мен әрекеттеріне (немесе әрекетсіздігіне) дау айту туралы іс бойынша іс жүргізу
27-тарауының нормаларын қолдануының кейбір мәселелері туралы ҚР Жоғарғы Сотының 2010.24.12. № 20 нормативтік қаулысын қара
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 278-бап өзгертілді
278-бап. Арыз беру
1. Азамат және заңды тұлға мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, қоғамдық бірлестіктің, ұйымның, лауазымды адамның, мемлекеттік қызметшінің шешіміне, әрекетіне (немесе әрекетсіздігіне) тікелей сотта дау айтуға құқылы. Жоғары тұрған органдар мен ұйымдарға, лауазымды адамға алдын ала жүгіну сотқа арыз беруге және соттың оны мәні бойынша қарауға қабылдауына және шешуіне міндетті шарт болып табылмайды.
2. Арыз сотқа осы кодекстің 3-тарауында белгіленген соттылық ережелері бойынша беріледі. Аудандық соттардың сотта іс қарауына жатқызылған арыздарды азаматтың тұрғылықты жеріндегі сотқа не әрекетіне дау айтылып отырған мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, қоғамдық бірлестіктің, ұйымның, лауазымды адамның, мемлекеттік қызметшінің орналасқан жеріндегі сотқа беріледі.
3. Арыз берушінің мемлекеттік құпия болып табылатын мәліметтер туралы хабардар болуының негізі бойынша Қазақстан Республикасынан шетелге кетуіне рұқсат беруден бас тартуға тиісті аудандық және кету туралы өтінішті қанағаттандырмау жөнінде шешім қабылданған жердегі соған теңестірілген сотта дау айтылады.
4. алынып тасталды
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 279-бап өзгертілді
279-бап. Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдардың, мемлекеттік қызметшілердің сот арқылы дау айтуға жататын шешімдері, әрекеті (немесе әрекетсіздігі)
1. Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдардың, мемлекеттік қызметшілердің сотта дау айтылатын шешімдеріне, әрекеттеріне (немесе әрекетсіздігіне) нәтижесінде:
1) азаматтың және заңды тұлғалардың құқықтары, бостандықтары және заңмен қорғалатын мүдделерi бұзылған;
2) азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ заңды тұлғаның құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерiн жүзеге асыруына кедергі жасалған;
3) азаматқа немесе заңды тұлғаға әлдебiр мiндет заңсыз жүктелген немесе олар заңсыз жауапқа тартылған алқалық және жеке-дара шешiмдер мен әрекеттер (әрекетсiздiк) жатады.
2. Осы тарауға сәйкес мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктер мен лауазымды адамдардың мынадай шешімдері мен әрекеттеріне:
1) тексерілуі Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің айрықша құзыретіне жатқызылған нормативтік құқықтық актілерге;
2) оларға қатысты заң сотқа шағымданудың өзгеше тәртібін көздейтiн жеке-дара және нормативтiк құқықтық актiлерге сотта дау айтуға болмайды;
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 280-бап өзгертілді
280-бап. Сотқа арыз беріп жүгінуге арналған мерзім
1. Азамат және заңды тұлға өз құқықтарының, бостандықтарының және заңмен қорғалатын мүдделерiнiң бұзылғаны туралы өздерiне мәлiм болған күннен бастап үш ай iшiнде сотқа арызбен жүгiнуге құқылы.
2. Арыз беріп жүгінуге арналған үш айлық мерзімді өткізіп алу соттың арызды қабылдаудан бас тартуына негіз болып табылмайды. Мерзімнің өткізіліп алу себептері сот отырысында арызды мәні бойынша қарау кезінде анықталады және арыздың қанағаттандырылуынан бас тарту негіздемелерінің бірі болуы мүмкін.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2010.29.12. № 374-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 281-бап өзгертілді
281-бап. Арызды қарау
1. Арызды сот бiр ай мерзiм iшiнде прокурордың, азаматтың, заңды тұлға өкiлiнiң шешімдері мен әрекеттеріне дау айтылып отырған мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы, қоғамдық бірлестік, ұйым басшысының, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің қатысуымен қарайды.
2. Сот отырысының өткізілетін орны мен уақыты туралы тиісті түрде хабарланған жоғарыда аталған адамдардың қайсыбірінің сот отырысына келмей қалуы арыздың қаралуына кедергі болмайды. Алайда сот аталған адамдардың сот отырысына келуін міндетті деп табуы мүмкін.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 282-бап өзгертілді
282-бап. Соттың шешімі және оның орындалуы
1. Сот арызды орынды деп танып, тиісті мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, қоғамдық бірлестіктің, ұйымның, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің азаматтың және заңды тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын, және заңмен қорғалатын мүдделерiн бұзуға жол берілген бұрмалаушылықты толық көлемінде жоюға міндеттілігі туралы шешім шығарады.
2. Егер сот дау айтылған шешімдер мен әрекеттер заңдарға сәйкес, мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, қоғамдық бірлестіктің, ұйымның, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің өкілеттігі шегінде шығарылып жасалғанын және азаматтың және заңды тұлғаның құқықтары, бостандықтары және заңмен қорғалатын мүдделерi бұзылмағанын анықтаса, арызды қанағаттандырудан бас тартады.
3. Соттың шешімі жол берілген заң бұзушылықтарды жою үшін шешімдері мен әрекеттеріне дау айтылған мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, қоғамдық бірлестіктің, ұйымның басшысына, лауазымды адамға, мемлекеттік қызметшіге не бағыныштылығы бойынша жоғары тұрған органға, ұйымға немесе лауазымды адамға сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін үш күн ішінде жіберіледі.
4. Шешімнің орындалғаны туралы сотқа, азаматқа немесе заңды тұлғаға сот шешімі алынған күннен бастап бір ай мерзімнен кешіктірілмей хабарлануға тиіс. Сот шешімінің орындалмағаны үшін кінәлі лауазымды адамдар заңда көзделген жауаптылықта болады.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 28-тараудың тақырыбы өзгертілді
28-тарау. Нормативтік құқықтық актілердің заңдылығына орай даулар туралы іс бойынша іс жүргізу
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 283-бап өзгертілді
283-бап. Арыз беру
1. Өздерiне нормативтiк құқықтық актiнiң күшi қолданылатын, мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның заңда көзделген тәртiппен қабылданып, жарияланған нормативтiк құқықтық актiсiмен азаматтардың немесе заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарында кепiлдiк берiлген құқықтары және заңмен қорғалған мүдделерi бұзылып отыр деп санайтын азамат немесе заңды тұлға бұл актiнi заңға толық немесе жекелеген бөлiгiнде қайшы келедi деп тану туралы арызбен сотқа жүгiнуге құқылы.
2. Тексерілуі Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің құзыретіне жатқызылған нормативтік құқықтық актілердің заңдылығына дау айту туралы арыздар сотта қаралуға тиісті емес.
3. Арыз осы Кодекстің 3-тарауында белгіленген сотта қаралуға жататын іс бойынша беріледі.
4. Азаматтың және заңды тұлғаның арызы осы кодекстің 150-бабында көзделген талаптарға сай келуге және онда нормативтік құқықтық актіні қабылдаған мемлекеттік органның атауы немесе лауазымды адам, оның қабылданған күні туралы қосымша деректер болып, осы акт немесе оның жекелеген ережелері арқылы азаматтың және заңды тұлғаның нақты қандай құқықтары, бостандықтары және заңмен қорғалатын мүдделерi бұзылып отырғаны, дау туғызып отырған актінің Қазақстан Республикасы Конституциясының қандай баптарына, заңдардың, Қазақстан Республикасы Президенті жарлықтарының қандай ережелеріне қайшы келетіндігі көрсетілуге тиіс.
5. Арызға дау айтылып отырған актінің немесе оның бір бөлігінің көшірмесі қоса тіркеліп, нормативтік құқықтық актіні қандай бұқаралық ақпарат органы және оны қашан жарияланғаны көрсетіледі.
6. Сотқа арыз беру нормативтік құқықтық актінің қолданылуын тоқтатпайды.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 284-бап өзгертілді
284-бап. Арызды қарау
1. Сотқа арызбен жүгiнген азаматқа немесе заңды тұлғаға, сондай-ақ нормативтік құқықтық актіні қабылдаған мемлекеттік органға (лауазымды адамға) сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы хабарланады.
2. Іс арыз берілген күннен бастап он күн мерзімде азаматтың немесе заңды тұлға өкiлiнiң, прокурордың, нормативтік құқықтық актіні қабылдаған мемлекеттік орган немесе лауазымды адам өкілінің міндетті түрде қатысуымен қаралады. Алайда істің мән-жайларына байланысты сот істі сот отырысына келмеген кейбір мүдделі адамдар болмаған жағдайда да тыңдай алады.
3. Сот отырысында сот нормативтік құқықтық актіні қабылдаған мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның құзыреттілігін, бүкіл нормативтік құқықтық актінің немесе оның жекелеген бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарға және Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарына сәйкестігін тексереді.
4. Нормативтік құқықтық актіні заңға қайшы деп тану туралы арызды қараған кезде аталған актіні қабылдауға негіз болған мән-жайларды дәлелдеу міндетті актіні қабылдаған мемлекеттік органға немесе лауазымды адамға жүктеледі.
285-бап. Соттың арыз бойынша шешімі
1. Арызды негізсіз деп тани келіп, сот оны қанағаттандырудан бас тарту жөнінде шешім шығарады.
2. Арыз негізді болған жағдайда сот өз шешімінде нормативтік құқықтық актіні толық немесе оның жекелеген бөліктерін акт қабылданған кезден бастап жарамсыз деп таниды, бұл туралы шешімнің қарар бөлігінде көрсетіледі.
3. Арыз қанағаттандырылған жағдайда сот шешімнің қарар бөлігінде бұқаралық ақпарат құралдарының редакциясы, егер жарамсыз деп танылған нормативтік құқықтық акт бұрын сол бұқаралық ақпарат құралында жарияланса, сот шешімі туралы сот белгілеген мерзімде хабарлама жариялауға міндетті екенін көрсетеді.
4. Нормативтік құқықтық акті тұтастай немесе оның жекелеген бөлігін жарамсыз деп таныған сот шешімі осы актіні қабылдаған мемлекеттік орган немесе лауазымды адам үшін, дау айтылған нормативтік құқықтық актінің күші құқықтары мен бостандықтарына қолданылған азамат және белгісіз адамдар тобы үшін міндетті болып есептеледі. Оның преюдициялық күші бар және нормативтік құқықтық актінің заңдылығы туралы басқа азаматтар оның сот тексеруінің объектісі болмайтын бөлігінде ғана қайтадан дауласа алады.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 29-тараудың тақырыбы өзгертілді
29-тарау. Прокурордың органдар мен лауазымды адамдардың актілері мен іс-әрекеттерін заңсыз деп тану туралы жүгінуі
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 286-бап өзгертілді
286-бап. Наразылықтың қабылданбауына байланысты прокурордың жүгінуі
1. Заңға сәйкес келмейтiн нормативтiк құқықтық актiге және (немесе) жеке қолданылатын құқықтық актiге, сондай-ақ мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның iс-әрекетiне прокурордың наразылығын заңсыз акт шығарған немесе заңсыз iс-әрекет жасаған орган немесе лауазымды адам не жоғары тұрған орган немесе лауазымды адам қабылдамаған жағдайда, прокурор наразылық келтiрiлген актiнi немесе iс-әрекеттi заңсыз деп тану туралы арызбен сотқа жүгiнедi. Сотқа арыз наразылықты қарау нәтижелері туралы хабарлама алынған кезден бастап он күн мерзімде немесе оны қараудың заңда белгіленген мерзімі өткеннен кейін беріледі.
2. Прокурордың сотқа жүгінуі наразылық келтірілген актінің күшін сот қарағанға дейін тоқтата тұрады.
287-бап. Прокурордың арызын сотта қарау
1. Сот прокурордың арызын он күн мерзімде қарайды.
2. Прокурордың арызы оның қатысуымен және наразылықты қабылдамау туралы шешім шығарған органның, лауазымды адамның немесе оның өкілінің қатысуымен қаралады.
3. Сот отырысына наразылықты қабылдамау туралы шешім шығарған орган басшысының, лауазымды адамның немесе оның өкілінің келмеуі прокурордың арызын қарауға кедергі бола алмайды, алайда сот бұл адамның келуі міндетті деп тануы мүмкін.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 288-бап өзгертілді
288-бап. Прокурордың арызы бойынша соттың шешімі
1. Сот прокурор арызының негізді екендігін анықтай отырып, өтінішті қанағаттандыру және нормативтік құқықтық актіні, жеке қолданылатын құқықтық актiнi немесе iс-әрекеттi заңсыз деп тану туралы шешім шығарады.
2. Егер сот наразылық келтiрiлген актiнi немесе iс-әрекеттi заңға және органның немесе лауазымды тұлғаның өкiлеттiгiне сәйкес деп таныса, ол арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешiм шығарады.
4-бөлімше. Ерекше іс жүргізу
30-тарау. Жалпы ережелер
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II; 2005.23.02 № 33-III ; 2005.08.07 № 67-III (бұр.ред. қара); 2009.10.07. № 178-IV (бұр.ред.қара) ; 2009.11.07. № 185-IV (бұр. ред. қара); 2009.10.12. № 227-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2010.08.04. № 266-IV (бұр.ред.қара); 2010.23.11. № 354-IV (бұр.ред.қара) Заңдарымен 289-бап өзгертілді; 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 289-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
289-бап. Сот ерекше іс жүргізу тәртібімен қарайтын істер
1. Сот ерекше іс жүргізу тәртібімен қарайтын істерге:
1) заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы;
2) азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы және азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы;
3) азаматты әрекетке қабілеті шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз деп тану туралы;
3-1) кәмелетке толмағандарды арнаулы білім беру ұйымдарына немесе ерекше режимде ұстайтын ұйымдарға жіберу туралы;
4) азаматты психиатриялық стационарға мәжбүрлеп жатқызу туралы;
4-1) қаржы ұйымдарын және бас ұйым ретінде банк конгломератына кіретін және қаржы ұйымдары болып табылмайтын ұйымдарды қайта құрылымдау туралы;
5) заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің банкроттығы туралы;
6) жылжымалы затты иесіз деп тану және жылжымайтын мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану туралы;
7) азаматтық хал актілері жазуларының дұрыс еместігін анықтау туралы;
8) нотариаттық әрекеттерге немесе оларды жасаудан бас тартуға шағымдар бойынша;
9) бағалы қағаздар көрсетуші адамның жоғалған бағалы қағаздар және ордерлік бағалы қағаздар (шақырту ісін жүргізу) бойынша құқықтарын қалпына келтіру туралы;
10) бала асырап алу туралы;
11) Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттің аумағында экстремизмді немесе террористік қызметті жүзеге асыратын шетелдік немесе халықаралық ұйымды экстремистік немесе террористік ұйым деп тану туралы, соның ішінде оның өз атауын өзгерткенін анықтау туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын ақпараттық материалдарды экстремистік деп тану туралы;
2009.10.07. № 178-IV ҚР Заңымен 289-баптың бірінші бөлігі 12) тармақшамен толықтырылды
12) Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне қайшы келетін ақпараты бар шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өнімін заңсыз деп тану туралы істер жатады.
2. Заңда ерекше іс жүргізу тәртібімен басқа да істерді қарау көзделуі мүмкін.
290-бап. Ерекше жүргізілетін істерді қарау тәртібі
1. Ерекше жүргізілетін істерді осы Кодекстің 31-38-тарауларында белгіленген алыныстармен және толықтырулармен қоса талап қою ережелері бойынша соттар қарайды. Ерекше жүргізілетін істерді сот арыз беруші мен мүдделі адамдардың қатысуымен қарайды.
2. Егер істі ерекше іс жүргізу тәртібімен қарау кезінде соттың қарауына жататын құқық туралы дау туындаса, сот істі талап қою тәртібімен қарау туралы ұйғарым шығарады. Іс талап қою тәртібімен оның қозғалу орны бойынша қаралады. Арыз беруші мен басқа да мүдделі адамдарға осы Кодекстің 150, 151-баптарында көзделген талаптарды сот белгілеген мерзімде орындау қажет екендігі түсіндіріледі. Мүдделі адамдардың қарсылықтары болған жағдайда сот істі аумақтық сотта қарау ережелері бойынша басқа соттың қарауына беруі мүмкін.
3. Сот ұйғарымы белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда арыз қаралмай қалдырылады, ал мүдделі адамдарға олардың жалпы негіздерде талап қою құқығы түсіндіріледі.
31-тарау. Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау
291-бап. Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істер
1. Сот азаматтардың немесе ұйымдардың жеке не мүліктік құқықтарының туындауына, өзгеруіне немесе тоқтатылуына байланысты болатын фактілерді анықтайды.
2. Сот мынадай фактілерді:
1) адамдардың туыстық қатынастарын;
2) адамның біреудің асырауында болуы;
3) тууды, бала асырап алуды, некелесуді, ажырасуды және қайтыс болуды тіркеу;
4) құқық белгілейтін құжаттардың (әскери құжаттарды, паспорттарды, жеке куәліктерді және азаматтық хал актілерін жазу органдары беретін куәліктерді қоспағанда) құжатта көрсетілген аты, әкесінің аты немесе тегі осы адамның паспортында немесе жеке куәлігінде, немесе туу туралы куәлігінде көрсетілген атқа, әкесінің атына немесе тегіне сәйкес келмейтін адамдікі екендігі;
5) мүлікті меншік, шаруашылық жүргізу және оралымды басқару құқықтарымен иелену, пайдалану және (немесе) оған билік ету;
6) жазатайым жағдай;
7) азаматтық хал актілерін жазу органдары қайтыс болу оқиғасын тіркеуден бас тартқан жағдайда адамның белгілі бір уақытта белгілі бір мән-жайларда қайтыс болуы;
8) мұрагерлікті қабылдау және мұрагерліктің ашылу орны;
9) егер заңдарда оларды анықтаудың өзгеше тәртібі көзделмесе, басқа да заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істерді қарайды.
292-бап. Заңдық маңызы бар фактілерді анықтауға қажетті шарттар
Сот арыз берушінің осы фактілерді куәландыратын тиісті құжаттарды өзге тәртіппен алуы мүмкін болмаған жағдайда, не жоғалған құжаттарды қалпына келтіруі мүмкін емес болған кезінде ғана заңдық маңызы бар фактілерді анықтайды.
293-бап. Арыз беру
Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істер бойынша арыз арыз берушінің тұрғылықты жеріндегі сотқа берілетін, бұған жылжымайтын мүлік орналасқан жердегі сотқа берілетін жылжымайтын мүлікті меншік, шаруашылық жүргізу, оралымды басқару құқықтарымен иелену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету фактісі қосылмайды.
294-бап. Арыздың мазмұны
Арызда арыз берішінің қандай фактіні және қандай мақсатпен анықтау қажет екендігі көрсетілуге тиіс, сондай-ақ арыз берушінің тиісті құжаттарды алуы мүмкін еместігін не жоғалған құжаттарды қалпына келтіру мүмкін еместігін растайтын дәлелдемелер келтірілуге тиіс.
295-бап. Соттың арыз бойынша шешімі
Соттың шешімі фактіні растайтын құжат болып табылады, ал мемлекеттік органдар тіркеуге тиісті фактіге қатысты алғанда оны тіркеу немесе ресімдеу үшін негіз болып табылады, бұл орайда сол органдар беретін құжаттарды ауыстырмайды.
32-тарау. Азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе азаматты
қайтыс болды деп жариялау
296-бап. Арыз беру
1. Азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы немесе азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы арыз оны берушінің тұрғылықты жеріндегі не хабар-ошарсыз кеткен азаматтың соңғы мәлім болған тұрғылықты жеріндегі сотқа беріледі.
2. Азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы іс оның отбасы мүшелерінің, прокурордың, қоғамдық бірлестіктердің, қамқоршы және қорғаншы орган мен басқа да мүдделі адамдардың арызы бойынша басталуы мүмкін.
297-бап. Арыздың мазмұны
Арызда оны берушіге азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе оны қайтыс болды деп жариялау қандай мақсат үшін қажет екендігі көрсетілуге тиіс, сондай-ақ азаматтың хабар-ошарсыз кетуін растайтын мән-жайлар не хабар-ошарсыз кеткен адамның қаза табу қаупін төндірген немесе оны белгілі бір жазатайым жағдайдан қайтыс болды деп жорамалдауға негіз болатын мән-жайлар айтылуға тиіс. Әскери қызметшілер немесе соғыс қимылдарына байланысты хабар-ошарсыз кеткен азаматтар жөнінде арызда соғыс қимылдарының аяқталған күні көрсетіледі.
298-бап. Судьяның арыз қабылдағаннан кейінгі іс-әрекеттері
1. Судья істі соттың қарауына әзірлеу кезінде қандай адамдардың жоқ адам туралы мәлімет бере алатынын анықтайды, сондай-ақ жоқ адам туралы соңғы мәлім болған тұрғылықты жері және жұмыс орны бойынша тиісті ұйымдардан ол туралы бар мәліметтерді сұрайды.
2. Судья арыз қабылдағаннан кейін іс қозғалғаны туралы арыз берушінің есебінен жергілікті газетте жарияланым беру туралы ұйғарым шығарады. Жарияланымда мыналар болуға тиіс:
1) азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе қайтыс болған деп жариялау туралы арыз келіп түскен соттың атауы;
2) арыз берушінің атауы және оның тұрғылықты жері (егер арыз заңды тұлғалардан келіп түссе, орналасқан жері);
3) жоқ адамның тегі, аты, әкесінің аты, туған жері мен соңғы жұмыс орны;
4) азаматтың жүрген жерін білетін адамдарға жарияланым берілген күннен бастап үш ай мерзімде сотқа ол туралы хабарлауды ұсыну.
3. Арызды қабылдағаннан кейін судья қамқоршы және қорғаншы органға жоғалып кеткен азаматтың мүлкін күзету мен басқару үшін қамқоршы тағайындауды ұсына алады.
299-бап. Прокурордың қатысуы міндеттілігі
Азаматты хабар-ошарсыз кеткен деп тану туралы немесе азаматты қайтыс болған деп жариялау туралы істерді сот міндетті түрде прокурордың қатысуымен қарайды.
300-бап. Сот шешімдерінің салдары
1. Азаматты хабар-ошарсыз кетті деп таныған сот шешімі қамқоршы және қорғаншы органның хабар-ошарсыз кеткен адамның мүлкі орналасқан жерде осы мүлікке қамқоршы тағайындауға негіз болып табылады.
2. Азаматты қайтыс болды деп жариялаған сот шешімі азаматтық хал актілерін жазу органының азаматтың қайтыс болуы туралы жазуды азаматтық хал актілерін жазу кітабына енгізуге негіз болып табылады.
301-бап. Хабар-ошарсыз кетті деп танылған немесе қайтыс болды деп жарияланған азаматтың келу немесе жүрген жерін анықтау салдары
Хабар-ошарсыз кетті деп танылған немесе қайтыс болды деп жарияланған азамат келген немесе оның жүрген жері анықталған жағдайда сот жаңа шешіммен өзінің бұрын шығарған шешімінің күшін жояды. Бұл шешім мүлікке қамқоршылық жасауды алып тастауға және азаматтық хал актілерін жазу кітабындағы оның қайтыс болуы туралы жазбаны жоюға негіз болып табылады.
33-тарау. Азаматты әрекет қабілеттілігі шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз деп тану
302-бап. Арыз беру
1. Азаматты спиртті ішімдіктерге немесе есірткі заттарға, психотроптық заттарға немесе солар тақылеттестерге құнығуы салдарынан әрекет қабілеттілігі шектеулі деп тану туралы іс оның отбасы мүшелерінің, прокурордың, қамқоршы және қорғаншы органның арызы бойынша қозғалуы мүмкін.
2. Психикалық науқастану немесе психиканың бұзылуы, ақылының кемістігі немесе психикасының өзге де сырқатты хал-жайы салдарынан азаматты әрекетке қабілетсіз деп тану туралы іс сотта онымен бірге тұратынына қарамастан отбасы мүшелерінің, жақын туыстарының (ата-анасының, балаларының, аға-інілерінің, апа-қарындастарының), прокурордың, қамқоршы және қорғаншы органның, психиатриялық (психоневрологиялық) емдеу мекемесінің арызы бойынша қозғалуы мүмкін.
3. Азаматты әрекет қабілеттілігі шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз деп тану туралы іс қамқоршы белгілеу (тағайындау) жолымен әрекет қабілеттілігі шектеулі, әрекетке қабілетсіз адамның да, осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде аталған адамдардың да мүдделерін қорғау мақсатында қозғалады.
4. Азаматты әрекет қабілеттілігі шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз деп тану туралы арыз сол азамат тұратын жердегі, ал егер адам психиатриялық (психоневрологиялық) емдеу мекемесіне жатқызылса, сол мекеме орналасқан жердегі сотқа беріледі.
303-бап. Арыздың мазмұны
1. Азаматты әрекет қабілеттілігі шектеулі деп тану туралы арызда спиртті ішімдіктерге немесе есірткі заттарға, психотроптық заттарға немесе солар тақылеттестерге құнығып кеткен адамның өз отбасына материалдық жағынан ауыр жағдай жасайтындығын куәландыратын мән-жайлар жазылуға тиіс.
2. Азаматты әрекетке қабілетсіз деп тану туралы арызда өз әрекеттерінің нақты сипаты мен маңызын түсінбеуі немесе не істегенін білмеуі салдарынан азаматтың психикалық ауруы немесе психикасының бұзылуы, ақылының кемістігі немесе психикасының өзге де сырқатты хал-жайы болуын куәландыратын мән-жайлар жазылуға тиіс.
2009.11.12. № 230-IV ҚР Заңымен 304-бап өзгертілді(2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
304-бап. Судьяның ресми өкіл-адвокат тағайындауы
1. Азаматты әрекет қабілеттілігі шектеулі деп тану туралы арыз қабылданғаннан кейін судья процесте қозғалған іс бойынша азаматтың мүдделерін білдіру және қорғау үшін ресми өкіл-адвокат тағайындайды.
2. Ресми өкіл-адвокаттың заңды өкіл өкілеттігі болады. Заңға сәйкес мұндай адвокаттың заң көмегі тегін көрсетіледі.
2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен 305-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
305-бап. Азаматтың психикалық хал-жайын анықтау үшін сараптама тағайындау
1. Судья азаматтың психикалық ауруы немесе психикасының бұзылуы, ақылының кемістігі немесе психикасының өзге де сырқатты хал-жайы туралы деректер жеткілікті болған жағдайда істі соттың қарауына әзірлеу тәртібімен оның психикалық жай-күйін анықтау үшін сот-психикалық сараптама тағайындайды.