4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарыз алушы - заңды тұлғаны банкрот деп тану туралы сотқа талап-арызбен жүгінуге құқылы.»;
«39-бап. Ставкалар мен тарифтер
1. Сыйақы ставкалары мен комиссиялар, сондай-ақ банк қызметтерін көрсеткені үшін тарифтерді банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді ескере отырып дербес белгілейді.
2. Жеке тұлғалармен жасалатын банктік қарыз шарттарында, оның ішінде ипотекалық қарыз шарттарында банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар сыйақының тіркелген не құбылмалы ставкасын белгілейді және қарыз алушының таңдауы бойынша банктік қарыз шартын жасасқан күнгі банк ұсынған қарызды өтеу әдісін көрсетеді.
Ипотекалық тұрғын үй қарызы шартын жасасқанға дейін, сондай-ақ уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген жағдайларда, банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым қарызды өтеу әдісін таңдау үшін әртүрлі әдістермен есептелген қарызды өтеу кестелерінің жобаларын жеке тұлғаға беруге міндетті. Қарыз алушыға банктік қарыз шартында белгіленген кезеңділікпен есептелген қарызды өтеу кестелерінің жобалары мынадай өтеу әдістерімен міндетті түрде ұсынылуға тиіс:
сараланған төлем әдісі, бұл ретте банктік қарыз бойынша берешектерді өтеу негізгі борыш бойынша төлемдердің тең сомаларын және негізгі борыштың қалдығы кезеңіне есептелген сыйақыны қамтитын азайтылған төлемдермен жүзеге асырылады;
аннуитеттік төлем әдісі, бұл ретте банктік қарыз бойынша берешектерді өтеу негізгі борыш бойынша ұлғайтылған төлемдерді және негізгі борыштың қалдығы кезеңіне есептелген сыйақы бойынша азайтылған төлемдерді қамтитын банктік қарыздың бүкіл мерзімі ішінде тең төлемдермен жүзеге асырылады. Бірінші және соңғы төлем мөлшерлері бір-бірінен ерекшеленуі мүмкін.
Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым қарыз алушыға өздерінің ішкі қағидаларына сәйкес есептелген қарызды өтеудің қосымша әдістерін ұсынуға құқылы.
Сыйақының тіркелген ставкасы біржақты тәртіппен өзгертілуге жатпайды.
Сыйақының тіркелген ставкасы тараптардың келісімі бойынша азаю жағына қарай не шарттың қолданылу мерзімі ішінде сыйақының құбылмалы ставкасына қарай өзгеруі мүмкін.
Сыйақының тіркелген ставкасы тараптардың келісімі бойынша оның шартта айқындалған қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін ұлғаю жағына қарай өзгеруі мүмкін, бірақ ол банктік қарыз шарты жасалған күннен бастап үш жылдан ерте өзгертілмейді. Тараптардың келісімі бойынша сыйақының тіркелген ставкасының ұлғаю жағына қарай одан кейінгі әрбір өзгеруі тіркелген ставканың қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін мүмкін болады, бірақ сыйақының тіркелген ставкасының алдыңғы өзгерген күнінен бастап үш жылдан ерте өзгертілмейді.
Сыйақының құбылмалы ставкасын есептеу тәртібі, оның қолданылу шарттары уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен айқындалады.
Банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың банктік қарыз шартын жасасу күні белгіленген тарифтердің, комиссиялық сыйақылардың және қарызға қызмет көрсету жөніндегі басқа да шығыстардың мөлшерін және оларды есептеу тәртібін біржақты тәртіппен ұлғаю жағына қарай өзгертуге құқығы жоқ.
3. Банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар банктік қарыз шарттарында қарыз беруге байланысты өндіріп алуға жататын комиссиялардың толық тізбесін және олардың мөлшерін көрсетуге міндетті және жасалған шарт шеңберінде комиссиялардың жаңа түрлерін біржақты тәртіппен енгізуге құқығы жоқ.
4. Банктің интернет-ресурсында жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін банктік және өзге де қызметтер үшін ставкалар мен тарифтер туралы ақпарат орналастырылуға тиіс. Ставкалар мен тарифтер туралы ақпарат қолданыстағы ставкалар мен тарифтерге өзгерістердің енгізілу күні туралы мәліметтер, ішкі құжаттың нөмірі және осы өзгерісті қабылдаған орган көрсетіліп, өзекті режимде сақталып тұруға тиіс.
5. Банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың, қарызды алған күннен бастап бір жылға дейін негізгі борышты ішінара мерзімінен бұрын өтеу немесе толық мерзімінен бұрын өтеу жағдайларын қоспағанда, қарыздарды мерзімінен бұрын өтегені үшін тұрақсыздық айыбын немесе айыппұл санкцияларының өзге де түрлерін өндіріп алуға құқығы жоқ.
6. Банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың:
1) банктік қарыз шартында көзделген жағдайларда, қарыз алуға және оған қызмет көрсетуге байланысты дәйекті ақпарат беру бойынша қарыз алушы өз міндеттемелерін бұзған;
2) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген жағдайларда, сондай-ақ банктік қарыз шартында көзделген мынадай:
банктің (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның) алдын ала жазбаша хабарламасын алмай-ақ, акционерлік қоғам (шаруашылық серіктестік) акцияларының (қатысу үлесінің) он және одан да көп пайызын жинақтап алғанда иеленетін қарыз алушы қатысушыларының (акционерлерінің) құрамы өзгерген;
кепіл ұстаушы болып табылатын банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның құжаттар бойынша және кепілге қойылған мүліктің іс жүзінде болуын, көлемін, жай-күйін және сақтау шартын тексеру, сондай-ақ үшінші тұлғалардың қарыз алушының (кепіл берушінің) мүлкіне, оның ішінде банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға кепілге қойылған мүлікке талап қою құқықтарын қарыз алушы және (немесе) кепіл беруші бұзған жағдайларда, банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның міндеттемелердің мерзімінен бұрын орындалуын талап ету құқығы туындаған жағдайларды қоспағанда, заңды тұлғалармен банктік қарыз шартын жасасқан күні белгіленген сыйақы ставкаларын ұлғайту жағына біржақты тәртіппен өзгертуге құқығы жоқ.
7. Ислам банктерін қоспағанда, банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар дәйекті, жылдық, тиімді, салыстырмалы түрде есептелген сыйақы ставкаларын (нақты құнын) көрсетуге міндетті, оның тәртібін уәкілетті орган клиенттермен жасалатын шарттарда, сондай-ақ қарыздар мен салымдар (банкаралықты қоспағанда) бойынша сыйақы шамасы туралы ақпаратты таратқанда, оның ішінде оны жариялағанда белгілейді.
Осы бапта белгіленген талаптар сақталмаған жағдайда, уәкілетті орган банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға осы Заңда көзделген шектеулі ықпал ету шараларын және (немесе) санкцияларды қолданады.»;
3) 2-тарау мынадай мазмұндағы 40-1, 40-2, 40-3 және 40-4-баптармен толықтырылсын:
«40-1-бап. Банк омбудсманы, оның мәртебесі және оны сайлау тәртібі
1. Қарыз алушының және банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қанағаттандыру туралы келісімге қол жеткізу мақсатында банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның және қарыз алушы - жеке тұлға арасындағы ипотекалық қарыз шартынан туындайтын келіспеушіліктерді оның өтініші бойынша реттеуді жүзеге асыратын, өз қызметінде тәуелсіз жеке тұлға банк омбудсманы болып табылады.
Банк омбудсманы өз қызметінде мынадай:
1) тараптардың теңқұқылығы;
2) омбудсманның турашылдығы;
3) банктік және өзге де заңмен қорғалатын құпияны сақтау;
4) тараптардың құқықтарын сақтау және заңмен қорғалатын мүдделерін сыйлау;
5) шешім қабылдау рәсімінің айқындығы мен негізділігі қағидаттарын басшылыққа алады.
2. Банк омбудсманын сайлауды және оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуды өкілдер кеңесі жүзеге асырады. Өкілдер кеңесі:
1) ипотекалық қарыз беретін әрбір банктен, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымнан;
2) әділет органдарында тіркелген және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын іске асыруға және қорғауға бағытталған қызметті жүзеге асыратын, олар болған жағдайда, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің қауымдастығынан (одағынан) және (немесе) тұтынушылардың республикалық қоғамдық бірлестігінен;
3) уәкілетті органнан бір-бір өкілден құрылады.
Өкілдер кеңесінің құрамында ипотекалық қарыз беретін банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың қатысуы міндетті болып табылады және осы Заң мен өкілдер кеңесі бекіткен банк омбудсманының ішкі қағидаларында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Өкілдер кеңесінің құзыреті:
1) банк омбудсманы қызметіне сайлау үшін кандидатура ұсыну және оны бекіту;
2) құрылым мен штатты (банк омбудсманының офисін) бекіту;
3) банк омбудсманының қызметін қаржыландыру тәртібін айқындау;
4) осы Заңға сәйкес банк омбудсманының қызметін жүзеге асыруға байланысты өзге де мәселелер.
4. Өкілдер кеңесінің отырысы, егер оған қатысқан өкілдер кеңесінің мүшелері жиынтығында жалпы дауыс санының елу және одан да көп пайызын иеленсе, заңды деп, ал кворум талабы сақталған болып танылады.
Банк омбудсманы кеңестің отырысына қатысқан өкілдер кеңесінің көпшілік даусымен сайланады. Дауыс беру кезінде өкілдер кеңесінің әрбір мүшесі бір дауысқа ие болады. Дауыстар тең болған кезде уәкілетті орган өкілінің даусы шешуші болып табылады.
Банк омбудсманын сайлау мәселесі бойынша дауыс беру құпия тәсілмен жүзеге асырылады. Дауыс беру бюллетенінде банк омбудсманы қызметіне сайлау үшін ұсынылған кандидаттар туралы мынадай ақпарат:
1) тегі, аты, сондай-ақ қалауы бойынша - әкесінің аты;
2) білімі туралы мәлімет;
3) банктерге, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға аффилиирленгені туралы мәлімет;
4) жұмыс орындары мен атқаратын қызметтері туралы мәлімет;
5) кандидаттардың біліктілігін, жұмыс тәжірибесін растайтын өзге де ақпарат;
6) «жақтаймын» немесе «қарсымын» деген сөздермен білдірілген мәселе бойынша дауыс беру нұсқалары қамтылуға тиіс.
5. Банк омбудсманы екі жыл мерзімге сайланады.
Банк омбудсманының өкілеттігін оның бастамасы бойынша мерзімінен бұрын тоқтату өкілдер кеңесін жазбаша хабардар ету негізінде жүзеге асырылады.
Өкілдер кеңесіне жазбаша хабарлама өкілдер кеңесі бекіткен банк омбудсманының ішкі қағидаларында белгіленген тәртіппен өкілеттігі тоқтатылғанға дейін бір ай бұрын беріледі.
40-2-бап. Банк омбудсманына қойылатын талаптар
1. Банк омбудсманы етіп сайлау үшін:
1) жоғары білімі жоқ;
2) мінсіз іскерлік беделі жоқ;
3) қаржылық қызмет көрсету және (немесе) қаржылық қызметтерді реттеу саласындағы жұмыста үш жылдан аз жұмыс өтілі бар;
4) бұрын уәкілетті орган оны консервациялау туралы, оның акцияларын мәжбүрлеп сатып алу туралы, лицензиядан айыру туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оны мәжбүрлеп тарату немесе банкрот деп тану туралы шешім қабылдағанға дейін бір жылдан аспайтын кезеңде қаржы ұйымының басқарушы қызметкері болып табылған адам ұсынылмайды. Бұл талап уәкілетті орган қаржы ұйымын консервациялау туралы, оның акцияларын мәжбүрлеп сатып алу туралы, қаржы ұйымын лицензиядан айыру туралы, сондай-ақ қаржы ұйымын мәжбүрлеп тарату немесе оны банкрот деп тану туралы шешім қабылдағаннан кейін үш жыл бойы қолданылады.
2. Банк омбудсманының қаржы ұйымдарында және микрокредиттік ұйымдарда кез келген лауазымды атқаруға, банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың афифлиирленген тұлғасы болуға құқығы жоқ.
40-3-бап. Банк омбудсманының шешім қабылдау тәртібі
1. Банк омбудсманы шешімді жеке-дара қабылдайды және ол дауға қатысушы тараптардың назарына жазбаша нысанда жеткізіледі.
Банк омбудсманы шешім қабылдау кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын және жасалған шарттардың талаптарын басшылыққа алады.
2. Банк омбудсманы мынадай:
сот қарауға қабылдаған және (немесе) олар бойынша заңды күшіне енген сот шешімі бар;
өтініш беруші адам ипотекалық қарыз шарты шеңберінде туындаған жағдайды реттеу мақсатында оның банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға жазған өтінішінің жазбаша дәлелдемесін ұсынбаған;
істің жаңа мән-жайлары болмаған кезде қайтадан жіберілген;
сомасы жиырма мың айлық есептік көрсеткіштен асатын ипотекалық қарыз шарты бойынша өтініштерді қарамайды.
3. Банк омбудсманының шешімі, қарыз алушы оны қабылдаған жағдайда, банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым үшін міндетті.
Банк омбудсманының шешімімен келіспеген жағдайда мүдделі тарап өз құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгінуге құқылы.
40-4-бап. Банк омбудсманының қызметі
1. Банк омбудсманының қызметі, оның ішінде дауларды шешу бойынша өтініштерді қарау және шешімдер қабылдау тәртібі мен мерзімдері уәкілетті органмен келісілген және өкілдер кеңесі бекіткен ішкі қағидалар негізінде жүзеге асырылады.
2. Жүктелген функцияларды тиісінше орындау мақсатында банк омбудсманының қызметі өкілдер кеңесіне кіретін банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың міндетті жарналары есебінен қаржыландырылады. Банк омбудсманы өкілдер кеңесімен келісім бойынша құрылым мен штат (банк омбудсманының офисін) құруға құқылы.
3. Банк омбудсманы дауларды шешу барысында алынған ақпаратқа қатысты құпиялылықты сақтауға және оны үшінші тұлғаларға жария етпеуге міндетті.
Банк омбудсманы өз функцияларын жүзеге асыру барысында алынған мәліметтерді жария еткені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
Банк омбудсманы осы баптың 1-тармағында және осы тармақта көзделген талаптарды орындамаған жағдайда, өкілдер кеңесі оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатады.»;
4) 48-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«48-1-бап. Банкті лицензиядан айырудың салдарлары
1. Барлық банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиядан айрылған банктің банктік немесе өзге де қызметті жүзеге асыруға құқығы жоқ.
Банк барлық банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиядан айырылған күнінен бастап:
1) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген шығыстарға және банкке келіп түсетін ақшаны есепке алуға байланысты жағдайларды қоспағанда, клиенттердің және банктің өзінің банк шоттары бойынша барлық операциялар тоқтатылады;
2) құрылтайшылардың (қатысушылардың), банк органдарының банк мүлкіне билік етуге құқығы болмайды;
3) банктің басшы, ал қажет болған жағдайда өзге де қызметкерлері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыстан шеттетіледі;
4) банкті ұстап тұруға арналған ағымдағы шығыстарға байланысты талаптарды қоспағанда, кредиторлардың банкке қоятын талаптары тарату ісі жүргізілгенде ғана қойылуы мүмкін;
5) кредиторлардың, салық қызметі органдарының талаптары, оның ішінде даусыз (акцептсіз) тәртіппен қанағаттандыруға жататын талаптары бойынша банктің банк шоттарынан ақшаны өндіріп алуға, сондай-ақ банк мүлкінен өтеу үшін өндіріп алуға жол берілмейді;
6) банктің лауазымды адамдарына өздеріне тиесілі банк акцияларын иеліктен шығаруға тыйым салынады;
7) банкке қатысты соттардың бұрын қабылдаған шешімдерін орындау тоқтатыла тұрады;
8) банктің борышкерлері негізгі борышты, сыйақыны және тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) өтеу бойынша міндеттемелерді жасалған банктік қарыз шарттарына және мәмілелердің өзге де түрлеріне сәйкес орындайды.
2. Банктiң жұмыс тәртібі, оның уақытша әкiмшiлiгін (уақытша әкiмшісін) тағайындау, сондай-ақ уақытша әкiмшiлiктiң (уақытша әкiмшінiң) өкiлеттiгi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде айқындалады.
3. Банктiң уақытша әкiмшiлiгi (уақытша әкiмшісі) өз қызметiн уәкiлеттi орган банктiң тарату комиссиясын тағайындағанға дейiнгi кезеңде жүзеге асырады.
Банктiң тарату комиссиясы тағайындалғанға дейiн банктiң уақытша әкiмшiлiгiнiң (уақытша әкiмшісінiң) қызметiн бақылауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
4. Банктің уақытша әкімшілігінің (уақытша әкімшісінің) орындалған жұмыс туралы есебі уәкілетті органға бекіту үшін беріледі және оның көшірмесі банкті тарату туралы шешім қабылдаған сотқа жіберіледі.
5. Банктiң уақытша әкiмшiлiгi (уақытша әкiмшісi) банктің тарату комиссиясы тағайындалған күннен бастап бір айдан аспайтын мерзімде өз өкiлеттiгiн доғарады және банктiң құжаттары мен мүлкiн банктiң тарату комиссиясының төрағасына бередi.
6. Банктiң құжаттары мен мүлкiн уақытша әкiмшiлiктен тарату комиссиясының төрағасына қабылдау-беру төрт данадан тұратын актiмен ресiмделедi, оның бір данасы уәкілетті органға, екіншісі - банкті тарату туралы шешім қабылдаған сотқа жіберіледі.
7. Банктiң уақытша әкiмшiлiгiнің (уақытша әкiмшісінің) өз қызметi кезеңiнде осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, шығыс операцияларын жүзеге асыруға және бұрын банк жасасқан шарттардың талаптарын өзгертуге құқығы жоқ.
8. Банктiң уақытша әкiмшілігінің (уақытша әкiмшiсiнiң) және тарату комиссиясының құрамына енгізілген уәкiлеттi орган қызметкерлерiнің еңбегіне ақы төлеуге байланысты шығыстарды, сондай-ақ соттың банктi мәжбүрлеп тарату туралы қабылдаған шешiмi жөніндегі ақпаратты Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлігінiң ресми баспа басылымдарында қазақ және орыс тiлдерiнде жариялау жөніндегі шығыстарды және әдiлет органының мәжбүрлеп тарату бойынша банк қызметiнiң тоқтатылғанын мемлекеттік тiркеуге және банктiң мүлкi болмаған не оның құны осы шығыстарды жабуға жеткiлiксiз болған жағдайларда, банктi тарату аяқталғаннан кейiн құжаттарды сақтау үшін мұрағатқа тапсыруға байланысты шығыстарды қоспағанда, мәжбүрлеп тарату негiзi бойынша банктердi мәжбүрлеп қайта ұйымдастыруға және олардың қызметiн тоқтатуға байланысты шығыстарды уәкiлеттi органның қаржыландыруына тыйым салынады.»;
5) 50-бап мынадай мазмұндағы 7-2-тармақпен толықтырылсын:
«7-2. Банк омбудсманына өзінің қарауында жатқан, қарыз алушы жеке тұлғалардың ипотекалық қарыз шарттарынан туындайтын келіспеушіліктерді реттеу жөніндегі өтініштерін қарау бойынша банктік құпия ашылуы мүмкін.»;
6) 51-баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің бірінші сөйлеміндегі «Заңды және жеке тұлғаның» деген сөздер «Жеке немесе заңды тұлғаның (уәкілетті орган лицензиясынан айырған және (немесе) мәжбүрлеп тарату үдерісіндегі банктерді, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын, жинақтаушы зейнетақы қорларын қоспағанда)» деген сөздермен ауыстырылсын;
7) 73-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Соттың банкті мәжбүрлеп тарату туралы шешімі заңды күшіне енгізілген күннен бастап осы Заңның 48-1-бабының 1-тармағы екінші бөлігінің 1), 2), 4) - 8) тармақшаларында көзделген салдарлар басталады.»;
2-тармақтағы «9-тармағында» деген сөздер «8-тармағында» деген сөздермен ауыстырылсын.
5. «Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы» 1995 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 24, 165-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 13-14, 205-құжат; 2000 ж., № 18, 336-құжат; 2003 ж., № 11, 67-құжат; 2005 ж., № 23, 104-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 4, 28-құжат; № 18, 143-құжат):
1) 5-3-баптың 1-тармағында:
бірінші абзацтағы «функцияларды» деген сөз «өкілеттіктерді» деген сөзбен ауыстырылсын;
7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«7) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.»;
2) 22 және 24-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«22-бап. Ипотеканы өткiзудi тоқтату
Үшiншi тұлға (заттай кепiлгер) болып табылатын борышкер және (немесе) кепiл берушi кепiл нысанасын сату өткiзiлгенге дейiн кез келген уақытта кепіл ұстаушының талаптарын, оларды ипотекалық шарт талаптарына сәйкес қанағаттандырған кезге қарай оларда қандай талаптар бар болса, сондай көлемде орындап, оған қатысты өндіріп алуды және оның өткiзiлуiн тоқтатуға құқылы. Осы құқықты шектейтiн келісім жарамсыз болады.
Егер сот тәртібінен тыс сауда-саттық өткізу туралы хабарландыру бірінші рет жарияланған күнге дейін борышкер - жеке тұлға және (немесе) үшiншi тұлға (заттай кепiлгер) болып табылатын кепiл берушi кепіл нысанасын сатып алу бағасы кепіл ұстаушының талаптарын іс жүзінде қанағаттандырған кезге қарай оларда қандай талаптар бар болса, сондай көлемде кепіл ұстаушының талаптарын жабатын сатып алушының кепіл ұстаушыға кандидатурасын ұсынса, осы тұлғаның артықшылықпен сатып алу құқығы болады. Бұл жағдайда кепіл ұстаушы кепіл нысанасын сатудан бас тартпауға тиіс.
Кепіл нысанасын артықшылықпен сатып алу құқығы бар адам кепіл ұстаушыға өзінің кандидатурасы сатып алушы ретінде ұсынылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде өзі ұсынған сатып алу бағасын төлемеген кезде, кепіл ұстаушы осы Заңда белгіленген тәртіппен соттан тыс сауда-саттық өткізеді.»;
«24-бап. Ипотеканы сот тәртібінен тыс өткiзу рәсiмi
1. Ипотеканы сот тәртібінен тыс өткiзу рәсiмi сенiм бiлдiрілген адам ұйымдастыратын кепiлге қойылған мүлiкке сауда-саттық өткiзу арқылы жүргiзiледi.
2. Сенiм бiлдiрiлген адамды тараптар ипотека шартында айқындайды. Егер сенiм бiлдiрілген адам ипотека шартында айқындалмаса, оны кепiл ұстаушы тағайындайды.
3. Кепiл ұстаушының талаптарын соттан тыс тәртiппен қанағаттандыруға:
1) жылжымайтын мүлiк ипотекасына басқа адамның немесе органның келісімi талап етілген және осындай келісім алынбаған;
2) қоғам үшiн елеулi тарихи, көркемдiк немесе өзге де мәдени құндылығы бар жылжымайтын мүлiк ипотеканың нысанасы болып табылған;
3) ортақ меншiктегi және оның меншiк иелерiнiң қайсыбiрi кепiл ұстаушының талабын соттан тыс тәртiппен қанағаттандыруға жазбаша келісім бермеген жылжымайтын мүлiк ипотеканың нысанасы болып табылған;
4) жеке тұлға болып табылатын ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша кепіл ұстаушының ипотекалық шарт тіркелген жердегі орган тіркеген және осы Заңның 26-бабының 7-1) тармақшасында белгіленген мерзімде берілген кепілге қойылған жылжымайтын мүлікті өткізуді соттан тыс тәртіппен жүргізуден жазбаша түрде бас тартуы болған;
5) жеке тұлға микрокредиттік ұйыммен (кредиттік серіктестікпен) жасасқан микрокредит (кредит) беру туралы шарт бойынша қамтамасыз ету болып табылатын тұрғын үй және (немесе) тұрғын үй орналасқан жер учаскесі ипотеканың нысанасы болып табылған жағдайларда жол берiлмейдi.
Аталған жағдайларда кепiлге қойылған мүлiкті өндiрiп алу тек сот шешiмiмен ғана жүргiзiледi.»;
3) 25-баптың 1-тармағының 2) тармақшасы «негiзгi мiндеттеменiң орындалмағаны» деген сөздерден кейін «және жеке тұлға болып табылатын ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша кепіл беруші ипотекалық шарт тіркелген жердегі органда тіркелген ипотеканы өткізуді сот тәртібінен тыс жүргізуден жазбаша бас тартуды бермегені» деген сөздермен толықтырылып, «отыз күннен ерте емес» деген сөздер «күнтізбелік отыз күннен ерте емес» деген сөздермен ауыстырылсын;
4) 26-бап мынадай мазмұндағы 7-1) тармақшамен толықтырылсын:
«7-1) жеке тұлға болып табылатын ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша кепіл берушінің ипотекалық шарт тіркелген жердегі органда тіркелген ипотеканы өткізуді сот тәртібінен тыс жүргізуден жазбаша түрде бас тартқаны туралы хабарламаны тапсырған немесе тапсырыс хатпен жіберген кезден бастап күнтізбелік жиырма бес күн ішінде беру құқығы туралы талап;»;
5) 28-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Сенiм бiлдiрілген адам сауда-саттық өткiзiлгенге дейiн кемiнде күнтізбелік он күн бұрын жылжымайтын мүлік орналасқан жер бойынша Қазақстан Республикасы облысының, республикалық маңызы бар қаласының, астанасының аумағында таратылатын мерзiмдi баспа басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде сауда-саттық туралы хабарландыру жариялайды.».
6. «Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу туралы» 1998 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 13, 196-құжат; 2003 ж., № 11, 67-құжат; 2004 ж., № 23, 140-құжат; 2006 ж., № 23, 141-құжат; 2009 ж., № 19, 88-құжат; № 24, 134-құжат):
1) 10-баптың 2-тармағындағы «осы Заңның 11-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, екi күн» деген сөздер «құжаттарды қабылдаған кезден бастап екі жұмыс күні» деген сөздермен ауыстырылсын;
2) 11-баптың 2-тармағындағы «бес» деген сөз «екі» деген сөзбен ауыстырылсын.
7. «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» 2000 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2000 ж., № 20, 381-құжат; 2001 ж., № 24, 338-құжат; 2003 ж., № 3, 19-құжат; № 10, 54-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; 2009 ж., № 23, 97-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат):