Қазақстан Республикасының
Заңы
Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы
(2010.19.03. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2011 жылғы 6 қаңтарда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заң сәйкестікті растау жөніндегі органдарды, сынақ, салыстырып тексеру, калибрлеу зертханаларын (орталықтарын), өлшемдерді орындау әдістемелерін метрологиялық аттестаттауды жүзеге асыратын заңды тұлғаларды аккредиттеу саласындағы қоғамдық қатынастарды, сондай-ақ сәйкестікті бағалау саласындағы олармен байланысты өзге де қатынастарды реттейді.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аккредиттеу - аккредиттеу жөніндегі орган өтініш берушінің белгілі бір салада сәйкестікті бағалау жұмыстарын орындау құзыретін ресми танитын рәсім;
2) аккредиттеу аттестаты - аккредиттеу жөніндегі орган беретін, аккредиттеу субъектілерінің белгілі бір салада сәйкестікті бағалау жұмыстарын орындау құзыретін куәландыратын құжат;
3) аккредиттеу белгісі - аккредиттеу жөніндегі органның аккредиттеу субъектісіне оның аккредиттеу рәсімінен өткені туралы үшінші тұлғаларға ақпарат беру үшін берілетін белгі;
4) аккредиттеу жөніндегі орган - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын және аккредиттеу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
5) аккредиттеу жүйесі - өз құзыреті шегінде сәйкестікті бағалау саласында аккредиттеу аясындағы жұмысты жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың жиынтығы;
6) аккредиттеу критерийлері - өтініш беруші өзінің аккредиттелуі үшін және аккредиттеу субъектісі қанағаттандыруы тиіс талаптар жиынтығы;
7) аккредиттеу материалдарын жаңарту - аккредиттеу субъектісінің құжаттарына аккредиттеу аттестатын қайта ресімдеуге әкеп соқпайтын өзгерістер енгізу;
8) аккредиттеу саласы - аккредиттеу қолданылатын, сәйкестікті бағалаудың ресми танылған объектілері;
9) аккредиттеу саласын кеңейту - аккредиттеу субъектісінің сәйкестікті бағалау объектілері тізбесін ұлғайту процесі;
10) аккредиттеу саласын қысқарту - аккредиттеу субъектісінің сәйкестікті бағалау объектілері тізбесін азайту процесі;
11) аккредиттеу, сәйкестікті растау жөніндегі, өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы сарапшылар-аудиторлар - уәкілетті орган белгілеген тәртіппен аттестатталған мамандар;
12) аккредиттеу субъектілерінің тізілімі - аккредиттеу субъектілерін есепке алудың бірыңғай жүйесі;
13) аккредиттеу субъектісі - осы Заңда белгіленген тәртіппен аккредиттеуден өткен заңды тұлға немесе заңды тұлғаның атынан әрекет ететін оның құрылымдық бөлімшесі;
14) инспекциялық тексеру - аккредиттеу субъектілерінің аккредиттеу критерийлерін сақтауын аккредиттеу жөніндегі орган жүзеге асыратын тексеру;
15) калибрлеу зертханасы (орталығы) - өлшем құралдарын калибрлеуді жүзеге асыратын заңды тұлға немесе заңды тұлғаның атынан әрекет ететін оның құрылымдық бөлімшесі;
16) өлшемдерді орындау әдістемелерін метрологиялық аттестаттауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар - өлшемдерді орындау әдістемелерін метрологиялық аттестаттау жөніндегі жұмыстарды жүргізуге аккредиттелген заңды тұлғалар;
17) өлшем құралдарын салыстырып тексеру және калибрлеу нәтижелерін салғастыру - өлшем құралдарының зерттеу нәтижелерін, метрологиялық сипаттамаларын салыстыру;
18) өтініш беруші - аккредиттеуге өтінім берген заңды тұлға;
19) салыстырма сынақтары - бірдей немесе ұқсас сынақ объектілерінде екі немесе одан көп зертхананың (орталықтың) сынақтар жүргізуі және олардың нәтижелерін бағалауы;
20) салыстырып тексеру зертханасы (орталығы) - өлшем құралдарын салыстырып тексеруді жүзеге асыратын заңды тұлға немесе заңды тұлғаның атынан әрекет ететін оның құрылымдық бөлімшесі;
21) сәйкестікті бағалау - өнімге, процеске, көрсетілетін қызметке, менеджмент жүйесіне, персоналға, өлшем құралына, сынақ жабдығына, өлшемдерді орындау әдістемелеріне қойылатын талаптардың орындалуын сәйкестікті растау, сынақтар, зерттеулер, өлшемдер, салыстырып тексеру, калибрлеу және аттестаттау жүргізу арқылы дәлелдеу;
22) сәйкестікті бағалау объектілері - сәйкестікті растауға, зерттеуге, сынауға, өлшемге, салыстырып тексеруге, калибрлеуге, аттестаттауға жататын өнім, процестер, көрсетілетін қызметтер, менеджмент жүйелері, персонал, өлшем құралдары, сынақ жабдығы, өлшемдерді орындау әдістемелері;
23) сәйкестікті растау жөніндегі органдар - өнімдердің, процестердің, көрсетілетін қызметтердің, менеджмент жүйелерінің не персоналдың сәйкестігін растау жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыратын заңды тұлғалар;
24) сынақ зертханасы (орталығы) - зерттеулерді, сынақтарды жүзеге асыратын заңды тұлға немесе заңды тұлғаның атынан әрекет ететін оның құрылымдық бөлімшесі;
25) техникалық сарапшы - сәйкестігі бағаланатын объектіге қатысты арнаулы білімі немесе тәжірибесі бар жеке тұлға;
26) уәкілетті орган - техникалық реттеу және өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
2-бап. Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3-бап. Аккредиттеудің негізгі мақсаттары мен принциптері
1. Аккредиттеудің негізгі мақсаттары:
1) өнімнің, процестердің, көрсетілетін қызметтің қауіпсіздігі мен сапасы мәселелерінде тұтынушылардың мүдделерін қорғау;
2) отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
3) сәйкестікті бағалаудың сапасы мен дәйектілігін арттыру;
4) саудадағы техникалық кедергілерді жою;
5) отандық өнімнің сыртқы нарыққа шығуына және Қазақстан Республикасының аккредиттеу субъектілерінің жұмыс нәтижелерін халықаралық ұйымдардың және шет елдердің тануына жағдайлар туғызу болып табылады.
2. Аккредиттеу принциптері:
1) еріктілік;
2) аккредиттеу рәсімдері, критерийлері туралы ақпаратқа қолжетімділік;
3) сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу жөніндегі қызметтің ашықтығы;
4) кемсітушілікке жол бермеу;
5) құзыреттілік;
6) аккредиттеу жүйесінің бірлігі мен тұтастығы;
7) тәуелсіздік;
8) аккредиттеу жөніндегі қызметті сәйкестікті бағалау жөніндегі қызметпен қоса атқаруға жол бермеу;
9) аккредиттеуді жүзеге асыру кезінде халықаралық (өңірлік) ұйымдардың стандарттарын пайдалану басымдығы болып табылады.
4-бап. Аккредиттеу жүйесі
Аккредиттеу жүйесіне:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі;
2) уәкілетті орган;
3) аккредиттеу жөніндегі орган;
4) аккредиттеу субъектілері;
5) аккредиттеу, сәйкестікті растау жөніндегі, өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы сарапшылар-аудиторлар, техникалық сарапшылар кіреді.
5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің сәйкестікті бағалау саласында аккредиттеу аясындағы құзыреті
Қазақстан Республикасы Үкіметінің сәйкестікті бағалау саласында аккредиттеу аясындағы құзыретіне:
1) аккредиттеу саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу;
2) аккредиттеу жөніндегі органды айқындау жатады.
6-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті орган өз құзыреті шегінде:
1) аккредиттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) аккредиттеу жөніндегі органды айқындау немесе оны осы мәртебеден айыру жөніндегі ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді;
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 3) тармақшамен толықтырылды; 2010.19.03 № 258-IV ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
4) «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, жыл сайынғы тексерулер жоспарларын әзірлейді және бекітеді.
7-бап. Аккредиттеу жөніндегі орган
1. Аккредиттеу жөніндегі орган - акциялары не жарғылық капиталындағы үлестері мемлекеттік меншікте болатын акционерлік қоғам не шаруашылық серіктестік ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға.
Акцияларға не жарғылық капиталындағы үлестерге иелік ету және оларды пайдалану құқығын уәкілетті орган жүзеге асырады.
2. Аккредиттеу жөніндегі орган:
1) мыналарға:
аккредиттеу, сәйкестікті растау жөніндегі, өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы сарапшылар-аудиторларды, техникалық сарапшыларды және басқа да мамандарды аккредиттеу жөніндегі жұмыстарға қатысуға тартуға;
аккредиттеу жөніндегі халықаралық (өңірлік) мемлекеттік емес және үкіметтік емес ұйымдар жұмысына қатысуға;
өлшем құралдарының салыстырма сынақтарын және оларды салыстырып тексеру мен калибрлеу нәтижелерін салғастыруды ұйымдастыруға;
инспекциялық тексеру жүргізуге құқылы;
2009.10.07. № 178-IV Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) мыналарға:
аккредиттеу аттестатының, аккредиттеу аттестатына қосымшалардың, аккредиттеу белгісінің нысандарын белгілеуге;
аккредиттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізуге;
аккредиттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізу кезінде белгілі болған коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтердің жария болуына жол бермеуге;
аккредиттеу субъектілерінің тізілімін жүргізуге;
интернет-ресурсты жүргізуге, онда аккредиттеу субъектілерінің тізілімін ресми жариялауға және сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді орналастыруға;
аккредиттеу субъектілерінің шағымдарын қарауға және олар бойынша шешім қабылдауға;
аккредиттеу аттестаты кері қайтарып алынған немесе аккредиттеуден кейінгі шарт тоқтатылған жағдайда бұл туралы уәкілетті органға үш жұмыс күні ішінде жазбаша түрде хабарлауға;
аккредиттеу аттестатын қайта ресімдеу, аккредиттеу материалдарын жаңарту туралы өтінімдерді қарауға;
аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алуға, қайтаруға және осы Заңда көзделген негіздер бойынша және тәртіппен аккредиттеу аттестатын жою туралы өтінішпен сотқа жүгінуге міндетті.
3. Аккредиттеу материалдарын қарау және олар бойынша шешімдер қабылдау үшін аккредиттеу жөніндегі орган басшысы аккредиттеу материалдарын қарау жөнінде тұрақты жұмыс істейтін комиссия құрады. Комиссия шешімдері ұсынымдық сипатта болады.
Комиссияның сандық құрамы тақ болуға, үш адамнан кем болмауға және кемінде аккредиттеу жөніндегі бір сарапшы-аудиторды қамтуға тиіс.
8-бап. Аккредиттеу субъектілері
1. Аккредиттеу субъектілеріне:
сәйкестікті растау жөніндегі органдар;
сынақ, салыстырып тексеру және калибрлеу зертханалары (орталықтары);
өлшемдерді орындау әдістемелерін метрологиялық аттестаттауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар жатады.
2. Аккредиттеу субъектілерінің сәйкестікті бағалау нәтижелері Қазақстан Республикасының барлық аумағында танылады.
3. Қазақстан Республикасының аумағында сәйкестікті бағалау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын шетелдік ұйымдар, олардың филиалдары мен өкілдіктері олардың қызмет нәтижелерін тану үшін осы Заңға сәйкес аккредиттеуге жатады.
4. Аккредиттеу субьектілері:
1) аккредиттеу белгісін пайдалануға;
2) аккредиттеу жөніндегі органға аккредиттеу саласын кеңейту немесе қысқарту туралы, аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алу, қайтару және аккредиттеу аттестатының қолданысын тоқтату туралы өтінішпен жүгінуге;
3) аккредиттеу жөніндегі органға оның қызметкерлерінің іс-қимылына шағымдануға;
4) аккредиттеу мәселелері бойынша даулар туындаған кезде сотқа жүгінуге құқылы.
5. Аккредиттеу субъектілері:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын және оларға өздерінің сәйкестігі аккредиттелген нормативтік құжаттардың талаптарын сақтауға;
2) аккредиттеу саласы шегінде жұмыстарды жүзеге асыруға;
3) аккредиттеу саласы шегінде аккредиттеу аттестатына сілтеме жасауға;
4) бекітілген аккредиттеу саласындағы қызметінің тоқтатылғаны немесе алдағы уақытта таратылатыны туралы аккредиттеу жөніндегі органға хабарлауға;
5) анықталған аккредиттеу критерийлеріне сәйкессіздіктерді аккредиттеу жөніндегі органның шешімімен белгіленген мерзім ішінде жоюға;
6) инспекциялық тексеруді жүзеге асыратын адамдардың үй-жайға, жабдыққа, ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етуге және оларға өзге де қажетті көмек көрсетуге;
7) өлшем құралдарының салыстырмалы сынақтарына және оларды салыстырып тексеру мен калибрлеу нәтижелерін салғастыруға қатысуға;
8) аккредиттеу аттестатының қолданысы тоқтатылған не ол кері қайтарып алынған жағдайда аккредиттеу аттестатын осы Заңда белгіленген мерзімде қайтаруға;
9) аккредиттеу аттестаты кері қайтарып алынған, оның қолданысы тоқтатылған, аккредиттеу аттестаты жойылған, тоқтатыла тұрған не одан айырылған жағдайда аккредиттеуге сілтеме жасауды тоқтатуға міндетті.
9-бап. Сәйкестікті растау жөніндегі органдар
1. Сәйкестікті растау жөніндегі органдар өнім (көрсетілетін қызмет) өндірушілерден (орындаушылардан), өнімді (көрсетілетін қызметті) берушілерден және тұтынушылардан тәуелсіз болуға тиіс.
2. Сәйкестікті растау жөніндегі органдардың филиалдары заңды тұлғаның өтінімі бойынша осы Заңға сәйкес аккредиттеледі.
Сәйкестікті растау жөніндегі органдар филиалдарының аккредиттеу саласы бөлек бекітіледі.
3. Сәйкестікті растау жөніндегі органдардың сәйкестікті бағалау процесінің әділдігіне және объективтілігіне әсер ететін консультациялық қызмет көрсетуге құқығы жоқ.
10-бап. Сынақ, салыстырып тексеру, калибрлеу зертханалары (орталықтары) және өлшемдерді орындау әдістемелерін метрологиялық аттестаттауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар
1. Сынақ, салыстырып тексеру, калибрлеу зертханалары (орталықтары) және өлшемдерді орындау әдістемелерін метрологиялық аттестаттауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар өз қызметін осы Заңға, Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы және өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
2-тармақ 2009 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
2. Салыстырып тексеру зертханалары (орталықтары) өнім (көрсетілетін қызмет) өндірушілерден (орындаушылардан), өнімді (көрсетілетін қызметті) берушілерден және тұтынушылардан тәуелсіз болуға тиіс.
3. Сынақ, салыстырып тексеру, калибрлеу зертханалары (орталықтары) Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңнамасына сәйкес - шама бірліктерінің мемлекеттік эталондарынан, олар жоқ болған жағдайда басқа елдердің шама бірліктері ұлттық эталондарынан шама бірліктерінің өлшемдерін алу арқылы өлшемдердің қадағалануын қамтамасыз етуге тиіс.
11-бап. Аккредиттеу, сәйкестікті растау жөніндегі, өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы сарапшылар-аудиторлар және техникалық сарапшылар
1. Аккредиттеу, сәйкестікті растау жөніндегі, өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы сарапшылар-аудиторлар және техникалық сарапшылар осы Заңға сәйкес сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізуге қатысады.
2. Аккредиттеу, сәйкестікті растау жөніндегі, өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы сарапшылар-аудиторлар және техникалық сарапшылар өз қызметін еңбек не азаматтық-құқықтық шарттың негізінде жүзеге асырады.
12-бап. Аккредиттеу белгісі
1. Аккредиттеу белгісі аккредиттеу субъектісінің аккредиттеу рәсімінен өткені туралы үшінші тұлғаларға ақпарат беру үшін пайдаланылады.
2. Аккредиттеу субъектісіне берілетін аккредиттеу белгісінде берілген аккредиттеу аттестатының нөмірі болуға тиіс.
3. Аккредиттеу белгісін пайдалану тәртібі аккредиттеуден кейінгі шартпен айқындалады.
13-бап. Аккредиттеу кезеңдері
1. Аккредиттеу мынадай негізгі:
1) өтінімді және ұсынылған құжаттарды қабылдау, қарау;
2) аккредиттеу алдындағы шартты жасасу;
3) ұсынылған құжаттарды сараптау;
4) өтініш берушіні орналасқан жері бойынша тексеру;
5) аккредиттеу туралы не аккредиттеуден бас тарту туралы шешім қабылдау;
6) аккредиттеуден кейінгі шартты жасасу, аккредиттеу саласын бекіту және аккредиттеу аттестатын беру не аккредиттеу алдындағы шартты тоқтату кезеңдерін қамтиды.
2. Қайтадан аккредиттеу осы баптың 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген кезеңдерді сақтамастан жүргізіледі.
14-бап. Аккредиттеу критерийлері
Өтініш берушілер және аккредиттеу субъектілері мынадай критерийлерге сай келуге тиіс:
1) заңды тұлға не заңды тұлғаның атынан әрекет ететін оның құрылымдық бөлімшесі мәртебесінің болуы;
2) мәлімделген аккредиттеу саласындағы сәйкестікті бағалау жөнінде жұмыстарды орындауға мүмкіндік беретін білікті персоналдың болуы;
3) сәйкестікті бағалау жөнінде жұмыстарды орындауға қажетті меншік, шаруашылық жүргізу, оралымды басқару құқығында немесе уақытша иелігінде және пайдалануында үй-жайдың, жабдықтың және материалдық ресурстардың болуы;
4) оларға өздерінің сәйкестігі аккредиттелетін (аккредиттелген) нормативтік құжаттардың талаптарына сай келуі.
Осы Заңда нормативтік құжаттар деп стандарттау жөніндегі және өлшем бірлігін қамтамасыз ету жөніндегі нормативтік құжаттар түсініледі.
15-бап. Өтінімді ұсыну және оны қарау
1. Өтініш беруші аккредиттеу жөніндегі органға мынадай құжаттар ұсынады:
1) аккредиттеуге өтінім;
2) өтініш берушінің заңды мәртебесін анықтайтын құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелері;
3) мәлімделетін аккредиттеу саласының қағаздағы және электрондық жеткізгіштері;
4) сынақ, салыстырып тексеру, калибрлеу зертханаларына (орталықтарына), өлшемдерді орындау әдістемелерін метрологиялық аттестаттауды жүзеге асыратын заңды тұлғаларға арналған паспорт;
5) сәйкестікті бағалау жөніндегі жұмыстарды орындайтын персонал туралы мәліметтер (сәйкестікті растау жөніндегі органдар үшін).
Өтініш беруші өзі таңдап алған нормативтік құжатқа байланысты тиісті ақпарат ұсынады.
Өтінімді қоспағанда, құжаттардың барлығы екі данада ұсынылады.
2. Осы баптың 1-тармағының 1), 3) - 5) тармақшаларында көрсетілген құжаттардың нысандарын уәкілетті орган белгілейді.
3. Егер өтінім және (немесе) оған қоса берілген құжаттар белгіленген нысанға сәйкес келмеген не толық көлемде ұсынылмаған жағдайда аккредиттеу жөніндегі орган құжаттарды қайтарудың себептерін көрсете отырып, олардың түскен күнінен бастап есептелетін бес жұмыс күні ішінде өтініш берушіге қайтарады.
16-бап. Аккредиттеу алдындағы шарт
1. Аккредиттеу алдындағы шарт аккредиттеу жөніндегі орган мен өтініш беруші арасында жасалады.
2. Аккредиттеу алдындағы шарттың елеулі талаптары:
1) шарттың мәні;
2) тараптардың құқықтары мен міндеттері;
3) жұмыстардың құны;
4) тараптардың жауаптылығы болып табылады.
3. Аккредиттеу алдындағы үлгі шартты уәкілетті орган бекітеді.
4. Аккредиттеу алдындағы шартты тоқтатуға мынадай жағдайлар:
1) заңды тұлғаның таратылуы;
2) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес шартты бұзу;
3) құжаттарға сараптама жасау кезінде немесе өтініш берушіні орналасқан жері бойынша тексерген кезде анықталған сәйкессіздіктерді аккредиттеу жөніндегі орган белгілеген мерзімде жоймауы;
4) аккредиттеу жөніндегі органның құжаттарға қайта сараптама жасаған кезде немесе өтініш берушіні орналасқан жері бойынша қайта тексерген кезде тиісінше сарапшы-аудитордың алғашқы қорытындысындағы немесе тексеру жөніндегі топтың есебінде көрсетілген сәйкессіздіктерді анықтауы;
5) аккредиттеу жөніндегі органның аккредиттеуден бас тарту туралы шешім қабылдауы негіз болып табылады.
17-бап. Құжаттардың сараптамасы
1. Ұсынылған құжаттардың сараптамасы шарт жасалған кезден бастап есептелетін отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жүзеге асырылады.
2. Сараптама жүргізу үшін аккредиттеу жөніндегі орган аккредиттеу жөніндегі сарапшы-аудиторды тағайындайды.
3. Аккредиттеу жөніндегі сарапшы-аудитордың қорытындысында:
1) ұсынылған құжаттардың аккредиттеу критерийлеріне сәйкестік бағасы;
2) нақты критерийлер бойынша (сәйкессіздік болған кезде) құжаттардың сәйкессіздігін көрсету;
3) ұсынылған құжаттарды түзету жөніндегі (қажет болған жағдайда) ұсынымдар және өтініш берушінің осы ұсынымдарды орындауын растау тәртібі;
4) ұсынылған құжаттардың аккредиттеу критерийлеріне сәйкестігі немесе сәйкессіздігі туралы тұжырымдар қамтылуға тиіс.
4. Аккредиттеу жөніндегі сарапшы-аудитордың қорытындысы негізінде аккредиттеу жөніндегі орган мынадай:
1) өтініш берушіні орналасқан жері бойынша тексеру туралы;
2) өтініш берушінің анықталған сәйкессіздіктерді жоюы туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
Шешімнің көшірмесі өтініш берушіге жіберіледі.
5. Өтініш беруші шешімнің көшірмелерін алған кезден бастап отыз жұмыс күні ішінде анықталған сәйкессіздіктерді жояды және ол туралы аккредиттеу жөніндегі органға хабарлайды. Аккредиттеу жөніндегі орган хабарламаны алған кезден бастап жеті күн ішінде құжаттарға қайтадан сараптама жүргізеді.
6. Аккредиттеу жөніндегі орган өтініш берушінің себептерін көрсеткен жазбаша өтініші бойынша сәйкессіздіктерді жою мерзімін екі айдан аспайтын мерзімге ұзартады.
18-бап. Өтініш берушіні орналасқан жері бойынша тексеру
1. Өтініш берушіні орналасқан жері бойынша тексеру өтініш берушінің біліктілігін, құжаттарда ұсынылған ақпараттардың нақты жағдайға сәйкестігін бағалау мақсатында жүргізіледі.
2. Тексеруді аккредиттеу жөніндегі орган жасақтайтын тексеру жөніндегі топ жүзеге асырады.
3. Тексеру жөніндегі топ кемінде үш адамнан құралуы керек, топ жетекшісі болып құжаттарға сараптама жүргізген аккредиттеу жөніндегі сарапшы-аудитор тағайындалады.
4. Тексеру жөніндегі топтың құрамына келісім бойынша:
өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы мамандар;
сәйкестікті растау жөніндегі сарапшылар-аудиторлар, техникалық сарапшылар, мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың мәлімдеген аккредиттеу саласы бойынша мамандары енгізілуі мүмкін.
5. Тексеру мерзімі бұл туралы шешім қабылданған күннен бастап есептелетін он жұмыс күнінен аспауға тиіс.
6. Тексеру жөніндегі топ өз жұмысының қорытындысы бойынша есеп дайындайды, онда өтініш берушінің аккредиттеу критерийлеріне сәйкестік бағасы қамтылуы керек.
7. Топ мүшелерінің барлық ескертпелерін есепке ала отырып топ жетекшісі екі данада есеп жасайды және оған топтың барлық мүшелері қол қояды. Есептің бір данасы өтініш берушіге ұсынылады.
8. Өтініш беруші тексеру жөніндегі топтың есебімен келіспеген жағдайда өзінің ескертпелерін жазбаша түрде аккредиттеу жөніндегі органға ұсына алады.
9. Тексеру жөніндегі топ есебінің негізінде және өтініш берушінің ескертпелерін ескере отырып (олар бар болған жағдайда), аккредиттеу жөніндегі орган бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде мынадай:
1) аккредиттеу жөніндегі жиналған материалдарды қарау туралы;
2) өтініш берушінің анықталған сәйкессіздіктерді жоюы туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
Шешімнің көшірмесі өтініш берушіге жіберіледі.
10. Өтініш беруші шешімнің көшірмесін алған кезден бастап жиырма жұмыс күні ішінде тексеру кезінде анықталған сәйкессіздіктерді жояды және оларды жойғаны туралы аккредиттеу жөніндегі органға хабарлайды, одан кейін аккредиттеу жөніндегі орган оған қайта тексеру жүргізеді. Тексеру мерзімі тексеру жөніндегі топтың өтініш берушінің орналасқан жеріне келген күнінен бастап есептелетін бес жұмыс күнінен аспауға тиіс.
11. Аккредиттеу жөніндегі орган өтініш берушінің себептерін көрсеткен жазбаша өтініші бойынша сәйкессіздіктерді жою мерзімін екі айдан аспайтын мерзімге ұзартады.
19-бап. Аккредиттеу туралы не аккредиттеуден бас тарту туралы шешім қабылдау
1. Аккредиттеу туралы не аккредиттеуден бас тарту туралы шешімді аккредиттеу материалдарын қарау жөніндегі комиссияға жиналған материалдар түскен кезден бастап есептелетін отыз жұмыс күні ішінде аккредиттеу жөніндегі орган қабылдайды.
2. Оң шешім қабылданған жағдайда аккредиттеуден кейінгі шарт жасалады және жеті жұмыс күні ішінде аккредиттеу саласын айқындайтын құжат бекітіледі, аккредиттеу аттестаты және құжаттардың бір жиынтығы беріледі.
3. Теріс шешім қабылданған жағдайда өтініш берушіге құжаттар жиынтығымен бірге дәлелді бас тарту жіберіледі.
20-бап. Аккредиттеуден кейінгі шарт
1. Аккредиттеуден кейінгі шарт аккредиттеу жөніндегі орган мен аккредиттеу субъектісі арасында жасалады.
2. Аккредиттеуден кейінгі шарттың елеулі талаптары:
1) шарттың мәні;
2) тараптардың құқықтары мен міндеттері;
3) жұмыстардың құны;
4) инспекциялық тексерулерді жүргізу, аккредиттеу аттестатын қайта ресімдеу, аккредиттеу материалдарын жаңарту тәртібі мен мерзімдері;
5) салыстырма сынақтарды жүргізу және (немесе) өлшем құралдарын салыстырып тексеру мен калибрлеу нәтижелерін салғастыру тәртібі;
6) тараптардың жауаптылығы болып табылады.
3. Аккредиттеуден кейінгі үлгі шартты уәкілетті орган бекітеді.
4. Аккредиттеуден кейінгі шартты тоқтатуға мынадай жағдайлар:
1) заңды тұлғаның таратылуы;
2) аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзімінің аяқталуы;
3) аккредиттеу аттестатынан айыруы;
4) аккредиттеу аттестатының жойылуы;
5) аккредиттеу аттестаты кері қайтарып алынған жағдайда оны қайтарылмауы;
6) аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алуға негіз болған сәйкессіздіктерді жоймауы;
7) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес шартты бұзу негіз болып табылады.
5. Осы баптың 4-тармағының 5) және 6) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша аккредиттеуден кейінгі шартты тоқтату датасы тиісінше аккредиттеу аттестатын қайтару датасы не сәйкессіздіктерді жою мерзімі аяқталған күннен кейінгі күн болып есептеледі.
21-бап. Аккредиттеу аттестаты
1. Аккредиттеу жөніндегі орган берген аккредиттеу аттестаттары Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жарамды және олардың қолданылу мерзімі бес жыл.