9-бап. Ұлттық оператордың құзыреті
Ұлттық оператор:
1) ақпараттандыру саласындағы біртұтас техникалық саясатты іске асыру мақсатында мемлекеттік органдардың инвестициялық жобалары мен бағдарламаларын жоспарлауға, қалыптастыруға және талдауға қатысады, сондай-ақ оларды дамытуға қатысуға құқылы;
2) мемлекеттік ақпараттық жүйелердің өзара іс-қимылын, олардың әлемдік ақпараттық жүйелерге интеграциялануын қамтамасыз етеді;
3) Қазақстан Республикасының «электрондық үкіметі» инфрақұрылымының жобалық интеграторы қызметін жүзеге асырады;
4) бағдарламалық-аппараттық құралдарға жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді, ұлттық электрондық ақпараттық ресурстар мен ұлттық ақпараттық жүйелер енгізуді және оларды сүйемелдеуді жүзеге асырады, сондай-ақ осы мақсаттар үшін персоналды оқытуға құқылы;
5) жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстар мен мемлекеттік ақпараттық жүйелерге қол жеткізуіне техникалық жағдай жасалуын қамтамасыз етеді;
6) 2009.10.07. № 178-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2009.10.07. № 178-IV ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
7) Қазақстан Республикасы Үкіметінің интернет-ресурсы мен Қазақстан Республикасы «электрондық үкіметінің» веб-порталын құру мен техникалық жағынан сүйемелдеуді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары интернет-ресурстарының мониторингін қамтамасыз етеді;
8) мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстар мен мемлекеттік ақпараттық жүйелердің өзара іс-қимылының бірыңғай коммуникациялық ортасын құруға және оған техникалық қызмет көрсетілуін қамтамасыз етуге қатысады;
9) «электрондық үкіметті» қалыптастыру кезінде мемлекеттік органдарға консультациялық және практикалық көмек көрсетеді;
10) 2009.10.07. № 178-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
11) Қазақстан Республикасының «электрондық үкіметін» қалыптастыру кезінде жобаларды басқару және техникалық жағынан сүйемелдеу функцияларын жүзеге асырады.
2009.10.07. № 178-IV ҚР Заңымен мазмұн 9-1-баппен толықтырылды
9-1-бап. Ақпараттандыру саласындағы уәкілетті ұйымның өкілеттігі
Ақпараттандыру саласындағы уәкілетті ұйым:
1) мемлекеттік ақпараттық жүйелерді және мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланатын мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерді ақпараттық қауіпсіздік талаптарына және Қазақстан Республикасының аумағында қабылданған стандарттарға сәйкестігіне аттестаттауға қатысады;
2) мемлекеттік ақпараттық жүйелердің бағдарламалық өнімдерін, бағдарламалық кодтарын сынақтан өткізеді және олардың нормативтік-техникалық құжаттамасына сараптама жүргізеді;
3) ақпараттық жүйелерді, бағдарламалық өнімдерді, бағдарламалық кодтарды және нормативтік-техникалық құжаттаманы депозитке беруді жүзеге асырады;
4) мемлекеттік органдардың Интернет желісіне қол жеткізудің бірыңғай шлюзін сүйемелдеуді және дамытуды жүзеге асырады;
5) мемлекеттік ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеруге қатысады;
6) өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдарға консультациялық және тәжірибелік көмек көрсетеді;
7) «электрондық үкімет» ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жүргізу кезінде мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстар мен мемлекеттік ақпараттық жүйелердің қорғалуын ұйымдастыруды жүзеге асырады;
8) электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердің мемлекеттік тіркелімін және депозитарийін жүргізуді техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
9) мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды құруға және техникалық сүйемелдеуге қатысады.
3-тарау.
ЭЛЕКТРОНДЫҚ АҚПАРАТТЫҚ РЕСУРСТАР, ОЛАРДЫ
ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ ТӘРТІБІ
10-бап. Электрондық ақпараттық ресурстардың түрлері
1. Электрондық ақпараттық ресурстар меншік құқығына қарай:
1) мемлекеттік;
2) мемлекеттік емес болып бөлінеді.
2. Электрондық ақпараттық ресурстар қолжетімділік санатына қарай:
1) жалпыға ортақ қолжетімді;
2) қолжетімділігі шектелген болып бөлінеді.
3. Бюджет қаражаты есебінен құрылатын, сатып алынатын және жинақталатын, сондай-ақ мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де тәсілдер арқылы алған электрондық ақпараттық ресурстар мемлекеттік болып табылады.
Мемлекеттің экономикасы мен қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызы бар мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстардан тұратын электрондық ақпараттық ресурстар ұлттық болып табылады.
4. Жеке және заңды тұлғалардың қаражаты есебінен құрылатын және сатып алынатын, сондай-ақ олар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де тәсілдер арқылы алынған электрондық ақпараттық ресурстар мемлекеттік емес болып табылады.
5. Оның меншік иесі немесе иеленушісі оны пайдалану шарттарын көрсетпей беретін немесе тарататын ақпаратты, сондай-ақ өзіне қол жеткізу еркін болып табылатын және оларды беру және тарату тәсілінің нысанына байланысты болмайтын мәліметтерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстар жалпыға ортақ қолжетімді болып табылады.
6. Оларға қолжетімділікті Қазақстан Республикасының заңдары немесе олардың меншік иесі немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда иеленушісі шектейтін мәліметтерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстар қолжетімділігі шектелген электрондық ақпараттық ресурстар болып табылады.
11-бап. Мүлік құрамының элементі және меншік құқығының
объектісі ретіндегі электрондық ақпараттық
ресурстар
1. Электрондық ақпараттық ресурстар мүлік құрамының элементі ретінде мемлекеттік және жеке меншікте болуы мүмкін.
2. Электрондық ақпараттық ресурстарға меншік құқығы мен өзге де құқықтардың туындау, өзгеру және тоқтатылу негіздері Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен реттеледі.
3. Электрондық ақпараттық ресурстардың меншік иесі Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген барлық құқықтарды пайдаланады, оның ішінде:
1) электрондық ақпараттық ресурстарды шаруашылық жүргізуге немесе оралымды басқаруға беруге;
2) өз құзыреті шегінде электрондық ақпараттық ресурстарға өңдеу, қорғау және қол жеткізу режимі мен ережелерін белгілеуге;
3) электрондық ақпараттық ресурстарды сақтау, көшіру және тарату кезінде оларға билік ету шарттарын айқындауға құқылы.
4. Заңды тұлғалардың меншігі болып табылатын электрондық ақпараттық ресурстар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес олардың мүлкінің құрамына енгізіледі.
5. Мемлекеттік органдардың құзыретіне сәйкес олардың қарауындағы мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстар мемлекеттік мүлік құрамында есепке алынуға және қорғалуға тиіс.
6. Субъектілер мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыру үшін міндетті тәртіппен өздері ұсынған электрондық ақпараттық ресурстарға өз құқықтарын жоғалтпайды.
7. Мемлекеттік құпияларға жатқызылған мәліметтерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстардың меншік иесі оларға Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасында айқындалатын тәртіппен билік етуге құқылы.
8. Электрондық ақпараттық ресурстар Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларға жатқызылған жағдайда, мемлекет оларды жеке және заңды тұлғалардан сатып алуға міндетті. Меншік құқығы тоқтатылған кезде электрондық ақпараттық ресурстар олардың нарықтық бағасы негізге алына отырып бағаланады.
9. Ақпараттық жүйелерге және өзге де электрондық ақпараттық ресурстарды өңдеу құралдарына меншік құқығы басқа меншік иелеріне тиесілі электрондық ақпараттық ресурстарға меншік құқығын туындатпайды.
10. Ақпараттық жүйелер құрамына енгізілген электрондық ақпараттық ресурстарға құқықтар электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердің меншік иелері арасындағы келісіммен айқындалады.
11. Қызмет көрсетулерді ұсыну тәртібімен немесе ақпараттық жүйелер мен өзге де өңдеу құралдарын бірлесіп пайдалану кезінде өңделетін электрондық ақпараттық ресурстар электрондық ақпараттық ресурстардың иеленушісіне тиесілі болады. Бұл ретте жасалып, шығарылған өнімнің тиесілігі және оны пайдалану шартпен реттеледі.
12-бап. Электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыру
және пайдалану
1. Электрондық ақпараттық ресурстардың меншік иесі және (немесе) иесі оларды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді ескере отырып, еркін пайдалануға және таратуға құқылы.
2. Ақпараттық жүйелер арасындағы ақпараттық алмасу нысанасы болып табылатын электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану мен тарату осы электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердің меншік иесі және (немесе) иеленушісі белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстар мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың ақпараттық қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ электрондық қызметтер көрсету үшін қалыптастырылады.
4. Ұлттық электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыру мен пайдалануды мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
5. Қолжетімділігі шектелген электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыру, сақтау және пайдалану, оларға қол жеткізу мен қорғау ережелерін олардың меншік иесі және (немесе) иеленушісі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен айқындайды және қамтамасыз етеді.
6. Осы Заңның 14-бабында көзделген жағдайларда мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың электрондық ақпараттық ресурстарды беруі міндетті болып табылады.
7. Мемлекеттік органдардың мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыру жөніндегі қызметі бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады.
13-бап. Жеке тұлғалар туралы дербес деректерден тұратын
электрондық ақпараттық ресурстар
1. Жеке тұлғалар туралы дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстар құпиялы электрондық ақпараттық ресурстар санатына жатады, оларды алу, өңдеу және пайдалану жинақталу мақсатымен шектеледі.
2. Электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыру үшін жеке тұлғалардан олардың жеке және отбасының құпиясын қамтитын жеке өмірі, оған қоса олардың шығу тегі, денсаулығы, көзқарастары, саяси және діни нанымдары туралы мәліметтер беруді қоса алғанда, жеке тұлғалардың хат алысу, телефонмен сөйлесу, почта, телеграф және өзге де хабарларының құпияларын талап етуге немесе мұндай мәліметтерді олардың еркінен тыс өзгеше түрде алуға ешкімнің құқығы жоқ.
3. Дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстар үшін сол деректер өзіне тиесілі жеке тұлға оларды берген кезден бастап құпиялылықтың сақталуы міндетті.
4. Жеке тұлғалар туралы дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды мүліктік және (немесе) моральдық зиян келтіру, Қазақстан Республикасының заңдарында кепілдік берілген құқықтар мен бостандықтарды іске асыруды шектеу мақсатында пайдалануға жол берілмейді.
14-бап. Электрондық ақпараттық ресурстарға қол жеткізу
1. Қолжетімділігі шектелген электрондық ақпараттық ресурстарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстары жалпыға ортақ қолжетімді болып табылады.
2. Қолжетімділігі шектелген электрондық ақпараттық ресурстар мемлекеттік құпияларға жатқызылған және құпиялы электрондық ақпараттық ресурстар болып бөлінеді.
3. Электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттік құпияларға жатқызу Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, электрондық ақпараттық ресурстарды құпиялыққа жатқызу Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Мыналарды:
1) мемлекеттік құпиялардан тұратын нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, нормативтік құқықтық актілерді;
2) төтенше жағдайлар, табиғи және техногендік апаттар, азаматтардың, елді мекендер мен өндірістік объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті ауа райы, санитарлық-эпидемиологиялық, өзге де жағдайлар туралы мәліметтерді;
3) мемлекеттік органдардың қызметі туралы ресми мәліметтерді;
4) мемлекеттік органдардың, кітапханалардың, мұрағаттар мен өзге де ұйымдардың ашық ақпараттық жүйелерінде жинақталған мәліметтерді қамтитын мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарға қол жеткізуді шектеуге болмайды.
4-тарау.
АҚПАРАТТЫҚ ЖҮЙЕЛЕР, ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫ
ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ҚҰРАЛДАРЫ
15-бап. Ақпараттық жүйелердің түрлері
1. Ақпараттық жүйелер меншік құқығына қарай:
1) мемлекеттік;
2) мемлекеттік емес болып бөлінеді.
2. Ақпараттық жүйелер қолжетімділік санатына қарай:
1) жалпыға ортақ қолжетімді;
2) қолжетімділігі шектелген болып бөлінеді.
3. Бюджет қаражаты есебінен құрылатын және (немесе) сатып алынатын, сондай-ақ мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де тәсілдер арқылы алған ақпараттық жүйелер мемлекеттік болып табылады.
Мемлекеттің экономикасы мен қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызы бар мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстардан тұратын ақпараттық жүйелер ұлттық болып табылады.
4. Жеке және заңды тұлғалардың қаражаты есебінен құрылатын және (немесе) сатып алынатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де тәсілдер арқылы алынған ақпараттық жүйелер мемлекеттік емес болып табылады.
5. Олардың меншік иесі немесе иеленушісі оларды пайдалану шарттарын көрсетпей беретін немесе тарататын электрондық ақпараттық ресурстарды, сондай-ақ өзіне қол жеткізу еркін болып табылатын және оларды беру және тарату тәсілінің нысанына байланысты болмайтын электрондық ақпараттық ресурстарды қамтитын ақпараттық жүйелер жалпыға ортақ қолжетімді болып табылады.
6. Оларға қолжетімділікті Қазақстан Республикасының заңдары немесе олардың меншік иесі немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда иеленушісі шектейтін электрондық ақпараттық ресурстарды қамтитын ақпараттық жүйелер қолжетімділігі шектелген ақпараттық жүйелер болып табылады.
16-бап. Меншік құқығының объектісі ретіндегі ақпараттық
жүйелер
1. Ақпараттық жүйенің меншік иесінің ақпараттық жүйеге тұтас мүлік кешені ретінде иелену, пайдалану және билік ету құқығы болады.
2. Техникалық құралдардың, электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердің меншік иелері әртүрлі тұлғалар болған жағдайда, ақпараттық жүйелерді пайдалану тәртібі осы тұлғалар арасында келісіммен айқындалады.
3. Егер электрондық ақпараттық ресурстардың меншік иесі өзгеше белгілемесе, ақпараттық жүйенің меншік иесі электрондық ақпараттық ресурстардың орнын ауыстыруға және таратуға тыйым салуға немесе оған шек қоюға құқылы.
17-бап. Мемлекеттік ақпараттық жүйелерді құру, қол
жеткізу және пайдалану
1. Мемлекеттік ақпараттық жүйелер мемлекеттік органдар мен ұйымдарда электрондық қызметтер көрсету, ақпарат алмасуды қамтамасыз ету, қызметті үйлестіру және басқару процестерін оңтайландыру мақсатында құрылады.
2. Мемлекеттік ақпараттық жүйелер осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес құрылады.
Мемлекеттік ақпараттық жүйелерді құру және оларды іске асыру тәртібі жөніндегі ұсыныстарды әзірлеуді Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы жұмыстарды үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы жүзеге асырады.
2009.10.07. № 178-IV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік ақпараттық жүйені пайдалануға беру оның ақпараттық қауіпсіздік талаптарына және Қазақстан Республикасының аумағында қабылданған стандарттарға сәйкестігіне аттестаттаудың нәтижелері бойынша және сынақ зертханасында мемлекеттік ақпараттық жүйелердің бағдарламалық өнімдеріне, бағдарламалық кодтарына сынақтардың және олардың нормативтік-техникалық құжаттамасына сараптаманың оң нәтижесі болған кезде жүзеге асырылады.
4. Мемлекеттік ақпараттық жүйеге қол жеткізу мемлекеттік ақпараттық жүйенің иеленушісі әзірлейтін ережелермен айқындалады.
18-бап. Мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерді құру, қол
жеткізу және пайдалану
1. Мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерді ақпараттық қажеттілікті қанағаттандыру, ақпараттық жұмыстарды орындау және электрондық қызметтер көрсету мақсатында жеке және заңды тұлғалар құрады.
2. Мемлекеттік емес ақпараттық жүйеге қол жеткізу және оны пайдалану тәртібін оның меншік иесі немесе иеленушісі айқындайды.
19-бап. Ақпараттық жүйелердің өзара іс-қимылы
1. Мемлекеттік және мемлекеттік емес ақпараттық жүйелердің меншік иелері және (немесе) иеленушілері Қазақстан Республикасында деректер берудің стандарттық хаттамаларын пайдалану негізінде әр түрлі ақпараттық жүйелер арасында ақпарат алмасуды және деректер беруді ұйымдастыру үшін желіаралық қосу мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс.
2. Мемлекеттік және мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып жедел-іздестіру қызметі Қазақстан Республикасының жедел-іздестіру қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2009.10.07. № 178-IV ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланатын мемлекеттік емес ақпараттық жүйелер оның ақпараттық қауіпсіздік талаптарына және Қазақстан Республикасының аумағында қабылданған стандарттарға сәйкестігіне аттестаттауға жатады.
20-бап. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі электрондық
ақпараттық ресурстарды өңдеу, сақтау және
резервтік көшіру құралдарына қойылатын міндетті
талаптар
1. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердің жұмыс істеу сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін электрондық ақпараттық ресурстарды сақтау, өңдеу және беру үшін пайдаланылатын техникалық құралдар техникалық реттеу саласындағы талаптарға сәйкес келуге тиіс.
2. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды сақтауды мемлекеттік ақпараттық жүйелерді иеленушілер қамтамасыз етеді, олар мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстардың сақталуына, жоғалуына, бұрмалануына Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауапты болады, ал қажет болған жағдайда оларды қалпына келтіруді жүзеге асырады.
3. Мемлекеттік ақпараттық жүйедегі мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстардың резервтік көшірмесін дайындау мемлекеттік ақпараттық жүйелерді иеленушілер үшін міндетті болып табылады.
Мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қамтитын резервтік көшірмені дайындау және оны сақтау тәсілі келесі резервтік көшірмені дайындаған кезге дейін электрондық ақпараттық ресурстардың сақталуын қамтамасыз етуге тиіс.
21-бап. Ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалану
1. Қазақстан Республикасының аумағында ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалану Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңнамасы мен ақпараттандыру және байланыс саласындағы құқықтық қатынастарды реттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілердің талаптары сақтала отырып жүзеге асырылады.
2. Ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалана отырып халықаралық ақпарат алмасу Қазақстан Республикасы заңнамасының және Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық шарттардың талаптары сақтала отырып жүзеге асырылады.
2009.10.07. № 178-IV ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Сот ақпараттық-коммуникациялық желілер бойынша таратылатын ақпаратты осы Заңның және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінің талаптарына қайшы келеді деп таныған жағдайда, уәкілетті мемлекеттік органдар, байланыс операторлары, интернет-ресурстардың меншік иелері бұқаралық ақпарат құралы өнімінің Қазақстан Республикасының аумағында таратылуын не бұқаралық ақпарат құралының шығарылуын тоқтата тұруға не тоқтатуға міндетті.
2009.10.07. № 178-IV ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Интернет-ресурс бұқаралық ақпарат құралы болып табылған жағдайда, бұқаралық ақпарат құралының өнімін таратуды не бұқаралық ақпарат құралын шығаруды тоқтата тұру туралы сот шешімі үш айдан аспайтын мерзімге сол атаумен немесе қайталанатын атаумен домендік атауды пайдалануға тыйым салуға әкеп соғады.
Интернет-ресурс бұқаралық ақпарат құралы болып табылған жағдайда, бұқаралық ақпарат құралының өнімін таратуды не бұқаралық ақпарат құралын шығаруды тоқтату туралы сот шешімі домендік атаудың тіркелуінің күшін жоюға және тіркелуінің сот шешімімен бұрын күші жойылған сол атаумен немесе қайталанатын атаумен домендік атауды бір жыл бойы пайдалануға тыйым салуға әкеп соғады.
5-тарау.
ЭЛЕКТРОНДЫҚ АҚПАРАТТЫҚ РЕСУРСТАРДЫ, АҚПАРАТТЫҚ
ЖҮЙЕЛЕРДІ ЕСЕПКЕ АЛУ, ТІРКЕУ ЖӘНЕ АҚПАРАТТЫҚ ЖҮЙЕЛЕРДІҢ
АУДИТІ
22-бап. Электрондық ақпараттық ресурстарды және
ақпараттық жүйелер туралы мәліметтерді
құжаттандыру
Электрондық ақпараттық ресурстарды және ақпараттық жүйелер туралы мәліметтерді құжаттандыруды Қазақстан Республикасының ақпараттандыру, электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасында белгіленген іс қағаздарын жүргізу талаптарына сәйкес меншік иесі және (немесе) иеленушісі жүзеге асырады.
23-бап. Электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық
жүйелердің мемлекеттік тіркелімінде электрондық
ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелерді
тіркеу
1. Электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердің мемлекеттік тіркелімінде электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелерді тіркеу:
1) электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелер
туралы мәліметтерді жүйелеу;
2) Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларын электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердің мемлекеттік тіркеліміндегі мәліметтер туралы хабардар ету;
3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарын ақпараттық қамтамасыз ету;
4) электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелерді әзірлеушілерге электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелерді интеграциялауды ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелер арасында деректер алмасу үшін ақпараттар ұсыну мақсатында жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстар мен мемлекеттік ақпараттық жүйелер осы Заңда белгіленген тәртіппен электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердің мемлекеттік тіркелімінде міндетті есепке алынуға жатады.
Бұл талапты сақтамау мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстармен және ақпараттық жүйелермен жасалған мәмілелердің жарамсыз болуына әкеп соқтырады.
3. Электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердің мемлекеттік тіркелімінде мемлекеттік емес электрондық ақпараттық ресурстар мен мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерді есепке алу осы Заңда белгіленген тәртіппен ерікті негізде жүзеге асырылады.
4. Қолжетімділігі шектелген электрондық ақпараттық ресурстар электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердің мемлекеттік тіркелімінде олардың меншік иесі немесе иеленушісі белгілеген тәртіппен оларды сақтау және пайдалану шарттары сақтала отырып тіркелуге жатады.
5. Электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелерді тіркеу бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
6. Электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелерді тіркеу электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердің меншік иесі немесе иеленушісі уәкілетті органға ол бекіткен нысандар бойынша жіберетін электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелерді тіркеу туралы өтінімінің негізінде жүзеге асырылады.
7. Тіркеуден өту кезінде электрондық ақпараттық ресурстар және (немесе) ақпараттық жүйелердің меншік иесі немесе иеленушісі уәкілетті органға электрондық ақпараттық ресурстар және (немесе) ақпараттық жүйелердің меншік иесі немесе иеленушісі қол қойған және куәландырған, тіркеу өтінімінің түпнұсқасы мен қағаз және электрондық жеткізгіштегі тиісті көшірмелерді ұсынады.
8. Уәкілетті орган тіркеу өтінімдерін алған кезден бастап он бес жұмыс күні ішінде олардың толықтығы мен дұрыс толтырылуын тексереді.