39. ТЭН әзірлеуді талап етпейтін жобалар бойынша инвестициялық ұсынысқа экономикалық бағалау жүргізу үшін қажетті құжаттар болмаған жағдайда, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган инвестициялық ұсыныс түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде оларды тиісті бюджеттік бағдарламалар әкімшісіне қайтарады.
40. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның ТЭН әзірлеуді талап етпейтін жобалар бойынша инвестициялық ұсыныстар бойынша қорытындысы тиісті бюджетті қалыптастыру кезінде бюджеттік өтінімдердің қатарында тиісті бюджет комиссияларының қарауына енгізіледі.
3. Бюджеттік инвестициялық жобаларды қарау тәртібі
1. Бюджеттік инвестициялық жобаларды қарау және іріктеу тәртібі
41. Жобаларды қарау және іріктеу мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілеген талаптарға сәйкес әзірленген ТЭН негізінде жүргізіледі.
42. Жобалардың ТЭН-і әзірленгеннен және оларға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес талап етілетін сараптамалар жүргізілгеннен кейін бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері оларды экономикалық сараптама жүргізу үшін Жоба ТЭН-інің электронды нұсқасын ұсына отырып, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
43. Жобаға экономикалық сараптама жүргізу үшін қажетті құжаттар болмаған не олар белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган олар түскен сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде ТЭН-ді және Жобаның сараптамасын тиісті бюджеттік бағдарламалар әкімшісіне қайтарады.
44. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган Жобаның экономикалық сараптамасын жүргізу үшін ТЭН-ді және Жобаның сараптамасын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлғаға (бұдан әрі - уәкілетті ұйым) жібереді.
45. Республикалық жобалардың, сондай-ақ республикалық бюджеттен берілетін нысаналы даму трансферттері мен кредиттер есебінен қаржыландыру жоспарланатын жергілікті жобалардың экономикалық сараптамасын уәкілетті ұйым жүзеге асырады.
46. Жергілікті бюджеттік инвестициялық жобалардың экономикалық сараптамасын жергілікті атқарушы органдар айқындайтын заңды тұлғалар жүзеге асырады.
47. Жоба ТЭН-ін әзірлеуге және оның сараптамасына қойылатын талаптарды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.
48. Жобаның экономикалық сараптамасы Жобаны экономикалық талдауды кешенді бағалаудың міндетті нысаны болып табылады және осы Ереженің 49 және 50-тармақтарында көрсетілген құжаттардың толық пакеті мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға келіп түскеннен кейін қырық бес жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
49. Жоба ТЭН-інің экономикалық сараптамасы ұсынылған Жоба ТЭН-інің және жобаның ерекшелігіне байланысты талап етілетін сараптамалардың тиісті оң қорытындылары негізінде жүргізіледі, атап айтқанда:
1) жобалардың мемлекеттік сараптамасын жүзеге асыруға Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген заңды тұлғаның мемлекеттік сараптамасы;
2) салалық орган сараптамасы;
3) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның экологиялық сараптамасы;
4) мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама;
5) санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау саласындағы уәкілетті орган сараптамасы.
ҚР Үкіметінің 2009.27.08. № 1252 Қаулысымен 50-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
50. Құрылыс қызметін болжайтын жобалар бойынша мемлекеттік ведомстволықтан тыс құрылыс сараптамасының, экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманың қорытындысы, жерге құқық беру туралы жерге орналастыру жобасы (қажет болған кезде жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар залалдарының, алып қойылатын алқаптардың түріне байланысты ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығы өндірісі шығындарының есебін қоса бере отырып), техникалық шарттар талап етіледі.
Ақпараттандыру саласындағы жобалар бойынша ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның қорытындысы талап етіледі.
Инновациялық және/немесе ғарыштық қызметті болжайтын жобалар бойынша мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың қорытындысы талап етіледі.
Жобаның ерекшелігіне байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа да қажетті сараптамалар талап етілуі мүмкін.
51. Жобалардың салалық сараптамасын салалық уәкілетті орган жүргізеді және мыналарды көздейді:
1) Жоба ТЭН-інің Жоба ТЭН-ін әзірлеуге арналған техникалық
тапсырмаға сәйкестігін бағалау;
2) саланың одан әрі дамуына әсер ететін оның ағымдағы жай-күйінің проблемаларын бағалау;
3) Жобаны іске асыру көзделетін қазіргі саяси, әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және басқа жағдайларды бағалау;
4) өнімге/қызметтерге қазіргі және болжамды (Жобаның тіршілік циклі кезеңіне) сұраныстың немесе осы өңірдегі бәсекелестікті ескере отырып, әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктің көрсеткіштерін бағалау;
5) Жобаны іске асырудан болатын пайда мен шығындарды бөлуді
бағалау;
6) технологиялық, техникалық және бағалық шешімдерді бағалау;
7) Жобаны таңдаудың негіздемесімен бірге проблеманы шешу нұсқасын таңдау кезінде оны шешудің оңтайлы жолы ретінде қаралған балама нұсқаларды бағалау;
8) Жоба іске асырылған және іске асырылмаған жағдайдағы экономика саласындағы (аясындағы) ахуалдың ықтимал нұсқаларын бағалау.
52. Егер республикалық Жобаны, сондай-ақ жергілікті Жобаны республикалық бюджеттен берілетін нысаналы даму трансферттері мен кредиттер есебінен қаржыландыру жоспарланған жағдайда, салалық сараптаманы тиісті саланың орталық уәкілетті органы жүргізеді.
Егер Жобаны жергілікті бюджет қаражаты есебінен іске асыру ұсынылған жағдайда, инвестициялық ұсыныстың салалық сараптамасын жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын салалық атқарушы орган жүргізеді.
Салалық сараптамаға мемлекеттік органның бірінші басшысы қол қояды.
53. Басқа мемлекеттердің аумағында іске асыру жоспарланып отырған, сондай-ақ құрылыс қызметі көзделмейтін Жобаның экономикалық сараптамасы Жобаның ТЭН-і және оған салалық орган сараптамасының қорытындысы негізінде жүргізіледі.
54. Қажет болған жағдайда Жобаның экономикалық сараптамасын жүзеге асыруға белгіленген уәкілетті ұйым ұсынылған құжаттамада қамтылмаған немесе толық қамтылмаған мәселелерді қарау үшін қосымша ақпаратты сұрайды.
55. Қажет болған жағдайда Жобаның экономикалық сараптамасын жүзеге асыруға белгіленген уәкілетті ұйым жүргізілген сараптамада қамтылмаған немесе толық қамтылмаған мәселелер бойынша қосымша сараптаманы, сондай-ақ тәуелсіз сараптаманы талап ете алады.
56. Экономикалық сараптаманы жүзеге асыруға белгіленген уәкілетті ұйым Жобаның экономикалық сараптамасының қорытындысын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі тиісті уәкілетті органға жібереді.
57. Экономикалық сараптаманың оң қорытындысын алған Жобаның ТЭН-ін бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі бекітуі тиіс.
58. Жобаның бекітілген ТЭН-інің, Жобаның ТЭН-і бойынша экономикалық сараптаманың оң қорытындысының және тиісті бюджет комиссияның оң шешімінің негізінде Жоба тиісті бюджет жобасына қосылады.
2. Техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуді талап етпейтін
бюджеттік инвестициялық жобаларды қарау және іріктеу тәртібі
ҚР Үкіметінің 2009.27.08. № 1252 Қаулысымен 59-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
59. ТЭН әзірлеуді талап етпейтін жобалар бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік өтінімінің құрамында тиісті бюджет комиссиясының қарауына енгізіледі.
Құрылыс қызметін болжайтын жобаларға жерге құқық беру туралы жерге орналастыру жобасы (қажет болған кезде жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар залалдарының, алып қойылатын алқаптардың түріне байланысты ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығы өндірісі шығындарының есебін қоса бере отырып) қоса беріледі.
60. Тиісті бюджет комиссиясы мақұлдаған ТЭН әзірлеуді талап етпейтін жобалар тиісті бюджет жобасына қосылады.
61. Тиісті қаржы жылының бюджетіне қосылған, ТЭН әзірлеуді талап етпейтін жобалар бойынша бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес ЖСҚ әзірлеуді қамтамасыз етеді.
62. Бірыңғай техникалық параметрлері бар жобалар бойынша үлгі жобаны әзірлеу жүзеге асырылады.
63. Жобаларды іске асыру кезінде үлгі жобаларды қолдану нақты құрылыс алаңына байланыстыру арқылы жүзеге асырылады.
3. Сметалық құнын ұлғайту болжанатын жобаларды қарау және
іріктеу тәртібі
64. Сметалық құнын ұлғайту болжанатын республикалық жобаларды, сондай-ақ республикалық бюджеттен берілетін нысаналы даму трансферттері мен кредиттер есебінен қаржыландыру жоспарланған жергілікті жобаларды қарауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.
65. Сметалық құнын ұлғайту болжанатын, жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын жобаларды қарауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар жүзеге асырады.
66. Сметалық құнын ұлғайту болжанатын жобаларды бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 1 наурызынан кешіктірмей мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға ұсынады.
67. Сметалық құнын ұлғайту болжанатын әрбір Жоба бойынша бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі мынадай құжаттарды ұсынады:
1) болжанатын қымбаттау сомасы көрсетілген, мемлекеттік орган - бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бірінші басшысы қол қойған өтінім-хат;
2) бастапқы құн бойынша ЖСҚ-ның мемлекеттік ведомстводан тыс құрылыс сараптамасының қорытындысы.
Егер Жоба шет мемлекеттердің аумағында іске асырылған жағдайда, Жобаның бастапқы және түзетілген құнын растайтын, аумағында осы жоба іске асырылып жатқан мемлекеттің құрылыс саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген тиісті құжаттар ұсынылады;
3) егер Жобаның сметалық құны ағымдағы бағалар бойынша 500 (бес жүз) мың айлық есептік көрсеткіштен асса, сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның бастапқы және түзетілген құнға бұйрығы;
егер Жобаның сметалық құны ағымдағы бағалар бойынша 500 (бес жүз) мың айлық есептік көрсеткіштен аспаса, бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бастапқы және түзетілген құнға бұйрығы;
4) мемлекеттік орган - бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бірінші басшысы қол қойған, мынадай ақпаратты қамтитын түсіндірме жазба:
ЖСҚ әзірлеу басталғаннан бастап жобаны бюджеттен әрбір жыл сайын қаржыландыру. Игерілмеген жағдайларда оның себептері көрсетіле отырып, бұл ақпарат әрбір жыл үшін жоспармен және фактімен сүйемелденуі тиіс;
қымбаттауға әкелетін себептерді егжей-тегжейлі көрсету (мердігерлердің бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне шартта көрсетілген құнды (сметаны) өсіру қажеттілігі туралы хаттарының көшірмелерін қоса бере отырып ескерткендігін растайтын);
оның кінәсінен қымбаттау болған ұйым не жеке тұлға, сондай-ақ осы ұйымға не жеке тұлғаға қатысты қабылданған шаралар;
бюджеттік инвестициялық жобаны іске асыруды аяқтау үшін бөлінуі қажет қосымша сома;
ЖСҚ әзірлеуден бастап жобаны іске асыру шеңберінде жасалған келісім-шарттар туралы ақпарат, сондай-ақ мемлекеттік сатып алуды жүргізу нәтижесінде үнемделген сомалар;
5) осы Ережеге 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мөрмен расталған, бірінші басшы қол қойған салыстырма кесте;
6) бірінші басшы қол қойған, мөрмен расталған сметалық құнның ұлғаю негіздемесін растайтын тиісті саланың уәкілетті органының салалық қорытындысы;
7) бюджет қаражатының нысаналы пайдаланылуы мәніне, сондай-ақ бұзушылықтардың болмауы туралы мемлекеттік қаржылық бақылау органының актісі. Мемлекеттік қаржылық бақылау органының актісі ЖСҚ әзірлеуден бастап Жобаны іске асыру шеңберінде бөлінген барлық бюджет қаражатын қамтуы тиіс.
Мемлекеттік қаржылық бақылау органының актісіне қойылған күн құжаттарды ұсынған күннен бастап 12 айдан кеш болмауы тиіс;
8) ЖСҚ түзетуге жобалау ұйымы үшін жобалауға арналған тапсырма;
9) құжаттарды ұсынған күнге дейін бір айдан бұрын емес түсірілген, объектінің нақты жай-күйі туралы толық ұғым беретін фото, бейне түсірілімдердің материалдары.
68. Құжаттаманың толық пакеті ұсынылмаған не қымбаттаудың пайда болуының дәл және негізді себептері берілмеген, сондай-ақ кінәлі тұлғалар немесе ұйымдар және оларға қолданылған шаралар көрсетілмеген жобалар сметалық құнының қымбаттауы мәніне қаралмайды.
69. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган осы Ереженің 67-тармағында көрсетілген құжаттардың толық пакеті ұсынылған сәттен бастап оларды отыз жұмыс күні ішінде қарайды және олар бойынша қорытындыны тиісті бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
70. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның қалауы бойынша жобаның қымбаттауы себептерін қарау үшін басқа мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерінен тұратын жеке жұмыс тобы құрылуы мүмкін.
71. Тиісті бюджет комиссиялары іріктеп алған сметалық құнын ұлғайту болжанатын, жобалар бойынша тізбе қалыптастырылады және бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен тиісті бюджетке қосылады.
72. Бекітілген ТЭН-де көзделмеген және бюджеттің қосымша шығыстарына әкеп соғатын қосымша құрамдауыштарды бюджет комиссияның ұсыныстарын ескермей, Жобаның ЖСҚ-ына қосуға жол берілмейді.
73. Егер Жоба, республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттердің есебінен қаржыландырылатын жағдайда, бекітілген ТЭН-де көзделмеген және бюджеттің қосымша шығыстарына әкеп соғатын қосымша құрамдауыштар Жоба ЖСҚ-ына республикалық бюджет комиссиясының ұсыныстарын ескере отырып қосылады.
74. Жобалардың ЖСҚ-н техникалық шешімдердің өзгеруіне байланысты және бюджеттің қосымша шығыстарына әкеп соғатын түзету тиісті бюджет комиссияларының ұсынысы ескеріле отырып жүзеге асырылады.
75. Жобалардың құнын бюджет комиссиясының қарауынсыз және ұсынысынсыз арттыруға жол берілмейді.
76. Республикалық немесе жергілікті бюджетке енгізілмеген жобалар бойынша ЖСҚ әзірлеуге жол берілмейді.
77. Жобаның ЖСҚ-ын бюджет комиссиясының ұсынысынсыз, техникалық шешімдердің өзгеруіне байланысты, бюджеттің қосымша шығыстарына әкеп соғатын түзетуге жол берілмейді.
4. Бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруды
мониторингілеу және бағалау тәртібі
1. Жоспарлау кезеңінде бюджеттік инвестициялық жобаларды
мониторингілеу тәртібі
78. Барлық іріктелген және іске асырылып жатқан инвестициялық ұсыныстар бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган мынадай ақпаратты көрсете отырып, осы Ережеге 4-қосымшаға сәйкес тиісті тізбе қалыптастырады және жүргізеді:
Жобаның атауы;
инвестициялық ұсынысты енгізген бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің (Жоба бастамашысының) атауы;
Жобаның ТЭН-ін әзірлеуге және оған сараптама жүргізуге немесе ТЭН әзірлеуді талап етпейтін Жобаның ЖСҚ-ын байланыстыруға (әзірлеуге) және оған сараптама жүргізуге қажетті (бөлінген) ақша қаражатының мөлшері;
Жобаның ТЭН-ін әзірлеу және оған сараптама жүргізу кезінде немесе ТЭН әзірлеуді талап етпейтін жобалардың ЖСҚ-ын байланыстыруға (әзірлеуге) және оған сараптама жүргізуге игерілген ақша қаражатының мөлшері;
Жобаның ТЭН-ін немесе ТЭН әзірлеуді талап етпейтін жобалардың ЖСҚ-ын әзірлеу және оларға сараптама жүргізу мерзімдері;
Жобаның ТЭН-ін немесе ТЭН әзірлеуді талап етпейтін жобалардың ЖСҚ-ын әзірлеудің және оларға сараптама жүргізудің барысы туралы ақпарат.
Тізбе өзге де мәліметтерді қамтуы мүмкін.
79. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 10-күніне дейін осы Ережеге 4-қосымшаға сәйкес қағаз және электронды жеткізгіштерде Жобаның ТЭН-ін немесе ТЭН әзірлеуді талап етпейтін жобалардың ЖСҚ-ын әзірлеу жөніндегі іс-шаралардың іске асырылу барысы туралы ақпаратты ұсынады.
2. Инвестициялық кезеңде бюджеттік инвестициялық жобаларды іске
асыруды мониторингілеу тәртібі
80. Инвестициялық кезеңде жобаларды іске асыруды мониторингілеу Жобаны тиімді басқаруды қамтамасыз ету мақсатында ықтимал ауытқуларды уақтылы анықтау үшін нақты алынған нәтижелерді есепті күнге жоспарланғандармен салыстыру арқылы жүргізіледі.
81. Инвестициялық кезеңде жобаларды іске асыруды мониторингілеу мыналарды көздейді:
1) Жобаның іске асырылу барысы туралы ақпаратты жинау;
2) әрбір уақыт аралығында Жобаны іске асырудың қол жеткізілген көлемін және ТЭН-ге және/немесе ЖСҚ-ға сәйкес шығындарды нақты қол жеткізілген сандық-сапалық нәтижелерді Жобаны іске асыруды жоспар-кестесінде (бұдан әрі - Жоспар-кесте) көрсетілген көрсеткіштермен салыстыру арқылы талдау;
3) жобаларды мониторингілеу нәтижелері туралы есепті (бұдан әрі - Мониторинг бойынша есеп) дайындау.
Нақты көрсеткіштердің бұрын жоспарланғандардан (Жоспар-кесте бойынша) ауытқуы анықталған жобалар бойынша жобаларды тиімді іске асыру жөнінде ұсынымдар мен шаралар қалыптастырылады.
82. Жобаларды іске асыру мониторингін жүргізу үшін бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға мынадай есептілік құрамында ақпарат ұсынады:
1) Жоспар-кесте;
2) Мониторинг бойынша есеп;
3) Мониторинг бойынша жиынтық анықтама.
83. Республикалық жобалардың, сондай-ақ республикалық бюджеттен берілетін нысаналы даму трансферттері мен кредиттер есебінен қаржыландыру жоспарланатын жергілікті жобаларды іске асыру бойынша мониторинг жүргізу үшін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға инвестициялық жобалар бөлінісінде республикалық бюджеттік даму бағдарламаларының орындалуы бойынша есепті ұсынады.
84. Жоспар-кесте әрбір жоба бойынша есептік көрсеткіштерді айқындайтын құжат болып табылады және осы Ережеге 5-қосымшаға сәйкес ресімделеді.
Жоспар-кесте бүкіл жоба бойынша, оның құрамдауыштары бойынша және әрбір құрамдауышқа арналған іс-шаралар (жұмыс түрлері) бойынша белгіленген тәртіппен бекітілген жұмыстарды орындаудың және қаржыландырудың жоспарлы көлемін қамтиды.
Бұл ретте жоспарланған жылға арналған орындау және қаржыландыру көлемі тиісті бюджеттік бағдарламамен келісіледі және тоқсандарға бөлінеді.
Жоспар-кестеде, сондай-ақ жоспарланған жыл басталғанға дейінгі кезеңге арналған нақты көлем және жоспарланған жылдан кейінгі екінші жылға және кейінгі жылдарға арналған болжамды көлем көрсетіледі.
Жоспар-кесте Жобаның бекітілген ТЭН-і негізінде қалыптастырылады, ал ТЭН әзірлеуді талап етпейтін жобалар бойынша ЖСҚ Жоспар-кестені дайындаудың негіздемесі болып табылады.
85. Мониторинг бойынша есеп есепті кезеңде Жоба бойынша орындалған жұмыстар мен қаржы қаражатын және игеру сомаларының нақты және жоспарланған көлемі туралы ақпаратты қамтиды және осы Ережеге 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ұсынылады.
Бұл ретте Мониторинг бойынша есептің жоспарлы көрсеткіштері Жоспар-кесте көрсеткіштеріне сәйкес келеді.
86. Мониторинг бойынша жиынтық анықтама осы Ережеге 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ұсынылады.
87. Республикалық жобаларды, сондай-ақ республикалық бюджеттен берілетін нысаналы даму трансферттері мен кредиттер есебінен қаржыландыру жоспарланатын жергілікті жобаларды іске асыру жөніндегі ақпаратты республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі болып табылатын тиісті орталық уәкілетті орган мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынады.
88. Жергілікті бюджет қаражатынан қаржыландырылатын жергілікті жобаларды іске асыру жөніндегі ақпаратты мемлекеттік жоспарлау жөніндегі тиісті жергілікті уәкілетті органдар мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынады.
Облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттері, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджеті жергілікті бюджеттерге жатады.
89. Қажетті ақпарат қағаз және электронды жеткізгіштерде мынадай мерзімдерде ұсынылады:
Жоспар-кестені бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар жыл сайын есепті жылдың 25 қаңтарынан кешіктірмей ұсынады;
Мониторинг бойынша есепті және оған түсіндірме жазбаны бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар жарты жылда бір рет есепті кезеңнен кейінгі 15 шілдеден және 15 қаңтардан кешіктірмей ұсынады;
Республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жобаларды іске асыру барысы туралы жиынтық ақпаратты мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган жарты жылда бір рет есепті кезеңнен кейінгі 25 тамыздан және 25 ақпаннан кешіктірмей Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынады.
3. Инвестициялаудан кейінгі кезеңде бюджеттік инвестициялық
жобаларды іске асыруды мониторингілеу тәртібі
90. Инвестициялаудан кейінгі кезеңде жобаларды іске асыруды мониторингілеу Жобаны тиімді басқаруды қамтамасыз ету мақсатында ықтимал ауытқуларды уақтылы анықтау үшін нақты алынатын нәтижелерді есепті күнге жоспарланғандармен салыстыру арқылы жүргізіледі.
91. Инвестициялаудан кейінгі кезеңде жобаны іске асыруды мониторингілеу жыл сайын объектіні пайдалануға берген жылдан бастап үш жыл ішінде жүргізіледі.
92. Инвестициялаудан кейінгі кезеңде жобаларды іске асыруды мониторингілеу мыналарды көздейді:
1) Жобаның іске асырылуын барысы туралы ақпаратты жинау;
2) оларды мемлекеттік органның стратегиялық жоспарларында және/немесе Жобаның ТЭН-інде көзделген көрсеткіштермен салыстыру арқылы Жобаның қол жеткізілген тікелей нәтижелерін (өнімдер шығару, қызметтер көрсету) талдау;
3) жобаларды мониторингілеу нәтижелері туралы есеп дайындау.
Нақты көрсеткіштердің бұрын мемлекеттік органның стратегиялық жоспарларында және/немесе Жобаның ТЭН-інде жоспарланғандардан ауытқуы анықталған жобалар бойынша Жобаны тиімді басқару мақсатында жүйелі және жедел шаралар бойынша ұсынымдар қалыптастырылады.
93. Жобалардың іске асырылуына мониторинг жүргізу үшін бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға мынадай есептілік құрамында ақпарат ұсынады:
1) Жобаның іске асырылуы барысы туралы есеп (бұдан әрі - Мониторинг бойынша есеп);
2) Мониторинг бойынша жиынтық анықтама.
94. Мониторинг бойынша есеп есепті кезеңдегі өнімдердің (қызметтердің) нақты және жоспарланған көлемі туралы ақпаратты қамтиды және осы Ережеге 8 және 9-қосымшаларға сәйкес нысан бойынша ұсынылады.
Мониторинг бойынша жиынтық ақпарат осы Ережеге 10-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ұсынылады.
95. Республикалық меншіктегі жобаларды пайдалану жөніндегі ақпаратты тиісті орталық уәкілетті орган ұсынады.
96. Коммуналдық меншіктегі жобаларды пайдалану жөніндегі ақпаратты тиісті жергілікті атқарушы орган ұсынады.
97. Қажетті ақпарат қағаз және электронды жеткізгіштерде мынадай мерзімдерде ұсынылады:
Мониторинг бойынша есепті және оған түсіндірме жазбаны бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар жыл сайын есепті жылдан кейінгі 15 қаңтарға дейін ұсынады;
Республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жобалардың іске асырылуы барысы туралы жиынтық ақпаратты мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган жыл сайын есепті жылдан кейінгі 25 ақпанға дейін Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынады.
4. Бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруды бағалау тәртібі
98. Жобаларды іске асыруды бағалау жобаларды жүзеге асырудың нәтижелері мен салдары туралы деректерді жинауды, алынған деректерді талдауды және жобаларды іске асыруды тиімділігін бағалауды көздейді.
99. Жобаларды іске асыруды бағалау инвестициялаудан кейінгі кезеңде Жобаның мониторингі жөніндегі деректер негізінде объектіні пайдалануға берген жылдан бастап үш жыл өткеннен кейін жүзеге асырылады.
100. Жобаларды іске асыруды бағалау іске асырылатын жобалардың түпкілікті нәтижесіне (оларды алушылар үшін өндірілетін өнімдердің, көрсетілетін қызметтердің әсері) қол жеткізу дәрежесін айқындау, сондай-ақ Жобаны одан әрі тиімді басқару мақсатында жүйелі шаралар бойынша ұсынымдар қалыптастыру үшін жүргізіледі.
101. Жобаларды іске асыруды бағалауды жүзеге асыру мыналарды қамтиды:
1) деректер жинау;
2) инвестициялаудан кейінгі кезеңдегі мониторинг деректерін пайдалана отырып, ақпаратты талдау;
3) Жобаның қол жеткізілген түпкілікті нәтижелерін және оның саладағы (өңірдегі) әлеуметтік-экономикалық ахуалға әсерін бағалау;
4) ұсынымдар әзірлеу.
102. Жобаларды іске асыруды бағалауды жүргізу үшін деректер жинау бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және жергілікті уәкілетті органдардың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға мынадай ақпаратты ұсынуын көздейді:
1) осы Ережеге 11-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ұсынылатын жобаларды іске асыруды бағалау жөніндегі жиынтық анықтама;
2) осы Ережеге 12-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ұсынылатын Жобаларды іске асыруды бағалау жөніндегі жиынтық ақпарат.
103. Республикалық жобаларды, сондай-ақ республикалық бюджеттен берілетін нысаналы даму трансферттері мен кредиттер есебінен қаржыландыру жоспарланатын жергілікті жобаларды іске асыру жөніндегі ақпаратты республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі болып табылатын тиісті орталық уәкілетті орган мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынады.
104. Жергілікті бюджет қаражатынан қаржыландырылатын жергілікті жобаларды іске асыру жөніндегі ақпаратты мемлекеттік жоспарлау жөніндегі тиісті жергілікті уәкілетті органдар мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынады.
105. Жобаларды іске асыруды бағалауды орындаған кезде мемлекеттік органның стратегиялық жоспарын әзірлеу шеңберінде жаңа және қолданыстағы жобаларды дайындау мен іске асыруды жақсарту жөніндегі ұсынымдар қалыптастырылады.