетелдік рұқсат беру құжаттарын ала алады.
Әрбір автокөлік құралына жеке рұқсат беру құжаты беріледі.
2. Пайдаланылған шетелдік рұқсат беру құжаттары бұрын оларды берген органға қайтарылуға жатады.
3. Тасымалдаушының оған берілген шетелдік рұқсат беру құжаттарын басқа тасымалдаушыға беруіне жол берілмейді.
Егер бөлінген шетелдік рұқсат беру құжаттарының саны тасымалдаушылар берген өтінімдердің жалпы санынан аз болған жағдайда шетелдік рұқсат беру құжаттарының бланкілерін тасымалдаушылар арасында бөлу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
Отандық тасымалдаушыларға мәлімденгеннен тыс шетелдік рұқсат беру құжаттарын беру басқа отандық тасымалдаушылар өздері мәлімдеген шетелдік рұқсат беру құжаттарының осы түрінен бас тартқан жағдайда жүргізілуі мүмкін.
Отандық тасымалдаушылардың жолаушыларды және багажды тұрақты халықаралық тасымалдауына рұқсат беру құжаттарын беру Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
19-11-бап. Қазақстан Республикасының аумағы бойынша отандық және шетелдік ірі көлемді және (немесе) ауыр салмақты автокөлік құралдарының жүріп-тұруына арналған арнайы рұқсаттарды беру тәртібi
1. Қазақстан Республикасының аумағы бойынша отандық және шетелдік ірі көлемді және (немесе) ауыр салмақты автокөлік құралдарының жүріп-тұруына рұқсат беру құжатының - ауыр салмақты және (немесе) ірі көлемді автокөлік құралдарының жүріп-тұруына берілген арнайы рұқсаттың (бұдан әрі - арнайы рұқсат) негізінде жүзеге асырылады.
2008.10.12. № 101-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Арнайы рұқсатты уәкілетті орган жүру маршрутын белгілегеннен және Қазақстан Республикасының Салық кодексінде белгілеген ставкалар бойынша Қазақстан Республикасының аумағы бойынша автокөлік құралдарының жүріп-тұрғаны үшін алым сомасы төленгеннен кейін береді.
3. Егер жүгі бар немесе жүксіз автокөлік құралы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген Қазақстан Республикасының автомобиль жолдары бойынша жүруге арналған автокөлік құралдарының рұқсат етілген өлшемдерінен көлемі, салмағы және (немесе) осьтік жүктемесі бойынша артық болса, арнайы рұқсат осы автокөлік құралы бөлінбейтін, мақсатын өзгертпей, тым көп шығындарсыз немесе олардың бұзылу қаупінсіз екі немесе одан да көп бөліктерге бөлуге келмейтін жүктерді тасымалдаған жағдайда ғана беріледі.
Бөлінетін жүгі бар ірі көлемді және (немесе) ауыр салмақты автокөлік құралының жүріп-тұруы айқындалған жағдайда оны тасымалдаушы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген Қазақстан Республикасының автомобиль жолдары бойынша қозғалуға арналған автокөлік құралдарының рұқсат етілген өлшемдеріне сәйкес келтіру үшін автокөлік құралынан жүкті түсіргенде және маршруттың нақты жүріп өтілген бөлігі үшін ірі көлемді және ауыр салмақты көлік құралының жүріп-тұрғаны үшін алым сомасын төленгенде тасымал арнайы рұқсат берілмей жаңғыртылуы мүмкін.
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 2-2-тараумен толықтырылды
2-2-тарау. Автомобиль көлігі саласындағы қауіпсіздіктің жалпы талаптары
19-12-бап. Жалпы ережелер
1. Автомобиль көлігі саласындағы техникалық реттеу объектілері:
автомобиль көлігі болып табылады, оған:
1) автобустар;
2) шағын автобустар;
3) жеңіл автомобильдер;
4) жүк автомобильдері;
5) автомобиль тіркемелері;
6) ершікті тартқыштарға жартылай тіркемелер;
7) арнайы бейімделген автомобильдер (жүктердің белгілі бір түрлерін тасымалдауға арналған);
8) арнаулы автомобильдер (әр түрлі, көбінесе көлікке арналмаған жұмыстарды орындайтын);
9) автомобиль көлігін жобалау;
10) автомобиль көлігін шығару (жөндеу);
11) автомобиль көлігін тасымалдау және сақтау;
12) автомобиль көлігін кәдеге жарату және жою кіреді.
2. Автокөлік құралдары адам өмірі мен денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келтіретін болса немесе оларды тиісті дәрежеде орнату, қызмет көрсету және пайдалану кезінде солардың қауіпсіздігі мен функционалдық мақсатына қатысты тұтынушыларды жаңылыстыратын болса, нарықта сатылмауға және пайдаланылмауға тиіс.
3. Қазақстан Республикасының нарығында сәйкестігі расталуға тиіс автомобиль көлігін орналастыратын тұлға осы Заңның және техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестікті растау үшін шаралар қабылдауға міндетті.
4. Қазақстан Республикасының нарығында автомобиль көлігін орналастыратын тұлға:
1) тұтынушының ықтимал тәуекелдерді бағалауы және тиісті қауіпсіздік шараларын қабылдауы үшін қажетті пайдалану құжаттамасын және басқа да ақпаратты мемлекеттік тілде және орыс тілінде ұсынуға;
2) автомобиль көлігін сату кезінде таңдау бақылауын жүргізуге, тұтынушылардың шағымдарын тексеруге;
3) автомобиль көлігінің адам өмірі мен денсаулығына зиян келтіру тәуекелі болғанда, пайдаланушыны уақтылы және тиімді ескерту, сондай-ақ автомобиль көлігін қайтарып жіберетіндей қажетті іс-шаралар жүргізу мүмкіндігін қамтамасыз етуге;
4) таратылып қойған автомобиль көлігінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуы туралы және мұндай бұзушылықтарды жою жөніндегі өзі қабылдаған шаралар туралы тиісті мемлекеттік бақылау органдарына дереу хабарлауға;
5) шығарушыдан, уәкілетті өкілден, импорттаушыдан, пайдаланушыдан немесе мемлекеттік бақылау органдарынан автомобиль көлігінің осы Заңның және техникалық регламенттердің белгіленген талаптарына сәйкес келмеуі туралы ақпарат алынған болса, автомобиль көлігін сатпауға міндетті.
5. Автомобиль көлігінде қажетті ескерту жазбалары немесе қауіптілік және қауіпсіз пайдалану шарттары туралы белгілер болуға тиіс.
6. Пайдалану құжаттамасындағы қауіпсіздік талаптары осы Заңда және техникалық регламенттерде белгіленген талаптардан төмен болмауға тиіс.
19-13-бап. Автокөлік құралдарын жобалау кезіндегі қауіпсіздік талаптары
1. Автокөлік құралдарын жобалау кезінде өмірлік циклдің барлық сатыларындағы, оның ішінде қалыпты пайдалану, төтенше жағдайлар (бұзылулар мен сыртқы әсерлер), персоналдың болжамды қателері және пайдалануға болмайтын кезіндегі бүкіл ықтимал қауіптер сәйкестендірілуге тиіс.
2. Пайдалану (қолдану) жөніндегі нұсқауды (нұсқаманы) және паспортты (немесе формулярды) әзірлеу автокөлік құралдарын жобалаудың ажырамас бөлігі болып табылады.
19-14-бап. Автокөлік құралдарын шығару кезіндегі қауіпсіздік талаптары
1. Шығару кезінде автокөлік құралдарының дайындалуы жобалық құжаттаманың, осы Заңның, техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестігі қамтамасыз етілуі қажет.
2. Автокөлік құралдарын шығару кезінде дайындаушы жобалық құжаттамада айқындалған қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі барлық іс-шаралар кешенін орындауға және қауіпсіздікке байланысты барлық технологиялық операциялардың орындалуын бақылау мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.
3. Егер автокөлік құралдарын дайындау процесінде немесе одан кейін қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін сынақтар жүргізу қажет болса, онда олар жобалық құжаттаманың барлық талаптары орындала отырып, толық көлемде жүргізілуге тиіс.
4. Автокөлік құралдарын шығару кезінде жобалық құжаттамадан ауытқу жобалаушымен келісіледі және ол техникалық регламенттерде белгіленген жол берілетін тәуекелден аспауға тиіс.
19-15-бап. Автокөлік құралдарын тасымалдау және сақтау кезіндегі қауіпсіздік талаптары
1. Автокөлік құралдарын тасымалдау және сақтау процесінде олардың сақталуын, олардың қауіпсіздігі көзделетін техникалық сипаттамаларды сақтауды қамтамасыз етуге қойылатын барлық қажетті талаптар, оның ішінде консервациялауға, тасымалдау және сақтау жағдайларына қойылатын талаптар, белгіленген сақтау мерзімдері, жай-күйін қайта куәландыру, сақтау мерзімі аяқталған жеке элементтерді, бөлшектерді, тораптарды ауыстыру мерзімдері бойынша нұсқаулар автокөлік құралдарына арналған техникалық құжаттамада жазылуға тиіс.
2. Автокөлік құралдарын, олардың тораптары мен бөлшектерін тасымалдау және сақтау жобалаушы қарастырған және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген барлық қауіпсіздік талаптары ескеріле отырып жүргізіледі.
3. Консервациялау үшін қолданылатын материалдар мен заттар қауіпсіз болуға тиіс.
19-16-бап. Автокөлік құралдарын кәдеге жарату және жою кезіндегі қауіпсіздік талаптары
Жеке және заңды тұлғалар автокөлік құралдарын кәдеге жаратуды, жоюды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мынадай талаптардың сақталуын ескере отырып қамтамасыз етеді:
1) автокөлік құралдарын пайдалану тоқтатылғаннан кейін оларды пайдалану мүмкіндігін болдырмау шаралары қабылдануға тиіс;
2) пайдалану процесінде уытты заттармен, радиоактивті аэрозольдармен ластанған автокөлік құралдары оларды кәдеге жарату, жою кезінде қолданылатын зиянды заттардың уыттылығына, физика-химиялық қасиеттеріне қарай арнайы ерітінділермен (әдістермен) залалсыздандыру жөніндегі міндетті өңдеуден өткізілуге тиіс;
3) автокөлік құралдарын кәдеге жаратудың және жоюдың барлық кезеңін өткізетін персоналдың қажетті біліктілігі болуға, олар тиісті оқудан өтуге және еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтауға тиіс.
3-тарау. Жолаушыларды және багажды автомобильмен тасымалдау
20-бап. Жолаушының құқықтары мен мiндеттерi
1. Жолаушының:
1) Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңдарында көзделген тәртiппен кез келген автобуспен және таксимен жол жүруге;
2) жол жүру құжатын (билетiн) сатып алуға;
3) сатып алған жол жүру құжатына (билетiне) сәйкес орын алуға;
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) егер ол жеке орын алмаса, өзiмен бірге жеті жасқа дейiнгi бір баланы тегін, не таксиден басқа көлікте, он бес жасқа дейiнгi балаларды оларға жеке орын беріп, елу пайыз мөлшерде жол ақысын төлеп, алып жүруге;
5) Қазақстан Республикасының тасымалдаушылары жүзеге асыратын халықаралық тасымалдарда 5 жастан 12 жасқа дейiнгi балаларға жол жүру құжатының (билетiнiң) толық құнының елу процентiн төлеп, жол жүру құжаттарын (билеттерiн) сатып алуға;
6) 7 жастан 15 жасқа дейiнгi балаларға жол жүру құжатының (билетiнiң) толық құнының елу процентiн төлеп, жол жүру құжаттарын (билеттерiн) сатып алуға;
7) егер тасымалдаушы кестеде көзделген автобустың орнына жүру ақысы қымбаттау басқа автобус ұсынса, үстемеақы төлемей, сатып алынған жол жүру құжаты (билетi) бойынша жол жүруге;
8) жол жүру құжатын (билетiн) тасымалдау басталғанға дейiн өткізуге және көзделген алымдар шегерiле отырып, тасымалдауға төленген соманы керi қайтарып алуға;
9) егер ол тасымалдаушыны автобус жөнелтiлгенге дейiн үш сағаттан кешiктiрмей хабардар етсе және тасымалдаушы, автовокзал немесе автостанция жолаушының жол жүру құжатын (билетiн) сатып алу фактiсiн растаса, жоғалған жол жүру құжатын (билетiн) қалпына келтiруге;
10) Автомобиль көлiгiмен жолаушылар және багаж тасымалдау ережелерiнде белгiленген нормалар шегiнде қол жүгiн өзiмен бірге тегiн алып жүруге;
11) тариф бойынша ақы төлеп багажды тасымалдауға өткізуге;
12) тасымалдауға тапсыру кезiнде багаждың құндылығын жариялауға;
13) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тасымалдау сапасы деңгейiнiң оның сертификатына сәйкестiгiне дауласуға құқығы бар.
Жолаушының Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де құқықтары бар.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Жолаушы:
1) жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау маршруттарында жол жүру кезiнде жол жүру құжаты (билетi) болуға және оны сапар аяқталғанға дейiн сақтауға;
2) қоғамдық тәртiптi, Автомобиль көлiгiмен жолаушылар және багаж тасымалдау ережелерiнде белгiленген талаптарды сақтауға;
3) егер шартта өзгеше көзделмесе, құндылығы жарияланған багажды тасымалдау кезiнде тасымалдаушының көрсеткен қызметтерiне ақы төлеуге мiндеттi.
Жолаушы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де мiндеттер атқарады.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 21-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
21-бап. Жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру
1. Егер:
1) автомобиль жолдарының өткізу қабiлетi белгiлi бір маршруттар бойынша автобустардың, шағын автобустардың тұрақты жүрісін жүзеге асыруға мүмкiндiк берсе;
2) автомобиль жолдарының жай-күйi және жайластырылуы жол жүрiсi қауiпсiздiгiнiң талаптарына сәйкес келсе, жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау ұйымдастырылуы мүмкiн.
2. Халықаралық тасымалдауларды қоспағанда, жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауды жолаушылар мен багаждың аталған тасымалдау маршруттарына қызмет көрсету құқығын конкурста жеңiп алған және тасымалдаушылар мен тиiстi жергiлiктi атқарушы органдар арасында жасалатын шарттар негiзiнде оларға қызмет көрсету құқығына куәлiк алған тасымалдаушылар жүзеге асырады.
Жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастырудың үлгі шартын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Тасымалдаудың аталған түрлерiн куәлiксiз жүзеге асыруға жол берiлмейдi.
3. Жолаушылар мен багажды автомобильмен республикаішілік тұрақты тасымалдау маршруттары тасымалдаушылар арасында конкурстық негiзде бөлiнедi. Конкурсқа жеке маршрут та, бір лотпен бірнеше маршрут та қойылуы мүмкiн.
4. Жолаушылар мен багажды тұрақты қалааралық, облысаралық, ауданаралық (облысiшiлiк қалааралық), ауданішілік және халықаралық тасымалдау тасымалдаушылардың және автовокзалдар немесе автостанциялар әкiмшiлiктерінің арасында жасалатын шарттар негiзiнде тек қана автовокзалдардан немесе автостанциялардан жүзеге асырылады.
Автовокзалдар мен автостанциялардың осы қызмет түрiне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен рұқсат берілген жолаушылар мен багажды тасымалдаушылармен шарт жасасудан бас тартуға құқығы жоқ.
5. Жолаушылар мен багажды автомобильмен тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушылар автобустарды, шағын автобустарды рейс алдында (ауысым алдында) техникалық тексерудi және ақауы болған жағдайда оларды уақтылы ауыстыруды қамтамасыз етуге мiндеттi.
6. Егер жолаушылар мен багажды тасымалдау маршрутына қызмет көрсету құқығына бір ғана қатысушының өтінімі берілсе, онда конкурс өткізілмеді деп танылады. Егер конкурсты қайта өткізу кезінде осы маршрутқа бір қатысушының өтінімі берілсе, онда конкурс талаптарына сай келген жағдайда, онымен шарт жасалады.
7. Маршрутқа (маршруттарға) қызмет көрсету құқығын үшінші тарапқа беруге жол берілмейді.
22-бап. Тасымалдаушының құқықтары мен мiндеттерi
1. Тасымалдаушының:
1) өз құқықтары мен мүдделерiн қорғау мақсатында қоғамдық бірлестiктердi, сондай-ақ заңды тұлғалардың қауымдастықтар (одақтар) нысанындағы бірлестiктерiн құруға;
2) қауiпсiздiк және гигиена талаптарына сай тынығуға және еңбек жағдайына;
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) жолаушылардың қоғамдық тәртiптi және Жолаушылар мен багажды автомобиль көлігімен тасымалдау қағидасын сақтауын талап етуге;
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды
4) жүк көлігі құралдарын өлшеудің халықаралық сертификатын алуға құқығы бар.
2. Жолаушылардың және багаждың тұрақты автомобиль тасымалдарын жүзеге асыратын тасымалдаушы:
1) автокөлiк құралдарының техникалық жарамды күйiн қамтамасыз етуге және белгiленген техникалық, экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға және өрт қауiпсiздiгi талаптарына жай-күйi сай емес автокөлiк құралының маршрутқа шығуына жол бермеуге;
2) автокөлiк құралдары жүргiзушiлерiне алдын ала және кезеңiмен, соның iшiнде рейс алдындағы (ауысым алдындағы) медициналық тексеру жүргiзiлуiн, еңбек және тынығу режимi сақталуын қамтамасыз етуге;
3) жолаушының қауiпсiздiгiн, оған қажеттi қызмет ету жайлылығы және шарттары жасалуын қамтамасыз етуге;
4) багаждың уақтылы тасымалын және сақталуын қамтамасыз етуге;
5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтардың жекелеген санаттарын ақысыз тасымалдауды жүзеге асыруға немесе оларға жол ақысы бойынша өзге де жеңiлдiктер беруге;
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
6) жолаушылардың және багаждың тұрақты автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру кезiнде - автовокзалдар, автостанциялар кассалары немесе автобустардың, шағын автобустардың жүргiзушiлерi (кондукторлары) арқылы жол құжаттарын (билеттер) және багаж түбіртектерiн сатуды қамтамасыз етуге;
7) жолаушылар және багаж тасымалының тарифтерiн жариялауға, оларды шарттарда, жол құжатында (билетте) және багаж түбіртегiнде тiркеуге;
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
8) жарияланған тарифтердi сақтауға және тарифтердiң алдағы өзгеруi туралы жолаушыларды күнi бұрын хабардар етуге;
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 9) тармақшамен толықтырылды
9) тасымалдауларды жүзеге асыру қауіпсіздігі үшін жауапты тұлғаны белгілеуге мiндеттi.
3. Жолаушылардың және багаждың тұрақты емес автомобиль тасымалдарын (таксиден басқа) жүзеге асыратын тасымалдаушы:
1) осы баптың 2-тармағының 1)-4) тармақшаларында аталған талаптардың орындалуын қамтамасыз етуге;
2) рейс алдындағы (ауысым алдындағы) медициналық тексеруден және автокөлiк құралының техникалық байқаудан өткенi туралы белгiсi бар борт журналы болуға;
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) жолаушылардың қауіпсіз отырғызылуы мен түсірілуін қамтамасыз етуге міндетті.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 23-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
23-бап. Жолаушыларды және багажды қалааралық республикаішілік автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру шартының талаптары
1. Жолаушыларды және багажды қалааралық облысаралық, республикаішілік автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру шартында:
1) тариф;
2) жол жүру құжаттарын (билеттер) сату тәртібі мен орны, олардың жолаушыларда болуын бақылауды жүзеге асыру;
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 3) тармақша өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
3) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары белгiлеген тариф тасымалдау шығындарын жаппаса, сондай-ақ жолаушылар мен багажды жеңiлдiк жағдайларымен немесе тегiн тасымалдау үшiн тасымалдаушыға өтем төлеу мөлшерi мен мерзiмдерi;
4) маршрутта пайдаланылатын автобустардың, шағын автобустардың қозғалыс кестесi, типi (класы) және саны;
5) тараптардың шарт бойынша мiндеттемелердi орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн жауапкершiлiгi;
6) шарттың қолданыста болуының кемiнде үш жыл болатын ең аз мерзiмi көзделуге тиiс.
2. Қазақстан Республикасының заң актілерінде жолаушыларды және багажды қалааралық республикаішілік автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру шартының өзге де мiндеттi талаптары белгiленуi мүмкiн.
3. Жергiлiктi атқарушы органдар жолаушыларды және багажды қалааралық республикаішілік автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру шарты бойынша:
1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жолаушыларды отырғызудың және түсiрудiң белгiленген пункттерiн ресiмдеудi және күтiп-ұстауды қамтамасыз етуге;
2) автобустардың, шағын автобустардың белгiленген қозғалыс кестесiнiң сақталуын бақылауды жүзеге асыруға мiндеттi.
4. Тасымалдаушы жолаушыларды және багажды қалааралық республикаішілік автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру шарты бойынша:
1) тасымал үшiн автобустардың, шағын автобустардың шартта көзделген санын және типiн (класын) пайдалануға;
2) қозғалыс кестесiн сақтауға;
3) жол жүргенде автокөлiк құралының тиiсiнше жарақталуын және жолаушыларға сервистiк қызмет көрсетiлуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
Тасымалдаушы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де мiндеттердi атқарады.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 24-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
24-бап. Жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты емес тасымалдауды жүзеге асыру
1. Жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты емес тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушылардың автовокзалдар (автостанциялар) аумағынан және жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау маршруттары бойынша жолаушылар отырғызуына тыйым салынады.