3) азаматтардың тұрғын жайларына, iшкi iстер органдары күзететiн объектiлерге, мемлекеттік ұйымдардың үй-жайларына жасалған шабуылды тойтару, қызметтiк немесе әскери нарядқа жасалған шабуылды тойтару үшiн;
4) Қарсылық көрсеткен немесе қылмыс үстiнде көзге түскен, қамауға қашқан адамдарды (әкiмшiлiк қамауға алынғандардан басқа) ұстау, қарулы адамдарды ұстау үшiн;
5) егер жүргiзушi iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң заңды талаптарына бағынбаса және азаматтардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiрсе көлiк құралдарына ақау келтiру жолымен тоқтату үшiн;
6) хайуанаттар шабуылынан қорғану үшiн;
7) дабыл белгiсiн беру немесе көмек шақыру үшiн қолдануға құқығы бар.
2. Әйелдерге және кәмелетке толмағандарға қарсы, олар қарулы шабуыл жасаған, қарулы қарсылық көрсеткен, кепiлге адам алған, көлiк құралдарын, соның iшiнде әуе кемесiн басып алған не топтасып шабуыл жасаған реттердi қоспағанда, қару қолдануға тыйым салынады.
3. Қару қолданылған барлық жағдайларда iшкi iстер органдарының қызметкерi айналадағы азаматтардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, зардап шеккендерге жедел медициналық көмек көрсету үшiн қажеттi шараларды қолдануға, қару қолданғаны жөнiнде тiкелей бастығына баяндауға мiндеттi.
4. Кiсi қазасына немесе өзге ауыр зардаптарға әкелiп соққан қару және арнайы құралдар қолданудың әрбiр оқиғасы жөнiнде прокурорға дереу хабарланады.
4 Тарау Iшкi iстер органдарында қызмет өткеру
2008.05.07. № 63-IV ҚР Заңымен 15-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
15-бап. Iшкi iстер органдарына қызметке қабылдау
1. Iшкi iстер органдарына қызметке жасы он сегiзден кем емес, өзiнiң жеке, моральдық, iскерлiк, кәсiби қасиеттерi, денсаулығы мен дене бiтiмi, білім деңгейi жөнiнен өзiне жүктелген мiндеттердi атқаруға қабiлеттi Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады.
2. Iшкi iстер органдарына қызметке қабылдау мемлекеттік қызметшiлер кадрлары туралы республикалық деректер орталығына алдын ала сұрау салынған және азаматтар мiндеттi арнайы тексеруден өткен жағдайда жүзеге асырылады.
3. Iшкi iстер органдарына қызметке қабылдау қызметке тағайындау жолымен, соның iшiнде контракт жасасу жолымен жүзеге асырылады. Бұл ретте контрактының нысаны мен шартын Iшкi iстер министрi белгiлейдi.
4. 2008.05.07. № 63-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5. Iшкi iстер органдарының қатардағы және кiшi басшы құрамдағы лауазымдарына отыз екi жастан аспаған, орта және аға басшы құрамдағы лауазымдарға қырық жастан аспаған адамдар қабылданады. Ерекше жағдайларда осы жас шегi Iшкi iстер министрiнiң шешiмiмен өзгертiледi.
6. Қатардағы және басшы құрамдағы лауазымдарға тағайындалған немесе iшкi iстер органдарының кадрларына алынған әскери мiндеттiлер, соның iшiнде курсанттар мен iшкi iстер органдары жүйесi білім беру ұйымдарының тыңдаушылары белгiленген тәртiппен әскери есептен шығарылады және iшкi iстер органдарының арнайы есебiнде тұрады.
7. Ішкі істер органдарына қызметке алғаш тұрушы адамдар міндетті түрде әскери-дәрігерлік комиссияда куәландырудан, Ішкі істер министрлігінің білім беру ұйымдарында бастапқы арнаулы оқудан және тағылымдамадан өтеді, олар үшін үш ай сынақ мерзімі белгіленеді. Сынақ мерзімінен және тағылымдамадан өту тәртібі мен шарттарын, сондай-ақ бастапқы арнаулы оқуға қабылдау тәртібін Ішкі істер министрі айқындайды.
8. Iшкi iстер органдарына қызметке алынған азамат мәтiнiн Республика Президентi бекiткен ант бередi.
9. Iшкi iстер органдарына қызметке қабылдау тәртібі, қызметкерлердiң қызмет өткеруi, олардың өкiлеттiгi осы Заңмен, Республика Үкіметі бекiткен Iшкi iстер органдарының қатардағы және басшы құрамдағы адамдарының қызмет өткеруi туралы ережемен, басқа да құқықтық нормативтiк актiлермен белгiленедi.
10. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен іс-әрекетке қабілетсіз немесе іс-әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған;
2) сот белгілі бір мерзім ішінде мемлекеттік лауазымдарды атқару құқығынан айырған;
3) әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысына сәйкес ішкі істер органдарындағы қызметке жарамсыз деп танылған;
4) олардың мәртебесі мен соған негізделген беделін жеке, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделерде пайдалануға әкеп соғуы мүмкін іс-әрекеттерді болғызбау мақсатында заңда белгіленген шектеулерді өзіне қабылдаудан бас тартқан;
5) ішкі істер органдарына қызметке тұрар алдындағы екі жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған;
6) ішкі істер органдарына қызметке тұрар алдындағы бір жыл ішінде қасақана құқық бұзушылығы үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған;
7) ішкі істер органдарына қызметке тұрғанға дейінгі үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған;
8) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;
9) бұрын сотталған және ақтауға болмайтын негіздер бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылған;
10) бұрын мемлекеттік, әскери қызметтен, құқық қорғау органдарынан, соттардан және әділет органдарынан теріс себептермен босатылған адамдар ішкі істер органдарына қызметке қабылданбайды.
Аталған мәліметтерді ұсынбау немесе бұрмалау ішкі істер органдарына қызметке қабылдаудан бас тартуға негіз болып табылады.
2008.05.07. № 63-IV ҚР Заңымен 15-1-баппен толықтырылды
15-1-бап. Ішкі істер органдары үшін кадрлар даярлау
1. Ішкі істер органдары үшін кадрлар даярлауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылатын, қайта құрылатын және таратылатын Ішкі істер министрлігінің білім беру ұйымдары, сондай-ақ өзге де білім беру ұйымдары жүзеге асырады.
2. Ішкі істер министрлігінің білім беру ұйымдарына оқуға орта білімі бар, сондай-ақ он сегіз жасқа толмаған адамдар қабылдануы мүмкін. Ішкі істер министрлігінің білім беру ұйымдарының күндізгі бөлімдерінде оқу уақыты мерзімді әскери қызмет өткерумен теңестіріледі. Бұл ретте ішкі істер органдарының қаражаты есебінен оқу ақысы төленіп, Ішкі істер министрлігінің білім беру ұйымдарына және басқа да білім беру ұйымдарына оқуға түскен адамдармен келісім шарттар жасалады, оларда оқудың және білім беру ұйымын бітіргеннен кейін ішкі істер органдарында одан әрі қызмет өткерудің талаптары, мерзімдері көзделеді.
3. Ішкі істер министрлігінің білім беру ұйымдарына қабылдау тәртібін тиісті түрдегі білім беру ұйымдарына қабылдаудың үлгі ережелеріне сәйкес Ішкі істер министрі айқындайды.
16-бап. Iшкi iстер органдарындағы қызметтiң шектi жасы
1. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi әскери қызмет үшiн заңдарда белгiленген жас шегiне дейiн қызметте бола алады. Қажеттi жағдайда iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң кейбір санаттарына Iшкi iстер министрiнiң шешiмiмен қызмет өткеру мерзiмi ұзартылуы мүмкiн.
2. Қызмет өткеру мерзiмiн ұзарту iшкi iстер органдарының қызметкерiн осы Заңда және Iшкi iстер органдарының қатардағы және басшы құрамдағы адамдардың қызмет атқаруы туралы ережеде көзделген негiздерде жұмыстан босату мүмкiндiгiн жоққа шығармайды.
19.06.1997 ж. № 134-I; 09.12.1998 ж. № 307-1; 2004.29.12 № 26-III (бұр. ред. қара); 2007.22.05. № 255-III (бұр. ред. қара); 2008.05.07. № 63-IV (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 17-бап өзгертiлдi
17-бап. Iшкi iстер органдарынан қызметтен босату
Iшкi iстер органдарының қызметкерi мына негiздерде:
1) зейнетақы алуға құқық беретiн еңбек сiңiрген жылдары (қызмет мерзiмi) және әскери қызметте болудың шектi жасына жетуi бойынша;
2) жасына қарай, яғни әскери қызметте болудың шектi жасына жетуi бойынша;
3) денсаулық жағдайына қарай - әскери қызметке жарамсыздығы немесе шектеулi жарамдылығы жөнiнде әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысы (қаулысы) негiзiнде;
4) штаттың қысқаруына немесе iшкi iстер органдарының қайта құрылуына байланысты басқа қызметте пайдалану мүмкiндiгi болмаған жағдайда;
4-1) еңбек жағдайларының өзгеруіне байланысты одан әрі қызмет өткеруден бас тартқан жағдайда;
5) контрактыны бұзуға не оның мерзiмiнiң өтуiне байланысты;
6) өз қалауымен;
7) белгiленген тәртiппен басқа мемлекеттік органдарға (ұйымдарға) жұмысқа ауысуына байланысты;
8) сынақ мерзiмiнiң iшiнде қызметке жарамсыздығы анықталған жағдайда;
9) әскери-қызметтiк тәртiптi өрескел бұзғаны үшiн;
10) аттестацияның қорытындысы бойынша қызметке сай келмеуiне орай;
11) iшкi iстер органдарының қызметкерi деген атаққа кiр келтiретiн терiс қылық жасағаны үшiн;
11-1) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауына байланысты;
12) соттың заңды күшiне енген айыптау үкімі болуына байланысты;
13) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтуына байланысты қызметтен босатылады.
2004.29.12 № 26-III ҚР Заңымен 17-1-баппен толықтырылды
17-1-бап. Қызмет өткеруден бас тартуға байланысты шығындарды өтеу
1. Iшкi iстер министрлігі білім беру ұйымдарының күндiзгi бөлiмдерiн бiтiрген iшкi iстер органдарының қызметкерлерi iшкi iстер органдарында кем дегенде бес жыл жұмыс iстеуге мiндеттi.
Iшкi iстер органдарының қызметкерi Iшкi iстер министрлігінiң білім беру ұйымын бiтiргеннен кейiн iшкi iстер органдарында одан әрi қызмет өткеруден бас тартқан не келісім-шартты мерзiмiнен бұрын бұзған жағдайда ол өзiн оқыту кезеңiнде стипендия төлеуге, тамақтануға, мүлiктiк ризыққа жұмсалған бюджет қаражаттарын мемлекетке өтеуге мiндеттi. Ұсталуға жататын сома келісім-шарттың мерзiмi аяқталғанға дейiн әрбiр толық өткерiлмеген айға бара-бар есептеледi.
2. Әскерге шақыру жасына толған және үлгермеуi, тәртiпсiздiгi үшiн, сондай-ақ өз қалауы бойынша оқудан шығарылған Iшкi iстер министрлігі білім беру ұйымдары күндiзгi бөлiмдерiнiң курсанттары (тыңдаушылары), егер олар білім беру ұйымына түскенге дейiн мерзiмдi әскери қызметтiң белгiленген мерзiмiн өткермеген болса, арнайы есептен шығару үшiн тұрғылықты жеріндегі әскери басқарманың органдарына жiберiледi. Олар өздерiн оқыту кезеңiнде стипендия төлеуге, тамақтануға, мүлiктiк ризыққа жұмсалған бюджет қаражаттарын мемлекетке өтеуге мiндеттi. Ұсталуға жататын сома білім беру ұйымында болудың әрбiр толық айына бара-бар есептеледі.
18-бап. Iшкi iстер органдарындағы жұмыс уақыты
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң жұмыс уақытының ұзақтығы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес белгiленедi.
2. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi қажеттi жағдайларда белгiленген уақыттан тыс, сондай-ақ түнгi уақытта, демалыс және мейрам күндерi қызметтiк мiндеттерiн атқаруға шақырылуы мүмкiн.
2004.29.12 № 26-III ҚР Заңымен 19-бап толықтырылды
19-бап. Iшкi iстер органдарында қызмет өткерудiң ерекше жағдайлары
Iшкi iстер органдарының қызметкерлерiн Республиканың басқа аймақтарында қоғамдық тәртiптi қорғау үшiн немесе төтенше жағдайдың құқықтық режимiн қамтамасыз ету және төтенше жағдаяттардың зардаптарын жоюға қатысу үшiн тартудың ұзақтығы үш айдан аспауға тиiс.
Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртiппен iшкi iстер органдарының кадрларында қалдырыла отырып, мемлекеттік органдарға және халықаралық ұйымдарға қызметке жiберiлуi мүмкiн.
5 Тарау Iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң
құқықтық жағдайы
09.12.1998 ж. № 307-1; 10.10.2001 ж. № 247-11; 2004.29.12 № 26-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 20-бап өзгертілді
20-бап. Iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң мәртебесi
1. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi мемлекеттік өкiметтiң өкiлдерi болып табылады және мемлекеттiң қорғауында болады.
Iшкi iстер органдарындағы қызмет - Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекет және Қазақстан халқы алдындағы қызметтiк мiндеттерi мен қызметтiк борышын атқаруына байланысты мемлекеттік қызметтiң айрықша түрi.
2. Iшкi iстер органдарында қызмет атқаратын немесе кадрлары болып табылатын, белгiленген тәртiппен арнаулы атақ берiлген адамдар, сондай-ақ Iшкi iстер министрлігі әскери-тергеу органдары мен әскери полициясының қызметшiлерi iшкi iстер органдарының қызметкерлерi болып табылады.
3. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерiне олардың жеке басын және өкiлеттiгiн растайтын белгiленген үлгiдегi куәлiктер мен жетондар берiледi.
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерiне Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы осы Заңға және iшкi iстер органдарының қатардағы және басшы құрамдағы адамдарының қызмет өткеруi туралы ережеге қайшы келмейтiндей дәрежеде қолданылады.
Ішкі істер органдары қызметкерлерінің еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасымен реттеледі.
2004.29.12 № 26-III ҚР Заңымен 20-1-баппен толықтырылды
20-1-бап. Iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң арнаулы атақтары
1. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерiне мынадай арнаулы атақтар берiледi:
қатардағы құрам:
полицияның қатардағы қызметкерi;
1) кiшi басшы құрам:
полиция кiшi сержанты;
полиция сержанты;
полиция аға сержанты;
полиция старшинасы;
2) орта басшы құрам:
полиция кiшi лейтенанты;
полиция лейтенанты;
полиция аға лейтенанты;
полиция капитаны;
3) аға басшы құрам:
полиция майоры;
полиция подполковнигi;
полиция полковнигi;
4) жоғары басшы құрам:
полиция генерал-майоры;
полиция генерал-лейтенанты.
2. Жоғары басшы құрамның арнаулы атақтарын Iшкi iстер министрiнiң ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бередi.
3. Жоғары басшы құрамды арнаулы атақтарынан айыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Қатардағы, кiшi, орта және аға басшы құрамға арнаулы атақтар берудiң және одан айырудың тәртібі Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн Қазақстан Республикасы iшкi iстер органдарының қатардағы және басшы құрамдағы адамдарының қызмет өткеруi туралы ережеде айқындалады.
21-бап. Адамның iшкi iстер органдарында қызметте болуымен байланысты шектеулер
1. Iшкi iстер органы қызметкерлерiнiң лауазымы оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа, депутаттық мандатпен, өзге де ақы төленетiн қызметтi атқарумен, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiрумен сыйыспайды.
2. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерiне ереуiлдер ұйымдастыруға және оларды өткізуге қатысуға тыйым салынады.
3. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi партияларда, кәсiптiк одақтарда болуға, қандай да болсын саяси партияны жақтауға тиiс емес.
4. Iшкi iстер органдарында Iшкi iстер министрi анықтайтын тәртiп пен шарттарда кәсiпкердi (лауазымдарды) қоса атқаруға немесе уақытша орнында болмаған қызметкердiң мiндеттерiн атқаруға рұқсат етiледi.
ҚР 09.12.1998 ж. № 307-1 Заңына сәйкес 22-бап өзгертiлдi және толықтырылды; 2008.05.07. № 63-IV ҚР Заңымен 22-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
22-бап. Iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң өкiлеттiгi
1. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi Республиканың бүкiл аумағында, атқаратын лауазымына және iшкiведомстволық бағыныстылығына, уақытына қарамастан, азаматтар мен лауазымды адамдар оларға құқық бұзушылық туралы арыз немесе хабар жасаған жағдайда не осындай әрекет тiкелей анықталған ретте құқық бұзушылықты тыю және құқық бұзушыларды ұстау, көмекке мұқтаждарға жәрдем беру, оқиға болған орынды күзету, сондай-ақ таяу жердегi iшкi iстер органын хабардар ету үшiн өзiне берiлген құқықтарды толығымен пайдалануға мiндеттi.
2. Полицияның учаскелiк инспекторы, ішкі істер органы желiлiк пунктiнiң бастығы, патрульдік учаскенің бастығы, полицияның кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспекторы қызмет көрсетiлетiн әкiмшiлiк учаскеде немесе аумақта iшкi iстер органдарының барлық мiндеттерi, соның iшiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарай отырып және әкiмшiлiк құқық бұзушылықтардың алдын алуға, оларды жасауға ықпал ететiн себептер мен жағдайларды анықтау мен жоюға бағытталған, ұйымдар үшiн мiндеттi ұсыныстар әзiрлей отырып өз құзырының көлемi мен шегiнде атқаруды ұйымдастырады және жүзеге асырады.
2-1. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі құрылымдық бөлімшесінің басшысы лауазымы бойынша Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бас мемлекеттік инспектор болып табылады.
3. Iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң азаматтардың құқықтарын уақытша шектейтiн iс-әрекеттерi "Заң атымен" деген сөздердi айта отырып жасалады. Кез келген адам мұндай жағдайда белсендi iс-әрекеттi тоқтатып, iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң талаптарына сөзсiз бағынуға және оның қызметтiк мiндеттерiн орындаумен байланысты нұсқауларын орындауға мiндеттi.
23-бап. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерiне арналған құқықтық кепiлдiктер
1. Iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң заңды талаптарын барлық азаматтар мен лауазымды адамдар орындауға мiндеттi.
2. Iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң заңды талаптарын орындамау, қорлау, қарсылық көрсету, күш қолданамын деп қорқыту немесе олардың өмiрiне, денсаулығына, ар-намысы мен қадiр-қасиетiне, мүлкiне қастандық жасау, оларға жүктелген мiндеттердi орындауға бөгет жасайтын басқа iс-әрекеттер, сондай-ақ iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң қызмет бабындағы мiндеттерi мен қызметтiк борышын орындауына байланысты олардың отбасы мүшелерiнiң, жақын туыстарының өмiрiне, денсаулығына, ар-намысына, қадiр-қасиетiне және мүлкiне қастандық жасау заңмен белгiленген жауапкершiлiкке әкелiп соғады.
3. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi өздерiне жүктелген мiндеттердi орындау кезiнде тек тiкелей және төте бастықтарына ғана бағынады.
4. Iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң қызметiне осыған заңмен тiкелей өкiлеттiк берiлген адамдардан басқа ешкiмнiң араласуға құқығы жоқ. Осы Заңмен iшкi iстер органдарына жүктелмеген мiндеттердi орындауға iшкi iстер органдарының қызметкерлерiн көндiруге ешкiмнiң құқығы жоқ. Iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң қызметiне құқыққа қарсы араласу заңда белгiленген жауапкершiлiкке әкелiп соғады.
5. Заңға қайшы келетiн бұйрық немесе нұсқау алған жағдайда, iшкi iстер органдарының қызметкерi заңды басшылыққа алуға мiндеттi және оның қорғауында болады.
6. Iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң өздерiне қатысты қабылданған шешiмдер мен iс-әрекеттерге жоғары тұрған лауазымды адамдарға немесе сотқа шағым беруге құқығы бар.
7. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi арнайы құралдар мен тәсiлдер, қару қолданылып келтiрiлген зиян үшiн, егер олардың iс-әрекетi заңға сәйкес жүзеге асырылса, жауап бермейдi.
2004.29.12 № 26-III ҚР Заңымен 23-1-баппен толықтырылды
23-1-бап. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерiне қолданылатын көтермелеулер
1. Лауазымдық мiндеттерiн үлгiлi орындағаны, мiнсiз қызметi, аса маңызды әрi күрделi тапсырмаларды орындағаны үшiн және жұмыстағы өзге де жетiстiктерi үшiн iшкi істер органдарының қызметкерлерi:
1) бiржолғы ақшалай сыйақымен;
2) алғыс жариялаумен;
3) бағалы сыйлықпен марапаттаумен;
4) кезектi арнаулы атақты мерзiмiнен бұрын берумен;
5) сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де көтермелеу түрлерiмен көтермеленуi мүмкiн.
2. Айрықша сiңiрген еңбегi үшiн iшкi iстер органдарының қызметкерлерi Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталады.
24-бап. Iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң жауапкершiлiгi
1. Өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн iшкi iстер органдарының қызметкерлерi заңдарға сәйкес тәртiптiк қылмыстық және өзге жауапкершiлiкке тартылады.
2. Көрнеу заңсыз бұйрықты немесе нұсқауды орындау iшкi iстер органдарының қызметкерiн жауапкершiлiктен босатпайды.
3. Өзiне қатысты қылмыстық iс қозғалған және қамауда ұстау түріндегі тыйып тастау шарасы қолданылмаған iшкi iстер органдарының қызметкерi, сот осы қылмыстық iс бойынша шешiм қабылдағанша, қылмыстық iс жүргiзу заңдарымен белгiленген тәртiппен тергеу жүрiп жатқан мерзiмге қызметтiк мiндеттерiн орындаудан шеттетiледi.
2004.29.12 № 26-III ҚР Заңымен 24-1-баппен толықтырылды; 2008.05.07. № 63-IV ҚР Заңымен 24-1-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
24-1-бап. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерiне қолданылатын жазалаулар
1. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерiне мынадай тәртiптiк жазалаулар:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3) қатаң сөгіс;
4) қызметке толық сай еместігi туралы ескерту;
5) төмен тұрған лауазымға ауыстыра отырып, атқарып жүрген қызметінен босату;
6) арнаулы атағын бiр саты төмендету;
7) iшкi iстер органдарынан босату қолданылуы мүмкiн.
2. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерiне қолданылатын тәртiптiк жаза терiс қылық анықталған күннен бастап бiр айдан және терiс қылық жасалған күннен бастап алты айдан кешiктiрiлмей қолданылады.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы үшін тәртіптік жаза Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамасына сәйкес қолданылады.
6 Тарау Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi мен
зейнеткерлерiн әлеуметтiк қорғау
25-бап. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi мен зейнеткерлерiн әлеуметтiк қорғау
Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi мен зейнеткерлерiн әлеуметтiк қорғау мемлекеттiң мiндетi болып табылады.
19.06.1997 ж. № 134-I; 07.04.1999 ж. № 374-1; 16.11.1999 ж. № 476-I; 10.10.2001 ж. № 247-11; 2004.29.12 № 26-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 26-бап өзгертiлдi
26-бап. Iшкi iстер органдардың қызметкерлерiне еңбекке ақы төлеу, оларды зейнетақымен және өзгедей қамтамасыз ету
1. Қазақстан Республикасы iшкi iстер органдарының қызметкерлерiне ақшалай үлес Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджет есебiнен қамтылған органдары қызметкерлерiне еңбекақы төлеудiң бiрыңғай жүйесi негiзiнде белгiленедi және ол қызметтi өтеудiң Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген ерекше жағдайлары үшiн төленетiн ақшалай қаражат пен үстеме ақыны қамтиды.
2. Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң ақшалай қаражаты лауазымдық айлықақыдан және арнаулы атағы үшiн қосымша ақыдан тұрады.
3. 10.10.2001 ж. № 247-11 ҚР Заңымен алып тасталды
4. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi:
1) Үлгiлерi мен тиесiлiк нормаларын Республика Үкіметі белгiлейтiн тегiн нысандық әрi арнаулы киiм-кешекпен;
2) 10.10.2001 ж. № 247-11 ҚР Заңымен алып тасталды
4-1. Iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң қалауы бойынша оларға нысанды және арнайы киiм-кешектiң орнына ақшалай өтем төленуi мүмкiн.
5. Мемлекеттік тергеу комитетi қызметкерлерiн зейнетақымен қамсыздандыру, мүгедектiгi бойынша мемлекеттік әлеуметтiк жәрдемақылар төлеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
6. Iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң:
1) 07.04.1999 ж. № 374-1 ҚР Заңымен алып тасталды
2) iссапар куәлiгiн көрсеткен соң барлық көлiк түрiнде жүрiп-тұру құжаттарын және мейманханаларда тұру үшiн орынды бiрiншi кезекте алуға құқығы бар.
2004.29.12 № 26-III ҚР Заңымен 27-бап толықтырылды
27-бап. Iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң демалысы
1. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерiне ұзақтығы отыз тәулiк демалыс, сондай-ақ заңмен көзделген өзге де демалыс берiледi.
2. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерiне қосымша ақы төленетiн демалыс (күнтiзбелiк есеппен) қызмет өткерген жылдарына қарай:
1) он жылдан аса қызмет өткерген жылдары барларға - ұзақтығы бес тәулiк;
2) он бес жылдан аса қызмет өткерген жылдары барларға ұзақтығы он тәулiк;
3) жиырма жылдан аса қызмет өткерген жылдары барларға ұзақтығы он бес тәулiк мерзiмге берiледi.
3. Биiк таулы жерлерде, климат жағдайы ауыр және қолайсыз жерлерде қызмет өткерiп жүрген iшкi iстер органдарының қызметкерлерiне, қызмет өткерген жылдарына қарамастан, ұзақтығы қырық бес тәулiк кезектi демалыс берiледi.
3-1. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерiне кезектi, қысқа мерзiмдi, қосымша демалыстар, сырқаттануына байланысты, жүктi болуына және бала тууына байланысты демалыстар уақытында, демалысын өткізу орнына баратын және керi қайтатын жолға берiлетiн уақытты қоса алғанда, ақшалай ризық атқаратын лауазымы бойынша еңбек демалысына кеткен күнiне алатын мөлшерде төленеді.
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Iшкi iстер органдарының жұмысшылары мен қызметшiлерiнiң демалысы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес анықталады.
02.04.1997 ж. № 88-I; 19.06.1997 ж. № 134-I; 09.12.1998 ж. № 307-1; 07.04.1999 ж. № 374-1; 10.10.2001 ж. № 247-11; 2004.29.12 № 26-III ҚР Заңдарымен 28-бап өзгертiлдi
28-бап. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi қаза тапқан (қайтыс болған) немесе мертiккен жағдайда берiлетiн кепiлдiктер
1. Iшкi iстер органдарының қызметкерiне қызметтiк мiндеттерiн немесе қызметтiк борышын атқарып жүрген кезеңiнде мертiккен жағдайда, ал ол қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда өтем алуға құқығы бар адамдарға бiр жолғы өтем төленедi.