2009.24.07. № 190-IV ҚР Заңымен 5-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің ветеринария саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасы Үкіметінің ветеринария саласындағы құзыретіне:
1) ветеринария саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу;
2) уәкілетті органның ұсынуы бойынша жануарлардың аса қауіпті ауруларының профилактикасы мен диагностикасы жөніндегі бағдарламаларды бекіту;
3) ветеринария саласындағы нормативтік құқықтық актілерді қабылдау немесе бекіту;
4) ветеринария саласындағы техникалық регламенттерді бекіту;
5) уәкілетті органның ұсынуы бойынша профилактикасы, диагностикасы және жойылуы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жануарлардың аса қауіпті ауруларының тізбесін бекіту;
6) кейіннен өткізуге арналған ауыл шаруашылығы жануарларын союды ұйымдастыру тәртібін бекіту;
7) жануарлар мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін, алып қойылатын және жойылатын ауру жануарлардың, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың құнын өтеу тәртібі мен шарттарын белгілеу;
8) шетел мемлекеттерімен және халықаралық ұйымдармен ветеринария саласындағы ынтымақтастық;
9) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру тәртібін бекіту;
10) жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілеріне, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарға есептік нөмірлер беру тәртібін бекіту;
11) ветеринария саласындағы қызметті лицензиялаудың біліктілік талаптары мен ережелерін бекіту;
12) ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдардың бөлімшелері туралы үлгі ережені бекіту кіреді.
2009.24.07. № 190-IV ҚР Заңымен 6-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
6-бап. Қазақстан Республикасының ветеринария жүйесi
Қазақстан Республикасының ветеринария жүйесіне:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі;
1-1) уәкілетті орган;
2) мемлекеттік органдардың ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын бөлімшелері;
3) мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар;
4) ветеринария саласында кәсіпкерлік қызметпен шұғылданатын жеке және заңды тұлғалар кіреді.
2009.24.07. № 190-IV ҚР Заңымен 7-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7-бап. Ветеринария саласындағы мемлекеттік басқару органдары
1. Ветеринария саласындағы мемлекеттік басқару органдарына аумақтық бөлімшелері, оның ішінде ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау бекеттері бар, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын оның ведомствосын қоса алғанда, уәкілетті орган жатады.
2. Уәкілетті органның басшысы ведомствоның басшысына «Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы» деген арнайы атау беруге құқылы.
Ведомствоның басшысы «Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының орынбасары» деген арнайы атаулар беруге, ал аумақтық ведомство бөлімшелерінің мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің тиісті лауазымдарына «бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектор» және «бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектордың орынбасары» деген арнайы атаулар беруге құқылы.
Мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды тікелей жүзеге асыратын ведомствоның өзге де лауазымды адамдары мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар болып табылады.
2009.24.07. № 190-IV ҚР Заңымен 8-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті органның құзыретіне:
1) ветеринария саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты жүргізу;
2) жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын сақтауына мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;
3) жануарлардың аса қауіпті ауруларының профилактикасы мен диагностикасы жөніндегі бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру;
4) профилактикасы, диагностикасы және жойылуы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жануарлардың аса қауіпті ауруларының тізбесін әзірлеу;
5) облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органының ұсынуы бойынша профилактикасы мен диагностикасы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жануарлардың энзоотиялық ауруларының тізбесін бекіту;
6) жануарлардың аса қауіпті ауруларының профилактикасы, диагностикасы және оларды жою жөніндегі ветеринариялық іс-шараларды бекіту, ұйымдастыру және қамтамасыз ету;
7) Қазақстан Республикасының аумағын басқа мемлекеттерден жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының әкелінуі мен таралуынан қорғауды ұйымдастыру;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ветеринариялық препараттарды және оларды сақтау, тасымалдау (жеткізу) және пайдалану жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ветеринариялық іс-шараларды, ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) ережелер мен нормаларды, бірдейлендіру есебін, ветеринариялық есеп пен есептілікті жүргізу, оларды табыс ету тәртібін қоса алғанда, ветеринариялық есеп пен есептілік нысандарын, сондай-ақ ветеринария саласындағы басқа да нормативтік құқықтық актілерді бекіту;
10) ветеринария саласындағы қызметті лицензиялаудың біліктілік талаптары мен ережелерінің жобаларын әзірлеу;
11) ветеринариялық ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру және ветеринария саласындағы мамандарды қайта даярлау;
12) жануарлар аурулары бойынша эпизоотиялық мониторинг жүргізу, эпизоотия ошақтары пайда болған жағдайда оларды зерттеу;
13) ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын, аспаптарды, құрал-саймандарды байқаудан өткізуді, бақылауды, оларды тіркеу сынақтарын жүзеге асыру, сондай-ақ ветеринариялық препараттардың, жемшөп пен жемшөп қоспаларының мемлекеттік тізілімін жүргізу;
14) жаңа ветеринариялық препараттарға, жемшөп пен жемшөп қоспаларына, аспаптарға, құрал-саймандарға қорытындылар беру;
15) жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерін, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарды пайдалануға қабылдайтын мемлекеттік комиссияларға қатысу;
16) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ветеринария саласындағы халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасының атынан өкілдік ету, сондай-ақ олармен ынтымақтастықты ұйымдастыру;
17) басқа елдердің ветеринариялық-санитариялық шараларының, егер бұл шаралар Қазақстан Республикасының аумағындағы салауаттылықтың тиісті деңгейін қамтамасыз ететін болса, баламалылығын тану;
18) экспорттаушы елдің ғылыми негіздемесі жеткіліксіз болған жағдайда, халықаралық ұйымдардан алынған ақпаратты қоса алғанда, қолда бар тиісті ақпараттың негізінде уақытша ветеринариялық-санитариялық шараларды енгізу;
19) ауру таралмаған немесе ауру аз таралған аумақты немесе оның бөліктерін айқындау, осы аумақтардан экспортталатын орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерге мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру, импортталатын елге растауды беру және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда, оның өкілдерінің осы аумақтарда инспекция жүргізуге қол жеткізуін қамтамасыз ету;
20) жеткілікті ғылыми негіздемеге негізделген және жануарлар мен адам өміріне және денсаулығына тигізетін салдарлары ескерілген, сондай-ақ халықаралық талаптарға сай келетін ветеринариялық нормативтерді бекіту;
21) ветеринария саласында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларды аттестаттау ережелерін бекіту ;
22) ветеринария саласындағы техникалық регламенттерді әзірлеу;
23) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен техникалық регламенттерде белгіленген талаптардың орындалуын мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау;
24) аумақты аймақтарға бөлу тәртібін айқындау;
25) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар жоспарын келісу;
26) ветеринариялық препараттардың республикалық қорын қалыптастыру, пайдалану және оларды есептен шығару тәртібі мен нормативін бекіту;
27) ветеринариялық препараттардың республикалық қорын мемлекеттік сатып алуды, сақтауды, пайдалануды және оларды есептен шығаруды ұйымдастыру;
28) ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын пайдалану кезінде оларды есептен шығару, сондай-ақ оларды сақтау мерзімдері өткеннен кейін жою немесе зертханалық зерттеу нәтижелері бойынша мақсатына қарай пайдалануға жарамсыз деп тану тәртібі мен нормативін бекіту;
29) Қазақстан Республикасының аумағында орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдауды (орнын ауыстыруды) жүзеге асыру тәртібін айқындау;
30) тиісті аумақтағы эпизоотиялық жағдайды бағалауды ескере отырып, орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің экспортына, импортына және транзитіне рұқсат беру тәртібін бекіту;
31) мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау жүргізу және қадағалау туралы және орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің импортына рұқсат беретін ұйымдарды айқындау туралы шешім шығару;
32) жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілеріне, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарға есептік нөмірлер беру тәртібін әзірлеу және беру;
33) ұйымдарда ветеринария саласында пайдаланылатын жануарлар ауруларын қоздырушылары штаммдарының пайдаланылуына, тасымалдануына (жеткізілуіне), сақталуына және жойылуына мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;
34) орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің сынамасын іріктеу тәртібін айқындау;
35) ветеринариялық іс-шараларды жүзеге асыру жөніндегі ұсынымдар мен әдістемелік нұсқауларды келісу;
36) мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілерін ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту;
37) ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдардың бөлімшелері туралы үлгі ережені әзірлеу;
38) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру тәртібін әзірлеу;
39) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі деректер базасын қалыптастыру және жүргізу ережелерін бекіту;
40) жануарлар мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін, алып қойылатын және жойылатын ауру жануарлардың, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың құнын иелеріне өтеу;
41) жеке және заңды тұлғаларға экспорттау, импорттау және транзиттеу еліндегі эпизоотиялық жағдай туралы ақпарат беру;
42) кейіннен өткізуге арналған ауыл шаруашылығы жануарларын союды ұйымдастыру тәртібін әзірлеу кіреді.
2009.24.07. № 190-IV ҚР Заңымен 9-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9-бап. Ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың бөлімшелері
1. Мыналар:
1) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың), аудандық маңызы бар қалалардың, кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдарының бөлімшелері;
2) жануарларды ұстайтын және пайдаланатын мемлекеттік органдардың бөлімшелері ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың бөлімшелері болып табылады.
2. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың), аудандық маңызы бар қалалардың, кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің жергілікті атқарушы органдарының бөлімшелері ветеринария саласындағы қызметті осы Заңға сәйкес жүзеге асырады.
3. Жануарларды ұстайтын және пайдаланатын мемлекеттік органдар ветеринария саласындағы мынадай қызметті:
1) тиісті мемлекеттік органдарға тиесілі жануарлар ауруларының профилактикасы мен диагностикасын, оларды емдеуді;
2) тиісті мемлекеттік органдарға тиесілі мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілеріне мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бөлімшелер құра алады.
4. Мемлекеттік органдардың осы баптың 3-тармағында көрсетілген бөлімшелері Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын басшылыққа алады.
5. Ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың бөлімшелері ветеринариялық есеп пен есептілікті жүргізеді және оларды Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен табыс етеді.
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 10-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 10-бап өзгертілді (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2009.24.07. № 190-IV ҚР Заңымен 10-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2011.24.03. № 420-IV ҚР Заңымен 10-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
10-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының құзыреті
1. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарының құзыретіне:
1) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен бірлесе отырып, халық денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғауды ұйымдастыру және өзара ақпарат алмасуды жүзеге асыру;
2) облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумағында орналасқан екі және одан көп ауданда жануарлардың жұқпалы аурулары пайда болған жағдайда, тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының ұсынуы бойынша карантин режимін және шектеу іс-шараларын енгізе отырып, карантин аймағының ветеринариялық режимін белгілеу туралы шешімдер қабылдау;
3) осы облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумағында орналасқан екі және одан көп ауданда пайда болған жануарлардың жұқпалы ауруларының ошақтарын жою жөнінде ветеринариялық іс-шаралар кешені жүргізілгеннен кейін тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының ұсынуы бойынша шектеу іс-шараларын немесе карантинді тоқтату туралы шешімдер қабылдау;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ветеринария саласындағы қызметті лицензиялау;
5) уәкілетті орган белгілеген тәртіппен аумақты аймақтарға бөлу туралы шешім шығару;
6) уәкілетті органмен келісім бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар жоспарын бекіту;
7) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар өткізуді ұйымдастыру;
8) ветеринариялық препараттардың республикалық қорын қоспағанда, жануарлардың аса қауіпті ауруларының профилактикасына арналған ветеринариялық препараттарды сақтауды, оларды аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарына тасымалдауды (жеткізуді) ұйымдастыру;
9) профилактикасы мен диагностикасы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жануарлардың энзоотиялық ауруларының тізбесін әзірлеу және оны уәкілетті органға табыс ету;
10) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізу үшін ветеринариялық мақсаттағы бұйымдар мен атрибуттарды, жануарға арналған ветеринариялық паспортты мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру және оларды тасымалдау (жеткізу);
11) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі деректер базасын жүргізуді ұйымдастыру;
12) ветеринариялық есеп пен есептілікті жүргізу, жинақтау, талдау және оларды Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті органға табыс ету;
13) ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдардың бөлімшелері туралы ережені бекіту;
14) жануарлардың энзоотиялық ауруларының профилактикасы мен диагностикасына арналған ветеринариялық препараттарды, олардың профилактикасы мен диагностикасы жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру, оларды сақтауды және аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарына тасымалдауды (жеткізуді) ұйымдастыру;
15) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбе бойынша жануарлардың аса қауіпті ауруларының, сондай-ақ жануарлардың энзоотиялық ауруларының профилактикасы бойынша ветеринариялық іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету;
16) жануарға арналған ветеринариялық паспортты беру;
17) ветеринария мәселелері бойынша халықтың арасында ағарту жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу кіреді.
2. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының құзыретіне:
1) ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті өкілді органына елді мекендерде жануарларды ұстау, иттер мен мысықтарды серуендету ережелерін, жануарларды ұстаудың санитариялық аймақтарының шекараларын белгілеу жөніндегі ұсыныстарды бекітуге енгізу;
2) қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды және жоюды ұйымдастыру;
3) мал көмінділерін (биотермиялық шұңқырларды) салу және олардың ветеринариялық нормативтерге сәйкес күтіп-ұсталуын қамтамасыз ету;
4) мүдделі тұлғаларға ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) ережелер мен ветеринариялық нормативтерде, Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы басқа да нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген, жүргізілетін ветеринариялық іс-шаралар туралы ақпарат беруді ұйымдастыру және қамтамасыз ету;
5) ветеринария мәселелері бойынша халықтың арасында ағарту жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу;
6) жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерін, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарды пайдалануға қабылдайтын мемлекеттік комиссияларды ұйымдастыру;
7) жануарлар мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты алып қою және жою не оларды алып қоймай залалсыздандыру (зарарсыздандыру) және қайта өңдеу;
8) алып қойылатын және жойылатын ауру жануарлардың, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың құнын иелеріне өтеу;
9) ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) аумағында жануарлардың жұқпалы аурулары пайда болған жағдайда, тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының ұсынуы бойынша карантин режимін және шектеу іс-шараларын енгізе отырып карантин аймағының ветеринариялық режимін белгілеу туралы шешімдер қабылдау;
10) ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) аумағында жануарлардың жұқпалы ауруларының ошақтарын жою жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар кешені жүргізілгеннен кейін тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының ұсынуы бойынша шектеу іс-шараларын немесе карантинді тоқтату туралы шешімдер қабылдау;
11) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында жануарлардың жұқпалы және жұқпалы емес аурулары бойынша эпизоотия жағдайын зерделеу;
12) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында жануарлардың энзоотиялық аурулары бойынша ветеринариялық іс-шаралар өткізуді ұйымдастыру;
13) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тізбе бойынша жануарлардың аса қауіпті ауруларының профилактикасы бойынша ветеринариялық іс-шаралар өткізуді ұйымдастыру;
14) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу;
15) ветеринариялық есеп пен есептілікті жүргізу, жинақтау, талдау және оларды Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органына табыс ету;
16) облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органына жануарлардың жұқпалы және жұқпалы емес ауруларының профилактикасы бойынша ветеринариялық іс-шаралар жөнінде ұсыныстар енгізу;
17) облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органына профилактикасы мен диагностикасы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жануарлардың энзоотиялық ауруларының тізбесі жөнінде ұсыныстар енгізу;
18) ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдардың бөлімшелері туралы ережені бекіту;
19) ветеринариялық препараттардың республикалық қорын қоспағанда, бюджет қаражаты есебінен сатып алынған ветеринариялық препараттарды сақтауды ұйымдастыру;
20) жануарға арналған ветеринариялық паспорт беру кіреді.
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 10-1-баппен толықтырылды; 2009.24.07. № 190-IV ҚР Заңымен 10-1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
10-1-бап. Аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімінің құзыреті
Аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімінің құзыретіне:
1) елді мекен жерлерінде мал жаятын орындарды айқындау;
2) елді мекендер аумақтарын санитариялық тазалауды ұйымдастыру;
3) профилактикасы мен диагностикасы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жануарлардың энзоотиялық ауруларының тізбесі бойынша ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органына ұсыныстар енгізу;
4) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі іс-шаралар өткізуді ұйымдастыру және ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі деректер базасын жүргізу;
5) ветеринария мәселелері бойынша халықтың арасында ағарту жұмыстарын жүргізу;
6) ветеринариялық есеп пен есептілікті жүргізу және оларды Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органына табыс ету;
7) тиісті аумақта жануарлардың жұқпалы аурулары пайда болған жағдайда, бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектордың ұсынуы бойынша карантин режимін және шектеу іс-шараларын енгізе отырып, карантин аймағының ветеринариялық режимін белгілеу туралы шешімдер қабылдау;
8) тиісті аумақта жануарлардың жұқпалы ауруларының ошақтарын жою жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар кешені жүргізілгеннен кейін бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектордың ұсынуы бойынша шектеу іс-шараларын немесе карантинді тоқтату туралы шешімдер қабылдау;
9) ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органына тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар бойынша ұсыныстар енгізу;
10) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ветеринариялық іс-шараларды өткізу;
11) ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдардың бөлімшелері туралы ережені бекіту;
12) жануарға арналған ветеринариялық паспорт беру;
13) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында қолданылатын ветеринариялық анықтаманы беру;
14) жануарлардың аса қауіпті және энзоотиялық ауруларына қарсы ветеринариялық іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету кіреді.
2009.24.07. № 190-IV ҚР Заңымен 11-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
11-бап. Мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) мынадай функцияларды:
жануарлар ауруларының диагностикасы жөніндегі референттік функцияны және тағамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді;
Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тізбеге енгізілген жануарлардың аса қауіпті ауруларының ошақтарын жоюды;
ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау бекеттерінде көлік құралдарын дезинфекциялауды;
жануарлардың аса қауіпті ауруларымен ауыратын жануарларды мемлекеттік органдардың шешімімен алып қоюды және жоюды;
Қазақстан Республикасындағы жабайы жануарлар ауруларының эпизоотия мониторингін;
ветеринариялық препараттардың республикалық қорын сақтауды;
сақтаулы микроорганизмдер штаммдарының Ұлттық коллекциясын жүргізуді жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік ветеринариялық мекемелер;
2) мынадай функцияларды:
Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тізбеге енгізілген жануарлардың аса қауіпті ауруларының диагностикасын;
уәкілетті орган бекітетін тізбеге енгізілген жануарлардың энзоотиялық ауруларының диагностикасын;
ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын тіркеу сынақтарын, байқаудан өткізуді, сондай-ақ ветеринариялық препараттарға шағым түскен кезде олардың серияларына (топтарына) бақылау жасауды жүзеге асыру мақсатында республикалық мемлекеттік кәсіпорындар нысанында мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар құрады.
2. Мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілген лицензия негізінде жүзеге асырады.
3. Мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар ветеринариялық есеп пен есептілікті жүргізеді және оларды Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен табыс етеді.
4. Жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар құруға құқылы.