9) кедендік декларация - белгіленген нысан бойынша жасалған, тауарлар туралы, таңдалған кедендік рәсім туралы мәліметтерді және тауарларды шығару үшін қажетті өзге де мәліметтерді қамтитын құжат;
10) кедендік инфрақұрылым - кеден органдарының жұмыс істеуіне жағдай жасайтын, сондай-ақ кеден органдарының лауазымды адамдарына әлеуметтік қызмет көрсетуге арналған ғимараттардың, құрылғылардың және құрылыстардың жиынтығы;
11) кеден одағының кедендік аумағына тауарларды әкелу - тауарларды халықаралық почта жөнелтімдерімен жіберуді, кеден органдары шығарғанға дейін құбыржол көлігін және электр беру желілерін пайдалануды қоса алғанда, нәтижесінде олар кез келген тәсілмен кеден одағының кедендік аумағына келген, кеден одағының кедендік шекарасынан өткізуге байланысты іс-әрекеттерді жасау;
12) кеден одағының кедендік аумағынан тауарларды әкету - тауарларды халықаралық почта жөнелтімдерімен жіберуді, кеден одағының кедендік шекарасынан іс жүзінде өткізілгенге дейін құбыржол көлігін және электр беру желілерін пайдалануды қоса алғанда, кез келген тәсілмен кеден одағының кедендік аумағынан әкетуге бағытталған іс-әрекеттерді жасау;
13) кеден одағының кедендік шекарасынан өту - адамның кеден одағының кедендік аумағынан шығуға, кеден одағының кедендік аумағына кіруге тікелей бағытталған іс-әрекеті және (немесе) адамның кедендік бақылау аймағында болуы, сондай-ақ тауарлар мен көлік құралдарын кеден одағының кедендік шекарасынан іс жүзінде өткізу;
14) Кеден одағының комиссиясы - кеден одағының тұрақты жұмыс істейтін бірыңғай реттеуші органы;
15) кеден одағына мүше мемлекеттің тұлғасы - кеден одағына мүше мемлекетте тұрақты тұратын жері бар жеке тұлға, оның ішінде кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес тіркелген дара кәсіпкер; заңды тұлға, сондай-ақ кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлға болып табылмайтын құрылым;
16) кеден органының қызмет аймағы - оның шегінде кеден органы кедендік бақылаудағы халықаралық тасымалдың тауарлары мен көлік құралдарына қатысты кедендік бақылауды жүзеге асыратын аумақ;
17) кедендік рәсім - тауарларды кеден одағының кедендік аумағында немесе оның шегінен тыс жерде пайдалану және (немесе) оған билік ету талаптары мен шарттарын кеден мақсаттары үшін айқындайтын нормалардың жиынтығы;
18) кедендік декларациялау - декларанттың кеден органына тауарлар туралы, таңдалған кедендік рәсім туралы мәліметтерді және (немесе) тауарларды шығару үшін қажетті өзге де мәліметтерді мәлімдеуі;
19) кедендік құжаттар - кедендік мақсаттар үшін ғана жасалатын құжаттар;
20) кедендік операциялар - кеден одағының және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамаларын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында тұлғалар мен кеден органдары жасайтын іс-әрекеттер;
21) кедендік төлемдер - кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тауарлардың өткізілуіне байланысты осы Кодекске сәйкес төлеушінің бюджетке төлеуіне жататын кедендік әкелу мен әкету баждары, кедендік алымдар;
22) кеден одағының кедендік аумағы - кеден одағының бірыңғай кедендік аумағы, оны кеден одағына мүше мемлекеттердің аумақтары, сондай-ақ кеден одағына мүше мемлекеттердің айрықша экономикалық аймақтары және құрлықтық қайраңдары, жасанды аралдар, қондырғылар, құрылыстар және және оларға қатысты кеден одағына мүше мемлекеттер айрықша юрисдикцияға ие өзге де объектілер құрайды;
23) Кеден одағының кеден кодексі - 2009 жылғы 27 қарашада Минск қаласында Кеден одағының кеден кодексі туралы шартпен қабылданған халықаралық нормативтік құқықтық акт;
24) Кеден одағының кедендік шекарасы - кеден одағына мүше мемлекеттердің айрықша экономикалық аймақтарындағы және құрлықтық қайраңдарындағы жасанды аралдардың, қондырғылардың, құрылыстардың және оларға қатысты кеден одағына мүше мемлекеттер айрықша юрисдикцияға ие өзге де объектілердің шектерін қоса алғанда, кеден одағы кедендік аумағының шектері;
25) кеден одағының тауарлары - кеден одағының кедендік аумағындағы:
толығымен кеден одағына мүше мемлекеттердің аумақтарында өндірілген;
кеден одағының кедендік аумағына әкелінген және осы Кодекске және (немесе) кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына сәйкес кеден одағының тауарлары мәртебесін алған;
кеден одағына мүше мемлекеттердің аумақтарында осы тармақшаның екінші және үшінші абзацтарында көрсетілген тауарлардан және (немесе) шетелдік тауарлардан жасалған және осы Кодекске және (немесе) кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына сәйкес кеден одағының тауарлары мәртебесін алған тауарлар;
26) кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттары - кеден одағының шарттық-құқықтық базасын құрайтын халықаралық шарттар;
27) кеден өкілі - кеден одағының кеден заңнамасына және осы Кодекске сәйкес декларанттың немесе өзге мүдделі тұлғаның атынан және тапсырмасы бойынша кедендік операцияларды жасайтын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы;
28) кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлға - кеден өкілдерінің; кедендік тасымалдаушылардың; уақытша сақтау қоймалары, еркін қоймалар, кеден қоймалары, бажсыз сауда дүкендері иелерінің тізіліміне енгізілген заңды тұлға;
29) коммерциялық құжаттар - шот-фактура (инвойс), арнайы тізбелер, тиеу және орау парақтары мен сыртқы сауда және өзге де қызметті жүзеге асыру кезінде, сондай-ақ тауарларды кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізуге байланысты мәмілелерді жасауды растау үшін пайдаланылатын басқа да құжаттар;
30) көліктік (тасымалдау) құжаттар - коносамент, жүк құжаты немесе тауарларды тасымалдау шартының бар екенін растайтын және мұндай тасымалдау кезінде оларға ілесіп жүретін өзге де құжат;
31) көлік құралдары - кез келген су кемесін, әуе кемесін, автомобиль көлік құралын, тіркемені, жартылай тіркемені, теміржол көлік құралын (теміржол қозғалмалы құрамы, теміржол қозғалмалы құрамының бірлігі) немесе оларға арналған техникалық паспорттармен немесе техникалық формулярлармен көзделген қосалқы бөлшектері, керек-жарақтар мен жабдықтары, егер олар көрсетілген көлік құралдарымен бірге тасымалданатын болса, олардың конструкциясында көзделген май құю ыдыстарындағы жанар-жағармай материалдары, салқындату және өзге де техникалық сұйықтар бар контейнерді қамтитын тауарлар санаты;
32) қазақстандық тұлға - Қазақстан Республикасының азаматы, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын жері бар, азаматтығы жоқ адам, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасында тіркелген дара кәсіпкер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлға;
33) қылмыстар және әкімшілік құқық бұзушылықтар - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олар бойынша кеден органдары қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын қылмыстар және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кеден органдары әкімшілік процесс жүргізетін (іс жүргізуді жүзеге асыратын) әкімшілік құқық бұзушылықтар;
34) межелі кеден органы - қызмет өңірінде жөнелтуші кеден органы белгілеген тауарларды жеткізу орны бар не кедендік транзит кедендік рәсімін аяқтайтын кеден органы және (немесе) кеден одағына мүше мемлекеттің өзге де кеден органы;
35) мынадай:
қосалқы бөлшектер мен жабдықтарды қоспағанда, су кемелерін, әуе кемелерін және поездарды жүру жолында немесе аралық аялдама не тұрақ пункттерінде қалыпты пайдалануды қамтамасыз ету және техникалық қызмет көрсету үшін қажетті;
осы керек-жарақтардың сатылуына немесе сатылмауына қарамастан, өздігінен жүретін және өздігінен жүрмейтін лихтерлер мен баржаларды (бұдан әрі - су кемелері) қоса алғанда, теңіз (өзен) кемелерінің, ішкі суларда жүзетін кемелердің, «өзен-теңіз» суларында жүзетін кемелердің, су асты қанаттары бар кемелердің, ауа жастығындағы кемелердің және шағын көлемді кемелердің, әуе кемелерінің бортында жолаушылар мен экипаж мүшелерінің немесе поездарда жолаушылар мен поезд бригадасы қызметкерлерінің тұтынуына арналған;
су кемелерінің, әуе кемелерінің бортында тұтыну мақсатынсыз, осы кемелердің жолаушылары мен экипаж мүшелеріне сатуға арналған керек-жарақтар - тауарлар;
36) мүдделі тұлғалар - тауарларға қатысты мүдделері кеден органдарының шешімдерімен, іс-әрекеттерімен (әрекетсіздігімен) тікелей және жеке қозғалатын тұлғалар;
37) өткізу пункті - теміржол, автомобиль, су не әуе қатынасының шегінде орналасқан, адамдарды, тауарлар мен көлік құралдарын кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізуге арналған, кедендік инфрақұрылымы бар, Қазақстан Республикасының Үкіметі және (немесе) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен белгіленген кеден одағы кедендік шекарасының Қазақстан Республикасының аумағындағы учаскесі;
38) почта операторы - Қазақстан Республикасының почта туралы заңнамасына және Дүниежүзілік почта одағының актілеріне сәйкес почта қызметі саласында қызмет көрсетуге құқығы бар Қазақстан Республикасының тұлғасы;
39) салықтар - тауарларды кеден одағының кедендік аумағына әкелу кезінде кеден органдары өндіріп алатын қосылған құн салығы және акциз (акциздер);
40) тарифтік емес реттеу шаралары - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында, Кеден одағы комиссиясының шешімдерінде және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес қабылданған Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген сандық және экономикалық сипаттағы өзге де тыйым салу мен шектеулерді енгізу жолымен жүзеге асырылатын тауарлармен сыртқы сауданы реттеу шараларының кешені;
41) тасымалдаушы - тауарларды және (немесе) жолаушыларды кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тасымалдауды және (немесе) кеден одағының кедендік аумағы шегінде кедендік бақылаудағы тауарларды тасымалдауды жүзеге асыратын немесе көлік құралдарын пайдаланғаны үшін жауапты болып табылатын тұлға;
42) тауар - кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін кез келген жылжымалы мүлік, оның ішінде ақпарат жеткізгіштер, кеден одағына мүше мемлекеттердің валютасы, бағалы қағаздар және (немесе) валюталық құндылықтар, жол чектері, электр энергиясы және энергияның өзге де түрлері, сондай-ақ жылжымайтын мүлікке теңестірілген өзге де өткізілетін заттар;
43) тауарларды алушы - тасымалдаушы кедендік бақылаудағы тауарларды жеткізуге міндетті болатын, тауарлардың ілеспе құжаттарында көрсетілген тұлға;
44) тауарларды кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу - тауарларды кеден одағының кедендік аумағына әкелу немесе тауарларды кеден одағының кедендік аумағынан әкету;
45) тауарларды шығару - кеден органдарының мүдделі тұлғаларға тауарларды мәлімделген кедендік рәсім талаптарына сәйкес немесе осы Кодекске сәйкес кедендік рәсімдермен орналастыруға жатпайтын тауарлардың жекелеген санаттары үшін белгіленген шарттарға сәйкес пайдалануға рұқсат беретін әрекеті;
46) тауарларды кеден одағының кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу - тауарларды кеден одағының кедендік шекарасы арқылы белгіленген жерлерден тыс немесе осы жерлердегі кеден органдары жұмысының белгіленбеген уақытында, не кедендік бақылаудан жасырып, не тауарларды дұрыс декларацияламай немесе декларацияламай, не тауарлар туралы дұрыс емес мәліметтер бар құжаттарды пайдалана отырып және (немесе) жалған не басқа тауарларға жататын сәйкестендіру құралдарын пайдалана отырып өткізу, сол сияқты осылай өткізуге тырысу;
47) тауарларға ілеспе құжаттар - кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларға арналған коммерциялық және көлік құжаттары;
48) тауар партиясы - кеден органына бір немесе бірнеше көлік құжаты бойынша бір мезгілде ұсынылатын және бір жүк жөнелтушіден бір жүк алушының атына жолданатын тауарлар, сондай-ақ бір почта жүкқұжаты бойынша жөнелтілетін не багаж ретінде бір тұлға өткізетін тауарлар;
49) тұлға - жеке және (немесе) заңды тұлға, сондай-ақ, егер осы Кодекстен өзгеше туындамаса, заңды тұлға болып табылмайтын құрылым;
50) тыйым салу мен шектеу - тарифтік емес реттеу шараларын, тауарлармен сыртқы саудаға қатысты және ұлттық мүдделердің негізінде енгізілетін шараларды, тауарлармен сыртқы саудадағы тыйым салулар мен шектеулердің ерекше түрлерін, экспорттық бақылау, оның ішінде әскери мақсаттағы, техникалық реттеу өнімдеріне қатысты шараларды қамтитын кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларға қатысты қолданылатын шаралар кешені, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында, Кеден одағы комиссиясының шешімдерінде және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес қабылданған Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген санитарлық-эпидемиологиялық, ветеринариялық, карантиндік, фитосанитарлық және радиациялық талаптар;
2010.28.12. № 368-IV ҚР Заңымен 50-1) тармақшамен толықтырылды
50-1) уәкілетті заңды тұлға - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, төлеушінің билік етуі шектелген мүлкін өткізу саласындағы заңды тұлға;
51) халықаралық почта жөнелтімдері - кеден одағының кедендік аумағының шегінен тыс жерге жөнелту үшін қабылданған, кеден одағының кедендік аумағына келіп түсетін не осы аумақ арқылы транзитпен өтетін және Дүниежүзілік почта одағының актілерінде көзделген ілеспе құжаттары бар почта жөнелтімдері;
52) халықаралық тасымалдың көлік құралдары - жүктерді тиеу, түсіруге, өңдеуге және қорғауға арналған арнайы жабдығы, материалдық-техникалық жабдықтау және жарақтандыру заттары, сондай-ақ көлік құралын жүру жолында жөндеуге, оған техникалық қызмет көрсетуге немесе оны пайдалануға арналған қосалқы бөлшектері мен жабдығы бар, жүктерді, жолаушыларды және (немесе) багаждарды халықаралық тасымалдауды бастау және (немесе) аяқтау мақсатында кеден одағының кедендік аумағына әкелінетін немесе оның шегінен тыс жерге әкетілетін көлік құралдары;
53) шартты шығару − тауарларды пайдалану және билік ету жөніндегі шектеулерді сақтау шартымен тауарларды шығару;
54) шетелдік тауарлар - кеден одағының тауарлары болып табылмайтын тауарлар, сондай-ақ осы Кодекске сәйкес шетелдік тауарлар мәртебесін алған тауарлар;
55) шетелдік тұлға - кеден одағына мүше мемлекеттің тұлғасы болып табылмайтын тұлға;
56) экспресс-жүк - халықаралық почта жөнелтімдерімен жөнелтілетін тауарларды қоспағанда, ұйымның электронды ақпараттық жүйесін және дара жүкқұжатқа сәйкес мүмкін болатын ең аз және (немесе) бекітілген уақыт аралығы ішінде аталған тауарларды алушыға дейін жеткізу мақсатында тасымалдауды қадағалауды пайдалана отырып, жылдамдықпен тасымалдау шеңберінде көліктің кез келген түрімен тасымалданатын тауар.
2. Осы Кодекстің мақсаттары үшін өзге де ұғымдар осы Кодекстің тиісті баптарында айқындалған мағынада пайдаланылады.
3. Осы Кодексте пайдаланылатын Қазақстан Республикасы азаматтық және басқа салалары заңнамасының терминдері, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы заңнамасының осы салаларында олар қалай пайдаланылса, сол мағынада пайдаланылады.
5-бап. Кеден одағының және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленетін мерзімдерді есептеу тәртібі
1. Кеден одағының және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамаларында белгіленген мерзім күнтізбелік күнмен немесе жылдармен, айлармен, күндермен немесе сағаттармен есептелетін уақыт кезеңінің өтуімен айқындалады.
Мерзім болуға тиіс оқиға немесе жасалуға тиіс іс-әрекет көрсетіле отырып та айқындалуы мүмкін.
2. Егер кеден одағының және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында уақыт кезеңімен айқындалған мерзімнің басталуын және аяқталуын анықтау үшін мерзімдерді есептеудің арнайы тәртібі белгіленбесе, кеден одағының және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында осы баптың 3-8-тармақтарында көзделген ережелер қолданылады.
3. Уақыт кезеңімен айқындалған мерзімнің өтуі күнтізбелік күннен немесе оқиғаның болуы анықталған күннен кейінгі келесі күні басталады.
4. Жылдармен есептелетін мерзім мерзімнің соңғы жылының тиісті айы мен күнінде аяқталады.
5. Айлармен есептелетін мерзім мерзімнің соңғы айының тиісті күнінде аяқталады.
Егер айлармен есептелетін мерзімнің аяқталуы тиісті күні жоқ айға келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде аяқталады.
6. Егер мерзімнің соңғы күні жұмыс істемейтін күнге келетін болса, одан кейінгі жақын жұмыс күні мерзімнің аяқталу күні болып есептеледі.
7. Егер мерзім қандай да бір іс-әрекетті жасау үшін белгіленсе, ол мерзімнің соңғы күнінде сағат жиырма төртке дейін орындалуы мүмкін.
Бірақ, егер бұл іс-әрекет ұйымда жасалатын болса, онда мерзім осы ұйымда белгіленген ережелер бойынша тиісті операциялар тоқтатылған сағатта аяқталады.
Мерзімнің соңғы күнінде сағат жиырма төртке дейін почта операторына тапсырылған жазбаша мәлімдемелер және хабарламалар мерзімінде берілген деп есептеледі.
8. Мерзім жұмыс күндерімен есептелген жағдайда, жұмыс күндері деп Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс істемейтін күн деп жарияланған мереке күндеріне келмейтін аптаның дүйсенбіден жұмаға дейінгі күндері түсініледі.
Егер тауарларды кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу орындарында және кеден органдары орналасқан өзге орындарда кеден органдарының жұмыс уақыты болып жұмыс істемейтін күндер белгіленсе, осы кеден органдарының жұмыс күндерімен есептелетін кедендік операцияларды жасау мерзімі жұмыс істемейтін күндерді қамтиды.
2-тарау. Қазақстан Республикасының кеден органдары
6-бап. Қазақстан Республикасының кеден органдары жүйесі
1. Қазақстан Республикасының кеден органдары (бұдан әрі - кеден органдары) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасында кеден ісін жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді орындайтын мемлекеттік органдар болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының кеден органдары жүйесі:
1) кеден ісі саласындағы уәкілетті органнан;
2) кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық (облыстар, республикалық маңызы бар қала, астана бойынша) бөлімшелерінен;
3) кедендерден;
4) кеден бекеттерінен;
5) кеден одағының кедендік шекарасындағы бақылау-өткізу пункттерінен;
6) мамандандырылған кеден мекемелерінен тұрады.
3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен кедендік ақпараттық-есептеу орталығы, кедендік зертханалар, кинологиялық, оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу және басқа да мамандандырылған кеден мекемелері, жоғары кәсіби және қосымша білім беретін білім мекемелері, сондай-ақ қызметі осы Кодекске сәйкес кеден органдарына жүктелген міндеттерді шешуге жәрдемдесетін мемлекеттік кәсіпорындар құрылады.
4. Кеден органдарының кеден органдарына тән танымдық туы және танымдық белгісі болады.
Кеден органдарының танымдық туы мен танымдық белгісінің сипаттамасын және қолданылу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
2011.06.01. № 379-IV ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган қылмыстар профилактикасы, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын, қоғамның және мемлекеттің мүдделерін қорғау, халық тарапынан сенім мәселелеріне басымдық беріп, өкілді органдар мен жұртшылық беретін сыртқы бағалау тетіктерін айқындай отырып, сыбайлас жемқорлық деңгейінің рейтингтік бағасын енгізіп, есептілік және қызметті бағалау жүйесін жетілдіреді, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарымен ынтымақтастықтың әртүрлі нысандарын белгілейді.
7-бап. Кеден органдары қызметінің принциптері
Кеден органдарының қызметі:
1) заңдылық;
2) сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың және кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың құқықтарын, бостандығын және заңды мүдделерін қамтамасыз ету;
3) баршаның заң алдындағы теңдігі;
4) жариялылық принциптерінде құрылады.
8-бап. Кеден органдарының негізгі міндеттері
Кеден органдары кеден одағының кедендік аумағында мынадай негізгі міндеттерді шешуді:
1) кеден одағының бірыңғай сауда саясатын іске асыруға жәрдемдесуді;
2) орындалуын бақылау кеден органдарына жүктелген кеден одағының кеден заңнамасының, Қазақстан Республикасы кеден заңнамасының және өзге де заңнамасының орындалуын қамтамасыз етуді;
3) кедендік операциялар жасауды және кедендік бақылау жүргізуді, оның ішінде өзара әкімшілік көмек көрсету шеңберінде жүргізуді;
4) кедендік төлемдерді және салықтарды, сондай-ақ арнайы, демпингке қарсы және өтемдік баждарды өндіріп алуды, олардың есептелуінің дұрыстығын және уақтылы төленуін бақылауды, өз құзыреті шегінде оларды мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қабылдауды;
5) өз құзыреті шегінде кедендік-тарифтік реттеу шараларының, кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларға қатысты тыйым салулар мен шектеулердің сақталуын қамтамасыз етуді;
6) өз құзыреті шегінде кедендік реттеу саласында тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етуді және кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тауар айналымын жеделдету үшін жағдай жасауды;
7) өз құзыреті шегінде кеден одағына мүше мемлекеттердің ұлттық қауіпсіздігін, адам өмірі мен денсаулығын, жануарлар мен өсімдіктер әлемін, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі шараларды, сондай-ақ кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына сәйкес кеден одағына мүше мемлекеттердің валюталарын, бағалы қағаздарды және (немесе) валюталық құндылықтарды, жол чектерін кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізуге бақылауды жүзеге асыру кезінде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қамтамасыз етуді;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтауды, олардың алдын алуды және жолын кесуді;
9) өз құзыреті шегінде кеден одағының кедендік аумағында зияткерлік меншік құқығын қорғауды қамтамасыз етуді;
10) кедендік статистиканы жүргізуді;
11) Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеуді әзірлеуге қатысуды және іске асыруды;
12) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының егемендігі мен экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді;
13) кедендік декларациялау мен кедендік бақылауды жүзеге асыруды және жетілдіруді, сондай-ақ кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына қатысты кедендік операцияларды жүргізуді оңайлатуға ықпал ететін жағдайлар жасауды;
14) тауарларды шығарғаннан кейін кедендік бақылауды жүзеге асыруды, сондай-ақ берешектерді өндіріп алу жөнінде шаралар қабылдауды;
15) кеден ісі саласындағы Қазақстан Республикасы халықаралық міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуді және Қазақстан Республикасының кеден ісі саласындағы халықаралық шарттарын әзірлеуге қатысуды;
16) бірыңғай бюджет саясатын іске асыруға, кеден органдарының материалдық-техникалық және әлеуметтік базасын дамытуға қатысуды;
8-6аптың 17)-19) тармақшалары 2011 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді
17) кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде радиациялық бақылау жүргізуді;
18) кеден одағының кедендік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде көліктік және санитарлық-карантиндік бақылау жүргізуді;
19) кеден одағының кедендік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде ветеринарлық-санитарлық бақылау және өсімдіктер карантині бойынша бақылау органдарының қызметтерін үйлестіруді;
20) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес шет мемлекеттердің кеден органдарымен және өзге органдарымен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты;
21) осы Кодексте көзделген өзге де міндеттерді орындауды қамтамасыз етеді.
9-бап. Кеден органдарының құқықтары
Кеден органдары:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарынан және шет мемлекеттердің органдарынан, декларанттардан, кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардан және тексерілетін тұлғалардан қажетті ақпаратты, сондай-ақ кеден ісі саласына қатысты құжаттар мен мәліметтерді сұратуға және алуға;
2) кедендік бақылау жүргізу кезінде білімнің әр түрлі салаларының мамандарын тартуға;
3) кеден одағының кедендік аумағынан кеден органдарының рұқсатынсыз шығып кеткен көлік құралдарын тоқтатуға, сондай-ақ су және әуе кемелерін мәжбүрлеп қайтаруға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес соттарға талап қоюға;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кеден ісі саласында құқық бұзушылық, қылмыс жасаған немесе құқық бұзушылық, қылмыс жасаған деп күдік келтірілген адамдарды ұстауға және Қазақстан Республикасының кеден немесе өзге де органдарының қызметтік үй-жайларына жеткізуге;