7) коммерциялық емес ұйымның құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібін;
8) коммерциялық емес ұйымды қайта ұйымдастыру және оның қызметiн тоқтату шартын;
9) коммерциялық емес ұйым таратылған жағдайда оның мүлкiн пайдалану тәртібін;
10) филиалдар мен өкiлдiктер туралы мәлiметтердi көздеуге тиiс.
2. Коммерциялық емес ұйымның жарғысы Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн, өзге де ережелердi көздеуi мүмкiн.
3. Егер коммерциялық емес ұйымды бiр тұлға құрған болса, онда оның жарғысында мүлiктердi құрау және кiрiстердi пайдалану тәртібі де белгiленедi.
4. Осы баптың 1-тармағы 4) және 5)-тармақшаларының ережелерi қорларға қолданылмайды. Қордың жарғысында осы баптың 1-тармағында көрсетiлген мәлiметтерден басқа, қор органдары туралы, қордың лауазымды адамдарын тағайындау және оларды қызметiнен босату тәртібі туралы, ол таратылған жағдайда қор мүлкiнiң тағдыры туралы нұсқау болуға тиiс.
5. Тұтыну кооперативiнiң жарғысында осы баптың 1-тармағында көрсетiлген мәлiметтерден басқа, кооператив мүшелерi пайларының мөлшерi туралы; кооператив мүшелерiнiң пайларын енгізу құрамы мен тәртібі және пай енгізу жөніндегі мiндеттемелердi бұзғандығы үшiн олардың жауапкершiлiгi туралы; кооперативтi басқару органдарының құрамы мен құзыретi және олардың шешiмдер қабылдау тәртібі туралы, соның iшiнде шешiмдi бiрауыздан немесе басым көпшiлiк дауыспен қабылдау мәселелерi туралы; кооператив мүшелерiнiң оларға келтiрiлген шығынның орнын толтыру тәртібі туралы шарттар болуға тиiс.
2007.12.01 № 222-III ҚР Заңымен (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара)
6. Адвокаттар алқасының жарғысында мүшелiктi тоқтата тұру тәртібі, заң консультацияларын құрудың және олардың қызметiнiң тәртібі, мүлiктi құрайтын көздер және оларға билiк ету тәртібі, мүшелiк жарналарды төлеу тәртібі, адвокаттардың тегiн заң көмегiн көрсету тәртібі және соттың, анықтау және алдын ала тергеу органдарының тағайындауы бойынша адвокаттар арасында заң көмегiн реттеп бөлу тәртібі, адвокаттарды аттестациядан өткізу тәртібі, адвокаттар алқасы мүшелерi мен тағылымдамадан өтушi адвокаттардың тәртiптiк жауапкершiлiгi және жауапкершiлiкке тарту тәртібі, адвокатты лицензиясынан айыру туралы өтiнiш қозғау тәртібі болуға тиiс.
7. Қауымдастықтың (одақтың) құрылтай құжаттарында олардың органдарының құрамы және құзыретi, олардың шешiмдер қабылдау тәртібі туралы және қауымдастық (одақ) таратылғаннан кейiн қалған мүлiктi бөлу тәртібі туралы шарттар да болуға тиiс.
8. Коммерциялық емес ұйымның жарғысына өзгерістер мен толықтырулар оның жоғары органының (жалпы жиналыс, съезд, конференция, құрылтайшы) шешiмi бойынша енгiзiледi. Қор жарғысына өзгерістер мен толықтыруларды, егер қор жарғысында оған осындай құқық берiлген болса, қордың басқару органы енгiзедi.
9. Коммерциялық емес акционерлік қоғам жарғысында қоғамның коммерциялық емес ұйым екендiгi де, дауыс беру рәсiмi, дивидендтердi төлемеу туралы ережелер де, Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген басқа талаптар да көрсетiлуге тиiс.
23-бап. Құрылтай шарты
1. Құрылтай шарты - коммерциялық емес ұйым құру туралы құрылтайшылардың келісімi, мұнда оны құру жөніндегі бiрлескен қызмет тәртібі, оның меншiгiне (жедел басқару) өз мүлкiн беру және оның қызметiне қатысу шарттары айқындалады. Мұнда, егер коммерциялық емес ұйымдардың жекелеген түрлерi туралы заң актілерінде өзгеше көзделмесе, коммерциялық емес ұйымның қызметiн басқару, құрылтайшылардың оның құрамынан шығу шарты мен тәртібі де белгiленедi.
Құрылтай шартына құрылтайшылардың келісімi бойынша Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына қайшы келмейтiн басқа да ережелер енгiзiлуi мүмкiн.
2. Құрылтай шартына барлық құрылтайшылар немесе олар уәкiлеттiк берген адамдар қол қояды.
3. Қорды, жеке меншік мекемені бiр адам құрған жағдайда құрылтай шарты жасалмайды.
24-бап. Коммерциялық емес ұйымның филиалдары мен өкiлдiктерi
1. Коммерциялық емес ұйым Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында филиалдар құрып, өкiлдiктер аша алады.
Қоғамдық және дiни бiрлестiктер, мекемелер осы ұйымдар туралы заң актілеріне сәйкес өздерiнiң құрылымдық бөлiмшелерiн құра алады.
2. Коммерциялық емес ұйымның филиалы оның тұрған жерiнен тыс орналасқан және оның мiндеттерiнiң бәрiн немесе бiр бөлiгiн, соның iшiнде өкiлдiктiң мiндетiн жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйымның оқшауланған бөлiмшесi болып табылады.
3. Коммерциялық емес ұйымның өкiлдiгi оның тұрған жерiнен тыс орналасқан және коммерциялық емес ұйымның мүдделерiн қорғауды және оның өкiлдiгiн жүзеге асыратын, оның атынан мәмiлелер және өзге де құқықтық iс-әрекеттер жасайтын коммерциялық емес ұйымның оқшауланған бөлiмшесi болып табылады.
4. Филиалдар мен өкiлдiктер заңды тұлғалар болып табылмайды. Олар өздерiн құрған коммерциялық емес ұйымның мүлкiн иемденеді және ол бекiткен ереже негiзiнде әрекет етедi. Филиалдың немесе өкiлдiктiң мүлкi жеке баланста және оларды құрған коммерциялық емес ұйымның балансында ескерiледi.
5. Коммерциялық емес ұйымның филиалдары мен өкiлдiктерiнiң (қоғамдық және дiни бiрлестiктердi қоспағанда) басшыларын коммерциялық емес ұйымның уәкiлеттi органы тағайындайды және оның сенiмхаты негiзiнде әрекет етедi. Қоғамдық бiрлестiктердiң құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдар мен өкiлдiктер) басшылары қоғамдық бiрлестiктiң жарғысында және оның филиалы немесе өкiлдiгi туралы ережеде көзделген тәртiппен сайланады.
Дiни бiрлестiктердiң құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдар мен өкiлдiктер) басшылары дiни бiрлестiктiң жарғысында және оның филиалы мен өкiлдiгi туралы ережеде көзделген тәртiппен сайланады не тағайындалады.
6. Филиал және өкiлдiк өздерiн құрған коммерциялық емес ұйымның атынан қызметiн жүзеге асырады. Өз филиалының не өкiлдiгiнiң қызметi үшiн оларды құрған коммерциялық емес ұйым жауапкершiлiкте болады.
ҚР 18.03.04 ж. № 537-II Заңымен 6-1 тармақпен толықтырылды
6-1. Коммерциялық емес ұйымның филиалы мен өкілдiгiнiң атауы өздерiн құрған коммерциялық емес ұйымның атауын көрсетуді қамтуға тиіс.
7. Коммерциялық емес ұйымның филиалдары мен өкiлдiктерi есептiк тiркелуге, ал атауын өзгерткен жағдайда - қайта тiркелуге жатады.
Есептiк тiркелуден, қайта тiркелуден өтудiң тәртібі мен мерзiмi заңды тұлғаларды тiркеу туралы заңдармен реттеледi.
25-бап. Коммерциялық емес ұйымды қайта ұйымдастыру
1. Коммерциялық емес ұйым Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, осы заңда, басқа да заң актілерінде көзделген тәртiппен қайта ұйымдастырылуы мүмкiн.
2. Коммерциялық емес ұйымды қайта ұйымдастыру қосу, бiріктіру, бөлу, бөлiп шығару, қайта құру нысанында және заңдарда көзделген басқа да нысандарда жүргiзiлуi мүмкiн.
3. Коммерциялық емес ұйым, бiрiктiру нысанындағы қайта ұйымдастыру жағдайларын қоспағанда, жаңадан пайда болған ұйымның (ұйымдардың) мемлекеттік тiркеуден өткен кезiнен бастап қайта ұйымдастырылған болып есептеледi.
Коммерциялық емес ұйымға басқа ұйымды бiрiктiру нысанында оны қайта ұйымдастыру кезiнде олардың алғашқысы заңды тұлғалардың мемлекеттік тiркелiмiне бiрiктiрiлген ұйымдардың қызметiн тоқтату туралы жазба енгiзiлген кезден бастап қайта ұйымдастырылған болып есептеледi.
4. Қайта ұйымдастыру нәтижесiнде жаңадан пайда болған ұйымды (ұйымдарды) мемлекеттік тiркеу және заңды тұлғалардың мемлекеттік тiркелiмiне қайта ұйымдастырылған ұйымның (ұйымдардың) қызметiн тоқтату туралы жазба енгізу заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркеу туралы заңдарда белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
26-бап. Коммерциялық емес ұйымды тарату
1. Коммерциялық емес ұйым Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, осы Заңда және басқа да заң актілерінде көзделген негiзде және тәртiппен ерiктi түрде (оның мүлкiн иеленушiнiң немесе меншiк иесi уәкiлеттiк берген органның шешiмi бойынша, сондай-ақ бұған құрылтай құжаттарында уәкiлеттiк берiлген заңды тұлға органының шешiмi бойынша) және мәжбүрлеп (сот шешiмi бойынша) таратылуы мүмкiн.
2. Коммерциялық емес ұйымды тарату туралы шешiм қабылдаған коммерциялық емес ұйымның құрылтайшылары (қатысушылары) немесе орган бұл туралы заңды тұлғаларды тiркеудi жүзеге асырған әдiлет органына дереу жазбаша хабарлауға мiндеттi.
Коммерциялық емес ұйымды тарату туралы шешiм қабылдаған құрылтайшылар немесе орган тарату комиссиясын тағайындайды және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне, осы Заңға сәйкес коммерциялық емес ұйымды таратудың тәртібі мен мерзiмiн белгiлейдi.
3. Тарату комиссиясы тағайындалған кезден бастап оған коммерциялық емес ұйымның мүлкiн және iсiн басқару жөніндегі өкiлеттiк көшедi. Тарату комиссиясы таратылатын коммерциялық емес ұйымның атынан сотта әрекет етедi.
ҚР 18.03.04 ж. № 537-II Заңымен 27-бап өзгерді (бұр. ред. қара)
27-бап. Коммерциялық емес ұйымды тарату тәртібі
1. Тарату комиссиясы орталық әдiлет органының ресми басылымдарында заңды тұлғаның таратылуы туралы, сондай-ақ оның кредит берушiлерiнiң талаптарын мәлiмдеудiң тәртібі мен мерзiмi туралы ақпарат жариялайды. Талаптарды мәлiмдеудiң мерзiмi коммерциялық емес ұйымды тарату туралы жарияланған кезден бастап екi айдан кем болмауға тиiс.
Тарату комиссиясы кредит берушiлердi айқындауға және берешектерiн алуға, филиалдар мен өкiлдiктердi есептен шығаруға шара қолданады, сондай-ақ кредит берушiлердi коммерциялық емес ұйымның таратылғандығы туралы жазбаша хабардар етедi.
2. Кредит берушiлердiң талаптар қоюына арналған мерзiм аяқталған соң тарату комиссиясы аралық тарату балансын жасайды, мұнда таратылатын коммерциялық емес ұйымның мүлiк құрамы туралы мәлiметтер, кредит берушiлер мәлiмдеген талаптардың тiзбесi, сондай-ақ олардың қаралу нәтижелерi туралы мәлiметтер болады.
Аралық тарату балансын коммерциялық емес ұйымның мүлкiн иеленушi немесе коммерциялық емес ұйымды тарату туралы шешiм қабылдаған орган бекiтедi.
3. Егер таратылған коммерциялық емес ұйымның (мемлекеттік мекемелерден басқа) ақшасы кредит берушiлердiң талаптарын қанағаттандыру үшiн жеткiлiксiз болса, тарату комиссиясы сот шешiмдерiн орындау үшiн белгiленген тәртiппен, коммерциялық емес ұйымның мүлкiн ашық сауда арқылы сатуды жүзеге асырады.
4. Таратылатын коммерциялық емес ұйымның кредит берушiлерiне ақша төлеудi Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 51-бабында белгiленген кезектiлiк тәртібімен, аралық тарату балансына сәйкес, ол бекітілген күннен бастап тарату комиссиясы жүргiзедi.
5. Кредит берушiлермен есеп айырысу аяқталған соң тарату комиссиясы тарату балансын жасайды, оны коммерциялық емес ұйымның мүлкiн меншiктенушi немесе коммерциялық емес ұйымды тарату туралы шешiм қабылдаған орган бекiтедi.
6. Таратылатын мекеменiң ақшасы кредит берушiлердiң талаптарын қанағаттандыру үшiн жеткiлiксiз болған жағдайда, соңғысы талаптардың қалған бөлiгiн осы мекеменiң мүлкiн меншiктенушiнiң есебiнен қанағаттандыру туралы шағыммен сотқа жүгiнуге құқылы.
ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 28-бап өзгертілді
28-бап. Таратылатын коммерциялық емес ұйымның мүлкi
1. Коммерциялық емес ұйымның таратылған кезде кредит берушiлердiң талаптарын қанағаттандырғаннан кейiн қалған мүлкi, егер заң актілерiнде өзгеше тәртiп көзделмесе, құрылтай құжаттарында көрсетiлген мақсаттарға жұмсалады.
Коммерциялық емес ұйым салық жеңiлдiктерiн және басқа да жеңiлдiктердi пайдаланған және мүшелерiнiң және (немесе) құрылтайшыларының жарналары мен өз қызметiнен түскен кiрiстерi, жұртшылықтың қайырмалдықтары есебiнен жұмыс жасаған, мемлекеттен немесе мемлекеттік емес ұйымдардан гранттар алған жағдайда, таратылған кезде кредит берушiлермен есеп айырысқаннан кейiн қалған мүлiктi ұйымның мүшелерi, құрылтайшылары, лауазымды адамдары немесе жалдамалы қызметкерлерi арасында қайта бөлуге болмайды, ол ұйымның жарғысына сәйкес оның жарғылық мақсаттарына пайдаланылуға тиiс. Егер ұйымның жарғысында мұндай тәртiп көзделмесе, тарату туралы шешiм қабылдаған органның ұйғаруы бойынша қалған мүлiк таратылатын ұйымдiкi сияқты мақсаттарды немесе оларға жақын мақсаттарды ұстанатын коммерциялық емес ұйымға берiлуi мүмкiн.
2. Тұтыну кооперативi таратылған немесе кооператив мүшесi одан шыққан жағдайда оның тұтыну кооперативiнiң мүлкiнен үлесiн өз пайына бара-бар бөлiп алуға құқығы бар.
Селолық тұтыну кооперативiнен шыққан жағдайда оның мүшесi селолық кооперативтiң мүлкіндегі өзiнiң үлесiн бөлiсуге және оның құнын немесе кооперативтiң барлық мүшелерiнiң келісімi бойынша өз пайына барабар заттай мүлiк алуға құқылы.
Тұтыну кооперативiнiң мүшесi қайтыс болған жағдайда, егер заң актілерінде және кооператив жарғысында өзгеше көзделмесе, оның мұрагерлерiнiң кооператив мүшелiгiне қабылдануға бiрiншi кезекте құқығы болады. Заң актілерінде және кооператив жарғысында өзгеше көзделген жағдайда кооператив мұрагерлерге тұтыну кооперативi мүлкiнен оның пайына бара-бар үлесiн төлейдi.
3. Құрылтайшылар мекеменiң мүлкiне меншiк құқығын сақтайды.
4. Коммерциялық емес акционерлік қоғамның кредит берушiлермен есеп айырысқаннан кейiн қалған мүлкi барлық акционерлер арасында оларға тиесiлi акциялардың санына бара-бар бөлiнедi.
29-бап. Коммерциялық емес ұйымды таратудың аяқталуы
Заңды тұлғалардың мемлекеттік тiзiлiмiне тиiстi жазба енгiзiлгеннен кейiн коммерциялық емес ұйымның таратылуы аяқталған, ал коммерциялық емес ұйымның жұмыс iстеуi тоқтатылған болып есептеледi.
ҚР 24.12.01 ж. № 276-II Заңымен 30-бап өзгертілді
30-бап. ҚР 18.03.04 ж. № 537-II Заңымен алынып тасталды (бұр. ред. қара)
31-бап. Коммерциялық емес ұйымды мемлекеттік тiркеу және қайта тiркеу
Коммерциялық емес ұйымды мемлекеттік тiркеу және қайта тiркеу заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркеу туралы заңдарда белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
4-тарау. Коммерциялық емес ұйымдардың қызметі
32-бап. Коммерциялық емес ұйымның қызмет түрлерi
1. Коммерциялық емес ұйым Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған және коммерциялық емес ұйымның мақсаттарына сәйкес келетiн, оның құрылтай құжаттарында көзделген бiр немесе бiрнеше қызмет түрiн жүзеге асыра алады.
2. Жекелеген ұйымдық-құқықтық нысандағы коммерциялық емес ұйымдар айналысуға құқылы қызмет түрлерiне Қазақстан Республикасының заң актілерінде шектеулер қойылуы мүмкiн.
3. Коммерциялық емес ұйымдар заң актілеріне сәйкес жекелеген қызмет түрлерiн лицензиялар негiзiнде ғана жүзеге асыра алады.
33-бап. Коммерциялық емес ұйымның кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға құқығы
1. Коммерциялық емес ұйым өзiнiң жарғылық мақсаттарына сәйкес келетiндей ғана кәсiпкерлiк қызметпен айналыса алады.
2. Жекелеген ұйымдық-құқықтық нысандағы коммерциялық емес ұйымдардың кәсiпкерлiк қызметiне Қазақстан Республикасының заң актілерінде шектеулер қойылуы мүмкiн.
3. Коммерциялық емес ұйым кәсіпкерлiк қызметі бойынша кірістер мен шығыстардың есебiн жүргiзедi.
4. Коммерциялық емес ұйымдардың кәсiпкерлiк қызметiне салық салу Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Коммерциялық емес ұйымдардың кәсiпкерлiк қызметiнен алынатын кiрiстердi коммерциялық емес ұйымдардың мүшелерi (қатысушылары) арасында бөлiсуге болмайды, ол жарғылық мақсаттарға жұмсалады. Қоғамдық және дiни бiрлестiктердiң, қорлардың өз қаражаттарын қайырымдылық мақсаттарға пайдалануына жол берiледi.
34-бап. Коммерциялық емес ұйымның мүлкi
1. Коммерциялық емес ұйымның меншiгiнде немесе оралымды басқаруында оның жарғысында көзделген қызметiн материалдық жағынан қамтамасыз етуге қажеттi, заң актілеріне сәйкес коммерциялық емес ұйымдардың меншiгiнде болуға болмайтын мүлiктiң жекелеген түрлерiн қоспағанда, объектiлер, мүлiк, сондай-ақ өзiнiң қаражаты есебiнен құрылған ұйымдар болуы мүмкiн.
Дiни бiрлестiктердiң өз қаражаты есебiнен иемденiп алған немесе өздерi құрған, азаматтар, ұйымдар қайырмалдық ретiнде берген, немесе мемлекет берген және заң актілеріне қайшы келмейтiн басқа да негiздер бойынша иемденiп алынған мүлiкке меншiк құқығы болады.
Мекеменің өзiне бекітілiп берiлген мүлiктi және оған смета бойынша бөлiнген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi өз бетiнше иелiктен айыруға немесе өзгеше әдiспен оған билiк етуге құқығы жоқ.
2. Коммерциялық емес ұйым (мекемелердi қоспағанда) өз мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi барлық мүлкiмен жауап бередi.
2006.05.05 № 139-III ҚР Заңымен 35-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
35-бап. Коммерциялық емес ұйымның мүлкiн құрау көздерi
1. Мыналар:
1) құрылтайшылардан (қатысушылардан, мүшелерден) түскен түсiмдер;
2) ерiктi мүлiктiк жарналар мен қайырмалдықтар;
3) заңдарда белгiленген жағдайларда тауарлар сатудан, жұмыстардан, қызмет көрсетуден түскен түсiмдер (кiрiс);
4) акциялар, облигациялар, басқа да бағалы қағаздар және салымдар (депозиттер) бойынша алынған дивидендтер (кiрiстер, сыйақы (мүдде);
5) заңмен тыйым салынбаған басқа да түсiмдер, заң актілерiне сәйкес, коммерциялық емес ұйымның мүлкін ақшалай және өзге де нысандардағы құрау көздерi болып табылады.
2. Коммерциялық емес ұйымдардың жекелеген түрлерiнiң кiрiс көздерiне заң актілерімен шектеулер қойылуы мүмкiн.
3. Құрылтайшылардан (қатысушылардан, мүшелерден) түсетiн қаржы және өзге де қаражат түсiмдерiнiң тәртібі коммерциялық емес ұйымның құрылтай құжаттарында белгiленедi.
4. Коммерциялық емес ұйымның мүлкiн, ақшалай нысаннан басқа, заттай және өзге нысандарда құрауға құрылтайшылардың салымдары барлық құрылтайшылардың келісімi бойынша ақшалай нысанда бағаланады. Егер мұндай салымның құны жиырма мың айлық есептiк көрсеткiшке тең сомадан асып кетсе, оны бағалауды аудиторлық ұйым растауға тиiс.
36-бап. Мүдделер қайшылығы
1. Коммерциялық емес ұйым мен мүдделi адамдардың арасындағы ұйымның мүлкiн пайдалануға байланысты мәмiлелер мүдделер қайшылығы орын алуын ұйғарымдайды.
2. Коммерциялық емес ұйымның басқару органының (басшылық етушi органының) мүшелерi, сондай-ақ осы өз ұйымымен жеке өзi немесе өкiлi арқылы мәмiлелер жасасатын, ұйыммен қатынастарына орай өз мүлкiмен ұйымға билiк етуге ықпал ете алатын адамдар мүдделi адамдар деп танылады.
3. Коммерциялық емес ұйым мүдделi адамдардың туыстарымен, сондай-ақ олардың кредит берушiлерiмен мәмiлелер жасаса да мүдделер қайшылығы ұйғарымдалады.
37-бап. Мүдделер қайшылығын шешу
Мүдделер қайшылығы ұйғарымдалған мәмiленi коммерциялық емес ұйымның уәкiлеттi органы бекiтуге тиiс. Мүдделi адам осындай мәмiле жасасудың ұйғарымдалғаны туралы ұйымның уәкiлеттi органын хабардар етуге тиiс.
Егер мәмiленi уәкiлеттi органдар бекiтпеген болса, мүдделер қайшылығы орын алған мұндай мәмiленiң жасалуы нәтижесiнде коммерциялық емес ұйымға келтiрiлген шығындардың орнын толтыруға мүдделi адам жауап бередi.
Шығындардың орнын толтыруға қоса, осындай мүдделi адам осындай мәмiленi жасау нәтижесiнде алған сол адамның бүкiл кiрiсiн коммерциялық емес ұйымға қайтаруға тиiс.
Егер шығындар бiрнеше мүдделi адамның iс-қимылдары нәтижесiнде туындаған болса, олар коммерциялық емес ұйымның алдында ортақ жауап беруi тиiс.
5-тарау. Коммерциялық емес ұйымды басқару
38-бап. Коммерциялық емес ұйымды басқару негiздерi
Коммерциялық емес ұйымның басқару органдарының құрылымы, құзыретi, құрылу тәртібі мен өкiлеттiктерiнiң мерзiмi, олардың шешiмдер қабылдау мен коммерциялық емес ұйымның атынан әрекет жасау тәртібі заңдарда және коммерциялық емес ұйымның құрылтай құжаттарында белгiленедi.
39-бап. Коммерциялық емес ұйымның басқару органдары
1. Коммерциялық емес ұйымдардың, мемлекеттік мекемелердi қоспағанда, құрылтай құжаттарына сәйкес олардың басқару органдары мыналар болып табылады:
1) жоғары басқару органы (жалпы жиналыс, съезд, конференция, құрылтайшы) - коммерциялық емес ұйым қызметiнiң кез келген мәселелерi бойынша шешiмдер қабылдауға құқылы;
2) басқарудың атқарушы органы (алқалы немесе дара басқару) коммерциялық емес ұйымның құрылтай құжаттарымен жоғары басқару органының ерекше құзыретiне жатқызылған мәселелердi қоспағанда, коммерциялық емес ұйымның қызметiн ағымдағы басқаруды жүзеге асырады, жоғары басқару органына есеп бередi;
3) коммерциялық емес ұйымның басқару органдары сайлайтын немесе тағайындайтын тексеру органы (тексеру комиссиясы, тексерушi);
4) коммерциялық емес ұйымның құрылтай құжаттарына сәйкес басқа да органдар.
2. Коммерциялық емес ұйымның жоғары басқару органының ерекше құзыретiне:
1) коммерциялық емес ұйымның құрылтай құжаттарын қабылдау, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
2) коммерциялық емес ұйымды ерiктi түрде қайта ұйымдастыру және тарату;
3) коммерциялық емес ұйымның басқару органдарының құзыретiн, ұйымдық құрылымын, оларды құру және өкiлеттiктерiн тоқтату тәртібін айқындау;
4) атқарушы органдардың қаржы есептемесiн табыс етуiнiң тәртібі мен мерзiмдiлiгiн, сондай-ақ бақылау органының тексеру жүргiзу тәртібін және олардың нәтижелерiн бекiтудi айқындау;
5) заң актілерінде белгiленген шекте коммерциялық емес ұйымның басқа заңды тұлғаларды, сондай-ақ өз филиалдары мен өкiлдiктерiн құруы немесе олардың қызметiне қатысуы туралы шешiм қабылдау мәселелерi жатады.
Жоғары басқару органының ерекше құзыретiне заң актілеріне сәйкес коммерциялық емес ұйымның құрылтай құжаттарымен осы ұйым қызметiнiң басқа да мәселелерi жатқызылуы мүмкiн.
3. Коммерциялық емес ұйым өзiнiң жоғары басқару органының мүшелерiне, жоғары басқару органының жұмысына қатысуына тiкелей байланысты шығыстардың өтемiн қоспағанда, өздерiне жүктелген мiндеттердi олардың орындағаны үшiн сыйақы төлеудi жүзеге асыруға құқылы емес.
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Коммерциялық емес ұйымның еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін штаттағы қызметкерлеріне Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы және Қазақстан Республикасының әлеуметтік қамсыздандыру және сақтандыру туралы заңнамасы қолданылады.
6-тарау. Мемлекет және коммерциялық емес ұйымдар
40-бап. Мемлекет және коммерциялық емес ұйымдар
1. Мемлекет коммерциялық емес ұйымдарды құруды және олардың белсендi қызмет етуiн көтермелейдi. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес коммерциялық емес ұйымдарға салық, кеден жеңiлдiктерi және басқа да жеңiлдiктер берiлуi мүмкiн.
2. Коммерциялық емес ұйымдар өз қызметiнiң мақсаттарына сәйкес мемлекеттік органдармен келісімдер жасасын, ынтымақтасуы және олар үшiн белгiлi бiр жұмыстарды орындауы мүмкiн.
2005.08.07 № 67-III ҚР Заңымен 41-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2010.19.03. № 258-ІV ҚР Заңымен 41-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
41-бап. Коммерциялық емес ұйымның қызметiн бақылау
1. Коммерциялық емес ұйым Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен бухгалтерлік есепті жүргізеді және алғашқы статистикалық деректерді мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органға береді.
2. Коммерциялық емес ұйым Қазақстан Республикасының заңдарына және коммерциялық емес ұйымның құрылтай құжаттарына сәйкес мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органға және салық органдарына, құрылтайшыларға және өзге де тұлғаларға өз қызметi туралы ақпарат бередi.
Шет мемлекеттер, халықаралық және шетелдiк ұйымдар, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар өтеусiз негiзде беретін қаражат есебiнен қызметін жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес салық органдарына осы қаражатты пайдалану туралы есептi ұсынады.
3. Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын шетелдiк және халықаралық коммерциялық емес ұйымдардың филиалдары мен өкiлдiктерi (оқшауланған бөлiмшелерi) баспасөз басылымдарында жыл сайын өз қызметі туралы, оның ішінде өз құрылтайшылары, мүліктің құрамы туралы, ақшаны қалыптастыру көздерi мен жұмсау бағыттары туралы ақпарат жариялайды.