5. Тексерілетін субъектілердің келушілер мен тексерулерді есепке алу кітабын жүргізуге құқығы бар. Бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдары тексерілетін субъектілердің келушілер мен тексерулерді есепке алу кітабында тегін, лауазымдарын және актіде баяндалған деректерді көрсете отырып, жүргізілген іс-әрекет туралы жазба жасауға міндетті.
6. Түпнұсқалық бухгалтерлік және өзге де құжаттарды алып қоюға және алуға тыйым салынады.
Түпнұсқалық құжаттарды алып қою және алу Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің нормаларына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген жағдайларда жүргізіледі.
7. Тексеру жүргізілген кезде осы Заңның 5-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұзушылық болмаған жағдайда тексеру нәтижелері жөніндегі актіге тиісті жазба жасалады.
8. Тексерілетін субъектіге тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген тексеруді аяқтау мерзімінен кешіктірілмей тексеру нәтижелері туралы актінің тапсырылған күні тексеру мерзімінің аяқталуы деп есептеледі.
25-бап. Бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарының тексерулер жүргізу кезінде анықталған бұзушылықтар фактілері бойынша қабылдайтын шаралары
Егер тексеру жүргізу нәтижесінде тексерілетін субъектінің осы Заңның 5-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұзушылықтардың фактісі анықталған болса, бақылау және қадағалау органының лауазымды адамы (адамдары) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өкілеттіктер шегінде анықталған бұзушылықтарды жою, олардың алдын алу, адамның өміріне, денсаулығына және қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың заңды мүдделеріне ықтимал зиян келтіруді болдырмау жөнінде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шараларды қабылдауға, сондай-ақ бұзушылыққа жол берген адамдарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа тарту жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
Тексерілетін субъектіге қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралар қабылдаған кезде бақылау және қадағалау органы Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған жағдайларда және тәртіппен прокурорды хабардар етеді.
26-бап. Мемлекеттік органдар лауазымды адамдарының бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру кезiндегi құқықтары мен мiндеттерi
1. Тексерілетін субъектілерге бақылау және қадағалау жүргізу кезiнде мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының:
1) осы Заңның 19-бабының 2-тармағында көрсетiлген құжаттарды көрсеткен кезде тексерiлетiн объектiнiң аумағына және үй-жайларына кедергiсiз кiруге;
2) қағаз және электронды жеткiзгiштердегi құжаттарды (мәлiметтердi) не олардың көшiрмелерiн тексеру нәтижелерi туралы актiге қосу үшiн алуға, сондай-ақ тексерудiң мiндеттерi мен нысанасына сәйкес автоматтандырылған деректер қорына (ақпараттық жүйелерге) қол жеткiзуге;
3) мемлекеттік органдардың және ведомстволық бағынысты ұйымдардың мамандарын, консультанттарын және сарапшыларын тартуға құқығы бар.
2. Тексерудi жүзеге асыратын бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарына тексеру нысанасына жатпайтын талаптар қоюға және өтiнiш жасауға тыйым салынады.
3. Бақылауды және қадағалауды жүргiзу кезiнде бақылау мен қадағалау органдарының лауазымды адамдары:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, тексерілетін субъектілердің құқықтары мен заңды мүдделерiн сақтауға;
2) тексерудi осы Заңда және (немесе) Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген негiзде және тәртiппен қатаң сәйкестiкте жүргiзуге;
3) тексеру жүргiзу кезеңiнде тексерілетін субъектілердің белгiленген жұмыс режимiне кедергi келтiрмеуге;
4) осы Заңның 5-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген талаптарды бұзушылықтың алдын алу, анықтау және жолын кесу бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берiлген өкiлеттiктердi уақтылы және толық көлемде орындауға;
5) тексеру жүргiзу кезiнде тексерілетін субъектiнiң қатысуына кедергi келтiрмеуге, тексеру нысанасына жатқызылған мәселелер бойынша түсiнiктер беруге;
6) тексеру жүргiзу кезiнде тексерілетін субъектiге тексерудiң мәнiне қатысты қажеттi ақпарат беруге;
7) тексеру аяқталған күнi не «Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу мен қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде тексерілетін субъектiге жүргiзiлген тексерудiң нәтижелерi туралы актiнi беруге;
8) алынған құжаттардың және тексеру жүргiзу нәтижесiнде алынған мәлiметтердiң сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
27-бап. Бақылау және қадағалау жүргізу кезіндегі тексерілетін субъектінің құқықтары мен міндеттері
1. Бақылау және қадағалау жүргізу кезінде тексерілетін субъектілер мыналарға:
1) тексеру жүргізу үшін объектіге келген бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарын мынадай:
жоспарлы тексерулер тағайындалған кезде алдыңғы тексерулерге қатысты уақыт аралығы сақталмаған;
тексеру тағайындау туралы актіде көрсетілген мерзімдер асып кеткен не өтіп кеткен, осы Заңда белгіленген мерзімдерге сәйкес келмеген;
осы Заңның 16-бабы 7-тармағының 2), 4), 6) 7) және 8) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік орган белгілі бір мәселе бойынша, белгілі бір кезеңде бұрын тексеру жүргізілген тексерілетін субъектіге қатысты көрінеу қайта тексеру тағайындаған;
егер алдыңғы тексеру кезінде бұзушылықтар анықталмаған болса, осы Заңның 16-бабы 7-тармағының 1) тармақшасына сәйкес жоспардан тыс тексеру тағайындалған;
осы Заңның 13, 14, 15-баптарында және 18-бабының 1-тармағында көзделген ақпарат пен құжаттар болмаған;
егер Қазақстан Республикасының Салық кодексінде өзгеше көзделмесе, жасалған не әзірленіп жатқан қылмыстар туралы өтініште немесе хабарламада, жеке, заңды тұлғалардың және мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзу туралы өзге де өтініштерде көрсетілген уақыт аралығының шеңберінен шығатын кезеңде тексеру тағайындалған;
тексеру жүргізуге тиісті өкілеттіктері жоқ адамдарға тексеру жүргізу тапсырылған;
осы Заңның 16-бабының 3-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, тексеруді тағайындау туралы бір актіде тексеруге тартылатын бірнеше тексерілетін субъектілер көрсетілген;
тексеру мерзімдері осы Заңда белгіленген мерзімнен асырып ұзартылған жағдайларда тексеруге жібермеуге;
2) егер жүргізілетін тексерудің нысанасына жатқызылмаған немесе актіде көрсетілген кезеңге жатқызылмаған болса, мәліметтер бермеуге;
3) тексеруді тағайындау туралы актіге, тексерудің нәтижелері туралы актіге және мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға;
4) мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың тексерілетін субъектілердің қызметін шектейтін, заңға негізделмеген тыйым салуларын орындамауға;
5) тексеруді жүзеге асыру үдерісін, сондай-ақ лауазымды адамның қызметіне кедергі келтірместен, аудиотехника және бейнетехника құралдарының көмегімен лауазымды адамның тексеру шеңберінде жүргізген жекелеген іс-әрекеттерін тіркеуге;
6) үшінші тұлғалардың өз мүдделері мен құқықтарын білдіруі, сондай-ақ үшінші тұлғалардың осы баптың 1-тармағының 5) тармақшасында көзделген іс-әрекеттерді жүзеге асыруы мақсатында оларды тексеруге қатысуға тартуға құқылы.
2. Мемлекеттік органдар бақылау және қадағалау жүргізген кезде тексерілетін субъектілер:
1) осы Заңның 18-бабы 1-тармағының талаптарын сақтай отырып, тексерілетін субъектінің аумағына және үй-жайларына бақылау және қадағалау органдары лауазымды адамдарының кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге;
2) коммерциялық, салықтық не өзге де құпияны қорғау талаптарын сақтай отырып, бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарына қағаз және электронды жеткізгіштердегі құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін тексерудің нәтижелері туралы актіге қоса тіркеу үшін табыс етуге, сондай-ақ тексерудің міндеттері мен нысанасына сәйкес автоматтандырылған дерекқорға (ақпараттық жүйелерге) қол жеткізуіне мүмкіндік беруге;
3) тексеруді тағайындау туралы актінің екінші данасында оны алғаны туралы белгі жасауға;
4) жүргізілген тексеру аяқталған күні нәтижелері туралы актіні алғаны туралы оның екінші данасында белгі жасауға;
5) егер осы Заңда не Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше көзделмесе, тексеруді жүзеге асыру кезеңінде тексерілетін құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол бермеуге;
6) объектіге тексеру жүргізу үшін келген адамдардың осы объекті үшін белгіленген нормативтерге сәйкес зиянды және қауіпті өндірістік факторлар әсерінен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті.
28-бап. Осы Заңның талаптарын өрескел бұза отырып жүргізілген тексерудің жарамсыздығы
1. Егер бақылау және қадағалау органы тексеруді осы Заңда белгіленген тексеруді ұйымдастыру мен жүргізуге қойылатын талаптарды өрескел бұза отырып жүзеге асырса, тексеру жарамсыз деп танылады.
Жарамсыз деп танылған тексеру актісі осы Заңның 5-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды тексерілетін субъектілердің бұзуының дәлелі болып табылмайды.
Тексерудің жарамсыз деп танылуы жоғары тұрған мемлекеттік органның немесе соттың оның күшін жоюына негіз болып табылады.
Жоғары тұрған мемлекеттік органның тексерудің жарамсыздығына байланысты актінің күшін жою туралы тексерілетін субъектінің өтінішін қарауы өтініш берілген кезден бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Мұндай өтінішті қараудың белгіленген мерзімі бұзылған жағдайда шешім тексерілетін субъектінің пайдасына шешіледі.
2. Осы Заңның талаптарын өрескел бұзушылыққа:
1) тексеру жүргізуге негіздің болмауы;
2) тексеру тағайындау туралы актінің болмауы;
3) тексеру жүргізу туралы хабарлау мерзімінің сақталмауы;
4) осы Заңның 23-бабының талаптарын бұзу;
5) жоспарлы тексеру тағайындау кезінде алдыңғы тексеруге қатысты уақыт аралығын бұзу;
6) тексерілетін субъектіге тексеру тағайындау туралы актіні табыс етпеу;
7) мемлекеттік органдардың өздерінің құзыретіне кірмейтін мәселелер бойынша тексерулер тағайындауы жатады.
29-бап. Бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының шешiмдерiне, iс-әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағымдану тәртібі
1. Бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру кезiнде тексерілетін субъектiлердiң құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылған жағдайда тексерілетін субъектi тиісті бақылау және қадағалау органының және (немесе) лауазымды адамның iс-әрекетiне (әрекетсiздiгiне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жоғары тұрған мемлекеттік органға не сотқа шағымдануға құқылы.
2. Тексерілетін субъектiнiң мемлекеттік органдардың қылмыстық iстi қозғаумен және тексеру жүргiзумен байланысты iс-әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағымдануы Қазақстан Республикасының қылмыстық iс жүргiзу заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
3-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
30-бап. Қазақстан Республикасының бақылау және қадағалау саласындағы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының бақылау және қадағалау саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
31-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. 2012 жылғы 1 қаңтарға дейін осы Заңның 17-бабы 2-тармағының 5) тармақшасындағы «сәйкестендіру нөмірі» деген сөздер «салық төлеушінің тіркеу нөмірі» деп есептелсін.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2011 жылғы қаңтардың 6-сы.
№ 377-IV ҚРЗ
«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік
бақылау және қадағалау туралы»
2011 жылғы Қазақстан Республикасының
Заңына қосымша
Мемлекеттік бақылау және қадағалау жүзеге асырылатын жеке кәсіпкерлік субъектілері
қызметінің салалары
1. Мемлекеттік бақылау:
1) электр энергетикасы саласында;
2) жер қойнауын пайдалану саласындағы келісімшарттар талаптарының сақталуына;
3) жер қойнауын зерттеу және пайдалану саласында;
4) мұнайгаз кәсіпшілігі инфрақұрылымына;
5) халықтың радиациялық қауіпсіздігі саласында;
6) мұнай операцияларын жүргізу саласында;
7) мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерінің өндірілуіне және айналымына;
8) атом энергиясы саласында;
9) автомобиль көлігі саласында;
10) темір жол көлігі саласында;
11) Мемлекеттік шекарадан өткізу пункттерінде көлік құралдарының иелері мен тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру саласында;
12) көлік саласында;
13) өнімді тиеп жіберу алдындағы кезеңге және (немесе) оның түпкілікті пайдаланылуына экспорттық бақылау саласында;
14) техникалық реттеу саласында;
15) сәйкестікті бағалау саласындағы Қазақстан Республикасының аккредиттеу туралы заңнамасының сақталуына;
16) метрология саласында;
17) тұрғын үй қатынастары саласында;
18) асыл тұқымды мал шаруашылығы және ара шаруашылығы саласында;
19) жануарлар дүниесін қорғау, молайту және пайдалану саласында;
20) тұқым шаруашылығы саласында;
21) астық нарығын реттеу саласында;
22) орман қорын күзету, қорғау, оларды пайдалану, ормандарды молықтыру мен орман өсіру саласында;
23) Қазақстан Республикасының су қорын пайдалану және қорғау саласында;
24) өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру саласында;
25) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласында;
26) мақтаның қауіпсіздігі және сапасы саласында;
27) жерді пайдалану мен қорғауға;
28) геодезиялық және картографиялық қызметке;
29) қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды молықтыру және пайдалану саласында;
30) шаруашылық қызметтің экологиялық қауіпті түрлеріне;
31) қалдықтармен жұмысқа;
32) міндетті экологиялық сақтандыруға;
33) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласында;
34) азаматтық қорғаныс саласында;
35) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында;
36) өрт қауіпсіздігі саласында;
37) қызметі үшінші тұлғаларға нұқсан келтіру каупімен байланысты объектілер иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру саласында;
38) дәрілік заттардың айналысы саласында;
39) көрсетілетін медициналық және арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасына;
40) халыққа жұқпалы ауруларға қарсы алдын ала егудің ұйымдастырылуына және өткізілуіне;
41) жұқпалы аурулардың алдын алу жөніндегі іс-шаралардың ұйымдастырылуына және өткізілуіне;
42) білім беру жүйесіне;
43) Ұлттық мұрағат қорының құрамына жатқызылған және жеке мұрағаттарда сақталатын құжаттардың сақталуына;
44) еңбек туралы және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын бақылауға;
45) қызметкерді еңбек (қызмет) міндеттерін атқарған кезде оны
жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру саласында;
46) халықты жұмыспен қамту саласында;
47) мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласында;
48) арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну саласында;
49) бұқаралық ақпарат құралдары туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуына;
50) байланыс саласында;
51) ақпараттандыру саласында;
52) электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуына;
53) салық және басқа да міндетті төлемдердің бюджетке түсуіне, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналарының және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдардың толық және уақтылы аударылуына;
54) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құзыреті шегінде салықтық емес түсімдердің түсуіне;
55) трансферттік бағаларды қолдану кезінде;
56) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді каржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуына;
57) сырттай байқау рәсімдерінің, оңалту рәсімдерінің, конкурстық іс жүргізудің өткізілуіне;
58) валюталық операцияларды және валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты қызметті жүзеге асыруға;
59) құзыреті шегінде қаржылық ұйымдардың қызметіне;
60) төлемдер және ақша аударымдары, вексель айналымдары мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының және Қазақстан Республикасы валюта заңнамасының сақталуына;
61) төлем жүйелерінің жұмыс істеуіне;
62) экономикалық шоғырлануға;
63) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының сақталуына;
64) авторлық құқық және сабақтас құқықтар, өнеркәсіптік меншік, селекциялық жетістіктер, интегралдық микросхема топологиясы объектілерін пайдалануға;
65) нормативтік құқықтық актілердің ресми мәтінін кейіннен жариялау саласында;
66) бағалау қызметі саласында;
67) табиғи монополиялар салаларында;
68) реттелетін нарық субъектілерінің табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген міндеттерді және Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген, мемлекет реттеп отыратын бағалар енгізілетін өнімдер, тауарлар және көрсетілетін қызметтер номенклатурасы бойынша белгіленген бағаларды сақтауына;
69) мемлекеттік сатып алу туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуына;
70) жол жүрісі қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуіне;
71) азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының, азаматтық пиротехникалық заттар мен оларды қолданып жасалған бұйымдардың айналымы саласында жұмыспен қамтылған жеке және заңды тұлғалардың қызметіне;
72) түрлі-түсті бейнелі көбейткіш-көшіргіш техниканың, сондай-ақ штемпельдік-гравюралық кәсіпорындардың қызметіне;
73) жарылғыш және улы заттарды, радиоактивті материалдар мен заттарды қолдану мен олардың жұмыс істеуінің белгіленген қағидаларының сақталуына;
74) шетелдік жұмыс күшін тарту қағидаларының сақталуына;
75) күзет қызметіне;
76) есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына;
77) көлік құралдарының иелері мен тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру саласында;
78) туристік қызмет туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуына;
79) аудиторлық қызмет және кәсіптік аудиторлық ұйымдар қызметі саласында;
80) ойын бизнесі туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуына;
81) тауар биржалары туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуына;
82) дене шынықтыру және спорт саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуына;
83) спорт объектілерін пайдалану, оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі стандарттардың, қағидалар мен нормалардың сақталуы нысанасында;
84) спортта допингке қарсы іс-шаралардың жүргізілуіне;
85) бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік саласында;
86) өңірлік қаржы орталығына қатысушылардың Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы саласындағы қызметіне;
87) тарихи-мәдени мұра объектілерінің қорғалуына және пайдаланылуына;
88) мемлекеттік статистика саласында;
89) жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдау және қорғау саласында;
90) биоотын айналымы саласында;
91) биоотын өндіру саласында жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік қадағалау:
1) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану саласында;
2) азаматтық авиация қызметіне;
3) халықаралық әуе тасымалдарына;
4) авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге;
5) сауда мақсатында теңізде жүзу саласында;
6) ішкі су көлігі саласында;
7) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында;
8) ветеринария саласында;
9) өсімдіктерді қорғау және оның карантині саласында;
10) санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылық саласында;
11) қаржы нарығына және қаржы ұйымдарына;
12) кредиттік бюролар қызметіне;
13) инвестициялық қорлар қызметіне жүзеге асырылады.