2. Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының осы бапта көрсетілмеген арнаулы ұғымдары осы Кодекстің тиісті баптарында айқындалатын мәндерінде пайдаланылады.
2-бап. Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Кодекстегіден өзгеше ережелер белгіленген болса, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3. Осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы қатынастарды реттейтін нормалары бар өзге де заңдарының арасында қайшылық болған жағдайда, осы Кодекстің ережелері қолданылады.
4. Қоршаған орта объектілерін қорғау мен пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы қатынастар осы Кодексте реттелмеген бөлігінде Қазақстан Республикасының арнаулы заңдарымен реттеледі.
3-бап. Осы Кодексте реттелетін қатынастар
1. Осы Кодексте Қазақстан Республикасы аумағының шегінде табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаға әсер етуге байланысты шаруашылық және өзге де қызметті жүзеге асыру кезінде қоршаған ортаны қорғау, қалпына келтіру және сақтау, табиғи ресурстарды пайдалану мен молықтыру саласындағы қатынастар реттеледі.
2. Жеке және заңды тұлғалар, мемлекет, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттік реттеуді және табиғи ресурстарды пайдалану саласында мемлекеттік басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар осы Кодексте реттелетін қатынастардың қатысушылары болып табылады.
4-бап. Қазақстан Республикасы орнықты дамуының экологиялық негіздерi
Қазақстан Республикасы орнықты дамуының экологиялық негіздері:
1) адам өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз ету жөніндегі мақсатқа мемлекеттің қол жеткізуі;
2) қоршаған ортаны қорғау және биоәртүрлілікті сақтау;
3) Қазақстан Республикасының өз табиғи ресурстарын өндіруге құқықтарын қамтамасыз ету мен іске асыру және табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаға әсер ету мәселелерінде ұлттық мүдделерді қорғау;
4) қазіргі және болашақ ұрпақтардың сұранысын әділ қанағаттандыру;
5) өндіріс пен тұтынудың орнықты үлгілерін дамыту;
6) қоршаған ортаның жай-күйін есепке ала отырып, экологиялық нормалаудың әлеуметтік және экономикалық даму талаптарына сай келуі;
7) әрбір адамның экологиялық ақпаратқа қол жеткізу құқығын сақтау және жұртшылықтың қоршаған ортаны қорғау мен орнықты даму мәселелерін шешуге жан-жақты қатысуы;
8) қоршаған ортаны қорғау саласында қабылданатын шаралардың жариялылығын қамтамасыз ету;
9) Жердің экожүйесінің салауатты жай-күйі мен тұтастығын сақтау, қорғау мен қалпына келтіру мақсатындағы жаhандық әріптестік;
10) қоршаған ортаға залал келтіргені үшін жауаптылыққа қатысты халықаралық құқықтың дамуына жәрдемдесу;
11) қоршаған ортаға елеулі залал келтіретін немесе адам денсаулығы үшін зиянды деп есептелетін қызмет пен заттардың кез келген түрлерін басқа мемлекеттерге көшіру мен ауыстыруды тежеу, болдырмау, сондай-ақ қоршаған ортаға елеулі немесе орны толмайтын залал қатері төнген жағдайларда сақтандыру шараларын қолдану болып табылады.
5-бап. Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының негізгі принциптерi
Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының негізгі принциптері:
1) Қазақстан Республикасының орнықты дамуын қамтамасыз ету;
2) экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
3) экологиялық қатынастарды реттеу кезіндегі экожүйелі көзқарас;
4) қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы мемлекеттік басқару;
5) қоршаған ортаны ластаудың және оған кез келген басқа түрде залал келтіруді болдырмау жөнінде алдын алу шараларының міндеттілігі;
6) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылықтан бұлтартпау;
7) қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу міндеттілігі;
8) қоршаған ортаға әсер етудің ақылы болу және оған рұқсат алу тәртібі;
9) табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаға әсер ету кезінде неғұрлым экологиялық таза және ресурс үнемдеуші технологияларды қолдану;
10) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі мемлекеттік органдар қызметінің өзара әрекеттестігі, үйлесімділігі мен жариялылығы;
11) табиғат пайдаланушыларды қоршаған ортаны ластауды болдырмауға, азайтуға және оны жоюға, қалдықтарды кемітуге ынталандыру;
12) экологиялық ақпараттың қолжетімділігі;
13) табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаға әсер ету кезінде ұлттық мүдделерді қамтамасыз ету;
14) Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының халықаралық құқық принциптерімен және нормаларымен үйлесуі;
15) жоспарланып отырған шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіптілігі презумпциясы және оны жүзеге асыру туралы шешімдер қабылдаған кезде қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына әсерін бағалау міндеттілігі болып табылады.
6-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік реттеудің және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы мемлекеттік басқарудың негізгi ережелерi
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу:
1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметті лицензиялауды;
2) экологиялық нормалауды;
3) қоршаған ортаны қорғау саласындағы техникалық реттеуді;
4) мемлекеттік экологиялық сараптаманы;
5) экологиялық рұқсаттар беруді;
6) мемлекеттік экологиялық бақылауды;
7) қоршаған ортаны қорғауды экономикалық реттеу жүйесін, неғұрлым экологиялық таза технологияларды енгізуді ынталандыруды, табиғат қорғау іс-шараларын қаржыландыру жүйесін;
8) мемлекеттік экологиялық мониторингті;
9) табиғат пайдаланушыларды, қоршаған ортаны ластау көздері мен учаскелерін мемлекеттік есепке алуды;
10) экологиялық білім беру мен ағарту ісін қамтиды.
2. Табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы мемлекеттік басқару:
1) табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы мемлекеттік жоспарлауды;
2) табиғи ресурстарды қорғауға, пайдалануға және молықтыруға мемлекеттік бақылау жасауды;
3) табиғи ресурстарды пайдалану құқығына лицензиялар, рұқсаттар беруді және шарттар (келісімшарттар) жасасуды;
4) табиғи ресурстарды қалпына келтіру мен молықтыруды, ресурс үнемдейтін технологияларды енгізуді ұйымдастыруды;
5) табиғи ресурстардың мониторингі мен кадастрларын жүргізуді;
6) табиғи ресурстарды пайдалануға лимиттер белгілеу мен квоталар бөлуді;
7) табиғи ресурстарды пайдалануды, қалпына келтіру мен молықтыруды жүзеге асыратын мемлекеттік заңды тұлғаларды басқаруды;
8) табиғи ресурстарды қорғауды ұйымдастыруды қамтиды.
7-бап. Қоршаған ортаны қорғау объектілерi
1. Жер, жер қойнауы, жер үсті және жер асты сулары; атмосфералық ауа; ормандар мен өзге де өсімдіктер; жануарлар дүниесі, тірі организмдердің гендік қоры; табиғи экологиялық жүйелер, климат және Жердің озон қабаты жойылудан, тозудан, зақымданудан, ластанудан және өзге де зиянды әсерден қорғалуға тиіс.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілері айрықша қорғалуға тиіс.
8-бап. Мемлекеттік табиғи-қорық қоры
1. Мемлекеттік табиғи-қорық қоры - табиғат эталондары, уникумдар және реликттер, генетикалық резерв, ғылыми зерттеулер, ағарту, білім беру, туризм мен рекреация нысанасы ретінде экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық жағынан ерекше құнды, мемлекеттік қорғауға алынған қоршаған орта объектілерінің жиынтығы.
2. Мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілері «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленеді.
3. Мемлекеттік табиғи-қорық қорын қорғау ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру жолымен, сондай-ақ қоршаған ортаның экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық жағынан ерекше құнды объектілерін пайдалануға тыйым салу мен шектеулер белгілеу арқылы қамтамасыз етіледі.
9-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақ
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақ - ерекше қорғау режимі белгіленген мемлекеттік табиғи-қорық қорының табиғи кешендері мен объектілері бар жер, су объектілерінің және олардың үстіндегі әуе кеңістігінің учаскелері.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың түрлері, құру тәртібі, қорғау режимінің түрі, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жекелеген түрлерінің қызметін ұйымдастыру ерекшеліктері «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленеді.
10-бап. Табиғат пайдалану ұғымы және оның түрлерi
1. Адамның күнделікті өмірінде, жеке және заңды тұлғалардың шаруашылық және өзге де қызметінде табиғи ресурстарды пайдалануы және (немесе) қоршаған ортаға әсер етуі табиғат пайдалану болып табылады.
2. Табиғат пайдалану жалпы және арнайы болып бөлінеді.
3. Жалпы табиғат пайдалану тұрақты болып табылады және халықтың өмірлік қажетті сұраныстарын қанағаттандыру үшін және табиғи ресурстар пайдалануға берілмей, тегін жүзеге асырылады.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында көзделсе, табиғатты жалпы пайдалануды шектеуге жол беріледі.
4. Арнайы табиғат пайдалану - осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен табиғи ресурстарды ақылы негізде пайдалануды және (немесе) қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғаның қызметі.
5. Табиғат пайдалану түрлеріне:
1) жерді пайдалану;
2) суды пайдалану;
3) орманды пайдалану;
4) жер қойнауын пайдалану;
5) жануарлар дүниесін пайдалану;
6) өсімдіктер дүниесін пайдалану;
7) қоршаған ортаға эмиссиялар;
8) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленетін өзге де табиғат пайдалану түрлері жатады.
6. Табиғат пайдалану түрлері бойынша арнайы табиғат пайдалану құқығының туындау ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.
7. Арнайы табиғат пайдалану табиғат пайдаланудың бір түрін не олардың бірнеше түрінің жиынтығын қамтуы мүмкін.
11-бап. Табиғат пайдаланушылар
1. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын жеке және заңды тұлғалар табиғат пайдаланушылар болуы мүмкін.
2. Табиғат пайдаланушылар:
1) тұрақты (табиғат пайдалану құқығы мерзімі шектелмейтін сипатта болады) және уақытша (табиғат пайдалану құқығы белгілі бір мерзіммен шектелген);
2) бастапқы (табиғат пайдалану құқығы мемлекеттен не басқа да бастапқы табиғат пайдаланушылардан сол құқықтан айыру немесе әмбебап құқық мирасқорлығы тәртібімен алынған) және кейінгі (табиғатты уақытша пайдалану құқығы бұл мәртебені өзінде сақтап қалатын бастапқы табиғат пайдаланушыдан шарт негізінде алынған) болуы мүмкін.
3. Табиғат пайдаланушылар осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптарды сақтауға міндетті.
12-бап. Арнайы табиғат пайдалану құқығының туындау негіздері және оны жүзеге асыру шарттары
1. Арнайы табиғат пайдалану құқығы:
1) табиғи ресурстарды пайдалану мен алуға және қоршаған ортаны қорғау саласында жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыруға лицензиялар және (немесе) рұқсаттар;
2) табиғи ресурстарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен табиғат пайдалануға беру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органдардың шешімдері;
3) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен жасалатын табиғат пайдалануға арналған шарттар (келісімшарттар) негізінде туындайды.
2. Арнайы табиғат пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген тәртіппен, осы баптың 1-тармағында көрсетілген бір, екі не барлық актілер негізінде туындауы мүмкін.
2009.16.11. № 200-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) (бұр.ред.қара)
3. Жылжымалы көздерден туындайтын эмиссияларды қоспағанда, қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыратын табиғат пайдаланушылардың арнайы табиғат пайдалану құқығын жүзеге асыруына экологиялық рұқсаттар болған кезде жол беріледі.
4. Табиғи ресурстарды пайдалану құқығы жеке және (немесе) заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес беріледі.
5. Арнайы табиғат пайдалану құқығын алған жеке және заңды тұлғалар, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, оларға билік ете алмайды.
6. Арнайы табиғат пайдалану құқығы мемлекет қауіпсіздігін және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шектелуі немесе оған тыйым салынуы мүмкін.
2-тарау. Жеке тұлғалардың, қоғамдық бірлестіктердің және
жергілікті өзін-өзі басқару органдарының құқықтары мен
міндеттерi
13-бап. Жеке тұлғалардың қоршаған ортаны қорғау саласындағы құқықтары мен міндеттерi
1. Жеке тұлғалардың:
1) өздерінің өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаға;
2) қоршаған ортаны қорғау мен сауықтыру жөніндегі шараларды жүзеге асыруға;
3) қоршаған ортаны қорғау қоғамдық бірлестіктері мен қорларын құруға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардың қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша шешімдер қабылдау процесіне қатысуға;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы жиналыстарға, митингілерге, пикеттерге, шерулер мен демонстрацияларға, референдумдарға қатысуға;
6) мемлекеттік органдар мен ұйымдарға қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша хаттар, шағымдар, арыздар мен ұсыныстар беруге және оларды қарауды талап етуге;
7) мемлекеттік органдар мен ұйымдардан уақтылы, толық және дұрыс экологиялық ақпарат алуға;
8) қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілер жобаларын әзірлеу кезеңінде оларды талқылауға қатысуға және әзірлеушілерге өз ескертпелерін ұсынуға;
9) қоршаған ортаға байланысты жоспарлар мен бағдарламаларды дайындау процесіне қатысуға;
10) қоғамдық экологиялық сараптама өткізу туралы ұсыныс жасап, оған қатысуға;
11) кәсіпорындарды, құрылыстар мен экологиялық жағынан қауіпті өзге де объектілерді орналастыру, салу, реконструкциялау және пайдалануға беру туралы, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың қоршаған орта мен адам денсаулығына теріс әсер ететін шаруашылық және өзге де қызметін шектеу мен тоқтату туралы шешімдердің әкімшілік немесе сот тәртібімен күшін жоюды талап етуге;
12) Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының бұзылуы салдарынан өздерінің денсаулығы мен мүлкіне келтірілген зиянның өтелуі туралы сотқа талап-арыз беруге құқығы бар.
2. Жеке тұлғалар:
1) қоршаған ортаны сақтауға, табиғи ресурстарға ұқыпты қарауға;
2) табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға, қоршаған ортаны қорғауға және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған шараларды іске асыруға жәрдемдесуге;
3) өз кінәсінен экологиялық қауіпсіздікке төнуі мүмкін қатерді болдырмауға;
4) өз қызметін Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес жүзеге асыруға міндетті.
3. Жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де құқықтары мен міндеттері болады.
14-бап. Қоғамдық бірлестіктердің қоршаған ортаны қорғау саласындағы құқықтары мен міндеттерi
1. Қоғамдық бірлестіктердің қоршаған ортаны қорғау саласында өз қызметін жүзеге асыру кезінде:
1) экологиялық бағдарламаларды әзірлеуге және насихаттауға, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, оларды қоршаған ортаны қорғау саласындағы белсенді қызметке ерікті негізде тартуға;
2) қоршаған ортаны қорғау мен сауықтыру, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен молықтыру жөніндегі жұмыстарды орындауға, экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық жағынан ерекше құнды қоршаған орта объектілерін қорғауға, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қызметіне қатысуға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардың қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша шешімдер қабылдау процесіне қатысуға;
4) экологиялық білім беру мен ағарту жұмыстарын орындауға, қоршаған ортаны қорғау саласында ғылыми зерттеулер жүргізуге;
5) қоғамдық экологиялық сараптамаға және қоғамдық тыңдаулар өткізуге бастамашылық жасауға және оларды ұйымдастыруға;
6) қоғамдық экологиялық бақылауды жүзеге асыруға;
7) мемлекеттік органдар мен ұйымдардан уақтылы, толық және дұрыс экологиялық ақпарат алуға;
8) қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттік органдармен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтасуға және өзара іс-қимыл жасауға, олармен келісімдер жасауға, олар үшін шарттар бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген белгілі бір жұмыстарды орындауға;
9) қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілер жобаларын әзірлеу кезеңінде оларды талқылауға қатысуға және әзірлеушілерге өз ескертпелерін ұсынуға;
10) қоршаған ортаға байланысты жоспарлар мен бағдарламаларды дайындау процесіне қатысуға;
11) жеке және (немесе) заңды тұлғаларды жауапқа тарту туралы мәселелер қоюға, Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының бұзылуы салдарынан азаматтардың денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген зиянның өтелуі туралы сотқа талап-арыз беруге;
12) кәсіпорындарды, құрылыстар мен экологиялық жағынан қауіпті өзге де объектілерді орналастыру, салу, реконструкциялау және пайдалануға беру туралы шешімдердің әкімшілік немесе сот тәртібімен күшін жоюды, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың қоршаған орта мен адам денсаулығына теріс әсер ететін шаруашылық және өзге де қызметін шектеу, тоқтата тұру және тоқтату туралы шешім шығаруды талап етуге;
13) қоршаған ортаны қорғау қорларын құруға құқығы бар.
2. Қоғамдық бірлестіктер қоршаған ортаны қорғау саласындағы өз қызметін жүзеге асыру кезінде:
1) табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға, қоршаған ортаны қорғауға және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған шараларды іске асыруға жәрдемдесуге;
2) өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыруға міндетті.
3. Қоғамдық бірлестіктердің Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де құқықтары мен міндеттері болады.
15-бап. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласындағы өкілеттіктерi
Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қоршаған ортаны қорғау мен табиғат пайдалану саласындағы өкілеттіктеріне:
1) елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;
2) елді мекендерді санитарлық тазартуды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;
3) өндіріс және тұтыну қалдықтарын сақтау мен көму орындарын күтіп ұстау;
4) жергілікті атқарушы органдарға, тарихи-мәдени мұраны қорғау мен пайдалану жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар табиғи және басқа да объектілерді тарих немесе мәдениет ескерткіштері деп жариялау туралы ұсыныстар енгізу жатады.
3-тарау. Мемлекеттік органдардың қоршаған ортаны қорғау және
табиғат пайдалану саласындағы құзыретi
16-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретi
Қазақстан Республикасының Үкіметі қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласында:
1) қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану, қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын, оларды жүзеге асыру жөніндегі стратегиялық шараларды әзірлейді;
2) мемлекеттік экологиялық бағдарламаларды және табиғат пайдаланудың түрлі бағыттары бойынша, сондай-ақ климатты және Жердің озон қабатын қорғау саласындағы бағдарламаларды әзірлейді;
3) табиғат пайдаланудың әралуан түрлері бойынша тұжырымдамаларды мақұлдайды;
4) табиғи ресурстарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен табиғат пайдалануға беру туралы шешімдер қабылдайды;
5) республикалық деңгейде және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бағдарламаларды бекітеді;
6) табиғи ресурстардың әрбір түрінің мемлекеттік есебін, мемлекеттік кадастрлары мен мемлекеттік мониторингін жүргізу тәртібін айқындайды;
2008.10.12. № 101-IV ҚР Заңымен (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2011.22.07. № 479-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 7) тармақша өзгертілді
7) мыналарды:
қоршаған ортаны қорғау саласындағы техникалық регламенттерді;
ең озық қолжетімді технологиялар тізбесін;
эмиссиялар нормативтері белгіленетін ластаушы заттар мен қалдық түрлерінің тізбесін;
қоршаған ортаны қорғау саласындағы лицензияланатын қызмет түріне қойылатын біліктілік талаптарын;
қоршаған ортаға эмиссияларды қысқартуға арналған квоталар мен міндеттемелерді сату тәртібін;
ластану учаскелерінің мемлекеттік тізілімін жүргізу тәртібін;
қоршаған ортаны ластаудан келтірілген залалды экономикалық бағалау қағидаларын;
коммуналдық қалдықтардың пайда болу және жинақталу нормаларын есептеудің үлгілік қағидаларын бекiтедi;
8) мыналарды:
шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлерінің тізбесін;
айрықша экологиялық, ғылыми және мәдени маңызы бар қоршаған ортаны қорғау объектілерінің тізбесін;
қоршаған ортаны қорғау саласындағы жобалардың ашық конкурстарын өткізу тәртібін;
сот шешімімен республикалық меншікке түсті деп танылған иесіз қауіпті қалдықтарды басқару тәртібін;
қалдықтарды орналастыру полигондарын жою қорларын қалыптастыру тәртібін айқындайды;
9) мыналарды:
қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін айқындау тәртібін;
кешенді экологиялық рұқсаттар беру тәртібін және қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттардың орнына кешенді экологиялық рұқсаттар алу мүмкін болатын өнеркәсіп объектілері үлгілерінің тізбесін;
парниктік газдарды атмосфераға шығаруды шектеудің, тоқтата тұрудың немесе азайтудың тәртібін;
озон қабатын бұзатын және құрамында солардың өнімдері бар заттарды импорттауға, экспорттауға, озон қабатын бұзатын заттарды пайдалана отырып жұмыстар жүргізуге, құрамында озон қабатын бұзатын заттар бар жабдықтарды жөндеуге, монтаждауға, оларға қызмет көрсетуге рұқсат беру тәртібін;
парниктік газдарды атмосфераға шығаруды және озон қабатын бұзатын заттарды тұтыну көздерін мемлекеттік есепке алу тәртібін;
аумақтардың экологиялық жағдайын бағалау критерийлерін;
жерді бағалаудың экологиялық критерийлерін;
Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағының шекарасын;
қалдықтарды әкелу, әкету және транзиттеу тәртібін белгілейді;
10) халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
11) аумақты төтенше экологиялық жағдай аймағы деп жариялайды және төтенше экологиялық жағдай аймағы құқықтық режимінің қолданысын тоқтату туралы шешім қабылдайды.
17-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілеттi органның құзыретi
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган:
1) біртұтас мемлекеттік экологиялық саясатты жүргізеді және қоршаған ортаны қорғау саласындағы бағдарламалардың орындалуын ұйымдастырады;
2) өз құзыреті шегінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың қоршаған ортаны қорғауды жүзеге асыру бөлігіндегі қызметін үйлестіреді;
3) климатты және Жердің озон қабатын қорғау саласында мемлекеттік басқаруды жүзеге асырады;
4) жеке және заңды тұлғалардың климатты және Жердің озон қабатын қорғау, биоәртүрлілікті сақтау, жердің шөлейттенуі мен жұтаңдауы саласындағы қызметін үйлестіруді өз құзыреті шегінде жүзеге асырады;
5) өз құзыреті шегінде шаруашылық және өзге де қызмет бойынша экологиялық нормативтер мен экологиялық талаптарды бекітеді немесе келіседі;
6) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері бағдарламаларын әзірлейді;
7) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі өңірлік бағдарламалар мен іс-шаралар жоспарларын келіседі;