Осы редакция 2007 жылғы 29 қазанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
2005 жылғы 22 маусымдағы
№ 607 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлігінiң
Есiрткi бизнесiне қарсы күрес және есiрткi
айналымын бақылау комитетi туралы
ереже
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлігінiң Есiрткi бизнесiне қарсы күрес және есiрткi айналымын бақылау комитетi (бұдан әрi - Комитет) Iшкi iстер министрлігінiң құзыретi шегінде арнайы атқарушылық және бақылау-қадағалау функцияларын, сондай-ақ есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың айналымын мемлекеттік реттеу және олардың заңсыз айналымы мен оларды терiс пайдалануға қарсы iс-қимыл жасау саласында үйлестiрудi жүзеге асыратын ведомство болып табылады.
2. Комитеттiң негізгі мiндеттерi есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың айналымы саласында мемлекеттік саясатты iске асыру мен қоғамдық және мемлекеттік қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мақсатында олардың заңсыз айналымына қарсы iс-қимыл шараларын белгiлеу болып табылады.
3. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кесiмдерiне, өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Комитет мемлекеттік мекеменiң ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның өз атауы мемлекеттік тілде жазылған мөрлерi мен мөртаңбалары, белгіленген үлгiдегi бланкiлерi, сондай-ақ заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң Қазынашылық органдарында шоттары болады.
Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.
Егер Министрлiкке заңнамаға сәйкес уәкiлеттiк берiлген болса, оның мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқығы бар.
5. Комитет өз құзыретіндегi мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртiппен Қазақстан Республикасының барлық аумағында мiндеттi күшi бар бұйрықтар нысанындағы нормативтiк құқықтық кесiмдер шығарады.
6. Комитеттiң ережесін және штат санының лимитін Қазақстан Республикасының Yкіметі бекiтедi.
7. Комитеттің заңды мекен-жайы:
010010, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Манас көшесi, 4.
8. Комитеттiң толық атауы - "Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлігінiң Есiрткi бизнесiне қарсы күрес және есiрткi айналымын бақылау комитетi" мемлекеттік мекемесi.
9. Осы Ереже Комитеттiң құрылтай құжаты болып табылады.
10. Комитеттiң қызметiн қаржыландыру тек республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
Комитетке оның функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында кәсіпкерлік субъектiлермен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
2. Комитеттің функциялары мен құқықтары
11. Комитет заңнамада белгiленген тәртiппен мемлекеттік саясатты iске асыруды қамтамасыз ететiн мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) есiрткi құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы, сондай-ақ олардың заңсыз айналымы мен оларды терiс пайдалануға қарсы іс-қимыл жасау саласында мемлекеттік саясатты iске асыруды ұйымдастырады;
2) нашақорлық пен есiрткi бизнесінің алдын алу және оларға қарсы iс-қимыл жасау мәселелерi жөнiнде ведомствоаралық үйлестiрудi қамтамасыз етеді;
3) есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың заңсыз айналымына және оларды терiс пайдалануға қарсы күрестi үйлестiредi;
4) кеден органдарымен, ұлттық қауiпсiздiк органдарымен, шетел мемлекеттерiнiң арнайы бөлiмшелерімен бiрлесiп, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өтетiн есiрткi контрабандасы мен транзитінiң жолын кесу жөніндегі жұмысты жүзеге асырады;
5) есiрткi құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына, сондай-ақ олардың заңсыз айналымы мен оларды терiс пайдалануға қарсы iс-қимыл жасауға қатысты мәселелер бойынша бiрыңғай деректер банкiн қалыптастырады;
6) есiрткi құралдарына психотроптық заттар мен прекурсорларға байланысты қылмыстар туралы iстер бойынша анықтау жүргiзедi;
7) Қазақстан Республикасының аумағында есiрткi трафигі мен есiрткiнiң заңсыз айналымының жолын кесу жөніндегі жедел-іздестіру қызметін ұйымдастырады және жүргізеді, оны жүзеге асырудың тиімдi нысандарын жинақтайды және практикаға енгiзедi;
8) құзыретті мемлекеттік органдармен бiрлесiп, Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Есiрткiнi бақылау жөніндегі халықаралық комитетi Қазақстан Республикасы үшiн бөлетiн халықаралық квоталарды бекіту үшiн Қазақстан Республикасының есiрткi құралдарына психотроптық заттар мен прекурсорларға қажеттілігі нормаларын айқындайды және оларды Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынады;
9) есiрткi құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды, оларды дайындауға арналған шикiзатты, материалдар мен жабдықтарды, сондай-ақ есiрткi құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың тiзiмдерi мен жiктемелерiнде санамаланған өсiмдiктердi, заттар мен препараттарды өсiру, өндiру, дайындау, сақтау, көтерме, бөлшек және халықаралық саудада сату, бөлу, зерттеу тәртібін белгiлейтiн нормаларды әзiрлейдi;
10) қылмысқа және есiрткiлердiң заңсыз айналымына қарсы күресте қызметтік-iздестіру иттерiн тиiмдi пайдалану жөніндегі кинологиялық қызметтердiң қызметiн ұйымдастырады;
11) есiрткi құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды заңсыз пайдаланудың, сондай-ақ олардың заңсыз айналымының алдын алу бойынша профилактикалық қызметті жүзеге асырады;
12) нашақорлыққа және есiрткi бизнесiне қарсы күресу үшiн қоғамды бiрiктiру жөніндегі жұмысты ұйымдастырады және үйлестiредi, қоғамның құқықтық мәдениетін арттыру жөніндегі шараларды жүзеге асырады;
13) қызметi есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың айналымы және олардың заңсыз айналымы мен оларды терiс пайдалануға қарсы iс-қимыл жасау саласымен байланысты мамандарды оқытуды, даярлауды, қайта даярлауды, тағылымдамадан өткiзудi және олардың бiліктілігiн арттыруды ұйымдастырады;
14) есiрткi құралдарының психотроптық заттардың, прекурсорлардың айналымы және олардың заңсыз айналымы мен оларды терiс пайдалануға қарсы iс-қимыл жасау саласындағы ғылыми зерттеулердi үйлестіредi;
15) есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың айналымы және олардың заңсыз айналымы мен оларды терiс пайдалануға қарсы iс-қимыл жасау саласындағы мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың ақпаратын талдайды;
16) есiрткi құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымының барлық түрлерiнiң ауқымдарын, олардың жаңа түрлерiнiң пайда болуын болжайды, олардың өндiрiлуi мен таралуын болдырмау жөнiнде шаралар әзiрлейдi;
17) Қазақстан Республикасындағы есiрткi жағдайының, есiрткілердiң өңiраралық көздерi мен заңсыз айналымға түсетiн арналарының жай-күйi мен даму үрдiсiн талдайды, оларды жабу жөніндегі шараларды әзiрлейдi, тиiстi ақпараттық-талдау материалдарын дайындайды;
18) нашақорлыққа және есiрткi бизнесiне қарсы күрестiң стратегиялары мен бағдарламаларын, оның iшiнде тиiстi мемлекеттік органдардың қызметiн үйлестіру арқылы iске асыруды қамтамасыз етеді;
19) Қазақстан Республикасында бақылауға жататын есiрткi құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың тiзiмiне және Заңсыз айналымда табылған есiрткi құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды аз, iрi және аса iрi мөлшерлерге жатқызу туралы жиынтық кестеге өзгерістер мен толықтырулар жөнiнде ұсыныстар енгізедi;
20) өз құзыретi шегінде халықаралық ұйымдарда Қазақстанның мүдделерiн бiлдiредi және есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың айналымы және олардың заңсыз айналымы мен оларды терiс пайдалануға қарсы iс-қимыл жасау саласында халықаралық ұйымдармен және шетел мемлекеттерінің құзыреттi органдарымен халықаралық ынтымақтастықты, өзара іс-қимыл жасасуды және ақпарат алмасуды жүзеге асырады;
21) нашақорлыққа және есiрткi бизнесiне қарсы күрестiң, есiрткi құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырудың халықаралық практикасын талдайды және жинақтайды;
22) денсаулық сақтау саласындағы есiрткi құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымымен байланысты қызмет түрлерін қоспағанда, есiрткi құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласындағы қызмет түрлерін лицензиялауды жүзеге асырады.
12. Мемлекеттік саясаттың iске асырылуын бақылау жөніндегі функциялар:
1) есiрткi құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымын мемлекеттік бақылауды және олардың заңсыз айналымы мен оларды терiс пайдалануға қарсы іс-қимыл жасау шараларын жүзеге асыруды ұйымдастырады;
2) құрамында есiрткi бар өсiмдiктердi анықтау және жою жөніндегі жұмысты, сондай-ақ есiрткi құралдарын заңсыз тасымалдау арналарын жабу жөніндегі басқа да іс-шараларды үйлестіредi және жүргізеді;
3) қолда барымен салыстырғанда есiрткілік әсерi шамалы, неғұрлым тиiмдi, қаупі аз есiрткi құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды әзiрлеу және оларды енгізу процесiн бақылайды.
13. Өзiне жүктелген мiндеттер мен функцияларды жүзеге асыру үшiн Комитеттiң заңнамада белгіленген тәртiппен:
1) нашақорлыққа және есiрткi бизнесiне қарсы күрес жөніндегі нормативтiк құқықтық кесiмдердi әзiрлеу, жетілдiру және iске асыру жөнінде ұсыныстар енгізуге;
2) мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардан қажеттi ақпарат пен материалдарды сұратуға және алуға;
3) кеңестер, семинарлар, конференциялар, оның iшiнде халықаралықтарды ұйымдастыруға және өткiзуге;
4) халықаралық ұйымдармен өткiзiлетiн келiссөздерге қатысуға және шетелдiк заңды тұлғалармен шарттар жасасуға;
5) комиссиялар мен жұмыс топтарын құру, сондай-ақ нашақорлық пен есiрткi бизнесiне қарсы күрестi жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу үшiн ғалымдар мен мамандарды, оның iшiнде шетелдiктердi тарту, есiрткi құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына тиiмдi мемлекеттік бақылау орнату жөнiнде ұсыныстар енгізуге;
6) есiрткi құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы үшiн пайдаланылатын кез келген объектiлерге тексеру жүргiзудi жүзеге асыруға;
7) есiрткi құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласында анықталған кемшiлiктердi жою туралы нұсқама беруге;
8) бекітілген стандарттар мен нормативтiк құжаттама, сондай-ақ лицензиялау шарттары болмаған немесе бұзылған кезде ұйымдардың өндiрiстiк қызметiн тоқтата тұруға;
9) есiрткi құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымын реттейтiн заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық кесiмдердi бұзғаны үшiн заңды және жеке тұлғаларды жауапкершiлiкке тарту жөнiнде тиiстi органдарға ұсыныстар енгізуге құқығы бар.
3. Комитеттің мүлкi
14. Комитеттiң жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болады.
Комитеттiң мүлкі оған мемлекет берген мүлiктiң есебiнен қалыптасады және негізгi қорлар мен айналымдағы қаражаттан, сондай-ақ құны Комитеттiң теңгерімінде көрсетiлетiн өзге де мүлiктен тұрады.
15. Комитетке бекiтілiп берiлген мүлiк республикалық меншiкке жатады.
16. Комитеттiң өзiне бекітілiп берiлген мүлiктi өз бетiмен иелiктен шығаруға немесе өзге де тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.
Комитетке заңнамада белгiленген жағдайларда және шектерде мүлiкке билiк ету құқығы берiлуi мүмкiн.
4. Комитеттiң қызметiн ұйымдастыру
17. Комитетті Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын төраға басқарады.
Төрағаның заңнамада белгiленген тәртiппен қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
18. Төраға Комитеттiң қызметiн ұйымдастырады және басқарады әрi Комитетке жүктелген мiндеттердiң орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшiн дербес жауап бередi, сондай-ақ аумақтық iшкi iстер органдарының есiрткi бизнесiне қарсы күрес және есiрткi айналымын бақылау жөніндегі арнайы бөлiмшелерiн жедел басқаруды жүзеге асырады.
19. Осы мақсаттарда Комитет төрағасы:
1) мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарда Комитеттi бiлдiредi, заңнамаға сәйкес нашақорлық пен есiрткi бизнесiнiң алдын алу және оларға қарсы iс-қимыл жасау мәселелерi жөніндегі олардың қызметiн үйлестiрудi қамтамасыз етедi;
2) өз құзыретi шегiнде есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың айналымы және олардың заңсыз айналымы мен оларды терiс пайдалануға қарсы iс-қимыл жасау мәселелерi жөнiнде шетел мемлекеттерiнiң мүдделi органдарымен, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасасуды жүзеге асырады;
3) өзiнiң орынбасарлары мен Комитеттiң құрылымдық бөлiмшелерi басшыларының өкiлеттiктерi мен мiндеттерiн белгiлейдi;
4) заңнамаға және Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрi бекiтетiн лауазымдар номенклатурасына сәйкес Комитеттiң құрылымдық бөлiмшелерiнiң қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, еңбек шарттарын жасасады, өзгертедi және бұзады, сондай-ақ аумақтық iшкi iстер органдары есiрткi бизнесiне қарсы күрес және есiрткi айналымын бақылау жөніндегі арнайы бөлiмшелерiнiң қызметкерлерiн тағайындауға келісім бередi;
5) Комитеттiң құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi, сондай-ақ аумақтық iшкi iстер органдарының есiрткi бизнесiне қарсы күрес және есiрткi айналымын бақылау жөніндегі арнайы бөлiмшесi туралы үлгілік ереженi бекiтедi;
6) белгiленген тәртiппен Комитеттiң құрылымдық бөлiмшелерiнiң қызметкерлерiн көтермелеу, оларға материалдық көмек көрсету мәселелерiн шешедi және тәртiптiк жазаға тартады, сондай-ақ аумақтық iшкi iстер органдары есiрткi бизнесiне қарсы күрес және есiрткi айналымын бақылау жөніндегі арнайы бөлiмшелерiнiң қызметкерлерiн көтермелеу және оларды тәртiптiк жазаға тарту туралы ұсыныстар енгiзедi;
7) өз құзыретi шегiнде Комитеттiң құрылымдық бөлiмшелерi мен аумақтық iшкi iстер органдары орындауға мiндеттi бұйрықтар шығарады;
8) Комитеттiң құрылымдық бөлiмшелерiнiң қызметкерлерi арасында тәрбие жұмысын, олардың тәртiптi, заңдылықты және құпиялылық режимiн сақтауын ұйымдастырады;
9) азаматтарды қабылдауды жүзеге асырады, шағымдар мен өтiнiштердi қарайды, олар бойынша шешiмдер қабылдайды, тәртiп пен заңдылықты бұзу фактiлерi бойынша қызметтiк тергеулер жүргiзедi.
5. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату
20. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
2005 жылғы 22 маусымдағы
№ 607 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі
Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі
айналымын бақылау комитетінің
құрылымы
1. Басшылық.
2. Алдын алу және ведомствоаралық үйлестіру басқармасы.
3. Ұйымдастыру-қаржылық қамтамасыз ету, лицензия және кадр жұмысы басқармасы.
4. Жедел жұмысты ұйымдастыру басқармасы.