4) байланыс операторының жергілікті телекоммуникация желісінің нөмірлеу ресурсы бөлектелген кезден бастап екі жыл ішінде бөлектелген нөмірлеу ресурсының елу проценттен астамын пайдаланбауы негізінде жүзеге асырады.
14-бап. Төтенше жағдайлар кезінде байланыс желілерін басқару
1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде байланыс желілерін басқаруды уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тізбе бойынша мемлекеттік органдардың байланысын басқару орталықтарымен және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен, сондай-ақ қарауында телекоммуникация желілері бар уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара іс-әрекет жасай отырып жүзеге асырады.
2. Мемлекеттік органдардың табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар болған кезде, үкіметтік байланысты қоспағанда, байланыс желілері мен құралдарын басымдықпен пайдалануға, сондай-ақ олардың қызметін тоқтата тұруға құқығы бар.
Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде байланыс операторларының байланыс желілері мен құралдары пайдаланылған кезде олардың шеккен шығындарын өтеу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Байланыс желілері мен құралдарының иелері адамдар өмірінің теңіздегі, жердегі, ауадағы, ғарыш кеңістігіндегі қауіпсіздігіне, Қазақстан Республикасында қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау саласында шұғыл іс-шаралар жүргізуге қатысты барлық хабарламаларға, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туралы хабарламаларға абсолюттік басымдық беруге тиіс.
2008.21.11 № 89-ІV ҚР Заңымен 15-бап жаңа редакцияда (қолданысқа енетін мерзімін қара) (бұр. ред. қара); 2009.10.07 № 178-ІV ҚР Заңымен 15-бап өзгертілді (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
15-бап. Байланыс операторларының жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдармен өзара іс-қимылы
1. Қазақстан Республикасының аумағында өз қызметін жүзеге асыратын байланыс операторлары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, байланыс желілерінде жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдарға барлық байланыс желілерінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізудің ұйымдастырушылық және техникалық мүмкіндіктерін, абоненттер туралы қызметтік ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ аталған іс-шараларды жүргізу нысандары мен әдістерінің жария болуына жол бермеу жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу мақсаттары үшін байланыс желілері мен құралдарына қойылатын талаптарды арнаулы жедел-іздестіру іс-шараларын жүзеге асыратын ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісе отырып уәкілетті орган айқындайды.
Байланыс операторлары байланыс желілерінде қажетті техникалық құралдарды орнатуға, өз жабдықтарының белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен абоненттер туралы қызметтік ақпаратты екі жыл бойы жинау мен сақтауды жүзеге асыруға міндетті.
2. Ұялы байланыс операторлары өз желілерінде жұмыс істейтін абоненттік құрылғылардың сәйкестендіру кодтарының тізілімін жүргізуге міндетті.
Желіде сәйкестендіру кодтары бірдей бірнеше абоненттік құрылғы байқалған жағдайда, ұялы байланыс операторы бұл туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын тиісті органдарды хабардар етуге міндетті.
3. Байланыс құралдары жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне нұқсан келтіретін қылмыстық мақсаттарда пайдаланылған жағдайда, жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын уәкілетті органдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кез келген байланыс желілері мен құралдарының қызметін тоқтата тұруға құқылы.
4. Байланыс операторларының жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынасы осы Заңға және Қазақстан Республикасының жедел-іздестіру қызметі туралы заңнамасына сәйкес реттеледі.
5. Ұялы байланыс операторлары абоненттік құрылғы иесінің өтініші бойынша өз желісіндегі абоненттік құрылғының жұмысын сәйкестендіру коды бойынша тоқтата тұруға не оны қайта бастауға міндетті.
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 16-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
16-бап. Техникалық байланыс құралдарының сәйкестігін растау
Қазақстан Республикасының бірыңғай телекоммуникация желісінде пайдаланылатын техникалық байланыс құралдары электромагниттік сәулелену көздері болып табылатын радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылар, почта байланысының техникалық құралдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сәйкестігі расталуға тиіс.
17-бап. Байланыс саласындағы қызметті лицензиялау
1. Жеке және заңды тұлғалардың байланыс қызметтерін жасауға және көрсетуге байланысты қызметі лицензия негізінде жүзеге асырылады.
2007.12.01 № 222-III ҚР Заңымен 20-тармақ өзгертілді (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара)
2. Байланыс саласындағы қызметті лицензиялауды уәкілетті орган Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
3. Лицензиар мынадай негіздер бойынша:
1) қызмет түрін техникалық іске асыру радиожиіліктердің болмауына, радиоэлектрондық құралдардың қуаты бойынша шектеулерге және нөмірлеу ресурсының жеткіліксіздігіне байланысты мүмкін болмаса;
2) жүзеге асыру үшін конкурстық негізде ғана лицензия берілетін қызмет түрлеріне өтініш берілсе, лицензия беруден бас тартуға құқылы. Өтініш беруші конкурсқа қатысқан жағдайда, лицензия беруден бас тарту конкурс нәтижелері бойынша жүргізілуі мүмкін;
3) лицензия беру немесе лицензияланатын қызметті жүзеге асыру нәтижесінде ұлттық қауіпсіздікке және (немесе) қоғамдық тәртіпке қауіп төнсе;
4) байланыс саласындағы қызметті жүзеге асыру кезінде халықтың денсаулығына электромагниттік сәулеленудің зиянды әсер етуі мүмкін болса, лицензия беруден бас тартуға құқылы.
4. Лицензиар:
1) радиожиілік спектрі тиісті рұқсаттар ресімделмей пайдаланылған;
2) лицензиат өзіне бекітіліп берілген жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) басқа пайдаланушыларға уақытша немесе тұрақты пайдалануға берген;
3) радиоэлектрондық жабдықтарды пайдалану ережелерін лицензиаттың бұзуы электромагниттік жүйелердің жұмыс істеуінің белгіленген нормаларын бұзатын бөгеуілдер туғызуға әкеп соққан;
4) лицензияны қолдану шарттары бұзылуы салдарынан мемлекетке немесе басқа тұлғаларға залал келуі мүмкін не осындай залалдың келу қаупі нақты төнетін;
5) лицензиар өз құзыреті шегінде сауал салған және лицензиаттың қызметін бағалауға қажетті мәліметтерді оған беруден бас тартылған;
6) егер лицензияның қолданылу шартында өзгеше белгіленбесе, лицензиат лицензия берілген кезден бастап бір жыл бойы байланыс қызметтерін көрсетпеген жағдайларда лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға құқылы.
2007.12.01 № 222-III ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара)
5. Лицензиядан айыру сот тәртібімен жүзеге асырылады.
18-бап. Байланыс саласындағы қызметті конкурстық негiзде лицензиялау
1. Радиожиiлiк белдеулерiн және нөмiрлеу ресурсын пайдалана отырып байланыс қызметтерiн көрсету бойынша кәсiпкерлiк қызметті жүзеге асыруға лицензиялар мынадай жағдайда, егер:
1) сапасы тиiстi деңгейдегi байланыс қызметiн көрсету үшiн қолжетiмдi радиожиiлiк спектрi көлемiнiң жеткілiксiз болуы себептi байланыс қызметi Қазақстан Республикасының Радиожиiлiктер жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы белгiлi бiр аумақта жұмыс iстейтiн байланыс операторларының ықтимал саны бойынша шектеу ұсынған ауқымдағы радиожиiлiктi пайдалана отырып көрсетiлетiн болса;
2) белгiлi бiр географиялық аумақта ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желісінiң желiлiк қол жеткізу ресурстары шектеулi болып, соған байланысты уәкiлеттi орган осы аумақта жұмыс iстейтiн байланыс операторларының ықтимал саны бойынша шектеулер белгiлейтiн болса, конкурстық негiзде берiледi.
2. Конкурс (немесе аукцион) өткізу туралы шешiмдi уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Радиожиiлiктер жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының ұсынымдарын ескере отырып, осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес қабылдайды.
Конкурс (немесе аукцион) осындай шешiм қабылданғаннан кейiн алты айдан кешiктiрiлмейтiн мерзімде өткiзiледi.
3. Радиожиiлiктердi пайдалана отырып, байланыс саласында қызмет көрсету жөніндегі кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру құқығын конкурстың қорытындысы бойынша алған кезде жеңiмпаз мемлекеттік бюджетке Қазақстан Республикасының салық заңдарында белгiленген тәртiппен және мөлшерде бiржолғы төлемақы енгiзедi.
4. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптарға, конкурс (немесе аукцион) өткізу ережелерiне сай келетiн жеке және заңды тұлғалар конкурстарға (немесе аукциондарға) қатысуға жiберiледi.
19-бап. Телевизия және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметтi лицензиялау
1. Жеке және заңды тұлғаларға телевизия және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметке лицензияны бұқаралық ақпарат құралдары iстерi жөніндегі уәкiлетті орган бередi.
2. Телевизия және радио хабарларын тарату желiлерiн телекоммуникация қызметтерін (деректер берудi, Интернет желісіне қол жеткізудi, телематикалық қызметтердi, жергiлiктi телефон байланысы қызметiн және басқаларды) тарату үшiн пайдаланған жағдайда, аталған желiлердің иесi қызметiн осы Заңның 17-бабына сәйкес уәкілетті орган берген лицензия негiзiнде жүзеге асырады.
3. Телевизия және радио хабарларын тарату мақсатында радиожиiлiктердi есептеуді, радиожиілік органдарымен келісуді және халықаралық үйлестіруді уәкiлетті орган бұқаралық ақпарат құралдары iстерi жөніндегі уәкiлетті органның есеп жүргiзуге қажетті деректердi қоса берген өтiнiмi бойынша жүргiзедi.
4. Телевизия және (немесе) радио хабарларын тарату мақсатында радиожиiлiк спектрiн пайдалануға рұқсатты уәкiлетті орган бұқаралық ақпарат құралдары iстерi жөніндегі уәкiлеттi органмен келiсе отырып, телевизия және (немесе) радио xaбарларын таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметке лицензиясы болған жағдайда бередi.
Радиожиілік спектрiн пайдалануға арналған рұқсатта техникалық құралдардың орналасқан жерi, оның ішінде географиялық координаттары көрсетiле отырып антенна құрылғыларының орналасуы, сондай-ақ пайдаланылатын тарату құралдарының іс жүзіндегі қуаты көрсетiлуге тиiс.
2008.21.11 № 89-ІV ҚР Заңымен 20-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
20-бап. Байланыс қызметтеріне арналған тарифтер
1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, байланыс операторлары байланыс қызметтеріне арналған тарифтерді негізделген шығындарды негізге ала отырып дербес белгілейді.
2. Уәкілетті орган:
1) телекоммуникацияның әмбебап қызметтеріне;
2) телекоммуникация және почта байланысының жалпыға қолжетімді қызметі саласындағы табиғи монополиялар аясында тарифтерді (бағаларды, алым ставкаларын) бекітеді;
Осы тармақта аталған қызметтерге тарифтерді (бағаларды, алым ставкаларын) бекіту тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
3. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, телекоммуникация және почта байланысы саласындағы тауарлар нарығында басым (монополиялық) жағдайға ие нарық субъектілерінің тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) белгілеген бағасын реттейді.
4. Байланыс операторлары уәкілетті орган белгілеген тәртіппен байланыс қызметтерін пайдаланушыларға шұғыл медициналық, құқық қорғау, өрт, авариялық, анықтамалық қызметтерді және тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын басқа да қызметтерді тегін жалғауды қамтамасыз етеді.
3-тарау. Байланыс желілері
21-бап. Қазақстан Республикасының бірыңғай телекоммуникация желісі
1. Қазақстан Республикасының бiрыңғай телекоммуникация желісі Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан және мынадай санаттардағы телекоммуникация желілерінен:
1) ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiнен;
2) телекоммуникацияның ведомстволық желiлерiнен;
3) телекоммуникацияның, бөлектелген желiлерiнен;
4) арнаулы мақсаттағы телекоммуникация желiлерiнен;
5) корпорациялық және ақпаратты электромагниттiк сигналдар арқылы беретін басқа да желiлерден тұратын телекоммуникация желісі болып табылады.
2008.21.11 № 89-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Арнаулы мақсаттағы телекоммуникация желiлерiн қоспағанда, Қазақстан Республикасының бірыңғай телекоммуникация желісі болып табылатын желiлер үшiн уәкілеттi орган:
1) әрекеттестiктiң бiрыңғай тәртібін, ал Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда ұйымдастыру-техникалық iс-шаралар кешенiн, басқарылатын параметрлердi қалыптастыруды және олардың орындалуын бақылауды қамтитын телекоммуникация желiлерiн орталықтандырылған басқаруды айқындайды;
2) телекоммуникация желісінің санатына байланысты телекоммуникация желiлерiн құру, басқару, нөмiрлеудi пайдалану, олардың жұмыс iстеуiн, тұрақтылығын және ақпараттық қауіпсіздігін ұйымдастыру-техникалық тұрғыдан қамтамасыз eту, радиожиілік спектрiн пайдалану, трафиктi өткізу тәртібі, желiлердің әрекеттестiк шарттары, телекоммуникация қызметтерiн көрсету жөніндегі талаптарды белгілейді.
3) арналарды коммутациялау технологияларын хабар беру мен коммутациялаудың пакеттік технологияларымен ауыстыруға негізделген ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін жаңғыртуды аяқтағанға дейін техникалық қажеттілік туындаса, қызметтер көрсетуді ұйымдастырудың өздері таңдаған тәсіліне қарай тіркелген телефон байланысы қызметтерін көрсететін байланыс операторлары желілерінің қосылу және өзара әрекет жасау шарттарына қойылатын талаптарды белгілейді.
3. Қазақстан Республикасының бiрыңғай телекоммуникация желісіне кiретін барлық санаттағы желiлердің байланыс операторлары уәкiлеттi орган бекiткен әрекеттестiктiң бiрыңғай тәртібінің талаптарын қанағаттандыратын өз желiлерiн басқару жүйелерiн құруға мiндеттi.
Телекоммуникация желiлерiн құру кезiнде байланыс операторлары желiлер жабдықтарының жедел-iздестiру iс-шараларының жүргiзiлуiн қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды белгiлейтiн мемлекеттік стандарттарға технологиялық тұрғыдан сәйкес келуiн қамтамасыз етедi.
4. Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерi Қазақстан Республикасының аумағындағы барлық пайдаланушыларға телекоммуникация қызметтерiн көрсетуге арналған телекоммуникацияның өзара байланысты желiлерiнің кешенi болып табылады.
Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желісі:
1) қызмет көрсетiлетiн аумақ пен нөмiрлеу ресурсы аясында географиялық тұрғыда (телекоммуникацияның жергiлiкті желiлерi);
2) Қазақстан Республикасының шегiнде белгiлi бiр географиялық аумақпен және нөмiрлеу ресурсымен байланыспаған, географиялық емес тұрғыда;
3) пайдаланушыға көрсетiлетiн байланыс қызметтерiн iске асыру әдiсi (бекітілген және жылжымалы) бойынша айқындалатын телекоммуникация желiлерi болып бөлiнедi.
Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерi шет мемлекеттердің ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiмен әрекеттестік жасайды.
Телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiн пайдаланушылардың мүдделерiн, сондай-ақ ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiнің құрамына кiретiн телекоммуникация желiлерiнiң сенiмдi жұмыс iстеуін қамтамасыз ету мақсатында олар бiрыңғай мемлекеттік нормативтiк-техникалық реттеуге жатады. Нормативтiк-техникалық талаптардан тыс телекоммуникацияның осы желiлерiнiң жұмыс iстеу және оларды пайдалану тәртібін, телекоммуникацияның әмбебап қызметтерін көрсету жөніндегі қызмет үшiн осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, байланыс желiлерiнiң меншік иелерi дербес айқындайды.
5. Телекоммуникацияның ведомстволық желiлерi мемлекеттік органдар мен жергiлiкті өзiн-өзi басқару органдарының басқарушылық және ұйымдастырушылық мақсаттарын өз өкілеттіліктеріне сәйкес iске асыруын қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік кәсiпорындар мен мекемелердiң өндiрiстік және басқарушылық мақсаттарды қамтамасыз етуiн iске асыруға арналған.
Телекоммуникацияның ведомстволық желiлерi ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiне қосылады.
Бұл ретте телекоммуникацияның ведомстволық желiлерiн осы тармақта көзделмеген өзге мақсаттар үшiн пайдалануға жол берiлмейдi.
2008.21.11 № 89-ІV ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
6. Телекоммуникацияның бөлектелген желiлерi телекоммуникация желiлерiнің дербес санаты болып табылады және пайдаланушылардың шектеулi тобына телекоммуникация (электрлi байланыс) қызметтерiн көрсетуге арналған және:
1) әрекеттесе алады, бiрақ Қазақстан Республикасының ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiне немесе ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiне қосылған кез келген басқа желiлерге, сондай-ақ шет мемлекеттердiң ортақ пайдаланылатын телекоммуникация (электрлi байланыс) желiлерiне қосылмайды;
2) егер ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерінің жұмыс iстеуiн регламенттейтiн талаптарға сәйкес келсе, оларды ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiсінің санатына ауыстыра отырып, ортақ танылатын телекоммуникация желiлерiне қосуға болады. Бұл ретте осы бөлектелген желiге бұрын берiлген географиялық емес код алып тасталады;
3) осы телекоммуникация желілері операторларының байланыс қызметін көрсетуі лицензияның негізінде жүзеге асырылады.
Бөлектелген желілерді ұйымдастыру үшін қолданылатын байланыс технологиялары мен құралдарын, сондай-ақ құру принциптері мен нөмірлеу жүйесін осы желілердің иелері белгілейді. Желілердің осы санатына ұлттық ресурстан нөмірлер (географиялық емес код) бөлінбейді.
7. Арнаулы мақсаттағы телекоммуникация желiлерi Қазақстан Республикасындағы қорғаныс, қауіпсiздiк және құқық тәртібін қорғау қажеттерiн қамтамасыз етуге, сондай-ақ үкіметтiк байланысты қамтамасыз етуге арналған және ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желісіне жалғанады.
Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, арнаулы мақсаттағы телекоммуникация желiлерiн өтеулi байланыс қызметтерiн көрсету үшiн пайдалануға болмайды.
8. Телекомммукацияның корпорациялық желiлерi заңды тұлғалардың басқару және ішкі өндiрiстiк мақсаттарын iске асыруды қамтамасыз етуге арналған.
Телекоммуникацияның корпорациялық желiлерi:
1) егер олар тиiстi нөмiрлеу ресурсын бөлектей отырып, желінің түрлі әкімшілік аумақтар бойынша бөлiнген учаскелерiн бiрiктiретiн болса, әкiмшілік аумақ шеңберiнде мекемелiк коммутациялық станция арқылы корпорациялық клиент ретiнде немесе Қазақстан Республикасының халықаралық коммутация орталығының транзиттік торабы деңгейiнде ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiне қосылуы;
2) осы Заңның 17-бабына cәйкес кәсiпкерлiк қызметті жүзеге асыруға лицензия алған жағдайда байланыс қызметтерiн өтеулі көрсету үшiн (егер олардың қолданылу аймағында ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерi операторларының желiлерi болмаса) пайдаланылуы мүмкін.
9. Телевизия және радио хабарларын тарату желiлерi бiрыңғай телекоммуникация желісінің құрамдас бөлiгi болып табылады және Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттердiң аумағына телевизия және радио бағдарламаларын тарату әрi трансляциялау үшiн пайдаланылатын, жердегi және жерсеріктік хабар тарату жүйелерiнiң бiртұтас өндiрiстік-технологиялық кешенiн құрайды. Жердегi жүйелерге мемлекеттік және коммерциялық бағдарламаларды трансляциялауға арналған радиорелелi және кәбiлдi байланыс желiлерi, қуаты әртүрлі радиотаратқыштар мен басқа да құралдар кiредi. Жерсеріктік жүйелерге халықаралық жерсерiктік ұйымдарға, жекелеген мемлекеттерге тиесiлі орбиталық байланыс жерсерiктерi мен жердегi таратушы және қабылдаушы станциялар кiредi.
10. Мемлекеттік телевизия және радио бағдарламаларын тарату және трансляциялау үшiн байланыс операторларының техникалық құралдары мен арналарын пайдалана отырып, бiрыңғай телекоммуникация желісіне негiзделген телевизия мен радио хабарларын таратудың республикалық және өңiрлік желiлерi құрылады. Коммерциялық телерадио хабарларын тарату ұйымдары өз бағдарламаларын тарату мен трансляциялау үшiн өз меншiгіндегі желiлерiн де және жасалған шарт талаптарымен басқа телекоммуникация желiлерiн де пайдалануға құқылы.
11. Телевизия және радио хабарларын тарату желілерi бағдарламаларды тарату мен трансляциялаудан басқа, бейбiт уақыттағы төтенше жағдайларда және жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыру кезіндегі ерекше кезеңде хабарлау сигналдарын таарту үшiн қорғаныс, ұлттық қауіпсiздік және құқық тәртібін қорғау мүддесiне пайдаланылады.
22-бап. Фельдъегерлік және арнаулы байланыс
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік фельдъегерлік қызметi мемлекеттік құпияларды қорғауды қамтамасыз ете отырып, үкiметтiк курьерлік байланысты жүзеге асыратын қызмет болып табылады. Қазақстан Республикасы фельдъегерлiк қызметiнiң жеке құрамы iшкi iстер органдарының кадрларында тұрады, жедел қызметтік міндеттерді шешу үшін жауынгерлік атыс қол қаруымен, арнаулы қорғану және байланыс құралдарымен, сондай-ақ нысанды киiм-кешекпен қамтамасыз етiледi.
2. Арнаулы байланыс қызметi арнаулы байланыс арналары бойынша арнаулы жөнелтiмдердi жiберген кезде мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтердi қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі ерекше жарғылық міндеттердi орындайды.
Арнаулы байланыс қызметi Қазақстан Республикасы Ұлттық почта операторының бiрыңғай құрылымдық бөлiмшесi болып табылады, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес арнаулы байланыс қызметiн көрсетедi.
Арнаулы байланыс қызметінің жеке құрамы уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілеріне сәйкес нысанды киiммен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қызметтiк қарумен, арнаулы қорғану және байланыс құралдарымен қамтамасыз етiледi.
3. Фельдъегерлiк және арнаулы байланыс қызметтерiн ұйымдастыру қызметін, сондай-ақ фельдъегерлiк және арнаулы байланыс қызметтерiн көрсету тәртібі мен оларды пайдаланушылардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Yкіметі айқындайды.
4. Қазақстан Республикасы почта байланысы ұйымдарының, фельдъегерлiк және арнаулы байланыс қызметтерiнiң, Қарулы Күштерiнiң фельдъегерлiк-почта байланысының өзара қатынастары тиiстi уәкiлеттi мемлекеттік органдардың бiрлескен нормативтiк құқықтық актілерінде регламенттеледi.
5. Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, фельдъегерлiк және арнаулы байланыс қызметкерлерi тасымалдайтын арнаулы жөнелтiмдер тексеруге және кідіртiлуге жатпайды.
23-бап. Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдарының, әскери басқару, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының қажеттеріне арналған байланыс желілері
1. Үкіметтік байланысты Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейтiн телекоммуникацияның арнаулы түрлерiн құру, дамыту және қауіпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы арнаулы уәкiлеттi мемлекеттік орган қамтамасыз етедi. Аталған орган мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтердi өз өкiлеттiктерi шегiнде сақтай отырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарын телекоммуникацияның арнаулы түрлерiмен қамтамасыз етедi.
Байланыс операторлары үкіметтiк байланыстың техникалық мүмкіндiктерi мен жарақтануын есепке ала отырып, ортақ пайдаланылатын телекоммуникация жерлерiн жаңғыртуды және дамытуды ұлттық қауiпсiздiк органымен келiсе отырып жүргізеді.
Үкiметтiк байланыс жүйесi Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен қамтамасыз етiледi.
2. Қазақстан Республикасының қорғаныс, қауiпсiздік және құқық тәртібін сақтау қажеттеріне арналған байланысты ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiн негiз ретiнде пайдаланатын арнаулы мақсаттағы телекоммуникация желiлерi қамтамасыз етедi.
2008.21.11 № 89-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
3. Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдарының, әскери басқару, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының мұқтаждықтары үшін техникалық құралдарды орналастыруға қажетті байланыс жолдары мен арналарын, кабель кәріздеріндегі арналар мен алаңдарды беру Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен уәкілетті органдар реттейтін бағалар (тарифтер) бойынша шарттық негізде жүзеге асырылады.
4. Арнаулы мақсаттағы телекоммуникация желiлерiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге арналған бiрыңғай телекоммуникация желiсінің ресурстарын әзiрлеу мен пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметi айқындайды.
5. Байланыс операторлары Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, әскери басқару, ұлттық қауіпсiздiк және ішкі істер органдарының қажеттерi үшiн байланыс арналары мен желiлерiн басымдықпен берудi және байланыс арналары бүлінген жағдайда оларды ауыстыру немесе қалпына келтiру жөнiнде бiрiншi кезектегi және шұғыл шаралар қолдануға мiндеттi.
6. Байланыс операторларының, сот шешiмiмен болмаса, байланыс арналарын ажыратуға және (немесе) Қазақстан Республикасының әскери басқару, ұлттық қауiпсiздiк және ішкі iстер органдарына үкіметтік байланыс қызметтерiн, байланыс қызметтерiн көрсетудi тоқтата тұруға құқығы жоқ.
7. Байланыс операторлары байланыстың жұмыс iстеп тұрған және жаңадан салынып жатқан құрылыстары мен тораптарында техникалық құралдарды орналастыру үшiн қажеттi алаңдарды, сондай-ақ арнаулы мақсаттағы телекоммуникация желiлерi мен үкiметтiк байланыс мүдделерiне пайдаланылатын желiлiк-кәбiлдiк құрылыстардағы резервтiк сыйымдылықтар мен кепiлдi электрмен қоректендiруді көздеуге мiндеттi.