2. Кеден органдарында қызмет өткеру тәртібі осы Кодекспен, сондай-ақ осы Кодекске қайшы келмейтін бөлігінде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасымен реттеледі.
479-бап. Кеден органдарына қызметке қабылдау
1. Кеден органдарына қызметке Қазақстан Республикасының әрекетке қабілетті, өзінің жеке, моральдық, іскерлік, кәсіби қасиеттері, денсаулық жағдайы, дене бітімінің дамуы және білім деңгейі жағынан өзіне жүктелген міндеттерді орындауға қабілетті азаматтары қабылданады.
2. Кеден органдарына қызметке қабылдау үшін:
1) қызметке жарамдылығы туралы ішкі істер органдарының әскери-дәрігерлік комиссиясының медициналық қорытындысы болуы;
2) міндетті арнаулы тексерудің болуы;
3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасында белгілеген біліктілік талаптарына сәйкес болуы қажет.
3. Кеден органдарына қызметке орналасқаннан кейін арнаулы атақ берілмей, үш айға дейін сынақ мерзімі белгіленеді.
4. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасымен айқындалатын негіздер бойынша, сондай-ақ жағымсыз себептермен мемлекеттік қызметтен босатылған адамдарды кеден органдарына қызметке қабылдауға болмайды.
5. Кеден органдарына қызметке қабылданған әскери міндеттілер белгіленген тәртіппен әскери есептен шығарылады және кеден органдарында арнаулы есепте тұрады.
480-бап. Жаңадан қабылданғандардың кеден органдарында қызмет өткеру ерекшеліктері
Кеден органдарына қызметке жаңадан қабылданған, орналасқан адамдар кеден ісі саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен кеден бекеттерінде, кедендерде және кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінде міндетті тағылымдамадан өтеді.
481-бап. Кеден органдарының лауазымды адамдарын қызметке тағайындау және қызметтен босату тәртібі
1. Кеден ісі саласындағы уәкілетті органның басшысы, оның орынбасарлары, сондай-ақ кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің басшылары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметінен босатылады.
2. Кеден органдарының өзге лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен тағайындалады және қызметінен босатылады.
3. Кеден органдарының лауазымды адамдарына кеден ісі саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен қызметтік куәлік пен жеке нөмірлі мөр беріледі.
482-бап. Кеден органы лауазымды адамының анты
Кеден органының лауазымды адамы кеден ісі саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен Қазақстан халқына адал болуға ант береді.
483-бап. Кеден органы лауазымды адамының арнаулы атақтары
1. Кеден органының лауазымды адамына атқаратын қызметіне және еңбек сіңірген жылдарына сәйкес белгіленген тәртіппен мынадай арнаулы атақтар беріледі:
1) орта басшы құрам:
кеден қызметінің кіші лейтенанты;
кеден қызметінің лейтенанты;
кеден қызметінің аға лейтенанты;
кеден қызметінің капитаны;
2) аға басшы құрам:
кеден қызметінің майоры;
кеден қызметінің подполковнигі;
кеден қызметінің полковнигі;
3) жоғары басшы құрам:
кеден қызметінің генерал-майоры;
кеден қызметінің генерал-лейтенанты;
кеден қызметінің генерал-полковнигі.
2. Арнаулы атақтар берілген кеден органдарының лауазымды адамдары нысанды киіммен тегін қамтамасыз етіледі. Киім нысанының үлгілерін, онымен қамтамасыз ету нормалары мен айырым белгілерін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. Нысанды киім кию тәртібін кеден ісі саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
484-бап. Кеден органдарының лауазымды адамдарына арнаулы атақтар беру тәртібі
1. Кеден органының лауазымды адамына берілетін арнаулы атақтар бірінші және кезекті болып бөлінеді.
2. Жоғары басшы құрамның арнаулы атақтарын Қазақстан Республикасының Президенті береді.
3. Орта және аға басшы құрамның бірінші арнаулы атақтарын кеден ісі саласындағы уәкілетті органның басшысы береді.
4. Орта және аға басшы құрамның бірінші және кезекті арнаулы атақтарын:
кеден қызметінің капитанына дейін қоса алғанда - кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің, кеденнің, мамандандырылған кеден мекемелерінің басшысы;
кеден қызметінің полковнигіне дейін қоса алғанда - кеден ісі саласындағы уәкілетті органның басшысы береді.
5. Арнаулы атақтар кеден органының лауазымды адамдарына атқаратын лауазымына сәйкес беріледі.
6. Аға басшы құрамға жататын лауазымға қабылданған адамдарға, егер аталған лауазымды адамның неғұрлым жоғары дәрежелі шені, арнаулы немесе әскери атағы болмаса, кеден қызметінің подполковнигі атағынан жоғары емес бірінші арнаулы атақ берілуі мүмкін.
Бұрын құқық қорғау органдарында қызмет өткерген адамдар кеден органдарына қызметке жаңадан қабылданған кезде, сондай-ақ басқа құқық қорғау органынан іссапарға жіберу тәртібімен қабылданған адамдар, оларда бар арнайы немесе әскери атақтарымен, сыныптық шендерімен қызметке тағайындалады.
Бұрынғы арнайы немесе әскери атағында, сыныптық шенінде болу мерзімі кезекті арнаулы атақты беру үшін еңбек сіңірген жылдарына есептеледі.
7. Тектес мамандығы бойынша арнайы орта оқу орнын бітірген және орта басшы құрамға жататын лауазымға тағайындалған азаматтарға кеден қызметінің кіші лейтенанты - бірінші арнайы атағы беріледі.
8. Кеден қызметінің лейтенанты арнайы атағы:
1) кеден қызметінің кіші лейтенанттарына - арнаулы атағында белгіленген еңбек сіңірген жылдарының мерзімдері өткеннен кейін, ал жоғары оқу орындарын бітіргендерге - осы атағында еңбек сіңірген жылдарының мерзіміне қарамастан;
2) жоғары білімі бар, орта және аға басшы құрамға жататын қызметтерге тағайындалған азаматтарға беріледі.
9. Бірінші арнаулы атағы төрт жыл және одан да артық оқу мерзімімен оқу орнын бітіргеннен кейін берілген және оқу орнында алған немесе сол тектес мамандық бойынша кеден органдарында қызмет өткеріп жүрген кеден органдарының лауазымды адамдары үшін кеден қызметінің лейтенанты атағында еңбек сіңіру мерзімі бір жыл болып белгіленеді.
10. Кеден органының лауазымды адамына кезекті арнаулы атақ, атқаратын қызметіне аталған атақ сәйкес болған жағдайда және алдыңғы арнаулы атақта еңбек сіңірген жылдарының белгіленген мерзімі аяқталғаннан кейін әдеттегі реттілік тәртібімен беріледі.
11. Ғылыми дәрежесі немесе ғылыми атағы бар кеден органының лауазымды адамына кезекті арнаулы атақ, атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтан бір саты жоғары, кеден қызметінің полковнигіне дейін қоса алғанда, берілуі мүмкін.
12. Атқаратын лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтан бір саты жоғары кезекті арнаулы атақ алдыңғы арнаулы атақта еңбек сіңірген жылдарының кемінде бір жарым мерзімі өткеннен кейін, әдетте ынталандыру тәртібімен беріледі.
13. Кеден органдарының лауазымды адамдарына атқаратын лауазымына сәйкес мынадай шекті арнаулы атақтар берілуі мүмкін:
1) кеден ісі саласындағы уәкілетті органда:
төраға - кеден қызметінің генерал-полковнигі;
төрағаның орынбасары - кеден қызметінің генерал-лейтенанты;
басқарма бастығы - кеден қызметінің полковнигі;
басқарма бастығының орынбасары - кеден қызметінің полковнигі;
бөлім бастығы - кеден қызметінің подполковнигі;
бөлімше бастығы, бас маман - кеден қызметінің майоры;
аға маман - кеден қызметінің капитаны;
2) кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінде, кедендерде, мамандандырылған кеден мекемелерінде:
кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің бастығы - кеден қызметінің генерал-майоры;
кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі бастығының орынбасары, кеден бастығы, мамандандырылған кеден мекемесінің басшысы - кеден қызметінің полковнигі;
кеден бастығының орынбасары, мамандандырылған кеден мекемесі басшысының орынбасары және кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі барқармасы бастығының орынбасары, кеден бекетінің бастығы, бөлім бастығы - кеден қызметінің подполковнигі;
кеден бекеті бастығының орынбасары, бөлім бастығының орынбасары -кеден қызметінің майоры;
бөлімше бастығы, бас маман - кеден қызметінің капитаны;
аға маман, маман - кеден қызметінің аға лейтенанты;
кіші маман - лейтенант, кеден қызметінің кіші лейтенанты.
485-бап. Арнаулы атақтарда болу мерзімдері
1. Кеден органдарының лауазымды адамдары үшін арнаулы атақтарда еңбек сіңірген жылдарының мынадай мерзімдері белгіленеді:
кеден қызметiнiң кiшi лейтенанты - бір жыл;
кеден қызметiнiң лейтенанты - екі жыл;
кеден қызметiнiң аға лейтенанты - үш жыл;
кеден қызметiнiң капитаны - үш жыл;
кеден қызметiнiң майоры - төрт жыл;
кеден қызметiнiң подполковнигi - бес жыл.
2. Кеден қызметінің полковнигі атақтарында, сондай-ақ жоғары басшы құрамның арнаулы атақтарында еңбек сіңірген жылдарының мерзімдері белгіленбейді.
486-бап. Кезекті арнаулы атақты мерзімінен бұрын беру тәртібі
1. Кеден органының лауазымды адамына лауазымдық міндеттерін адал атқарғаны үшін көтермелеу ретінде, алдыңғы атағында еңбек сіңірген жылдарының белгіленген мерзімдерінің кемінде жартысы өткеннен кейін, бірақ атқаратын қызметіне сәйкес арнаулы атақтан жоғары емес кезекті арнаулы атақ мерзімінен бұрын берілуі мүмкін.
2. Кеден органының лауазымды адамына кезекті арнаулы атақ оның кеден органдарында қызмет атқарған бүкіл кезеңі ішінде мерзімінен бұрын екі реттен артық берілмейді.
487-бап. Кезекті арнаулы атақты беруді тоқтата тұру тәртібі
1. Кеден органының лауазымды адамына тәртіптік жаза қолданылған (ауызша жарияланғанын қоспағанда) не оған қатысты қылмыстық іс қозғалған немесе қызмет тәртібін бұзу, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау фактілері бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп жатқан болса, оған кезекті арнаулы атақ беру тәртіптік жаза алынғанға дейін, не ақтау негіздемесі бойынша қылмыстық іс тоқтатылғанға дейін немесе қызметтік тексеру аяқталғанға дейін тоқтатыла тұрады.
2. Осы баптың 1-тармағында белгіленгеннен басқа жағдайларда, кеден органының лауазымды адамына кезекті арнаулы атақ беруді негізсіз тоқтата тұрған кеден органының басшысы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тәртіптік жауаптылықта болады.
488-бап. Арнаулы атақтан айыру
1. Кеден органдарының лауазымды адамдарына қатысты арнаулы атақтан айыруды, соттың заңды күшіне енген айыптаушы үкімін орындау үшін, арнаулы атақты беруге құқығы бар басшы жүргізеді.
2. Арнаулы атақтан заңсыз айыру жағдайларында, соттың шешіміне сәйкес бұрынғы атақты қайта беру туралы бұйрықты кеден ісі саласындағы уәкілетті органның басшысы немесе кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің басшысы қабылдайды.
3. Арнаулы атақтан заңсыз айыру кезеңі қайта берілген арнаулы атақтың еңбек сіңіру мерзіміне кіреді. Арнаулы атақтан заңсыз айырылған адамдарға материалдық зиян толық көлемде өтеледі.
489-бап. Кеден органының лауазымды адамын ротациялау тәртібі
1. Кеден органының лауазымды адамына сол кеден органында не сол жердегі басқа кеден органына немесе басқа жерге қызметке ротациялау кеден ісі саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.
2. Кеден ісі саласындағы уәкілетті органның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, сондай-ақ кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің, кедендердің, мамандандырылған кеден мекемелерінің басшылары және олардың орынбасарлары атқаратын басшылық қызметінде үздіксіз болғанына үш жыл өткеннен кейін сол кеден органында не басқа кеден органына ротациялануға жатады.
3. Кеден органының лауазымды адамын басқа жерге қызметке ротациялаған кезде оған өтем төлеу және аталған лауазымды адамға өзге де шығыстарын өтеу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
490-бап. Кеден органдарында қызметті тоқтату үшін негіздер
1. Кеден органдарындағы қызметті тоқтату үшін мынадай жағдайлардың бірі:
1) осы баптың 2-тармағында белгіленген тәртіппен кеден одағы лауазымды адамының жұмыстан босатылуы;
2) кеден органы лауазымды адамының Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылуы;
3) кеден органы лауазымды адамының Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз немесе хабар-ошарсыз кетті деп танылуы;
4) кеден органы лауазымды адамының қайтыс болуы;
5) кеден органы лауазымды адамының мемлекеттік қызметте болуына байланысты міндеттерді және шектеулерді сақтамауы;
6) кеден органының лауазымды адамына қатысты соттың айыптау үкімінің заңды күшіне енуі немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық істің тоқтатылуы негіз болып табылады.
2. Кеден органдарының лауазымды адамдары:
1) кеден органдарында қызметке жарамсыздығы немесе жарамдылығының шектеулі болуы туралы ішкі істер органдарының әскери-дәрігерлік комиссиясының қорытындысы негізінде - денсаулық жағдайы бойынша;
2) штаттың қысқартылуына байланысты;
3) өз қалауы бойынша;
4) аттестаттау нәтижелері бойынша белгіленген қызметке сәйкес еместігіне байланысты;
5) сынақ мерзімі ішінде кеден органдарындағы қызметке жарамсыздығы анықталған жағдайда;
6) кеден органының лауазымды адамы беделін түсіретін әрекет жасаған кезде;
7) кеден органының лауазымды адамы қызмет тәртібін үнемі бұзғаны үшін;
8) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда жұмыстан босатылады.
3. Егер кеден органдарының запасқа шығарылатын лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңнамасында әскери қызметке жарамды запастағы адамдар үшін белгіленген шекті жасқа жетпеген болса, әскери есепке қойыла отырып, запасқа шығарылады.
59-тарау. Дене күшін, арнаулы құралдар мен атыс қаруын қолдану
491-бап. Дене күшін, арнаулы құралдар мен атыс қаруын қолдану жөніндегі негізгі ережелер
1. Осы Кодексте көзделген жағдайларда және тәртiппен кеден органдарының лауазымды адамдарының дене күшін, арнаулы құралдар мен атыс қаруын қолдануға құқықтары бар.
2. Кеден органының лауазымды адамы дене күшін, арнаулы құралдар мен атыс қаруын қолданған кезде:
1) дене күшін, арнаулы құралдар мен атыс қаруын қолдануды кешеуiлдету өзiнiң өмiрi мен денсаулығына тiкелей қатер төндiретiн, өзге де ауыр зардаптарға әкеп соғатын, тұтқиылдан болған немесе қарулы шабуыл жасалған, әскери техника мен көлiк құралдарын пайдаланып жасалған шабуыл кезінде немесе өзге де жағдайларда, осындай ескерту қалыптасқан жағдайда орынсыз болған немесе мүмкiн болмаған жағдайларды қоспағанда, оларды қолдану ниеті туралы ескертуге;
2) дене жарақатын алған адамдарға дәрiгер келгенге дейiнгi көмек көрсетудi қамтамасыз етуге және болған оқиға туралы кеден органының басшысына немесе оны алмастыратын адамға дереу хабарлауға;
3) құқық бұзушылықтың сипаты мен оны жасаған адамдардың қауiптiлiк деңгейiне, сондай-ақ көрсетiлген қарсылық күшiн ескере отырып қауiптi жою кезінде залалды мүмкіндігінше болдырмауға ұмтылуға міндетті. Кеден органының басшысы немесе оны алмастыратын адам атыс қаруын қолдану, кеден органы лауазымды адамының өлiмi немесе кеден органы лауазымды адамының денесіне зақым келу фактілері туралы прокурорға және жоғары тұрған кеден органының басшысына дереу хабарлауға мiндеттi.
3. Кеден органдары лауазымды адамдарының қарулану құралдарын, арнаулы құралдар мен қызметтік жануарларды есепке алуды жүргізу, сақтау және пайдалану тәртібін кеден ісі саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
4. Кеден органдары лауазымды адамдарының дене күшін, арнаулы құралдар мен атыс қаруын осы Кодекстің 492-495 баптарында белгіленген тәртіпті бұза отырып қолдануы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
492-бап. Дене күшін қолдану
1. Кеден органдары лауазымды адамдарының кеден органдарына жүктелген міндеттерді зорлық тәсілдерінсіз орындауды қамтамасыз ету мүмкін болмаған жағдайларда ғана дене күшін, оның ішінде күрестiң жауынгерлiк тәсiлдерiн қолдануға құқығы бар.
2. Дене күші мынадай жағдайларда:
1) құқық бұзушылық сипатын және нақты жағдайларды ескере отырып, кеден ісі саласындағы құқық бұзушылықтың жолын кесу;
2) құқық бұзушыларды және кеден органдары лауазымды адамдарына қызметтік міндеттерін жүзеге асыруда қарсылық көрсеткен немесе кедергі жасаған адамдарды ұстау үшін қолданылады.
3. Әйелдерге, мүгедектiктің айқын белгiлерi бар адамдарға және кәмелетке толмағандарға қатысты, олар адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауіп төндiретiн қарулы қарсылық көрсеткен және (немесе) топтасып шабуыл жасаған жағдайларды қоспағанда, дене күшін қолдануға тыйым салынады.
493-бап. Арнаулы құралдарды қолдану
1. Қызметтік міндеттерін атқару кезінде кеден органдары лауазымды адамдарының:
1) кеден органдарының лауазымды адамдарына және өзге де адамдарға жасалған шабуылдарға тойтарыс беру үшiн;
2) кеден органдарына тиесілі немесе олардың пайдалануындағы үйлерге (құрылыстарға, ғимараттарға), көлiк құралдарына, кедендік бақылаудағы тауарлар мен көлiк құралдарына жасалған шабуылға тойтарыс беру үшiн, сондай-ақ аталған объектілер басып алынған жағдайда оларды босату үшiн;
3) кеден органының лауазымды адамына дене күшін қолданып қарсылық көрсетудiң жолын кесу үшін;
4) егер құқық бұзушылар күш көрсетіп қарсыласса немесе өзгедей қарсы әрекет жасаса, бұл адамдарды ұстау, кеден органына не Қазақстан Республикасының өзге де құқық қорғау органдарына жеткізу үшiн;
5) көлiк құралына қатысты кеден ісі саласындағы құқық бұзушылық объектісі болып табылады деп ойлауға негіз болғанда аталған көлiк құралын тоқтату үшiн арнаулы құралдарды (кісендерді, резеңке таяқтарды, көзден жас ағызатын заттарды, үй-жайларды ашуға арналған, көлікті мәжбүрлеп тоқтатуға арналған құрылғыларды), сондай-ақ басқа да арнаулы құралдар мен техниканы қолдануға құқығы бар.
2. Әйелдерге, мүгедектiктің айқын белгiлерi бар адамдарға және кәмелетке толмағандарға қатысты, олар адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауіп төндiретiн қарулы қарсылық көрсеткен және (немесе) топтасып шабуыл жасаған жағдайларды қоспағанда, арнаулы құралдарды қолдануға тыйым салынады.
3. Кеден органдарының лауазымды адамдары қолданатын арнаулы құралдардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
494-бап. Атыс қаруын алып жүру, сақтау және оны пайдалану
1. Атыс қаруын алып жүру, сақтау және оны пайдалану құқығы берілген кеден органдары лауазымды адамдарының санаттарын, сондай-ақ кеден органдарының лауазымды адамдары пайдаланатын атыс қаруы мен оқ-дәрі түрлерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
2. Атыс қаруы осы Кодекстің 495-бабында белгіленген жағдайларда қолданылады.
3. Кеден органдарының лауазымды адамдары қарулар мен оқ-дәрiлердi жоғалтқаны, ұқыпсыз сақтағаны, оларды күзету жөніндегі мiндеттерiн тиісінше орындамағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
495-бап. Атыс қаруын қолдану және пайдалану
1. Кеден органдары лауазымды адамдарының мынадай жағдайларда:
1) кеден органдарының лауазымды адамдарына және олардың отбасы мүшелерiне топтасқан және (немесе) қарулы шабуылға тойтарыс беру, сол сияқты кеден органдары лауазымды адамдарының қаруын тартып алуға әрекет жасаудың жолын кесу үшiн;
2) кеден органдарына тиесілі және (немесе) кеден органдарының пайдалануындағы үй-жайларға, ғимараттарға (құрылғыларға, құрылыстарға) және көлiк құралдарына жасалған қарулы шабуылға тойтарыс беру үшiн, сондай-ақ кедендік бақылаудағы тауарлар мен көлiк құралдарын қару қолданып иемденіп алуға басқа адамдар тарапынан әрекет жасалған жағдайларда;
3) қарулы қарсылық көрсеткен не қылмыс жасау үстiнде қолға түскен адамдарды, сондай-ақ кеден органдары лауазымды адамдарының қаруды тапсыру туралы заңды талабын орындаудан бас тартқан қарулы адамдарды ұстау үшiн;
4) егер көлік құралын жүргiзетін адам кеден органдары лауазымды адамдарының заңды талаптарына бағынбаса, көлiк құралдарын iстен шығару арқылы оларды тоқтату үшiн;
5) хайуанаттардың шабуылынан қорғану үшiн;
6) қару қолданатындығы туралы ескерту, дабыл белгiсiн беру немесе көмекке шақыру үшiн;
7) қажетті қорғаныс және аса қажетті өзге де жағдайларда атыс қаруын қолдануға құқығы бар.
2. Әйелдерге, мүгедектiктің айқын белгісі бар адамдарға және кәмелетке толмағандарға қатысты, олар қарулы қарсылық көрсеткен және (немесе) қарулы немесе топтасып шабуыл жасаған жағдайлардан басқа кезде, сондай-ақ қару қолдану азаматтардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiруi мүмкiн жағдайларда қару қолдануға тыйым салынады.
3. Қару қолданудың барлық жағдайларында кеден органының лауазымды адамы айналадағы азаматтардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету үшiн қажеттi шаралар қолдануға, прокурорды хабардар етуге, жоғары тұрған кеден органына хабарлауға мiндеттi.
60-тарау. Кеден органдарының лауазымды адамдарын материалдық қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғау
496-бап. Кеден органдарының лауазымды адамдарына еңбекақы төлеу
1. Кеден органдарының лауазымды адамдарына ақшалай үлес Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін, бюджет қаражаты мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сметасы (бюджеті) есебінен қамтылатын, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесі негізінде белгіленеді және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ақшалай қаражатты, қызмет атқарудың ерекше жағдайлары үшін үстеме ақыны қамтиды.
2. Кеден органы лауазымды адамдарының ақшалай қаражаты лауазымдық жалақы мен арнаулы атақ үшін қосымша ақыдан тұрады.
497-бап. Кеден органдарының лауазымды адамдарын көтермелеу
1. Қызметтік мiндеттерiн үлгілi орындағаны және қызметтегі жоғары көрсеткіштері үшiн кеден органдарының лауазымды адамдарын көтермелеудің мынадай түрлерi:
алғыс жариялау;
бiржолғы ақшалай сыйақы беру;
бағалы сыйлықпен марапаттау;
Құрмет грамотасымен марапаттау;
«Кеден қызметінің үздiк қызметкері» төс белгiсiмен марапаттау;
«Кеден қызметiнiң еңбек сiңiрген қызметкерi» Құрмет белгiсiмен марапаттау;
«Кеден органдарындағы мінсіз қызметі үшін» 3, 2, 1-дәрежелі ведомстволық медалімен марапаттау;
«Кедендік ынтымақтастықты дамытқаны үшін» ведомстволық медалімен марапаттау;
«Кеден қызметінің ардагері» ведомстволық медалімен марапаттау;
кезекті арнаулы атақты мерзімінен бұрын беру;
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де көтермелеу нысандары көзделеді.
2. Көтермелеу ретiнде бұрын берілген тәртiптiк жазаны мерзiмiнен бұрын алып тастау қолданылуы мүмкiн.
498-бап. Кеден органы лауазымды адамының демалысы
Кеден органдарының лауазымды адамдарына екі лауазымдық жалақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып, ұзақтығы күнтізбелік отыз күн жыл сайынғы ақы төленетін демалыс берiледi.
499-бап. Кеден органдарының лауазымды адамдарын зейнетақымен қамсыздандыру
Кеден органдарының лауазымды адамдарын зейнетақымен қамсыздандыру Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
500-бап. Кеден органдарының лауазымды адамдарын құқықтық және әлеуметтік қорғау
1. Кеден органдарының лауазымды адамдары мемлекеттік билік өкілдері болып табылады және мемлекет қорғауында болады.
2. Кеден органының лауазымды адамы қызметтік міндетін атқаруға байланысты қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, қаза тапқан адамның отбасы Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға құқылы.
3. Кеден органының лауазымды адамы қызметтiк мiндеттерiн атқаруға байланысты қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, қаза тапқан (қайтыс болған) адамның отбасына немесе асырауындағы адамдарға (мұрагерлеріне):
1) қаза тапқан адамның атқарған соңғы қызметі бойынша алпыс айлық ақшалай үлесі мөлшерінде біржолғы өтем Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бюджет қаражаты есебінен төленеді;
2) асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерде және тәртіппен тағайындалады.
4. Кеден органының лауазымды адамы қызметтiк мiндеттерiн атқаруына байланысты, өзiнiң кәсіби қызметін одан әрi жүзеге асыруға мүмкiндiк бермейтiндей болып мертiккен не денсаулығына өзге де зақым келген жағдайда, аталған адамға Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бюджет қаражаты есебінен:
1) бірінші топтағы мүгедекке - отыз айлық ақшалай үлесі мөлшерінде;
2) екінші топтағы мүгедекке - он сегіз айлық ақшалай үлесі мөлшерінде;
3) үшінші топтағы мүгедекке - алты айлық ақшалай үлесі мөлшерінде;
4) мүгедектiк белгiленбей, еңбек қабiлетін тұрақты жоғалтуы анықталған кезде - бiр жарым айлық ақшалай үлесі мөлшерінде біржолғы өтемақы төленедi.
5. Егер кеден органы лауазымды адамының қаза табуы (қайтыс болуы), жарақат алуы, жаралануы (мертiгуi), ауруы қызметтiк мiндеттерiн атқаруына қатысы жоқ жағдайларға байланысты болғандығы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен дәлелденсе, бiржолғы өтемақы төленбейдi.