Жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешу
Азаматтардың тұрғын үй проблемаларын шешу және Астана, Алматы қалаларында, Ақмола және Алматы облыстарында жылжымайтын мүлік нарығын жандандыру үшін «Самұрық-Қазына» қоры арқылы ипотекалық кредит берудің және тұрғын үй секторын дамытудың арнайы бағдарламасы іске қосылатын болады. Осы бағдарламаны қаржыландыруға Қор Ұлттық қордың және жинақтаушы зейнетақы қорларының қарыз қаражатын тарту есебінен қалыптастырылатын 5 млрд. АҚШ доллары (600 млрд. теңге) мөлшерінде сома беретін болады. Осы бағдарламаның қаражаты есебінен екінші деңгейдегі банктер арқылы Алматы, Астана қалаларында, Алматы және Ақмола облыстарында құрылысы аяқталмаған тұрғын үй кешендерін аяқтауға қарыздар беру қамтамасыз етілетін болады.
Екінші деңгейдегі банктер мен жылжымайтын мүлік объектілерін әділ бағасы бойынша сатуға дайын құрылыс салушы компаниялар осы бағдарламаға қатысушылар болады.
Жылжымайтын мүлік нарығындағы ахуалды тұрақтандыру бойынша бағдарламаның негізгі параметрлері:
1) «Самұрық-Қазына» қоры екінші деңгейдегі банктерде жеңілдікті ставка бойынша 15 жылға бірқатар несиелік желілер ашатын болады. Өз кезегінде екінші деңгейдегі банктер қарыз алушылардың әр түрлі топтарына ипотекалық кредиттерді мерзімінен бұрын өтеу құқығымен 10,5%-12,5%-бен 15 жыл мерзімге дейін беретін болады.
2) қаражаттың бір бөлігі жаңа қарыз алушылар үшін түпкілікті ставканың 10,5 % деңгейінде болуын көздейтін жаңа ипотекалық бағдарламаға жіберілетін болады. Осы бағдарлама халыққа ипотека бойынша жеңілдікті ставкалармен және тұрғын үйдің қол жетімді бағасы бойынша тұрғын үй алуға мүмкіндік береді. Екінші деңгейдегі банктер құрылысы аяқталмаған объектілерде пәтерлер сатып алуға ипотекалық қарыздар беру жолымен қарыз алушы-құрылыс компаниялармен ахуалды түзетуге және кредиттік портфельдің сапасын елеулі дәрежеде жақсартуға мүмкіндік алады.
3) Екінші деңгейдегі банктер қаражатының бір бөлігі қарыз алушының басқа тұрғын үйі болмаған жағдайда өткен кезеңдерде тұрғын ауданы 120 шаршы метрден аспайтын үй-жайды сатып алуға және салуға ипотекалық қарыз алған және осы ипотекалық қарыздарға қызмет көрсету жөніндегі өз міндеттемелерін адал орындаған қарыз алушылар үшін ипотекалық қарыздар бойынша пайыздық ставкаларды 9 % (мемлекеттік қызметшілерге, мемлекеттік қызметшілер болып табылмайтын мемлекеттік мекемелердің қызметкерлеріне, мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлеріне, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және оларға теңестірілген адамдарға, зейнеткерлер мен мүгедектерге) - 11 %-ға дейін (қалған барлық қарыз алушыларға) төмендетуге жібереді.
4) өз кезегінде мемлекет ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және мемлекет қатысатын не ұлттық басқарушы холдинг немесе ұлттық холдинг қатысатын акционерлік қоғамдардың тұлғасында Астана, Алматы қалалары мен Алматы облысының нарығынан әділ бағамен құрылысы аяқталған немесе салынып жатқан тұрғын үй құрылысы объектілерінде жаңа тұрғын мен тұрғын емес үй-жайлар сатып алатын болады.
Үкімет, сондай-ақ тұрғын үйге қол жетімділікті қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдайтын болады. Бұл үшін қолданыстағы тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламасына өзгерістер енгізіледі.
Әкімдіктерге пәтерлерді құрылысы аяқталған объектілерде және дайындығы жоғары дәрежедегі объектілерде жеке құрылыс салушылардан белгіленген баға бойынша сатып алу құқығы берілетін болады. Бұл тұрғын үй бағдарламасын іске асыруды жеделдетуге мүмкіндік береді.
Азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуді ұлғайту мақсатында жалгерлік тұрғын үй құрылысына 15 млрд. теңге жіберілетін болады. Бұл қосымша 265 мың шаршы метр жалгерлік тұрғын үйді пайдалануға беруге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде салынған барлық объектілер тұрғын үй құрылыс жинақтарының жүйесі арқылы сатылатын болады. Бұл халықтың басым санаттарына жылдық 4 %-дан аспайтын пайыздық ставка бойынша алдын ала тұрғын үй қарыздарын ұсынуға және тұрғын үй сатып алу үшін бастапқы салымның жинақталуына байланысты қиындықтарды болдырмауға мүмкіндік береді.
Үлескерлердің құқықтарын қорғауды арттыру мақсатында Үкімет үлестік құрылыс мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізетін болады.
Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес «Самұрық- Қазына» қоры Астана, Алматы қалаларындағы және Алматы облысындағы жылжымайтын мүлік объектілерінің құрылысын аяқтау үшін құрылыс салушылармен мүлікті (ақшаны) өтеусіз уақытша пайдалану шарттарын жасасатын болады. Көрсетілген шарттарда берілген ақшаның қайтарымдылығын қамтамасыз ететін тиісті тетіктер көзделетін болады. Жылжымайтын мүлік объектілері мен ақшаның шекті лимиттерін қоса алғанда, осындай құрылыс салушылардың тізбесін «Самұрық-Қазына» қоры әзірлейді және Үкімет мақұлдайды. Кейіннен осы жылжымайтын мүлік объектілері «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» акционерлік қоғамының немесе «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының қаражаты есебінен қаржыландырылатын болады.
Жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешу үшін «Самұрық-Қазына» қорының оның жарғылық капиталына жүз пайыз қатысатын «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - Жылжымайтын мүлік қоры) құрылатын болады. Жылжымайтын мүлік қоры құрылысы аяқталған немесе салынып жатқан тұрғын үй құрылысы объектілерінде тұрғын мен тұрғын емес үй-жайларды сатып алады. Бұл ретте Жылжымайтын мүлік қоры сатып алатын тұрғын мен тұрғын емес үй-жайлардың құнын анықтау бойынша негізгі тәсілдерді «Самұрық-Қазына» қоры әзірлейтін және Үкімет мақұлдайтын болады.
Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес Жылжымайтын мүлік қоры жылжымайтын мүлік объектілерінің құрылысын аяқтау үшін құрылыс салушылармен мүлікті (ақшаны) өтеусіз уақытша пайдалану шарттарын жасасатын болады. Жылжымайтын мүлік объектілері мен ақшаның шекті лимиттерін қоса алғанда, осындай құрылыс салушылардың тізбесін Жылжымайтын мүлік қоры қалыптастырады және Жылжымайтын мүлік қорының Директорлар кеңесі мен «Самұрық-Қазына» қорының Басқармасы бекітеді және Үкімет мақұлдайды.
«Самұрық-Қазына» қорының Басқармасы «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-ның жылжымайтын мүлік объектілерінің құрылысын аяқтауды қаржыландыру және сатып алу ережесін бекітеді. Бұл ретте Жылжымайтын мүлік қоры көрсетілген Ереженің талаптарына сәйкес қатаң түрде тұрғын үй құрылысы объектілерін іріктейді, құрылыс салушыларды, қаржыландырудың жалпы сомасын, бір шаршы метр үшін бағасын анықтайды және Жылжымайтын мүлік қорының Директорлар кеңесі, «Самұрық-Қазына» қорының Басқармасы бекітетін және Үкімет мақұлдайтын көрсетілген объектілер тізбесін қалыптастырады.
Стресті активтер қоры» акционерлік қоғамы жылжымайтын мүлік объектілерін екінші деңгейдегі банктерден сатып алатын болады, сондай-ақ жылжымайтын мүлік объектілерінің құрылысын аяқтау үшін екінші деңгейдегі банктерде қаражатты негізделген орналастыруды жүргізеді.
Самұрық-Қазына» қоры заңнамаға сәйкес жылжымайтын мүлік объектілерінің құрылысын аяқтауға құрылыс салушылармен кредиттік шарттар жасасуы мүнкін. Бұл ретте «Самұрық-Қазына» қоры ұсынған көрсетілген кредиттерді берудің негізгі шарттарын Үкімет мақұлдайды.
ҚР Үкіметінің 2009.17.02. № 180 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2009.06.05 № 633 Қаулысымен (бұр. ред. қара); 2009.09.10 № 1553 қаулысымен (бұр.ред.қара) бөлім өзгертілді
Шағын және орта бизнесті , ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта
өңдеу және тамақ өнімдерін өндіру ұйымдарын қолдау
Экономиканы отандық қаржы институттары тарапынан қаржыландырудың қысқаруы жағдайында шағын және орта бизнеске көмек көрсету жалғасатын болады. Мемлекеттік қолдау олардың салалық тиістілігіне қарамастан, шағын және орта бизнестің барлық субъектілеріне көрсетілетін болады.
Біріншіден, осы мақсаттарға «Самұрық-Қазына» қоры 2009 жылы қосымша 1 млрд. АҚШ долларын (120 млрд. теңге) бөледі. Бөлінетін қаражат шеңберінде 70% ағымдағы жобаларды қайта қаржыландыруға және 30% жаңа жобаларды іске асыруға бағытталатын болады.
Азық-түлік нарығындағы проблемаларды шешу үшін және отандық тамақ өнімдерін өндірушілерді қолдау мақсатында бөлінетін 30 % шеңберіндегі қаражат ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және тамақ өнімдерін ендіру жөніндегі жобаларды қаржыландыруға жіберілетін болады. Бұл ретте ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді және тамақ өнімдерін өндіруді жүзеге асыратын көрсетілген қарыз алушылар тек қана шағын және орта бизнес субъектілеріне жатқызылмауы мүмкін.
Екінші деңгейдегі банктер шағын және орта бизнеске кредит беру бойынша барлық бағдарламалардың операторлары болады. «Самұрық-Қазына» қоры бөлетін қаражат шеңберінде бір жобаны қаржыландыруға арналған лимит 3-тен 5 млн. АҚШ. долларына дейін өседі.
Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп шағын және орта бизнес үшін сыйақы ставкасын тұрақтандыру бойынша дағдарысқа дейінгі деңгейге дейін (12,5 %-дан аспайтын) шара қабылдайды, сондай-ақ тиімді ставканы тіркей отырып, шағын және орта бизнесті қолдау бойынша қабылданған барлық бағдарламалар қайта қаралатын болады.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры шағын және орта бизнеске берілетін кредиттерге кепілдік беру тетігін енгізетін болады.
Екіншіден, «Самұрық-Қазына» қоры ауылдық жерде шағын кредит берудің, оның ішінде ауылдық кәсіпкерлерге кредит берудің бағдарламасын әзірлейді.
Үшіншіден, шағын және орта бизнес субъектілерін тұрақты тапсырыстармен қамтамасыз ету мақсатында оларға «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заңның қолданылуы шеңберінде мемлекеттік органдардың, мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың мемлекеттік тапсырыстарына қол жеткізуі ұсынылатын болады.
Жер қойнауын пайдаланушылармен және сервистік компаниялармен қазақстандық қатысуды ұлғайту бойынша жұмыс күшейтілетін болады.
Төртіншіден, Үкімет кәсіпкерлікті дамыту үшін әкімшілік кедергілерді төмендету және рұқсат беру жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша жұмысты жалғастырады.
Бесіншіден, «Стресті активтер қоры» акционерлік қоғамы қаражатының бір бөлігі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы, «Стресті активтер қоры» акционерлік қоғамы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы арасындағы Екінші деңгейдегі банктер мен лизингілік компаниялар арқылы өңдеуші өнеркәсіп саласындағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің лизингілік мәмілелерін қаржыландыру туралы келісімнің негізінде банктер мен лизингілік компаниялар арқылы қаржылық лизингке жабдықтар сатып алу үшін шағын және орта бизнес субъектілеріне кейіннен кредит беру мақсатында қаржы ұйымдарына кредит беруге бағытталатын болады.
ҚР Үкіметінің 2009.11.06 № 890 Қаулысымен бөлім өзгертілді (бұр.ред.қара)
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту
Агроөнеркәсіптік кешенді дамуға ерекше назар аударылатын болады. Агроөнеркәсіп сектор экономиканы тұрақтандыру мен сауықтыру бағыттарының бірі ретінде белгілеуге мүмкіндік беретін негізгі факторлар мыналар:
1. Агроөнеркәсіптік кешен жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының 30%-ын шоғырландырады. Сондықтан ол халықты жұмыспен қамту деңгейін қолдауға бағытталған шаралардың орталық буыны болып табылады.
2. Ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс жағымсыз экономикалық үрдістің әсеріне ұшырау деңгейі барынша аз.
3. Агроөнеркәсіптік кешен елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндетті шешеді.
4. Қазақстан экспорт нарығында өнімнің бәсеке қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті түрде салыстырмалы артықшылықтарға ие болып отыр.
Көрсетілген себептерге қарай агроөнеркәсіп секторындағы өндірісті қолдау мен көлемін кеңейту экономикалық белсенділіктің және халықтың жұмыспен қамтылуының артуына, ал орта мерзімді перспективада - экспортты әртараптандыру мен экономикалық дамудың орнықтылығын қамтамасыз етуге елеулі түрде оң ықпалын тигізеді.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған республикалық бюджеттен шығыстар 2009 - 2011 жылдары 350 млрд. теңгеге жуықты құрайды.
Агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға «ҚазАгро» холдингінен қосымша 1 млрд. АҚШ доллары (120 млрд. теңге) көлемінде қаражат берілетін болады. Жобалар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялармен бірлесіп іске асырылатын болады.
Инвестициялар, ең алдымен, астық секторы, ет және сүт өнімдерін қайта өңдеу және жеміс-көкөніс дақылдарын өндіру сияқты қолданыстағы секторларды қолдауға және жаңа экспортқа бағдарланған секторларды дамытуға бағытталатын болады. Дамыған экспорттық инфрақұрылымдары бар жылыжай шаруашылықтарының, көкөніс қоймаларының, құс фабрикаларының, тауарлы-сүт фермаларының, семірту алаңдары мен сойыс пункттерінің желілері құрылатын болады. Қазіргі заманғы ет өңдеу кешендерін ұйымдастыру, тамшылатып суландыру технологияларын қолданып жеміс-көкөніс дақылдарын өндіруді және жіңішке жүн талшығын терең өңдеуді дамыту, Қазақстан астығы экспортының инфрақұрылымын дамыту, аграрлық техникалық маркеттерді құру және дамыту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру жөніндегі жобалар іске асырылатын болады.
Агроөнеркәсіптік кешенде инвестициялық жобаларды іске асыратын қарыз алушыларды таңдау рәсімдерінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында құрамына Парламент депутаттары, партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері және «ҚазАгро» холдингі мен оның еншілес ұйымдарының өкілдері және басқалар кіретін қоғамдық комиссиялар құрылатын болады.
Көрсетілген инвестициялық жобаларды іске асыру осы Жоспардың бағыттары шеңберінде басым сипатқа ие болады.
Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан қарызға алынған,
2009 - 2010 жылдары инвестициялық жобаларды іске асыруға уақытша тартылмаған (рәсімдік және технологиялық себептерге байланысты) ақшалай қаражат заңнамада белгіленген тәртіппен астық сатып алу, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін, оның ішінде көктемгі-егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге кредит беру арқылы қаржыландыруға және ауыл шаруашылығы өнімін сатып алуды жүзеге асыру арқылы кейіннен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қаржыландыруға бағытталатын болады.
Бұл ретте «ҚазАгро» холдингі 2009 - 2010 жылдар ішінде агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің көрсетілген қаражатты инвестициялық жобаларды уақтылы іске асыру үшін кезең-кезеңімен қайтаруын қамтамасыз етуі тиіс.
ҚР Үкіметінің 2009.17.02. № 177 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2009.09.10 № 1553 қаулысымен (бұр.ред.қара); 2009.03.11 № 1747 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2010.14.04. № 303 Қаулысымен (бұр.ред.қара) бөлім өзгертілді
Инновациялық, индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру
Экономикалық дамудың жүйелік проблемаларын шешу және халықты жұмыспен қамту деңгейін қолдау үшін ауқымды құрылыс жүргізу және инфрақұрылымды жаңғырту қамтамасыз етілетін болады.
Инфрақұрылымға, әсіресе электр энергетикасы секторына инвестициялар ұзақ мерзімді кезеңде тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін маңызы зор болады. Инвестицияларды, ең алдымен, экономиканың шикізат емес секторына одан әрі тарту, инфрақұрылымдық проблемаларды шешуге байланысты болады.
Үздік әлемдік практика инфрақұрылымды дамыту экономикалық белсенділікті қолдау және дағдарыс кезінде халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі барынша тиімді құралдардың бірі болып табылатындығын көрсетіп отыр.
Инновациялық, индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға «Самұрық-Қазына» қоры қосымша 1 млрд. АҚШ долларын (120 млрд. теңге) бөледі және 2009 жылы 3 млрд. АҚШ доллары мөлшерінде тікелей шетелдік инвестициялар тартылатын болады. Бұдан басқа, «Самұрық-Қазына» қорының жобаларын қаржыландыруға зейнетақы қорларының қаражаты тартылатын болады.
Электр энергетикасы саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін Үкімет келесі жылдан бастап әр жылдарға бөле отырып кемінде жеті жыл мерзімге арналған энергия өндіруші ұйымдардың тобы бойынша шектеулі тарифтерді бекітеді және оны бұған дейінгі жылдың инфляциясын ескере отырып жыл сайын түзететін болады. Электр энергиясына арналған шекті тарифтер жаңа активтерді құруға, электр энергетикасындағы қазіргі энергия жинақтайтын қуаттарды кеңейтуге, жаңартуға, қайта жаңалауға және техникалық қайта жарақтандыруға инвестициялар тартуды қамтамасыз ететін болады.
Электрожелілік активтерді дамыту үшін тарифтерге инвестициялық құрауышты енгізу көзделуде. Осыған байланысты Үкімет электр желісіне қосылғаны үшін төлемді толығымен алып тастайды.
Үкімет энергияны үнемдеу және энергияның қайта жаңартылатын көздерін пайдалану жөніндегі шаралар кешенін қосымша пысықтайтын болады.
Сондай-ақ «Стресті активтер қоры» акционерлік қоғамы экономиканың нақты секторын қолдау мақсатында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы, «Стресті активтер қоры» акционерлік қоғамы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы мен екінші деңгейдегі банктер арасындағы Өңдеуші өнеркәсіп саласындағы кәсіпкерлік субъектілеріне кейіннен кредит беру үшін «Стресті активтер қоры» акционерлік қоғамының қаражатын екінші деңгейдегі банктерге орналастыру туралы бас келісімнің және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы, «Стресті активтер қоры» акционерлік қоғамы мен «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамы арасындағы Өңдеуші өнеркәсіп саласындағы инвестициялық жобаларға кейіннен кредит беру үшін «Стресті активтер қоры» акционерлік қоғамының «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамына ұзақ мерзімді жеңілдікті кредит беруі туралы келісімнің негізінде өңдеуші өнеркәсіптегі кәсіпкерлік субъектілеріне кейіннен кредит беру үшін қаражатты екінші деңгейдегі банктерге негізделген орналастыруды және өзге қаржы ұйымдарына кредит беруді жүргізеді.
Үкімет халықтың нақты табыстарының сақталуы жөніндегі барлық шараларды қабылдайды және Мемлекет басшысының 2009 - 2011 жылдары әлеуметтік төлемдерді, зейнетақыны және бюджет саласының қызметкерлеріне жалақыны арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыруды қамтамасыз етеді.
Атап айтқанда, 2009 және 2010 жылдары зейнетақының, жалақы мен стипендиялардың мөлшері 25%-ға ұлғаятын болады. 2011 жылға қарай базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50%-ға дейін ұлғайтылатын болады.
Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың және арнайы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері жыл сайын 9%-ға ұлғайып отырады.
2010 жылдан бастап, сондай-ақ 4-ші және одан көп бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақының мөлшері 50 айлық есептік көрсеткішке дейін және бала бір жасқа толғанға дейін күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы 2007 жылғы деңгеймен салыстырғанда 2,5 есе ұлғаятын болады.
Үкімет жоғары білім алу үшін ақылы негізде оқып жатқан жоғары оқу орындарында білім алушылардың жекелеген санаттарын қолдау жөнінде шаралар қабылдайды. Көрсетілген мақсат үшін «Самұрық-Қазына» қоры білім алушылардың жекелеген санаттарына кредит беруді жүзеге асыру үшін екінші деңгейдегі банктерге 15 млрд. теңге мөлшерінде ақшалай қаражат ұсынатын болады.
Кәсіпорындарда өндіріс көлемі төмендеген жағдайда Үкімет ірі компаниялармен қызметкерлердің жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бойынша жұмыс істейтін болады.
Қажет болған кезде Үкімет облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен бірлесіп, қоғамдық жұмыстардың белсенді түрлерін қолданып және өңірлерде жаңа жұмыс орындардың ашып, оның ішінде инфрақұрылымдық және әлеуметтік объектілердің ауқымды құрылысы арқылы, оның ішінде «100 мектеп, 100 аурухана» жобасы шеңберінде халықтың жұмыспен өнімді қамтылуын арттыру жөнінде қосымша іс-шаралар көздейтін болады.
Ішкі нарықта тауарлардың тапшылығына және бағалардың өсуіне жол бермеу мақсатында Үкімет бірінші кезекте қажетті тауарлардың - ет, құрғақ сүт, өсімдік майы, қант және күріштің тұрақтандыру қорларын қалыптастыру жөніндегі жұмысты жалғастырады.
ҚР Үкіметінің 2009.09.10 № 1553 қаулысымен бөлім өзгертілді (бұр.ред.қара)
Қорытынды
Тұтастай алғанда тұрақтандыру шараларын іске асырудан Қазақстан экономикасы қосымша 2 172 млрд. теңге көлемінде мемлекеттік қолдау алады, олардың ішінде, мыналардың есебінен:
Ұлттық қор қаражаты - 1 200 млрд. теңге;
Ұлттық Банк шаралары - 350 млрд. теңге;
жаңа Салық кодексін қолдану шеңберінде салықтық жүктемені төмендету — 500 млрд. теңге;
Стресті активтер қорын құру - 70 млрд. теңге.
2007 - 2008 жылдары қабылданған шаралардың және Жоспарды іске асырудың нәтижесінде Қазақстанда 2009 - 2010 жылдары ЖІӨ-нің нақты өсімі жылына 1-3 % деңгейінде күтіледі. Инфляция деңгейі 2009 және 2010 жылдардың соңына қарай 7 - 9 % шегінде ұстап тұрылатын болады. Алдағы екі жыл ішінде жұмыссыздық деңгейі 8%-дан аспайды.