Қазақстан Республикасының
Заңы
Ақпараттандыру туралы
(2010.15.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2011 жылғы 6 қаңтарда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Заңды іске асыру мақсатында қабылдануы қажет нормативтік құқықтық актілердің тізбесін қара
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң ақпараттандырудың құқықтық негіздерін белгілейді, электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелерді құру, пайдалану және қорғау кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
2009.10.07. № 178-IV ҚР Заңымен 1-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2010.15.07. № 337-ІV ҚР Заңымен 1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ақпараттандыру - ақпараттық технологияларды пайдалану негізінде электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелерді қалыптастыруға және дамытуға бағытталған ұйымдастырушылық, әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық процесс;
2) ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - ақпараттандыру және «электрондық үкімет» саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
3) ақпараттандыру саласындағы уәкілетті ұйым - Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылған, электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйелердің және депозитарийдің мемлекеттік тіркелімін жүргізуді ұйымдастыруды, мемлекеттік ақпараттық жүйелер мен мемлекеттік ақпараттық ресурстардың ақпараттық қауіпсіздігін техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын заңды тұлға;
4) ақпараттандыру саласындағы ұлттық оператор (бұдан әрі - ұлттық оператор) - Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылған, мемлекеттік ақпараттық жүйелер мен мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды интеграциялау жөніндегі, ақпараттандыру саласындағы бірыңғай техникалық саясатты іске асыруға қатысу жөніндегі міндеттер, «электрондық үкіметтің» инфрақұрылымы жобалық интеграторының функциялары жүктелген заңды тұлға;
5) ақпараттық жұмыстар - электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелерді құру жөніндегі қызмет;
6) ақпараттық жүйе - аппараттық-бағдарламалық кешенді қолдана отырып, ақпаратты сақтауға, өңдеуге, іздестіруге, таратуға, беруге және ұсынуға арналған жүйе;
7) ақпараттық жүйелерді, бағдарламалық өнімдерді, бағдарламалық кодтар мен нормативтік-техникалық құжаттаманы депозитке беру (бұдан әрі - депозитке беру) - бағдарламалық өнімдердің, бағдарламалық кодтар мен нормативтік-техникалық құжаттаманың даналарын депозитарийге сақтауға беру;
8) ақпараттық жүйелердің аудиті - ақпараттық жүйенің ағымдағы жай-күйінің, онда болып жатқан іс-әрекеттердің және оқиғалардың белгілі бір критерийлерге, техникалық регламенттерге, стандарттарға, нормативтік-техникалық құжаттамаға және (немесе) тапсырыс берушінің талаптарына сәйкестік деңгейін белгілейтін, оларды бағалаудың жүйелі процесі;
9) ақпараттық жүйелердің, бағдарламалық өнімдердің, бағдарламалық кодтар мен нормативтік-техникалық құжаттаманың депозитарийі (бұдан әрі - депозитарий) - бағдарламалық өнімдердің, бағдарламалық кодтардың даналарын оларға ілеспе нормативтік-техникалық құжаттамасымен бірге жинақтауды, сипаттауды, сақтауды және жүйелеуді қамтамасыз етуге арналған арнаулы сақтау орны;
10) ақпараттық-коммуникациялық желі - ақпараттық жүйелер арасындағы немесе олардың құрамдастары арасындағы өзара іс-қимылды, сондай-ақ ақпараттық ресурстарды беруді қамтамасыз ететін техникалық және аппараттық-техникалық құралдардың жиынтығы;
11) ақпараттық қызмет көрсету - пайдаланушыларға ақпараттық ресурстарды ұсыну жөнінде қызмет көрсету;
12) ақпараттық процестер - ақпаратты құру, жинау, өңдеу, жинақтау, сақтау, іздеу, тарату және тұтыну процестері;
13) ақпараттық технологиялар - әдістердің, өндірістік процестердің және ақпаратты жинауды, құруды, сақтауды, жинақтауды, өңдеуді, іздестіруді, шығаруды, көшірмесін түсіруді, беру мен таратуды қамтамасыз ететін технологиялық кешенге біріктірілген бағдарламалық-техникалық құралдардың жиынтығы;
14) аппараттық-бағдарламалық кешен - ақпараттық процестерді қамтамасыз ететін бағдарламалық және техникалық құралдардың жиынтығы;
15) ашық кілттер инфрақұрылымы - Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасына сәйкес тіркеу куәліктерін басқаруға бағытталған ақпараттық жүйелер, ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар кешені;
16) бағдарламалық өнім - ақпаратты өңдеу жүйесінің компьютерлік бағдарламаларының, рәсімдерінің, әдістерінің, қағидалары мен ілеспе құжаттамасының жиынтығы;
17) дербес деректер (дербес сипаттағы электрондық ақпараттық ресурстар) - жеке тұлға өміріндегі фактілер, оқиғалар, мән-жайлар туралы мәліметтер және (немесе) оның жеке басын сәйкестендіруге мүмкіндік беретін деректер;
18) домендік атау - Интернет желісіндегі адрестеу ережелеріне сәйкес қалыптастырылған, желі объектісіне атаулы жолданымға арналған және белгілі бір желілік мекенжайға сәйкес келетін нышандық (әріптік-цифрлық) белгі;
19) интерактивтік қызмет көрсету - өзара ақпарат алмасуды қажет ететін, пайдаланушыларға олардың сұраулары бойынша немесе тараптардың келісімі бойынша электрондық ақпараттық ресурстарды ұсыну жөнінде қызмет көрсету;
20) интернет-ресурс - ашық ақпараттық-коммуникациялық желіде жұмыс істейтін электрондық ақпараттық ресурс, оны жүргізу және (немесе) пайдалану технологиясы, сондай-ақ ақпараттық өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін ұйымдық құрылым;
21) интернет-ресурстың меншік иесі - интернет-ресурсты иелену, пайдалану және оған билік ету құқықтарын толық көлемде іске асыратын субъект;
22) компьютерлік оқиға - ақпараттық жүйелердің, ақпараттық ресурстардың, ақпараттық-коммуникациялық желілердің тиісінше жұмыс істеуіне қауіп төндіретін және (немесе) олардың айналысындағы ақпаратты заңсыз алу, көшірмесін түсіру, тарату, бұрмалау, түрлендіру, жою немесе бұғаттау үшін жағдай жасайтын, олардың жұмысында жекелеген немесе сериялы түрде туындайтын олқылықтар;
23) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы жұмыстарды үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы - «электрондық үкіметті» қалыптастыруды және мемлекеттік органдарды ақпараттандыру саласындағы жұмыстарды үйлестіруді жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган;
24) құжатталған ақпарат - материалдық жеткізгіште тіркелген, өзін сәйкестендіруге мүмкіндік беретін деректемелері бар ақпарат;
25) құпиялы электрондық ақпараттық ресурстар - мемлекеттік құпияларды қамтымайтын электрондық ақпараттық ресурстар, оларға қол жеткізу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шектеледі немесе оны Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда олардың меншік иесі не иемденушісі шектейді;
26) «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесі - мекенжайлар және олардың құрамдас бөліктері туралы мәліметтерді жасауға, жинақтау мен өңдеуге және Қазақстан Республикасының мекенжай алаңын біріздендіруге арналған аппараттық-бағдарламалық кешен;
27) мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік ортасы - Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын басқару және ұйымдастыру мақсаттарын іске асыруға арналған ведомствоаралық ақпараттық-коммуникациялық желіден және мемлекеттік органдардың өздерінің аумақтық бөлімшелерімен өзара іс-қимылын жүзеге асыратын ақпараттық-коммуникациялық желілерден тұратын, сондай-ақ «электрондық үкіметтің» электрондық ақпараттық ресурстары мен ақпараттық жүйелерінің өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге арналған телекоммуникациялар желісі;
28) мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік ортасының операторы -мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік ортасының аппараттық-бағдарламалық кешені бар және мемлекеттік органдар мен олардың аумақтық бөлімшелеріне осы Заңда белгіленген тәртіппен уәкілетті орган айқындайтын байланыс қызметін көрсететін заңды тұлға;
29) пайдаланушы - өзіне қажетті электрондық ақпараттық ресурстарды алу үшін ақпараттық жүйеге жүгінетін және оларды пайдаланатын субъект;
30) транзакциялық қызмет көрсету - электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдана отырып, өзара ақпарат алмасуды талап ететін, пайдаланушыларға электрондық ақпараттық ресурстарды ұсыну жөнінде қызмет көрсету;
31) электрондық ақпараттық ресурстар - электрондық түрде сақталатын (ақпараттық дерекқорлар), ақпараттық жүйелердегі ақпарат;
32) электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелерді иемденуші - аталған объектілерді олардың меншік иесі айқындаған шекте және тәртіппен иелену, пайдалану және оларға билік ету құқықтарын іске асыратын субъект;
33) электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелерді қорғау - ақпаратты алу, көшірмесін түсіру, тарату, бұрмалау, жою немесе бұғаттау жөніндегі заңсыз іс-әрекеттерді қоса алғанда, электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелерді сақтауға, оларға заңсыз қол жеткізуді болғызбауға бағытталған құқықтық, ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар кешені;
34) электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйелердің меншік иесі - электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелерді иемдену, пайдалану және оларға билік ету құқықтарын толық көлемде іске асыратын субъект;
35) электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердің мемлекеттік тіркелімі - электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелер сипаттамаларының жиынтығын қамтитын жүйеленген тізбе;
36) «электрондық әкімдік» - жергілікті атқарушы органдардың функцияларын оралымды және сапалы орындауға бағытталған, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым негізінде өңірлік мемлекеттік басқару жүйесі;
37) электрондық қызмет көрсету - ақпараттық технологияларды қолдана отырып, жеке және заңды тұлғаларға ақпараттық, интерактивтік және транзакциялық қызмет көрсетуді ұсыну;
38) электрондық мемлекеттік қызмет көрсету регламенті - мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттарын сақтауды қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды белгілейтін және мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволық бағынысты ұйымдарының, лауазымды адамдарының, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың электрондық мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі қызмет тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық акт;
39) электрондық мемлекеттік қызметтер көрсету - ақпараттық технологияларды қолдана отырып, электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсету;
40) электрондық мемлекеттік қызметтер көрсету субъектілері - мемлекеттік органдар, олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары, өзге де жеке және заңды тұлғалар;
41) «электрондық үкімет» - мемлекеттік функцияларды уақтылы және сапалы орындауға бағытталған, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым негізінде мемлекеттік басқару жүйесі;
42) «электрондық үкімет» инфрақұрылымының жобалық интеграторы - «электрондық үкіметтің» ведомствоаралық ақпараттық жүйелерінің өзара іс-қимылын қамтамасыз ету жөніндегі жобалық-ұйымдастырушылық және техникалық іс-шараларды жүзеге асыратын ұйым;
43) «электрондық үкіметтің» веб-порталы - нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық мемлекеттік қызметтер көрсетуге қол жеткізудің бірыңғай терезесі болатын ақпараттық жүйе;
44) «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі - жеке және заңды тұлғалардың төлемдерін жүзеге асыру кезінде екінші деңгейдегі банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың және «электрондық үкіметтің» ақпараттық жүйелері арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге арналған автоматтандырылған ақпараттық жүйе;
45) «электрондық үкіметтің» төлем шлюзінің операторы - дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тиесілі, «электрондық үкіметтің» төлем шлюзінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуді жүзеге асыратын заңды тұлға. «Электрондық үкіметтің» төлем шлюзі операторының дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) иемденушілері Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылады;
46) «электрондық үкіметтің» шлюзі - электрондық қызметтер көрсетуді іске асыру шеңберінде «электрондық үкіметтің» ақпараттық жүйелерін интеграциялауға арналған ақпараттық жүйе.
2-бап. Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3. Осы Заң авторлық құқық пен аралас құқықтар, өнеркәсіп меншігінің объектілері, селекциялық жетістіктер, интегралдық микросхемалардың топологиялары, азаматтық айналымға, жұмыстарға, тауарлар мен қызмет көрсетулерге қатысушылардың даралау құралдары туралы, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында реттелетін қатынастарды регламенттемейді.
4. Осы Заңның күші ақпараттың мазмұны мен таратылу тәсілдеріне қолданылмайды.
3-бап. Ақпараттандыру объектілері мен субъектілері
1. Электрондық ақпараттық ресурстар, ақпараттық жүйелер, ақпараттық жұмыстар мен электрондық қызметтер көрсету ақпараттандыру объектілері болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының аумағында ақпараттандыру саласындағы қызметті жүзеге асыратын немесе құқықтық қатынастарға қатысатын мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар ақпараттандыру субъектілері болып табылады.
2-тарау.
АҚПАРАТТАНДЫРУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ МЕН БАҚЫЛАУ
4-бап. Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік реттеудің мақсаттары мен принциптері
1. Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік реттеудің мақсаттары Қазақстан Республикасының ақпараттық инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде «электрондық үкіметті» қалыптастыру, сондай-ақ елдің әлеуметтік және экономикалық дамуын ақпараттық қамтамасыз ету болып табылады.
2. Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік реттеу:
1) азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмаушылық және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қатаң сақтау;
2) жеке және заңды тұлғалардың ақпараттандыру саласындағы қызметке қатысуға және оның нәтижелерін пайдалануға тең құқылығы;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қол жеткізу шектелген электрондық ақпараттық ресурстардан басқа мемлекеттік органдардың қызметі туралы ақпаратты қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарға еркін қол жеткізу және оларды берудің міндеттілігі (ашықтық презумпциясы);
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қол жеткізу шектелмеген кез келген электрондық ақпараттық ресурстарды іздеудің, өндіру мен берудің еркіндігі;
5) электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану және ақпараттық технологияларды қолдану кезінде жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
6) электрондық ақпараттық ресурстарға қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасында оларды жариялы таратудың не мемлекеттік органдарға берудің міндетті сипаты белгіленіп, олардың уақтылы берілуі, объективтілігі, толықтығы мен дұрыстығы;
7) адал бәсекенің қамтамасыз етілуі;
8) ұлттық электрондық ақпараттық ресурстар мен ұлттық ақпараттық жүйелерді орталықтандырылған басқарудың қамтамасыз етілуі;
9) ақпараттандыру саласының сенімділігі мен оны басқарудың Қазақстан Республикасының аумағындағы бірыңғай стандарттар негізінде қамтамасыз етілуі;
10) ақпараттық технологияларды қолдануға қойылатын талаптарды белгілеу кезінде технологиялық бейтараптылықтың сақталуы;
11) дербес деректерді алуды, өңдеуді және пайдалануды оларды жинауға арналған мақсатпен шектеу принциптеріне негізделген.
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
Тексеру «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің ақпараттандыру саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасы Үкіметінің ақпараттандыру саласындағы құзыретіне:
1) басым дамудың, сондай-ақ мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу, салалық (секторлық) бағдарламаларды бекіту;
2) халықаралық ынтымақтастықты қамтамасыз ету;
3) ақпараттық жұмыстардың және электрондық қызметтер көрсетудің нарығын қалыптастыру үшін жағдайларды қамтамасыз ету;
4) «электрондық үкіметті» қалыптастыру мен оның жұмыс істеу, мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды және мемлекеттік ақпараттық жүйелерді құру мен дамыту және олардың Қазақстан Республикасының бірыңғай ақпараттық кеңістігінде өзара іс-қимыл жасау жағдайларын қамтамасыз ету;
5) мемлекеттік органдардың электрондық құжат айналымының жүйесін дамытуға, электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдануға жағдай жасау;
6) ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік меншікті басқаруды ұйымдастыру, оны пайдалану жөніндегі шараларды әзірлеу мен жүзеге асыру, электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелерге мемлекеттік және жеке меншік құқығын қорғауды қамтамасыз ету;
7) ақпараттандыру саласындағы техникалық регламенттерді бекіту;
8) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы жұмыстарды үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы туралы ережені және оның құрамын бекіту;
2010.15.07. № 337-ІV ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9) ақпараттандыру саласындағы ұлттық операторды, «электрондық үкіметтің» төлем шлюзінің операторын айқындау;
10) ұлттық электрондық ақпараттық ресурстар мен ұлттық ақпараттық жүйелердің тізбесін бекіту;
11) мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыру үшін мемлекеттік органдар мен заңды тұлғалар міндетті түрде беретін құжатталған ақпарат пен электрондық құжаттардың тізбесін бекіту;
12) мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстардың құрамына енгізілетін жеке тұлғалардың дербес деректерінің тізбесін бекіту;
13) электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердің және депозитарийдің мемлекеттік тіркелімін жүргізу ережелерін бекіту;
2009.10.07. № 178-IV ҚР Заңымен 14) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
14) мемлекеттік ақпараттық жүйелерді және мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланатын мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерді олардың ақпараттық қауіпсіздік талаптарына және Қазақстан Республикасының аумағында қабылданған стандарттарға сәйкестігіне аттестаттау жүргізу тәртібін бекіту;
2009.10.07. № 178-IV ҚР Заңымен 15) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
15) мемлекеттік органдар туралы электрондық ақпараттық ресурстардың тізбесін және оларды мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында орналастыру тәртібін айқындау;
2009.10.07. № 178-IV ҚР Заңымен 16) тармақшамен толықтырылды; 2010.15.07. № 337-ІV ҚР Заңымен 16) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
16) ақпараттандыру саласындағы уәкілетті ұйымды айқындау;
2010.15.07. № 337-ІV ҚР Заңымен 17), 18), 19) және 20) тармақшалармен толықтырылды
17) мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік ортасының операторын айқындау конкурсын өткізу ережелерін бекіту;
18) мемлекеттік органдардың өз құзыретіне кіретін электрондық мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету мерзімдерін белгілеу;
19) электрондық мемлекеттік қызметтер көрсетудің үлгілік регламентін бекіту;
20) Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңында, өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
2009.10.07. № 178-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2010.19.03 № 258-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 6-бап өзгертілді; 2010.15.07. № 337-ІV ҚР Заңымен 6-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті органның құзыретіне:
1) ақпараттандыру және «электрондық үкімет» саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
2) Қазақстан Республикасының заңдары және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары талаптарының сақталуы тұрғысынан ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
3) ақпараттандыру саласындағы стандарттау және сәйкестікті растау жөніндегі жұмыстарға қатысу;
4) ақпараттандыру саласындағы инвестициялық жобалар мен бағдарламалар әзірлеуді ұйымдастыру, ақпараттандыру саласын дамыту мен жетілдірудің негізгі бағыттары мен басымдықтарын іске асыру, оның сапасын, қолжетімділігін және жұмыс істеуінің орнықтылығын арттыру;
5) ақпараттандыру саласындағы техникалық регламенттерді әзірлеу;
6) электрондық қызметтер көрсету нарығының жұмыс істеуі үшін жағдай жасау;
7) «электрондық үкіметті» қалыптастыру және мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелерді, ақпараттық-коммуникациялық желілерді дамыту, олардың Қазақстан Республикасының бірыңғай ақпараттық кеңістігіндегі үйлесімділігін және өзара іс-қимылын қамтамасыз ету;
8) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар тұжырымдау;
9) ақпараттандыру саласындағы нормативтік құқықтық актілерді, оның ішінде ұлттық электрондық ақпараттық ресурстар мен ұлттық ақпараттық жүйелерді, ақпараттық-коммуникациялық желілерді қалыптастыру және олардың жұмыс істеу тәртібін, ақпараттық жүйелерге, ақпараттандыру саласындағы инвестициялық жобаларға және бағдарламаларға аудит жүргізу тәртібін әзірлеу және бекіту;
10) инвестициялар тарту жүйесін және ақпараттандыру саласындағы инвестициялық жобалар мен бағдарламаларды әзірлеуді және іске асыруды ынталандыру тетіктерін жетілдіру;
11) ақпараттандыру саласындағы және «электрондық үкіметті» қалыптастыру кезінде қызметті салааралық үйлестіруді жүзеге асыру;
12) ақпараттандыру саласында және «электрондық үкіметті» қалыптастыру кезінде халықаралық ынтымақтастықты дамыту;
13) Қазақстан Республикасының электрондық ақпараттық ресурстары мен ақпараттық жүйелерін тіркеу;
14) жеке және заңды тұлғалардың ақпараттандыру саласындағы қатынастарды реттеу мәселелері жөніндегі өтініштерін белгіленген тәртіппен қарау;
15) бағдарламалық өнімдерді, бағдарламалық кодтарды, депозитарийдегі нормативтік-техникалық құжаттаманы сынақтан өткізу, тіркеу, беру, сақтау, депозитарийге берілуінің толықтығын қамтамасыз ету және оларды тіркеу, беру және сақтау туралы мәліметтерді ұсыну тәртібін бекіту;
16) мемлекеттік органдардың электрондық ақпараттық ресурстары мен ақпараттық жүйелерін, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық желілерін пайдалану және олардың өзара іс-қимыл жасау қағидаларын әзірлеу және бекіту;