шығармалар мен сабақтас құқықтар объектілеріне құқықтарды, шығармалар мен сабақтас құқықтар объектілерін пайдалануға лицензиялық шарттарды мемлекеттік тіркеуді;
бұқаралық ақпарат құралын есепке қоюды жүзеге асыратын;
4) лицензиялар, куәліктер немесе рұқсат беру мен тіркеу сипатындағы өзге де құжаттарды беретін, оның ішінде:
жер үсті көздерінің су ресурстарын пайдалануға рұқсат;
жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат;
арнайы табиғат пайдалануға экологиялық рұқсат;
орман пайдалануға арналған ағаш кесу билеттері және орман билеттері;
сыртқы (көрнекі) жарнамалар орналастыруға рұқсат;
радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсат;
телевизия және радио хабарларын тарату ұйымдарына радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсат;
Қазақстан Республикасының аумағы бойынша автокөлік құралдарының жүруіне рұқсат;
жалпыға ортақ пайдаланылатын телекоммуникация жүйесінде қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысына құқық беретін;
кеме жүзетін су жолдарын пайдалануға рұқсат беретін;
5) жеке тұлғаларды Қазақстан Республикасындағы тұрғылықты жері бойынша тіркеуді жүзеге асыратын;
6) азаматтық хал актілерін тіркеуді жүзеге асыратын;
7) нотариаттық іс-әрекеттер жасауды жүзеге асыратын;
8) қорғаншылық пен қамқоршылықты жүзеге асыратын;
9) көлік және коммуникация;
10) энергетика және минералды ресурстарды реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын;
11) сыртқы саяси қызметті жүзеге асыратын;
12) Қазақстан Республикасының Yкіметі белгілейтін басқа да уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды.
583-бап. Уәкілетті мемлекеттік органдардың салық қызметі органдарымен өзара іс-қимыл кезіндегі міндеттері
1. Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді, қайта тіркеуді және таратуды, құрылымдық бөлімшелерді есептік тіркеуді, қайта тіркеуді және есептік тіркеуден шығаруды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдар заңды тұлғаның тіркелген, қайта тіркелген, таратылған, құрылымдық бөлімше есептік тіркеуге қойылған, қайта тіркелген, есептік тіркеуден шығарылған күнінен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей заңды тұлғаның тіркелгені, қайта тіркелгені, таратылғаны, құрылымдық бөлімшенің есептік тіркеуге қойылғаны, қайта тіркелгені, есептік тіркеуден шығарылғаны туралы мәліметтерді электрондық хабарлама арқылы салық қызметі органына, банктерге немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға табыс етуге міндетті.
2. Лицензияларды, куәліктерді немесе рұқсат ету мен тіркеу сипатындағы өзге де құжаттарды беруді жүзеге асыратын уәкілетті органдар лицензиялар, куәліктер немесе рұқсат ету мен тіркеу сипатындағы өзге де құжаттар берілген (тоқтатылған) салық төлеушілер және бюджетке басқа да міндетті төлемдер алынатын (өндіріліп алынатын) объектілер туралы мәліметтерді осы Кодекстің 19-бөлімінде белгіленген тәртіп пен мерзімде және уәкілетті орган белгілеген нысандар бойынша өздерінің орналасқан жеріндегі салық қызметі органдарына табыс етуге міндетті.
3. Салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді есепке алуды және (немесе) тіркеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдар салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілері бар салық төлеушілер туралы, сондай-ақ салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы мәліметтерді уәкілетті орган белгілеген тәртіпте, мерзімде және нысандар бойынша салық қызметі органдарына табыс етуге міндетті.
4. Бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді жинауды, салық салу объектілері мен салық салуға байланысты объектілерді есепке алуды және (немесе) тіркеуді жүзеге асыратын уәкілетті органдар табыс етілетін мәліметтерде, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ғылыми, экологиялық-ағартушылық, туристік, рекреациялық және шектеулі шаруашылық мақсаттарында пайдаланатын жеке тұлғаларды қоспағанда, салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірін көрсетуге міндетті.
5. Шетелдіктердің келуін (кетуін) тіркеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган олардың келуін (кетуін) тіркегеннен кейін он жұмыс күнінен кешіктірмей келудің мақсатын, орнын және болу мерзімін көрсете отырып, келуші шетелдіктер туралы мәліметтерді уәкілетті орган белгілеген тәртіппен салық қызметі органына табыс етуге міндетті.
6. Энергетиканы және минералдық ресурстарды реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган, акцияларды немесе қатысу үлестерін сатып алу-сату бойынша мәмілелер жүзеге асырылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша салық агенті болып табылатын резидент емес туралы мәліметтерді қоса алғанда, осы Кодекстің 197-бабына сәйкес ол бойынша салық міндеттемелері туындайтын мәміленің қатысушылары және оның параметрлері туралы мәліметтерді өзінің орналасқан жері бойынша салық қызметі органына табыс етуге міндетті.
7. Сыртқы саясат қызметін жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган Қазақстан Республикасында аккредиттелген шетел мемлекетінің дипломатиялық немесе оған теңестірілген өкілдігінің орналасқан жері бойынша салық органына осындай дипломатиялық немесе оған теңестірілген өкілдіктің аккредиттелгенін және орналасқан жерін растайтын құжаттарды аккредиттелген күннен бастап он жұмыс күні ішінде ұсынуға міндетті.
8. Салық төлеушілер, салық салу объектілері (бюджетке басқа да міндетті төлемдер алынатын (өндіріп алынатын) және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы мәліметтерді ұсыну салық қызметі органдары мен уәкілетті мемлекеттік органдардың өзара автоматтандырылған іс-қимылына арналған тиісті бағдарламалық қамтамасыз етілім пайдаланыла отырып, электрондық түрде, уәкілетті орган белгілеген тәртіпте және нысандар бойынша он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Уәкілетті мемлекеттік органдар салық төлеушілер, салық салу объектілері (бюджетке басқа да міндетті төлемдер алынатын (өндіріп алынатын және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы мәліметтерді электронды түрде ұсынған жағдайда, уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтерді қағаз жеткізгіште ұсынуы талап етілмейді.
82-тарау. САЛЫҚ НЫСАНДАРЫН ҚАБЫЛДАУ. КАМЕРАЛДЫҚ БАҚЫЛАУ
584-бап. Салық нысандарын қабылдау
1. Салықтық тіркелімдерді қоспағанда, салық нысандары салық қызметі органдарына осы Кодексте белгіленген мерзімде табыс етіледі.
2. Салықтық тіркелімдерді қоспағанда, салық нысандарын салық қызметі органдарына ұсыну күні оларды табыс ету тәсілдеріне қарай:
1) келу тәртібінде - салық қызметі органдарының салық есептіліктерін және (немесе) өтініштерді қабылдау күні;
2) хабарландыра отырып, тапсырыс хатпен почта арқылы:
салық есептілігі үшін - почта немесе өзге де байланыс ұйымының қабылдағаны туралы белгі қойылған күн;
салықтық өтініш үшін - салық қызметі органдары алған күн;
2008.10.12 № 100-IV ҚР Заңның 3 бабына сәйкес 584-бабының 2-тармағы 3) тармақшасының күші 2010 жылдың 1 қаңтарына дейін тоқтатылды
3) электронды түрде - осы баптың 4-тармағында белгіленген тәртіппен жіберілетін хабарламада көрсетілген салық қызметі органдарының салық есептілігін қабылдау және өңдеу жүйесі орталық торабының қабылдаған күні болып табылады.
2009.30.12. № 234-ІV ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды (2010 жылғы 1 қаңтардан қолданысқа енгiзiлдi)
2-1. Осы Кодекстiң 69-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес керi қайтарып алынған салық есептілігiн қабылдаған күн осы Кодекстiң 69-бабының 1-тармағына сәйкес табыс етiлген салық есептілігiнiң табыс етiлген күнi болып табылады.
3. Почта немесе өзге байланыс ұйымдарына салық есептілігін тапсыру үшін осы Кодексте белгіленген мерзімнің соңғы күнінің жиырма төрт сағатына дейін тапсырылған қағаз жеткізгіштегі салық есептілігі почта немесе өзге де байланыс ұйымы қабылдаған уақыт пен күннің белгісі болған кезде, мерзімінде тапсырылған деп есептеледі.
Салық қызметі органдарына салық есептілігін тапсыру үшін осы Кодексте белгіленген мерзімнің соңғы күнінің жиырма төрт сағатына дейін электронды байланыс арналары арқылы тапсырылған электронды түрдегі салық есептілігі мерзімінде тапсырылды деп есептеледі.
2008.10.12 № 100-IV ҚР Заңның 3 бабына сәйкес 584-бабының 4-тармағының күші 2010 жылдың 1 қаңтарына дейін тоқтатылды
4. Салық қызметі органдары салық есептілігі электронды түрде табыс етілген кезде салық қызметі органдарының қабылдау жүйесі салық есептілігін қабылдаған кезден бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей салық төлеушіге аталған жүйенің салық есептілігін қабылдағаны немесе қабылдамағаны туралы хабарлама жіберуге міндетті.
5. Салықтық тіркелімдерді қоспағанда, салық нысандары, егер:
1) осы Кодекске сәйкес уәкілетті орган белгілеген салық нысандарына сәйкес келмесе, немесе
2) салық қызметі органының коды көрсетілмесе немесе дұрыс көрсетілмесе, немесе
3) сәйкестендіру нөмірі көрсетілмесе немесе дұрыс көрсетілмесе, немесе
4) салық кезеңі көрсетілмесе немесе дұрыс көрсетілмесе, немесе
2009.30.12. № 234-ІV ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
5) салық есептілігінің түрі көрсетілмесе, немесе дұрыс көрсетiлмесе, немесе
2009.30.12. № 234-ІV ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
6) салық есептілігіне қол қоюға қатысты осы Кодекстің талаптары бұзылса, немесе
7) уәкілетті орган белгілеген электрондық формат құрылымы бұзылса, салық қызметі органдарына табыс етілмеген деп есептеледі.
585-бап. Камералдық бақылау
1. Камералдық бақылау - салық төлеуші (салық агенті) табыс еткен салық есептілігін, уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтерін, сондай-ақ салық төлеушінің қызметі туралы басқа да құжаттар мен мәліметтерді зерделеу мен талдау негізінде салық қызметі органдары жүзеге асыратын бақылау.
Камералдық бақылау қатерлерді басқару жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады.
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
2. Камералдық бақылаудың мақсаты - салық органдары камералдық бақылау нәтижелерi бойынша анықтаған бұзушылықтарды салық органдарында тiркеу есебiне қою және (немесе) осы Кодекстiң 587-бабына сәйкес салық есептілігiн ұсыну және (немесе) салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеу арқылы салық төлеушiге дербес жоюға құқық беру.
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 586-бап жаңа редакцияда (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
586-бап. Камералдық бақылауды жүргiзу тәртібі мен мерзiмдерi
1. Камералдық бақылау салық қызметi органдарында бар мынадай деректердi:
1) салықтық есептіліктi;
2) халықаралық шарт негiзiнде бюджеттен немесе шартты банктiк салымнан төленген табыс салығын қайтаруға салықтық өтiнiштi;
3) өзге де уәкiлеттi мемлекеттік органдардың салық салу объектiлерi және (немесе) салық салуға байланысты объектiлер туралы мәлiметтерiн;
4) салық төлеушiнiң қызметi бойынша әртүрлi ақпарат көздерiнен алынған мәлiметтердi бiр-бiрiмен салыстыру арқылы жүргiзiледi.
Осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетiлген деректер өз арасында да салыстырылады.
2. Камералдық бақылау осы Кодекстiң 46-бабында белгiленген ережелер ескерiле отырып, талаптың өткен мерзiмi iшiнде жүзеге асырылады.
587-бап. Камералдық бақылау нәтижелері
1. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда, анықталған бұзушылықтардың сипаттамалары қоса беріле отырып, камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама ресімделеді.
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
2. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындауды салық төлеуші (салық агенті) ол табыс етілген (оны алған) күннен кейiнгi күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
Салық төлеуші (салық агенті) хабарламада көрсетілген бұзушылықтармен келіскен жағдайда, салық қызметі органдарына бұзушылықтар анықталған кезең үшін салық есептілігін ұсынады.
Салық төлеуші хабарламада көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда салық қызметі органдарына анықталған бұзушылықтар жөнінде қағаз немесе электрондық жеткізгіште түсініктеме береді. Бұл ретте салық төлеуші салық қызметі органдарына осы тармақта көрсетілген түсініктемеге қоса салық есептілігінде көрсетілген деректердің дұрыстығын растайтын құжаттарды ұсынуға құқылы.
3. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны белгіленген мерзімде орындамау осы Кодекстің 611-бабына сәйкес салық төлеушінің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға әкеп соғады.
4. Осы Кодекстің 43-бабының 7-тармағына сәйкес жүргізілген камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органы уәкілетті орган белгілеген нысанда қорытынды жасайды.
Бұл ретте осы тармақта көрсетілген қорытындыны жасау күні камералдық бақылаудың аяқталған күні болып табылады.
83-тарау. САЛЫҚ МІНДЕТТЕМЕЛЕРІНІҢ, МІНДЕТТІ ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖАРНАЛАРЫН АУДАРУ МЕН ӘЛЕУМЕТТІК АУДАРЫМДАРДЫ ТӨЛЕУ БОЙЫНША МІНДЕТТЕРДІҢ ОРЫНДАЛУЫН ЕСЕПКЕ АЛУ
588-бап. Жалпы ережелер
1. Салық міндеттемелерінің, міндетті зейнетақы жарналарын аудару мен әлеуметтік аударымдарды төлеу бойынша міндеттердің орындалуын есепке алуды салық органы салық төлеушінің (салық агентінің) дербес шотын жүргізу арқылы жүзеге асырады.
2. Салық органының салық төлеушінің (салық агентінің) дербес шотын жүргізуі:
дербес шотты ашуды;
кейіннен дербес шотта салықтың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемнің, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың есептелген, есепке жазылған, кемітілген, төленген, есепке жатқызылған, қайтарылған сомаларын көрсетуді;
дербес шотты жабуды қамтиды.
Дербес шотты жүргізу осы Кодексте белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Салық міндеттемелерін ұлғайтуды немесе кемітуді қоса алғанда:
салық төлеуші (салық агенті) - салық есептілігінде;
салық органы - уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтері бойынша;
уәкілетті мемлекеттік органдар осы Кодексте көзделген негіздер бойынша есептеген сома салықтың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемнің, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың есептелген, кемітілген сомасы болып табылады.
Осы тараудың мақсатына орай есепке жатқызылатын қосылған құн салығы сомасының есептелген салық сомасынан асып кетуі де кемітілген қосылған құн салығының сомасы болып табылады.
4. Салық міндеттемелерін ұлғайтуды немесе кемітуді қоса алғанда, салық қызметі:
салықтық тексерудің нәтижелері бойынша;
салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға және (немесе) салық қызметінің жоғары тұрған органының хабарламаға шағымды қарау нәтижелері бойынша шығарған шешіміне салық төлеушінің (салық агентінің) шағымын қараудың қорытындылары бойынша салық қызметі органы есептеген сома салықтың, бюджетке төленетін басқа міндетті төлемнің, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың есептелген сомасы болып табылады.
5. Салық төлеушінің (салық агентінің) дербес шоты уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және нысандар бойынша салықтардың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің, зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың түрлері бойынша жүргізіледі.
6. Салық төлеушінің (салық агентінің) дербес шоты бірыңғай бюджет сыныптамасына сәйкес жүргізіледі.
589-бап. Салық төлеушінің (салық агентінің) дербес шотын ашу және жүргізу
1. Салық төлеушінің (салық агентінің) дербес шоты салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірі бойынша ашылады және салық төлеушінің тіркеу есебінің орны бойынша жүргізіледі.
2. Дербес шот салық төлеушіге (салық агентіне) бересі немесе артық төлеу сомасын қамтитын есеп-қисаптар сальдосы көрсетіле отырып, ағымдағы жылдың басында және салық міндеттемесі, міндетті зейнетақы жарналарын аудару мен әлеуметтік аударымдарды төлеу бойынша міндеттер туындаған күні ашылады. Салық төлеушінің (салық агентінің) бересісі немесе артық төлеуі болмаған жағдайда есеп-қисаптар сальдосы нөлге тең деп есептеледі.
Ағымдағы жылдың алдындағы жыл үшін дербес шоттың сальдосы ескеріле отырып, ағымдағы жыл үшін дербес шотта көрсетілген салық, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлем, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар сомаларының төленгендері (есепке жатқызылғандар мен қайтарылғандарды алып тастағанда) мен есептелгендері, қоса есептелгендері (кемітілгендерін алып тастағанда) арасындағы оң айырма артық төлем деп танылады.
Салық төлеушінің (салық агентінің) дербес шотындағы салық, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлем, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша есеп-қисаптар сальдосы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен есептеледі.
Егер салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша ағымдағы жылдың алдындағы жылы дербес шот жүргізілген болса, онда ағымдағы жылдың дербес шотына ағымдағы жылдың алдындағы жылдың дербес шотынан есеп-қисаптар сальдосы көшіріледі.
4. Салық төлеушінің (салық агентінің) дербес шотында көрсету күнін, іс-әрекеттің мазмұнын, оның негізінде мұндай көрініс жүргізілген құжаттың атауын көрсете отырып, есептелген, есепке жазылған, кемітілген, төленген, есепке жатқызылған, қайтарылған сомалар көрсетіледі.
5. Салық төлеушінің (салық агентінің) дербес шоты ұлттық валютада жүргізіледі.
6. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың ережелеріне сәйкес салық төлеуші (салық агенті) салық есептілігін және (немесе) салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді шетел валютасымен төлеуді ұсынған жағдайда, дербес шотттағы есеп мынадай тәртіппен:
1) салық есептілігін ұсынған күні белгіленген валюта айырбастаудың нарықтық бағамын қолдана отырып, есептелген, кемітілген сома;
2) бюджеттің атқарылуы жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган ұсынған төлем құжаттарының негізінде төленген сома ұлттық валютада жүргізіледі.
Салық органы салық төлеушінің (салық агентінің) дербес шотындағы есептелген немесе кемітілген соманы салық есептілігі мен салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді ұсынған күні белгіленген валюта айырбастаудың нарықтық бағамының өзгеруінен дербес шотта туындаған айырма сомаға түзетуді жүргізеді. Түзету айырмасы төлем жасалған күні белгіленген валюта айырбастаудың нарықтық бағамын қолдана отырып, айқындалады.
590-бап. Салықтардың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың есептелген, кемітілген сомаларын есепке алу
Салық төлеушінің (салық агентінің) дербес шоттарында есептелген, кемітілген салықтардың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың сомаларын есепке алу салық есептілігі деректерінің, уәкілетті мемлекеттік органдар мәліметтерінің негізінде жүргізіледі.
591-бап. Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың есепке жазылған сомаларын есепке алу
1. Салық төлеушінің (салық агентінің) дербес шотында салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың есепке жазылған сомаларын есепке алу:
1) салықтық тексеру нәтижелері туралы;
2) тарату салықтық есептілік ұсынылған күннен бастап салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымды қарау нәтижелері бойынша тарату салықтық тексеру аяқталған күнге дейінгі кезең үшін салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша міндеттемелердің есепке жазылған сомалары туралы:
3) салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға және (немесе) салық қызметінің жоғары тұрған органының хабарламаға шағымды қарау нәтижесі бойынша шығарған шешіміне салық төлеушінің (салық агентінің) шағымын қараудың қорытындылары туралы (бұдан әрі осы баптың мақсатына орай осы тармақтың 1) және 3) тармақшаларында көрсетілген хабарламалар бойынша есептелген сома - есептелген сома) хабарламалардың негізінде жүргізіледі.
2009.30.12. № 234-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2. Есепке жазылған соманы есепке алу салықтық тексерудiң аяқталған күнi көрсетiле отырып және осы Кодекстiң 93 және 94-баптарында белгiленген тәртiппен шағым беру мерзiмдерi ескерiле отырып жеке шотта жүргiзiледi.
Салық төлеушi осы Кодекстiң 608-бабының 3-тармағында көрсетiлген таратудың салықтық тексеруiнiң нәтижелерi туралы хабарламалармен келiскенi туралы өтiнiштi табыс еткен кезде, есепке жазылған сомаларын есепке алу осындай өтiнiштi табыс еткен күннен бастап салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) жеке шотында жүргiзiледi.
3. Шағым жасалған жағдайда дербес шоттағы есептелген сома салық төлеушінің (салық агентінің) шағым беру күні мен деңгейі бойынша, сондай-ақ шағымды қарау нәтижелері бойынша шығарылған шешім ескеріле отырып көрсетіледі.
4. Есепке жазылған сома салық төлеушінің (салық агентінің) дербес шотында шағым беру және оны қарау үшін көзделген кезеңде және мерзімде оның орындалу мерзімдерінің тоқтатыла тұруы ескеріле отырып көрсетіледі. Мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдері мен мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары мұндай есепке жазылған сомаға қолданылмайды.
5. Салық төлеуші (салық агенті) шағым беру мерзімі өткеннен кейін мұндай шағым бермеген жағдайда, салық төлеушінің (салық агентінің) дербес шотында бұрын салық міндеттемесін орындау мерзімі тоқтатыла тұрып есептелген соманы қалпына келтіру бойынша есепке алу жазбасы жүргізіледі. Бұл ретте, есептелген соманы есепке алу дербес шоттың есеп-қисаптар сальдосында соманы көрсете отырып жүргізіледі.
592-бап. Төленген, есепке жатқызылған, қайтарылған салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарды есепке алу
1. Салық төлеушінің (салық агентінің) дербес шотында төленген, есепке жатқызылған, қайтарылған салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, міндетті зейнетақы жарналарының аударылған және қайтарылған сомаларын және әлеуметтік аударымдарды есепке алу уәкілетті мемлекеттік органдардан алынған:
1) салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың, өсімпұлдардың, айыппұлдардың төленгені бойынша;
2) салықтардың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің, өсімпұлдардың, айыппұлдардың артық төленген сомаларына жүргізілген есепке жатқызулар, қайтарулар бойынша;
3) есепке жатқызылатын қосылған құн салығы сомасының есептелген салық сомасынан асып кетуіне жүргізілген есепке жатқызулар, қайтарулар бойынша;
4) қате төленген салықтардың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың сомаларына жүргізілген есепке жатқызулар, қайтарулар бойынша;
5) салық берешегін, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешектерді өндіріп алу сомалары бойынша төлем құжаттарының негізінде жүргізіледі.
2. Осы Кодекстің 47-бабында белгіленген тәртіппен салықты төлеу бойынша салық міндеттемесінің орындалу мерзімі өзгерген кезде салық төлеушінің дербес шотындағы салық міндеттемесінің орындалу мерзімі өзгерген салық сомасы оның орындалу кестесі ескеріле отырып көрсетіледі. Салық төлеу мерзімі өзгерген кезеңде салық органы салық төлеушіге өсімпұлды есептеуді қоспағанда, мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдері мен мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданбайды.
3. Салықтың және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің төленген сомасын осы Кодекстің 31-бабының 9-тармағына сәйкес шетел валютасында көрсету салық төлеушінің (салық агентінің) дербес шотында бюджеттің атқарылуы жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган ұсынған төлем құжаттары негізінде ұлттық валютада жүргізіледі.
593-бап. Өсімпұлдарды, айыппұлдарды есепке алу
1. Осы Кодекстің 610-бабында белгіленген мөлшерде және тәртіпте есептелген өсімақылар сомасы ол есептелген кезең көрсетіле отырып, салық төлеушінің (салық агентінің) дербес шотында көрсетіледі.
2. Салық салу саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру және міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамасын бұзғаны үшін салынған айыппұлдарды есепке алу әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы негізінде жүргізіледі.
3. Есептелген айыппұл сомалары салық төлеушінің (салық агентінің) дербес шотында бұзушылық жіберілген тиісті салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша көрсетіледі.