329-бап. Жоғалған құжатты жарамсыз деп тану туралы арызды қарау
Егер құжатты ұстаушыдан осы Кодекстің 328-бабында көрсетілген арыз келіп түспесе, жоғалған құжатты жарамсыз деп тану туралы істі судья жарияланым шыққан күннен бастап үш ай мерзім өткеннен кейін қарайды.
330-бап. Арыз бойынша сот шешімі
1. Арыз берушінің өтініші қанағаттандырылған жағдайда сот жоғалған құжатты жарамсыз деп танитын шешім шығарады. Бұл шешім арыз берушіге жарамсыз деп танылған құжаттың орнына қосымша немесе жаңа құжат беруге негіз болып табылады.
2. Төлемдік белгілерін жоғалтқан құжаттар жөніндегі құқықты қалпына келтіру туралы арыз қанағаттандырылған жағдайда сот жаңа құжат беру туралы шешім шығарады.
331-бап. Мүліктің негізсіз сатып алынғандығы туралы құжат ұстаушының талап қою құқығы
Әлдебір себептермен осы құжатқа өз құқығы туралы уақытында мәлімдемеген құжат ұстаушы құжатты жарамсыз деп тану туралы соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін жоғалған құжаттың орнына жаңа құжат алу құқығы берілген адамға мүліктің негізсіз сатып алынғандығы немесе сақталғандығы туралы талап қоя алады.
2004.28.12 № 24-III ҚР Заңымен 39-1-тараумен толықтырылды
39-1-тарау. Аралық соттардың шешiмдерiне шағым жасау туралы iстер бойынша iс жүргiзу
331-1-бап. Арыз беру
Аралық сотта iс қарау тараптары, iске қатысуға тартылмаған, бiрақ сот өздерiнiң құқықтары мен мiндеттерiне қатысты заңда көзделген негiздер бойынша шешiм қабылдаған үшiншi тұлғалар аралық соттың шешiмiне шағым жасау туралы арызды тарап сотқа шағым жасау үшiн негiздемелер бар екендiгi туралы бiлген кезден бастап отыз күн iшiнде осы тарауда көзделген ережелерге сәйкес аралық сот дауды қараған жердегi сотқа беруi мүмкiн.
331-2-бап. Арызды қарау
1. Сот аралық соттың шешiмiне шағым жасау туралы арызды iс қозғалған кезден бастап он күн iшiнде қарайды.
2. Сот аралық соттың шешiмiне шағым жасау туралы арызды қарау нәтижелерi бойынша аралық сот шешiмiнiң күшiн жою туралы не арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығара алады. Мүдделi тұлғалар соттың ұйғарымына шағым жасауы мүмкiн.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 3-бөлімнің және 40-тараудың тақырыбы өзгертілді
3-бөлім. Сот актілерін қайта қарау бойынша іс жүргізу
40-тарау. Сот актілеріне апелляциялық шағымдану, наразылық келтіру
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 332-бап өзгертілді
332-бап. Сот шешімдеріне апелляциялық шағым беру мен наразылық келтіру құқығы
1. Осы тарауда көзделген ережелерге сәйкес заңды күшіне енбеген сот шешімдеріне апелляциялық тәртіппен шағым жасалуы, наразылық берілуі мүмкін.
2. Сот шешіміне апелляциялық шағым жасау құқығы іске қатысушы тараптар мен басқа да тұлғаларға тиесілі.
3. Наразылық келтіру құқығы істі қарауға қатысушы прокурорға тиесілі. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры мен оның орынбасарлары, облыс прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар мен олардың орынбасарлары, аудандардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар мен олардың орынбасарлары өздерінің құзыреті шегінде істі қарауға қатысуына қарамастан сот шешіміне наразылық келтіруге құқылы.
4. Іске қатысуға тартылмаған, бірақ сот құқықтары мен міндеттері жөнінде шешім қабылдаған тұлғалар да апелляциялық шағым беруге құқылы.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 333-бап жаңа редакцияда ; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 333-бап жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
333-бап. Заңды күшіне енбеген шешімдерге апелляциялық шағымдарды, наразылықтарды қарайтын соттар
Аудандық және оларға теңестірілген соттар шығарған шешімдерге апелляциялық шағымдар мен наразылықтарды облыстық және оған теңестірілген соттың судьясы жеке-дара қарайды.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 334-бап өзгертілді
334-бап. Апелляциялық шағымдар, наразылықтар беру (келтіру) тәртібі мен мерзімдері
1. Шағымдар, наразылықтар шешім, қаулы шығарған сот арқылы беріледі (келтіріледі). Тікелей апелляциялық сатыларға келіп түскен шағымдар, наразылықтар осы Кодекстің осы бабы екінші бөлігінің және 338-бабының талаптарын орындау үшін шешім шығарған сотқа жіберілуге тиіс.
2. Шағымдар, наразылықтар іске қатысушы тұлғалардың санына қарай көшірмелермен қоса сотқа беріледі (келтіріледі). Қажет болған жағдайларда судья апелляциялық шағымды немесе наразылықты берген тұлғаны апелляциялық шағымға немесе наразылыққа қоса тіркелген жазбаша айғақтардың іске қатысушы тұлғалардың санына қарай көшірмелерін беруге міндеттей алады.
3. Шағым, наразылық сот шығарған шешімнің көшірмелері тапсырылған күннен бастап он бес күн ішінде берілуі (келтірілуі) мүмкін.
4. Істі қайта қарау кезінде шығарылған шешімге жалпы тәртіппен шағым жасалуы, наразылық келтірілуі мүмкін.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 335-бап өзгертілді
335-бап. Апелляциялық шағымның немесе наразылықтың мазмұны
1. Апелляциялық шағымда немесе наразылықта:
1) шағым немесе наразылық жолданатын соттың атауы;
2) шағым жасайтын немесе наразылық келтіретін тұлғаның атауы;
3) шағым жасалатын немесе наразылық келтірілетін шешім және сол шешімді шығарған соттың атауы;
4) істі қараудың дұрыс еместігі неде екендігін көрсету;
5) заңдарға, өзге де нормативтік құқықтық актілерге және материалдарына сілтеме жасай отырып, шешімнің заңсыздығы немесе негізсіздігі неде екендігінің негіздемесі;
6) шағым жасайтын немесе наразылық келтіретін тұлғаның шағымды немесе наразылықты толық немесе бөлігінде келтіретінін және қандай өзгерістер енгізуді талап ететіндігін көрсету;
7) шағымға немесе наразылыққа қоса тіркелген құжаттардың тізімі;
8) шағымды, наразылықты беру (келтіру) күні және шағым, наразылық беретін (келтіретін) адамның қолы болуы тиіс. Өкіл берген шағымға сенімхат немесе іске осындай өкілеттік болмаса, өкілдің өкілеттігін растайтын өзге де құжат қоса тіркелуге тиіс.
2. Апелляциялық шағымда немесе наразылықта айғақтарына апелляциялық шағым немесе наразылық бойынша дау айтылатын куәларды шақыру туралы өтініштің де болуы мүмкін.
3. Апелляциялық шағым, наразылық беретін (келтіретін) тұлғаның бірінші сатыдағы сотқа табыс етілмеген жаңа айғақтарға сілтеме жасауына тек шағымында олардың бірінші сатыдағы сотқа оларды табыс етуге мүмкіндігі болмауы негізделген жағдайда ғана жол беріледі.
4. алынып тасталды
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 336-бап өзгертілді
336-бап. Апелляциялық шағымды немесе наразылықты қозғалыссыз қалдыру
1. Осы Кодекстің 334-бабының екінші бөлігінде және 335-бабында көзделген талаптарға сәйкес келмейтін апелляциялық шағым немесе наразылық берілген (келтірілген) кезде судья қаулы шығарады, сол арқылы шағымды немесе наразылықты қозғалыссыз қалдырады және шағым немесе наразылық берген (келтірген) адамға кемшіліктерді түзетуге мерзім тағайындайды.
2. Егер шағым немесе наразылық берген (келтірген) тұлға белгіленген мерзімде қаулыдағы нұсқауларды орындаса, шағым немесе наразылық сотқа алғашқы табыс етілген күнінде берілген болып есептеледі. Апелляциялық шағымды немесе наразылықты қозғалыссыз қалдыру туралы бірінші сатыдағы соттың қаулысына жеке шағым, наразылық берілуі мүмкін.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 337-бап өзгертілді
337-бап. Апелляциялық шағымды немесе наразылықты қайтару
Апелляциялық шағым немесе наразылық судьяның қаулысымен оларды берген (келтірген) тұлғаға мына жағдайларда:
1) шағымды, наразылықты қозғалыссыз қалдыру туралы судьяның қаулыдағы нұсқаулары белгіленген мерзімде орындалмағанда;
2) шағымды немесе наразылықты берген (келтірген) тұлғаның өтініші бойынша;
3) егер шағымдану немесе наразылық келтіру мерзімі өтіп кетсе және шағымда немесе наразылықта оны қалпына келтіру туралы өтініш болмаса немесе оны қалпына келтіруден бас тартылған жағдайда;
4) егер шағымды немесе наразылықты апелляциялық шағым немесе наразылық беруге (келтіруге) құқығы жоқ тұлға берсе (келтірсе) қайтарылады.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 338-бап өзгертілді
338-бап. Бiрiншi сатыдағы соттың апелляциялық шағымды, наразылықты алғаннан кейiнгi әрекетi
1. Мерзімінде берілген және осы Кодекстің 334-бабының екінші бөлігінің және 335-бабының талаптарына сәйкес келетін апелляциялық шағымды немесе наразылықты алғаннан кейін судья:
1) шағымның, наразылықтың және оған қоса тіркелген жазбаша дәлелдемелердің көшірмелерін келесі күннен кешіктірмей іске қатысушы адамдарға жіберуге;
2) шағымдануға, наразылық келтіруге белгіленген мерзім өткеннен кейін істі апелляциялық сатыға жіберуге міндетті.
3) 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен алып тасталды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Апелляциялық шағымдануға, наразылық келтіруге белгіленген мерзім өткенге дейін істі соттан ешкім талап ете алмайды. Іске қатысушы тұлғалар сотта іс материалдарымен, сондай-ақ келіп түскен шағымдармен және оларға білдірілген қарсылықтармен танысуға құқылы.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II ; 24.12.01 ж. № 276-II Заңдарымен 339-бап өзгертілді
339-бап. Апелляциялық шағымға қосылу
Апелляциялық шағымды берген тұлғамен процесте бір жақта болған бірге қатысушылар мен үшінші тұлғалар берілген шағымға жазбаша арыз беру жолымен қосылуға құқылы.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 340-бап өзгертілді; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 340-бап жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
340-бап. Апелляциялық шағымға немесе наразылыққа пікір
1. Іске қатысушы тұлға шағымға немесе наразылыққа қатысты қарсылықты растайтын құжаттарды қоса тіркей отырып, апелляциялық шағымға немесе наразылыққа пікірді апелляциялық сатыдағы сотқа, іске қатысушы басқа тұлғаларға жібереді.
Апелляциялық сатыдағы сотқа жіберілетін пікірге іске қатысушы басқа тұлғаларға пікірдің жіберілгенін растайтын құжат қоса беріледі.
2. Пікір сот белгілеген, онымен сот отырысы басталғанға дейін танысу мүмкіндігін қамтамасыз ететін мерзімде жіберіледі.
3. Пікірге іске қатысушы тұлға немесе оның өкілі қол қояды. Өкіл қол қойған пікірге оның өкілеттігін растайтын сенімхат немесе өзге де құжат қоса тіркеледі.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 341-бап өзгертілді
341-бап. Апелляциялық шағымнан бас тарту және наразылықты кері қайтарып алу
1. Апелляциялық шағым берген тұлға сот қаулы шығарғанға дейін одан апелляциялық сатыдағы сотта бас тартуға құқылы. Апелляциялық наразылық келтірген прокурор немесе жоғары тұрған прокурор апелляциялық сатыдағы сот қаулы шығарғанға дейін наразылықты кері қайтарып алуға құқылы. Наразылықтың кері қайтарылып алынғаны туралы сот іске қатысушы адамдарға хабарлайды.
2. Егер шешімге басқа адамдар шағым жасамаса немесе жоғары тұрған прокурор наразылық келтірмесе, сот шағымнан бас тартуды және наразылықты қайтарып алуды қабылдау туралы апелляциялық іс жүргізуді қысқартатын қаулы шығарады.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 342-бап өзгертілді
342-бап. Талап қоюшының талап қоюдан бас тартуы және тараптардың бітімгершілік келісімі
1. Талап қоюшының талап қоюдан бас тартуы немесе тараптардың апелляциялық шағым берілгеннен кейін жасалған бітімгершілік келісімі апелляциялық сатыдағы сотқа жолданған жазбаша арыздарда көрсетілуге тиіс.
2. Тиісінше талап қоюшының немесе тараптардың арыздарын қарау тәртібі және талаптан бас тартуды қабылдау немесе қабылдамау, бітім келісімін бекіту немесе бекітпеу салдары осы Кодекстің 193-бабының ережелері бойынша белгіленеді. Талап қоюшының талап қоюдан бас тартуын қабылдау немесе тараптардың бітімгершілік келісімін бекіту кезінде апелляциялық саты бірінші сатыдағы шешімнің күшін жояды және осы Кодекстің 247-бабының 3), 4) тармақшаларына сәйкес іс бойынша іс жүргізуді қысқартады.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 343-бап өзгертілді
343-бап. Шешімнің, қаулының орындалуын тоқтата тұру
Апелляциялық сатыдағы судья кассациялық шағым берген немесе наразылық келтірген тұлғаның өтініші бойынша бірінші сатыда қабылданған, осы Кодекстiң 237-бабында аталған iстер бойынша шешiмдерден басқа, шешімнің орындалуын тоқтата тұрады.
11.07.01 ж. № 238-II ; 2005.30.12 № 111-III (бұр. ред. қара); 2009.10.12. № 227-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 344 - бап өзгертілді
344-бап. Бірінші сатыдағы сот ұйғарымына (қаулысына) шағым беру, наразылық келтіру
1. Осы Кодексте көзделген жағдайларда, сондай-ақ сот ұйғарымы (қаулысы), істің әрі қарай ілгерілеу мүмкіндігіне бөгет болатын жағдайларда бірінші сатыдағы соттың ұйғарымына (қаулысына), осы Кодекстің 332-бабында аталған тұлғалар жеке шағым, наразылық беруі (келтіруі) мүмкін. Егер ұйғарым (қаулы) іске қатыспайтын тұлғалардың мүдделеріне қатысты болса, олар да сот ұйғарымына (қаулысына), шағым жасауға құқылы.
2. Бірінші сатыдағы соттың қалған ұйғарымдарына (қаулыларына) жеке шағымдар мен наразылықтар берілмейді, бірақ бұл ұйғарымдарға (қаулыларға) қарсылықтар апелляциялық шағымға немесе наразылыққа енгізілуі мүмкін.
3. Шешім шығарумен аяқталған сот қарауы кезінде шығарылған ұйғарымға (қаулыға) шағым жасалып, наразылық келтірілген жағдайда іс жоғары тұрған сот сатысына шешімге шағым беруге белгіленген мерзім өткенде ғана жіберіледі. Бұл орайда шешімге апелляциялық шағым жасалып, наразылық келтірілсе, жеке шағымды, наразылықты тексеру істі апелляциялық тәртіппен қарайтын сот сатысында жүргізіледі.
4. Бірінші сатыдағы соттың ұйғарымына жеке шағым, наразылық шағым жасалып отырған ұйғарым шығарылған күннен бастап он күн ішінде жоғары тұрған сотқа беріледі. Қарау нәтижелері бойынша:
1) ұйғарымды (қаулыны) - өзгеріссіз, ал шағымды, наразылықты қанағаттандырусыз қалдыру;
2) ұйғарымның (қаулының) күшін толықтай немесе бір бөлігінде жою және мәселені бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберу;
3) ұйғарымның (қаулының) күшін толықтай немесе бір бөлігінде жою және мәселені мәні бойынша шешу;
4) ұйғарымды (қаулыны) өзгерту туралы ұйғарым шығарылады.
5. Апелляциялық сатының жеке шағым, наразылық бойынша шығарылған ұйғарымы (қаулысы) шағымдануға, наразылық білдіруге жатпайды және ол шығарылғаннан кейін дереу заңды күшіне енеді.
6. 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен алып тасталды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 345-бап жаңа редакцияда
345-бап. Iстi апелляциялық тәртiппен қараудың шектерi
1. Iстi апелляциялық тәртiппен қарау кезiнде сот бiрiншi сатыдағы сот шешiмiнiң заңдылығы мен негiздiлiгiн толық көлемiнде тексередi.
2. Апелляциялық сатыдағы сот мәлiмделген талап қою шегiнде жаңа фактiлердi анықтап, тараптың дәлелдi себептер бойынша бiрiншi сатыдағы сотқа беруге нақты мүмкiндiгi болмаған жаңа дәлелдемелердi зерттей алады.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 346-бап жаңа редакцияда
346-бап. Апелляциялық сатыдағы соттың жеке ұйғарымы
Апелляциялық сатыдағы сот осы Кодекстің 253-бабында белгіленген жағдайда және тәртіппен, сондай-ақ істі қараған кезде соттың тарапынан заңдылықтың бұзылғанын анықтаған жағдайда жеке ұйғарым шығаруы мүмкін. Апелляциялық сатыдағы сот жеке ұйғарымда бірінші сатыдағы сот жол берген, шешімнің күшін жоюға негіз болған құқық нормаларының өрескел бұзылуы мен қателерді де көрсете алады.
41-тарау. Апелляциялық шағымдар, наразылықтар бойынша
істерді қарау
347-бап. Апелляциялық қараудың нысанасы
Апелляциялық шағымдар, наразылықтар бойынша апелляциялық сатыдағы сот істе бар және қосымша табыс етілген материалдар бойынша істің нақты мән-жайы анықталуының, материалдық құқық нормаларының қолданылуы мен түсіндірілуінің дұрыстығын, сондай-ақ істі қарау мен шешу кезінде азаматтық іс жүргізу заңы нормаларының сақталуын тексереді.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 348-бап жаңа редакцияда
348-бап. Істі талқылауға дайындау
1. Апелляциялық шағымы немесе наразылығы бар істі алған апелляциялық сатыдағы судья бірінші сатыдағы соттың осы Кодекстің 338-бабының талаптарын орындағанын тексереді және апелляциялық шағымда немесе наразылықта баяндалған талаптар мен өтініштерді ескере отырып, он күн мерзімде осы Кодекстің 170-бабында көзделген іс-әрекеттерді жүргізіп, істі қарауға тағайындайды.
2. Апелляциялық сатыдағы сот іске қатысатын тұлғаларға отырыстың уақыты мен орны туралы хабарлайды.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 349-бап жаңа редакцияда
349-бап. Істі қарау мерзімдері
Апелляциялық сатыда іс сотқа келіп түскен күннен бастап бір ай мерзімде қаралуға тиіс.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 350-бап жаңа редакцияда
350-бап. Апелляциялық сатыдағы сотта іс жүргізу
1. Апелляциялық сатыдағы сотта істер бойынша іс жүргізу осы Кодекстің 41-тарауында көзделген қағидалар бойынша жүзеге асырылады.
2. Осы Кодекстің 55-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда апелляциялық сатыдағы соттың отырысына іс бойынша қорытынды беретін прокурор қатысады.
Апелляциялық сатыдағы сот прокурорға:
1) апелляциялық сатыда қаралуға жататын істер туралы;
2) істер бойынша қабылданған, апелляциялық сатыда қаралған шешімдер туралы хабарлайды.
3. Апелляциялық сатыдағы сот тараптар табыс еткен немесе олардың өтініштері бойынша талап етіліп алынған, істі дұрыс шешу үшін маңызы бар қосымша материалдарды, алынған сараптамалық қорытындыларды бірінші сатыдағы сот үшін көзделген қағидалар бойынша зерделеп, отырысқа шақыртылған тұлғалардан жауап алады.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 351-бап жаңа редакцияда
351-бап. Істі талқылаудың басталуы
Төрағалық етуші сот отырысын ашып: қандай іс, кімнің шағымы және (немесе) наразылығы бойынша және қай соттың шешіміне орай қаралуға жататынын хабарлайды. Төрағалық етуші іске қатысатын тұлғалардың және өкілдердің қайсысы келгенін анықтайды, келген тұлғалардың жеке басын анықтайды, сондай-ақ лауазымды адамдар мен өкілдердің өкілеттігін тексереді.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 352-бап өзгертілді
352-бап. Іске қатысушы адамдардың сот отырысына келмеуінің салдары
1. Істің қаралатын уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланбаған іске қатысушы адамдардың біреуі сот отырысына келмеген жағдайда сот істі қарауды кейінге қалдырады.
2. Осы бапта аталған, істің қаралатын уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған адамдардың келмеуі істі талқылауға кедергі болмайды. Алайда сот бұл жағдайда да келмеу себебін дәлелді деп тани отырып, істі қарауды кейінге қалдыруға құқылы.
3. Iстi талқылау кейiнге қалдырылған жағдайда апелляциялық сатыдағы сот iске қатысушы адамдарға соттың қайта өткiзiлетiн отырысында iстiң қаралу уақыты мен орны жайында тиiсiнше хабарлайды. Бұл жағдайда iстi талқылау басынан бастап жүргiзiледi.
353-бап. Соттың іске қатысушы тұлғалар арыздарын шешуі
1. Іске қатысушы тұлғалардың апелляциялық сатыдағы істі қарауға байланысты барлық мәселелер бойынша арыздар мен өтініштерін сот іске қатысушы басқа тұлғалардың пікірін тыңдағаннан кейін шешеді.
2. Тараптар зерттеген кезде өздеріне бірінші сатыдағы сот бас тартқан дәлелдемелерді талап ету туралы өтініш жасауға құқылы.
3. Мәлімделген өтініштерді шешу осы Кодекстің 186-бабының ережелері бойынша жүргізіледі, бұл орайда апелляциялық сатыдағы соттың өтінішті бірінші сатыдағы сот қанағаттандырмағандығын негізге алып, оны қанағаттандырудан бас тартуға құқығы жоқ.
354-бап. Іске қатысушы адамдардың түсініктемелері
Соттың отырысына келген іске қатысушы тұлғалар мен өкілдердің түсініктемелерін сот тыңдайды. Апелляциялық шағым берген немесе наразылық келтірген тұлға және оның өкілі бірінші болып сөз сөйлейді. Екі тарап та шешімге шағым жасаған жағдайда бірінші болып талап қоюшы сөйлейді.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 355-бап өзгертілді
355-бап. Дәлелдемелерді зерттеу
1. Дәлелдемелерді зерттеудің тәртібі мен шектерін іске қатысушы тұлғалардың пікірлерін ескере отырып, апелляциялық сатыдағы сот белгілейді.
2. Тараптардың түсініктемелерінен кейін сот істе бар және тараптар жаңадан табыс еткен, дәлелдi себептермен олар бiрiншi сатыдағы соттың қарауына табыс ете алмаған дәлелдемелерді тексереді. Сотқа қосымша дәлелдемелер табыс еткен тұлғалар олардың қандай жолмен алынғанын және қосымша дәлелдемелер табыс ету қажеттiгi қандай мән-жайларға байланысты туындағанын көрсетуге мiндеттi.
3. Апелляциялық сатыдағы сот іске қатысушы, сот отырысына келмеген адамдардың түсініктемелерін, сондай-ақ апелляциялық сатыдағы сот отырысына шақырылмаған куәлардың айғақтарын жария етуге құқылы.
4. Егер бұл түсініктемелер мен айғақтарға тараптар дау шығарса, аталған адамдар апелляциялық сатыдағы сотқа шақырылуы мүмкін.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 356-бап өзгертілді
356-бап. Сот жарыссөзі
1. Іс мәні бойынша қаралып біткен соң төрағалық етушi тараптар мен өкілдерден олардың жасайтын өтініштері мен толықтырулары туралы сұрайды. Сот бұл өтініштерді шешіп, содан соң сот жарыссөзіне көшеді.
2. Сот жарыссөзі осы Кодекстің 211-бабында көзделген ережелер бойынша өткізіледі, бұл орайда апелляциялық шағым немесе наразылық берген адам бірінші болып сөйлейді. Шешімге екі тарап та шағым жасаған жағдайда бірінші болып талап қоюшы сөйлейді.
3. Сот жарыссөзі және прокурордың қорытынды сөзiн тыңдау аяқталғаннан кейін судья соттың актісін қабылдауға арналған кеңесу бөлмесіне кетеді.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 356-1-баппен толықтырылды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
356-1-бап. Сот отырысының хаттамалары
1. Апелляциялық сатыдағы сот істі бірінші сатыдағы сот үшін көзделген қағидалар бойынша қарай келіп, істің дұрыс шешілуі үшін маңызы бар қосымша материалдарды, алынған сараптамалық қорытындыларды зерттеу, отырысқа шақыртылған тұлғалардан жауап алу қажет болған жағдайларда сот отырысының хаттамасын жүргізеді.
2. Апелляциялық сатыдағы сот сондай-ақ өз бастамасы немесе тараптардың өтініші бойынша сот отырысының хаттамасын жүргізуге құқылы.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 357-бап жаңа редакцияда; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 357-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
357-бап. Сот актісін шығару және оны жариялау
1. Апелляциялық сатының сот актісін шығаруы және оны жариялауы осы Кодекстің 216, 217, 218-баптарында көзделген қағидалар бойынша жүргізіледі.
2. Сот осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң талаптарын сақтай отырып, қаулының қарарлық бөлiгiн шығара алады. Бұл жағдайда қаулының толық мәтiнi iстi қараған күннен бастап бес күндiк мерзiмде жазылып, оған барлық судьялар қол қояды.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 358-бап өзгертілді
358-бап. Апелляциялық сатыдағы соттың өкілеттігі
Апелляциялық сатыдағы сот:
1) шешімді өзгеріссіз, ал шағымды немесе наразылықты қанағаттандырмай тастауға;
2) бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертуге;
3) бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жоюға және жаңа шешім шығаруға;
4) осы Кодекстің 366-бабында көзделген іс жүргізу құқығы нормаларының бұзылғаны анықталған жағдайда шешімнің күшін жойып, істі бірінші сатыдағы соттың жаңадан қарауына жіберуге құқылы. Апелляциялық сатыдағы сот қандай да бір дәлелдемелердің дәйектілігі немесе дәйексіздігі туралы, бір дәлелдемелердің басқаларынан артықшылығы туралы мәселелерді, сондай-ақ істі жаңадан қарау кезінде қандай шешімнің шығарылуға тиіс екенін алдын ала шешуге құқылы емес.