27. Қол жүгi ретiнде теміржол және су жолдары арқылы тасымалданатын патрондардың, оқ-дәрiнiң саны мынадай:
барлық калибрлi атыс қаруының патрондары - 10 кг;
түтiнсiз оқ-дәрi - 10 кг;
түтiндi оқ-дәрi бұйымдары - 5 кг;
түтiндi оқ-дәрi - 5 кг салмақтан аспауы керек.
Ескерту. Қол жүгi ретiнде тасымалдауға берiлген рұқсатта тек қана жүктiң таза салмағы көрсетiледi (металл гильзалар, жәшiктер және т.б. жүктің салмағына кiрмейдi).
28. Қару-жарақтарды, оқ-дәрiлердi почта арқылы жөнелтуге тыйым салынады.
29. Қызметтiк қаруды, патрондарды, оқ-дәрiнi түрлi көлiктермен тасымалдау көлiктiң осы түрi үшiн белгiленген ережелерге сәйкес жүргiзiледi. Жөнелту немесе тасымалдау кезiнде қару оқсыз, қапталуы, ал патрондар берiк қорапқа орап салынуы тиiс.
30. Жүкке ерiп жүретін қызметкерлер белгiленген пунктке барған және жүк күзетумен байланысты жұмыс аяқталған кезде қызметтiк қаруды уақытша сақтау үшiн жүктi қабылдап алған ұйымның қару бөлмесiне немесе жергiлiктi iшкi iстер органына тапсырады.
Жауынгерлiк қол атыс қаруы мен оның патрондарын, сондай-ақ суық қаруды тасымалдау тәртібі заңнамада белгiленедi.
9. Спорттық қаруды сатып алудың, сақтаудың
және тасымалдаудың тәртібі
ҚР Үкіметінің 2007.29.12 № 1370 Қаулысымен 31-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
31. Спорттық атыс қаруын (үрлемелі қуаты 3 Дж-дан бастап 7,5 Дж-ге дейінгі және калибрі 4,5 мм-ден аспайтын пневматикалық қарудан басқа) және оның патрондарын сатып алуды спорттық ұйымдар ішкі істер органдары беретін лицензиялар бойынша осы Ереженің 9-қосымшасында көрсетілген түрлеріне, типтеріне, модельдеріне және санына сәйкес жүзеге асырады.
Лақтырылатын қаруды (арқанының керілу күші 14 кг жоғары садақтар мен арбалеттерді) спорттық ұйымдар ішкі істер органдары беретін лицензиялар бойынша сатып алады.
Спорттық атыс және лақтырылатын қаруды сатып алу, сақтау және тасымалдау осы Ереженің 4, 5, 6, 8, 9-тармақтарында, 8 және 9-бөлімдерінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
32. Спорттық ұйымдардың қару мен патрондарды тасымалдауға жауапты лауазымды адамдары жарыстарды немесе оқу-жаттығу жиындарын өткізу пунктiне келгеннен кейiн, өздерi әкелген қаруды және оның патрондарын тасымалдау құқығын беретiн рұқсатпен бірге жарыстар немесе жиындар өтетiн жердегi арнайы жабдықталған үй-жайға уақытша сақтауға дереу тапсыруға мiндеттi.
Қару мен патрондарды спорт делегациялары (командалары) орналасқан қонақ үйлерiнде, жатақханаларда, спорт лагерьлерiнде және басқа демалыс орындарында сақтауға тыйым салынады.
Жиындар (жарыстар) өту кезінде қарудың сақталуына жауапты адамдар қаруды күнделiктi күзетке тапсыру алдында қару мен оның патрондарын беру және қабылдау журналына сәйкес барлық атыс қаруы бірліктерінiң болуын тексеруге мiндеттi.
ҚР Үкіметінің 2007.29.12 № 1370 Қаулысымен 32-1-тармақпен толықтырылды
32-1. Спорттық мақсаттар үшін лақтырылатын қаруды (арқанының керілу күші 14 кг жоғары садақтар мен арбалеттерді) сатып алуға, сақтауға, алып жүруге және пайдалануға, сондай-ақ 16 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматтары да құқылы.
Сатып алынған лақтырылатын қару (садақтар мен арбалеттер) сатып алынған күннен бастап бір апта мерзімде тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарында тіркелуі тиіс.
Лақтырылатын қаруды (садақтар мен арбалеттерді) сатып алу, алып жүру және сақтау, тасымалдау осы Ереженің 79-101-тармақтарына сәйкес жүзеге асырылады.
Лақтырылатын қаруды пайдалануға тек тиісті спорттық объектілерде ғана рұқсат етіледі.
10. ҚР Үкіметінің 2007.13.08. № 692 қаулысымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
11. ҚР Үкіметінің 2007.13.08. № 692 қаулысымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
12. ҚР Үкіметінің 2007.13.08. № 692 қаулысымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
13. Азаматтық, қызметтiк қару мен оның патрондарын
коллекциялау мен экспонаттаудың тәртібі
47. Коллекциялық атыс қаруы қару-жарақ шеберханаларында мынадай:
жазулары мен таңбаларына зақым келтiрiлмей қарудың қазыналық бөлiгiнде диаметрi кемiнде 5 мм саңылау бұрғылау;
шаппасын алып тастау немесе кесу жолымен атуға жарамсыз күйге келтiрiлуi тиiс.
Атыс қаруының патрондары мұражайларда тек қана оқталмаған (оқ-дәрiсiз) күйде экспонатталады.
48. Бұрынғы ұрыс орындарынан табылған, азаматтардың сыйға тартқан, iшкi iстер органдарында тiркелмеген қаруды экспонаттау үшін пайдалануға тыйым салынады.
49. Коллекциялық қару иесiнiң қаруды тек қана коллекциялауға ішкi iстер органының лицензиясы бар адамның меншiгiне тапсыруға құқығы бар.
50. Коллекциялық қару ұрланған немесе жоғалған жағдайда иесi коллекциялауға лицензия берген аумақтық iшкi істер органына дереу мәлiмдеуге мiндеттi.
51. Экспонаттауға лицензиясы бар заңды және жеке тұлғалар көрме, сауда көрмесi немесе аукцион ұйымдастырылған кезде:
1) үй-жайды жалға алу, қару мен патрондарды экспонаттау тәртібі, олардың сақталуын қамтамасыз ету туралы шарт жасауға;
2) шетелдiк қатысушылар үшiн Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлігінен оларға тиесілi қаруды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасынан әкету, сондай-ақ оны тасымалдауға рұқсат алуға;
3) көрме немесе аукцион өтетiн жердегi iшкi iстер органына, олармен келiсу үшiн, экспонаттау жоспарлары мен экспозицияларды орналастыру сызбасын ұсынуға, сондай-ақ көрме немесе аукцион өткізу кезеңiне осы Ережемен бекітілген тәртiпте қару мен оның патрондарын сақтау үшiн рұқсат алуға;
4) экспонатталушы қару мен патрондар орналастырылған және сақталатын жерлерге бөтен адамдардың рұқсатсыз енуiне жол бермеуге;
5) қару мен патрондарды ашық сөрелер мен стендiлерде орналастырған жағдайда көрме немесе аукцион жұмысы аяқталғаннан кейiн күн сайын қару мен патрондардың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптарға сәйкес қару мен патрондарды жабдықталған үй-жайларға сақтау үшiн тапсыруға мiндеттi.
Жауынгерлiк қол атыс қаруы мен патрондарын коллекциялаудың және экспонаттаудың лицензиялары заңнамамен белгiленген тәртiпте берiледi.
14. Жөндеу шеберханасындағы азаматтық және қызметтiк
қаруды есепке алудың тәртібі
ҚР Үкіметінің 2008.18.11. № 1068 Қаулысымен 52-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
52. Қару жөндеу шеберханасын ашуға лицензия беруге жауапты адам және шеберханада жұмыс істейтін адамдар туралы (тегi, аты, әкесiнің аты, туған күнi мен жерi, тұрғылықты мекен-жайы) мәлiметтер көрсетiлген шеберхананы ашушы ұйым басшысының өтiнiшi негiз болып табылады. Өтiнішке комиссияның үй-жайды қабылдап алу туралы актісі қоса тiркеледi.
Yй-жайдың қару жөндеу шеберханасы ретiнде жұмыс iстеуге жарамдылығын құрамында iшкi iстер органдарының, мемлекеттік өртке қарсы қызмет, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарының және шеберхананы ашушы ұйымның өкiлдерi бар комиссия анықтайды.
53. Осы Ереженiң 7-8-тармақтарында жазылған талаптарға жауап беретiн арнайы жабдықталған үй-жайлар болған кезде қаруды қару жөндеу шеберханасында сақтауға жол берiледi.
54. Қаруды (оның ішінде аңшылық қаруларды) жөндеуге:
1) ішкі істер органының қаруды сақтауға, сақтау мен алып жүруге рұқсаты және жеке басын куәландыратын құжаттары болғанда - азаматтардан;
2) қарудың сақталуына жауапты адамда қаруды сақтауға ішкі істер органының рұқсаты, ұйым басшысының ілеспе хаты, сенімхат және жеке басын куәландыратын құжаты болғанда - ұйымдардан қабылдау жүргізіледі.
Ескерту. Тіркелмеген қару жөндеуге тапсырылған жағдайда шеберхана әкiмшiлігі осы қаруды тапсырған адам туралы iшкi iстер органына дереу хабарлайды.
55. Қару шеберханасында жөндеуден өткеннен кейiн қару:
1) шеберхананың түбіршегi, қаруды сақтауға немесе сақтау мен жүруге iшкi iстер органының рұқсаты және жеке басын куәландыратын құжаты болғанда - азаматтарға;
2) шеберхананың түбіршегi, қаруды сақтауға iшкi iстер органының рұқсаты, сенiмхат және жеке басын куәландыратын құжаты болғанда - ұйым өкiлдерiне берiледi.
Ескерту. Ойық ұңғылы қарудың iз қалдыратын бөлiктерi жөндеуден өткен жағдайда тексеру атысын жүргiзу үшiн міндеттi түрде iшкі істер органдарын хабардар ету қажет.
56. Жөндеуге қару тапсырған қару иесiнiң немесе ұйым өкiлiнің тапсырысты орындау түбіршегiнде көрсетiлген мерзiм еткеннен кейін отыз күн iшiнде келмеген жағдайда қару тиiстi тексерулердi жүзеге асыру үшiн аумақтық iшкi iстер органына тапсырылады.
57. Жөндеуге келiп түсетiн қаруды есепке алу үшiн қару жөндеу шеберханасында нөмiрленген, бау өткiзiлген және шеберхананың жұмыс iстеуiне рұқсат берген iшкi iстер органының "Лицензиялық-рұқсат ету жүйесi" деген белгiсi бар арнайы мөрi басылған есепке алу кiтабы жүргiзiледi.
ҚР Үкіметінің 2007.29.12 № 1370 Қаулысымен 58-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
58. Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын, суық қаруды, сондай-ақ газды қару мен оның патрондарын жасауға лицензиясы бар заңды тұлғалар мыналарды жүзеге асырады:
а) қарудың немесе патрондардың жаңа үлгiлерi мен модельдерiн жасаумен байланысты зерттеудi;
б) тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстар жүргiзу процесiнде қарудың немесе патрондардың жаңа үлгiлерi мен модельдерiнiң тәжiрибелік үлгiлерiн әзiрлеудi, сондай-ақ қаруды немесе патрондарды өндіруге ғылыми-техникалық құжаттар әзiрлеудi және сараптауды;
в) қарудың немесе патрондардың техникалық сипаттамаларын (қасиеттерін) анықтау үшiн, қызметтiң шекті мерзiмдерi мен пайдалану қауіпсіздігін белгiлеу үшiн оларды сынақтан өткізудi;
г) қару немесе патрондар жасап шығаруды, оның iшiнде қаруды құрастыруды және атыс қаруының негiзгi бөлiктерiн немесе патрондардың құрамдас бөлiктерiн (гильзаларды, капсюльдердi, оқ-дәрiнi, оқтарды, бытыралар мен картечтердi) жасауды, патрондарды құрастыру мен жарақтауды;
д) қарудың негiзгi бөлiктерiне конструкциясы жағынан өзгерістер енгізусiз және оның техникалық сипаттамаларын сақтай отырып, қаруды көркемдеп әрлеудi жүзеге асырады. Қаруды көркемдеп әрлеу кезінде қымбат металдар, қымбат және жартылай қымбат тастар, сондай-ақ қарудың нақты моделiн дайындауға қажеттi материалдар мен технологиялар қолданылуы мүмкiн;
е) қару жөндеудi, оның iшінде детальдарының ақауларын жою немесе оларды айырбастау арқылы оны жұмыс iстеу күйiне келтiрудi, сондай-ақ қарудың сыртқы түрi мен көркемдеп әрлеу элементтерiн қайта қалпына келтiрудi жүзеге асырады. Қарудың iз қалдыратын бөлiктерi жөнделген жағдайда тексеру атысын жүргiзу үшiн iшкi iстер органдарына хабарлау қажет.
Заңды тұлғалар қару мен патрондар өндiруге бақылау жасауды жүзеге асыруға, жұмыс өндірiсiмен байланысты қауiпсiздiктi, шығарылатын өнiмнiң тиiстi сапасын, оның есебi мен сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
59. Қару мен оның патрондарын өндiруге лицензиясы бар заңды тұлғаларға:
а) лицензияда көзделмеген қарудың немесе патрондардың түрлерi мен үлгiлерiн өндiрудi жүзеге асыруға;
б) импорттаушы елдердiң талаптарына жауап беретiн техникалық шарттарға сәйкес тек экспорттау үшiн ғана өндiрiлетiн қаруға немесе патрондарға Қазақстан Республикасының аумағында айналымда болатын осындай қарудың немесе патрондардың таңбалануын беруге тыйым салынады.
Жауынгерлiк қол атыс қаруы мен оның патрондарын өндiру лицензиясы заңнамада белгiленген тәртiппен берiледi.
15. Дүкендердегi азаматтық және қызметтiк қаруды
есепке алудың тәртібі
ҚР Үкіметінің 2007.29.12 № 1370 Қаулысымен 60-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
60. Дүкендерде бір жәшiктен аспайтын (50 кг) түтiндi оқ-дәрiнi, бір жәшiктен аспайтын (50 кг) түтінсiз оқ-дәрiнi және 15 000 дана жарақталған аңшылық патрондарын сақтауға рұқсат берiледi. Жекелеген жағдайларда, дүкеннiң құрылысы мен орналасуына қарай, оқ-дәрiлер мен жабдықталған патрондардың көрсетiлген шекті саны ішкi iстер органдарымен және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен келісім бойынша азайтылуы немесе көбейтiлуi мүмкiн.
Азаматтық және қызметтік қаруды, оның патрондарын сату жөніндегі дүкендерді ашуға және жұмыс істеуге осы Ереженің 7 және 9-тармақтарында баяндалған талаптарға сәйкес жабдықталған оларды сақтауға арналған үй-жай болғанда ғана рұқсат етіледі.
61. Дүкеннің сауда жасау үй-жайындағы сөрелердің артына екі шкаф: біреуі оқ-дәріні, ал екіншісі капсюльдер мен жабдықталған патрондарды сақтау үшін орнатылуы тиіс. Оқ-дәріні капсюльдермен немесе жабдықталған патрондармен бірге бір шкафта сақтауға тыйым салынады. Оқ-дәрі сөреге капсюльдермен бірге тек қана сатып алушыға беру үшін қойылады. Дүкен жабылғаннан кейін сауда залында атыс қаруын қалдыруға қатаң тыйым салынады.
62. Азаматтар немесе ұйымдардың өкілдері қаруды комиссиялық сатуға ішкі істер органдарының жолдамасы мен жеке басын куәландыратын құжаттары бойынша тапсырады. Қаруды комиссиялық сатуға көрсетілген жолдамасыз тапсырған жағдайда дүкен әкімшілігі оны қабылдап алады және қаруды тапсырған адам туралы мәліметтерді көрсете отырып, iшкi iстер органдарына тапсырады. Қаруды комиссиялық сатуға қабылдап алу туралы квитанцияны азамат қаруды сақтау рұқсатымен бірге оны тiркеген iшкi iстер органына он күндiк мерзімде ұсынады. Қарудың сатылғаны туралы хабарламаны алғаннан кейiн iшкi істер органы оны есептен шығарады.
ҚР Үкіметінің 11.11.03 ж. № 1127 қаулысымен 63-тармақ толықтырылды (бұр. ред. қара)
63. Дүкендерде атыс және газды қарудың патрондары:
қарудың тиiстi түрлерiн сақтауға немесе сақтау мен алып жүруге ішкі істер органдарының рұқсатын көрсеткенде - жеке тұлғаларға;
Жеке тұлғаларға аңшылық оқ-дәрі атыс қаруын сақтау немесе сақтау мен алып жүру құқығына рұқсатын көрсеткеннен кейiн берiледi. Сатылған оқ-дәрінiң салмағы аңшылық куәлікке және есепке алу кiтабына жазылады.
қарудың тиiстi түрлерiн сатып алуға ішкi iстер органының лицензиясы мен сақтауға рұқсатын, сенiмхатты және қарудың сақталуына жауапты адамның жеке басын куәландыратын құжаттарды көрсеткенде - заңды тұлғаларға сатылады.
ҚР Үкіметінің 11.11.03 ж. № 1127 қаулысымен 64-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
64. Азаматтық және қызметтiк қарумен және оның патрондарымен сауда жасайтын ұйымдарда келiп түсетiн және сатылған қарудың және оның патрондарының нөмірленген, бау өткiзiлген және аумақтық ішкi iстер органының "Лицензиялық-рұқсат ету жүйесi" деген бедерi бар арнайы мөрі басылған кітаптар бойынша есеп жүргiзiлуi тиiс. Сатылған қарудың және оның патрондарының маркасы, калибрi, нөмiрi атыс және газ қаруын сатып алу лицензиясының немесе рұқсатының төлқұжатына және есепке алу кiтабына, сатылған аңшылық пышақтың нөмiрi - сатып алушының аңшылық куәлігіне жазылады. Лицензияның немесе рұқсаттың төлқұжаты мен аңшылық куәлігінде көрсетiлген жазбалар сатушының қол қоюымен және дүкеннің осы заттарды сату күні көрсетiлген мөртаңбасымен расталады.
ҚР Үкіметінің 11.11.03 ж. № 1127 қаулысымен (бұр. ред. қара) ; ҚР Үкіметінің 2007.29.12 № 1370 Қаулысымен (бұр. ред. қара) 65-тармақ өзгертілді
65. Қарумен және оның патрондарымен сауда жасауды жүзеге асыратын ұйымдар:
1) тек қана сәйкестікті растау жөніндегі органның сәйкестiк сертификаты бар қару мен оның патрондарын сатуға;
2) иемденіп алынатын және сатылатын қарудың есебін, сондай-ақ 10 жыл бойы есептік құжаттаманың сақталуын қамтамасыз етуге;
3) Мемлекеттік оқ-гильза қоймасына сатылатын қызметтiк және азаматтық ойықты атыс қаруынан атылған оқтар мен гильзаларды ұсынуға міндетті.
Отандық қарудың тексеру атыстарын дайындап шығарушы кәсiпорындардың зауыттық паспорттарына тиiстi жазбалар енгізу арқылы жүргізіледі.
Шетелдік қарудың тексеру атыстарын iшкi iстер органдары жүргізеді. Оларды жүргізу үшiн ұйым патрондардың қажеттi санын ұсынады, қаруды атыс жүргiзiлетiн жерге тасымалдауды қамтамасыз етеді;
4) сатып алынған және сатылған қызметтiк және азаматтық қару және оны сатып алушылар туралы мәлiметтердi қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті орган белгiлеген тәртіппен ай сайын iшкi iстер органына ұсынуға;
5) қарудың сақталуын және оны сақтау қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге;
6) қызметкерлерiнiң қару айналымы туралы заңдарды бiлуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
7) жыл сайын есептіден кейінгі жылдың 10 қаңтарынан кешіктірмей белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне әкелінген және өткізілген қару туралы жылдық есеп береді.
66. Лицензия ұсынбаған заңды тұлғаларға және қарудың бұл түрiн сатып алу рұқсатын ұсынбаған жеке тұлғаларға қару сатуға, сондай-ақ нөмiрi мен таңбасы жоқ қаруды не стандартқа сәйкестiк белгiсi жоқ патрондарды сатуға тыйым салынады.
67. Азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарының саудасына лицензиясы бар заңды тұлғаларға спорт, аң және балық аулау құрал-жабдықтары мен қарудың қосалқы бөлшектерiн қоспағанда, бір сауда залында қару мен өзге де тауар түрлерiн қатар сатуға тыйым салынады.
68. Азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарын сатуға берiлген лицензия азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарын сату үшiн құрылған заңды тұлғалардың филиалдарын ашуға құқық бермейдi.
69. Қаруды сақтау, пайдалану және сату ережелерiн бұзу анықталған жағдайда iшкi iстер органдарының қару сақталатын үй-жайларды мөрлеуге, ал қажет болған жағдайда анықталған кемшiлiктер жойылғанға дейiн ұйымның жұмысын тоқтата тұруға құқығы бар.
70. Қазақстан Республикасының аумағында азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарының саудасын:
а) Қарулы Күштер, басқа әскерлер мен әскери құрамалар, арнаулы органдар;
б) ерекше жарғылық мiндеттерi бар заңды тұлғалар;
в) қаруды коллекциялаумен немесе экспонаттаумен айналысатын заңды және жеке тұлғалар;
г) спорттық ұйымдар және аңшылық кәсiпшiлiгiн жүргiзетiн ұйымдар:
д) білім беру мекемелерi;
ж) Қазақстан Республикасының азаматтары;
е) шетелдiктер заңнамада белгiленген тәртiппен жүзеге асырады.
71. Қарулы Күштердiң, басқа әскерлер мен әскери құрамалардың, арнаулы органдардың өздерiнiң қарамағындағы азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарын қарумен сауда жасауға лицензиясы бар заңды тұлғаларға белгiленген тәртiппен сатуға құқығы бар.
72. Осы Ереженiң 70-тармағының "б" - "е" тармақшаларында көрсетiлген субъектiлер өз қарамағында заңды негiзде болатын қару мен патрондарды көрсетiлген қарудың есепке алынған жеріндегі iшкi iстер органдарына ол туралы алдын ала хабарлау арқылы қарумен сауда жасауға лицензиясы бар заңды тұлғаларға сата алады.
73. Қазақстан Республикасының азаматтарының қаруды сақтауға немесе сақтау мен алып жүруге рұқсат берген iшкi iстер органының жолдамасы бойынша өздерiнiң жеке меншiк құқығында заңды негiзде болатын қаруды:
а) өзіне қаруды сақтауға немесе сақтау мен алып жүруге рұқсат берген iшкi iстер органдарына алдын ала хабарлау арқылы - қаруды сатуға, коллекциялауға немесе экспонаттауға лицензиясы бар заңды тұлғаларға не Қарулы Күштерге, басқа әскерлер мен әскери құрамаларға, арнаулы органдарға;
б) қаруды есепке алу жеріндегі iшкi iстер органдарында қайта тiркеуден кейiн - қаруды сатып алуға рұқсаты бар азаматтарға сатуға құқығы бар.
74. Қазақстан Республикасының аумағында:
а) iшкi iстер органдарында тiркелмеген не пайдалануға техникалық жағынан жарамсыз қару мен патрондарды;
б) нөмiрi мен таңбасы жоқ қаруды не стандартқа сәйкестiк белгiсi жоқ патрондарды;
в) мемлекеттік оқ-гильза қоймасына атылған оқтар мен гильзаларды ұсыну арқылы тексеру атыстары өткiзiлмеген ойық ұңғылы атыс қаруын;
г) уақытша пайдалануға алынған қару мен патрондарды;
д) кеден бақылауында болатын қару мен патрондарды;
е) азаматтардың жеке пайдалануы үшiн жарақталған тегiс ұңғылы аңшылық атыс қаруының патрондарын сатуға тыйым салынады.
Жауынгерлiк қол атыс қаруы мен оның патрондарын сату заңнамада белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
16. Азаматтық қару мен оның патрондарын сатып алудың,
есепке алудың, сақтаудың, алып жүрудiң, тасымалдаудың,
алып қоюдың және жою тәртібі
75. Қазақстан Республикасының 18 жасқа толған азаматтарының тұрғылықты жеріндегі iшкi iстер органынан қарудың нақты түрiн сатып алуға рұқсат алғаннан кейін азаматтық қаруды сатып алуға құқығы бар.
ҚР Үкіметінің 2007.29.12 № 1370 Қаулысымен 76-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
76. Азаматтық атыс қаруын, газды тапаншалар мен револьверлерді, сондай-ақ үрлемелi қуаты 7,5 Дж-дан асатын, 25 Дж-ға дейiнгi аңшылық пневматикалық қаруды азаматтар тек қана iшкi iстер органдарының рұқсаттары бойынша сатып алады.
Ескерту. Сұқпалы аңшылық суық қару ("Пайдалану құқығынсыз уақытша сақтауға" дегеннен басқа) сақтау мен алып жүруге рұқсаттар бойынша сатып алынады және аңшылық куәлігіне жазылады.
Қазақстан Республикасының азаматтарының белгі беру қаруын, электр қаруын, механикалық шашыратқыштарды, көзден жас ағызатын немесе тiтiркендiргiш заттармен жабдықталған аэрозолдық және басқа да құрылғыларды, үрлемелi қуаты 7,5 Дж-дан аспайтын және калибрi 4,5 мм-ге дейiнгi пневматикалық қаруларды қоса алғанда, iшкi iстер органдарының рұқсатынсыз сатып алуға құқығы бар.
ҚР Үкіметінің 2007.29.12 № 1370 Қаулысымен 77-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
77. Ойық ұңғылы аңшылық атыс қаруын (аңшылық карабиндерін, винтовкаларды, құрастырылған мылтықтарды) сатып алуға, сақтау мен алып жүруге рұқсатты ішкі істер органдары белгіленген тәртіппен аң аулауға құқық берілген меншігінде кемінде бес жыл тегіс ұңғылы ұзын ұңғылы аңшылық атыс қаруы бар Қазақстан Республикасының азаматтарына береді.
Ойық ұңғылы аңшылық атыс қаруын сатып алудың, сақтау мен алып жүрудiң рұқсатына Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрi, оның орынбасарлары, ІІД бастықтары қол қояды.
ҚР Үкіметінің 2007.29.12 № 1370 Қаулысымен 78-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
78. Iшкi iстер органдарынан ойық ұңғылы аңшылық атыс қаруын сатып алуға рұқсат алу үшiн Қазақстан Республикасының азаматтары мынадай құжаттарды:
1) толтырылған карточка-өтiнiштi;
2) аңшылық куәлікті (аң аулау құқығын беретiн мемлекеттік баж төленгенi туралы белгiсi бар);
3) көру қабiлетiнiң бұзылуына, психикалық ауруға, алкоголизмге , нашақорлыққа немесе уытқұмарлыққа байланысты қару ұстауға қарсылық жоқ екенi туралы медициналық қорытындыны;
4) Қазақстан Республикасының азаматтығын растайтын құжаттың көшірмесін;
5) қаруды қауiпсiз ұстаудың ережелерiн бiлетiндiгiн тексеру туралы анықтаманы;
6) тегiс ұңғылы аңшылық қару бұл адамның заңды иелiгiнде кемiнде үш жыл болғандығын растайтын, iшкi iстер органы берген қаруды сақтау мен алып жүруге рұқсаттың көшiрмесiн ұсынады.
ҚР Үкіметінің 2007.29.12 № 1370 Қаулысымен 79-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
79. Қаруды сақтауға немесе сақтау мен алып жүруге рұқсаты бар адамдарды қоспағанда, аңшылық пневматикалық қару, жарақат салатын, газбен және сәуле-дыбыспен әсер ететін патрондары бар ұңғысыз атыс қаруы, тегiс ұзын ұңғылы атыс қаруын, газды тапаншалар мен револьверлерді алғаш рет иемденушi адамдар iшкi iстер органына:
1) толтырылған карточка-өтiнiштi;
2) көру қабiлетiнiң бұзылуына, психикалық ауруға, алкоголизмге , нашақорлыққа немесе уытқұмарлыққа байланысты қару ұстауға қарсылық жоқ екенi туралы медициналық қорытындыны;
3) Қазақстан Республикасының азаматтығын растайтын құжаттың көшірмесін;
4) қаруды қауiпсiз ұстаудың ережелерiн бiлетiндiгiн тексеру туралы анықтаманы ұсынады.
Ескерту. Лицензиялық-рұқсат ету жүйесiнiң қызметкерлерi "Жекелеген қару түрлерi айналымын мемлекеттік бақылау туралы" Қазақтан Республикасының Заңына сәйкес азаматтық қаруды сатып алуға рұқсат бергенде, сақтауға немесе сақтау мен алып жүруге рұқсат мерзiмiн ұзартқанда міндеттi түрде Құқықтық статистика және ақпарат орталығының деректерi бойынша азаматтардың тұрғылықты жерінде атыс қаруының сақталу жағдайларын, сотты болуын, Автоматтандырылған деректер банкінің деректерi бойынша ойық ұңғылы атыс қаруларының бақылау оқтары мен гильзаларының болуын және уақытылы ауыстырылуын (тексеру атысының қайталану кезеңi - 5 жылда бір рет) тексередi.