4. Серiктестiк басқармасының мүшелерi серiктестiктiң жалпы жиналысының шешiмi бойынша атқаратын мiндеттерiнен кез келген уақытта босатылуы мүмкiн.
5. Серiктестiк басқармасының мүшелерi өздерiнiң құзыретiне қатысты, жалпы жиналыс және серiктестiктiң жарғысы белгiлеген мәселелердi бiрлесiп шешуге өкiлеттi.
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Жалпы жиналыс сайланбалы органдардың мүшелерiне олардың мұндай органдар мүшелерiнiң мiндеттерiн атқаруға тiкелей байланысты шығыстарын өтеу және басқарма төрағасының еңбегiне ақы төлеу туралы шешiм қабылдауға құқылы.
Ауылшаруашылық серіктестіктерінің штаттағы қызметкерлеріне Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы, Қазақстан Республикасының әлеуметтік қамсыздандыру және сақтандыру туралы заңнамасы қолданылады.
27-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң тексеру комиссиясы
1. Серiктестiктiң жалпы жиналысы серiктестiктiң атқарушы органының қызметiне бақылау жасау мақсатымен тексеру комиссиясын құрады.
2006.05.05 № 139-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Тексеру комиссиясының құрамына серiктестiктiң мүшелерi, аудиторлық қызметті жүзеге асырушы адамдар, қаржы және бухгалтерлiк есеп саласындағы мамандар және басқа адамдар кiре алады.
Атқарушы органдардың мүшелерi тексеру комиссиясының мүшелерi бола алмайды.
Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң тексеру комиссиясы серiктестiктiң жалпы жиналысына есеп бередi.
3. Тексеру комиссиясы серiктестiктiң қаржы-шаруашылық қызметiне тексеру жүргiзген кезде серiктестiктiң барлық құжаттамасына даусыз қол жеткізу құқығына ие болады. Тексеру комиссиясының талап етуiмен атқарушы органның мүшелерi қажетті түсiндiрмелердi ауызша немесе жазбаша түрде беруге мiндеттi. Тексеру нәтижесiн тексеру комиссиясы серiктестiктiң жалпы жиналысына жiбередi.
4. Тексеру комиссиясы жылдық баланс пен серiктестiктiң басқа да есептерi бойынша қорытынды жасайды. Тексеру комиссиясының қорытындысы болмайынша серiктестiктiң жалпы жиналысы серiктестiктiң жылдық балансы мен басқа да есептерiн бекітуге хақысы жоқ.
5. Серiктестiктiң тексеру комиссиясының жұмыс тәртібі жарғымен белгiленедi.
28-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң аудитi
2006.05.05 № 139-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Серiктестiктiң жылдық қаржылық есебiнiң, сондай-ақ оның ағымдағы iсiнiң жай-күйiнiң дұрыстығын тексеру және растау үшiн серiктестiк оның жарғысында көзделген жағдайларда және тәртiпте серiктестiкпен, оның атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарының мүшелерiмен немесе серiктестiк мүшелерiмен мүлiктiк мүддеге байланысы жоқ аудиторлық ұйымды тартуға хақылы.
2006.05.05 № 139-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Серiктестiк мүшесi өз қаражаты есебiнен серiктестiктiң қаржылық есебіне аудит жүргiзілуiн талап етуге хақылы.
2006.05.05 № 139-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Егер серiктестiктiң атқарушы органы серiктестiктiң қаржылық есебiне аудит жүргiзуден жалтарса, аудит міндетті болған не оны жүргiзудi серiктестiк мүшесi талап еткен жағдайда, аудит мүдделі тұлғаның не серiктестiк мүшесiнiң өтiнiшiмен соттың шешімі бойынша тағайындалуы мүмкiн.
6 тарау. Ауыл шаруашылық серiктестiктiгiнiң мүлкi
29-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң мүлкi және оны қалыптастыру көздерi
1. Серiктестiктiң мүлкi оның мүшелерiнiң пай жарналары, өз қызметiнен алынатын табыстар есебiнен және заңда тыйым салынбаған өзге де көздерден қалыптасады.
2. Серiктестiктiң мүлкi оған меншiк құқығымен тиесiлi болады.
3. Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң жарғысында көзделген жағдайларда серiктестiктiң мүлкiне билiк ету жалпы жиналыстың шешiмiмен жүзеге асырылады.
4. Серiктестiк өз қызметiн жүзеге асыру үшiн қорлар құрады. Бұл қорлардың түрлерiн, мөлшерiн, оларды құру мен пайдалану тәртібін серiктестiк мүшелерiнiң жалпы жиналысы оның жарғысына сәйкес белгiлейдi.
30-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгi мүшелерiнiң пай жарналары мен пайлары
1. Серiктестiкке тиесiлi мүлiк жарғыға сәйкес оның мүшелерiнiң пайларына ақша түрiнде бөлiнедi.
2. Серiктестiктiң әрбiр мүшесi үшiн пай қорының, мiндеттi және қосымша пай жарнасының мөлшерiн оған серiктестiк көрсететiн қызметтердiң көлемiне қарай жалпы жиналыс белгiлейдi.
3. Пай жарналарының есебi құнына балап жүргiзіледi. Пай жарнасы есебiне заттай түрде мүлiк немесе мүлiктiк құқықтар енгiзiлген жағдайда пай жарналарын ақшамен бағалауды серiктестiктiң басқармасы жүргiзедi және оны жалпы жиналыс бекiтедi. Серiктестiк мүшелерiнiң жалпы жиналысы берiлетiн мүлiктi ақшамен бағалау әдiстемесiн бекітіп, басқармаға осы әдiстеме негiзiнде аталған мүлiктi ақшамен бағалау жөніндегі жұмысты ұйымдастыруды тапсыра алады. Серiктестiк мүшелерi жалпы жиналысының шешiмi бойынша пай жарналарының ақшамен бағалануы тәуелсiз сарапшылық тексеруге берiлуi мүмкiн.
4. Пай жарнасы бағалану құнының мiндеттi пай мөлшерiнен асып түсетiн бөлiгi серiктестiк мүшесiнiң келісімiмен оның қосымша пай жарнасы деп танылады.
5. Серiктестiк мүшелерi жалпы жиналысының шешiмiмен серiктестiк жарғысына тиiстi өзгерістер енгiзiле отырып, пай қорының мөлшерi ұлғайтылуы немесе азайтылуы мүмкiн. Аталған өзгерістер заңмен белгiленген тәртiпте қайта тiркелуге жатады.
6. Пай қоры мөлшерiнiң ұлғайтылуы қосымша пай жарналарын енгізу жолымен жүзеге асырылады.
7. Серiктестiктiң кредиторларына пай қоры мөлшерiнiң азайтылуы немесе оны қалыптастырудың мерзiмдерi туралы аталған өзгерістер күшiне енгеннен кейiн бiр ай iшiнде хабарлануға тиiс. Аталған пай қоры мөлшерiнiң азайтылуы туралы хабар жарияланғаннан кейiн алты ай iшiнде серiктестiкке талап қойған кредиторлардың талаптары қанағаттандырылуға тиiс.
31-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң мүлiктiк жауапкершiлiгi
Ауыл шаруашылық серiктестiгi өзiнiң мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi барлық мүлiкпен заңдарға сәйкес жауапты болады.
7-тарау. Ауыл шаруашылық серiктестiгiнiң өз мүшелерімен өзара қатынастарының негiздерi
32-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгi мүшелерiнiң өнiм сатуы және қызметтер тұтынуы туралы келісім-шарт (келісім)
Серiктестiк пен оның мүшелерi өнiм өткізу, сондай-ақ серiктестiк өз мүшелерiне көрсететiн қызметтердiң көлемi мен түрлерi туралы келісім-шарттар (келісімдер) жасаса алады.
8 тарау. Ауыл шаруашылық серiктестiгiн қайта ұйымдастыру және тарату
33-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгiн қайта ұйымдастыру
1. Серiктестiктi қайта ұйымдастыру (қосу, бiрiктiру, бөлу, бөлiп шығару, қайта құру) заң актілеріне сәйкес серiктестiк мүшелерi жалпы жиналысының шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
Серiктестiктi селолық тұтыну кооперативi етiп қайта құруға болмайды.
2. Келiспеушiлiктер туындаған жағдайларда серiктестiктi оның құрамынан бiр немесе бiрнеше заңды тұлғалардың бөлiнуi немесе бөлiнiп шығуы нысанында қайта ұйымдастыру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Серiктестiк қайта ұйымдастырылған кезде оның жарғысына өзгерістер енгізу немесе жаңа жарғыны қабылдау заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркеу туралы заңдардың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Серiктестiк қайта ұйымдастырылған жағдайда оның құқықтары мен мiндеттерi алыс-берiс актiсiне немесе бөлу балансына сәйкес құқық мирасқорларына ауысады. Аталған құжаттарда тараптар дауласып отырған мiндеттемелердi қоса алғанда, қайта ұйымдастырылатын серiктестiктiң барлық кредиторлары мен борышкерлерiне қатысты барлық мiндеттемелерi бойынша құқық мирасқорлығы туралы ережелер болуға тиiс.
5. Алыс-берiс актiсi мен бөлу балансы серiктестiк мүшелерiнiң жалпы жиналысында бекітіледi және құрылтай құжаттарымен бiрге мемлекеттік тiркеуге ұсынылады.
6. Егер бөлу балансы қайта ұйымдастырылған серiктестiктiң құқық мирасқорын белгiлеуге мүмкiндiк бермесе, жаңадан пайда болған заңды тұлғалар қайта ұйымдастырылған серiктестiктiң мiндеттемелерi бойынша оның кредиторлары алдында ортақ жауапкершiлiкте болады.
34-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiгiн тарату
1. Ауыл шаруашылық серiктестiгi жалпы жиналыстың шешiмi бойынша немесе сот шешiмiнiң негiзiнде таратылуы мүмкiн.
2. Ауыл шаруашылық серiктестiгiн тарату Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде және өзге де заң актілерінде белгiленген тәртiппен жүргізіледі.
9 тарау. Ауыл шаруашылық серiктестiктерiнiң қауымдастықтары (одақтары)
35-бап. Ауыл шаруашылық серiктестiктерiнiң қауымдастықтары (одақтары)
1. Ауыл шаруашылық серiктестiктерi облыстық және республикалық деңгейлерде қауымдастықтарға (одақтарға) бiрiгуi мүмкiн.
2. Бастауыш ауыл шаруашылық серiктестiктерi өз қызметiн үйлестiру, экономикалық мүдделерiн қорғау мақсатында мемлекеттік және өзге де құрылымдарда коммерциялық емес ұйым болып табылатын ауыл шаруашылық серiктестiктерiнiң қауымдастықтарын (одақтарын) құрады.
3. Қауымдастықтың (одақтың) мүшелерi құрылтай шартының және жарғының негiзiнде iс-қимыл жасайды, бiрақ өзiнiң дербестігi мен заңды тұлға құқығын сақтайды.
4. Қауымдастықтың (одақтың) негiзгi мiндеттерi:
1) ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерi бiрлестiктерiнiң дамуын реттеу және оған жәрдемдесу;
2) ауыл шаруашылық серiктестiктерiнiң құқықтары мен экономикалық мүдделерін қорғау;
3) аймақаралық байланыстарды әзiрлеу мен жүзеге асыру, iшкi және сыртқы экономикалық өзара қатынастарды жетiлдiру;
4) материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуге жәрдемдесу, салааралық айырбастың баламалылығы мен ауыл шаруашылық өнiмiнiң және өнеркәсiп беретiн ресурстардың бағасын реттеп отыру;
5) кәсiпорындардың даму үрдiсiн айқындау, соның негiзiнде одан әрi даму перспективасының жалпы бағытын белгiлеу;
6) жаңа техниканың, технологияның енгiзiлуiне жәрдемдесу, тәжiрибе, ғылыми-техникалық ақпарат алмасуды ұйымдастыру және патент-лицензия жұмысы мен лизингтi ұйымдастыру.
5. Қауымдастықтар (одақтар) Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн, құрылтай шартында немесе жарғыда көзделген басқа да мiндеттердi жүзеге асыруға хақылы.
6. Ауыл шаруашылық серiктестiктерiнiң қауымдастықтары (одақтары) ерiктi негiзде құрылады, құрылтайшылар жүктеген мiндеттерді атқарады.
7. Қауымдастықтардың (одақтардың) қызметiн қаржыландыру осы қауымдастыққа (одаққа) бiрiккен ауыл шаруашылық серiктестiктерiнiң жыл сайынғы шарттық аударымдары арқылы жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Н. Назарбаев