2. Ұйымдасқан балалар тобын тасымалдауға арналған автобустар сары түстi шұғылалы шырақшамен жабдықталуға тиiс.
3. Бұл автобустардың алдына және артына «Балалар тасымалы» деген тану белгiсi орнатылуға тиiс.
4. Ұйымдасқан балалар тобын тасымалдауға жасы кемiнде жиырма бестегi, тиiстi санаттағы жүргiзушi куәлiгi және кемiнде бес жыл жұмыс стажы бap жүргiзушiге рұқсат етiледi.
5. Екi және одан көп автобустардың легiне жол қозғалысы қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi орган көздеген тәртiппен жол полициясының арнаулы автомобильдерi iлесiп жүруге тиiс.
26-бап. Жолаушыларды және багажды таксимен тасымалдауды ұйымдастыру
1. Жолаушыларды және багажды таксимен тасымалдау тасымалдаушы мен жергiлiктi атқарушы органның арасында жасалатын, жолаушыларды және багажды таксимен тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарттың негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Тасымалдаушы жолаушыларды және багажды таксимен тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарт бойынша:
1) жолаушыларды және багажды тасымалдау үшiн Автомобиль көлiгiмен жолаушыларды және багажды тасымалдау ережелерiне сәйкес таксометрлермен жабдықталған және айырым белгiлерi бар таксилердi пайдалануға;
2) такси режимiнде жұмыс iстеу үшін шартта белгiленген автомобильдер санын пайдалануға мiндеттi.
Тасымалдаушы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де мiндеттердi атқарады.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Тасымалдаушының жолаушыларды және багажды таксимен тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарт бойынша:
1) таксилердiң тұрағын, жолаушыларды отырғызу мен түсiру үшiн таксилердiң арнайы жабдықталған тұрақтарын пайдалануға;
2) Жол жүру қағидасының талаптарын сақтай отырып, жол желісінiң кез келген учаскелерiнде жолаушыларды отырғызуға және түсiруге құқығы бар.
Тасымалдаушының Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де құқықтары бap.
4. Жолаушыларды және багажды таксимен тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушылар таксилердiң рейс алдындағы (ауысым алдындағы) техникалық, медициналық тексерiлуiн және олар жарамсыз болған жағдайда уақтылы ауыстырылуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 5-тармақ өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
5. Таксилердiң тиiмдi жұмыс iстеуi және жолаушы жиналатын барлық пункттерде (әуежай, вокзалдар, iрi сауда және мәдени орталықтары) жолаушылардың оларды пайдалануына қолайлы жағдай жасау үшiн облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңдарына сәйкес такси тұрақтарын ұйымдастыруды және жабдықтауды қамтамасыз етедi.
27-бап. Жалпы пайдаланудағы көлiкпен тасымалдау кезiнде жолаушылардың жекелеген санаттарына арналған басымдықтар
1. Жолаушылардың жекелеген санаттары мынадай басымдықтарға ие:
1) автобусқа, таксиге кезексiз отыру құқығы;
2) автобус салонының алдыңғы бөлiгiнен арнаулы орын алу.
Аталған басымдықтарды мүгедектер, зейнеткерлер, жүктi әйелдер, мектеп жасына дейiнгi балалары бар жолаушылар пайдаланады;
3) кезексiз билеттер сатып алу құқығы бар.
Аталған басымдықты Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерi және оларға теңестiрiлген адамдар пайдаланады.
2. Автовокзалдарда:
1) 5 жасқа дейiнгi балалары бар жолаушыларға және жүктi әйелдерге қосымша қызмет көрсетуге арналған ана мен бала бөлмесi;
2) мүгедек-жолаушыларды отырғызуға және түсiруге арналған қондырғылар жасалады.
2005 ж. 13 сәуірдегі № 40-III ҚР Заңымен 3 тармақпен толықтырылды
3. Жалпы пайдаланудағы көлiк мүгедек жолаушылардың мiнiп-түсуiне арналған құрылғылармен жабдықталады.
Мемлекеттік органдар жолаушыларды тасымалдау бағыттарына қызмет көрсету құқығына конкурстар өткiзген кезде, мүгедектердiң пайдалануына бейiмделген көлiк құралдары бар жеке және заңды тұлғалар артықшылыққа ие болады
28-бап. Сот иесiз деп танығанға дейiн багажға билiк ету
1. Егер шартта өзгеше көзделмесе, жолаушы немесе багажды алуға уәкiлеттi адам тасымалдаушыға байланысты емес себептер бойынша багажды алмаған жағдайда, тасымалдаушы багажды сот иесiз деп танығанға дейiн межелi немесе жөнелту пунктiнiң автовокзалында немесе автостанциясында сақтауға мiндеттi.
2. Сот багажды иесiз деп таныған жағдайда, багаждың жаңа иесi тасымалдаушыға оның сақталуын қамтамасыз ету үшiн қажеттi, оны сақтауға, тиеп-түсiру операцияларына және тасымалдауға жұмсалған шығыстарды өтейдi.
29-бап. Жолаушыларды және багажды автомобиль көлiгiмен тасымалдау ережелерi
Жолаушыларды және багажды автомобиль көлiгiмен тасымалдау ережелерiнде:
1) жол жүру құжаттарының (билеттердiң), багаж түбiртектерiнiң нысаны, сатылу тәртібі мен қолданылу мерзiмi;
2) жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру, жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау маршруттарының ашылу және жабылу тәртібі, тасымалдардың аталған түрлерiн орындау үшiн пайдаланылатын автобустардың, шағын автобустардың санитарлық жай-күйiне, сыртқы безендiрiлуiне және жабдықталуына қойылатын талаптар;
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) жолаушылар мен багажды автомобильмен республикаішілік тұрақты тасымалдау маршруттарына қызмет көрсету құқығына конкурстар ұйымдастыру және өткізу тәртібі;
4) маршрутқа қызмет көрсету құқығына куәлiк беру, тоқтата тұру және керi қайтарып алу тәртібі мен шарттары, оны беруден бас тарту шарттары мен негiздерi, сондай-ақ нысаны;
5) автовокзалдар мен автостанцияларға қойылатын талаптар, сондай-ақ олардың жұмыс iстеу тәртібі;
6) жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты емес тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібі;
7) тапсырыс берiлген автобустармен, шағын автобустармен және жеңiл автомобильдермен жолаушыларды және багажды тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібі;
8) жолаушыларды және багажды таксилермен тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібі;
9) багажды қабылдау, сақтау және беру тәртібі;
10) жол жүру құжаттарын (билеттерiн) және олардың құнын қайтару тәртібі мен шарттары;
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 11) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
11) халықаралық және республикаішілік тұрақты тасымалдау маршруттарында жолаушыларды отырғызу және түсiру пункттерiн, сондай-ақ таксимен тасымалдау кезiнде жолаушыларды отырғызу және түсiру пункттерiн безендiру мен күтiп-ұстауға қойылатын талаптар;
12) жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты және тұрақты емес тасымалдау маршруттарында жүргiзушiлердi рейс алдындағы (ауысым алдындағы) медициналық куәландыруды ұйымдастыру және жүргiзу тәртібі айқындалады.
4-тарау. Жүктерді және почтаны автомобильмен тасымалдау
30-бап. Жүктi автомобильмен тасымалдау шарты
1. Жүктi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушы өзiне жүк жөнелтушi сенiп тапсырған жүктi, тасымалдау шарттарын сақтай отырып, межелi пунктiне жеткізуге және оны жүктi алуға уәкiлеттi адамға (жүк алушыға) бepугe мiндеттенедi, ал жүк жөнелтушi шартқа немесе тарифке сәйкес автомобильмен жүк тасымалдағаны үшiн ақы төлеуге мiндеттенедi.
2. Жүктi автомобильмен тасымалдау шартының жасалуы тауар-көлiк жүкқұжатының жасалуымен расталады.
31-бап. Жүктi автомобильмен тасымалдау шартын өзгерту және бұзу
Жүктi автомобильмен тасымалдау шарты өзгерген немесе бұзылған жағдайда тараптар, егер шартта өзгеше көзделмесе, шарт талаптары өзгергенге дейiн немесе бұзылғанға дейiн оны орындауға байланысты шығарған шығыстардың өтелуiн талап етуге құқылы.
32-бап. Жүктердi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушының және жүк жөнелтушiнiң құқықтары мен мiндеттерi
Тасымалдаушының жүктердi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша:
1) өзiнiң сипаты, салмақ және көлем өлшемдерi бойынша тасымалдау құжаттарында көрсетiлген жүк туралы деректерге сәйкес келмейтiн жүктi автомобильмен тасымалдаудан бас тартуға;
2) егер жүктi одан әрi автомобильмен тасымалдау жүктi тасымалдау қауiпсiздiгiне және оның сақталуына қатер төндiрсе, жүктi түсiруге;
3) егер шартта өзгеше көзделмесе, осы баптың 2-тармағының 1), 4) тармақшаларына сәйкес, жүктердi тасымалдау қауiпсiздiгiн немесе олардың сақталуын қамтамасыз етуге байланысты шығарған шығындарын өтеуге;
4) жүк жөнелтушi (жүк алушы) көрсеткен жаңа межелi пунктiне еңсерiлмейтiн күштiң салдарынан жүктi жеткізуге мүмкiндiк болмаған жағдайда, автомобильмен тасымалдаудан бас тартуға және жүк жөнелтушiнi бұл туралы алдын ала хабардар етiп, жүктi оған қайтаруға құқығы бар; егер шартта өзгеше көзделмесе, тасымалдаушының осыларға байланысты қосымша шығыстарын жүк жөнелтушi (жүк алушы) төлейдi.
Тасымалдаушының Қазақстан Республикасының заңдарымен және шартпен белгiленген өзге де құқықтары бар.
2. Тасымалдаушы жүктердi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша:
1) жүктердi тасымалдау қауiпсiздiгiне және олардың сақталуына қатер төнгенi туралы жүк жөнелтушiнi (жүк алушыны) дереу хабардар етуге, бұл орайда жүк жөнелтушiден (жүк алушыдан) алынған нұсқауларды сақтауға, сондай-ақ жүктердi тасымалдау қауiпсiздiгiн және олардың сақталуын қамтамасыз ету жөнiнде өзi жүргiзген әрекеттер туралы дереу хабардар етуге;
2) жүктi қабылдау кезiнде тауар-көлiк жүкқұжатындағы жүк орындарының санына, олардың маркалануы мен нөмiрлерiне қатысты жазбалардың дәлме-дәлдiгiн, сондай-ақ жүктiң және оның орамасының сыртқы жай-күйiн тексеруге;
3) автокөлiк құралына тиеудiң белгiленген нормаларын сақтау, автомобильмен тасымалдауды орындау қауiпсiздiгiн және жүктiң сақталуын қамтамасыз ету мақсаттарында жүктiң салынуы мен бекітілуiн бақылауға;
4) жүк алушы автомобильмен тасымалдаушыға қатысы жоқ себептермен жүктi алмаған жағдайда, жүктi межелi пунктiнде, келген күннен бастан отыз күн бойы, тез бүлiнетiн жүктi - төрт күн бойы сақтауға мiндеттi.
Тасымалдаушы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де мiндеттердi мойнына алады.
3. Жүк жөнелтушiнiң жүктi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша:
1) мәлiмделген жүктi тасу үшiн тиеудiң алдында автокөлiк құралының жарамдылығын тексеруге;
2) мәлiмделген жүктi тасу үшiн автокөлiк құралы жарамсыз болған жағдайда, тасымалдаушының қызметiнен бас тартуға құқығы бар.
Жүк жөнелтушiнiң Қазақстан Республикасының заңдарына және шартқа сәйкес өзге де құқықтары бар.
4. Жүк жөнелтушi жүктi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша:
1) автокөлiк құралының келу және кету уақыты туралы жолпараққа белгi соғуға;
2) автокөлiк құралының жарамсыздығы себептi тасымалдаушының қызметiнен бас тартқан жағдайда тиiстi акт жасауға;
3) автокөлiк құралына жүк тиеу процесiнде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген рұқсат етiлген салмақ пен көлем өлшемдерiнен асыруға жол бермеуге;
4) тасымалдаушыға тауар-көлiк жүкқұжатын, ал Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген қажеттi жағдайларда, жүк тасымалы үшiн қажеттi өзге де құжаттарды (сертификат, лицензия, ветеринариялық құжаттар, кеден декларациясы) көрсетуге мiндеттi.
33-бап. Автокөлiк құралдарын беру, жүктердi тиеу және түсiру
1. Тасымалдаушы Автомобиль көлiгiмен жүк тасымалдау ережелерiне және шартқа сәйкес жүктердi автомобильмен тасымалдауға жарамды автокөлiк құралдарын автомобильмен жүк тасымалдауға қабылданған өтiнiмде (тапсырыста) немесе шартта белгiленген мерзiмде тиеу үшiн жүк жөнелтуге беруге мiндеттi.
2. Жүктердi автокөлiк құралына тиеу (бекіту, жабу, байлау), сондай-ақ жүктердi түсiру Автомобиль көлiгiмен жүк тасымалдау ережелерiнде көзделген талаптар сақтала отырып, шартта көзделген тәртiп пен мерзiмдерде жүзеге асырылады.
Тасымалдаушы не жүк жөнелтушi өзiнiң сипатына қарай автомобиль жолдарының ластануын туғызуы және жол қозғалысы қауiпсiздiгiне қатер төндiруi мүмкiн жүктердiң жабылуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Жүк жөнелтушi автокөлiк құралдары жүк тиейтiн орынға келгенге дейiн жүктi автомобильмен тасымалдауға тиеу, тасымалдау қауiпсiздiгi, жүктiң және автокөлiк құралының сақталуы қамтамасыз етiлетiндей етiп дайындауға мiндеттi.
34-бап. Жүктi автомобильмен тасымалдауға кедергiлер
1. Жүк жөнелтушiнiң кiнәсiнен жүктi автомобильмен тасымалдауға кедергiлер туындаған жағдайда, тасымалдаушы осындай кедергiлер туындаған сәттен бастап бiр тәулiктiң iшiнде бұдан әрi тасымалдау мүмкiн еместiгi туралы жүк жөнелтушiнi хабардар етуге мiндеттi.
2. Жүк жөнелтушi жүктi автомобильмен тасымалдауға кедергiлердi жою жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi.
3. Егер жүк жөнелтушi осы баптың 1-тармағына сәйкес тасымалдаушы хабардар еткен сәттен бастап үш тәулiк iшiнде (тез бүлiнетiн жүкке қатысты бiр тәулiк iшiнде) жүктi автомобильмен тасымалдауға кедергiлердi жою жөнiнде шаралар қолданбаған жағдайда, автомобильмен тасымалдаушы үш тәулiк iшiнде жүктiң сақталуын қамтамасыз ету жөнiнде келтiрiлген шығындарды ескере отырып, жүктi жүк жөнелтушiге соның есебiнен қайтаруға, ал тез бүлiнетiн жүктi белгiленген тәртiппен өткізуге құқылы.
35-бап. Жүктi беру
1. Тасымалдаушының жауапкершiлiгіндегі жүктiң бүлiнуi немесе бұзылуы салдарынан оның сапасының және (немесе) санының соншалықты өзгеруiнен, жүктi тiкелей мақсатында толық немесе iшiнара пайдалану мүмкiн болмайтын жағдайда ғана жүк алушы жүктi қабылдаудан бас тартуы мүмкiн.
2. Жүктердi қалааралық автомобильмен тасымалдау кезiнде тасымалдаушыға байланысты емес себептер бойынша жүктi жүк алушыға беру мүмкiн болмаған жағдайда, жүк жөнелтушi Автомобиль көлiгiмен жүк тасымалдау ережелерiнде белгiленген тәртiппен тасымалдаушыға жүктi жаңа межелi пунктiне жеткізу туралы нұсқау беруге мiндеттi.
36-бап. Құндылығы жарияланған жүктердi автомобильмен тасымалдау
1. Тасымалдаушы жүк жөнелтушiмен (жүк алушымен) келісім бойынша құндылығы жарияланған жүктер тасуы мүмкiн.
2. Iлесусiз тасымалданатын бағалы металдарды (тастарды), олардан жасалған бұйымдарды, өнер заттарын, антикварлық мүлiктердi және өзге де көркем құндылықтарды, бейне- және дыбыс аппаратураларын, электрондық-есептеу және көбейту техникаларын, машиналардың тәжiрибелiк үлгiлерiн, жабдықтарды, аспаптарды, жеке (тұрмыстық) қажетке арналған жүктердi автомобильмен тасымалдаған кезде құндылықты жариялау мiндеттi.
3. Құндылығы жарияланған жүктердi автомобильмен тасымалдау үшiн жүк жөнелтушiден (жүк алушыдан) қосымша ақы алынуы мүмкiн, оның мөлшерi жүктi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша тараптардың келісімiмен белгiленедi.
37-бап. Қауiптi жүктердi автомобильмен тасымалдау
1. Тасымалдау, тиеу-түсiру жұмыстарын жүргiзу және сақтау кезiнде олардың өзiндiк ерекшелiгiне байланысты техникалық құралдардың, құрылғылардың, ғимараттар мен құрылыстардың жарылысына, өрт шығуына немесе бүлiнуiне, сондай-ақ адамдардың, жануарлардың өлiм-жiтiмiне, жарақат алуына және ауруына себеп болуы, қоршаған табиғи ортаға зиян келтiруi мүмкiн кез келген заттар, материалдар, бұйымдар, өндiрiс және өзге де қызмет қалдықтары қауiптi жүктер деп танылады.
2. Қауiптi жүктердi автомобильмен тасымалдауға ұсынған кезде жүк жөнелтушi құжаттарда (тауар-көлiк жүкқұжатында, автокөлiк құралының жүргiзушiсiне арналған жазбаша нұсқаулықта) осы жүктен туатын нақты қауiптi және қолданылуы тиiс сақтық шараларын көрсетуге мiндеттi.
Автокөлiк құралының жүргiзушiсiне арналған жазбаша нұсқаулықтар автомобильмен тасымалдаушыға қауiптi жүктi автомобильмен тасымалдауға арналған тапсырыс түскеннен кешiктiрiлмей берiлуге тиiс.
3. Қауiптi жүктердi тиеудi және түсiрудi осы жұмыстарды жүргiзуге рұқсаты бар (жiберiлген) жүк жөнелтушi, жүк алушы жүргiзедi.
38-бап. Iрi көлемдi және ауыр салмақты жүктердi автомобильмен тасымалдау
1. Автокөлiк құралының көлемiн және салмағын ескере отырып, автомобиль жолдарымен жүру үшiн автокөлiк құралдарына Қазақстан Республикасының аумағында белгiленген рұқсат етiлген көлем және салмақ өлшемдерiнен асатын жүктер iрi көлемдi және ауыр салмақты жүктер деп танылады.
2. Бөлiнбейтiн iрi көлемдi және ауыр салмақты жүктердi тасымалдау жағдайларын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында iрi көлемдi және ауыр салмақты жүктердi автомобильмен тасымалдауға рұқсат етiлмейдi.
3. Бөлiнбейтiн iрi көлемдi және ауыр салмақты жүктердi Қазақстан Республикасының аумағында тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
39-бап. Почтаны автомобильмен тасымалдау
1. Тасымалдаушылар почтаны автомобильмен тасымалдауды почта байланысы ұйымдарымен жасалған, почтаны автомобильмен тасымалдау шарты негiзiнде жүзеге асырады.
2. Почтаны тасымалдау үшiн әдейiлеп арналған автокөлiк құралы почтаны автомобильмен тасымалдау шартына сәйкес қатаң тiкелей мақсатында пайдаланылуға тиiс. Мұндай автокөлiк құралында почтаны автомобильмен тасымалдауға қатысы жоқ бөгде адамдарды тасымалдауға тыйым салынады.
3. Почта байланысының жалпыға бiрдей қол жетiмдi қызметтерiн көрсететiн почта операторы көлiгiнiң автомобиль, темір жол, су станциялары мен вокзалдарының, әуежайлардың аумағында орналасқан жүк және багаж кешендерiне өтуi почта жөнелтiмдерiн алмасу үшiн бiрiншi кезекте және ақысыз жүзеге асырылады.
4. Егер почтаны автомобильмен тасымалдау шартында өзгеше белгiленбесе, почтаны тиеудi және түсiрудi, сондай-ақ оған iлесiп жүрудi және оның жүру жолында сақталуын почта байланысы ұйымдары қамтамасыз етедi. Егер шарт талаптарынан өзгеше жағдай туындамаса, почтаны автомобильмен тасымалдау кезiнде оның сақталуы мен тұтастығы үшiн почта байланысы ұйымы жауапты болады.
40-бап. Тiкелей аралас қатынастағы жүк тасымалы
Бiрыңғай көлiк құжаты (тiкелей аралас қатынас) бойынша әр түрлi көлiк түрлерiмен жүктердi тасымалдауға қатысушы тасымалдаушылардың, сондай-ақ басқа да адамдардың қарым-қатынасы тiкелей аралас тасымалдар туралы Қазақстан Республикасының заң актілерімен айқындалады.
41-бап. Автомобиль көлiгiмен жүк тасымалдау ережелерi
Автомобиль көлiгiмен жүк тасымалдау ережелерi:
1) жүктi жеткізу мерзiмiн;
2) жүктi автомобильмен тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін;
3) тауар-көлiк жүкқұжатының нысанын және оны қолдану тәртібін;
4) жүк тиеу және түсiру пункттерiне қойылатын талаптарды;
5) автомобильмен тасымалдауға жүктердi қабылдау, сондай-ақ жүктi межелi пунктiнде өңдеу, сақтау және беру тәртібін;
6) тез бүлiнетiн жүктi өткізу тәртібін;
7) құндылығы жарияланған жүк тасымалдау тәртібін;
8) жүктi маркалау тәртібін;
9) жүктi пломбалау тәртібін;
10) актiлер жасау тәртібін;
11) жүктi тасымалдау шарттарын өзгерту және бұзу тәртібін;
12) жүктi ұстап қалу тәртібін;
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 13) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
13) жүктiң жекелеген түрлерiн тасымалдау тәртібін;
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 14) тармақшамен толықтырылды
14) халықаралық қатынаста тез бұзылатын жүктерді тасымалдайтын автокөлік құралдарын куәландыру тәртібін;
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 15) тармақшамен толықтырылды
15) тез бұзылатын жүктерді тасымалдайтын автокөлік құралдарына қойылатын талаптарды айқындайды.
5-тарау. Халықаралық автомобиль тасымалдары
42-бап. Халықаралық автомобиль тасымалдарын мемлекеттік реттеу
1. Халықаралық автомобиль тасымалдары Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңдарына, Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Автокөлiк құралдарының Қазақстан Республикасының аумағына кіру және оның аумағынан шығу, сондай-ақ олардың аумақ бойынша транзитпен жүру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
3. Халықаралық автомобиль тасымалдарын орындаудың рұқсат етiлген жүйесi қолданылатын елдерде халықаралық автомобиль тасымалдарын орындау уәкiлеттi орган беретiн рұқсаттар негiзiнде жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес уәкiлеттi орган шет мемлекеттiң тасымалдаушыларына Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жол жүруге рұқсаттарды және Қазақстан Республикасының тасымалдаушыларына шет мемлекеттiң аумағы бойынша жол жүруге рұқсаттарды бередi.
Егер халықаралық автомобиль тасымалдарын орындаудың рұқсат ету жүйесi қолданылатын елдерге қатысты рұқсаттарға сұраныс Қазақстан Республикасының тасымалдаушыларына берiлетiн рұқсаттар санынан acca, онда рұқсаттар бiрiншi кезекте:
1) гуманитарлық жүктердi автомобильмен тасымалдауға;
2) Қазақстан Республикасында өндiрiлетiн жүктердi автомобильмен экспорттық тасымалдауға;
3) көлiктiң басқа түрлерiнiң тасымалдаушыларымен бiрлесiп орындалатын автомобиль тасымалдарына;
4) тез бүлiнетiн өнiмдердi автомобильмен тасымалдауға берiледi.
4. Қазақстан Республикасы тасымалдаушыларының және шет мемлекет тасымалдаушыларының халықаралық автомобиль тасымалдарын орындаған кезде Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңдарын сақтауын бақылауды уәкiлеттi органның лауазымды адамдары жүзеге асырады.
5. Шет мемлекет тасымалдаушылары Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық автомобиль тасымалдарын орындаған кезде пайдаланатын автокөлiк құралдарын уәкiлеттi органның лауазымды адамдары тексерiп қарауы мүмкiн.
43-бап. Жолаушыларды және багажды автомобильмен халықаралық тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру
1. Жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты халықаралық тасымалдау уәкiлеттi орган мен шет мемлекеттiң тиiстi құзыреттi органы арасында автобустардың, шағын автобустардың келісілген маршруттары (бастапқы, соңғы және аялдау пункттерiн көрсете отырып) және қозғалыс кестесi бойынша ұйымдастырылады.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасының тасымалдаушылары жолаушыларды және багажды автомобильмен халықаралық тұрақты емес тасымалдауды орындаған кезде автобус жүргiзушiлерiнде уәкiлеттi органның лауазымды адамдары куәландырған жолаушылар тiзiмi болуға тиiс.
3. Қазақстан Республикасымен шет мемлекеттер арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өткізу пункттерi арқылы ғана жүзеге асырылады.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Жолаушылар мен багажды халықаралық қатынаста тұрақты тасымалдауды жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының аумағындағы пункттердің арасында жолаушылар тасымалдауға тыйым салынады.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде құжаттарды ресімдеу және тұрақты маршруттар бойынша жолаушыларды халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын автобустарды өткізу кезектен тыс жүргізіледі.
44-бап. Шет мемлекет аумағында тiркелген автокөлiк құралдарын пайдаланып жолаушыларды, багажды, жүктердi автомобильмен тасымалдау
Шет мемлекет аумағында тiркелген, соның iшiнде Қазақстан Республикасының аумағына уақытша әкелiнген, шет мемлекет тасымалдаушыларына тиесiлi автокөлiк құралдарымен Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан пункттер арасында жолаушыларды, багажды, жүктi тасымалдау жөніндегі кәсiпкерлiк қызметке тыйым салынады.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 45-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
45-бап. Халықаралық автомобиль тасымалдауларын жүзеге асыру кезiнде тасымалдаушыларға, жүргiзушiлерге және автокөлiк құралдарына қойылатын талаптар
1. Халықаралық автомобиль тасымалдауларын жүзеге асыратын тасымалдаушылар халықаралық талаптарға сай келетiн, өз мемлекетiнiң тiркеу және айырым белгiлерi бар автокөлiк құралдарын пайдалануға тиiс.
Белгiленген талап тiркемелер мен жартылай тiркемелерге қолданылмайды.
2. Халықаралық автомобиль тасымалдауларын жүзеге асыру кезiнде автокөлiк құралдарының жүргiзушiлерi Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңнамасында белгiленген жүргiзушiлердiң еңбегі мен тынығуы режимiн сақтауға мiндеттi.
3. Жүктерді автомобильмен халықаралық тасымалдаулар уәкілетті орган беретін рұқсат ету туралы куәліктің негізінде жүзеге асырылады. Тасымалдаушыға қойылатын талаптар Жүктерді автомобильмен халықаралық тасымалдауларды жүзеге асыруға автомобильмен тасымалдаушыларға рұқсат беру қағидасында белгіленеді.
4. Қазақстан Республикасында тіркелген, тез бұзылатын жүктерді тасымалдауға арналған көлік құралдарында халықаралық тасымалдауларды жүзеге асыру кезінде уәкілетті орган беретін Автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау қағидасында белгіленген талаптарға олардың сәйкестігі туралы куәлік болуға тиіс.
6-тарау. Автомобиль көлігіндегі жауапкершілік
46-бап. Автокөлiк құралдарын жөнелтудi кiдiрткенi үшiн жүк жөнелтушiлер мен жүк алушылардың жүктi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша жауапкершiлiгi
1. Тиеуге немесе түсiруге берiлген автокөлiк құралдарының келісілген мерзiмнен тыс бос тұрғаны үшiн жүк жөнелтушi немесе жүк алушы, егер кiдiру өздерiнiң кiнәсiнен болса, тасымалдаушыға тараптардың келісімiмен (шартымен) көзделген айыппұл төлейдi, ал аталған келісім болмаған жағдайда - бос тұрған әрбiр сағаты үшін:
1) жүк көтергiштiгi төрт тоннаны қоса алғанға дейiнгi автокөлiк құралдары бос тұрған кезде - айлық есептiк көрсеткiштiң он екi процентi мөлшерiнде;
2) жүк көтергiштiгi төрт тоннадан жетi тоннаны қоса алғанға дейiнгi автокөлiк құралдары бос тұрған кезде - айлық есептiк көрсеткiштiң он үш процентi мөлшерiнде;