5. Қызметі бір облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) аумағында жүзеге асырылатын шығармашылық одақтар жергілікті шығармашылық одақтар деп танылады.
6. Шығармашылық одақтардың халықаралық шығармашылық ұйымдармен қарым-қатынастары Қазақстан Республикасының заңдарымен, сондай-ақ халықаралық шарттарымен реттеледі.
7. Шығармашылық одақтарды құру, қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
17-бап. Шығармашылық одаққа мүшелік
1. Шығармашылық одақтың жарғысында белгіленген талаптарға сай келетін шығармашыл қызметкердің шығармашылық одаққа кіруге құқығы бар.
2. Шығармашылық одақтың жарғысында кандидаттарға және мүшелерге қойылатын талаптар азаматтардың мүліктік және мүліктік емес құқықтарына нұқсан келтірмеуге, олардың құрамына тиісті шығармашылық кәсіптердің неғұрлым білікті өкілдерінің бірігуіне, олардың кәсіби және шығармашылық өсуіне ықпал етуге тиіс.
18-бап. Кәсіби емес (әуесқойлық) шығармашылық бірлестіктер мен ұжымдар
Кәсіби емес (әуесқойлық) шығармашылық бірлестіктер мен ұжымдар азаматтардың, қоғамдық бірлестіктердің, мәдениет ұйымдарының, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың бастамасы бойынша құрылады және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс істейді.
5-тарау. МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТ
19-бап. Мәдениет саласындағы қызметті ұйымдастыру
Мәдениет саласындағы қызмет театрлардың, филармониялардың, оркестрлердің, цирктердің, студиялардың, мектептердің, шеберханалардың, орындаушылық ұжымдардың, мұражайлардың, кітапханалардың, көркемөнер салондары мен галереяларының, кинотеатрлардың және киноқондырғылардың, мәдени-демалыс ұйымдарының, зерттеу және реставрациялау орталықтарының, мәдени-тарихи орталықтардың, тарихи-мәдени және табиғат қорықтарының, аймақтарының және басқа да мәдениет ұйымдарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету жолымен жеке және заңды тұлғалардың мәдени құндылықтарды жасауы, насихаттауы, таратуы, пайдалануға беруі және қорғауы арқылы жүзеге асырылады.
Мәдениеттің дамуы үшін өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыратын мәдениетті дамыту қорлары құрылуы мүмкін.
20-бап. Мәдениет ұйымдары
1. Мәдениет ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
2. Мәдениет ұйымдары қызметінің түрлерін олардың құрылтайшылары айқындайды және бұл олардың жарғыларында көрініс табады.
3. Өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыратын мәдениет ұйымдары мемлекеттік, мемлекеттік емес және халықаралық ұйымдар болуы мүмкін.
21-бап. Мәдениет ұйымдарының мәртебесі
1. Мәдениет саласындағы қызметінің айрықша мемлекеттік және қоғамдық мәні бар мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген көркем, шығармашылық ұжымдарға «Ұлттық» мәртебе берілуі мүмкін.
«Ұлттық» мәртебе берудің тәртібі мен шарттарын Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
2. Өз саласында жетекші болып табылатын мемлекеттік мәдениет ұйымдарына жекелеген кәсіби көркем және шығармашылық ұжымдарға ұлттық мәдениет пен өнерді қалыптастырудағы, дамыту мен насихаттаудағы елеулі үлесі үшін Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен тәртіппен «Академиялық» мәртебе беріледі.
3. Мемлекеттік мәдениет ұйымдары жекешелендіруге жатпайды.
22-бап. Театрлар
1. Театрлар - әдебиет және өнер туындыларының сахналық көрсетілімдерін (драмалық, музыкалық-драмалық, музыкалық, хореографиялық, қуыршақ, пантомима, сатира және юмор, балалар мен жасөспірімдерге арналған, жастарға арналған, эксперименттік және өзгелері) жүзеге асыратын ойын-сауық ұйымдары.
2. Театрлар меншік нысанына қарамастан көркемдік бағыттар, репертуар таңдауда, әдебиет және өнер туындыларын көпшілік алдында орындау туралы шешімдер қабылдауда, сахна туындыларын жасауда және танымал етуде, сондай-ақ тиімді шығармашылық және өндірістік даму үшін қажетті, Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асыруда ерікті.
3. Азаматтарды мәдени өмір саласына тарту мақсатында халықтың театр іс-шараларына қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерді ұсынуға байланысты шығындарды жабуға мемлекеттік театрларға бюджет қаражатынан Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен субсидиялар бөлінеді.
23-бап. Концерттік ұйымдар
1. Концерттік ұйымдар - әдебиет және өнер туындыларын көпшілік алдында орындауға және көркемдік ұжымдар мен жекелеген орындаушыларды танымал етуге жағдайлар жасау үшін шаралар кешенін іске асыратын ойын-сауық ұйымдары.
2. Концерттік ұйымдардың негізгі міндеттері музыкалық-эстетикалық тәрбие беру, көркемдігі жоғары бағдарламалар мен нөмірлер жасаудың жағдайларын қамтамасыз ету, кәсіби көркемдік ұжымдар мен жекелеген орындаушылардың концерттерін ұйымдастыру, музыкалық-ағартушылық қызметті жүзеге асыру болып табылады.
3. Концерттік ұйымдар шығармашылық бағдарламалар жүргізуде және репертуар таңдауда дербестікке ие.
4. Республика азаматтарын мәдени өмір саласына тарту мақсатында республика халқының барлық жіктерінің концерттік іс-шараларға қолжетімділігін қамтамасыз ету жөнінде қызметтер ұсынуға, классикалық, халықтық, музыкалық және хореографиялық өнерді насихаттауға байланысты шығындарды жабуға мемлекеттік концерттік ұйымдарға мемлекеттік бюджеттен Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен субсидиялар бөлінеді.
24-бап. Кітапхана ісі
1. Кітапхана ісі - міндеттеріне кітапханалар желісін құру және дамыту, олардың қорларын қалыптастыру және өңдеу, кітапхана пайдаланушыларға кітапханалық, ақпараттық және ақпараттық-библиографиялық қызмет көрсетуді ұйымдастыру, кітапхана мамандарын даярлау мен олардың біліктілігін арттыру, кітапханалардың дамуын ғылыми және әдістемелік қамтамасыз ету кіретін мәдениет саласы.
2. Кітапхана - ақпараттық, мәдени, білім беру функцияларын орындайтын, баспа және қолжазба құжаттарының ұйымдастырылған қоры, сондай-ақ графикалық, дыбыстық-көрініс материалдары, электронды жеткізгіштерде құжаттары бар және оларды жеке және заңды тұлғаларға уақытша пайдалануға беретін мекеме.
3. Қазақстан Республикасының аумағында әмбебап, жасөспірімдер, балалар кітапханалары, сондай-ақ көрмейтін және нашар көретін азаматтар үшін арнайы кітапханалар құрылуы мүмкін.
4. Мемлекеттік кітапханалар ақысы міндетті сипатта болмайтын және жеке немесе заңды тұлғамен келісім бойынша айқындалатын, өздерінің негізгі қызметіне қатысы жоқ тауарлар (жұмыстар, қызметтер) өткізуге құқылы. Мұндай тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден түскен ақша мемлекеттік кітапхананың иелігінде қалуы мүмкін.
Мемлекеттік кітапханалар:
1) жеткізгіштердің, форматтардың, стандарттардың барлық түрінен көшірмелер дайындауға және оларды өңдеуге;
2) кемтар азаматтар үшін материалдар дайындауға;
3) құжаттарды талдамалы-синтетикалық өңдеуге және қосымша библиография жасауға;
4) қолжазбаларды, құнды кітаптарды және құжаттарды реставрациялауға;
5) көшпелі ақпараттық - көрме іс-шараларын ұйымдастыруға;
6) білім беру және аудармашылық қызметтерін көрсетуге;
7) қолжазбаларға және құнды кітаптарға сараптама жасауға;
8) байланыс операторымен шарт негізінде Интернет желісі қызметтерін ұсынуға;
9) құжаттарды электронды жеткізуге, тақырыптық ақпарат іздестіріп, құрастыруға;
10) экскурсиялық қызмет етуге, фото, бейне түсірілімдер жасауға;
11) кітапхана шығарған оқу-әдістемелік әдебиетті және басқа да оқу құралдарын өткізуге құқығы бар.
Мемлекеттік кітапханалардың негізгі қызметіне қатысы жоқ тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден қаражат түсу және оны пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
5. Кітапхана ісі, сондай-ақ ұлттық мәдени мұраның бір бөлігі ретінде кітапхана қорларын сақтаумен, пайдаланумен байланысты мәселелер уәкілетті орган белгілеген тәртіппен реттеледі.
6. Мүгедек немесе егде жаста болуынан кітапханаларға бара алмайтын кітапхана пайдаланушылар уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен сырттай және стационарлық емес қызмет ету нысандары арқылы кітапхана қорларына қол жеткізуге құқығы бар.
25-бап. Мұражайлар
1. Мұражайлар - мұражай жәдігерлері мен мұражай коллекцияларын сақтау, зерделеу және көпшілікке көрсету үшін құрылған, мәдени, білім беру және ғылыми-зерттеу функцияларды жүзеге асыруға және Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасын көпшілікке танытуды қамтамасыз етуге тиіс мәдениет ұйымдары.
2. Қазақстан Республикасының аумағында әр түрлі бейіндегі мұражайлар, соның ішінде жеке коллекциялар мұражайлары құрылуы мүмкін. Айрықша тарихи, ғылыми, мәдени және көркемдік мәні бар жылжымайтын тарихи-мәдени құндылықтар ансамбльдері мен кешендері тарихи-мәдени және (немесе) табиғи қорықтар, қорық-мұражайлар болып жариялануы мүмкін.
Тарихи-мәдени және табиғи қорықтардың, қорық-мұражайлардың мәртебесі Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен айқындалады.
3. Мұражай жәдігерлері мен мұражай коллекциялары мұражай қорының құрамына кіреді және елдің мәдени мұрасының ажырамас бөлігі болып табылады.
Мұражай жәдігерлерін мемлекеттік мұражайлардан жеке меншікке беруге тыйым салынады.
4. Мемлекеттік мұражайлар мен мұражай-қорықтар ақысы міндетті сипатта болмайтын және жеке және заңды тұлғалармен келісім бойынша айқындалатын, өздерінің негізгі қызметіне қатысы жоқ тауарлар (жұмыстар, қызметтер) өткізуге құқылы. Мұндай тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден түскен ақша мемлекеттік мұражайлардың және мұражай-қорықтардың иелігінде қалуы мүмкін.
Мемлекеттік мұражайлар мен мұражай-қорықтардың:
1) жеткізгіштердің, форматтардың, стандарттардың барлық түрінен көшірмелер дайындауға және оларды өңдеуге;
2) байланыс операторымен шарт негізінде Интернет желісі қызметтерін ұсынуға;
3) фото, бейне түсірілімдер жасауға;
4) кәдесый және полиграфия өнімдерін өткізуге;
5) мұражайлар мен мұражай - қорықтар шығарған оқу-әдістемелік әдебиетті және басқа да оқу құралдарын өткізуге құқығы бар.
Мемлекеттік мұражайлар мен мұражай-қорықтардың негізгі қызметіне қатысы жоқ тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден қаражат түсу және оны пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
5. Мұражайдың сақтау қоймасындағы мұражай жәдігерлері мен мұражай коллекцияларына қол жеткізу тәртібі мен шарттары және мұражай ісі саласындағы басқа да қатынастар уәкілетті орган белгілеген тәртіппен реттеледі.
6. Тарихи-мәдени құндылықтарды сақтауды қамтамасыз ету мақсатында тарихи-мәдени құндылықтардың сақталуын, есепке алынуын, жинақталуын және реставрациялануын қамтамасыз етуге байланысты шығындарды жабуға мемлекеттік мұражайларға мемлекеттік бюджеттен Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен субсидиялар бөлінеді.
26-бап. Ауыл мәдениеті
1. Қазақстан Республикасында ауылдық елді мекендердің мәдениет объектілерімен қамтамасыз етілу нормативі талаптарымен айқындалатын деңгейде ауылдық жерде мәдениетті дамытуда, мемлекеттік мәдениет ұйымдары желісін қалыптастыруда, халыққа эстетикалық білім беру және мәдени қызмет көрсету үшін жағдайлар жасауда басымдық қамтамасыз етіледі.
2. Ауылдық жерлердегі мемлекеттік мәдениет ұйымдары материалдық-техникалық қамтамасыз етудің басым құқығын пайдаланады.
2008.24.12. № 111-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Ауылдық елді мекендерде тұратын мәдениет ұйымдарының қызметкерлеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген әлеуметтік қолдау шаралары беріледі.
27-бап. Мәдени-демалыс ұйымдары
1. Мәдени-демалыс ұйымдары - қызметі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен реттелетін күнделікті көпшіліктің араласу (клубтар, мәдениет және демалыс парктері, мәдениет үйлері мен сарайлары, халық шығармашылығы орталықтары (үйлері) және басқалары), жеке адамды, көркемөнерпаз халық шығармашылығын дамыту орталықтары.
2. Мәдени-демалыс ұйымдарының негізгі міндеті халықтың рухани және эстетикалық сұранысын қанағаттандыру болып табылады.
3. Мәдени-демалыс ұйымдарының қызметі:
1) халық шығармашылығын, этномәдени дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды сақтауға, насихаттауға, олардың осы заманғы тарихи және әлеуметтік-экономикалық жағдайларға бейімдеуге;
2) Қазақстан Республикасында атап өтілетін мерекелерді, концерттерді, ән-би мерекелерін, тұсаукесерлерді, фестивальдерді, конкурстарды, айтыстарды, халықтың қолданбалы және бейнелеу өнері көрмелерін ұйымдастыруға;
3) ғылыми-практикалық, ақпараттық-әдістемелік жұмыстарды ұйымдастыруға;
4) мәдени-демалыс қызметіндегі және халық шығармашылығындағы озық тәжірибені зерделеуге, қорытуға, танытуға, оны енгізуге және таратуға;
5) облыстық, өңірлік, республикалық, халықаралық мерекелерге, конкурстарға, фестивальдерге қатысу арқылы халық шығармашылығының үздік ұжымдарын насихаттауға;
6) этномәдени бірлестіктерді қолдауға;
7) мәдени - демалыс қызмет саласындағы ұлттық мәдениеттерді сақтауға және дамытуға бағытталған инновациялық жобалар мен бағдарламаларды, әртүрлі мәдени акцияларды, бастамашылықтарды қолдауға бағытталған.
4. Бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын мәдени-демалыс ұйымдарын таратуға, егер мұндай тарату халыққа мәдени қызметтердің ең аз көлемін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейтін болмаса, оған жол берілмейді.
5. Азаматтарды мәдени өмір саласына тарту мақсатында халықтың мәдени-демалыс іс-шараларына қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметтер ұсынуға байланысты шығындарды жабуға мемлекеттік мәдени-демалыс ұйымдарына бюджет қаражатынан Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен бюджеттік субсидиялар бөлінеді.
28-бап. Кинематография
1. Кинематография - кез келген нысанда және әр түрлі жанрда дыбыс-бейне туындыларын жасауға және олардың прокатына бағытталған шығармашылық, ғылыми, өндірістік, білім беру қызметі түрлерін біріктіретін мәдениет саласы.
2. Кинематографияны мемлекеттік қолдаудың негізгі шаралары:
1) барлық түрде және жанрда ұлттық фильмдер жасауға;
2) кинематографияның материалдық-техникалық базасын сақтауға және дамытуға;
3) шетелдік фильмдерге қарағанда ұлттық фильмдер өндірісіне, таралымына және прокатына басым жағдайлар жасауға;
4) кинофестивальдер және басқа да іс-шаралар өткізуге;
5) халықаралық кинематографистер ұйымдарына, сондай-ақ фестивальдер мен конкурстарға қатысуға және өкілдік етуге бағытталған.
3. Қазақстан Республикасындағы кино өндірісінің негізін кинематографиялық ұйымдар құрайды, олардың негізгі міндеті әр түрдегі және жанрлардағы ұлттық фильмдер өндірісі, шығарылымы, таралымы, прокаты болып табылады.
29-бап. Шығармашылық ұжымдар мен орындаушылардың
гастрольдік қызметі
1. Шығармашылық ұжымдар мен орындаушылардың Қазақстан Республикасының аумағындағы гастрольдік қызметі шарт негізінде жүзеге асырылады.
2. Шетелдік гастрольдерді шығармашылық ұжымдар мен жекелеген орындаушылар авторлық құқықтың және сабақтас құқықтардың сақталуын қамтамасыз ететін шарттар негізінде өткізеді.
30-бап. Халық көркем шығармашылығы
1. Халық көркем шығармашылығы - халық көркем шығармашылығы шеберлерінің шығармашылық қол еңбегі және (немесе) механикаландырылған еңбегі процесінде белгілі бір жерде халық өнері дәстүрлерін ұжымдасып игеру және сабақтастықпен дамыту негізінде жүзеге асырылатын халық шығармашылығы нысандарының бірі, әсемдік мақсаттағы көркем бұйымдар жасау жөніндегі қызмет.
2. Бұйымдарды халық көркем шығармашылығы бұйымдарына жатқызу халық көркем шығармашылығы жөніндегі көркемдік-сарапшылық кеңестердің қорытындылары негізінде жүзеге асырылады.
3. Халық көркем шығармашылығы саласындағы қызметті жүзеге асырушы жеке және заңды тұлғалардың құқықтары Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген тәртіппен қорғалады.
31-бап. Мәдениет саласындағы қызметті қаржыландыру
1. Мемлекеттік мәдениет мекемелерін қаржыландыру Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасында белгіленген тәртіппен пайдаланылатын, бюджет қаражаты және қайырымдылық, демеушілік көмек түрінде түсетін қаражат және өзге де қаражат есебінен жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік емес мәдениет ұйымдарын қаржыландыру, қызметтер көрсету, құрылтайшылардың қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған басқа да көздер есебінен жүзеге асырылады.
3. Мәдениетті дамыту қорлары Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен мемлекеттік емес қаражаттарды тартуы мүмкін.
6-тарау. МӘДЕНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИ ИГІЛІК
32-бап. Мәдени құндылықтар
Мәдени құндылықтарға:
1) археологиялық олжалар (кәдуілгі және құпияларын қоса алғанда) және археологиялық жаңалықтар;
2) өсімдіктер мен жан-жануарлардың, минералогияның, анатомияның сирек коллекциялары мен үлгілері және палеонтология үшін қызығушылық тудыратын заттар;
3) ғылым мен техника тарихын, соғыстар және қоғам тарихын қоса алғанда, тарихқа қатысты, сондай-ақ ұлттық ғылым, мәдениет пен өнер қайраткерлерінің, ойшылдардың, ғалымдардың және артистердің өмірімен және ірі ұлттық оқиғалармен байланысты құндылықтар;
4) жекелей немесе коллекциялардағы, айрықша қызығушылық тудыратын сирек қолжазбалар, көне кітаптар (тарихи, көркем, ғылыми, әдеби), құжаттар және басылымдар;
5) жекелей немесе коллекциялардағы почта маркалары, салықтық және осы тәрізді маркалар;
6) қорытпасына немесе дайындалған металына қарамастан, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасының тиындарын, сондай-ақ өзге де мемлекеттердің дайындалғанына жүз жыл болмаған тиындарын қоспағанда, тиындар, медальдар, мөрлер және басқа да коллекциялық материалдар;
7) көне және бірегей музыкалық аспаптар;
8) дыбыс, фото, бейне, кино мұрағаттарын қоса алғанда, мұрағаттар, мұрағат қорлары мен коллекциялар, сондай-ақ ғылыми-техникалық құжаттама;
9) тарихи-мәдени маңызы бар өнер туындылары;
10) этнографиялық, антропологиялық, этнологиялық және палеонтологиялық материалдар;
11) айрықша тарихи және мәдени құндылығы бар, жасалғанына жүз жылдан асқан көне заттар;
12) Қазақстан Республикасы халқының өміріндегі тарихи оқиғалармен, қоғам және мемлекет дамуымен, ғылым мен техника тарихымен, сондай-ақ көрнекті ғылым, мемлекет, мәдениет қайраткерлерінің өмірімен байланысты объектілер, соның ішінде мұражай заттары және мұражай коллекциялары;
13) кез келген негіздегі және кез келген материалдан жасалған қол жұмысының полотнолар, картиналар және суреттер түріндегі көркем құндылықтары (сызбаларды және өнеркәсіп бұйымдарын, қолдан жасалған әшекей заттарды қоспағанда);
14) мүсін өнерінің кез келген материалдан жасалған соны туындылары;
15) бірегей гравюралар, эстамптар және литографиялар;
16) бөлшектенген көркем және тарихи ескерткіштердің және археологиялық орындардың құрамдас бөліктері жатады.
33-бап. Ұлттық-мәдени игілік объектілерінің мемлекеттік тізілімі
1. Мәдени мұраны сақтау мақсатында осы Заңның 32-бабында аталған, айрықша құндылығы бар объектілер Мемлекеттік тізілімге енгізіледі.
2. Жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ ескерткіштерді (тарихи, археологиялық, сәулет және басқа) зерделеумен айналысатын зерттеу ұйымдары уәкілетті органға Мемлекеттік тізілімге енгізілуге жататын объектілер туралы мәліметтер беруге міндетті. Жаңа объектілер мен заттардың анықталуына қарай қажетті мәліметтері бар жаңа ақпарат ұсынылады.
3. Жеке және (немесе) заңды тұлғалардың объектілерді Мемлекеттік тізілімге енгізу туралы өтінімдері уәкілетті органның қарауы үшін міндетті болып табылады. Аталған өтінімдердің берілуі мұндай объектілерге мәселе мәнісімен шешілгенге дейін, бірақ екі айдан аспайтын уақытқа, ерекше режимді уақытша беру үшін негіз болып табылады.
34-бап. Ұлттық-мәдени игілік объектілерінің ерекше режимі
1. Кешенді түрде ерекше көркемдік немесе тарихи мүдделілік туғызатын коллекцияларды немесе заттар жиынын бөлшектеуге болмайды.
Мемлекеттік тізілімге енгізілген ұлттық-мәдени игілік объектілерін уәкілетті органның әрбір нақты объект бойынша өзі құратын сарапшы комиссиясының ұсынымы негізінде беретін арнайы рұқсатынсыз жоюға, басқа жерге ауыстыруға, өзгертуге, түрлендіруге немесе реставрациялауға жол берілмейді.
2. Ұлттық-мәдени игілік объектілерін тарихи, көркемдік және діни мақсатына сай емес қандай да бір тұрғыда пайдалануға жол берілмейді. Діни-табыну ұйымдарына тиесілі және ұлттық-мәдени игілік объектілері болып табылатын заттар олардың табынушылық мақсаты ескеріле отырып пайдаланылуы мүмкін.
3. Ұлттық-мәдени игілік объектілерінің айрықша режимі авторлық құқық және сабақтас құқықтар объектілеріне қолданылмайды.
4. Сәулет ескерткіштерін пайдаланудың басым құқығы мәдениет мекемелеріне тиесілі.
5. Ұлттық-мәдени игілік объектілерінің жай-күйін тиісінше ұстап тұру және сақтау жөніндегі міндеттер оларды пайдаланушыларға немесе меншік иелеріне жүктеледі. Аталған міндеттің сақталмауы берілген құқықты сот тәртібімен өтемді негізде алып қоюға әкеліп соғады. Меншік иелерінің немесе пайдаланушылардың ұлттық-мәдени игілік объектілерін күтіп-ұстауға материалдық немесе өзге де мүмкіндіктері болмаған кезде, шығыстарды мемлекет өзіне алады.
Ұлттық-мәдени игілік объектісі меншік иесінің құқықтарын іске асыру, Қазақстан Республикасының ұлттық-мәдени игілік объектілері сатылған жағдайда, оларды мемлекет иеленуінің басым құқығы көзделіп, Қазақстан Республикасының заңында белгіленген бақылаумен және тәртіппен жүзеге асырылады.
6. Мемлекет меншігіндегі ұлттық-мәдени игілік объектілері жекешелендіруге жатпайды.
7. Ұлттық-мәдени игілік объектілері мен заттарын қасақана жойғаны, бұзғаны немесе бүлдіргені үшін жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады.
35-бап. Мәдени құндылықтарды әкету және әкелу
1. Уақытша экспозиция, гастрольдік қызмет, реставрациялау жұмыстары және ғылыми зерттеулер, тұсаукесерлер, көрмелер және халықаралық мәдени іс-шаралар өткізу жағдайларын, сондай-ақ осы Заңда белгіленген өзге де жағдайларды қоспағанда, мәдени құндылықтарды және ұлттық-мәдени игілік объектілерін Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге әкетуге тыйым салынған.
2. Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге заңсыз әкетілген және (немесе) оның аумағына заңсыз әкелінген мәдени құндылықтар мен ұлттық-мәдени игілік объектілері міндетті түрде қайтарылуға жатады. Бұл ретте заңсыз әкетіліп, қайтарылған, сондай-ақ соттың шешімімен тәркіленген мәдени құндылықтар тиісті бейіндегі республикалық маңызы бар мемлекеттік мұражайларға тапсырылуға тиіс.
3. Автордың Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге уақытша немесе тұрақты тұруға баратынына қарамастан, өзі жасаған мәдени құндылықтарды әкетуге құқығы бар.
4. Мәдени құндылықтарды әкету және әкелу ережелері шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының аумағында жасаған объектілеріне де қолданылады.
5. Егер бұл іс-әрекеттер мәдени құндылықтарды заңсыз әкетуге және әкелуге ықпал етуі мүмкін болса, мәдени құндылықтар иелерінің аталған құндылықтарды иелену, пайдалану және иелік ету жөніндегі құқықтарын басқа біреуге беруіне жол берілмейді.
Мәдени құндылықтарды әкетуге және әкелуге рұқсат беру ережесін қара
36-бап. Мәдени құндылықтарды уақытша әкету тәртібі мен шарттары
1. Заттардың меншік иесі не меншік иесі оған уәкілеттік берген тұлға мәдени құндылықтарды уақытша әкетуді жүзеге асыруы мүмкін.
2. Заңды тұлғалар мәдени құндылықтарды уақытша әкетуі кезінде олардың әкетілетін заттарға меншік құқығы құжаттамамен расталуы қажет.
3. Мәдени құндылықтарды уақытша әкету, сондай-ақ олардың қайтарылуы мәдени құндылықтарды әкету және әкелу жөніндегі сарапшы комиссия жүзеге асыратын сараптама негізінде жүзеге асырылады.