11. Ұқсас заттар үшін ғана ыдысты қайта пайдалануға болады. Химиялық өнімді сақтау шарттары оның кездейсоқ араласып кету мүмкіндігін болғызбауға тиіс.
12. Орама әзірленген материал оның ішіндегі заттармен химиялық реакцияға түспеуге тиіс.
13. Химиялық өнімнің әкелінуін, әкетілуін және транзитін бақылау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
18-бап. Химиялық өнімді таңбалауға қойылатын талаптар
1. Барлық химиялық қауіпті өнім оның қауіпті қасиеттері туралы хабардар ететін ескертпемен таңбалануға тиіс.
Химиялық өнімді ескертпелік таңбалау кезінде көрсетілетін стандарттық қауіптілік нышандарының тізбесі халықаралық талаптарға сәйкес белгіленеді және оны техникалық реттеу саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
2. Химиялық өнімнің орамасындағы немесе ыдысындағы ескертпелік таңбаланым:
1) өтінім берушінің (өнім берушінің, өндірушінің, импорттаушының) атауын және телефон нөмірін, факсін, телексі мен электронды мекенжайын қоса, толық мекенжайын;
2) атауын (атауларын);
3) қауіптілік түрін;
4) массасын немесе көлемін;
5) партиясының нөмірін;
6) дайындалған (шығарылған) уақытын және жарамдылық мерзімін;
7) стандарттық қауіптілік нышандарын қамтуға тиіс.
3. Ескертпелік таңбаланым жуғанда кетпейтін айқын әріптермен және (немесе) нышандармен жазылады.
4. Химиялық өнімді ескертпелік таңбалаусыз нарыққа шығаруға және сатуға жол берілмейді.
19-бап. Химиялық өнімге нарықтағы айналысы кезінде
қойылатын талаптар
1. Химиялық өнім, егер ол Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келсе, нарыққа шығарылуы және қолданылуы мүмкін.
2. Өтінім беруші (өндіруші, өнім беруші, импорттаушы) химиялық өнімнің нарықтағы қауіпсіз айналысына қажетті барлық жағдайды қамтамасыз етуге тиіс.
Бөлшек саудада өткізу кезінде химиялық өнімге нұсқаулық қоса беріліп, онда мынадай ақпарат:
1) химиялық өнімнің арналған мақсаты;
2) қолданылу шарттары;
3) сақтау шарттары;
4) қауіпті қасиеттерінің бар екендігі;
5) қауіпсіз қолдану жөніндегі шаралар;
6) алғашқы көмек көрсету шаралары қамтылуға тиіс.
20-бап. Химиялық өнімнің бір немесе бірнеше өмірлік циклі процестерін тоқтатуға қойылатын талаптар
1. Өтінім беруші (өндіруші, өнім беруші, импорттаушы) химиялық өнімнің осы Заңда және техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтіндігі анықталған кезден бастап немесе уәкілетті органның нұсқамасы негізінде осындай химиялық өнімнің бір немесе бірнеше өмірлік циклі процестерін тоқтатуға міндетті.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген шараларды қолданбау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
21-бап. Химиялық өнімнің өмірлік циклінің барлық
сатыларында персоналдың қауіпсіздігін қамтамасыз
ету жөніндегі талаптар
1. Химиялық өнімді өндіру кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес өндірістік персоналдың өмірі мен денсаулығының, қоршаған ортаны қорғаудың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нормалар белгіленуге тиіс.
2. Химиялық өнімнің өмірлік циклінің сатыларында еңбек ететін персоналдың қажетті біліктілігі, қауіпсіз жұмыс тәсілдері туралы білімі болуға, бақылау мен қорғаудың қажетті құралдарымен қамтамасыз етілуге және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен химиялық өніммен жұмыс істеуге тиісті рұқсаты болуға тиіс.
3. Химиялық өнімнің өмірлік циклінің барлық сатыларында жұмыс істейтін персоналдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында:
1) адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауіпті химиялық өнімнің әсер ету қатерін болғызбайтын еңбекті қорғаудың тәсілдері мен әдістерін пайдалану;
2) жеке гигиенаның қажетті құралдарын, жеке қорғану құралдарын беру;
3) ескертпелік таңбаланымдарды пайдалану;
4) персоналды химиялық өніммен қауіпсіз жұмыс істеудің шараларымен таныстыру;
5) авариялық жағдайларды болғызбау және жою жөнінде шаралар әзірлеу шарттары сақталуға тиіс.
4. Өтінім берушілер (өндірушілер, өнім берушілер, импорттаушылар) қауіпті немесе ықтимал қаупі бар химиялық өніммен жұмыс істейтін персоналды алдын ала және мерзімді тексерулерден өткізумен және оқытумен қамтамасыз етуге тиіс.
22-бап. Химиялық өнімнің сәйкестігін растау
1. Химиялық өнімнің сәйкестігін растау Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Шет мемлекет берген сәйкестікті растау саласындағы құжат Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінде оны таныған жағдайда Қазақстан Республикасында жарамды деп саналады.
23-бап. Қазақстан Республикасының химиялық өнімнің
қауіпсіздігі туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының химиялық өнімнің қауіпсіздігі туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
24-бап. Өтпелі ережелер
1. Химиялық өнім қауіпсіздігі саласындағы техникалық регламенттерді бекітетін нормативтік құқықтық актілер қолданысқа енгізілгенге дейін мемлекеттік реттеу осы Заңға қайшы келмейтін бөлігінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін Қазақстан Республикасының аумағында өндірілетін және өткізілетін химиялық өнім үшін оның сәйкестігін растайтын құжаттар оларда көрсетілген қолданыс мерзімінің ішінде күшін сақтайды.
25-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Н. НАЗАРБАЕВ | |
Астана, Ақорда, 2007 жылғы шілденің 21-і.
№ 302-III ҚРЗ